Бас бет » 1960-70 жылдар, Әңгімелері

Мақтау қағазы

Бертай биыл төртiншi класқа көшкен едi. Алғашқы үш класта өте жақсы оқығаны үшiн оған жылдың аяғында мақтау грамотасын берген болатын. Шеттерi әсемделе иректелген, екi жағында ұлы көсемдер Ленин мен Сталиннiң суреттерi бар, дәптердiң бетiнен қалыңдау, алақандай қағазды қолына ұстағанда Бертайдың қуанышы қойнына сыймады. Ол грамотаны қасқа бастау, маймұрындау келген, толық денелi Тойымбетов Әбдеш ағайы қолына ұстатқанда, оған не дерiн бiлмеген едi. Сосын жиналыс бiткен бойда, мақтау қағазды шүберек сөмкесiне салып ап, совхоздағы мектептен төрт-бес шақырым-дай жердегi “Төбек” разъезiне қарай тартып берген. Бұның әкесi темiржолшы. Темiржолшы боп “еңбек майданына” барып қайтқан. Өзiнiң айтуынша, Москвадан Берлинге дейiн темiржол төсеген бригадада болыпты. Бұл ретте: “Аға, немiстердi аттың ба?” — деп сұрап едi, қалың қабақты, iрi денелi әкесi iрi тiстерiн көрсете күлiп: “Бiз… жұмысшы батальонында болдық. Немiстердi өлтiрген соғыста болғандар ғой,” — деген. “Сонда шабуылға шыққан жоқсың ба?” — “Темiржолдағы қайдағы шабуыл. Бiрақ олар бiздi бомбылаған”. Бұл содан кейiн одан ештеме сұрамады. Iшiнен: “Соғысқа барып тұрып, бiр немiстi өлтiрмегенi қалай? — деп аздап ренжiп те қалды. — Мен болғанда ғой… бәрiн қойдай қырар едiм”. Содан кейiн бұл мектептегi кiтапханаға барып, соғыс туралы жазылған бiраз кiтапты оқып шықты. Олардың бәрiнде де бiзден немiстер қырылып қалады. Сосын совхоздың жаңада салынған клубында күн сайын болатын киноға шаққа дегенде бiр сом берiп кiрдi. Оның себебi бар. Киномеханик Асан дейтiн қара домалақ кiсi дыбырлап сөйлеп, киноның билетiн екi сом деп тұрып алады. Мұның ағасының айына алатын айлығы әр қайсысы екi сомнан болғанда, қырық-елу киноны көруге жетпейдi. Содан кейiн нанды, шәйдi неге аласың? Әлде мұның көрген киносы үй iшiне тамақ бола ма? Соны ойлап, бұл басқа балалар ауылға қайтпай, совхозда тұратын жақын-жуықтарының үйiне қонып, кино көруге қалғанда, шүберек сөмкесiн мойнына асып ап, разъездге жаңғыз өзi қайтатын. Мұның осы жайын бiлген сияқты, өткенде ағасы бұған шешесiне көрсетпей: “Дәптер ал!” — деп бiр сом берген едi. Бертай сол бiр сомды көрсеткенде, домалақ Асан қысқа екi қолын белiне таянып тұрып: “Жетпейдi!” — деген. Сосын осы кезде өзiне екi сомды ұсына берген екiншi ферманың бастығының баласын көре сап: “Өй, айналайын кiре ғой! Кәне, жол бер!” — деп ол мұны шетке қарай итерiп тастаған. Бұл оған қатты қорланды. Сосын мұрнын бiр тартып, клубтың есiгiне қарай жүре берiп едi, Асан: “Әй, берi кел! Жарайды, бiр сом да ақша!” — деп, мұны клубтың iшiне кiргiзген-дi. Бұл iшке кiргенде, кино басталып кеткен екен. Үлкен залдың алдыңғы жағында бiраз жерде, бiразы скамейкаларда отырған балалар у-шу. Бұл олардың жанына кеп, жерге отыра кеттi. Сосын барып қараса, төргi жақта көлденең тұтылып тасталған ақ дәкенiң бетiнде қолдарына автомат ұстап алған Советтiң әскерлерi “уралап” алға қарай жүгiрiп барады. Оларды көрген немiстер аяқтары аяқтаныа жұқпай зытып барады. Соны көрген балалар у да шу. Бiр-екi кәртең кiсi оларға қарап:
— Әй, шуламаңдар! Кино көрсетiңдер! — деп ақырып қалып едi, балалар жым болды.
