Бас бет » Әдеби сын

Реализмнiң репетi

(Сыншы бiткен “социалистiк реализмдi” сыбап жүр, ал оның шындығы шыңырауда жатыр…)

Соңғы он шақты жылдың көлемiнде Кеңес билiгi құлағасын, тiлден, тұсау, ойдан бұғау алынып тасталынғалы қазақ әдебиетшiлерiнiң көкiрегiнде қордаланған ой-пiкiрдiң тығыны ашылып-ақ кетер ме деп едiк. Өкiнiшке орай, олай болмай шықты. Бүгiндерi мерзiмдi баспасөзде өте сирек болса да жарық көрiп жатқан азын-аулақ сын әдеби мақалалардың сапасы Қытайдың этикеткасы жапсырыла салынған арзанқол тауардай әсер қалдырады. Олардың қай қайсысында болмасын жаңа ой-пiкiр айту, әдеби мәселенi жаңа бiр тұрғыдан қарастыру мүлдем жоқ, олардың барлығында да өткеннiң шырмауынан, ескiше ойлаудың торынан шыға алмау, баяғы бiр тозған идеяға алаңдай беру басым. Олар тым құрымағанда бүгiндерi қалтасы қалың қулар қалың-қалың том етiп шығарып жатқан, көркемделген әдебиетке еш қатысы жоқ дүниесымақтар жөнiнде де ашық пiкiрiн айта алмайды. Ол өз алдына. Бiзде әлге дейiн әдебиетiмiзде бұрыннан өзiнше ойып алған орны бар, кезiнде жалған насихаттаудың нәтижесiнде атақ-даңқы жер жарған кейбiр шығармаларымыздың өзiн бүгiнгi биiгiмiзден қарастыруға тырысып, оларды жаңа көзбен жаңаша оқу кемшiн. Тiпте оны жоқ деп де айтуға болады. Жалпы соңғы он шақты жылдың көлемiнде әдебиетнамашыларымыз бен әдеби сыншыларымыздың әдеби процеске араласып, әдебиеттегi бүгiнгi ахуалды сөз ететiн жағдайы мүлдем сиреп кеттi. Сол себептi әдеби сынға ешқандай да дайындығы жоқ, әдеби талғамнан жұрдай, антиэстетикашыл жорналшылар әдеби процесс туралы қаптап мақалалар жазатын болды. Олар көбiне өз жандарынан тың ой айта алмай, Мәскеуден жамырай шығып жатқан газет-жорналдардағы кейбiр жеңiлтек пiкiрсымақтарды жерден жетi қоян тауып алғандай көрiп, оларды сараламай ала сап, соны қоштауға жаппай ат қойысып, қапталдап шабудан жалығар емес. Сондай тайыз, тереңiне барып толғанып айтылмаған жеңiлтек пiкiрдiң бiрi — Кеңес мемлекетi кезiнде пiр тұтылған “социалистiк реализм” дейтiн әдеби әдiс жөнiнде анда-санда болса да айтылып қап жүр. Бұл жерде әлгi әдiстiң қыры-сырын талқылап, талдаудан гөрi оған лағнат айту басым. Бұ жердегi кiсiнiң ең бiр таңғалатын нәрсесi — сол заманда осы әдiстiң атын жамылып, талай мойны озық шығармаларды iреген не бiр дөкей сыншылардың заман өзгергесiн, бүгiндерi әдебиеттегi бар кемiстiктi, жетiспеген жағдайды соның мойнына арта сап, ауыздарын қу шөппен сүртiп отырғандығы. Мұның әр жағында жатқан әдеби тiршiлiктегi жықпыл жетерлiк. Шындығына келгенде, сол Кеңес дәуiрiнде көркемделген әдебиетте салмақты, қомақты дүние жасай алмағанымызға бiрден бiр осы реализм әдiсi кiнәлi ме? Жалпы “социалистiк реализм” не жайында жазу, жазбау туралы белгiлi бiр шек қойды ма? Іойса, ол қай қаулыда, қай хұжатта бар? Әлде коммунашылдар партиясы өздерi ұстанған идеологияны қолда деп көркемделген әдебиетке бұйрық бердi ме? Болса, ол қайда? Соның анық-қанығын бiлiп алмай жатып, бұл әдiске бiздiң өкпемiз неге қара қазандай болады? Бiз осы жерде бiр сәтке ойланып, әлгi әдеби әдiстi бекерден бекер сыбай бергенше, соның шындығына бiр рет те болса анықтап көз жүгiртiп көрдiк пе?
 

Кешегi Кеңес үкiметi аузымен құс тiстеп тұрған заманда не бiр ғалымдар осы әдiс туралы том-том кiтаптар жазған да болатын. Олар әлгi жалған, сырт жағы ғана ғылыми тартып, айтар терең ойы бар сияқтанып тұратын, бiрақ айтқан ештеңесi де жоқ, адам түсiнбес қойыртпақ бiр тiлде жазылған том-том кiтаптарында Стендаль мен Бальзакты, Толстой мен Горькийдi тiлге тиек етiп, ескi бiр таптаурын болған пiкiрдi қайталаудан еш те жалыққан емес. Олардың бiр де бiрi осы реализм әдiсi жайлы тосын, тың ой-пiкiр айта алған жоқ, олар керiсiнше бiрiн бiрi қайталап, бiр бiрiнен құлаш-құлаш цитата алып, ескiнi мыжғылаумен болды. Соның себебiнен реализм теориясы онша дамымай қап, оның көптеген қағидалары қасаң догмаға айналып кеттi. Сүйтiп бұл әдiстiң әдеби қауым арасында құны әбден түстi. Бұл жағдай орыстың әдебиетнамасында да болды. Осы әдiс жөнiнде әдебиетшi ғалымдар Г.Н.Поспелов, М.Храпченко, С.М.Петров, Б.Л.Сучков және де басқа кiсiлердiң жазған кiтаптарында, “Проблемы реализма” (Мәскеу, 1959), “Проблемы типологии русского реализма” (М. 1969), “Развитие реализма в русской литературе” (3 томдық, М. 1958) т.б. сықылды ортақ жинақтарға енген сала құлаш мақалаларда барынша егжей-тегжейлi сөз болды, бiр оның көркемдеушi әдiс ретiнде негiзгi қадау-қадау шарттары толық ашыла қоймады. Оның негiзгi себебi өте тереңде едi. Осы әдiс өмiрге келмес бұрын Совет әдебиетiнде 20-сыншы жылдары-ақ “жаңа әдебиет жасаймыз” т.б. деген ұран пайда боп, оның негiзгi бағыт-бағдарын көрсетер көркемдеушi әдiсiн қалай атау керек деген талас пiкiр болған-ды. Сол кездерi әдебиетшiлер осы “жаңа әдiстi” “романтический реализм”, “героический реализм”, “сочетание реализма с романтикой”, “новая реалистическая школа” т.б. деп атауды ұсынған-ды. Содан он жылдай уақыт өткесiн барып, осы “соц.реализм” деген термин “Литературная газетаның” 1932 жылғы мамыр айының 23-i күнгi нөмiрiнде алғаш рет пайда болды. Бұл арада бiр ескерерi, осы әдiстiң негiзiн жасарда, В.И.Лениннiң “екi мәдениет” жөнiнде айтқан “атақты” пiкiрi ескерiлдi. Ленин осы мәдениет жөнiнде: “Есть две национальные культуры (?) в каждой национальной культуре. Есть великорусская культура Пуришкевичей, Гучковых и Струве, но есть также великорусская культура, характеризуемая именами Чернышевского и Плеханова. Есть такие же две культуры в украинстве, как и в Германии, Франции, Англии, у евреев и т.д.”, — деп жазған едi. Мұнда Маркстың ақ пен қара дейтiн шартпен, бiр елдi капиталшылар мен пролетарларға, қазақша айтсақ, бай мен жарлыға бөлiп, оларды өмiрi өзара бiтуажаға келмес тап жаулары етiп, өзара қырылыстырып қоюды әдейi көздеген әйгiлi схемасы мәдениетке қалай болса солай көшiрiле салынған. Мұндағы Пуришкевич, Гучков, Струвелер кезiнде революцияға қарсы болған, соған қарсы iс-әрекет жасаған кiсiлер. Сонда олардың жасаған мәдениетi қандай? Жалпы мәдениеттi жеке бiр кiсiлер не кiсiлердiң тобы жасай ма? Мәдениет деген бүткiл ұлтқа, халыққа ортақ болмай ма? Ол өз алдына, — ендi Чернышевский мен Плехановтың “мәдениетi” деген не сөз? Бұл мүлде қисынға келмейдi ғой! Осыны берiк ұстанған бiздiң шолақ белсендiлерiмiз сонау өткен ғасырдың 30-60-ыншы жылдары халқымыздың жырларын, қиссаларын жауып тастап, оларды кiтап қып бастырмай, қазақ халқының кейiнгi буынына рухани жақтан зор зиянын тигiзген жоқ па? Мiне, осы солақай пiкiрдiң зардабы реализм деген әдiске де барынша тиген едi. Әдебиетшi ғалымдар оны “озық, жан-жақты әдiс” дей отырып, көркемделген әдебиетте ұнамды кейiпкерлердi сомдау керек дегендi басты орынға қойып, жазушының тiршiлiктiң терең қатпарына барынша жан-жақтан көз жүгiртуiне кедергi жасады, әдебиетте ақ пен қара дейтiн бояудың шарты үстемдiк құрып, өмiрдегi қандай да жағдай болмасын, ол тек бiрыңғай тап жаулары дейтiн шартпен ғана қарастырылды. Сүйтiп шынайы реализмнiң шарттары саясат пен коммунашылдардың идеологиясына бағынған, соның ноқтасын киген, соның арбасына жегiлген қажымас қайратты қара өгiздiң қызметiн атқарып кете барды. Ол жөнiнде Кеңес заманының әдебиетнамасындағы басты “теорияшы” болған Л.Тимофеев: “Говоря о социалистическом реализме, мы имеем в виду не развитие (?) в новых исторических условиях реализма, однотипного с прежними (просветительским, критическим и пр.), а реализма нового качества (?), рожденного обществом нового исторического порядка (?). Этот реализм объединяет в себе и воссоздающее и пересоздающее начало, рисует людей нового типа (?), новое отношение между ними”, — деп жазған болатын. Мұндағы басты ескерiлмеген жағдай, — шындықтың, ақиқаттың қай заманда да бiреу екендiгi, оның әр түрлi вариантының болмайтындығы, оның ағартушы, сыншыл, мiншiл т.б. деп жiктелмейтiндiгi. Сонда Кеңес заманын сол өзгермейтiн шындықтың тұрғысынан неге тексерiп зерттеуге болмайды? Керiсiнше ол өткен дәуiр мен жаңадан орнай бастаған қоғамның соны түрiн өзара салыстырып, олардың өзара артық, кемшiлiгiн анықтамай ма? Одан тыс, жаңа реализмнiң өткен ғасырларда жасалған әдебиетте етек алған реализмнiң түрлерiмен (ағартушы (?), сыншыл т.б.) сабақтас болмағаны қалай? Бұл әдеби үрдiстi қолдан үзiп тастау емес пе? Мiне, осындай өткеннiң бәрiн бекерге шығарып тастауды мақсат еткен революцияның ауазасына ерген әдебиетшiлер әлгi жаңа реализмнiң теориясын дұрыстап, жан-жақты етiп жасай да алмады. Бiр қызығы, реализм дейтiн терминдi 19-ыншы ғасырдың бас жағында жасаған орыс жазушыларының онша жақсы бiле де бермегендiктерiмен орыстың әдебиетшi ғалымдарының iсi де болған жоқ. Қазақтың әдеби ғылымында да сол жағдай қайталанды. Жалпы бiзде реализм әдiсiн тереңiнен қопара зерттеген ғалым әдебиетшiнi жоқ десе де болады. Сол кездерi ғылым докторы дейтiн дипломды қолтығына қысқандардың көбi өз диссертацияларын теориядан емес, басқа бiр тақырыптарды алып қорғады. Ал осы реализм әдiсiн бiзде алғаш рет зерттеген М.Қаратаевтың сонау алпысыншы жылдары жарық көрген “Қазақ әдебиетiнде социалистiк реализмнiң қалыптасу жолдары” дейтiн монографиясы бiзде әлге дейiн оқшау тұр. Бұл кiтаптан соң бiзде реализм туралы жарытып ештеңе жазыла қоймады. Рас, қазақтың әдебиетнамасында академик Х.Жұмалиевтiң “Әдебиет теориясы” деген кiтабы болды. Одан кейiн жоғары оқу орындарындағы филология факультеттерiне арналған академик З.Қабдоловтың “Әдебиет теориясының негiздерi” дейтiн кiтабы жарық көрдi. Мен бiр мақаламда осы кiтап жайлы “көшiрмесi көп” деген едiм, соны менiң қарсыластарым “ойбай, ол академиктi де тiлдедi” т.б. деп жер дүнияға жар салып, қолдан улыған-шулыған жасап жiбердi. Бұл арада айтарым, — З.Қабдоловтың теориясының “көшiрме” болатын негiзi де бар, себебi ол кезде Кеңестер Одағы бойынша әдебиеттiң теориясы Л.Тимофеевтiң “Основы теории литературы” дейтiн бiрегей оқулығы бойынша үйретiлiп оқытылатын. Ал З.Қабдоловтың жазып отырғаны да осындай қазақтың жоғары оқу орындарында оқытылуға арналып жазылған оқулық, ол әдебиет теориясының неше түрлi мәселесiн қозғаған, өзiнше зерттеген ғылыми еңбек емес. Ол сол себептi де, Кеңестер Одағындағы оқыту жүйесi де, программа да бiр болғандықтан, Л.Тимофеевтiң iзiмен жүрiп отыруға, ол салған “жолдан” ауытқымауға, кейде тiптен әдебиет теориясының көп шартын одан айнытпай, аударма сықылды етiп қазақ оқушыларына жеткiзуге мiндеттi. Менiң осы кiтапты “көшiрме” жерлерi баршылық деп отырғаным да сондықтан. Бұл арада академик З.Қабдоловтың ешқандай да кiнәсi жоқ — сол кездегi жағдай оны тек қана қазақ тiлiнде жазылған оқулықты жаратуға ерiксiз итермеледi. Бұдан кейiн ол әдебиет теориясының неше түрлi мәселесi бойынша, соның iшiнде реализм т.б. туралы қалам тартқан да емес. Мiне, осыны бiлмейтiн, шала-пұла бiле тұрса да, негiзгi себептi ескермейтiн О.Асқарлар З.Қабдолов екеумiздiң арамызға от тастауға тырысып, оның теориянамасын түнде жастығының астына тығып қойып оқитындығын айтып, әдеби қауымды iштен iрiтiп, оны шала бүлдiруге битiн салып та жүр! Бұл арада менiң жазығым жоқ, бұл жерде мәселе әдебиет ғылымын жақсы бiлу, бiлмеуде ғана жатыр. “Соцреализм” жөнiнде жалған айғай көтерiп жүргендер де осындай желбуаз кiсiлер. Мұндай өрескел, дүмбiлез жағдайдан кейiн, жалпы реализмнiң шығу тарихын, оның басты-басты деген шарттарын, әдiс ретiнде қалыптастырған тұжырымын, ұстанған бағыт-бағдарын, т.б. дұрыстап тереңiнен бiлмей жатып, бiздiң аяқ астында у-шуы көп жалпылама ұранға ерiп, реализмдi бас-көз жоқ iрей бастағанымыз барабанды тек қана ырғақ үшiн пайдаланатынын бiлмей, сезбей жатып, оның құр дүңкiлiн керемет бiр саз деп түсiнгенмен бiрдей боп көрiнедi. Бұған кiнәлi тағы да осы әдiстiң қалай өмiрге келгенiне, оның түбiрiне үңiлмегендiгiмiз. Батыс Европа әдебиетiнде өз заманында мұрындық болған классицизм, одан кейiн бой көрсеткен романтизм әдiсi, олардың эстетикасы тоза бастаған шақта жазушылардың сол кездегi, оған дейiнгi әдебиеттерде жиi кездесетiн, бұрынғы “оқыған, бiлiмдi” король-патшалар мен таңғажайып қаһармандардан қол үзiп, күнделiктi өмiрдiң өзiне қарай батыл түрде бет бұруы басталған едi. О.Бальзактың майда, ұсақ, қарапайым кейiпкерлерi, бетсiз буржуалары осы кезде әдебиетке кеп орнықты. Жоғарыдағы классицизм мен Байроннан жұқтырған романтизмдi де өз басынан өткерген, кешiрген А.Пушкин ақыр соңында реализмге көшiп, “Онегинге” кеп ат басын тiредi. Сол-ақ екен, бұрынғы романтизмге, соның талғам-талабына бойы үйренiп қалған оқушы жұртшылық мұны мүлдем сөкет көрiп, шайырды өмiрдiң асқақ “поэзиясын” мансұқ етiп, оның лас, кiр, майда-шұйдасын қазбалайтын “прозасына“ үңiлдi деп айыптады. Тiпте сол кезде Батыс Европадағы басқа елдерге қарағанда әлдеқайда мойны озық француз әдебиетi де Бальзак, Флобер, Мопассан, Золяға дейiн өмiрдiң өз шындығына онша бас ие де қоймады. Оның есесiне А.Дюманың корольдер мен мушкетерлердi мадақтаған романдарын ел хан көтерiп бақты. Ал ағылшын елi 1860-ыншы жылдары осындай батыл бетбұрысты “реализм”, “ақиқатшылдық, расшылдық” деп, иттiң етiнен жек көрiп, оны кемсiтумен болды. Осы кезде атақты романдарын жазған Л.Толстой да “реализм” деген терминдi онша жақсы бiле қойған жоқ. А.Пушкин, Н.Гогольдiң жағдайлары да сондай. Бұл терминнiң әдебиетте орнығуы, негiзiнен, 20-сыншы ғасырдың бас кезiне тура келедi. Бұған қатты әсер еткен М.Горькийдiң жалаңаяқ (босяктар) кейiпкерлерi болатын. Соның нәтижесiнде ендi 19-ыншы ғасырда Батыс Европаға жалтақтап, сондағы әдеби үлгiлердi пiр тұтып, әбден французданған, ағылшынданған, немiстенген орыс әдебиетiне орыс халқының алуан түрлi топтарының персонаждары батыл ене бастады. Мiне, осындай батыл қадам жасаған М.Горькийдiң орыс ұлты әдебиетiнiң бас жағында тұруы да сондықтан. Кейiннен осы үрдiстi 1960-ыншы жылдары орыстың “деревняшыл” деп қолайсыз атаққа еге болған жазушылары (В.Белов, В.Шукшин, В.Астафьев, В.Распутин т.б.) жалғастырды. Осы арада айта кететiн бiр жәйт — алғаш рет Батыс Европада бой көрсеткен реализм әдiсi орыс әдебиетiне оп-оңай, бiрден келе қойған жоқ, оның онда орнығу жолы бiразға созылды. Сол кезде жасаған орыс жазушыларының бұрынғы үйреншiктi әдiстен бiрден қол үзiп кете қоюы әжептәуiр қиыншылыққа ұрынды. Оның себебi де бар едi. Бұл арада көркемделген маман жазба әдебиеттi ауыз әдебиетiндегi ақ және қара бояудың шартымен кейiпкерлердi жақсы, жаман деп бөлетiн түсiнiктен, классицизмнiң атақты Буало қалыптастырған, өзгермейтiн заң деп бiлген үш шартынан, романтизмнiң бiр жақтылығынан арылтып, күнделiктi өмiрдiң шындығын барынша табиғи, барынша тереңдетiп, көркемдеп алуға талаптандырған, тың жаңа жолға қарай бастаған реализм әдiсiнiң әдеби теориядағы алға қарай жасалған үлкен бiр секiрiс болғандығын ескерген жөн. Сол кездiң өзiнде-ақ осы реализм әдiсiнiң әдеби практикаға дендеп енуi, шын мәнiнде, ағылшын, француз, немiс, қала бердi орыс әдебиеттерiнде үлкен бiр бетбұрыстың, әдеби төңкерiстiң басталғанын анық көрсеткен едi. Сол үрдiс 19-ыншы ғасырда жасалған орыс әдебиетiнiң озық үлгiсiне сүйенген, соны жазушыларға бiрден бiр ұстанар жол ретiнде ұсынған кешегi Кеңес билiгi кезiнде одан әрмен жалғасты. Рас, бұл арада оңды-солды ауытқыған жағдайлар, әр түрлi бағыт ұстанған әдеби топтар болды. Олар, негiзiнен, 20-сыншы ғасырдың бас жағында француз әдебиетiнен орыс әдебиетiне ауысқан акмеизм, символизм, футуризмдердiң т.б. әдеби тәжiрибелерiне арқа сүйедi. Осы өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарына дейiн Ресей жазушыларының арасында болған әр түрлi бағыт-бағдары бар топтардың тарихы әлге дейiн толық, жан-жақты зерттеле қойған жоқ. Олардың саны бiраз. Мәселен, сол кездерi әдебиетте Ресейдiң пролетар, жарлы-жақыбай жазушыларының ассоциациясы болған РАПП (оған мүше болғандар — Л.Авербах, В.Киршон, М.Шолохов, А.Фадеев, А.Серафимович, Ф.Панферов, Н.Погодин т.б.), акмеистер (А.Ахматова, О.Мандельштам, М.Кузьмин, С.Городецкий, М.Зенкевич, Б.Садовской, М.Лозинский, т.б.), “Серапионның бауырлары” (К.Федин, Н.Тихонов, М.Зощенко, В.Каверин, Вс.Иванов, М.Слонимский, т.б.), “Леф” (Б.Пастернак, Н.Асеев, О.Брик, В.Шкловский, С.Кирсанов, Л.Кассиль, т.б.), конструкцияшылдар (И.Сельвинский, В.Луговской, В.Инбер, Н.Ушаков, т.б.), имажинистер (А.Мариенгоф, В.Шершеневич, Р.Ивнев, М.Ройзман, т.б.), “Оңтүстiк орыс мектебi” (Э.Багрицкий, И.Бабель, В.Катаев, Ю.Олеша, И.Ильф, Е.Петров, С.Гехт, Л.Славин, К.Паустовский, т.б.) сықылды әр түрлi топ болды. Қарап отырсаң, бұлардың денi таза орыс емес, бiрақ орыс тiлiнде жазатын басқа ұлт өкiлдерi. Бiр таңғаларлығы, осындағы жарлы-жақыбайлардың жазушылары атақты репрессия кезiнде түгелге жуық қырғынға ұшырады, одан М.Шолохов, А.Фадеев, А.Серафимович, Ф.Панферов, Н.Погодин сықылды жазушылар ғана аман-есен қалды. Оған дейiн 30-ыншы жылдары С.Есенинге қатысы бар “крестьян” жазушылары деп аталған, таза орыстар Н.Клюев, С.Клычков, П.Орешин, И.Касаткин, И.Приблудный, П.Васильев, В.Наседкиндер (одан Пимен Карпов қана аман-есен қалды) түгелдей мерт болған-ды. Ал ұлты орыс емес, бiрақ өз шығармаларын орыс тiлiнде жазатын, басқа топтарға кiретiн жазушылардың iшiнен О.Мандельштам, С.Третьяков пен И.Бабель үшеуi ғана репрессияға ұшырады, қалғандары кешеге дейiн жасады. Мұндай қанды қырғынның басталуына, ең алдымен, сол жазушылардың өздерi кiнәлi едi. Бұл арада орыс әдебиетi мен философиясында 19-ыншы ғасырдың орта шенiнде жасаған “батысшылдар” мен “славянофилдердiң” арасында болған айтыс-тартысты еске ала кеткен де жөн. Ол кездерi 1-ші Петр орыс халқына сырттан әкеп зорлап таңған Батыс Европа елдерiнiң тұрмыс-тiршiлiгiне тән өмiр сүрудiң түрiнiң орыс халқына қолайсыз екендiгiн сезген бiраз жазушы, соның iшiнде Хомяков, жалпы славян халықтарының басын бiрiктiремiз деп, герман тайпасының үрдiсiне қарсы шыққан едi (ол күрес орыс қоғамында бүгiнгi күнге дейiн тоқтаған жоқ, кешелерi 1917-iншi жылы өздерiнiң әкелерi орнатқан Кеңес үкiметiн аяқ астында құлатқан сол тiлi орыс, түрi орыс емес, екi Отаны бар “батысшылдар” болатын, — Б.А.). Сол айтыс-тартыстың аяғы ушыға кеп (“халықшылдар”, “анархистер” т.б.), ақырында 2-ші Николайдың тақтан таюына, одан соң большевиктердiң үкiмет билiгiн ынжық, батылдығы аз Керенскийден тартып алуына әкеп соқтырды. Осы аласапыран кезiнде, яғни 20-30-ыншы жылдары, мен жоғарыда айтып өткен неше түрлi әдеби топ шаңырақ көтерген-дi. Әрине, олар тек қана әдебиеттiң мәселесiн қаузаған әдеби топ болып қана қойған жоқ, аздан соң ол топтарға кiрген жазушылар саясатқа белсене, қызу түрде араласып та кеттi. Осы пiкiр таласы 30-ыншы жылдары мүлдем өрши түстi. Сүйтiп, олардың арасындағы айтыс-тартыс тынбай, ол күрес әдебиеттiң әдiсiнiң ауқымынан шығып, аса қатты саяси рең ала бастаған кезде Кеңес жазушыларының басын қосып, оларды бiр ұйымға бiрiктiрiп, әлгiндей ала ауыздықты жойып, шын мәнiнде оларды “ауыздықтау” мәселесi өз өзiнен туындаған едi. Ендi бiр елдiң ғасырлар бойы жасаған мәдениетi мен әдебиетiн тұрпайы түрде бай мен кедейдiң мәдениетi мен әдебиетi деп қолдан екiге бөлген қаһарлы, келiсiмге, ымыраға келмейтiн бiр жақты идеологияның кезiнде, соның бiр көрiнiсi ретiнде бой көрсеткен “пролеткульттың” орнына жаңа термин, жаңа әдеби идеология қажет болды. Бұл талапқа сонау 19-ыншы ғасырдың екiншi жартысында белең алған, бiрақ әлi әдебиетнамада терең зерттелiп, қыры-сыры ашылып болмаған “реализм” деген термин оңқай асықтай үйiрiлiп сайма-сай келе қалды. Дегенмен де бұл арада оның алдында маяктай боп тұратын бiр анықтауыш, бiр эпитеттiң қажеттiлiгi аздан соң анық сезiле бастады. Мiне, осы мәселе 1932-iншi жылы М.Горькийдiң дачасында И.В.Сталин қонақта боп отырғанда кеңiнен сөз болған едi. Осы кезде пролетариат, жарлы-жақыбайлардың жазушыларының рухани көсемiне айнала бастаған, жаратылысында “көсем” болуға құмарлығы басым М.Горький осы терминдi толықтырып, “социальный реализм” деп атауды ұсынғанда, И.В.Сталин онымен келiспей, мұны “социалистический реализм” деп атағанды жөн көрген-дi. Сол күнi бәрi осыған бәтуаласқан соң, бұл термин Кеңес жазушыларының 1934-iншi жылы Мәскеуде өткен бiрiншi құрылтайында ең басты әдеби әдiс ретiнде қабылданып, оның Жарғысы басты хұжат ретiнде жасалды. Мiне, бiздiң бүгiндерi ит-терiсiн басына қаптап жүрген “соц.реализмiмiздiң” өмiр тарихы осы.
 

