Бас бет » 1971-90 жылдар, Әңгімелері

Аттестацияның әлегi (Әзiл әңгiме)

Аттестат деген өмiрiмде менi екi рет әлекке түсірдi. Оның бiрiншiсi баяғыда, Хрущев заманында, он бiр жылдықты бiтiрiп, аттестат алғанда болып едi. Сонда қарны қабақтай класс жетекшiм: “Сендерден да құтылатын күн бар екен ғой!” — деп, кiл үштi қоя сап, аттестатты қолтығыма асығыс тыға салған. Құдды мен оны алмай қоятындай! Ендi мiне, жасым қырықтың қырқасына шыққанда сол аттестаттың, яғни, аттестацияның әлегiн екiншi рет көрдiм. Шынымды айтсам, аттестация туралы сөз қозғалғаннан-ақ менiң шырайым шыға бастаған едi. Шыққанда бар ғой, айтары жоқ. Шешемнен шыр етiп туылғалы дәл осыны аңсап жүргендей тақиямды аспанға аттым. Тiпте бiр рет түс те көрдiм. Түсімде ылғи иегiм қышиды да жүредi. Соны әйелiме айтып ем, ол сәуегейлiк жасап: “Өсесiң!” — дедi. Мен соған құдайдай сене бастадым. Сүйтiп есекдәмелi боп жүргенiмде, аттестация жөнiндегi алғашқы жиылыс ашыла қалды. Онда не бiр дiлуар шешендер тақылдап сөйлеп: “Әркiм өз орнында отырсын!” — деп жар салғанда, бөркiм қара қазандай болды. Өйткенi мен өз орнымда отырған жоқпын! Менiң отыратын орным ана бiр сумұрын отырған… Жарайды, ол жайында кейiн… Сол арада жиылыста көрiнгiм кеп, орнымнан атып түрегеп, ортаға талтаңдай басып шықтым. Сосын жұрттың бәрiне маңғаздана қарап тұрып:

— Жолдастар, аттестация деген оңай шаруа емес. Оған әркiм iштей дайындалып, мен осы орынға лайқатпын ба, жоқ па деп ойлануға тиiс. Сүйтiп әркiмнiң өзiне өзi баға бергенi жөн, — дедiм бiраз данышпансып.

Сол арада ана мысықмұрт құрдасым:

— Соны… өзiңнен бастасақ кәйтедi?— деп, құлбақайымнан бiр қақты.

Не түлен түрткенiн бiлмеймiн, сол арада:

— Бастасақ, бастайық. Шынымды айтсам, жолдастар, мен өз орнымда отырған жоқпын, — дедiм пiрге қол тапсырғандай боп ағымнан жарылып.

Жұрт ду ете түстi. Әлгi құрдасым қатыны бес бала тапқаннан бетер гүжiлдеп:

— Онда… мұның көзiн құрту керек! — дедi. Оның даусы қораздың шақырғанындай едi.

Мен одан айылымды жиған да жоқпын. Жұртқа қарап, оң қолымды көтерiп:

— Ол рас. Басқарма маған өз орнымды тауып беруге тиiс, — дедiм де, мiнберден түстiм.

Содан көп ұзамай нағыз аттестация басталды да кеттi. Әшейiнде жиналыс десе қырғидан қашқан торғайдай боп тырағайлайтын месқарын, ашқарын, тоққарын, боққарын, қатпа, сөзге шатпа, ырғай бойлы, қара қортықтардың бәрi құдды бiреу шүлен тарататындай бiрi қалмастан бас қосты. Олардың жиналыс дегенде түгел келiп тұрғанын өмiрiмде көрiп тұрғаным осы. Соның iшiнде ана сақалды сарыны… Ол менi көргенде көрдегi әкесiн Әзiрейiл тозаққа атып жiберетiндей боп түнеретiн. Мен iшке кiргеннен-ақ ол әкесi тозақ отында шырылдап күйiп жатқандай кiрбиiп:

— Шостаковичтiң қандай симфониясын бiлесiз? — деп сұрады.

Онымен кiм бiрге жүріп көрiптi? Не жазып, не қойып жүргенiн қайдан бiлейiн? Оның үстiне мамандығым басқа. Сол арада құдайдың тас төбемнен қос қолдап ұрғанын бiле қойдым. Дегенмен қашанғы қулық бойынша құлаған апаныңнан амалдап шығу керек деп түйiп, мыңылдап:

— Шостакович, — дедiм. Мұным ойланып алуға уақыт ұтқандық едi.

Анау ит сонымды бiлетiн. Бiрден дiгерлеп:

— Иә, кәне, тездеп, — дедi. — Уақыт тар.

— Ойбай-ау, ол деген… — Мен мүдiрдiм. — Әрi композитор, әрi математик қой.