Аздан соң балалар оны ұмытып кетiп, тағы да шулай бастады. Араларында оң қолдарының сұқ және ортаңғы саусақтарын тiлiнiң үстiне салып жiберiп, ысқырып жатқандар да бар.
Бұл дымға да түсiнбедi. Бар ұққаны — немiстер жеңiлдi, сәбеттер жеңдi. Ендi майданға төрт жыл бойы қатынасқан ағасының бiр де бiр немiстi өлтiрмегенiн естiп, iшiнен аздап назырқап қалған едi. Содан кейiн мұның киноға кiруге ақшасы болмады. Бүгiн де клубта кино болады деп, разъезде тұратын Жәрiштiң Жақсылығы мен Бердәлiнiң Темiртайы совхозда қалып қойды. Оның екеуi де нашар оқиды. Мұның мақтау қағаз алғанына iштерi күйетiн сияқты. Екеуi де бұған ештеме деген жоқ. Соны көрiп, Бертай да ештеме демей, мектептен шығып, темiр жолды жағалап жүретiн арба жолға түсiп ауылға қайтты. Бұл кез июнь айының басы болатын. Сыр бойында күн жаңа ыси бастаған. Аспанда сирек бұлт бар. Олардың бауырларын батып бара жатқан күннiң қызғыш сәулесi аздап бояп тастапты. Бертай мектептен ұзап шыққасын, былтыр шешесi Қазалыға барып сатып әкелген, тұмсығы мен өкшелiгiнде ғана жасанды терi бар, басқа жерi брезенттен жасалған туфлиiне бiр рет көз салды. Сосын оқу жылының бiткенiн еске алып, туфлиiн тоздыра бермейiн деп, дереу жолдың жиегiне отыра қалды да, оны шешiп алды. Сосын екеуiнiң бауларын бiр бiрiне түйiстiре байлап, қоржын сияқты етiп, оң жақ иығына асып алды да, жалаң аяғымен май топырақты борпылдата басып, жүрiп кеттi. Жолшыбай былтыр ағасының мұның алған мақтау грамотасын көрiп, қуанғанын бұған бес сом бергенiн есiне түсiрдi. Оның бұ жолы да қуанып, оның бес сом беруi мүмкiн. Бертай былтырғы бес сомға сурет салатын альбом сатып алған едi. Ендi бес сом берсе, сөз жоқ, бұл кiтап сатып алады. Бiрақ кәзiр қазақша кiтап қымбат. Жақында совхоздың орталығындағы дүкенге кiрiп едi, сатушы Қосбергеннiң Нағашыбайынан Чеховтың екi томдығының қанша тұратынын сұрап едi, көзi бақырайып кеттi. Өте қымбат! Биыл осы жазушының туылғанына жүз жыл толды деп, орысша да, қазақша да шығатын газеттер жазып жатқан-ды. Бұл оның суретiн мектепте оқытылатын орыс әдебиетiнiң оқулығы мен темiржолшыларға таратылатын “Гудок” газетiнен көрген болатын. Бертай оның қазақшаға аударылған “Хамелеон” деген әңгiмесiн ғана оқыған. Оқып шығып күлген.
Бiрақ бұл хамелеон деген сөздi түсiнбей қойған. Оны ағасынан сұрап едi, ол да мардымды ештеңе айта қоймады. Сосын жұрт орысшаға жүйрiк деп жүрген разъездегi кезекшi Медеубайдан сұрап едi, ол: “Өй, басымды қатырма! Өзiң қамөленсiң!” — деп қолын бiр сiлтеген. Ендi кәзiр де Бертай iшiнен: ”О не сөз екен?” — деп қойды. Ол орта жолға келгенде мойынына асынған сөмкесiн дұрыстап қойды да, кенет оқулақтардың бiр шетiне салған дәуiтiн еске алды. Балалар сия ақпасын деп, сия құйылған дәуiттiң аузын қағазбен тығындап, оны шүберек сөмкенiң бiр шетiне қозғалмайтындай етiп тығатын. Бұл да сүйтетiн. Ендi ойына түскесiн, Бертай тағы да дәуiттi дұрыстап қойды. Сосын iшiнен мұның алған мақтау грамотасына ағасы мен шешесiнiң қалай қуанатынын, олардың жарқылдап сөйлеп, бiр жапырақ қағазды көршiлерге апарып көрсететiнiн ойлай, әлден-ақ көңiлi көтерiле бастады. Сосын батып бара жатқан күннiң бiр түрлi тымырсық ыстығына қарамастан, аяғын тез алып, қаттырақ жүрiп кеттi.