Бұ жерде жалпы адамзат баласына өз билiгiн жүргiзiп тұрған неше түрлi идеологияның шығу тегiне, өмiр сүру пормысына көз жүгiртпей болмайды. Қандай да мәртебесi үстем болған ой-пiкiрдiң жүйесi өз бағытын жалпы жұртшылыққа қолдатпай да қоймайды. Ол үшiн кез келген идеология әдебиеттi өз мақсатына орай үгiт-насихат, уағыз жасайтын нәрсе, мiнбер, эстрада ретiнде пайдаланады және де онысы аздай, әлгi әдебиетке жөн-жоба сiлтеп, оған бағыт-бағдар берiп отырады. Бұдан бүгiндерi дүние жүзiне кеңiнен таралған дiндер де құр алақан қалған емес. Мәселен, Исаның дiнi, грекше христшылдық (орысшасы, христианство) орта ғасырларда Батыс Европа елдерiнiң әдебиеттерiне қатты әсер еттi, оларды өз уысынан шығармай, оларға жөн-жоба сiлтеп, өз пiкiрнамасын уағыздауға қатты ықпал жасады. Сол ықпал-әсер бүгiнгi күндерi де Европа, Америка құрлықтарының әдебиеттерiнен қатты сезiледi. Ондай жағдай 19-ыншы ғасырдың орта тұсында орыс әдебиетiнде де болған-ды. Бұған Ф.Достоевскийдiң “Есалаңы” (“Идиоты”), Л.Толстойдың “Жаңғыруы” (“Воскресениесi”) т.б. айқын дәлел. Бұны жақсы бiлетiн большевиктер адамдардың сана-сезiмiн мүлдем өзгертпейiнше, коммуна жүйесiн берiк құрудың мүмкiн еместiгiн анық сездi, сүйтiп олар да әдебиеттi өз мүдделерiне сәйкес пайдалануға қам жасады. Оған көнбегендердiң көрер күнi белгiлi. Шынында да, Кеңес үкiметi тұсында құдайға сенбейтiн (осы дiнге сенбеудiң өзi де дiнсiздiкке сенетiн, өңi өзгерiп, пiкiрдiң асты үстiне шығып, мүлдем қарама қарсы жақта тұрған қарсы полюске шығып кеткен, түрi бөтен, өзгеше дiн, өзгеше идеология!-Б.А.) коммунашылдар партиясы, өздерi қаражат берiп тұрып, өз идеологиясын қаламкештерге неге уағыздатпауға, мақұлдатпауға тиiс? Мұнда бүйректен сирақ шығып тұрғандай қандай ерсi нәрсе бар? Капитал қожа болған Англия, Франция, АҚШ сықылды мемлекеттер де жазушыларға өз идеологияларын ақшаның құдiретiмен бүгiндер зорлап таңып отырған жоқ па? Демек, қандай да қаламгер болмасын, ол өз заманынан, өз тұсындағы идеологиядан тыс, оқшау тұра алмайды. Жұрттың бәрi өз заманының ауқымынан оза шығып кете алатын данышпан О.Хәййәм емес. Мәселе бұл арада мүлдем басқада жатыр.

Демек, бiздiң бұл терминдi дұрыс түсiнгенiмiз мақұл екен. “Реальность” деген сөз латын тiлiнен аударғанда, “рас, ақиқат, өмiрде бар зат” деген ұғымды, ал содан өрбiген, туындаған “реализм” сөзi “расшылдық, ақиқатшылдық” дегендi бiлдiредi. Мұны әдебиетте қолдану — өмiрдiң, тiршiлiктiң шындығы, расы, ақиқаты туралы жаз деу. И.Сталин мен М.Горький мұны жетiмсiздеу көрiп, оның алдына “социалистический”, “социальный” деген екi анықтауышты ұсынды. Мұндағы “социум”, “социалис” деген латын сөздерi “қоғам, қауым” деген ұғымды бiлдiредi. Сонда “социальный реализм” дегенiмiз “қоғамның, қауымның шындығы, ақиқаты”, ал “социалистический реализмiмiз” “қоғамдасқан, қауымдасқан елдiң расы, ақиқаты” дегендi ұқтырмай ма? Сонда мұнда тұрған не өрескелдiк, не келеңсiздiк бар? Бiз кәзiр кешегi қауымдасқан елдер мен капитал билеген мемлекеттердiң тұрмыс-тiршiлiктерiнiң өз ара мүлдем ұқсамайтындығын, адамдардың ой-пiкiрi, арман-тiлегi, әдет-ғұрпы, жалпы психологиясының мүлдем керағар екендiгiне куә боп та отырған жоқпыз ба? Сол қоғамның өзiне тән шындығы жайлы жазу ар-ұжданы таза, жаны адал жазушының ең басты мiндетi, парызы емес пе? Мәселе бұл жерде әдiсте емес, қаламгердiң ар-ұжданында, оның ұстанған шарттарында жатқан жоқ па?
 

Мiне, осы арада әуелi Кеңестер Одағындағы жазушылардың бастарын бiрiктiруге қызу ат салысқан М.Горькийдiң бұл әдiстiң ертең-ақ жазушылардың қол-аяғына салынған бұғау боп, көркемделген әдебиеттi қарадүрсiн жорналнаманың дәрежесiне дейiн түсiрiп, оны коммунашылдардың идеологиясының сойылын соғар уағызшы бола қалады деп т.б. ойламағандығын оның сол кездегi айтқан ой-пiкiрлерiнен анық көруге болатындығын айта кеткен де жөн. Ол шындығында осы реализм туралы қатты толғанды. Ол Ф.С.Богородскийге айтқан бiр әңгiмесiнде; “Каким же должно быть искусство, призванное изображать современных людей и эпоху. Если говорить о “стилях” и “направлениях”, то невольно вспоминаются Пушкин и Толстой. В их реалистическом искусстве есть элементы и романтизма, и классицизма, и, если хотите, — символизма. Точнее — многоплановый реализм должен лечь в основу творчества наших художников”, деген болатын.(Мәскеу, Горький туралы естелiктер, 1956, 200 б.). Осыдан аз кейiн Горький әдебиеттiң бағыт-бағдарының бiрте-бiрте өзгерiп, ондағы көркемделген образдың орнына құр жалаң иллюстрацияның бiртiндеп келе бастағанын айқын сезiп: “Художественный образ… почти всегда шире и глубже (!) идеи, он берет человека со всеми противоречиями (!) его чувствований и мыслей. Художественное творчество относится к действительности честнее (?), и только там, где оно идет на привязи публицистики (!), оно теряет свой честный объективизм”, деп өте терең бiр ой айтқан едi. Бiз М.Горькийдiң осы айтқан пiкiрiнiң, ол қайтыс болғаннан соң, күллi Кеңестер әдебиетiнде ескерiлмей, тек қана жадағай публицистиканың, схеманың, идеяны жалаң түрде иллюстрациялаудың т.б. қатты өрiс алғандығына куә болған кiсiлермiз. Осы күнi өткен нәрсенi бүгiндерi “өлең-мақала” жазуға әбден дағдыланып алған М.Шахановтың көркемделген поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, жадағай публицистиканың аясында ғана қалып қойған, кiшкене тас тисе-ақ, шыныша талқан боп, үгiтiлiп түсетiн “шедеврлерiнен” анық көрiп те жүрмiз.
 

Маған осы арада әулекiлене қарсы шығар Шахановтың шағалдары мен Есдәулетовтiң есерсоқтары сықылды әдебиетке ешқандай да қатысы жоқ, бiрақ соған қарамастан көрiнгенге қолшоқпар бола кетуге құмар, сүйтiп өздерiнiң жеке бастарының жағдайын жасап алатын дүмше даукестерiмнiң Сталиннiң баяғы бiр аңызға айналған культiн, өндiрiс, ауыл шаруашылығы т.б. жайлы жазылған сүреңсiз шығармаларды алдыма тартатынына еш күмәнiм жоқ. Бұ жерде де мәселенiң анық-қанығына үңiлу қажет. Сонау отызыншы жылдары Сталиннiң қара басын қолында орасан билiк, күш-қуат тұрған бiрден бiр хан ретiнде дәрiптеп, аса ұлықтап көтергендер — сол кездерi Сталинге жағынып, шетелге қашқан Троцкийдi балағаттап, Кеңес үкiметiн төңкерiп тастағасы келген, сол кезде СССР-да әскербасшысы болған Тухачевскийдi түгiн қалдырмай боқтаған, оның атына неше түрлi сөз айтып, барынша лағнат айтқан, кеше ғана Октябрь төңкерiсiне қатысқан, соны белсене ұйымдастырған кiсiлер болатын. Осы арада төңкерiстi ұйымдастырып, Кеңес үкiметiнiң басшылығына келген 5 кiсiнiң 4-еуi (орыстанған грузин Сталиннен басқасы, — Б.А.) өз ұлтын, орыс еместiгiн жасырып, орыстың фамилиясын алған, орыс халқына қаны-жыны қосылмайтын, оларға рухы мүлдем жат басқа халықтың өкiлдерi едi. Олар 19-ыншы ғасырдың екiншi жартысында болған атақты “Сион” тауының маңайына жиналу туралы (бүгiнгi Израиль мемлекетiн құру туралы идея “сионизм” 1895-iншi жылы жорналшы Герцльдiң Батыс Европада жарық көрген “Израиль мемлекетi” дейтiн кiтабының әсерiнен кейiн пайда болды, — Б.А.) дау-дамайдың басқаша бiр шешiмiн Ресейде патшаны құлатып, ұлты еврей Маркстiң “коммунизмдi” орнатамыз да, бар билiктi қолға алу керек дейтiн өздерiнiң негiзгi мақсатын әбден iрiп-шiрiген, неше түрлi халықтан құралған, қырық сiдiк, ғылыми тiлмен айтсақ, интернационализмi басым Ресейде iске асырған-ды. Бұл жерде әлгi коммунизм идеясының (қожалықтың осындай ортақ түрi — коммуна 13-iншi ғасырда Италияда болған, соның бiр түрi — киббуц Израильда әлi күнге дейiн бар, — Б.А.) сол кездерi деревня-деревня боп, қауым, община қалпын сақтап, бiрлесе тiрлiк ететiн орыс халқына онша жат идея болмағандығын айта кету керек. Соның себебiнен Октябрь революциясы, қауым болып тiрлiк етудiң пормасынан әлдеқашан ат құйрығын кесiсiп, капиталды құдай көрiп, жекеменшiктi бiрден бiр үлгi тұтқан Батыс Европада емес, қауымшылдығы аса басым Ресейде алғаш рет жүзеге асқан едi. Бұған орыстың шаруалары қатынасқан да жоқ. Кейiнiнен олар азық-түлiк салығы дейтiн науқанның кезiнде қатты қиыншылыққа кездестi. Оның үстiне сол кезде Кеңес үкiметiнiң әскерiнiң басшысы болған, ұлты еврей Троцкий (оның шын аты-жөнi Лейба Бронштейн, жалпы Ресейде 1917-iншi жылы Қазан төңкерiсiн ұйымдастыруға белсене қатынасқан еврейлер өздерiнiң шын аты-жөндерiн бұқара халықтан жасырып, бүркеншiк ретiнде орысша фамилия алған, — Б.А.) ақ патшаның заманында казак-орыстардың еврейлердiң отбастарын талқандап (“еврейские погромы”, — Б.А.), әбден зорлық-зомбылық жасағандықтарын ұмыта алмай, өзiнiң қолына зор билiк тигеннен кейiн, Дон, Кубань бойындағы т.б. казактарды әбден қырғынға ұшыратты. Бұл жәйт М.Шолоховтың “Тынық Донында” анық жазылған. Дәл осындай жағдайды, 17-iншi ғасырда түгелге жуық орыстанып кеткендiктен тiлi мен дiнi басқа болса да, казактар мен қазақтардың арасында тығыз байланыс барлығын жақсы бiлетiн, троцкийшiл, ұлты еврей Ф.И.Голощекин (шын аты-жөнi Шая Ицкевич, — Б.А.) дәл әлгiндей қырғынды 1932-iншi жылы “Қазақстанда кiшi революция жасау керек!” деген ұранмен (бұл қазақтарды құрту керек деген сөз, — Б.А.), осы кезде, өз қарсыласы Троцкийдi шетелге қуған Сталиннiң қатты өсе бастаған беделi мен абыройын түсiру үшiн қолдан ұйымдастырды. Және бiр айтары, атасы да, өз әкесi де еврей, бiрақ шешесi басқа елдiң қызы (Муса пайғамбардың “Тауратына” табынатын, әлiге дейiн өз ата-тегiн әйелдiң жұртымен есептейтiн, патриархат емес, керiсiнше, матриархат салтын сақтаған еврейлер еврей кiсiнiң әйелi еврей болмаса, онда одан туылған ұрпақты еврей демейдi, — Б.А.) В.И.Ленин алғашқы кезде сақтық ойлап, Троцкийдiң қатыгездiгiне қарсы болған, ол өзiне ең жақын досы боп саналатын еврей Я.Свердловқа (2-iншi Николайды атуға бұйрық берген сол, ал ол бұйрықты орындаған, патшаны отбасымен қоса атқан Ф.Голощекин болатын, ол сол “сiңiрген еңбегi” үшiн көп ұзамай Қазақстанға “патша” боп келдi, — Б.А.) жазған хаттарында т.б. осы жайлы ашық айтады. Және бiр қызығы, ол өзiн құдай, пайғамбар көрген грузин Сталинге онша сене де бермеген, бұған оның Сталин туралы айтқан пiкiрi бiрден бiр дәлел. Мiне, осылайша “бiр елде төңкерiс жасап, бар билiктi қолға алу керек” дейтiн идеяның жүзеге асуына бiрден бiр қарсы болған, кейiнiнен Троцқиймен, сосын оның iзбасарларымен аянбай қатты шайқасқан Сталин 1934-iншi жылы С.М.Кировты Ленинградта “әлдекiмдер” (?) атып өлтiрген соң (бұл әлi де толық зерттеудi керек ететiн, әлi басы ашылмаған жұмбақ жәйт, — Б.А.), бiрден шешушi шабуылға шықты. Соның соңының 37-iншi жылға ұласқаны бүгiнде әммәға белгiлi. Мiне, осы репрессияны ұйымдастырғандар да, Сталиннiң жағына шығып ап, соған белсене қатынасқандар да, Сталиннiң беделiн өсiрiп, оны асыра дәрiптегендер де… шындығында, кiмдер едi? Мысал келтiрейiн. Мәселен, 1936-ыншы жылы Сталиндi дәрiптеп алғаш рет өлең жазған, оны еврей Н.Бухарин басқарып отырған “Правда” газетiнде бастырған кiм? Кейiн Сталиндi сыбаған, мүйiзi қарағайдай — Б.Пастернактың дәл өзi! Одан И.Бабель де қалыспады, — ол да Сталиндi көсем дәрәжәсына жеткiзiп, мадақтап бақты! Сосын-ақ көп ұзамай атақты “Сталиниада” басталды да кеттi. Оған И.Эренбургтан бастап сол кезде жаңа-жаңа көрiне бастаған К.Симоновтарға дейiн өлшеусiз “еңбек сiңiрдi”! Ол өз алдына. Бүгiнгi оқушы жұртшылық 1952-iншi жылы Сталин туралы ең соңғы мадақ өлең жазып, СССР Жазушылар Одағының ең жас мүшесi болған кiсiнiң кiм екендiгiн бiле ме екен? Бiлмесе, айтайын, — ол бүгiндерi Сталиндi “сынап”, “талқандауға” келгенде алдына жан салмайтын, аузымен орақ орған, кезiнде эстрададан түспей, атақ-дәрпiн дүнияға аямай шашқан, еврейшатыс (ол жөнiнде 2004-iншi жылы “ЛГ”-да өз шешесi еврейка Р.Казакова “бiз полукровкамыз” деп ашық жазған едi, — Б.А.), бүгiндерi АҚШ-та тұратын, кешелерi коммунизм идеясын өз өлеңдерiнде барынша насихаттап баққан атышулы… Е.Евтушенко! Ал жарты ғасырдан астам уақыт бойы орыс халқының балаларын “советтердiң рухында тәрбелеуге зор еңбек” сiңiрiп, олардың жандарынан өз ұлтының нышаны мен рухын алып тастап, оларды ата-тегiн бiлмес бiреулерге айналдыруға тырысқан, оларды солай етiп тәрбиелеген, олардың ақыл-ойын, түсiнiгiн, талғамын т.б. қалыптастырған балалар жазушылары С.Маршак, К.Чуковский, С.Михалков, Л.Кассиль, А.Барто, Э.Успенскийлер т.б., кезiнде “совет елiнiң” әндерiн шығарған И.Дунаевский, М.Блантер, Я.Френкель, А.Островский, Э.Колмановский, М.Фрадкин, О.Фельцман, В.Шаинскийлер т.б., кезiнде 40-30 жыл бойы белгiлi бiр iндеттiң алдын алу қажет деген желеумен балаларды неше түрлi дәрiмен шанышып, олардың ДНК-ларын бұзып, иммуннитетiн қолдан әдейi әлсiреткен жәйт, кейiн соның кiсiнiң денсаушылығын бiрте-бiрте кемiтiп, оны жалпы ақыл-есiнiң дамып жетiлуiне зор зиянын тигiзетiн жағдай, адамзатты жаппай қырып-жоятын атом және сутегi бомбаларын жасаған атышулы ғалымдар (А.Сахаров, С.Шушкевич т.б.) т.б. туралы бүгiндерi сөз айта қоюдың өзi қиын. Бұның бастауы сонау 30-ыншы жылдарда жатыр. Сол кездерi әлгiндей таза орыс емес, жалпы орыстың бұқара халқына рухы мүлдем жат, бiрақ орыс тiлiнде жазатын жазушылардың қызу ат салысуымен “Сталиниада” да, сүреңсiз әдебиет те дәл осылай басталған болатын. Мұның соңы Л.Брежневтiңтың туралы “эпопеясына” кеп ұласты. Оны да жазып берiп жүрген, бүгiндерi АҚШ-та тұратын В.Коротичтер — кезiнде Сталиндi қолпаштап, асыра дәрiптеп, ақырында өз бастарына бәленi сатып алғандардың үрiм-бұтағы, солардың жұрағаттары. Бүгiнде Сталин жайлы нағыз шындықты айтқызбай, оны тек қана қаралап көрсетудi мақсат тұтып, том-том кiтап жазып жүргендер де, кейiнiнен ақ патша тұсы болсын, СССР-дың кезi болсын, аса зор қуатты мемлекеттiң негiзгi егесi — орыстарды Кеңес Одағында тiрлiк ететiн басқа аз ұлттарға басқыншы халық етiп көрсетуге тырысып, орыс пен басқа халықтардың араларына от салып, оларды бiр бiрiмен шағыстыруға, араздастыруға барынша тырысқан да, орыс халқын күллi әлемге “қорбаңдаған аю” сықылды бiр жабайы халық ретiнде құбыжық қып көрсетудi көздегендер де, кезiнде өздерi қызу қолдап, оның “теориясын” жасауға “қызу ат салысқандар” да, бүгiндерi замана өзгергеннен кейiн, кезiнде өздерi насихаттаған “соц.реализмдi” жерден алып, жерге салып жүргендер де, бүгiнгi орыс баспасөзiнде қолданылып жүрген орыстың әдеби тiлiне грек, латын, ағылшын, француз т.б. тiлдерден ауысқан сөздердi, олардың балама нұсқасы болса да, әдейi қасақана алмай, әлгi “жатжұрттық” сөздердi сол қалпында батыл енгiзiп, оны адам түсiнбейтiн қойыртпақ тiлге айналдырып, бүгiнгi орыстың тiлiн бұлдiрiп жүргендер де — дәл солар! Сонда бұған да әдеби әдiс кiнәлi ме? Әлде ол тозды ма? Әлде оны өздерiнiң iшкi пиғылы, оңаза саяси мақсаты үшiн сан-саққа жүгiртiп, оның шын мағынасын өзгертiп, оны әр жаққа қарай бұрмалап жүргендер айыпты ма? Сонау 40-50-iншi жылдары сұрқай романдар жазған атақты С.Бабаевскиймен қатар М.Әуезов те “Абай жолының” ең алғашқы екi кiтабы үшiн Сталиннiң атындағы сыйлықты қанжығасына байлаған жоқ па едi? Кеңес заманында сыйлық алудан К.Симонов пен Ш.Айтматов “чемпион” атанды емес пе? Сонда бұл да “соц.реализмнiң” сұмпайы салдары ма?
 

Бiзде “лениниада” да дәл осындай хал кештi. Кезiнде Жамбыл, Нұрпейiстерден қалыспай жазушыларымыздың жарыса жамырасып өлең, дастандар жазғандықтарына бүгiнде бiздер куәмiз. Осы қолпаш тиыла бастаған кезде “күн көсем” жайлы Қ.Мырзалиевтiң “Данышпан”, М.Мақатаевтың “Ильич” дейтiн табаны күректей төрт поэма жазғандарына жол болсын? Сонда оларға да “соц.реализм” арнайы жаз деп бұйрық берген бе? Оны айтпағанда, сол тұстары жарық көрген өлең жинақтарында Ленин, партия жайлы бiрдi-екiлi жыр жүрмесе, намазымыз қаза кеткендей болатынымызға да әлгi әдiс себепшi ме? Жарайды, қысқа өлеңдi ескермей-ақ қоялық, оның жарасы жеңiл. Басқасын айтпағанда, “Қарағанды”, “Миллионер”, “Темiртау”, “Оянған өлке”, “Қазақ солдаты”, “Ботагөз”, “Мөлдiр махаббат”, “Ақ Жайық” т.б. деген үлкендi-кiшiлi, бүгiндерi ескiрген, күнi әлдеқашан-ақ өткен кiтаптарды жаздырған да осы әдiс пе? Әлде бұған реализм әдiсiн толық түрде меңгере алмай жатқандығымыз бiрден бiр себепшi емес пе?

Бүгiндерi “соц.реализмдi” халықтың өткен өмiрiне т.б. үңiлдiрмедi, тарих туралы жаздырмады т.б. деп айыптау модаға айналып кеттi. Ал мұның шындығы олай емес. Сонау қылышынан қан тамып тұрған Сталин заманында, 1942-iншi жылы “Бiрiншi Петр”, “Абай” дейтiн романдар дүниеге келген жоқ па едi? Тарихты мүлдем жауып тастаса, неге ол романдарға ең мәртебесi жоғары сыйлық берiлдi? Кейiнiнен I.Есенберлиннiң 70-iншi жылдары жазылған тарихи дүниелерiнiң жарық көруiне кiм кедергi келтiрдi? Олар сол кездiң өзiнде-ақ том-том боп шығып жатпады ма? Ендi аузымызға толық бостандық тигелi әр рудың бiр-бiр сойылсоғарларын тауып ап, оларды атақты батырлардың дәрәжәсына дейiн көтерiп, кебеже қарын кiтап жазып жатқандығымыз өскендiгiмiз бе? Онымыз шын көркемделген дүния болмай жатса да, “соц.реализмнiң” күнi бiткен шақта, ендi кiмге кiнә тағар екенбiз?
 

