Бас бет » Пікірлер, Естеліктер

Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика

1960 жылдардың басында осы мақаланың авторы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде (сырттай оқу бөлімінде) Шәмші Қалдаяқовпен бір-екі жыл бірге оқыған еді. Дарынды сазгер ол кезде Қазақ радиосының музыка бөлімінде редактор екен. Замандас жолдастарының бірі Шәмшіге «журналистік мамандықты меңгеріп ал, керек тастың ауырлығы жоқ» деп кеңес қосса керек. Бірақ Шәкең марқұм екінші курсқа келгенде, қолды бір-ақ сілтеп, дәріс тыңдауға қатыспай қойды. Ән құдіреті оны әлем кеңістігіне алып шыққандай еді. «Менің Қазақстаным», «Ақ сұңқарым», «Ақ маңдайлым», «Бақыт құшағында», «Қайықта»… Міне, Шәмші құдіреті осылай шарықтаған тұс-тұғын. Ол кезде біз құдіретті Қалдаяқовтың Кіші жүздің жағалбайлы руының төл перзенті екенін, анасы Абылай ханның ұрпақтарының бірі екенін білмеуші едік. Шәмшіні бізге тамаша әндері ғана танытып жататын. Ал Жұмекен Нәжімеденов – жерлестеріміз, қайын жұрты жағынан бажалығымыз бар көңілдестер едік.
«Менің Қазақстаным» өмірге ерекше салтанаттылық жағдайда келгеніне куә болғандай едік. Әу деген қазақ баласы әнші болмаса да, осы әнді ыңылдап шырқай жөнелуге бейім еді. Ал жастардың бастары қосылған жерде алдымен «Менің Қазақстаным» шырқалады. Бір көріністі айтқан артық болмас. 1960 жылдардағы қазақ жастарының мәдениетке, өнерге, оқу-тоқуға ерекше құштарлықтары болатын. Сыйластық, достық ықылас-пейілдері де жан шуағына айналған. Аздап «ұлтшылдық» көріністері де қылаң беретін. Алматы вокзалынан «Алматы – Москва» жолаушылар жүрдек поезы аттанарда перронда қазақ жастары (түгелдей студенттер десе де болғандай) иін тіресе сықап шеңбер жасап тұрып алатын, жолға шығатын жастарды «Менің Қазақстаным» әнімен аттандыратын. Әлі көз алдымда тұрады. Шеңбер-шеңбер болған жастардың ортасында қолтықтасқан үш адам аршындап, айбындап әрлі-берлі жүретін. Олардың ортасында Мұқағали Мақатаев, оның екі қолтығында Жұмекең мен Шәмші келе жатады. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, дарынды үшеуі бірін-бірі ерте танып, араларында ажырамас достық қалыптасқан. Жұмекең де, Шәмші де аласа бойлы, шағын денелі адамдар, ал Мұқағали марқұм еңгезердей ірі, бойы биік, аққұба жүзі алыстан көзге шалынар еді.

2 527 қаралды