Бұлар разъездiң темiржолды жөндейтiн жұмысшылар тұратын екiншi жағында тұратын. Алғашқы жақта кезекшiлер тұрады. Жол солардың бопыр қораларының дәл жанынан өтедi. Бұлар осы қорағларға жақындағанда, Шәрiптiң қабаған қызыл итi үнемi әупiлдеп үрiп шығады. Ол балалар топ болып жүрсе, солардың қарамынан жасқанғандай, жандарына жақын келмей, қуалауға батпай, алыстан әупiлдеп-әупiлдеп қояды. Бұ жолы бұл жаңғыз келе жатыр. Бертай қораның жанына өте бергенде, Шәрiптiң қызыл итi екi көзi ежiрейiп, алдыңғы екi күрек тiсi қасқиып, үрiп шықты да, мұның жаңғыз екенiн бiлгесiн, қаппақшы боп тұра ұмтылды. Сасып қалған Бертай мойнындағы шүберек сөмкесiн сыпырып алып, қолымен басынан әуелете бұлғап:
— Кет! Кет, әй! — айқайлады.
Қызыл ит оған қараған жоқ, келе мұның трико шалбарының балағына кеп аузын салды. Құдай сақтағанда, тiсi мұның денесiне тимедi. Қорқып кеткен Бертай сол кезде оны сөмкесiмен басына перiп кеп қалды. Ит сескенiп, басын жұлып алды да, керi серпiле берiп, екiншi рет сiлтенген шөберек сөмкеге қарай алдыңғы екi аяғын көтерiп, артқы екi аяғымен тiке тұра қап, арс ете түстi. Ауаға оның аузынан бiр түрлi қолаңсы, сасық иiс тарады. Сосын оның сойдақ тiстерi шыт сөмкенi дар еткiзiп жыртып жiбердi. Сол екен, оның аузына түскен дәуiттен күлгiн сия ағып, оның қып-қызыл тiлiн бiр түрлi көгiстендiрiп жiбердi. Қабаған ит тез керi ыршып кетiп, сойдақ тiсi сындырып жiберген дәуiттi аузынан жерге жастамақ болды, бiрақ қытырлап сынға дәуiт жуық арада түсе қоймады. Сосын қызыл ит басын шайқап-шайқап жiберiп, бiр түрлi құсқысы келгендей боп қақырынып едi, сиясы сорғалай аққан дәуiт құмдақ жерге ыршып түстi. Оны көрген ит әзiрейiлдi көргендей, керi қарай тұра қашты. Қорқып кеткен Бертай орнында аз тұрды да, ақыры батылданып барып, дәуiтiн алды. Ол сынып қалыпты. Бертай оны әрi-берi аударыстыра қарап тұрып, саусағының арасынан жылымшып аққан сияға назар да аудармады. Пластмассадан жасалған оны былтыр күзде сатып алып едi, ендi иттiң тiсi тиiп, ол ортасынан жарылыпты. Сосын iшiнен: “Желiмдеп алам ғой”, — деп ойлап, оны сөмкесiне сала бергенiнде, көзi жыртылған жерден бiр бүйiрi көрiнiп тұрған кiтаптарына түстi. Дереу оларды суырып алып, қарап едi, картон мұқабаға еш зиян келмептi, тек мақтау грамотасының қағазының бiр шетi, әсiресе, Сталиннiң суретi тұрған тұсы бiраз жерге дейiн жыртылыпты. Соны көрiп, Бертай ызалана жылап жiбердi де: “Қап, мынаның қырсығын-ай!” — дедi.