Сөз жоқ, “соц.реализмнiң” кезiнде мәртәбасы үстем әдеби әдiс ретiнде теориядағы кейбiр мәселелердi қасаң түсiнiкке айналдырып жiберген жерлерi де жоқ та емес. Соның салдарынан оның негiзгi қадау-қадау қағидалары әрi қарай дамымай қалды. Кеңес заманында жоғары оқу орындарында бiрден бiiр оқулық ретiнде оқытылған Л.Тимофеев пен бiздегi З.Қабдоловтың теориянамалары бұрынғы салған iзден бой асырып шыға алмады. Оларда тiптен осы әдiстiң ең негiзгi шарттарының өзi толық, дұрыс түрде кеңiнен түсiндiрiлген де жоқ. Соның бiрi, орысшалап айтсақ, “типизация”. Мұны қазақ әдебиетшiлерi “типтендiру” деп қолапайсыз түрде аударып, кеңiнен қолданып жүр. Осы “тип” деген сөздi 19-ыншы ғасырда Ф.Энгельс бiр жазушыға жолдаған хатында қолданып: “…типические характеры в типических обстоятельствах”, деп жазған едi. Мұны Кеңес әдебиетшiлерi “Құранның” сөзiндей көрiп, оны сан саққа жүгiртiп, әбден рәсуасын шығарды. Ал мұның түбiне үңiлсек, осы сөзде терең мағына жатыр. Ф.Энгельс бұ жерде белгiлi бiр қоғамға, қауымға, ортаға тән мiнез-құлқы бар кейiпкерлер туралы айтып отыр. Мәселен, өскен ортасы да, қоғамы да әр басқа француз бен қазақтың мiнез-құлқы, тұрмыс-тiршiлiгi, ететiн iс-әрекетi, ой-пiкiрi т.б. өзара ұқсамайды. Әдебиетте осы ерекшелiктер жойылып, құртылып, олар алынып тасталып, космополитизмге (жалпы адамизат дейтiн ұғым бұл емес! — Б.А.) ат басын тiреудiң, ұрынудың қажетi шамалы. Бұған “типизация” дейтiн түсiнiктiң де қарсы келер тұсы да нақ осы, бұл арада негiзгi гәп жалпылық емес, нақтылықта жатыр. Мұның бiрнеше мағынасы бар. Бiрi — әдеби кейiпкерлердi өзi өскен ортасына, қоғамына сай тән ету, тәндестiру. Екiншiсi — қай қоғамда да болатын кiсiлердiң неше алуан тобына сәйкес (тұрмыс-тiршiлiгi, iс-әрекетi, ой-пiкiрiнiң өресi, өрiсi т.б.) персонаждың жинақталған, синтезделген бiрегей тұлғасын, түрiн, типiн жасау. Және де шығармаға кездейсоқ нәрсенi емес, өмiрде, күнделiктi қоңыр тiршiлiкте жиi кездесетiн, болатын, болуға тиiс жәйттердi ғана өзек етiп алу. Мұның документализмге, фактографияға, өмiрдегi нәрсенi сол күйiнде түсiрiп қана алатын фотографияға, қала бердi Э.Золяның натурализмiне қарсы келетiн тұсы нақ осы. Мiне, бiз осы реализм әдiсiнiң ең басты шарттарын әдеби практикада қалай жүзеге асырып жүрмiз?
 

Осы арада әдебиетiмiздiң өткен жолына тағы да бiр үңiлгеннiң артықшылығы жоқ. Шындығына келгенде, бiзде Майлының Бейiмбетi бұл үрдiстi сонау 1920-30-ыншы жылдары-ақ қалыптастырып үлгерген де едi. Бiр қызығы, татар, башқұрт жазушыларынан, өзiмiздiң Алтынсарының Ыбырайының қысқа әңгiмелерiнен көп үйренген Биағаң да “реализм” дейтiн сөздi онша жақсы бiле қойған емес. Соған қарамастан, жаратылысынан үлкен суреткер, өмiрi жалғандыққа қарай аяқ баспайтын, халық өмiрiн бес саусағындай өте жақсы бiлетiн жазушы бiр де бiр әңгiме, хикая, романдарына қазақ халқына тән емес бiр де бiр эпизодты, бiр де бiр детальдi қосып көрген де жоқ. Оның Мырқымбайы, Арыстанбайдың Мұқышы, Раушаны, атақты Шұғасы, тiпте түнде қыз оятуға ебi де жоқ Құрымбайы сол дәуiрде жасаған қазақтардың ортасынан асқан қырағылықпен қанын сорғалатып суырып алынған нағыз “таныс битаныс”, бұрын-соңды қазақ әдебиетiнде кездеспеген тың, барынша көркемделген, өз жаратылысы, өз болмыстарымен көрiнген кейiпкерлер. Мұндай персонаждар Бейiмбеттiң шығармаларында өте көп, әрi олар бiр бiрiне мүлдем ұқсамайды, олардың киiм киiсi, сөйлейтiн сөзi, жүрiс-тұрысына т.б. дейiн бөлек-бөлек. Бұ жағынан алғанда Бейiмбет қазақтың қарасөзiнде өз замандастары түгел, өзiнен кейiнiрек шыққан жазушыларымыздың тобынан да өте оқшау тұр, сол себептi оны сол кезгi қазақ өмiрнiң шынайы түрде көркемделген жанды энциклопедиясын жасады деп айтуға толық хақымыз бар. Егерде Бейiмбеттiң барлық шығармасындағы осындай бояуы қанық, өзiне тән бет пiшiнi, әлпетi, мiнез-құлқы т.б. бар кейiпкерлердi құдiреттi бiр күшпен қайтадан тiрiлтiп әкеп, Алматыдағы атақты Көкбазарға әкеп кiргiзiп жiберсе, сөз жоқ, олар базар түгел, Алматының өзiне де сыя қоймас едi. Өкiнiшке орай, ұлы жазушының өмiрi ұзақ шығармаларының белгiлi бiр себептермен өз оқушысымен араға 20-30 жыл салып барып қауышқаны осы бiр өмiршең әдеби үрдiстiң келесi ұрпаққа кеп жалғасар сәтiн кейiнге қарай ысырып тастады. Соның салдарынан орыс әдебиетiнiң, сол арқылы Европа әдебиетiнiң ықпалына құлай берiлген кейбiр қазақ жазушыларының орысқолданып кетуi тездедi. Ол нәрсе бүгiнде де баршылық. Одан тыс, бiздiң соңғы 30-40 жылда әдебиетте бой көрсеткен жазушыларымыздың реализм мәселесi жөнiнде өте аз бiлетiндiктерi, тiпте ол жайында оқымайтындықтары, ол туралы мүлдем ойланбайтындықтары әдеби процеске бүгiнгi таңда да өз қырсығын тигiзiп отыр. Мен бұл арада қазақ халқының рухани өмiрiнде емес, тек әдебиетiмiздiң тарихында ғана қалған, күнi баяғыда-ақ өтiп, ескiрiп бiткен шығармалар жөнiнде сөз қозғамаймын. Мен реализм әдiсiнiң қазақ әдебиетiнде қалай жүзеге асқан, аспаған жағдайын, әсiресе, жас прозамыздың алғашқы апыл-тапыл қадам басқан кезiнде оған жоғарыдан зорлап таңылған “соц.реализмнiң” қалайша әсер еткенiн, ол әдiстi бiздiң қалайша доғалдандырып, белгiлi бiр дәрежеде оны үстiрттеу түсiнiп, сорпаның бетiне шығар қанды көбiктi сары майдың өзi деп ұққан бiр жәйтiмiздi, жалпы ол әдiстiң бiздiң әдебиетiмiзге тигiзген дұрыс, бұрыс ықпалын, ұнамды кейiпкер жасау керек дейтiн шарттың бiзде қалайша жүзеге асқандығын қазақ халқы аман-есен болса, әлi де талай ұрпақ оқып зерттейтiн “Абай жолы” мен “Қан мен тер” дейтiн атышулы романдарымызға, бүгiндерi талай елге белгiлi және де басқа iрi-iрi шығармаларымызға тоқталып тексермекпiн.
 

Бүгiндерi сонау “соц.реализм” әдiсiнiң теориясы жасалып, ол Кеңес әдебиетiнде алға апарар бiрден бiр сара жол деп түсiнiлiп, әсiресе, ұнамды кейiпкер жасауда П.Корчагин т.б. ғана үлгi ретiнде болған, осы шартты тарихи романдарға келгенде де қолдану керектiгiн, өткен заманды ақ пен қара дейтiн шартпенен, тап жауларының өзара бiтiспес күресi мен шайқасының тұрғысынан қарастырып, өткеннiң бәрi жаман т.б., тек бүгiн ғана “жарқын болашаққа жетiп отырмыз” деп, Отан соғысы кезiнде Сталин жауды жеңу үшiн әдейi үлкен саясат жасап, “ұлы орыс халқы” деп, оны басқа халықтардан үстем етiп, яғни олар — аға, қалған ел-жұрт одан үйренетiн шәкiрт бала т.б. сияқты етiп қойып, орыс халқын аса дәрiптеп, идеализация жасап, оны басқа елдерге бiрден бiр үлгi ретiнде ұсынып отырған қолайсыздау кезде жазылған “Абай жолы” романдар сериясы туралы қазақтың әдеби сынында қыруар материал жарияланып та үлгердi. Олардың iшiнде жақсысы да, талдауының тапшысы да, бiрыңғай сыпыра мақтауға толысы да баршылық. Осы кiтап жөнiнде кезiнде, 1953-iншi жылдың басында профессор М.Қабдуллин терiс пiкiр де айтқан-ды. Сол тұста осы кiтап жөнiнде басқаша пiкiр бiлдiргендер де кездескен-дi. Ендi бүгiндерi осы кезге дейiн көркемделген әдебиет саласында шыққан биiгiмiзден соларға қайтадан бiр көз салып, сол пiкiрлердiң барлығын қайтадан бiр қарастырып, зерттеп, оларды әдеби материалмен салыстыра отырып, барлығын қорытып, тың, жаңа пiкiр айту, басқаша айтсақ, “Абай жолын” қайтадан жаңа көзбен оқып, зерттеудiң қажеттiлiгi айқын сезiле бастады. Әрине, бұл — болашақтың шаруасы. Мен бұл жерде оның барлығын сөз етiп жатпаймын, тек романда Абай бейнесiнiң қалай, қандай шартпен сомдалғанына, оның айналасында болған кейбiр кiсiлердiң бейнелерiне ғана тоқталып өтпекпiн.
 

Сөз жоқ, ұлы шайыр Абайдың кәдiмгi қарапайым тiршiлiкте кiм болғаны, қандай болғаны, қалай тiршiлiк кешкенi, өмiрде де, өлеңде де қандай жолды ұстанғаны т.б. жайлы бүгiндерi екiнiң бiрi жақсы бiледi. Оған Абайдың өлеңдерi мен қарасөздерiнiң өзi-ақ толық мысал бола алады. Абай өлеңсөз бен өзiнiң қарасөзiнде өзiнiң адам, қоғам, заман жайлы не ойлайтынын, не деп толғанғанын, т.б. толық айтып, өзiнiң ой-пiкiрiн толық түрде оқушы жұртшылыққа жеткiзiп кеткен шайыр. Кезiнде Ю.Тыняновтың Пушкин туралы жазған “Кюхля” дейтiн романына айтқан сын пiкiрiнде, К.Чуковский әдебиетте өзiн өзi толық көрсетiп (“выразиться полностью”, — Б.А.) кеткен жазушылар жайында роман жазуға болмайды деген-дi. Бiздiң Абайымыз да өз шығармаларында өзiн өзi тереңiнен көрсетiп, өзiнiң ой-пiкiрiн, жан дүниясын т.б. толық ашып, оны поэзияда жерiне жеткiзе жүзеге асырып кеткен өте зор, бiрегей кiсi. Әрине, бұл арада кiм туралы жазам десе де, ол әркiмнiң өз еркi. Мен бұл жерде М.Әуезовке жөн-жоба көрсетiп, жол сiлтеуден мүлдем аулақпын, бұл арадағы мақсатым — әлгi реализмге хас шарттардың, соның iшiнде тәндестiру-типизация дейтiн шарттың қазақтың қарасөзiнде, соның iшiнде төрт кiтапты үлкен романда қалайша жүзеге асқан, аспағандығын мысал ретiнде келтiру ғана. Менiң бұл талабым бiреудiң еңбегiн мүлдем терiстеп, бекерге шығару емес, керiсiнше, әдеби тәжiрибемiздi бүгiнгi заманның деңгейiнен қайтадан бiр қарап, зерттеп байқасақ деген бiр шаруа. Осы жерде бiрден көзге түсетiн бiр нәрсе — осы романдар сериясының алғашқы екi кiтабын “Абай” деген атпен сонау Ұлы Отан соғысы жүрiп жатқан кезде жариялаған М.Әуезовтiң кейiнiнен оның қалған үшiншi және төртiншi кiтабын жазып, олардың басын бiрiктiрiп, төрт кiтап-тетралогия етiп жариялағанда, оларға “Абай жолы” деген ортақ ат бергенi. Бұл жерде ойланатын бiр жәйт бар. Сонда бұл ат “Абай жолы” болғанда, ол шайыр Абайдың жеке кiсi ретiнде өмiрдегi жүрiп өткен жолы ма, оның өмiрiнiң қарасөздегi баяны ма? Бұған сенейiн десең, әдеби материалдың негiзiн сараптап қарасаң, бұл Абайдың мына тiршiлiкте өзiнше салған жолы, мәзхабы дегенге қарай кiсiнi итермелей бередi, әдеби фактура соған қарай меңзейдi. Соны дәлелдегiсi келгендей, жазушы Абайдың айналасына талай-талай шәкiрттi әкеп қояды, олар Абайдан әдеби дәрiс алады, сол себептi Абай үлкен ұстаздың дәрәжәсына көтерiледi. Бұған менiң түк те қарсылығым жоқ, әдебиетiмiздiң тарихында Абайдан үлгi алған шайырлар баршылық. Бiрақ бұны Абайдың мына өмiрде, тiршiлiкте т. б. “салған жолы” деуге болмайды, ол үрдiс асып кеткенде қазақ әдебиетiнiң аясында ғана қалатын нәрсе. Одан тыс, қазақ әдебиетiнде “Абайдың салып кеткен жолы” бар деуге және ауыз бармайды, үйткенi бүгiндерi дәл Абайша өлең жазатын, соның үрдiсiн, әдеби әдiсiн т.б. ұстанып жүргендердi жоқ та деуге болады. Сонда салынған ол қандай жол? Әлде ол жол қазақтардың мына тiршiлiкте өзiн өзi қалай ұстауы, қалай тiршiлiк етiп, қалай жүрiп-тұруы, не туралы ойлауы т.б. жайлы салынған, исламдағыдай төрт мәзхабтың дәрәжәсына көтерiлген, күллi жiмлә халық сенiп ұстанатын сара жол ма? Бiрақ мұндай сөздi “Алланың өзi де рас, сөзi де рас” деп терең ойға толы өлең жазған Абайдың өзi мүлдем айтқан да емес, керiсiнше ол елдi мұсылманның жоралғысын ұстануға, “Құранның” негiзгi шарттарын дұрыстап, тереңiнен түсiнуге шақырған, халықты, елдi соған қарай үгiттеген. Ол бiздiң ең алғашқы эссемiз деуге әбден болатын өзiнiң атақты “Қарасөздерiнде” де осы бағытынан таймайды. Одан да, Абайдың өз өлеңдерiнен де елге, жалпы қазақ қауымына рухани басшы, елдiң ұстазы т.б. болам деген ой онша сезiле қоймайды, керiсiнше, ол исламның негiзгi ұстындарын түсiндiруге қам жасаған өте бiлiмдi тәпсiршi ретiнде көрiнедi. Ал тәпсiр — мәзхаб емес. Және де Абай өзiн өзi ұлықтаған кiсi де емес, ол барынша жоғары мәдәниятты, барынша кiшiпейiл, барынша терең ойшыл ұлы шайыр! Ол еш уақытта, қазақ халқын iшiнен жақсы көре отырып, олар жақсы болсыншы деп, кейде елдiң терiс мiнез-құлқын т.б. қаттырақ сынап жатса да, өзiн өзi ел-жұрттан, қауымынан, тайпасынан жырақ, биiк ұстап көрген адам емес. Оның ұлылығы да дәл осында жатыр! Сол себептi болар, ол өзiнiң кәдiмгi өзiмiз сықылды екi аяқты, екi қолы, бiр басы бар қарапайым адам екендiгiн еш уақта ұмытпайды. Ол өз өлеңдерiнде де, кәзiр бiзде екiнiң бiрiнiң “мен ұлымын, данышпанмын, кемеңгермiн, талантпын, қажам жұртынан сендерге пiр болам деп келген ғайып ирен қырық шiлтенмiн, қлықбек Тарағайдың дәрәжәсындағы ұлық бекпiн, ұлы ғалым Эйнштейнге есе бермейтiн қарны қабақтай, бетi шарық табақтай ғалыммын!” деп өз төсiн өз қолымен аямай сабалап жүргенiндей, жәй тiршiлiкте де ондай ерсi мiнез көрсетiп көрген кiсi емес, керiсiнше, ол өзiнiң қазақ қауымының iшiнде тiрлiк етiп жүрген, басқалармен терезесi тең мүшесi екендiгiн еш уақытта есiнен шығармаған. Бұған оның өлеңдерi толық дәлел бола алады. Абай туралы шығарма жазғанда, тәндестiруге келгенде, мiне, осыны есте берiк сақтау қажет-ақ! Мұны өзiнiң шығармаларында Абай бiзге қайта-қайта ескерте беретiн сықылды. Ол өзi жайлы жазған бiр өлеңiнде: “Мен де адаммын жаралған сүйек, еттен”, — деп ашық жазады. Бұл арада қалың қазақтың кемшiлiгiн көре бiлген шайыр өз мiнiн де жасырып отырған жоқ. Осы жерде Ә.Әбiшевтiң “Абай” атты романның жарыққа шығуы турасында жазған жаднамасындағы бiр жағдай еске түсе бередi. Оның жазуынша, әуелгi баста романдағы Әйгерiм бейнесi бүгiнгi бiз оқып жүргендей емес екен, оны осылай ет деп кеңес берген сол кездерi кiтап шығару iсiнiң бастығы боп тұрған, өз шығармаларында романтизмi басым Ғ.Мүсiрепов екен. Бұған алғашқы кезде тарихи шындықты бұрмалауға болмайды деп М.Әуезов көнбей қойыпты, бiрақ аздан соң, оны, Әйгерiмнiң бейнесiн, үлкен бастықтың айтқаны бойынша өзгертпесе, кiтаптың жарық көруiнiң қиыншылығын, тiпте мүмкiн еместiгiн ойласа керек, жазушы Шүкiман-Әйгерiм бейнесiн бұрынғы рас, ақиқат қалпынан мүлдем өзгертiп жiберiптi. Соның себебiнен романда Абайдың ең жақсы көрген кiшi әйелi Еркежанның тұлғасы солғын тартып сала берiптi. Ал, бұл тарихи роман жазып отырғанда өмiрде болған кiсiлердiң шынайы бейнесiн қолдан өзгерткендiк боп есептеледi. Әрине, бұл арада қиын кезде роман жазған М.Әуезовтiң жағдайын түсiну де керек. Дегенмен де шындық әр заманда болатын әлгiндей қысымды, қысылтаяңды ескере де, оны есепке ала да бермейдi. Бұл жерде Абайдың өзi аса шыншыл, расшыл. Ол өзiнiң ең бiр күйзелiп жүрген тұсында, iшкi сырын оқушы жұртшылықтан жасырмай:

 

Қатыныңның ойнасын,

көрсең, бiлсең қоймасын,

не ойлар едiң, өз басың.

Сонымен тең бiз де ендi, —

 

деп қатты толғанып, ақтарып салған да едi (Шығармалары, Алматы, 1961 жыл, 167 б.). Бұл, шын мәнiнде, үлкен драма, ұлы шайырдың жанына қатты жара салған өте қолайсыз жағдай болатын. Ендi соған көздi жұма қарап, Әйгерiмдi соншама идеализация жасап, асқақтата көтеру шындыққа сая бермейдi. Мiне, осындай тарихта болған кiсiлердi бар артықшылығы, кемшiлiгiмен “көркемдеп”, “әдебилеп” кейiпкер ету — қиынның қиыны. Осы тұрғыдан тексерiп қарағанда, Абай романда мүлдем “көркемделiп”, “әдебиленiп” кеткен, оның образында идеализация басым. Ол әрi-берiден соң елдiң “рухани көсемiне” айналып кетуге шақ қалады. Оның бiр де бiр кемшiлiгi жоқ. Оның үстiне Абайдың әкесi Құнанбайға қарсы шығуы — сол кездегi қазақ қауымына мүлдем тән емес нәрсе, ол басқа бiр әдеби үрдiстiң қолайсыз әсерi, ашығын айтсақ, Ф.Достоевскийдiң “Ағайынды Карамазовтар” романындағы 19-ыншы ғасырда жасаған орыс халқына онша тән емес, Батыс Европа әдебиетiнен алынған, орыстарға сырттан зорлап таңылған бiр өрескел жағдайдың тигiзген терiс салқыны. Абайға қарағанда, романда Құнанбай мүлдем жанды, iс-әрекетi, ой-түсiнiгi өз ортасына тән персонаж болып шыққан. Және бiр айтары, осы романдағы әйел бейнелерiнiң бәрi де әсем, сұлу боп келедi. Оларда қолдан әсемдеу, ажарлау, күнi әлдеқашан өткен ескi романтизмге тән асқақтата жырлау, жалпы поэтизация басым. Сол себептi романды оқып отырғанда, И.Тургеневтiң французданған кейiпкерлерi көп жерде еске түсiп отырады. Ал бiз бiлетiн тарихи Абайдың ұлы тұлғасы мұндай бiр жақты етiп көрсетуге, бiр бояуға мүлдем көнбейдi, оның палитрасы өте әр түрлi. Ол жалпы өте күрделi кiсi. Мiне, осы романдар сериясында “мыңмен жалғыз алысқан” ұлы Абайдың кәдiмгi тiршiлiкте болған өзiнiң шынайы бейнесi, күрделi тұлғасы күрделi түрде алына қоймағандықтан, ол көп ретте бiр ыңғайда, тек қана жақсы жағынан көрiнедi. Ал бұл күрделi кейiпкердiң салмағын көп ретте жеңiлдетiп сала бередi.
 