— Ма-те-ма-тик? — дедi әлгi қу көзiн бақырайтып. Оның көзiлдiрiгiнiң әйнегi баланың жұдырығындай том-пақ болатын. Көзi бақырайғанда, қарашығы ұясынан шығып кете ме деп зәре-иманым қалмады. Шығып кетсе, сөзсiз, менi жауапқа тартады. Сосын оған қарашықты қайдан тауып берем? Оның орнына ақша берсем, ол пара бердi деп пәле қылады. Ол сондай адам. Қой, бала-шаға бар дегендей, онан да жауап берiп құтылайын деп, мен тездетiп:

— Себебi… музыка деген математика. Логарифмдi бiлмеген композитор қаяқтан симфония шығара алады? Пушкин шайырларды геометр деген, — дедiм бiлгiшсiнiп.

— Симфония жаза алмайды деңiз, — дедi әлгi сары менi әдеби жақтан жөндеген боп.

— Жоқ, шығара алмайды, — дедiм мен қасарысып.

— Өй, мынауың өзi… түк те орысша бiлмейдi ғой. “Писать” деген сөз қазақша “жазу” деген сөз. Демек, әлгiң қазақша жаза алмайды болады. Өзiңiздi қазақтың интеллигентiмiн дейсiз. Сүйте тұра әдеби норманы бiлмейсiз, — дедi ол бiреу сөздiң бәрiн таразыға сап, пакеттеп қойғандай. Сосын шарасынан шыға бастаған көзiн аңғалағына қайтадан түсірдi. Мен ептеп жан шақырғандай болдым. Ол маған түксие қарап: — Оның қандай симфониясы бар? — дедi.

— Оны… өзi бiлмесе, мен қайдан бiлейiн? — дедiм мен ерегiсе түсіп.

— Жарайды. Онда сiз Эйнштейндi бiлесiз бе? — дедi ол түнерiп. — Ол да музыкант болған.

— Мен… Эйнштейн емеспiн ғой, — дедiм мен ащы мырс етiп. — Сiз де бiр балаға қоятын сұрақты қойып…

— Мынау деген жеке басқа тiл тигiзу ғой, — дедi сол арада бiр месқарын қозы қарны ақтарылып қалатындай қос қолымен құшақтап отырып.

— Барып тұрған мәдениетсiздiк, — дедi ашқарын дыбдырлап.

— Луи Армстронг деген кiм? — дедi сол арада қатпа қара ащы жымиып.

Басыма тас тигендей табан астында состидым да қалдым. Дегенмен де осы бiр есiм бiр түрлi таныс. Ә, ойыма жаңа түстi:

— Өй, ол деген анау… кiм ғой, Ей, ана ше? Тiлiмнiң ұшында қылпылдап тұрғаны. Иә, анау ғой, Айға барып қонған….

— Паһ! — дедi қатпа қара таңдайын тақ еткiзiп.

— Масқара! — дедi басқалары ұлардай шулап.

Сол жерде маңдайымнан қара тер бұрқ ете қалды. Екi жүз елудi… қағып тастағанда да мұндай боп тер шықпайтын. Құдайдың ендi маңдайымнан қос қолдап емес, үш қолдап ұрғанын бiлдiм. Iлезде көз алдым қарауытып сала бергендей болды. Қарауытқанда, көз алдыма ана зәнталақ келе қалды. Ол бiздiң трестегi нағыз мен iстесем дейтiн бөлiмдi басқаратын. Қолынан дым келмесе де, үйт-бүйт деп, шелтеңдеп болатын. Ең аяғы қарапайым чертеждарды да сыза алмайды. Ал мен болсам, кешкiсiн жұмыстан соң қайдағы бiр қиялға берiлiп, қайдағы бiр чертеждарды сызып, миымды ашытып жатам. Ал ол болса… табаны күректей үш жүз сомды ай сайын шытырлатып санап алғанды ғана бiледi. Мен қасқа соның iстейтiн шаруасын iстеп, түбiнде Социалистiк Еңбек Ерi болатындай, құр қолпашқа мәз боп жүрмiн. Мына кәзiргi iстеп жүрген шаруамның өзiмнiң оң жамбасыма келмейтiнiн жақсы бiлем. Кеңсенiң бiр қағазын аударсам болды, ит тиiп кеткен еттi аузыма апарғандай жеркенiп бiтем. Содан үйге келген бойда өзiм жақсы көретiн чертеждармен айналысып, жатпай, түн ортасына дейiн отырғаным! Сол үшiн, яғни, уақытысында төсекке жатпағаным, уақытысында душқа түспегенiм үшiн… әйелден талай рет қатаң сөгiс те алдым. Бәрi де соңғы рет ескертумен! Оның да соңғы ескертуi бiздегi кәсiподақ жиналысындай бiтпейдi-ау, бiтпейдi!

Содан кейiн не болғанын бiлмейiм. Бiр кезде барып көзiмдi ашсам, әлгi қатпа қара аузыма су тамызып отыр! Ол бетiме үңiлiп:

— Өлiсiң бе, тiрiсiң бе? — дейдi. Құдды мен ана дүниеге турист боп, саяхаттап барып қайтқандай қарайды. Өзi кәсiподақтың бастығы едi. Талай рет ана дүниеге, тойыст, шетелге барайын дегенiмде, паңайына жолатпай қойған. Ендi қарай өзiн!

Мен сол арада:

— Е, немене менiң өлгенiме асығып жүр ме едiң? — деп, басымды көтердiм.