Ол үйге келгенде ағасы тапал тамның бергi жақтағы көлеңкесiне салынған төсек үстiнде шәй iшiп жатыр екен. Бұл көрпенiң шетiне торыа сап, болған жәйт туралы айтты. Ағасы мұның Сталиннiң суретi жыртылған грамотасын қолына алып отырып:
— Қап, — деп өкiндi. — Өзi желiмдеуге келмей ме?
— Бiлмейiм.
Осы кезде разъезде жол шолушы боп iстейтiн орта бойлы, дембелше денелi, жалпақ бастау Шәрiп ұзын сапты үлкен балғасын оң иығына салып ап, темiр жолдың шпалдарын санап басып, ауылға қайтып келе жатыр екен. Ол стрелочниктiң будкасынан өттi де, неге екенi белгiсiз, шәй iшiп отырған бұларды көрiп, берi бұрылды. Жақын келгесiн, иығындағы балғасын жерге қойып, дастарханның шет жағына отырды. Шешесi оған сүт қосылған, қытайдың тақта шайынан бiр кесе құйды. Шамасы, шөлдеп келе жатса керек, Шәрiп кесенi тез алып, бiр-екi рет сораптап ұрттады. Бертай оған жеркене қарады. Сосын есiне оның қызыл итi түстi.
Шәрiп сол арада ағасына қарап:
— Шоқалақ жақтағы қақпандарды қарап шықтым. Iждеме түспептi, — деп қойды.
Оның себебi бар: мұның ағасы мен Шәрiп киiк пен қарсаққа қақпан құратын едi. Соны екеуi кезектесiп қарап шығатын да, не көрiп, не қойғандарын бiрi бiрiне айтатын-ды. Сол арда неге екенi белгiсiз, ағасы Шәрiпке тұнжырай қарап отырып:
— Шәке, ана итiң қабаған ғой, балларды жүргiзбейтiн болды, — дедi.
— Қой, қайдағы қабаған? Баллардың өздерi ғой оны кесектеп, ызаландырып… сосын, — деп, Шәрiп дәлел айтты.
— Сонда да иттiң аты ит деген. Қауып алса…
— Өй, ит кiмдi қаппаған? Бала кезiмде менi қаппақ түгел, талаған. Сонда да өлген жоқпыз. Мiнеки iзi, — деп, сол арада Шәрiп малдас құрып отырған аяғын жазып, оң балағын түрiп, балтырындағы әлдеқандай тыртықты көрсеттi.
— Сонда да… Шәке, итiңе абай болсайшы.
— Өй, қойшы, сен де бiр. Күшiктен қорқып…
Сол арада ағасы қалың, екi шалғысы салбырап тұрған мұртын добалдай саусағымен сылап қойып, әлденеге мырс ете қалды да:
— Ол дұрыс қой, — дедi. — Қызыл итiң баланы қапса, iждеме етпес. Бiрақ ол ұлы көсем Iстәлiндi қапса қалай болады?
Бағанадан берi жеңiстiк бермей отырған Шәрiп алдына қарай созып жiберген аяғын дем арасында тартып ала қойды. Сосын алдына қарай сәл еңкейiп:
— Iстәлiндi қапқаны қалай? — дедi ағасының жүзiне таңырқай қарап. — Ау, оның қайтыс болғанына бiрнеше жыл болған жоқ па?
— Болған.
— Оны… ана Хұрышып сынап атқан жоқ па?
— Сынап атыр.
— Сонда бұ қалай? — деп, Шәрiп шынымен таңырқай қарады.
— Оның iж қалайы жоқ. Баяғыда бiлесiң бе, Iстәлiннiң сүгiретi бар кәзитпен құйрығын сүртем деп… ана сорпақбай Сәбидiң он жылға сотталып кеткенiн?
— Иә, бiле-е-ем.
— Ендеше бұ да сондай.
— Сонда қа-а-а-лай? — деп, Шәрiп ерiксiз құйрығымен керi ысырылды.
— Ол сола-а-ай, — дедi ағасы қабағын түйiп. — Сенiң итiң Iстәлiннiң сүгiретiн қауып, дар-дар жыртыпты. Сенбесең, мiне, қара, — деп, ағасы оның алдына мұның мақтау грамотасын тастай салды.
Шәрiп шошып кеттi. Ол қолын дастархан үстiнде жатқан грамотаға не созарын, не созбасын бiлмей, түсi қуқыл тартып, түршiге қарады.