Мұндай жәйт, ашығын айтсақ, “соц.реализмнiң” сол кездерi бұлжымас канонына айналып кеткен шарттары қатты еске алынып, одан аздап болса да қиястап шығуға батпай, көбiне орыс әдебиетiнде бар әдеби тәжiрибелердi бiрден бiр үлгi ретiнде ұстана отырып жазылған “Қан мен терде” де жетерлiк. Ең бастысы, Тәңiрберген мен Еламанның арасындағы айтыс-тартыстың негiзi әлсiз, ол тiпте онша анық та емес. Егер ол екеуi Ақбалаға таласып, бет жыртысып, жүз көрiспей кетсе, бiр сәрi. Романда ол желi мүлдем солғын түрде берiлген, — онда бар-жоғы Тәңiрбергеннiң оң жақта отырған Ақбаламен армансыз ойнап-күлгендiгi, т.б. туралы сөз арасында ғана айтылады да қояды. Бұл, былайша қарағанда, үлкен сүйпiспеншiлiк емес, бай мырзасының жәй ғана жастық шақта жасаған жiгiтшiлiгi сықылды боп көрiнедi. Бiр таңғаларлығы, Еламан соны бiле тұра Ақбаланы қатындыққа алады. Кiсiнiң одан да таңғаларлығы, Тәңiрбергеннiң өзiне нәпсiсiне тоят табу үшiн ғана келiп жүргенiн iштей сезетiн Ақбаланың Еламан қара жұмысқа алынып, әскерде жүргенде… бай мырзасына еш ойланбастан, ертең мұным қалай болар екен деп толғанып жатпастан, мырзаға бiрден тие салатындығы. Ең бастысы, осы арада Тәңiрберген — Ақбала — Еламан дейтiн үшбұрыштың өзара ара қатысы, iшкi қайшылығы, бiр бiрiне деген қыжылы, бiр бiрiмен тартысы т.б. өте солғын шыққан, тiпте оларды осындай үшбұрыш деуге де болмайды. Бұл арада М.Шолоховтың “Тынық Донындағы” Степан — Аксинья — Григорий дейтiн өзара тартысы, қайшылығы солғындау жасалған үшбұрышы ерiксiз еске түсе бередi. Оларды өзара салыстырып қарағанда, осы кейiпкерлердiң арасындағы өзара ұқсастықтың барлығын анық көруге болады. Мәселен, “Тынық Дондағы” Аксинья Степанға бүлiнiп кеп байға тисе, “Қан мен терде” де Ақбала оң жақта отырғанында Тәңiрбергенмен армансыз күлiп-ойнап т.б. барып, Еламанға күйеуге шығады. Аксинья Григорий соғысқа кеткенде, баласы өлiп, ақыры Е.Листницкийдiң астына жата кетсе, Ақбала да Еламан соғысқа кеткен кезде, жаңа туған баласын былай қоя сап, түнде қойнына келген Тәңiрбергеннiң астына жата кетедi. Соғыстан аман-есен қайтқан Григорий Аксиньядан ажырасып, өзiнiң ажарсыз әйелiмен қайтып қосылса, соғыстан аман-есен қайтқан Еламан да Ақбаладан ажырасып, ендi ажарсыздау Кенжекеймен бас қосу жайын ойлайды, т.б. Мұндай өзара ұқсас нәрселердi осы романнан таба беруге болады. Бұ жерде қадап айтар басты нәрсе — трилогиядағы Еламан мен Тәңiрбергеннiң арасындағы негiзгi тартыстың әлсiздiгi, оның себебiнiң терең еместiгi, тiпте жоқтығы. Жазушы соны сезсе керек, осы тартыстың негiзiн баяғы бай мен кедейдiң арасында болатын, болуға тиiс деп түсiнiлген, негiзiнен Батыс Европа елдерiнде болған, әлi де тайпа-тайпа, аталас ру-ру болып көшiп-қонып жүрген, “у iшсең- руыңмендi” ұстанған, өзара әлi жiктелмеген, бөлiнбеген, төңкерiске дейiн алғашқы “социализм” деңгейiндегi қауымда тiрлiк етiп келген қазақтарға мүлдем тән емес, оған табиғаты мүлдем жат баяғы “тап тартысы” дейтiн бiр жақты түсiнiкке әкеп тiреуге ыңғай жасайды, бiрақ ол жасанды “тартыс” та кiтапта анық көрiнбейдi. Мiне, жазушы осылайша қолдан жасалған “конфликтiге” зорлап кiргiзiп жiберiлген, жарамды ат мiнiп, шалқақтап жүрген Тәңiрбергеннiң жертөле қазып, жатақ боп қалған балықшылардан неге қорқатыны (орыс романдарындағы фабриканттардың жұмысшылардан қорқатыны сықылды, — Б.А.) мүлдем түсiнiксiз. Көшпендi елдiң түсiнiгiнше, жатақ болудан асқан қорлық жоқ. Қайта бұ жерде Тәңiрберген оларға менсiнбей қарауға, оларды келемеждеуге тиiс. Бұдан тыс, — бай мен кедейдiң арасындағы өкпе-араздық, қыжыл қазақ қауымына сырттан таңылған “тап тартысы“ дейтiн жалған теорияға қарай иiлiп кеткен. Ал шындығына келсек, қазақтағы жер мен жесiр дауы тайпа мен ру-рудың арасында болған. Арал, Шалқар төңiрегiнiң елi де бұдан еш уақта тыс қалған емес. Романда ең негiзгi конфликт туындайтын осы ру мәселесi мүлдем жоқ, ондағы кейiпкерлер, құдды Европа романдарындағыдай, ата-тегi белгiсiз бiреулерге айналып кеткен.
 
Трилогияда ең мықты жасалынған деп жүрген Тәңiрберген бейнесiнiң де ақсайтын тұстары баршылық. Бiрiншiден, алды-артын алыстан болжап, жан-жағына сақ қарап отыратын Тәңiрбергеннiң Торшолақ баланың Алашорда туралы айтқан лепiрме сөзiне бiрден сене қап, оның рас-өтiрiгiн тексерiп жатпай, аяқ астында атқа мiнiп, ақтарға көмек бермек боп, бiр үйiр жылқысын айдай жөнелуi мүлдем сенiмсiз. Образдың қисынына сайсақ, бұл жерде малды Тәңiрбергеннiң өзi апарып беруге тиiс емес, керiсiнше ол тасада қап, жылқыны өз жiгiттерiне Торшолақ баланың өзiн басшы ғып айдатып жiбередi. Екiншiден, қызылдардың қолына түскен Тәңiрбергеннiң аман-есен қалуы да нанымсыз. Қырғын соғыс кезiнде, жан алысып, жан берiсiп жатқанда, қызылдар оны ертең соттаймыз деп түрмеге қамап жатпайды, оны бiрден “контра” деп, табан астында атады да тастайды. Ал оның киiмiн киiп, Еламанның ақтарға жансыз боп баруы — кәнiгi маман шпион, жансыздардың да қолынан бiрден келе беретiн iс емес. Бұл сосын А.Толстойдың “Азапты сапарда” дейтiн трилогиясындағы дәл осындай жәйттi еске түсiре бередi. Бұл жердегi автордың көздеп отырған әдеби мақсаты — Еламанды өзi бұрынырақта ломмен ұрып өлтiрген Федоровтың ақтар жағында соғысып жүрген офицер баласымен кездестiру ғана. Бiрақ сюжет қолдан иiлiп әкелiнгендiктен оқиғаның дамуы, өрбуi өз табиғилығынан айрылып қалған.
 
Романдағы кейiпкерлер картасының жасалуы да бiркелкi. Әлiби, Сүйеу, Мөңкелердiң ұлдары жоқ, кiлең қыздары бар, әрi бәрi де анадан жаңғыз. Романда олардың елi-жұрты, руы, ағайыны, қатынасатын кiсiлерi, т.б. мүлдем көрiнбейдi. Оны айтпағанда, ислам дiнiн баяғыдан бермен ұстанып келе жатқан Арал, Шалқар өңiрiнiң қазақтарының бейнелерiнен олардың мұсылман екендiктерi мүлдем сезiлмейдi. Олар қазақша ас қайыру дегендi де бiлмейдi, тамақ iшiп боп, бата да тiлеместен, “орысшылап”, орындарынан тұрып жүре бередi. Ал мұндай нәрсе Сыр бойында өте айып саналады. Ол өз алдына. Жазушы кiтаптың атындағы “қан” деген сөздi ақтау үшiн ешқандай да қажетi болып жатпаса да, кiсi “қанын” төге бередi. Мәселен, бiрiншi кiтаптың өзiнде он шақты кiсi өледi. Бiрақ оған қиналып жатқан ешкiм де көрiнбейдi. Тiпте Федоровты ашу үстiнде ұрып өлтiрiп, Шалқарға айдалып бара жатқан кезiнде өзiнiң осы iсi жайлы мұным қалай болды деп Еламанның өзi де бiр де бiр рет ойланып толғанбайды, ол жайында кейiндерi де бiр рет болса да есiне алмайды. Жазушы бұл жерде оның жан дүниясына үңiлiп жатпай, оқиғаны сырттай ғана, аса салқын түрде жазады. Жалпы Нұрпейiсовтың жазуында бiр салқындық бар.
 
Трилогияны оқып отырып, жазушыны елдiң жағдайын, үрдiсiн, салт-санасын, т.б. өте жақсы бiле бермейдi ме дейтiн кездерiң де болады. Мәселен, төрт қатын алам десе де толық хақы бар, оған мал-мүлкi артығымен жететiн Тәңiрбергеннiң Айғаншаға ен тағуы үшiн Ақбаланы қуып жiберуi кiсiнi әр түрлi ойға қалдырады. Шындығына келгенде, бұрынғы қазақта қатын жiберу, одан ажырасу деген мүлдем болмаған, тiптен ерi өлген әйелдi, “жесiр ерден кетсе де, елден кетпейдi” деген бұлжымайтын заң бойынша, басқа ешкiмге бермей, оны өзiнiң әмеңгерi қатындыққа алған. Бұл нәрсе кешеге дейiн қазақ арасында бұзылмай, сол қалпында жалғасып келдi. Ал бұл арада Тәңiрбергеннiң жағдайы мүлдем басқа, — ол тоқал алатын, алмайтындығын қатынмен ақылдасып жатпайды, өзi соған бел буады да, қалыңын баса берiп, жас иiстi ала салады. Ал бұл трилогияда мүлдем ескерiлмеген. Ол өз алдына. Жарайды, Тәңiрберген бұл арада осалдық жасасын-ақ делiк, бiрақ жас тоқал алу үшiн ол Ақбаланы неге қууға тиiс? Мырза үйтердей немене Ақбала ойнас жасап, оның көзiне шөп салды мА? Кiтапта ондай нәрсе атымен жоқ. Оны айтпағанда, өзi кешелерi Еламаннан тартып алған, өзiнен керiскiдей ұл тауып берiп отырған әйелiн Тәңiрбергеннiң еш себепсiз соншалықты қатыгездiкпен айдалаға қуып жiберуi өзiнiң абыройына нұқсан келтiретiн нәрсе деп ойламайтыны қалай? Қайта бұл жерде Тәңiрберген оны жеке ауыл етiп қойып, оның жанына жатпай, отауына қонбай, жас тоқалдың қасынан шықпай, мұқатып, қорлап бақпай ма? Бiрақ Тәңiрбергеннiң үйтетiндей Ақбаланың еш жазығы жоқ. Сонда бұл қайдан шыққан араздық, қайдан шыққан келiспестiк? Егер Ақбала бедеу боп, құрсақ көтермей қойса, болмаса бәйбiшемен келiсе алмай, ұрыс-керiс жасап, отбасының берекесiн алып, мырзаның ел iшiндегi абыройын төгiп бiтсе, — онда бiр сәрi. Бұл және жоқ. Жазушы осы жерде сюжеттi қолдан иiп, Ақбаланы Шалқарға әкеп, кейiнiнен оны Еламанмен кездестiру үшiн ғана жасап отыр. Осы арада Ақбаланың өзi өмiрi көрмеген Шалқар қаласына кете беруi де онша иландырмайды, мұндайда бұрынғы қазақ әйелi, қанша жақтырмаса да, өз төркiнiне, рулас, аталас жақын жуығын паналайды, iрә болмаса баласы жоқ бiр шалға тие салады. Мiне, осыны ескерместен, тiпте ертеңгi күнiм қалай болады-ау, т.б. деп ойланып та жатпастан Ақбала, шетелге сапар шеккен Анна Каренина құсап, Шалқарға… тарта бередi! Сүйтiп қолдан зорлықпен қалалық бола салған оның шиеттей бала-шағасы бар Әнуармен бас қоса салуы да, кейiнiнен асханада жұмыс iстеуi де, өзi бұрын-соңды көрiп, бiлмеген орыс әйелiмен бiрден түсiнiсiп, жұғысып кете қоюы да, т.б. бiр түрлi жалған болып сезiледi.

Үшiншi кiтапта да сарапқа салар жәйттер баршылық. Мұндағы мәселе — басқа ұлт өкiлi басқа ұлт өкiлiнiң образын жасай ала ма, жоқ па, — мiне, нақ осында жатыр. Өкiнiшке орай, бұл әлi толық зерттелiп болмаған, тiпте әлi зертелмеген де шаруа. Шындығына келгенде, басқа ұлт өкiлiнiң бейнесiн жасауға ол елдiң тұрмыс-тiршiлiгiн, әдет-ғұрпын, наным-сенiмiн, психологиясын, т.б. жақсы бiлу аздық етедi. Бұл жерде жазушы актер ретiнде бүткiл жан дүниясымен сол ұлт өкiлiне айналып кетуге тиiстi. Ал бұл өте қиын шаруа, тiптен ол мүмкiн де емес. Үшiншi кiтаптағы генерал Чернов тұлғасы осындай керағар ойға қалдырады.
 

Ә.Нұрпейiсов “Соңғы парыз” дейтiн романында өзiнiң бүгiнгi Сыр бойы қазақтарының тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын, олардың не ойлап, не қоятындығын, ауыз-екi сөйлеу тiлiн, Кеңес заманындағы өмiр шындығын шала бiлетiндiгiн, осы тұрғыдан алғанда үстiрттiгiн анық көрсеттi. Мен ол жөнiнде арнайы жазған мақаламда сөз еткендiктен, бұл жерде оған тоқталып жатпаймын, тек реализмге қатысты бiр-екi жәйттi ғана сөз етемiн. Бұл романда қалқоз бастығы Жәдiгер баяғы 30-ыншы жылғы басқармалар құсап балықшылармен бiрге балық аулап жүредi. Ал бұл 1970-80-iншi жылдардағы өмiр шындығына мүлдем сәйкес келмейдi. Бұл кездегi қалқоздың басқармалары қарапайым балықшымен бiрге балық ауламақ түгел, ханға да сәлем бермейтiн, олар көбiне аупарткомның бiрiншi хатшысымен жақсы болып ап, соған парасын бергiштеп, кейде ауаткомның председателiн де көзге iле қоймайтын. Мына романда ол жағдай мүлдем жоқ, жазушы көбiне өзi көрген сонау 30-ыншы жылдардағы жағдайды бүгiнге қарай қалай болса солай көшiре салған. Сол себептi романда Жәдiгердiң бейнесi өте солғын боп шыққан, бұл арада шынын айтсақ, өте болбыр, жоғарыдаағы басшылармен еш жұғыса алмайтын, оларға пара беруге жоқ Жәдiгердi кешегi Кеңес заманында ешкiм де бiр қалқозға дырдай басқарма етiп қоймайды, оны халыққа өтiрiк қолдатып (бұған да пара керек! — Б.А.) сайлаттырмайды. Сосын мұнда да Әзiм — Бәкизат — Жәдiгер дейтiн үшбұрыш “Қан мен тердегi” Еламан — Ақбала — Тәңiрберген дейтiн үшбұрыш сықылды қолдан жасалынған, көбiне соны қайталаған үшбұрыш боп шыққан. Бұл жерде кiсiнiң бiр түсiнбейтiнi, — Әзiммен ерлi-зайыптыдай боп жұрт көзiнше ашық жүрген Бәкизатты әлi әйел алып көрмеген, институт бiтiрген Жәдiгердiң еш ойланбастан ала салғандығы. Жәдiгер үйтiп сорлы күйге түсердей көзi соқыр ма, мұрны пұшық па, аяғы жоқ ақсақ па? Ау, ол деген институтты жаңада ғана бiтiрген, бар қуаты бойында жалын атып тұрған жас жiгiт емес пе? Ол елге кеп, қызмет атқарып жүргенде, оған кiм қызын бермейдi? Жәдiгер оның орнына Әзiм тастап кеткен, жұрт арасында абыройы айрандай төгiлген Бәкизатты ойланбастан ала салады. Оған Бәкизатты Әзiм құдды бiр затты қолына ұстатқандай бере салады. Кейiн Әзiм Бәкизатты Алматыға алып бара жатқанында, Жәдiгерге “өзiм бергенiмдi қайтып алдым” дейi. Ал бұл оқушыны еш сендiрмейдi. Бұл жерде қызметтен қанша қуылса да, академик Әзiм кеше өзi тастап кеткен, бүгiндерi қырықтан асып, сарытора боп қалған кәрi Бәкизатты ешуақытта алмайды және де оған бiр кездерi өзiн масқаралап тастап кеткен Бәкизат мекерлiгi ұстап, өмiрi тимейдi. Қайта оған қызметтен қуылған Әзiмнен гөрi бiр қалқозды ұстап отырған, қай курортқа барам десе де бетiнен қақпайтын жуас, аңқау Жәдiгер жақсы. Бәкизаттың әрi кеткенде Әзiммен қайтадан байланысуы мүмкiн, оған басын бәйгiге тiгiп, онымен қайтадан қосылам деуi мүлдем сендiрмейдi. Ондай қу қатын, керiсiнше, Жәдiгердi жылы сөзбен алдап қойып, жұртқа еш сездiрместен, суық жүрiсiн жалғастыра бередi. Ал бұл оның мiнез-құллқына өте сай келедi. Сонымен, бұл үшбұрыш та шынайы үшбұрыш болып шықпаған. Бұған ең алдымен жазушының бүгiнгi тiршiлiктiң жай-жапсарын, оның қуыс-қолтығын, қызмет бабындағы не бiр құйтұрқы жағдайларды, т.б. жақсы бiле бермейтiндiгi бiрден бiр кiнәлi, мұны басқаша айтсақ, ол күнделiктi тiршiлiктiң қаны сорғалаған шындығын тап басып ұстай алмай, бұрыннан әдебиетте бар ескi жолды таңдап, сол мәселенi қайтадан қарастырған боп, өмiрдiң расынан, ақиқатынан мүлдем алшақтап кеткен.
 

Мұның барлығы реализм әдiсiнiң негiзгi шарттарының бiздiң әдеби практикамызда жүзеге қалай асып, қалай аспай жатқандығынан толық хабар бередi. Шындығына келгенде, белгiлi бiр қоғамға, өз заманына тән ой өрiсi, iс-әрекетi, наным-сенiмi бар әдеби кейiпкер жасау — талай мықтының да қолынан келе қоймаған шаруа. Соны ескере отырып, бiр кездерi орыстың озық ойлы әдебиетшiлерi Л.Толстойдың Андрей Болконскийi мен П.Безуховының ой өресiнiң олар өмiр сүрген замандағы оқыған-тоқыған кiсiлердiң ортақ дәрәжасынан мүлдем қатты өсiрiлiп кеткендiгi, жалпы 1812-ншi жылдары орыс қоғамында ондай кiсiлердiң бола қоймағандығы туралы ашық жазған да едi. Ондай нәрсе бiзде де жетерлiк. Мәселен, Т.Ахтанов Жазушылар Одағында болған бiр жиналыста өзiнiң “Ант” деген драмасында осы заманның толғақты шаруасын айту үшiн Әбiлқайыр ханды өз дәуiрiнiң аясынан суырып ап, оның ойлау жүйесiн бүгiнгiге қарай лайықтап, оның сол заманға сай өзiнiң табиғи қалпынан өсiрiп жiбергенiн айтқан да болатын. Бұл, әрине, амал жоқтың iсi. Өкiнiшке орай, бiздiң бүгiндерi қаптап кiтап боп шығып жатқан, аты — тарихи, заты тарихи емес шығармаларымызда Аристотель болуға аз-ақ қалып тұрған хан, би, батырлардың тұлғалары қаншама десеңшi! Бұл арада олардың үстерiне — фрак, бастарына — цилиндр кигiзiп, қолдарына шампан iштен фужер ұстату ғана жетiспей тұр!
 

Бұл арада және бiр айтар жәйт — Кеңес заманы кезiнде тарихымызды бiлейiк, т.б. дейтiн ұранның ауазасына жаппай ерген бiздiң жазушыларымыз бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiгiмiз, жағдайымыз т.б. туралы жазуды мүлдем ұмытып та кеткен едi. Олардың үйтуiне және бiр қатты әсер еткен нәрсе, бiздiң әдебиетiмiзде сонау 40-60-ыншы жылдары жазылған, соны жазған кiсiлердiң көздерiнiң тiрсiнде-ақ әдебиеттiң архивiне өтiп кеткен, ауыл шаруашылығы, өндiрiс, жұмысшы, т.б. дейтiн мода болған тақырыптарды саудаға сап, кезiнде кiтап боп шығып қалған, үстiрт, жалаң дүниелердiң әбден ескiргендiгi де едi. Содан бiздiң әдеби қауымның iшiнде бүгiнгi күннiң ең өзектi мәселелерiн қозғаған шығармаларды жазуға келгенде жасқаншақтық, батылсыздық, аса бiр салқындық, кежегесiнiң кейiн тарта беретiн бiр жәйтi пайда болды. Сол кездегi жазушыларымыз баяғы соғыс тұсына тап келген өздерiнiң балалық шағы жөнiнде әңгiме, хикая жазудан әрi аспай да қойды. Мiне, осы кезде, яғни 1960-ыншы жылдары, Т.Ахтанов өзiнiң “Дала сыры” деген хикаясын жазды. Ол бұл хикаясында шопандар өмiрi туралы жаза отырып, өндiрiс, ауыл шаруашылығына, т.б. арналған бұрынғы шығармалар салған сүрлеуден әдейi бас тартып, өз шығармасына, ең алдымен, адамның жеке тағдырын, онда осы кезге дейiн жазуға, айтуға болмайды деп есептелiнiп келген, кешегi сұрапыл соғыста немiстерге тұтқынға түскен кiсiнiң басынан кешкендерiн басты өзек етiп алды. Жазушы осы қойшы Қоспан мен аудан басшысы Қасболаттың ара қатынасы арқылы сол бiр кезеңнiң шындығын бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiмен ұштастыруға тырысты. Бұл, шын мәнiнде, сол кездерi жазушының жасаған өте батыл қадамы болатын. Ол жөнiнде Ә.Кекiлбаев: “Боранның” алғашқы нұсқасы өзi тектес Ш.Айтматовтың “Қош бол, Гүлсары”, Залыгин, Липатов, Абрамов шығармаларының қай-қайсысынан да бұрын шықты,”- деп жазған да едi ( “Дәуiрмен бетпе-бет”, Алматы, 1672 ж., 57 бет). Бұл рас сөз. Осы арада әдебиетте көптен берi қозғалмай, әлi мұрты шағылмай жатқан, халыққа өте қажет тақырыптарды алғаш рет, асығыс түрде болса да батыл түрде көтеретiн, елдiң неге зәру боп отырғанын, өзектi мәселелердi алты қырдың астынан көрiп бiле қоятын, шын мәнiнде, көркемделген әдебиетте барлаушы қызметiн атқаратын елгезек жазушылардың болатынын ескере кеткен жөн. Қазақ әдебиетiнде, менiң бiлетiн сондай жазушым екеу ғана: олар — 1960-70-iншi жылдары тарихи және осы заманның зәру мәселелерiн көтерген I.Есенберлен мен Т. Ахтановтар. Әрине, бұл арада осы тiлге асығыс түрде тиек етiлген тақырыптарды кейiнiректе басқа бiр жазушылардың өз соқаларының түренiн тереңге жiберiп, мәселенi тұтастай, түгел түрде көтеретiнiн, оны әдебилеп “меңгеретiнiн” мүлдем естен шығаруға болмайды. Осы жағынан алғанда, Т.Ахтановтың “Дала сыры” сондай батыл қадам жасаған, алғашқы қарлығаштарымыздың бiрi. Өкiнiшке орай, қазақ жазушысының осындай батыл шығармасы басқа бiр қырағы көзге шалынып, ойламаған жерден қолды боп кете барды. Т.Ахтанов ендi амалсыздан әлгi бас-аяғы жұмыр боп келген хикаясына жаңадан “Боран” деген ат қойып, оған “роман” деген айдар тағып, оны жеке кiтап етiп шығарды. Бiрақ орыс тiлiне кешiрек аударылған бұл шығарма баяғы қолды боп кеткен, орысша жазылған нұсқадан Мәскеуде анағұрлым кеш шыққандықтан, орыс сыншыларына ол бар-жоғы қайталау сықылды боп әсер етiп, олардың назарын өзiне еш аудармай қойды, бiрақ, расын айтқанда, осы қойшы туралы алғаш рет кiтап жазған Т.Ахтанов болатын. Әрине, бұл кейiнiнен сөз бола жататын нәрсе, мен бұл арада осы заман туралы жазылған бұл шығарманың реализмге тығыз қатысы бар, ең бiр басты-басты деген тұстарына ғана тоқталамын.
 

Әдебиеттегi өз жолын әуел кезде өлеңнен, сонан соң сын мақал жазудан бастаған Т.Ахтановтың өз тұстастарына қарағанда замананың ең өзектi мәселелерiн тез, дұрыс көре бiлетiндiгiн бұл арада баса айта кеткен жөн. Оған, негiзiнен, Ахтановтың сыншылық қабiлетi зор көмек етсе керек. Сонау 50-iншi жылдардың аяғына таман, өзi қатысып, сол қанды қырғынды өз көзiмен көрген жазушы “Қаһарлы күндер” дейтiн алғашқы романын жазғаннан соң, ендi не туралы жазарын бiлмегендей, көпке дейiн үнсiз қалған едi. Бұндай жәйт “Курляндия” деген романын жазып, оны кiтап қып шығарған соң, Ә.Нұрпейiсовтiң басында да болған-ды. Бiрақ бұл жердегi айырмашылық сол, — Ә.НҮрпейiсов “Курляндияны” қайта жөндеп, оны “Күткен күн” деген атпен (аты орысша, — Б.А.) қайта бастырып шығарса, Т.Ахтанов “Қаһарлы күндерге” қайтып соқпай, бүгiнгi күннiң ең бiр өзектi мәселесiн қозғаған “Дала сыры” деген хикаясын жазды, ол қолды боп кеткен соң, жаазушы әлгi хикаяны қайта қарап, жөндеп, оның ауқымын кеңейтiп, оны “Боран” деген романға айналдырды. Менiң сөз етерiм де жазушының көзi тiрiсiнде жарық көрген осы романның ең соңғы нұсқасы ( Т.Ахтанов, Шығармаларының бес томдығы, Алматы, 1983 жыл, 2 том). Осы арада және бiр ескертерiм — мен осы роман жөнiнде басқа бiр мақаламда толық, жан-жақты талдап кеңiрек сөз еткендiктен, бұл жерде оған “соц.реализм” әдiсiнiң қандай ықпал жасағандығы т.б. туралы ғана айтпақшымын.
 

