Бас бет » 1960-70 жылдар, Әңгімелері

Алтын таулар

Молотилканың гуiлдеген үнi де, жастардың самбырлаған дауыстары да қырман басынан естiледi. Айнала алтын таулар. Бармақ басындай сап-сары бидай дәндерiнiң үстiнде батар күннiң шұғылалары ойнап жүр.
Сонау шетте бiрнеше жас ағаш күректерiмен көсiп-көсiп алып, алтын дәндi суырып жатыр. Сом бiлектер жоғары атқан кезде, шаңнан арылған дәндер мыс бытыралар сияқты жерге шашудай боп жайыла түседi.
Алып МАЗ-дар элеваторға тынбай қатынағанымен, алтынл таулар таусыламастан тасып жатқандай. Мен әр кезде осы таулардың таусылмағанын тiлеп жүрмiн.
Биыл қырықтың бесеуiндемiн. Жер ортасына жақындап қалсам да, мұндай дән топанын әлге дейiн көрген емеспiн. Көсiлiп жатқан ата-бабамыздың құтты мекенi өзiнiң керемет байлығын биыл ғана көрсеткендей. Ертеректе, арғымақтың жалына жабысып жүрген бала шағымызда, жазғы түндегi ақ жаулықтай адырлар мен тақырлар тек “ақсүйек” үшiн жаралғандай боп көрнетiн. Мен сол кезде кәтелескенiмдi ендi бiлдiм…
Айнала ғажайып алтын таулар. Сол тауларды таудан да биiк адамдар үйiп жатыр. Мен қызыға қарап тұрмын. Қырманға араласуға оң қолым кемiс. Кейде осындай қызықтардан құр қалғанымда, жанымды жарымжан еткен соғысқа лағнат айтамын.
Дегенмен бос жүруге болмайды ғой. Қырманның күзетшiсi болып iстегенiмде айдан асып барады. Тиыш болғанымен, жауапты жұмыс. Қыруар байлықты аман сақтап жүру оңай ма?
Бүгiн де күнделiктi әдетiммен қас қарая қырман басына келдiм. Қосауызды жаныма қойдым да, темекi шегуге кiрiстiм.
Күздiң тиыш түнi. Аспан өрiндегi ай алтын дәндерден пiсiрген керемет күлше сияқты. Дала қарауытып жатыр. Маған сонау көк жиектегi мұнартқан төбелер болашақтың көмулi жатқан дәндерiндей боп елестейдi.
Кенет менi әлдекiмнiң жөтелi артыма жалт қаратты. Келе жатқан Кәрiм екен. Шомбал денелi, бұжыр бет, қалың қабақты осы жiгiт тракторшы болып iстейтiн. Уақыт өткiзейiн дей ме, бiлмеймін, күнде менiмен ұзақ отырып әңгiмелесетiн.
Ол жаныма келiп отырды. Күндегi әдетi бойынша көзiн сығырайта, темекiнiң қою түтiнiн әлсiн-әлсiн бұрқыратып, алысқа қадала қарайды.
— Ақсақал, әңгiме айтыңызшы, — дедi ол көптен кейiн. Оның даусы бiр түрлi қарлығып шықты.
— Мен айтарлықтай не әңгiме болушы едi?
— Сiздi соғыста болды дейдi ғой. Сондағы көргенiңiздi айтыңыз.
— Оның несiн сұрайсың? Қан кешкен күндер ғой ол кез.
— Сонда да айтсаңызшы. Ол күндердi қайтып келмесiн деп айтыңыз…
Жiгiт тiлегiн орындамауға болмады. Алыста қалған сұрапыл жылдар кино лентасындай көз алдымнан өтiп жатты…
— Мен Волгоград майданында болдым, — деп бастадым әңгiмемдi. — Соғыстың алғашқы кезi қиын болды. Андаған жау самолеттерi күнде бiздiң шебiмiздi бомбалап кетедi. Өлгендер де аз емес. Таршылық алқымнан алып тұр. Күнде үлесiмiзге тиетiн нанды ашқарақтана жеп жатамыз.
Волгоград майданы ең шешушi кезең едi. Бiзге жоғарғы командованиеден шабуылға шықсын деген бұйрық келдi. Елең-алаңда гүрсiлдеген зеңбiрiк үндерi менi ұйқыдан оятып жiбердi.
Шабуыл басталып кеттi. Қырғын соғыс. Не болып, не қойып жатқанын адам түсiнiп болмайды. Мен автоматшы едiм. Бiздiң сол қанатқа немiстер бар күшiн салды. Бұта сайын жер бауырлап, еңбектеген адам. Оқтар аспанды айқыш-ұйқыш тiлгiлеп ұшып жатыр. Снаряд ыңыранып келiп, жердi қопара түсiп жарылады.
Немiстер бiзге қарай жақындай түстi. Тiстенiп алып атып жатырмыз. Олар да берiлер емес. Кенет менiң достарым шегiне бастады.
— Тоқтаңдар! — деп айқайлап едiм, бiрақ даусым шықпайтын тәрiздi. Олар шегiнiп барады. Оқты қанша боратсам да, немiстер iлгерiлеп келедi. Жан қысылды. Бетiмнен аққан тер өз қаным сияқты жып-жылы. Ылажсыз мен де кейiн шегiндiм.
Сол кезде жаныма бiреудiң еңбектеп жеткеннiн сездiм. Жалт қарасам, политрук екен. Оның көздерi от шашып, бетi қарауытып кетiптi. Бiз оны қатты сыйлайтын едiк, сондықтан да шегiнiп бара жатқандар оны көрiп, амалсыз iркiлдi.