— Жағдай қиын, — дедi әкесi оны онан әрмен шошындыра түсiп. — Оны баламның жақсы оқығаны үшiн мектеп деректiрi жиналыс ашып берiп тұрып, гiрәмiтаңды рамкаға салып, iлiп қой, аяқасты болмасын, өзiм барып көрем дептi. Сонда ол мынаны көрсе, не болады?
— Апырмай, ә? — деп, осы кезде типықтау маңдайына бүршiктенiп шыға келген бiр тер тамшысын Шәрiп қолымен сүртiп қойды.
— Ақсақал, солай. Деректiр мынаны көрiп, бұ не десе, пәләға қалатын жағдаятым жоқ, өзiңдi көрсетем.
— Шын ба, әй? Мұнда менiң не қатынасым бар? Мұны мен жыртқан жоқпын ғой. Оны ит…
— Мәсәлә сонда. Ит сенiкi. Демек, сенiң итiңнiң қапқаны — сенiң iстегенiң болып шығады. Сосын… аяғы… бұл мәстiр мен дежөрнидiң құлағына шалынса, шаруам бiттi дей бер.
Шәрiп не дерiн бiлмедi. Әшейiнде соғысқа қатынасып, контузия алғанын айтып, ешкiмдi де тыңдамайтын ол Сталиннiң жыртылған суретiне жалбарына қарағандай болды:
— Әгәр… мұны iлмесе не болады?
— Iлмегенi қалай? Ертең ана деректiр үйге келсе, сүгiрет қайда десе, мен iлмедiм десем… жоға, үйтiп пәләға қалатын жағдаятым жоқ.
— Опырмай, ә? Ендi не iстедiк?
— Бiлмейiм.
— Оны былай… ылажын тауып, желiмдеуге болмай ма?
— Ау, жыртылған нәстенi… желiмдей қою оңай ма? Ол үшiн желiм сатып алу керек. Оған менiң ақшам қайда?
Сол арада Шәрiп ағасының түрiне жалына қарап:
— Жарайды, сол ақшаны мен-ақ берейiн, — дедi сыбырлай сөйлеп. — Тек iжкiмге айта көрмеңдер. Пәләсынан аулақ.
— Жарайды, ағайын адамбыз ғой, — дедi ағасын кенет жұмсарып.
Қуанып кеткен Шәрiп май-май трико шалбарының жан қалтасына қол салды:
— О кiлейi түспегiр қанша тұратын едi?
— Қанша тұрсын? Бар-жоғы бес сом ғой.
Шәрiп сол арада тiлге келмей, қалтасынан умаждала-умаждала, шет жағы қайырылып қалған бес сомды шығарды да, Бертайға қарап:
— Балам, мә, кiлей сатып ал. Ананы… iжкiмге айта көрме, — дедi.
Бертай Шәрiп ұсынған бес сомды не аларын, не алмасын бiлмей, көзiнiң астымен ағасына қарады. Ағасы аздап түсi кiрiп, ала ғой дегендей ым қақты. Бұл сосын барып көйлегiнiң қыржымдалған жеңi шынтағына дейiн сырылып кетiп, арық қолын созды.
— Ала ғой, мә, ал! — дедi Шәрiп бұл алса бiр бәледен құтылатындай көрiп. Сосын бес сомды бере сап, асығыс ас қайыра сап, балғасын сүйреткен бойы үйiне кеттi.
Ол барактарды айналып, көрiнбей кеткесiн, ағасы шұғыл жадырап:
— Әруағыңнан айналайын, Сталин-ай! Сен болмасаң, бес сом қайда? Оны бiзге қуса құмалақ түспейтiн Шәрiп бере ме? — деп, қарқылдап күлдi.
Сол арада Бертай шiңк ете қалды:
— Қызыл ит менi ертең де қапса, ол тағы да бес сом бере ме?
— Қой, қайдағыны айтпа.
Ертеңiне Бертай совхоздың дүкенiне барып, кiтап, дәптер, желiм сатып алып, ауылға жаяу қайтты. Ол кешегi қоралардың тұсына келгенде, қызыл ит әупiлдеп үрiп шыға келер деп, қорқасоқтап едi, бiрақ ол көрiнбедi. Шамасы, қызыл ит те Сталиннен қорыққан сияқты…

1960 жыл

3 427 қаралды