Жалпы осы романды оқып отырғанда, бiрден аңғарылатын қызық жәйт — оның өне бойында сыншы Ахтанов пен суреткер Ахтановтың үнемi бой көрсетiп, бiрiн бiрi жөндеп, толықтырып, түзеп, бiр бiрiне жол сiлтеп, бiрiнiң сөзiн екiншiсiнiң қоштап отыратын бiр қалпының үнемi көрiне беретiндiгi. Сол себептi Ахтановтың өз романында сомдаған кейiпкерлерiнiң iшкi сырын ашар кiлтiн табу, оның iшкi қисынын анық аңғару, оларды түсiндiрiп талдау (жалпы расшифровкасы, — Б.А.) онша қиындыққа түспейдi. Кейде жазушының өзi, орта мектепте әлi ештеменi түсiнiп қарық қыла қоймаған бипарық балаларға сабақ берiп отырған мұғалiмше, “менiң мына айтқанымды былай түсiну керек”, т.б. дегендей ыңғай көрсетiп, соған қарай оқушыны итермелеп те отырады. Соның салдарынан романда, көп ретте, суреткер Ахтановқа қарағанда, сыншы Ахтановтың жеңiп кете беретiн тұстары жиi кездесетiндiктен, жалпы шығарма аса салқын тартып, бiр түрлi шалажансар боп шыққан. Сол себептi бiз жазушының қозғап отырған мәселесiнiң дұрыстығын, оның бiздiң қауымға керектiгiн анық бiлемiз, Қоспан, Қасболат, Жаңылдардың т.б. бастарынан өткен не бiр хикметтермен танысамыз, жазушының ненi айыптап отырғанын айқын сеземiз, бiрақ шығарма бiздiң жанымызға онша әсер етпейдi, онда экспрессия аз, оны оқып шыққан соң, құдды эссе оқып шыққандай-ақ, бей-жай, самарқау бiр күйде қаламыз. Бұған ең басты себепшi — тағы да сыншы Ахтановтың суреткер Ахтановты көп жерде омақастырып кете бергендiгi. Мiне, осы сыншының қасиетi романның өне бойында әр нәрсенi қалт жiбермей, оны қырағы көзiмен қатал түрде қадағалап отырғандықтан, осы бақылаудан бiр түрлi қымсынғандай боп, Қоспан да, Жаңыл да, Қасболат та т.б. мiнезi шатақ, аса қатал мұғалiмнiң алдында математикадан емтихан тапсырып отырған сықылды, еркiн түрде қозғалып, еркiн түрде iс-әрекет етiп, еркiн түрде сөйлей де алмайды, олар әлденеден “жасқаншақтай” бередi. Ал бұл оқушыға бiр түрлi жасанды боп көрiнедi. Соның кесiрiнен өмiрдегi жағдайдың тереңде жатқан iшкi ағысына емiн-еркiн қойып кетпеген, соған батыл түрде ерiп, сонымен бiрге батыл түрде аға жөнелмеген, оның осы жолда кездесер не бiр иiрiмдерiне батып шықпаған кейiпкерлер өз табиғилығынан айрылып, бiр түрлi су сорған борықша ажарсыз, қуқыл тартып сала бергендей әсер қалдырады. Бұл кiтапта бәрi де қолмен қойғандай өте анық, бастапқы беттi оқығанда-ақ, осы оқиғаның қалай өрбiп, оның соңының қалай бiтететiн (Кеңес заманында трагедия болмайды деген түсiнiкпен! — Б.А.) алдын ала болжауға да болады. Мәселен, қорадағы шөбi азайып қалғасын, Қоспанның амалсыздан бiр отар қойды далаға айдап шыққан сәтiнен бастап-ақ аздан соң боран соғып, оның қоймен бiрге ығып кететiнi белгiлi болады. Оған жазушының өзi де Қоспанды бiр аптадай далада қоймен ығып жүруге қамданып шыққан едi деп оқушыны алдын ала дайындап алады. Бұл жердегi келiссiздiк, қой соңында он шақты жылдан астам уақыт бойы салпақтап жүрген, қойшы ретiнде тәжiрибесi де, көргенi де жетерлiк Қоспанның “бiр апта бойы қоймен бiрге ығуға” алдын ала дайындалып шыққаны. Әдетте, қорадағы шөп азая бастаса, оның таусылғанын күтпестен, ол кездiң шопандары күнде орталыққа қатынап жатқан кiсiлерден не болмаса рация арқылы қалқоздың басқармасына өз жағдайын жеткiзедi. Сосын о кездiң шопандары шөп азайды деп, малмен бiрге ығып жүрмейдi, олар күндiз қойды жақын маңдағы өрiске шығарып, қары жұқа жерлерге бiр мезгiл жаяды да, күннiң қасы мен қабағына қарай отырып, оны кешке жақын қораға әкеп қамайды. Ол кезде де, бұрындары да қойшының қоймен бiрге ығып кетуi (қой жылқы емес қой! — Б.А.) өте сирек кездесетiн жағдай. Оны айтпағанда, Кеңес заманында әлгiндей тосын оқиға бола қалса, қоймен бiрге ығып кеткен қойшыны бүткiл аудан аяғынан тiк тұрып, вертолетiн ұшырып, трактормен қарды күреп, жол аша отырып, машиналарын тыным таптырмай қуалап, жан ұшырып iздейдi, себебi ертең қайғылы жағдай бола қалса, ондайда қалқоздың басқармасы түгел, аупарткомның бiрiншi хатшысының өз орнында қалу, қалмауы неғайбыл нәрсе. Ал романда мұның бiрi де жоқ, аудан басшысы, Қоспанның досы Қасболат осы жайлы естiген бойда, өз үйiнде ырғалып-жырғалып отырып, далада қоймен бiрге ығып кеткен Қоспан, өз әйелi Сәбирамен қалай қосылғандығы, одан суынып, бiр кездерi нақсүйер ойнасы Шәрипамен қалай табысып, одан қалай ажырасқандығы, т.б. туралы ойға батады. Оны кешегi қанды қырғын соғыста қан майданда бiрге болған досы Қоспанның тағдыры, оның далада үсiп өлiп қалуының мүмкiндiгi, т.б. мүлдем толғандырмайды, ол бар-жоғы бiрнеше кiсiге телефон соғады да қояды, тiпте ол қалқоздың басқармасына телефон шалып, көмекке тез кiсi жiберiңдер деп те айтпайды. Сүйтiп отырып “досы” Қоспан туралы ұзақсонар бiр жаднамаға батады да кетедi. Ал қалқоздың басқармасы Құмар болса, ол Қасболаттан да өткен жаны ашымас самарқау бiреу, осы хабарды дер кезiнде естiсе де, оның пәруайы пәнсар, ол қойшыны iздестiруге кiсi жiберудiң орнына, орталыққа келген, Қоспанның көмекшiсi Қаламүшпен “шопандар бригадасы” жайлы “гәп” соғады, Қоспанды боран кезiнде үсiп өлiп қалар-ау, оған көмекке кiсi жiберу керек-ау, ертең сол үшiн аупарткомның бюросында жауап берем т.б. деген ой (бұл қалқоз басқармасының тiкелей мiндетi, — Б.А.) оның қаперiне де кiрмейдi. Ақыры бұл шаруаны, неге екенi белгiсiз, қартайған Мiнәйдар шал мен Қаламүш қана тындырады.
 
Жалпы Қоспанның қоймен бiрге ығып кеткен сәтiнен бастап, негiзгi желiнiң Қоспан, Жаңыл және Қасболат үшеуiнiң арасында өткенiн еске алып, олардың ойланып-толғанып, содан түйiн түйсек деген талаптары арқылы өрбитiнi айқын аңғарылады. Әрине, мұнда тұрған өрескел дәнеме де жоқ, олар өткенiн еске алсын, одан сабақ түйсiн, тек мәселе бұл арада сол ойлану-толғанудың мынадай қиын кезде қаншалықты табиғи, табиғи емес болып шыққан, шықпағанында, осы ойланудың орынды, орынсыз екендiгiнде жатыр. Жалпы кiсi шыбын жанын кәйтсем аман-есен алып қалам деп аласұрып жүрген кезiнде ешқандай да ойланбайды, оның үйтуге тiпте мұршасы да келмейдi, бұл арада оның санасын биологияға тән неше түрлi жабайы инстинкттер билеп кетедi. Ал бұл жағдай өлiм мен өмiрдiң арасындағы қыл көпiрде тұрған Қоспанның басында мүлдем жоқ, бар-жоғы бастауыш мектептiң көлемiнде сауаты бар ол университеттi аспирантурасымен қоса бiтiрген оқымыстыдай өте “мәдениеттi”, “түзу“ сөйлейдi, ол бораннан ыққан қойды қайыра алмай жүрген кезiнде, тым құрымаса, өзiне дер кезiнде шөп жеткiзiп бермеген, өзiнiң осы тартып отырған азабына бiрден бiр кiнәлi басқарма Құмарды әке-бабасынан бермен қарай бiр рет болса да боқтай да алмайды!? Оның әйелi Жаңыл да өзiнен өтедi, ол да сондай аса “мәдениеттiң, ол да ашуы келгенде қатыншылап қарғап-сiлей де алмайды. Бұл тағы да жазушының “соц.реализмнiң” қойған рамкасынан, шектеуiнен бой асырып шыға алмағандығын көрсетедi. Соның салдарынан Қоспан боранда үсiп өлмей, аман-есен қалады, оны Қаламүштер iздеп тауып алады, сүйтiп, бұл баяғы ескi қиссаларымыздағы қаһарманның “бай болып, мұрадына жеткен” бiр жағдайын еске сала бередi. Бұл өз алдына. Осы романда өзiнiң өлмей қалғандығына Қоспанның iштей болса да қуанған бiр сәтi де жоқ, ал бұл кез келген екi аяқты бәндәға өте тән нәрсе! Және бiр айтары, — үш-төрт күн бойы ойланып-толғанған Қоспанның өз тiршiлiгiнен қандай сабақ түйгенi, ендi қалайша, кәйтiп өмiр сүретiндiгi, т.б. онша анық емес. Сондай жәйт Қасболат пен Жаңылдың бастарында да бар, олар да белгiлi бiр түйiнге келе алмайды. Ал романның Қоспанды боранда қоймен бiрге ықтырып, оны төтенше бiр жағдайдың ортасына салып қойғандағы басты әдеби мақсаты да осы — өмiр туралы бiр қорытынды ойға келу емес пе? Мiне, шығармада осындай ең басты нәрсе анықталмаған.
 
Жалпы романның негiзгi желiсiнде де кiсi таңғаларлық нәрселер баршылық. Мәселен, Қоспан мен Қасболаттың “достығы” бiр түрлi, ол бiздiң достық туралы кәдiмгi ой-түсiнiгiмiздiң аясына сыя бермейтiн бiр нәрсе. Ол екеуi Достоевскийдiң әр түрлi полюстерде тұрса да бiр бiрiнен ажыраса алмайтын кейiпкерлерi сықылды бiр түрлi әсер қалдырады. Мәселен, өзiн бiр шайқастың кезiнде аз ғана солдатпен тосқауылға тастап кеткен (бұл соғыс жағдайында, жиi болатын нәрсе, — Б.А.), соның салдарынан немiстерге тұтқынға түскен, соның азабын бертiнiректе барынша тартқан Қоспанның кейiнiректе кешегi солдатының бұл арада еш жазығы жоқтығын айтып, НКВД өкiлiнiң көзiнше дұрыстап куә де бола алмаған Қасболатқа үйiне iздеп келгенде жайылып төсек бола қалуы кiсiнi онша сендiре қоймайды. Сосын тұтқыннан босанып келген Қоспанның, өзi сияқты басқалардың барлығы Сiбiр асып жатқанда, еш сотталмай қалғаны да кiсi түсiнбейтiн жағдай, оның себебi романда жоқ. Одан тыс, — тұтқында болғандығы үшiн заготконторадағы қарапайым жұмыстың өзiнен аласталған Қоспанға сонау 50-iншi жылдары 600 бас саулығы бар бiр отар қойды ешкiм де сенiп бере қоймайды, ол кездерi бұл тiпте мүмкiн де емес. Бұл арада Қасболат басшы беделiн салған күннiң өзiнде, оны әрi кеткенде аға шопанның көмекшiсi етiп қана алады. Бiрақ қара басының, өзiнiң амандығын ойлаған Қасболаттың бұл арада Қоспанға көмектесуi қоюы өте қиын.
 
Жалпы осы Қасболат пен Қоспанның арасындағы ренiш те, өкпе де мынадай романға негiз болатындай соншалықты iрi нәрсе емес. Мәселен, соғыс кезiнде рота командирi болған Қасболаттың ротадағы жүзге жуық солдатты кейiнгi отрядқа аман-есен жеткiзу үшiн адъютанты Қоспанды он шақты жауынгерге басшы ғып тосқауылға тастап кетуi шайқас кезiнде екiнiң бiрiнде бола беретiн жағдай, ол соншалықты кiсi айыптайтындай өрескел нәрсе де, сатқындық та емес. Бұл арада Қасболаттың жағдайын да түсiну қажет. Егерде ол сол шайқаста ротаны түгел қырып ап, Қоспан екеуi батальонға тiрi келсе, онда сол заманның әскери заңы бойынша оны трибуналға берiп, атады да тастайды. Ал ол әлгi тосқауылға Қоспанды басшы етiп тастамаса, онда оны ұлтшылдыққа салынды деп және айыптайды. Және бiр айтары, соғыс тарихын оқып отырсаң, ондай тосқауылда қалдырылған жауынгерлердiң барлығы бiрдей өле бермеген, олардың кейiнгi жаққа аман-есен қайтқан жағдайлары да жетерлiк. Бұл арада, егерде Қасболат пен Қоспанның арасында араздық, қысастық т.б. болса, соның себебiнен Қасболат Қоспанды тосқауылға әдейi тастап кетсе, онда шаруа басқаша. Жалпы романда осы тосқауыл жайы онша ашылып айтылмайды, өзiнiң тосқауылда қалдырғанына Қоспанның iштей болса да ренжiген бiр сәтi де жоқ, сонда кейiнiнен бейбiт кезде пайда болған бұ нағылған iшкi тартыс, қайдан шыққан драма? Шындығына келгенде, олардың арасында тартысатындай дәнеме де жоқ. Одан тыс, — Қасболаттың НКВД-ның өкiлiне оны тосқауылда қалғаннан кейiн көрген жоқпын дегенi және шындық. Бұл жерде Қасболаттың Қоспанды сатып кеткен дәнемесi де жоқ. Мiне, жазушы осы негiзi мықты емес екi жағдайды алады да, Қасболатты досын тосқауылға әдейi қалдырған етiп, оны кейiнiнен сатып кеткен бiреу ғып көрсетуге тырысып, осы жәйттi екi кейiпкердiң iшкi тартысына айналдырғысы келедi, бiрақ романда тартыс та, драма да атымен жоқ. Және бiр айтары, кейiнiнен бiр ауданда дырдай басшы боп жүрген Қасболаттың өзiн iштей онша жақсы көрмейтiн Қоспанға жиi барғыштауы, құдды өзi бiр нәрседен жазып қалғандай қайта-қайта қипақтай беруi, шынын айтқанда, оқушыны онша сендiре қоймайды. Ол көп болса, Қоспанның үйiне бiр барар, екi барар, оған қолынан келгенiнше көмектесер, бiрақ мынадай оған талақша жабыса қалуы сол кездегi басшы кiсiнiң мiнез-құлқына, түсiнiгiне сай келе бермейдi. Оның үстiне Қасболат Қоспанның өзiн iштей жақтырмайтынын сезедi, соған қарамастан оған бара беруiнiң себебi недеқ Әлде Қасболаттың бiр Үрлығы бар мақ Соны Қоспан бiле ме? Бұл одан қол үзсем, сонымды елге айтып қояр деп қорқа мақ Бiрақ ондай нәрсе романда жоқ. Сонда оның Қоспаанға жабыса беруiнiң сыры неде?
 
Жалпы осы Қасболаттың бейнесiнде қисынға келмес қайшылықтар баршылық. Мәселен, қызмет жағынан өсудi ғана көздеп жүрген оның өз әйелi мұғалiм Сәбирамен бiр салада қызмет iстейтiн Шәрипамен оп-оңай табыса кетуi, кейiнiнен одан босанып шыға алмауы, сол үшiн “жан азабын” кешуi оқушыны онша иландыра қоймайды. Бiрiншiден, ауданда басшы қызметте iстеп жүрген кiсi үйтiп суық жүрiс жасай қалса, онда Сталин заманында оның партиядан қуылып, орнынан айрылып, ит жеккенге айдалып кетуi сөз де емес. Соны бiлетұғын әккi Қасболат өмiрi үйтпейдi, ол әрi кеткенде, романдағыша күллi аудандағы елге жария етпей, еш сыбысын бiлдiрмей, Шәрипамен аз күн жасырын түрде ойнас жасайды да қояды. Ол өз алдына. Қасболаттың мұнысын бiлiп қалған Сәбира онымен еш ұрыспайды, ал онымен пәленбай жыл бойы ойнас жасап жүрсе де, бiр рет те бала көтермеген (?) Шәрипа болса, оны сыйлап, өз төсiне орысшалап “басын қойып” отырған Қасболатпен еш қиналмастан ажыраса салады. Ал Сәбира болса, оның күңi есептi, ол үй үшiн күтедi, оның тамағын пiсiрiп қояды, көйлек-көншегiн жуады және бiр қызығы, онысын сiдеттеп, Қасболатқа бiр ұрысып та көрмейдi. Бәрi шетiнен бiр “асыл туған бибәтималар”!
 
Мұндай келiспестiк Жаппасбайдың тұлғасында да баршылық. Жазушы оны бiрыңғай қара күйе жағып сомдаған. Оның сыртқы кескiн-келбетi де өзiнiң iстеп жүрген қолайсыз шаруасына сай ұсқынсыыз етiп берiлген. Ең бiр таңғаларлық жәйт, — Жаппасбайдың Қоспан соғыста жүргенде, оның үйiне кеп, Жаңылға “84 сигнал бердiм, менiмен ойнама” деп iшкi қоясын ақтаратындығы. Ал Жаппасбайдың өз бейнесiнiң қисыны бойынша, ол Жаңыл сықылды төмен етектi түгел, не бiр еркекпiн деп жүргендерге де үйтiп iшкi сырын айтпайды. Ол үйтiп аузына келгенiн айта беретiн болса, онда оның солайша шалқақтап жүруiнiң өзi кәдiк. Жалпы осы кiтаптағы кейiпкерлердiң денi осылайша бiр жақты етiп көрсетiлген, онда адамның болмысына тән шынайы күрделiлiк жоқ. Тiпте күрделi, әккi кейiпкер деп отырған Қасболаттың тұлғасы да, негiзiнен, осылайша бiр жақты етiп көрсетiлген. Қоспан болса, екi бастан. Ол бүткiл боранды, ол салған тауқыметтi басынан кешiрген үш-төрт түннiң iшiнде де бiр ойға табан тiрей алмайды, жазушы бұрынғы схемаға толы кiтаптардағы әсiреқызыл күрескер кейiпкерлердiң бейнесiн жасаудан қашам деп, екiншi бiр жақтылыққа — күресе де, тiресе де бiлмейтiн, тiпте жыны келгенде боқтап та жiбере алмайтын, бойкүйез, өзiн өзi iштен жеген, өзiмен өзi боп, томаға тұйық жатқан Қоспан бейнесiн жасаймын деп, әлгiге қарсы полюсте жатқан екiншi бiр бiржақтылыққа ұрынған. Кейiнiнен, осының әсерiнен, қазақ әдебиетiнде Қоспан сықылды белсендiлiгi кем, өз басын да пәледен арашалап ала алмайтын, бойкүйез, өзiн өзi iштен жеген, аз сөйлейтiн, тiпте сөйлемейтiн де мылқау, самарқау мiнездi кейiпкерлер көбейiп кеттi.
 

Осы жерде бiр айтар нәрсе, — Т.Ахтановтың осы романындағы негiзгi желi, сюжеттегi кейбiр жәйттер, композиция, үш кейiпкердiң кезекпе-кезек ойланып-толғануы, олардың өзара қарым-қатынасы, т.б. кейiнiнен Ә.Нұрпейiсовтiң “Соңғы парызына” сол күйiнде көше салғандығы. Мәселен, көп сөзге жоқ, бiр тоға, “ұзын қара” Қоспан ысқырған ақбасқын боранда қоймен бiрге ығып кетсе, көп сөзге жоқ, бiр тоға “ұзын қара” Жәдiгер де ысқырған ақбасқын боранда мұз үстiнде ығып кетедi. Ахтановта Қоспан, Қасболат, Жаңылдар жеке-жеке ойланып-толғанса, Нұрпейiсовте де Жәдiгер, Әзiм, Бәкизаттар жеке-жеке ойланып-толғанады. Ахтановта мансапқұмар, қу, әккi Қасболат өзi кеше сатып кеткен Қоспанды дос тұтса, НҮрпейiсовте де әккi, қу, мансапқұмар академик Әзiм өзi талай рет жерге отырғызып кеткен аңқау Жәдiгердi өзiне дос тұтады. Ахтановта Қасболат Шәрипамен ерлi-зайыптыдай жүрiп кеп, ақыры оны алмай, одан оп-оңай ажыраса қап, оны басқа бiреуге бере салса, Нұрпейiсовте де Әзiм Бәкизатпен ерлi-зайыптыдай жүрiп-жүрiп, ақыры оны алмай, одан оп-оңай ажыраса сап, оны Жәдiгерге “өткiзе” салады. Ахтановта түнде қойға қасқыр шапса, одан Қоспан қорғанса, Нұрпейiсовте де осы қасқыр сол күйiнде жүр. Ахтановта Қасболаттың әйелi оқыған-тоқыған Сәбира үй шаруасынан бой асырып көрмеген, тамақ пiсiруден, үйдi күтуден т.б. басқаны бiлмейтiн, тiптен ойнасқор күйеуiн ешкiмнен де қызғанбайтын, бар-жоғы күң сықылды бiреу болса, Нұрпейiсовте де Әзiмнiң әйелi оқыған-тоқығандығына қарамастан, үй күту, тамақ пiсiруден, т.б. бойы асып көрмеген, ойнас жасап жүрген күйеуiн еш қызғанбайтын, күң сықылды бiреу! Ахтановта арызқой, 37-iншi жылы талайдың үстiнен “сигнал” берген Жаппасбай дейтiн қу болса, ол Нұрпейiсовте арызқой, пәлеқор Сарышаяға айналып кете барған. Ахтановта Қоспанды iздеушiлер құтқарып қалса, бұл желi Нұрпейiсовте де сондай, тек бұл арадағы бiр айырмашылық — Ахтановта боранда Қоспан, Жаңыл, Қасболаттар түгелдей аман-есен қалады, ал Нұрпейiсовте боранда Әзiм, Бәкизаттар ғана аман-есен қап, басты кейiпкер Жәдiгер өледi.
 

Т.Ахтановтың осы романында кейiпкерлердiң картасы да бiркелкi етiп жасалынған. Мәселен, Қасболаттың әйелi Сәбира бiр бала туып қана қойса, Қоспанның әйелi Жаңыл да бiр баламен шектеледi. Романдағы екi қыз, екi ұлы бар Мiнайдар дейтiн шалдың отбасы да қызық. Оның Салихасы мен Уасиқасы байға тимеген кәрi қыздар, ал 30-дан асқан Қадыржаны мен 19-дағы Қаламүшi де әлi үйленбегендер. Ал Ұштаптың қызы Ибаш та оң жақта кәрi қыз боп өтпей көп отырған бiреу. Романда Ибаш үш бала тауып, күйеуi өлгесiн төркiнiне қайтып (?) келсе, Салиха көлденеңнен бала туып, ата-анасының үйiнде отыра бередi. Ал мұның екеуi де соғыс жылдары қазақ ортасында бола бермейтiн, өте сирек кездесетiн жағдай.

Жазушының өз кейiпкерлерiнiң кескiн-келбетiн суреттегенде де оларды соншалықты бiр бiрiнен алшақ етiп жеке-дара етiп көрсете алмағандығы бiрден көзге түседi. Мұндағы Қасболат та, шопыр Жұматай да, Сәден де, Мәжитов те, Торсан да кiлең “аласа бойлы, тапал” бiреулер. Ал Қоспан, Жаппасбай мен Жұматайлардың беттерi, неге екенi белгiсiз, үнемi “қара қошқылданып” тұрса, ауаткомның орынбасары мен Шәрипа “ат жақты” боп келедi. Жазушының негiзгi кейiпкерлерiнiң кескiн-келбетiн суреттеуi де қызық:

 

Қоспанның бейнесi:

 

“Ұзын бойлы, сүйектi(?) жiгiт. Сопақша бүйрек беттi(?), дүрдиген қалың ерiндi(?) қара”. “Түрi анандай(?) болғанмен… ұясынан томпайып(?) шығып тұрған дөңгелек(?) қой көзi… ” (20 б.) “Оқта-текте терiсi жұқа(?) томпақ(?) көзi мейiрленiп…” (21 б.). “Жауырыны күжiрейген(?) iрi денесi теңкиiп(?), Жаңылға қарай келе жатыр. Кәдiмгi түрi: ұрты солыңқыраған сопақша бүйрек бетi, қырау(?) шала бастаған қияқ(?) мұрты. Қарақошқыл(?) жүзiндегi туырылған(?) әжiмдерiне(?) дейiн ап-анық… төбесiнiң көк құйқасындағы екi қатпар қыртысы(?), самайындағы томпақ(?) сүйелiне(?) дейiн баттиып(?) тұр. Жас баланың жанарындай(?) бадырайтып(?) тұратын дөңгелек(?) көзiнде…” ( 24 б.). “…Қоспан ағасының бадырайған(?) томпақ(?) көзi үлкендеу де, шашын қиған(?) көк құйқалы(?) шекесi жалпақтау(?)” (120 б). “Қоспанның домбығып кеткен қара қошқыл(?) бетiне бейне көн қаптап(?) қойғандай… Тек суық сорған денесi азынап(?) барады… ” т.б.