Соны көрген политрук бар даусымен:
— Неге шегiнесiңдер?! Алға! — деп айғайлап, орнынан тұра сала, жауға қарай тұра ұмтылды.
Оны көрiп, бiз де орындарымыздан асығыс тұра сап, лап қойдық. Бiздi көрiп, қасқырдан қорыққан қой сияқты, немiстер кейiн қарай қаша жөнелдi. Бiз оларды жусата атып келемiз. Кенет менiң басым айналып кеттi. Маған астымдағы жер аспанға шығып бара жатқандай боп көрiндi…
Қанша уақыт өткенiн бiлмеймiн, көзiмдi ашсам, тас төбемнен төнiп тұрған жұлдызды аспанды көрдiм. Россия түнi суық. Сонау жұлдыздар алыстағы ауылдардың оттары сияқты жылт-жылт етедi. Мен орнымнан қозғала алмай, соларға телмiрiп қарап ұзақ жаттым. Тұрайын десем, қара жерге шегеленiп қалғандаймын. Оң қолым қозғалтпайды. Шөлдеп барам. Сол қолымды ептеп қозғап көрсем, — ауырмайды. “Сау екен”, — деп ойладым. Сосын белiмдегi құтыны әзер дегенде сыңар қолыммен қалтырата аузыма апардым. Мен сонда қарапайым қара судың тәттi екенiн, оның құдiретiн алғаш рет сонда аңғардым.
Тағы да бiрталай уақыт жаттым. Түн суық. Қалтырап тоңғаныма қсоа, қарын да ашып барады. Сосын қалтамды сау қолыммен сипалап едiм, қолыма жұдырықтай қатқан қара нан iлiктi. Соны талмай бастадым… Сол қатқан қара нанды тiсiммен қытырлатып жеп жатқанымда, менiң көз алдыма әлденеге елдегi анам елестедi. Ертеректе ол кәрi, тарамысты қолымен, күлше пiсiрiп берем деп, қамыр илеп отыратын. Сол кез маған қатқан қара нан анам пiсiрген сол күлшелерден де тәттiрек сияқты боп көрiндi.
Оң иығым ауырып, жанымды көзiме көрсетiп, қақсап барады. Сосын сол жағыма аударылып жатпақ боп, қозғалып ем, қасымда қалай болса солай құлап жатқан, жаңа ғана өзiммен бiрге жүрген жолдастарымды көрдiм. Олар ақтық демдерiнiң таусылары алдында қолдарындағы мылтықтарын бауырларына баса құлап-құлап түсiптi. Шамасы, немiстер бiздi тасадан күтiп алған болса керек. Солардың суына бастаған мүрделерiн көрiп, бiр түрлi құсқым кеп, басым айнала бастады. Сол арада көзiм қарауытып, бiр түрлi дем жетпегендей боп, кеуде кере дем алып:
— Аһ! — дедiм.
Осы кезде жанымыздан өтiп бара жатқан санитарлардың бiреуi:
— Мына жерде тiрi жатқан бiреу бар, — дедi.
Оның сөзiн естiген санбаттың адамдары зембiлдерiн көтерген қалпы маған жақындай бердi. Олар маған мүлде жақын кеп тоқтады. Сол кезде барып мен жылап тұрып:
— Товарищи, — дегенiмдi бiлмей де қалдым.
Содан госпитальда бiр жылға жуық жатып, қырық бестiң басына таман елге қайттым. Келгесiн, әйел алып, үйлi-баранды болдық. Содан бергi жағдайды өзiң де бiлесiң ғой, — деп мен әңгiмемдi аяқтадым. Сосын Кәрiмге қарасам, оның көзiне мөлтiлдеп шыға келген бiр тамшы жас ай сәулесiне шағылысып, жылтырап тұр екен…
Көп уақыт өттi. Бозарып таң атып келедi. Ауылдың қораздары тағы да бiр таңның бейбiт атқанына бiр бiрiнен шүйiншi сұрап жатқандай боп айқайлайды. Дария жағасында қау өскен шалғынға шық қалың боп түсiп қалыпты.
Үйге қайтып келемiн. Көз алдымда — үйiлiп жатқан алтын таулар. Олар таусылмай, таси түскендей. Бармақ басындай сап-сары дәндердiң үстiнде жаңа шығып келе жатқан күннiң алғашқы қызғылт шұғыласы ойнап жатыр. Сонау шетте күнде ерте тұрып, жұмысқа қызу кiрiсiп кетудi дағды тұтқан жастар ағаш күректерiмен алтын дәндердi көсiп-көсiп алып, суырып, аспанға қарай бұрқыратып атып жатыр. Сом бiлектер жоғары қарай атқан кезде шаң мен қауыздан арылған алтын дәндер мыс бытырлалар сияқты шашу боп шашылып түседi.
Үйге қайтып келемiн. Мен тұратын аласа тамның әр жағында тусыраған сұр дала созылып жатыр. Оның ана шетiне көз жетпейдi. Кейде соған қарап қойып: “Осы жерге астық ексе, қаншама алтын таулар тұрар едi!” — деймiн. Шындығына келгенде, олар алтын таулар емес, апам пiсiретiн күлшелер пәттестiре жинастырылып қойылған алып таулар ғой. Мен соны күзетiп жүргенiме iштей қуанып келемін.
1963 жыл

2 430 қаралды