 

Қасболаттың портретi:

 

“Аласа(?), төртпақ ширақ(?) денесiмен(?) машинадан жеңiл(?) ырғып түсiп… ” (7 б.). “Әжiмi тереңдеген(?) дөңгелек(?) ажарлы жүзiнде(?) нұр ойнап(?), ойлы көзi күлiмдеп… ” (7 б.). “Шау тартқан(?) денесiмен(?) бiрге(?) ойы да бей-жай күйге түсiп… ” (45 б.). “Қасболаттың жуан қоңыр даусы бейне саулық қойдың маңырағанындай(?) құлаққа жылы(?) тиедi“ (40 б.). “Бiр кезде бет бiтiмi шымыр(?), өткiр(?) жүздi, қағылез жiгiт едi… Қазiр толысқан денесi шау тарта(?) бастапты. Ет бiткен(?) өңi (?) де қалыңдап(?) самарқау тартқан(?)” (40 б.), т.б.

 

 

Басқарма Құмардың бет-әлпетi:

 

“Жалпиған жұмсақ(?) мұрыны бұлтиып(?) шыққан екi бетiнiң ортасына батып(?) кеткен. Үлкен(?) жалпақ(?) иегi iлгерi ұмсынып(?) тұр. Сарысу иленгендей(?) iсiнген қалың қабақтың(?) астындағы ұзынша сызықтан(?) кiшкене қара көзi жылтырайды“. “Құмар өзi еңгезердей болғанмен, даусы жiңiшке(?). Анау жуан мойынға жiп-жiңiшке өңеш(?) қондырып қойған(?) сияқты — құдды ешкiнiң маңырағанындай(?) даусы бiр түрлi шырылдап(?) шығады”…(68 б.).

 

Жұматай шопырдың кескiн-келбетi:

 

“Жұматай аласа(?) бойлы, жұмыр(?) қара. Қарақошқыл(?) қасқа басын кең(?) иығына мойынсыз қадап(?) қойған сияқты. Қимылы шымыр(?), жүргенде иығымен, тұқыл(?) шекесiмен (бұрын оның мүйiзi болған ба, — ?) бейне ауаны сүзiп(?) келе жатқан тәрiздi”. (44 б.).

 

Жаппасбайдың бейнесi:

 

“Бұрынғы етшең(?) денесi аздап шөгiп, мұртына ақ кiрiптi. Қалың қара қошқыл(?) бетiне де(?) iрi(?) сирек(?) әжiмдер(?) түсiптi”. (131 б.).

 

Ауаткомның орынбасарының ұсқыны:

 

“Ұзын етшең(?) мұрны(?) төмен қарай салбырай(?) бiткен, ат жақты қара сұр кiсi екен. Бет ұшында(?) бiр тал қылшық өскен бұршақтай қара сүйелi(?) бар. Бетi көк құйқаланып(?) тұр”. (134 б.).

 

Шәрипаның түр-түсi:

 

“Сұңғақ бойлы, ат жақты(?) қара торы қыз…(52 б.). “Терiсi жұқа(?) қара торы жүзi(?)… Шәрипаның осы сопақша(?) бiтiмiнде, жiңiшке(?) сұңғақ(?) тұлғасында(?)… Тiпте бет пiшiмiне үйлеспейтiн қалыңдау(?) дөңгелек(?) ернi құрғақ(?) болса да, бусанып(?)) тұратын сияқты…” (56 б.), т.б.

 

Мiне, осылайша шашырап жатқан “суреттеулер” мен қолайсыз “теңеулерден” кейiн, бiр бiрiне ұқсас жерлерi баршылық портреттерден кейiн қай кейiпкердiң де бет-әлпетiн оқушының өзiнiң көз алдына тұтастай келтiре қоюы қиын. Бұл арада жазушының оптиканың заңы бойынша, әр кiсiнiң көзiнiң өз жаратылысына сәйкес белгiлi бiр кiсiнiң түр-түсiн әр қырынан әр түрлi жақтан көретiн т.б. бiр заңын ескерiп отырғандығын айта кету керек. Осы 20-ыншы ғасырда оптикада ашылған жаңалықты қазақ прозасында Т.Ахтанов, шын мәнiнде, тұңғыш рет қолданып отыр. Бiрақ бұл мына романда кейiпкердiң кескiн-келбетiн тұтастай алып көрсетер кезде оған тән белгiлердi бiр жерде жинақтамай, оларды шашыратып жiберген, ал бұл оқушының сол тұлғаның бейнесiн көз алдына толық елестетуге өз зиянын тигiзедi. Оның үстiне осы портреттерде орысша ойланып құрылған сөйлемдер, фразалар баршылық. Жалпы Т.Ахтанов, өз ұстазы мен Ә.НҮрпейiсов сықылды, бiздегi ең бiр орысқол, басқаша айтсақ, орысша ойлап отырып, “қазақша” жазатын жазушыларымыздың бiрi. Сондықтан да болар, оның Қоспаны да, Қасболаты да, тiптен сауаты аз қазақы әйел Жаңыл да т.б. “орысша” iс-әрекет етiп, “орысша” сөйлейдi, мұны дәлдеп айтсақ, олардың iс-әрекетi де, сөйлейтiн сөздерi де мүлдем қазақша емес, олардан Ақтөбе төңiрегiн жайлайтын қазақтардың рухы да, исi де сезiлмейдi. Оған қоса елден ерте кетiп, соғысқа барып қайтқан, ауылдан ертерек қол үзiп кеткен, бүткiл өмiрi Алматыда өткен жазушының малдың жайын, қойшының тiршiлiгiн, жалпы сол кездегi басқару жүйесiнiң ерекшелiктерiн, Ақтөбе қазақтарының ауыз-екi сөйлеу тiлiн, т.б. өте жақсы бiле бермейтiндiгi мына романның әр бетiнен көрiнедi де тұрады. Одан тыс, жазушының жазуы мен жалпы стилiне орыс әдебиетiнде бар нұсқаларға, әсiресе, ондағы кейiпкердiң жан дүниясын жеткiзетiн, суреттейтiн, баяндайтын тұстарға, соған орай құрылған фразалар мен сөйлемдердiң конструкциясына, т.б. iштей соны басты нысана етiп ұстай отырып, соған алақтай беретiн бiр жайы да қатты әсер еткен. Соның салдарынан, басқаша айтсақ, орысша ойлай отырып “қазақша” жазуға тырысқандықтан, қазақ тiлiнiң синтаксисi орыс тiлiнiң синтаксисiне ерiксiз бағындырылып, әсiресе, орысшада бар көп орамдардың қазақшаға сол қалпында калька ретiнде аударылып қолданылғандығынан, Т.Ахтановтың таза қазақша ойланып құрылмаған сөйлемдерi қазақ халқының ойлау жүйесiне де, құлағына да бiр түрлi жат боп келедi. Одан тыс, — көп ретте суреткер Ахтановты сыншы Ахтановтың жеңiп кете беретiндiгi де, басқаша айтсақ, ақыл-ойдың сезiмге қарауыл қойып, оны өз уысынан шығармай ұстап тұруы да “Боранға” өз әсерiн тигiзбей қалмаған, сол себептi бұл шығармада жан жылуы, экспрессия аз, жазушының даусының әуезi, интонациясы салқын, кейiпкердiң мiнез-құлқын, жан дүниясын т.б. көрсетерде қолданылған ұтымды детальдар мен есте қалар эпизодтар өте аз, шығарманың композициясы, негiзiнен, өткендi еске алу шарты бойынша жасалынғандықтан, көп ретте, нақтылап табанды тiреп қойып суреттейтiн тұстарға қарағанда, жалпылама баяндау жағы басым түсiп жатады. Әрине, бұл арада прозадағы осы тәсiлдi (“сана-сезiм тасқынының” бiр түрi, — Б.А.) Т.Ахтановтың бiзде алғашқылардың бiрi боп қолданып отырғандығын ескерген де жөн. Оған қоса жазушы қаншама құтылғысы кеп олай-бұлай жалтарып бақса да, кейiпкерлердi сомдауға келгенде, негiзiнен, баяғы “соц.реализмнiң” Кеңес әдебиетiнде нормаға айналдырып жiберген шарттарынан толық құтыла алмаған. Бұл тағы да бiздiң жалпы реализм әдiсiн толық түрде меңгере алмай жүргенiмiзге бiрден бiр дәлел бола алады.
 

Бүгiнгi таңда осы реализм әдiсi, жазба әдебиетiнiң тарихы бiр ғасырдан аздап қана асатын бiздiң әдебиетiмiз түгел, жазу-сызуы баяғыдан бермен бар көптеген әлем елдерiнiң әдебиеттерiнде де әлi берiк қоныс теуiп үлгере қойған жоқ. Олардың жазушыларында да оңды-солды ауытқу көп. Бiзде де соның аздап болса да салқыны бар. Менiңше, негiзгi мәселе бұл арада жазушының барар өрiсiн шектеп қойған әдiсте емес, ең басты гәп оның таланты мен ойлау өрiсiнiң кеңдiгiнде жатыр. Бiз соны ескермей, әдебиеттегi жаңалықты тек қана неше түрлi әдеби тәсiл, форма, т.б. табу деп қана шектелiп, оны бiр жақты ұғынып, өзiмiздiң сәтсiз әдеби тәжiрибемiздi ақтау үшiн мазмұн мен форманың өзара диалектикасын бұзуға болмайды, т.б. деген “соц.реализмге” бар пәленi аудара саламыз. Ал ол әдiстiң негiзгi шарттарында форма жағынан iзденбе деген бiр де бiр сөз жоқ. Ол қайта форма мен мазмұнның бiте туа қайнасқанын қолдайды, бұл жерде әр түрлi стильге де жол ашық дейдi. Мiне, кезiнде осы “соцреализмнiң” мәселелерi жөнiнде сөз қозғаған, жалпы әдебиеттегi романтизм мен шарттылық жайында көп толғанған А.А.Фадеев: “Некоторые до сих пор считают, что социалистический реализм вовсе отрицает символику, условность, сказочность… Жизнь нашу и завтрашний день наш можно изображать и в форме, родственной с  классическим, реалистическим романом, то есть на бытовой основе, и в форме романтической, или сказочной, или условной, в общем, в любой форме, позволяющей видеть правду”, деп орынды жазған едi. Оның бұл пiкiрi В.Белинский, Н.Чернышевский және М.Горькийлердiң айтқан ой-пiкiрлерiмен тығыз ұштасып жатыр. Кезiнде олар да осы романтизм мен реализмнiң ара қатынасы, олардың өзара айырмашылығы туралы көп толғанған едi. Ендi солардан үзiндi келтiрейiн:

 

“Поэзия (сыншы мұны жалпы әдебиет мағынасында қолданып отыр, — Б.А.) двумя, способами объемлет мир и воспроизводит явления жизни. Эти способы противоположены (!) один другому, хотя ведут к одной цели. Поэт или пересоздает (!) жизнь по собственному идеалу, зависящему от образа его воззрения на вещи, от его отношения к миру, к веку и народу, в котором он живет, или воспроизводит (!) ее во всей ее наготе и истине, оставаясь верен всем подробностям, краскам и оттенкам ее действительности. Поэтому поэзию можно разделить на два, так сказать, отдела — на идеальную и реальную.

( В.Белинский)

 

“Воссоздание действительности в “формах самой жизни…

( Н.Чернышевский)

 

“Вымыслить, значит извлечь из суммы реально данного основной его смысл и воплотить в образ — так мы получим реализм. Но если к смыслу извлечений из реально данного добавить — домыслить, по логике гипотезы, — желаемое, возможное и этим еще дополнить образ, — получим тот романтизм, который… способствует возбуждению революционного отношения к действительности… ”

(М.Горький)

 

Мұнда әр түрлi термин жүйесiмен айтса да, үш кiсiнiң де айтып отырғандары бiр-ақ нәрсе: реализм күнделiктi тiршiлiктегi әр түрлi жағдайды ешқандай да бұрмаламай, боямай, сол рас қалпында алып, оны жазушының тiршiлiк, дүния т.б. туралы қалай ойлайтынына байланысты әдебилеп, қорытып, бiр тұжырымға кеп, бойында қаны бар, жаны бар кiсi бейнесiн жасайды; ал романтизм болса, осы бейнеге өз түсiнiгi, өмiр жайлы ой-пiкiрiне сәйкес, осы бейнеге тiршiлiкте солай болады-ау, болуға тиiс т.б. деп, өз қиялындағы ақиқатты нақтылы өмiрге сырттан әкеп таңып, күнделiктi күйбең тiршiлiктiң ауқымынан мүлдем ұзап шығып кетiп, кейде сол тiршiлiктiң қалпын астын үстiне келтiрiп, өзгерту керек деп, күнделiктi тiрлiкте онша көп кездесе бермейтiн, тiпте кездеспейтiн кiсiлердiң бейнесiн мүлдем “әдебилеп”, мүлдем “көркемдеп” жiберiп, өзiнше бiр тұрпаты бөлек тұлға жасайды. Мiне, романтизм мен реализмнiң өзара ажырасатын жерi осы, бiрақ олардың көздеген негiзгi мақсат-мүдделерi бiр! Осы жағдайды “соц.реализмнiң” теориясын жасағанда Кеңес әдебиетшiлерi қатты ескерiп, әсiресе, оның революцияның негiзгi талабына үн қосатын, мына тiршiлiктi өзгерту керек дейтiн тұжырымын алып, оны ұнамды кейiпкердiң тұлғасын жасауға пайдалану керек деп, ақ пен қара дейтiн бояудың шартын осы арада адам табиғатына сырттан таңып, күрделi де қыртысы қалың адамды (“адам аласы iшiндең дегендi ескермей, — Б.А.) жақсы мен жаман кiсi деп қолдан екiге бөлiп, соған арқа сүйей отырып, әдебиетке бiзде көпке дейiн үстемдiк алып келген ұнамды және ұнамсыз кейiпкер дейтiн түсiнiктi зорлап енгiздi. Ал тiршiлiкте кемшiлiгi жоқ кiсi болмайды, бұл жалпы адам жаратылысына, болмысына, оның диалектикасына қайшы келедi. Рас, “соц.реализмнiң” теорияшылары 1960-ыншы жылдардан бастап осы кәте тұжырымға аздап болса да түзету енгiздi, бiрақ бұл жерде физикадағы инерция заңы жеңiп кетiп, бiздiң жазушыларымыз ақ пен қара дейтiн шартпен, бiр жақты, схемаға сүйенген, ертең-ақ өтiп кететiн дүниелердi жазуын еш те тоқтатпады. Ал бұл көркемделген әдебиеттiң дамуына өте зор зиянын тигiздi. Бiз осындай бiржақты пiкiрдiң үстемдiк құрып тұрған кезiнде жазылған, нағыз “соц.реализмнiң” жемiсi деп айтуға боларлық романдарымыздағы басты-басты мiндi жоғарыда айтып та өттiк. Осыларды екшей, таразылай отырып, бiз көркемделген әдебиеттiң негiзгi мақсат-мүддесiнiң адамға шындықты, ақиқатты, тiрлiктiң бар расын айту, соны бейнелеп көрсету екендiгiне тағы да куә боламыз. Ал бұған, романтизмге қарағанда, сырттай көз салғанда жер бауырлап жатқандаай боп көрiнетiн, бiрақ оның да iшкi поэзиясы жетерлiк, материалды құр, бос қиялдан емес, керiсiнше, күнделiктi қарабайыр өмiрдiң тура өзiнен алатын ұлы реализм әдiсiнiң бiрден бiр қол екендiгiн, оның оңтайлылығын, әдеби тұрғыдан алғанда “бесаспаптығын” айқын сеземiз. Демек, бiздiң көркемделген әдебиетте мардымды ештеме тындырмағанымызға реализмнiң келтiрер кесiрi, үлкен талабымызға қол байлау болатын дәнемесi де жоқ екен! Бұған орыс әдебиетiнен мысалды көптеп келтiруге де болады. Мәселен, “соц.реализм” әдiсi партияның нұсқаған жолындай боп тұрған шақтың өзiнде-ақ 19-ыншы ғасырда жасаған жазушылардың үлгiсiнен жаңылып қалмаған орыс әдебиетiнде “Тынық Дон”, “Чевенгур”, “Мастер және Маргарита”, “Василий Теркин”, “Жұлдыз”, “Сталинград окоптарында”, т.б. тәрiздi мойны озық шығармалар жазылды. Рас, оларда да “Жас гвардия”, “Жолдағы айқас”, “Алтын жұлдызды жiгiт”, т.б. сықылды өткiншi дүниелер де болды, бiрақ орыс әдебиетiнiң ең жақсы жазушылары бұрынғылар салып кеткен сара жолдан еш ауытқыған емес. Демек, бұл жердегi басты гәп кезiнде әдебиетте үстемдiк құрған әдiсте емес екен, ол, негiзiнен, жазушының өз заманынан мойнын асыра алған, алмағанына байланысты шаруа екен. Бұл жағынан қарастырғанда, көп ретте қазақ әдебиетiнiң олқы түсiп жататын тұстары жетерлiк. Оған бiздiң, негiзiнен, реализм әдiсiн, — ол мейлi қауымның, қоғамдасқан немесе жекеменшiктi құдай тұтатын, капитал қожа болған елдiң ақиқаты, расы болсын, — бiздiң дұрыстап, тереңiнен түсiнбегенiмiз бiрден бiр кiнәлi екен. Соны ескере отырып, бүгiндерi осы әдiске басқа тұрғыдан, басқа бiр биiктен жаңаша көз тастаудың, оның негiзгi шарттарын жаңаша қисындаудың қажеттiгi анық сезiле бастады. Бұл шаруа бiздiң заман, қоғам және адам деген негiзгi үш мәселенi әр түрлi жақтан тереңiрек зерттеп, олардың өзара диалектикасын бұзбай, оны қолдан ажыратып жiлiктемей, сол тұтас қалпында ұғуға, түсiнуге қадам жасап, олардың сыр-сипатын тереңiрек бiле бастағанымызға тығыз байланысты. Ендi көркемделген әдебиетте бұрынғы эпостардағы Қобыланды мен Алпамыстардың орнына “ет пен сүйектен жаратылған” кәдiмгi қарапайым кiсiлер келе бастады. Және де олар бұрынғы қасаң түсiнiк бойынша “жағымды, жағымсыз” кейiпкерлер боп екiге бөлiнбейдi, адамға тән жақсы-жаман қасиеттер бiр кiсiнiң бойында өзара ию-қию араласып кеткендiктен, ендi олардың iстейтiн iс-әрекетi де, сөйлер сөзi де, жан дүниясы да, т.б. мүлдем күрделi, мүлдем терең. Соған орай әдебиетте жазу мәнерi де өзгерiп сала бердi, онда бүгiндерi бұрын сорпасы өзара онша қосыла бермейтiн әр түрлi стильдiң бiте қайнасып, жаңғырған түрi де жиi кездесетiн болды. Бұл арада, әсiресе, форма жағынан iздену, ескi үлгiнi жаңғыртып, “шаңын” қағып, өзiнiң әдеби мақсатына орай басқаша бiр қалыпта пайдалануға ұмтылу т.б. талабы да бой көрсеттi. Әрине, құр порманы өзгерту, оны барынша құлпырту, жалпы модернизация жасау, жалпы модернизм атаулы нәрселер көркемделген әдебиетте мардымды ештеңе де тындыра алған жоқ, олар белгiлi бiр кезеңдегi белгiлi бiр iзденiстiң тәжiрибеханасынан аса алған емес. Осы жерде маған, қаншама ескi үлгiнiң ауқымынан, оның салған сара жолынан бүйректен сирақ шығарғандай етiп былай қияс тартып шығып кетiп жатпаса да, қазақтың қарасөзiне белгiлi бiр қосылған үлес деп айтуға толық боларлық Қ.Ысқақовтың “Қоңыр күз едiсi”, С.Мұратбековтың “Жусан исi” және бiрнеше әңгiмесi, Ә.Таразидың “Құйрықты жұлдызы”, Н.Серәлиевтiң “Ыстық күлшесi” және басқа да әңгiме, хикаялары, Ә.Кекiлбаевтың “Құс қанатысы”, М.Мағауиннiң “Қара қызы” мен “Көк мұнары” қазақ әдебиетiндегi қасқа жолдың үстiмен, әрлi-берлi ауытқымай, табандары бiр аумай, алға қарай тура тартып келе жатқан қомақты шығармалардай боп көрiнедi. Бүгiндерi сол “алпысыншы” жылғылардан үлгi-өнеге алған, кәзiрде орта буынның санатына енiп үлгiрген кейбiр сақа жазушыларымыздың қызық-қызық iзденiстерi, олардың реализм әдiсiн шындап меңгере бастаған бiр жәйттерi көзге анық түседi. Дегенмен де, өкiнiшке орай, бiзде әлi де Достоевскийге дүмше шәкiрт боп, Айтматовтың әр адымын аңдып отырғандар жетерлiк. Олар өздерiнiң екiншi дәрәжәдағы қаламкештер екендiктерiне, өздерiнiң әдебиетте бұрыннан бар нәрселердi қайталап, оны әрi кеткенде жаңғырта жазып жүргендiктерiн сезбейтiндiктерiне қарамастан, алған атақтары мен кеуделерiне таққан шылдырмақтарына мәз болып, бүгiнгi таңда әдебиетте билiк құруға ұмтылып-ақ жүр. Бiрақ, қалай десең де, жалған атақ-даңқ та, алтын мен күмiс жалатқан шылдырмақтар да, шен мен лауазым да әдеби шығарманың шын бағасын берер кезде оған ешқандай да әсер ете алмайды. Мiне, осы жәйттi бiлсе де бiлмеген боп, жұртқа астамсына қарайтын, соңғы жылдары жазудан гөрi үлкен мiнберлерге шыға сап сөйлеуге құмартып кеткен кейбiр желбуаз жазушылар, өздерiнiң бұрыннан әдебиетте бар, әбден ит сiлiкпесi шығып тозған, күнi әлдеқашан-ақ өтiп кеткен тақырыптарды ала сап, бұрындары айтылған мәселелердi тағы да қайталап, өлi, шалажансар романның соңынан тағы да, түсiк тастаған әйелше, “шаласүйек”, әлi шемiршегi сүйекке айнала қоймаған шикi романдарды тоғыта жазып жүргендiктерiне қарамастан, өздерiнiң осы сәтсiздiктерiне бiрден бiр кiнәлi баяғы қасқамаңдай “соц.реализм” деп, оны баспасөзде көкесiн көзiне көрсете сыбап беруден әлге дейiн тайынбай-ақ жүр!
 

Мен бұл арада ондайлардың бәрiне бiрдей тоқталып жатпаймын, жалпы оның керегi де жоқ. Осы жерде бiр жәйтке ғана тоқталып өткелi отырмын. Соңғы кездерi бiзде: “Жазушылар өте көбейiп кеттi, Одаққа мүше болған 700-дей кiсiнiң бәрi бiрдей жазушы ма?”- т.б. деген әңгiме жиi айтылатын болып алды. Бұл арада бiр қызығы, — ондай әңгiменi өзi әлi де әдебиетте жарытып ештеме бiтiре қоймаған, бiрақ әдеби әкiмдердiң дәрәжәсына көтерiлiп алған, қолдарында кiмнiң кiтабын шығарам, кiмнiң кiтабын мақтаймын не даттаймын десе де еркi, үлкен билiгi бар дүмдiлердiң айтатындығы! Ол өз алдына. Бұл жерде жалпы көркемделген әдебиеттi қаншама мықты болса да бiр кiсiнiң жасамайтынын, оның сол кезге, сол заманына қарай өз әдеби қауымының болатындығын ескерсек, 7 миллиондай келетiн аса дарынды қазақ халқынан 700-дей жазушы шыға қалса, өз басым оны азсынған да болар едiм. Бiрақ еш уақта сапа дегендi ұмытуға болмайды, мiне, осы талаппен мен жақында Жазушылар Одағына мүше болған кiсiлердiң тiзiмiн тексере қарап шығып едiм, олардың жартысына жуығының жәй ғана қатардағы жорналшылар екендiгiне көзiм анық жеттi. Бұл жердегi гәп түсiнiктi: кешегi Кеңес заманында коммунашылдардың ресми идеологиясын қоштап насихаттауда зор қызмет атқарған, интеллигенция арасында атағы да, беделi де аса зор болған Жазушылар Одағына мүше боп кiргендер Одақтан соқыр тиын да төлеместен үй-жай алатын, ол мүшелiгi олардың кiтаптарын шығаруға септiгiн тигiзетiн, оған қоса олардың осы “жазушы” деген атағы олардың қызмет жағынан өсуiне де зор әсер ететiн. Мiне, осыны жақсы бiлiп алған, ешқандай да суреткерлiк қасиетi жоқ, кәдiмгi күрделi құрмалас сөйлемнiң өзiн күнi бойы күшенiп-тышанса да дұрыстап құра алмайтын кәнiгi қулар итшiлеп жүрiп, өздерiнiң кезiнде мерзiмдi баспасөзде жарияланған қарадүрсiн, қарапайым очерк, репортаж бен суреттемелерiн — олардың қыртысын жазып, “аяқ-қолын” созып, — әңгiмеге, одан әрi оны кiшiгiрiм хикаяға айналдырып, жоқтан-бардан құрастырып, қалыңдығы пышақ елi келер бiр-екi кiтапша шығарып алатын да, содан соң араға таныс-маныстарын салып, Жазушылар Одағына мүше боп шыға келетiн. Одан кейiн олар жарытып ештеме де жазбайтын, кiтап та шығармайтын, тiпте әдебиетке бастарын ауыртып та жатпайтын. Бiздегi 700-дей “жазушының” жартысынан астамы осындайлар. Және бiр қызығы, олардың денi — көркемделген әдебиетке өз билiгiн жүргiзуге хақысы бар деп үкiмет қолын қойып, мөрiн басқан қатырма қағазы бар, неше түрлi сыйлық пен шен-шекпендi жоқшылықтың зарын тартып, iшер асқа жарымай жүрген шын дарынды жазушыларға көшеде қаңғып жүрген пақырларға қайыр-садақа таратқандай ғып бөлiп бере алатын алпауыт, “қара қылды қақ жарған билер”, олардың “асқақтап” кеткен “арғылары” — дүңкiлдеген депутат, “бергiлерi” — белгiлi атақ-лауазымды әлден-ақ алып үлгерген, жылы-жұмсағы жетерлiк, ақшаны пiшендеп төлейтiн майлы орындардың, не бiр “қорлардың” басына қонып алған дырдай дүмдi бастықтар! Осылардың барлығын көздерiнен жiпке тiзiп жатудың өзi бүгiндерi… аса қауiптi. Сонда да олардың бiр-екеуiнiң аты-жөндерiн келтiре кетейiн. Мәселен, баяғыда “Лениншiл жас” дейтiн газетте қызмет iстеген, бiрi — комсомол, бiрi — мәдениет бөлiмдерiнде хат қорытып, елден келген хаттарға жауап жазып жүрген, бiрi жәй ғана макет сызуды кәсiп еткен, аракiдiк жазған қысқа, қарадүрсiн мақалаларының өзi газет бетiнде анда-санда ғана жарық көретiн, алып-жұлып бара жатқан ештемесi де жоқ, бар болғаны қатардағы қарапайым жорналшылар С.Әбдiрайiмов, Б.Бодаубаев, Қ.Қуанышқалиев, К.Ахметбеков, А.Сейдiмбековтердiң… кенеттен “жазушы” боп шыға келгендерiн көрiп, шыныменен таңғалғаннан ерiксiз аузыңды аңырайта ашып қаласың. Жарайды, олар мүше-ақ бола қойсын! Бiрақ олардың осы “мүшелiгiн” өз кiтаптарын жарыққа шығарып ақтауы керек қой! Өкiнiшке орай, ондай дәнеме де жоқ. Кәзiр Жазушылар Одағының абырой-беделiн әбден түсiрiп бiткен мұндай жалған “мүшелер” бiзде жыртылып айрылады. Бұл жерде олардың бәрiнiң тiзiмдерiн келтiрiп жатпай-ақ, бүгiндерi күнiне мыңдаған данамен шығатын екi бiрдей газетке екеуi де бiлдей редактор боп отырған Ж.Қорғасбеков пен М.Құлкеновтiң өздерiн-ақ алайықшы! Шындығына келгенде, мүше болғаннан кейiнгi екi арада қаншама уақыт өтсе де әдебиетте жарытып ештеме бiтiрмеген, тiпте әдебиетте жоқ деп батыл айтуға да боларлық, кезiнде “очерк-әңгiме”, “очерк-хикая” жазып, бiр-жар “кiтапша” шығарып, ойраны шыға бастаған Одаққа мүше бола сап, ешкiмнен де айбынбай, одыраңдап жүрген олардың бүгiндерi туф деген түкiрiктерi жерге де түспейдi, ол түкiрiк оларға қарсы шыққандардың беттерiне жебеше ысқырып ба-а-а-р-рып былш-ш-ш ете қалады!!! Кәзiр ысқырығы жер жарып тұрған олардың шындықты айтам деген кiсiнi, әсiресе, “сормаңдай” сыншыны, жерге киiз қазықша қағып жiберем десе, жалдайтын құлы да, жұмсайтын пұлы да артығымен жетедi. Қолында осындай билiгi бар кiсiнiң бiрi Б.Нұржекеевтiң әлгiлерден бiр айырмашылығы, — оның тыным таппай жаза беретiндiгi! Бүгiндерi дырдай “Жалын”дейтiн баспаны басқарып отырған, кезiнде баспалар жабылып жатқан уақытта, “iнiсi” үшiн жарғақ құлағы жастыққа тимей, екi өкпесiн қолына ала жүгiрiп жүрiп, жоғары жақты жағалап, не бiр кабинеттердiң табалдырығын тоздырып, осы кезде бiр кiтабында “рушылдықты насихаттады” деп айып тағылып, Орталық Комитеттiң нұсқауымен қызметтен қуылған, үйiнде “қатқан қара нан жеп отыр” деп, Б.Нұржекеевке арнап арнайы қаулымен балалар әдебиетiн шығаратын баспа аштыртқан “қамқор, тiлеулес” ағасы С.Бердiқұловтың өзiн… бiр құдiреттi күш ойламаған жерде солай қарай ысырып жiберген бойда-ақ, оның кабинетiнiң құлпын бұзып, есiгiн “отын етiп” тастай сап, оның жұмсақ креслосына қонжиып отырып алған соң әлгi “қамқор тiлеулес” ағасын қабылдамай қойған, бүгiндерi кiмнiң кiтәбын шығарам не шығармаймын десе де толық еркi бар, сол арқылы күллi қазақ әдебиетiне өз ықпалын барынша жүргiзiп отырған, Алматы түгел, күллi Үш Жүзге дәрпi шашылған белгiлi бастық Бексұлтан Нұржекевтiң әр кезде жарық көрген шығармаларын мен әр кездерi тиiп-қашып қана оқып жүретiнмiн. Ендi Кеңес билiгi құлаған кезде, өздерiн қазақтың марғасқасымын деп санайтын не бiр лауреат жазушылардың өздерi өз кiтаптарын мың түгел, жүз данамен шығара алмай жүргенде, оның 30 мың данамен (!) шығарған таңдамалы екi томдығын оқып шығып, әбден қайран қалып отырмын (“Жазушы” баспасы, 1993 жыл). Мен бұл арада осы екi томдыққа енген дүниелердiң барлығына бiрдей тоқталып жатпаймын, ол — болашақтың шаруасы, тек ондағы автордың сүбелi нәрсем деп бiлiп, мына жинаққа енгiзiп отырған ең “таңдамалы” бiр әңгiмесi жөнiнде ғана сөз қозғаймын.
 

Оның осы “таңдамалысына” енген “Не үшiн” дейтiн әңгiмесiнiң, шынында да, не үшiн жазылғандығы белгiсiз. Автор онда Жұмекен дейтiн бiр қарақшының түн iшiнде бұйқыт кеп, Баймұқан деген кiсiнi өлтiрiп кеткен бiр жайын сөз етедi. Оның сырын автор, оқушыны көп зарықтырмай, келесi беттерде-ақ “айқара ашып” кеп тастайды! Сүйтсе аңшылықты кәсiп етiп, Кеңес билiгiне “мойынсұнбай”, кәрi әке-шешесiнiң барлығына қарамастан, елден шығына қашып жүрген, автордың жазуынша, кескiн-келбетiнiң келiспегенiне қарамастан “жұт нәпсiлi”, ұрғашыдан “құшағының қысыр күнi жоқ”, нағыз даланың Дон-Жуаны — Жұмекен бiрде “ауылсәбет” Баймұқанның ажарлы келiншегiн көре сап, дереу оны бiр сөз де айтпастан, жұрт көредi деп те қымсынбастан, астына алып ұрып, өй, кеп зорлайды, шатқаяғын айырып, ажарлы ұрғашының әбден ит сiлiкпесiн шығарады! Содан әлгi әйел жүктi боп қап, Жұмекеннiң аузынан түскендей ұл табады. Соның себебiнен Баймұқан одан ажырасып, басқа бiр әйелге үйленедi. Хо-о-ш, содан 1927-iншi жылы “ауылсәбет” болған Баймұқан араға бiраз уақыт салып, қалқоздасу науқаны басталған кезде Жұмекендi шақырып ап, қалқозға мүше боп кiр дейдi. Оған Жұмекен көнбейдi. Содан әңгiме “қыза” келе Жұмекен баяғы әйел жайын айтып, оны Баймұқанның бетiне салық қып басады. Бұл оны боқтап жiбередi. Сол арада жұрт арашаға түсiп, оларды төбелестiрмейдi. Әңгiмедегi негiзгi шатақтың бар-жоғы осы ғана! Мiне, Баймұқанның осы “қалқозға кiр” дегенiн кек тұтқан Жұмекен түн iшiнде кеп оны өлтiрiп кетедi! Бұл нағыз атақты Дюманың да басына келе бермейтiн “конфликт”, “дырдай детектив” емес пе?
 

Автор келесi бетте Жұмекеннiң ағасы, жастайынан орыс арасына барып, жалданып “көзi ашылған”, кейiнiнен “бәлшебек” болған Әбдiкен туралы баяндайды. Шекарада қызмет iстейтiн ол iнiсiн шақырып ап, ақыл-кеңесiн айтады, бiрақ оған “бостандық” аңсап, еркiн “аңшың боп жүрген Жұмекен көнбейдi. Автор оның осы “аңшылығын”, неге екенi белгiсiз, Кеңес үкiметiне көрсетiлген қарсылық деп түсiндiруге тырысады. Содан, не керек, кiсi өлтiргенi үшiн Жұмекен түрмеге түседi, ақыры ол одан оп-оңай қашып шығып, тау арасына кеп тығылады. Ақыры оны ұстауға шыққан әтрәттi бастап келген ағасы Әбдiкен Жұмекеннiң оққа ұшқанын көрiп, өзiн өзi… атып кеп тастайды! Сүйтiп, “үлкен мәселенi” көтердiм деп ойлаған автор осының бәрi “не үшiн” деп оқушы байғұсқа үлкен бiр сұрақты атып кеп жiбередi! Шынында да осының бәрi не үшiн баяндалып отыр? Бұл арада автордың симпатиясының көрiнгеннiң әйелiн зорлағыш, бала таптырғыш, тау-таста аңшы боп жүрген Жұмекеннiң жағында екендiгi бiрден-ақ көзге түседi. Ол тiпте түк жазығы жоқ Баймұқанды Жұмекен өлтiрiп кеткенде де былқ етпейдi, оның есесiне автордың Жұмекендi iштей “қаһарман” деп санайтындығы әр жер-әр жерде көрiнiп-ақ тұрады. Бұл өз алдына. Басқасын айтпағанда, осы сюжеттiң жалғандығы, оның ойдан шығарылғандығы, мұндай жәйттiң қазақ арасында, әсiресе, тапа тал түсте бiреудiң әйелiн зорлаудың бола бермейтiндiгi, басқаша айтсақ, мұның халқымызға тән еместiгi бiрден-ақ байқалады. Бұларды айтпағанда, автордың тiлi өте сүреңсiз, ол iшiн жарса, қоқ етпейтiн, нағыз ортақол жорналшы ғана пайдаланатын кәдiмгi газеттiң қарабайыр тiлi ғана! Бұл жерде автордың кейiпкердiң мiнез-құлқын қалай көрсеткенi, оның психологиясын қалай ашып, портретiн қалай жасағаны, ұтымды деталь, ұтырлы эпизодтар мен персонаждардың өздерiне тән боп келетiн сөйлеу тiлiн қалай қолданғандығы, т.б. туралы сөз айтудың өзi еш мүмкiн де емес. Демек, осындай қасиеттерден мүлдем жұрдай, бар-жоғы қарадүрсiн очерктiң дәрежесiнде ғана қалған мына нәрсенi… жалпы әңгiме деуге болмайды. Ал бұл оның “таңдамалы” шығармам деп көпшiлiкке ұсынып отырған дүниесi! Сонда оның “таңдамалы” шығармасының сиқы осындай болса, таңдалмаған нәрселерiнiң деңгейi қандай екен деп iштей айран-асыр қаласың. Бiрақ оған пысқырып қарайтын автор жоқ, — бүгiндерi жасы алпыстан асып кеткен Б.Нұржекеев осындай шағын жанрдың өзiн дұрыстап меңгере алмай жатқандығына қарамастан, қалыңдығы екi елi келерлiк “романдарды” да жаза бередi!
 

Сондай тақырыбын бұлдаған романды кезiнде К.Ахметбеков те жазған болатын. Оның “Ақ дала” (1975 ж.) дейтiн романында ауыл шаруашылығы, экономика, экология, эрозия, этика және де басқа мәселелер қамтылған. Тек оның барлығы да көркемделген категорияға өте алмай қалған. Рас, автор мал шаруашылығын бiр шама жақсы бiлетiндiгiн әр жерде аңғартып та отырады. Одан тыс, кiтапта аракiдiк болса да ажарлы суреттелген тұстар, сәтiмен табылған, жылт еткен детальдар да ұшырасып қалады. Бiрақ тұтастай алып қарағанда, роман қан-сөлсiз, жадағай публицистика дәрежесiнде ғана боп шыққан. Аупарткомның бiрiншi хатшысы Нұрғазы тұлғасын сомдарда автор бұрынғы әдебиетте бар штамптан, таптаурын болған ескi үлгiден аса алмаған. Бiз Нұрғазыны үнемi iс басында ғана көремiз. Ол өзi кiм, жан дүниясы қандай, отбасында өзiн өзi қалай ұстайды, күнделiктi өмiрде ненi жақсы көрiп, неден жерiнедi, өзiнiң жақын-жуығымен, ағайын-жұртымен, жар-достарымен қалай араласады, олармен қалай сөйлеседi, т.б. — мұның барлығы кiтапта жоқ. Одан романдағы басқа да кейiпкерлер еш қалыспайды. Совхоз директоры Зұлқарнай, парторг Қайыржан, комсомол ұйымының хатшысы Гүлжайсаң, жас шопан Айбосындар да осы қалыптан аса алмай қалған. Олардың өзара сөйлескен сөздерiнен әр түрлi мәселе жайлы сырттай естимiз, ақпар аламыз, бiрақ оларды аз көремiз, аз сеземiз, кiтапта жалпы сурет өте тапшы. Мiне, К.Ахметбековтың осылайша баяғы қалыптасқан ескi үлгiмен, ескi схемамен қан-сөлсiз етiп жасалған кейiпкерлерi жайшылықта, күнделiктi тiршiлiкте өзара былайша сөйлеседi:
 

“Нұрғазы орнынан тұрып, үстел шетiне қолын таянды(?):

— Десе де осы мәселе менi қатты толғандырады. Ғылым мен техниканың, — ол төбедегi шам жарығына елеусiз(?) көз тастады, — кәзiргiдей дәуiрлеген(?) тұсында қой шаруашылығын бұдан мың, тiпте он мың жылдар(?) бұрынғы әдiспен жүргiзiп(?), мешеулеп(?) отырып қалғанымыз құп көрер шаруа емес. Өте қарадүрсiн(?).

— Бұл осы шаруашылық түрiнiң қалыптасқан тарихи формасы. Революция қажет емес, эволюциялық(?) жол қол болмақ.

— Ол даусыз, Алексей Тимофеевич, бұлай болу осы шаруашылықтың өзiндiк(?) ерекшелiгi демекшiсiз бе?

— Әрине.

— Оны мен де түсiнетiн сияқтымын”. (216 б.)

 

Мұнда соншалықты кiсi түсiнбейтiн не бар? Бұл сөздер кәзiр орта бiлiмдi кез келген оқушыға күнделiктi баспасөзде жарияланып жатқан мақалалардан таныс емес пе? Оны айтпағанда, осы диалог ауыз-екi сөйлеу мәнерiмен емес, баяндайтын тiлдiң негiзiнде құрылған. Оларды айтып, оқып шығуға кiсiнiң тынысы жете де бермейдi. Одан тыс, осы диалогтағы сөйлемдердiң қазақ тiлiнiң заңы бойынша соншалықты “дұрыс” құрылуы, ауыз-екi сөйлеу тiлiнiң шартымен қарастырғанда, мүлдем жалған боп сезiледi. Оның үстiне кейiпкерлердiң мiнез-құлқы, жүрiс-тұрысы, киiм киiсi, дағдысы т.б. мүлдем анық емес, жалпы олар жерiне жете мүсiнделмеген. Бұл арада айтатын ең басты нәрсе, — осы тiлге тиек боп отырған мәселелер романдағы кейiпкерлердiң жеке тағдыр-талайына әсер ететiн, оларды күйiндiрiп-сүйiндiретiн, қатты толғандыратын т.б. жәйттерге айнала алмаған, бiз кiтапты оқып отырғанда, баспасөзде құдайдың құтты күнi жарияланып жатқан жадағай мақалаларды (М.Шахановтың “өлең-мақалаларын” еске алыңыз! — Б.А.) оқып отырғандай әсерде ғана боламыз. Ол нәрселер оқушының жанына еш әсер етпейдi. Ал онсыз ешқандай да көркемделген әдебиет жоқ.
 
Мұндай жағдай О.Бөкеевтiiң кезiнде екi аяғы жерге тигiзiлмей, тасырта мақталған шығармаларында да жиi кездеседi. Мәселен, оның “Құм мiнезi” хикаясындағы тiлге тиек етiлген мәселе (“Ән салады шағылдар”, 1978 ж.) К.Ахметбековтың “Ақ дала” атты романы мен Қ.Жұмадiловтiң “Саржайлау” дейтiн хикаясындағы (олардың алған объектiлерi өзара өте ұқсас, — Б.А.) сөз болған мәселелермен тiкелей өзектес. Өз жазғандарында өзiне дейiнгi, өз қатарластары жазған шығармалардан негiзгi желiнi, кейiпкерлердi, т.б. еш қысылмастан қымқырып ала берудi әдетiне айналдырып жiберген О.Бөкеев бұл хикаясында да әдебиетте бұрыннан бар жәйттердi қалай болса солай, сәл өңiн өзгертiп ала берген. Мәселен, ол Д.Исабековтiң “Гәуһартас” дейтiн хикаясындағы пысық, тек қана қара басының қамын жеген қойшы Тастан бейнесiн еске салатын қойшы Сейтқұл мен Т.Ахтановтың “Боранындағы” Қоспан сықылды көнбiс, ашық күреске жоқ Бархан екеуiнiң арасындағы iшкi тартысты жеке бөлiп алып қарастыруға тырысады. Дулаттың хикаясындағы Тастанның әйелiне қырындап, қылжақтайтын құдық қазушылар О.Бөкеевтiң хикаясында де Барханның әйелiне қырындап, қылжақтаудан бiр де танбайды. Бұл арадағы мәселенiң ең бiр қиын жерi, — Оралханның өзi жазып отырған материалының жай-жапсарын өте шала бiлетiндiгi. Ол бiр бiрiне өзара тәуелсiз екi аға шопанды қатар көршi етiп қыстатып қоя салады. Күнделiктi тiршiлiкте мал араласып кетедi, бiрiмiздiң өрiсiмiздегi шөптi басқамыз жеп қоямыз, т.б. деп, шопандар өмiрi бүйтiп бiр бiрiне жақын кеп қоныстанбайды, олардың аралары недәуiр қашықта болады. Ол өз алдына. Бұ жердегi ең сорақысы, — аға шопан Сейтқұл аудан мен облыстардағы жиналыстарға кеткен кезiнде, өз отарын мен келгенше баға тұршы деп, көршi отырған аға шопан Барханға тастап кетедi! Ал өмiрде мұндай болмайды. Практикада әрбiр аға шопанның көмекшi шопан болады, ол аздай, оған отбасы, әйел, бала-шағасы, қой төлдеген кезде орталықтан келетiн сақманшылар т.б. көмектеседi, еш уақытта бұлайша бiреудiң қойын бiреу уақытша баға тұрмайды. Бұл жердегi және бiр өрескел жәйт, — Сейтқұл кеше өзi қарауында боп, тәлiм-тәрбие алған, жасы бұдан анағұрлым үлкен, ағасы iспеттес Барханды екi қыстаудың арасында тартылған сымды (құдды телефон сықылды! — Б.А.) қозғап, оның келесi жағына байланған шелектi даңғырлатып, шақырып алады. Ал оның үйiнде бөлiмше меңгерушiсi Әлiқұл үнемi арақ iшiп отырады. Одан Сейтқұл да қалыспайды, қой бағу дегендi курортқа барып, жан бағу деп түсiнетiн оның да арақтан аузы кеппейдi. Ал жуас Бархан болса, өзiмен сонау отызыншы жылғы шолақ белсендiлердей боп дөрекi түрде сөйлесетiн Әлiқұлға батып ештеме де дей алмайды. Ақырында автор кенеттен құйын соқтыртып(?), бiрден жиырма бес бас қойды жайратады да (?) салады. Содан осы өлген аналық қойдың себебiнен жетiспеген қозыларды бұған еш қатысы жоқ, оған тәуелсiз, қора-жайы басқа аға шопан Барханнан Сейтқұл мен Әлiқұл (Қ.ЖҮмадiловтiң “Саржайлауындағы” шопандардан қозы жинайтын Жанзақ сияқты, — Б.А.) оны қорқытып(?) тартып алады(?). Ақырында ойына не келсе соны iстей беретiн, әбден бетiмен кеткен Сейтқұл өзiнiң осы жасап жүрген зорлығын мiсе тұтпай, Барханның төбесiнде ойнап, оның асыранды(!), бiрде далаға қашып кеткен қарақұйрығын атып алады (осындай жәйт Ш.Мұртазаевтың “Қара маржанында” да бар, онда тауға қашып кеткен асыранды арқарды Жарас атып алады! Бұл жерде арқар қарақұйрыққа айналып кеткен, — Б.А.). Соған шыдамаған Бархан зорлықшыл Сейтқұлға қарсы шығады, автор оған негiзгi себеп Сейтқұлдың оның асыранды қарақұйрығын атып алуы деп түсiндiредi. Ал бұл Ш.Айтматовтың “Ақ кемесiндегi” қорықтан қашып кеткен бұғысын атып алған Оразқұлды (Сейтқұл мен Әлiқұлдың аттары да, iс-әрекеттерi де осы Оразқұлдан аумайды, — Б.А), оған қарсы шыққан баланың iс-әрекетiн бiрден еске түсiредi.
 

О.Бөкеев “соц.реализмнiң” тозған үлгiсi бойынша жасалған Әлiқұлдың бейнесiн былайша жасайды: “Бiрақ осы жолы Әлiқұл: “Неге күлесiң?- деп жер тепкiлеп(?) сұраған жоқ. Желдеген(?) иттей(?) шоқиып отыра бердi” (183 б.). Бұл арада автор өзiнiң малшының тiршiлiгiмен мүлде таныс еместiгiн, оны бiлмейтiндiгiн анық көрсетiп отыр. Әдетте көктем туған кезде, қызғалдақ қуып, қой желдеп кетедi, ал ит өмiрi “желдемейдi“. Кiсiнiң және бiр таңғаларлығы, — автордың жазуынша, өмiрi мал соңында жүрген Бархан қарақұйрықты “хайуан-ай” деп мүсiркейдi. Ал қазақ жыртқыш аңды ғана “хайуан” дейдi, ол “жануар” деген сөздi шөп жейтiн малға ғана қолданады.
 

О.Бөкеевтiң хикаяларындағы қыз атаулының бәрi қымсыну, иба, әдеп т.б. дегеннен мүлдем жұрдай боп келедi. Мәселен, осы хикаядағы ауылда туылып-өскен, сақманшы қыз Бақшагүл өзiнiң әкесiндей Барханмен таза “орысшалап”, еш қымсынбастан шолп еткiзiп сүйiсе салады. Ал оның “Мұзтау” дейтiн хикаясында әскерден келген Қамбармен Кәрiқыз, Сымбат дейтiн екi қыз, жұрт бiлiп қалар деп қымсынбастан, оңаша үйде жолығысады. Ол жайында автор былайша “көсiлiп” жазады: “Сол бiр күнi Қамбар мен Сымбат түн ортасы ауғанша сыбырласқан, сүйiскен, бес жылғы ақкөбiк(?) құмардан(?) шыққан” (“Мұзтау”, 98 б..“Жазушы”, 1975 ж.). “Жалғыз терезеден қиғаштай саулаған(?) ай сәулесi қызыққа батқан екеуiнiң апаш-құпаш қылығына дейiн ұялмай(?) көрсетiп бередi. Сымбат қатты сүйсiнiп(?) кеттi бiлем: “Арысым-ай, арпалысып шаршап(?) қаларсың”, — деп монтанысыды. Дәл осы шақта Кәрiқыздың шықпа жаным шықпа халi сыр бердi… ”. Соны көрiп: “- Өлдi ғой байғұс, өлдi ғой құсаланып(?) Баршы құдай үшiн! Өлдi ғой!” — дедi де, Сымбат төсектен қарғып (еркектiң астында жатып — Б.А.) тұрып, есiктен ата жөнелдi”. “Сол бiр күнгi түн… Кәрiқыздың еншiсiне таң алды тиiп едi” (98 б.). “Кәрiқыз бен Сымбаттың баласы iште қалды. Ол бала — Ақтан мен “ДТ” (99 б.). Сүйтiп, сексте болған оргияның нәтижесiнде бiр түннiң iшiнде екi кәрi қыздың аяғы ауырлап қалады, содан көп ұзамай әкесi бiр, ал шешелерi басқа екi бала “қазақ халқының” санын көбейтiп шыға келедi. Кейiнiнен Ақтан өзiнiң әкесiнiң бiр екендiгiне қарамастан, бауыры боп есептелетiн “ДТ“-ның (автор адамға НТР-дың еткен әсерiн осылайша көрсетпек болады, — Б.А.) келiншегiнiң қойнына түн жамылып бара бередi! Мұндай қазақ халқына мүлдем тән емес жағдайларды О.Бөкеевтiң басқа да шығармаларынан жиi кездестiресiң. Өкiнiшке орай, оның осындай шикi, шалағай, әдебиетте бұрыннан бар нәрсенi қайталаған шығармалары кезiнде екi аяғы жерге тигiзiлмей мақталды, өзi болса асыра дәрiптелдi, соның нәтижесiнде автор Мемлекетiмiздiң ең басты сыйлығын алғаны аздай, әдебиетке билiк айтатын iрi-iрi қызметтерде болды. Ол да не бiр үлкен жиындарда бiзде жазушы көбейiп кеттi деп, ауылда тұратын жазушыларды қаладағы “қулардан” бөлектеп, Жазушылар Одағын iштен бөлшектеуге тырысып, “АҚҚҰС” дейтiн “ұйым, секта” да құрды. Оның соңының не болғаны бүгiнде әммәға аян. Бұл арада тағы бiр айтары, — О.Бөкеевтiң жиналыс сайын “бiз әлем әдебиетiне зор үлес қосып жатырмыз, бiз әлем әдебиетiнiң деңгейiне көтерiлдiк”, — т.б. деп сөйлеп, өзiн өзi насихаттап, жалған даңқ-дақпырт таратуды әдетке айналдырып жiбергендiгi болатын.
 

Соның салқыны бiзде бүгiнде де баршылық. Әлi әдебиетте жарытып ештеме де бiтiрмеген бiреулер қит етсе болды, “менiң кiтәбымның ЮНЕСКО-ның ауқымында, Парижде презентациясы болды”, — деп т.б., құдды қазақ әдебиетiн шетелдiң кiсiлерi жасап беретiндей көрiп, аузын кере ашып, қызық-қызық “гәпiретiндi” соңғы кездерi жиi шығарып жүр. Бұл жердегi айтарым, — ақша аударсаң болды, өзгелердiң қалталарынан түскен тиын-тебеннiң арқасында күн көрiп отырған ұйым — ЮНЕСКО әдебиетте мүлдем орны жоқ әлдекiмдердiң де шығарған кiтабын “құрметтеп” Парижге апарып, жұртшылықпен таныстыра бередi. Мәселе бұл арада, — сол кiтапты француз жұрты оқып, қабылдады ма, әлде оны қоқысханаға лақтырып тастады ма, — мiне, осында жатыр. Ал ондай нәрсенi мен әлге дейiн естiген де, көрген де емеспiн. Демек жоқ нәрсенi айтып, әдебиетте қоқырайып, арзан бедел көрсетудiң қажетi жоқ. Бiздiң бүгiнгi ең басты мiндетiмiз — үлкен әдебиет жасап алу. Ал оның ең алғашқы әлiппесi осы реализмдi толығымен меңгерiп, оның қыры-сырына тереңдете көз жiберiп, оның iшкi сырына, жықпыл-жықпылына әбден қанығып алғаннан кейiн барып, неше түрлi тәжiрибе (бiр ғана форма жағынан емес! — Б.А.) жасап, соны өрiске қарай көз тастауға болады. Бiз, мiне осындай алғашқы қадамның өзiн дұрыстап жасай алмай жатып, әлге дейiн құр мақтаншылыққа салынып, атақ-абырой алуға, шен тағуға, кеудеге тағар шылдырмақтарды көбейтуге т.б. құмартып, iшi бос қуыс кеуденi аяққаптай етiп гүмпите керумен әлек боп жүрмiз. Мұндай қолайсыз жағдайда бiздiң әдебиетiмiзге шынайы реализмнiң өз тамырын тереңдете салып, оны халқымыздың сана-сезiм, үрдiс, тұрмыс-салтына, жалпы ұлт ретiндегi басқалардан ерекшелейтiн менталитетiне барынша тереңдете жiберiп, содан барынша нәр алып, қуатты гүжiм-гүжiм бұтақтарына жараса бiткен жапырақтарын жайқалта бой көтерген алып дарақша ештеңеден қаймықпай, замана желiне қасқайып қарсы қарап тұра қоюы мүлдем қиын.

 

Бұл қазақ әдебиетiндегi ахуал ғана. Ендi соның аясынан ұзап шығып, осы мәселенi кеңiрек алып қарастырсақ, бiз осы реализм әдiсiнiң бүгiндерi көркемделген өнердiң басқа салаларында да қарық боп отырмағандығын айқын көремiз. Мәселен, қазақ драматургиясы әлi де 19-ыншы ғасырдың шырмауынан босана алмай жатыр. Атышулы театрларымыздағы режиссура мен актерлардың рөлдi атқаруы мен ойнау жағдайы да онша мәз емес. Көбiне олар адамның тiршiлiктегi кәдiмгi қалыппен сөйлейтiн дағдысынан жаңылып, баяғыша ескi әдетпен көрушi жұртшылыққа айтылған сөз толық жетсiн деп, дауыстың неше түрлi тембрiне, бояуына, сыр-сипатына онша назар аудармай, бiреу қыл тамақтан мауыздайын деп жатқандай, әбден бақырып бағады. Олардың радиотехниканың осыншама жетiлген заманында минимикрофонды т.б. пайдаланбайтындықтары мүлдем түсiнiксiз. Соның салдарынан бүгiндерi театрларға бара қалсаң, құлағыңның жарғағын жарып алмай, аман-есен қайтқаныңа қуанып, үйге келген бойда жетi күлше беруге мәжбүрсiң. Себебi онда күшенбей, айқайламай сөйлейтiн актер кем де кем. Оны айтпағанда, бүгiнгi пьеса жазғыштарымыздың Шекспир заманындағыдай “өлеңдетiп” кетудiң, Күлтөбеде бас қосқан атақты билерше бос мақамдап, шешенсудiң уақыты әлдеқашан өтiп кеткендiгiн ескермейтiндiгi де бiр түрлi қызық. Олар бiздiң халқымызға жат боп келетiн, үрдiсi басқа елдердiң драматургиясына еллiктеуден бiр де жаңылар емес.

Осы кемшiлiктен, басқаша айтсақ, өзге елдердiң үлгiсiне жалтақтай беруден, ең бұқарашыл деген кино өнерi де әлi толық арылып бола қойған жоқ. Мәселен, кезiнде, М.Твеннiң Том Сойерi мен Гекльберри Финнiн аздап болса да еске салғанымен, негiзiнен бiр сыдырғы сәттi түсiрiлген “Менiң атым Қожадан” дейiн “Қазақфильм” студиясы үлкен талапқа жiлiгi татитын бiр де бiр оңған дүния түсiрiп көрген емес. Олардың, бiздiң киношыларымыздың, бүгiндерi бар дүнияны қиратып тастағандай көрiп, кеуделерiн кере, аса зор мақтанышпен тасырта айтып жүрген, өткен дәуiрлердегi қазақ даласына ұжмақты орнатып қойған “Қыз Жiбегi”, шын мәнiнде, киноматографияның iрi-iрi талаптарына жауап та бере алмайды. Соған қарамастан оны мадақтайтындар бiзде жетерлiк. Бiр ғана мысал. Жақында “Қазақстан” телеарнасында “Шынның жүзi” дейтiн бiр хабарда сөйлеген, әлгi фильмде Бекежанның рөлiн ойнаған атақты ойынпаз А.Әшiмов қиссадағы осы бейне туралы кiсi таңғаларлық пiкiр айтты. Оның қисындап айтқан сөзiнде қалыңдығын алып қайтуға келе жатқан, бұрын өзi онша танымайтын, араларында ешқандай да қысастық жоқ Төлегендi Қособаның түбiнде жазықсыздан жазықсыз атып өлтiрген Бекежанның қанқұйлы әрекетiн ақтау басым. Жалпы осы фильмнiң сценарийiн жазған Ғ.Мүсiрепов бiздiң әдебиетiмiздiң алтын мұрасына жататын жәуһарымызды қалай болса солай өңдеп, өзгертiп, әбден оның ит рәсуасын шығарған. Өз шығармаларында романтизмi өте басым, содан өле өлгенiнше құтыла алмаған Ғ.Мүсiрепов “Қыз Жiбек” жырындағы нағыз рас шындықты, қазақтардың, соның iшiнде 18-iншi ғасырдың аяқ жағында жасаған Шектiлердiң әдет-ғұрпын, үрдiсiн, салт-санасын (тiптен тартатын күйi мен әнiне дейiн!) т.б. мүлдем өзгертiп, Үш Жүздiң бiрiне де жатпайтындай ғып, қиссада аты-жөнi, жайлайтын жерiне дейiн белгiлi елдiң басқаларға қарағанда ерекшелiгiн жойып, тiптен ауыз екi сөйлейтiн сөздерiне дейiн бұрмалап, атақты жырдың сыртқы құр сүлдесiн ғана қалдырған. Мен бұл жерде автордың бұрмалаған тұстарының барлығына тоқталып жатпаймын, тек оның бiр-екi тұсы жөнiнде сөз қозғаймын. Бiрiншiден айтарым, қыз таңдап, ел-елдi аралаған Төлегеннiң мырзалық көрсетiп, қызын көрсеткен кiсiге бiр-бiр жылқыдан беретiн эпизоды, содан жiгiттердiң келген кiсiнi өтiрiк айтып, керi қайтарып жiберуi, Сырлыбай ханның уәзiрi Қаршыға келгенде де олардың сүйтуi, Төлегеннiң Қаршығаның қасына ерiп, Қыз Жiбектiң iзiннен қуалап, 14 көштi басып өтетiнi, әсiресе, осы мән-мағынасы тереңде жатқан 14 көш кинода жоқ. Бұрынғы қазақтың түсiнiгiнше, айдың 14-i күнi Ай толады, яғни бұл әбден кемелiне келу, совершенство деген сөз. Демек, 14-iншi көш те сондай! Ал сол көштен бетiме шаң тиедi деп озып кетiп, барынша әсемделген күймелi арбаға мiнiп келе жатқан Қыз Жiбек те сондай, ол әйел затының келiскен перизаты, кемел бiр түрi деген сөз! Оны айтпағанда, Сырлыбай хан қызын беретiн боп келiскен бойда-ақ, күйеу жiгiт Төлегенннiң, одан именбестен, қайын атасының көзiнше “қазақ”, “қазақ” деп сайрай жөнелуi мүлдем кiсiге терiс әсер етедi, ол кездерi күйеу бала үйтiп “сайрамақ” түгел, қайын атасы мен қайын енесiнiң көзiне еш көрiнбейдi. Бұл бiр. Сосын Төлегеннiң Қыз Жiбекке түн жамылып ұрын баруы, елiне қайтардағы айтқан сөзi, Жiбектiң көрген түсi, т.б. — бәрi-бәрi де кинода жоқ. Одан тыс, бiрiншi жолы әкесiнiң ақ батасын алып жолы болған Төлегеннiң екiншi жолы оның ақ батасын ала алмай, әке сөзiн қайт етiп, жолға шыққанда өзiмен бiрге қалмай ұшып келе жатқан алты қазға Қособаның түбiнде оқ тиiп, өлейiн деп жатқандағы айтқан атақты толғауы, фәни жалған жайлы өкiнiшi, мына шолақ тiршiлiкпен қоштасуы, Бекежанды Жiбектiң алты ағасының өлтiруi, кейiнiнен Қорен қалмақ көп әскермен кеп, Жiбектi алмақ боп, Сырлыбай ханның аулын басып жатқанда, Сансызбайдың әмеңгерi ретiнде өз жеңгесi Жiбектi алып қашуы, оның Қоренмен жекпе жегi, т.б. кинода мүлдем жоқ! Ойлана қарағанда, шын кинодраматургiне осыдан асқан қандай сюжет, қандай желi керек! Бұл арада бәрi де дайын тұр емес пе? Бiрақ Ғ.Мүсiрепов баяғы 30-40-ыншы жылдардағы Кеңес идеологиясынан ұзап шыға алмай, халқымыздың не бiр аты-жөнi белгiсiз жорға жыраулары шығарған ұлы эпостарын бұлдiре беретiн ыңғаймен кетiп қалған. Оның өз жанынан қосқан эпизодтары сол жырды бала жастан мың рет оқыған, тiпте көп жерiн жатқа бiлетiн, бүгiндерi алпысты алқымдап қалған бiздерге түрпiдей тиетiн, еш қисыны жоқ жамаудай боп әсер етедi. Мұнда, кинода ислам дiнiң әсерi мүлдем сезiлмейдi. Ал жырда Шектiлер мен Жағалбайлылардың мұсылман екендiгi ашық айтылады. Соған орай олардың әдет-ғұрпы, сана-сезiмi, түйсiгi, т.б. қалыптасқан, ал кинода оның бәрi алынып тасталынғандықтан, Жағалбайлылар мен Шектiлер бiр түрлi шаманизм заманында өмiр сүрiп отырғандай әсер қалдырады. Одан тыс, қыздардың жiгiттердiң көзiнше суға түсуi, Жiбектiң толы жұрттың көзiнше әкесiне келуi, оның өз тағдырын “жеребедей” көрiп, атқан жебесi қай жерге барып түссе, соған тием деп өзiнше “мәрттiк” жасауы, қыз басымен оның садақ атуы (бұл да бұрынғы қазаққа ерсi көрiнетiн жағдай, —  Б.А.), Бекежанның Төлегенмен тiзе қоса отырып, қалмақты оп-оңай қырып тастауы, содан соң Бекежанның жаңа ғана шайқаста өзiмен бiрге болып, қанды бiрге кешiскен Төлегендi, еш ойланып-толғанып жатпастан, бiр төмен етектi үшiн садақпен атып өлтiре салуы, фильмнiң соңында Жiбектiң өзiнiң өлетiндiгiн сездiрер деталь ретiнде сәукелесiн өзенге лақтыруы, т.б. жырдан алшақ кеткендiктен, әрi оның бәрi сюжеттiң қисынына мүлдем қайшы келетiндiктен, мүлдем сендiрмейдi, әрi мұның бәрi сол кездегi қазақтарға мүлдем жат нәрселер. Бұл жерде басты айтатын нәрсе, — “Қыз Жiбек” сықылды жәуһар жырымыздың сюжетiн, негiзгi желiсiн, т.б. өзгертiп жатудың ешқандай да қажетi жоқ. Егер оны қанағат тұтпасаң, онда тарихи тақырыпқа арнап, оған кез келген қыздың атын қой да, басқа бiр сценарий жаз! Оның үстiне Қазақстанның терiскей жағындағы ел мен оның батыс жағындағы елдiң тұрмыс-тiршiлiгiнде, жалпы үрдiсiнде бiраз айырмашылық бар, соны мына фильмде Ғ.Мүсiрепов бiлмейтiндiгiн әбден көрсеткен. Тiпте бiлсе де, оны ескермеген! Ал бұған осы жәуһар қисса бар болмысымен, өзегiмен мүлдем қарсы тұрады! Бұл арада ең басты айтарым, — өзiнiң төл әңгiме, хикаяларында бiр кезде М.Горькийден жұқтырған романтизм әдiсiнен қол үзе алмаған Ғ.Мүсiреповтың нағыз расшыл, нағыз ақиқатшыл “Қыз Жiбек” сынды жәуһар дүниемiздiң өзегiн, сюжетiн негiзге ала отырып, одан қияс шықпайтын (әрине, кино өнерiнiң ерекшелiктерiн ескере отырып! — Б.А.), ұлы жырдың мазмұнын түгелдей кино тiлiнде сөйлететiн, оны көрушi жұртшылыққа жеткiзетiн шынайы сценарий жаза алуы, былай қарағанда, екi әдiстiң бiр бiрiне қайшы келетiн тұстары барлығын ескерсек, мүлдем мүмкiн еместей боп көрiнедi де тұрады. Мұны Ғ.Мүсiреповтiң өзi мына сценарийi арқылы анық тайға таңба басқандай ғып көрсетiп те отыр! Өкiнiшке орай, осындай жалғандығы, әсiреқызылдығы, сыртқы жалт-жұлты, көбiне, этнографияны қузаған, Едiл, Жайық бойында емес (бұл да өте маңызды! — Б.А.), алысқа баруға ерiнiп, жақын маңдағы Алатаудың төңiрегiнде түсiрiлген, сүйтiп жырдағы реализмнен мүлдем алшақтап кеткен, жырды бұрмалау арқылы бiздiң халқымыздың тарихын әбден бұрмалаған, Кеңес заманының идеологиясының шеңберiнен бой асыра алмаған жеңiлтек фильмдi… атақты “әктөрiмiз” Асанәлi Әшiмов аузынан суы құри, “бiздiң киномыздың асқан табысы” деп телеайнада “гәпiрiп” отыр!
 

Мұндай жағдай “Қазақфильм” түсiрген басқа фильмдерде де жыртылып айрылады. Мәселен, С.Елубаевтың сценарийi бойынша түсiрiлген бiр фильмде бiздiң қазақ шопандар Американың ковбойларынан айнымай қалған, олар атқа мiнгенде қолайлы кең шалбардың орнына, ауы жоқ, өте тар, балағы тырысқан (малшы қазақтар өмiрi оны кимейдi! — Б.А.) джинси киiп ап, атқа мiне сап, ол жануардың екi өкпесi өшедi-ау деп те ойламастан, бiрден сатырлата шаба жөнеледi. Ал нағыз малшы өмiрi үйтпейдi. Бұдан басқа да сорақылық, бiздiң тұрмыс-тiршiлiгiмiзге сай келмейтiн жәйттер осы фильмде жетiп жатыр. Мұндай нәрсе бiр ғана осы фильмге емес, жалпы “Қазақфильм” түсiрген басқа да дүниелерге тән. Ең бастысы, бүгiнгi киномызда әлге дейiн қазақ халқының тұрмыс-тiршiлiгi, жан дүниясы, әдет-ғұрпы, тағдыр-талайы шынайы көркемделiп көрiнiс таппай отыр. Онда жат жұртқа елiктеу басым.

 

Осындай жағдайдың бiздiң көркемделген әдебиетiмiзде де барлығын мен жоғарыда еш жасырмай айтып шықтым. Оған бiздiң елiмiздiң көп заман бойы Мәскеуге алаңдап, соның аузы қалай қарай қисайса, бiздiң де аузымыздың солай қарай ерiксiз қисаятын ахуалы бiрден бiр әсер еттi. Бұл нәрсе, әсiресе, әдебиетте анық көрiндi. Соның себебiнен метрополияда қандай әдеби ахуал үстемдiк етсе, бiзде де сондай жағдай ерiксiз орын алды. Бұның “соц.реализмге” өте-мөте қатысы бар. Кеңес кезiнде осы әдеби әдiстiң үстемдiк құруы бiздiң жазушыларымызды ерiксiз эпигон, жәй ғана елiктеушi болуға ерiксiз итермеледi. Әрине, бұл жерде негiзгi кiнә сол жазушылардың өз қабiлеттерiне, ой өресiнiң кеңдiгi мен өзгешелiгiнде жатқанын ескермеске де болмайды. Мәселен, сол кездерi Кеңес Одағының құрамында болған Балтық жағалауында тұратын елдердiң жазушылары әлгi әдiске мүлдем құлап кеткен жоқ, оларда форма жағынан әр түрлi iзденiс бой көрсеттi. Ал бiз бұл арада баяғы “әдеби” шолақ белсендiлiктен арыла алған жоқпыз. Демек бәр кiнә бiзге жоғарыдан ерiксiз таңған әдiсте ғана емес екен. Ендi бүгiндерi, елiмiз ешкiмге бұрынғыша жалтақтай бермейтiн, тәуелсiз боп отырған заманда, бiздiң өткен жылдардағы әдебиетiмiзде белең алған сұрқай, шикi шығармалардың дүниеге келуiне шынайы реализм әдiсiнiң ешқандай да кiнәсi жоқ екендiгiн толық түрде түсiнуiмiз қажет. Кезiнде Кеңес идеологиясының ықпалынаан шыға алмаған ондай арзанқол дүниелiктер белгiлi бiр идеяны тұрпайы түрде насихаттау үшiн ғана жазылған болатын. Ал, бұған керiсiнше, шетелдерде детектив, секс, қара күштi уағыздаған (бұл да Кеңес билiгiне қарсы бағытталған идеология болатын! — Б.А.), оқушының қалтасындағы көк тиынын қағып алу үшiн ғана жазылған кiтаптар көркейдi. Бұл екеуiнiң өз ара айырмасы шамалы, олардың екеуi де пұл табу жағын ғана көздейдi. Мұның бiрiншiсiнен гөрi екiншiсiнен халыққа келер зиян көп. Мiне, осыны көрiп-бiлiп отырса да, бүгiндерi капитал билеген қоғамды, жалған демократияны уағыздайтын сатымсақ сыншылар “кап.реализмнiң” аузынан қара қанын ағызып отырған жоқ. Бүгiндерi сондай “сыншылар” екi аяғын жерге тигiзбей мақтап, асыра дәрiптеп жүрген, соңғы жылдары “соц.реализмнiң” ит-сiлiкпесiн шығарып, бар пәленi соған жабуды әдетке айналдырған, кезiнде шетелдерде Кеңес үкiметiне қарсы жүргiзiлген саясаттың сойылсоғары боп, өз елiн, өз халқын сатып, динамиттi ойлап тауып, сол арқылы күллi адамзат баласына дұшпаншылық жасаған А.Нобельдiң атындағы сыйлықты кәйткен күнде де алуды ғана көздеген, шын мәнiнде, орыс әдебиетiне мардымды ештеңе де қоспаған сақалы саптыаяқтай А.Солженицынның өз шығармаларына да байыппен үңiлетiн уақыт жеттi. Мұның бәрi менiң кешегi әдеби әдiстi ақтап отырғаным емес. Сөз жоқ, сол әдiстi жазушыларға зорлап таңған Кеңес үкiметi өз идеологиясын насихаттауға әдебиеттi барынша пайдаланды, соған қарсы келгендердi әдеби процестен ысырып та тастап отырды. Бiрақ соған қарамастан, шынайы шынайы суреткерлер әдебиетте өздерiнiң ең құнды деген дүниелiктерiн жаза бiлдi. Соның нақты мысалы ретiнде орыс жазушылары В.Некрасов, С.Антонов, К.Воробьев, Ю.Бондарев, Ю.Казаков, Ф.Абрамов, В.Белов, В.Шукшин, В.Астафьев, Е.Носов, Б.Можаев, В.Распутиндердiң т.б. жазған шығармаларын айтуға болады. Осы тұста қазақ әдебиетiнде де, әсiресе, қарасөзiмiзде елеулi шығармалар дүниеге келдi. Олардағы айта кетер бiр ерекшелiк, — бүгiндерi бiздiң кейбiр жазушыларымыздың жат әдебиетке жалтақтамай, шетел кiтаптарының әсерiн бойларына жұқтырмауға тырысып, орысқолдықтан бас тартып, реализм шарттарын берiк ұстануға бел шешiп, қазақ халқының бiр өзiне ғана тән шындығына, өз ақиқатына, өз өмiрiне, тұрмыс-тiршiлiгiне, рухани жақтан тәуелсiз түрде нақты, анықтап қарай бiлуге талап етiп жатқандығы. Мен бұл талаптың өрiсiнiң ұзақ болатындығына қатты сенемін. Қалай дегенде де бiздiң жат әдебиеттерге елiктемей, солықтамай, өзгелерде бар нәрсенi өзiмiзге көшiрiп әкеле бермей, керiсiнше, қазақ халқының өз тiршiлiгiнде бар мәселелердi қозғап, соны барынша көркемдеп, тың тұжырым жасап, төл топырағымызға тереңдете тамыр салған сүйектi шығармалар жазуымыз керек-ақ! Бұл арада көп нәрсе бiлiмге, көздiң қырағылығына, жақсы талғамға, басқаша айтсақ, шынайы суреткердiң күнделiктi тiршiлiктi әдеби материал ретiнде ала алған сәтiнде, оның бiр күншiлiк нәрсенi емес, мың күншiлiк нәрсенi сөз етуге қам жасап, дән мен қауызды бiр бiрiнен толық ажырата алған, алмағанына өте тығыз байланысты. Сол iске асқан күнде ғана, бар сәтсiздiгiмiзге бiрден бiр кiнәлi деп “соц.реализмдi” сыбағанды қойып, оның, жалпы реализм дейтiн ұлы әдiстiң, әлi де болса терең шыңырауда жатқан ұлы шындығына көз жүгiрте алмақпыз.

Ал бұл, өзiмiздiң төл топырағымызға тән нағыз “қазақы реализм” бүгiндерi бiзге ауадай қажет-ақ…
1975 жыл
2000 жыл

download themes for free
2 261 қаралды