Ол сұқ саусағымен бiр шекесiн бұрғылап-бұрғылап жiбердi. Мейлi, бұрғыласаң, бұрғылай бер, бәрi бiр сенiң кеуiп қалған миыңнан мұнай шықпайды!

Осы жерде бастық iске кiрiстi. Тура машинаның деталi сияқты.

— Екi сұрақты бiлмедiңiз. Ер кезегi үшке дейiн, — дедi ол құдды ақбөкен сықылды танауын көтерiңкiреп.

Мен… былай, жел-пел… шығып кетпедi ме деп қысылдым. Сосын жан-дәрмен деп, оның алдын алып:

— Үшеу деп немене менi трилогия жазатын кiсi көресiз бе? Мен бар болғаны қатардағы инженермiн, — дедiм.

— Жарайды, — деп, ол танауын аздап төмендеткендей болды. Бiрақ оның төмендеткенi бар болсын, ол еңкейе, еңкейе келiп, көзiнiң астымен менi атып жiберердей боп қарады. Ендi өзiмнiң нағыз нысанаға айналғанымды бiлiп, сұрмергендi көрген киiктiң лағынша бүрсие түстiм. Ол түнерiп тұрып: — Спидтi бiлесiз бе? — деп сұрады.

Қуанып кеттiм! Әрi ит жыным қозды. Күнде радио, телеайна қақсап жатқан пәленi кiм бiлмейдi? Соны да сұрақ деп! Мен қасара түсіп:

— Оны… бiлем. Ол деген қазақша ұйықтап жатыр деген сөз, — дедiм.

— Масқара! — дедi кiлең месқарын қосыла дауыстап. Олардың дауыстарының бiрден шыққаны сондай, анада концерт залында көрген хор капелласындай боп көрiнiп кеттi.

— Жо-о-оқ, ұйықтап деген, — дедiм мен қасарыса түсіп.

— О қалай?

— Мынау… барып тұрған надандық қой!

— Сауатсыздық!

— Неге олай?

— Үйткенi… ұйықтасаң, яғни, ана қылмықын келiншектермен төсекте бiрге ұйықтап шықсаң… соның өзi боласың да қоясың, — дедiм мен қарқылдап. Тапқырлығыма қуанғаным сондай, жалма-жан блокнотымды алып, әлгi сөздi жазып қойдым. Баяғыда бiр жазушыдан соны көргенiм бар едi.

Месқарындар мен ашқарындар бiр бiрлерiне таңғала қарады. Көздерiнде күдiк бар. Сол жерде олардың бiрi тұрып:

— Бұл оны қайдан бiледi? Шамасы, тәжiрибесi бар болды ғой. Жолдастар, осының өзi… нақ сол емес пе екен? — деп, күдiк айтты.

— Болса болар!

— Тақылдауы сұмдық!

— Шынында да, бұл оны қайдан бiледi?

— Өзiмiз оны бiлмейтiндей… моральдық жақтан азып-тозып, әйел тастап жүрген жоқпыз, — дедiм мен бастығымды қағытып. Ол жақында ғана он сегiздегi тоқал алған едi.

Бiр қу бастыққа жылмая қарап:

— Бұл бәрiмiздi әскәрбит етiп бiттi. Менiң ұсынысым… осыны тексерту керек, — дедi.

Сол екен, төбе шашым тiк тұрды. Тұрғанда бар ғой, басымдағы төбетейiм бiр көтерiлiп, бiр басылып, желпiлдеп тұрды. Қысылғанда қап-қара боп:

— Құдай сақтасын, — дедiм.

Сол арада басшы маған шыныменен спидтi көрiп тұрғандай бетiме тыжырына қарады да:

— Өзiң шыныңды айтшы. Еш сұраққа жауап бере алмадың. Сенi де Сәбеттiң инженерi дейдi. Өзiң бар дүниеден мақұрымсың ғой. Бұ қалай, а? — дедi.

Мен бiрдеңе деп мiңгiрлеген болдым.

— Шыныңды айтшы, сен осы өз орныңда отырсың ба? — дедi бастық тықақтап.

—Жоқ, — дедiм мен сол арада көз алдыма өзiм отырсам деген орын елестеп.

— Мiне, бұл рас, сен нағыз коммуниссiң, — дедi ол ащы жымиып. — Ендеше осы бойынша шешiм қабылдаймыз ғой, — деп, бастық месқарындар мен ашқарындарға телевизор камерасы сықылды жағалай қарады.

Олар жел соққан қамыстай бастарын шұлғысты:

— Оған не сөз бар?

— Дұр-р-рес!

— Кемшiлiгiн өзi мойнына алып отыр ғой!

Мен сол арада жан ұшырып:

— Жолдастар, мен өз орнымда отырмағанда… былай… мен бұл жұмысқа қызықпаймын, — дей берiп ем, бастық қабағынан қар жауып:

— Ендеше… қызығатын жұмысыңды тауып ал! — дедi.

— Ойбай-ау, мен оны қайдан табам? — дедiм мен дызақтап.

— Оны тауып беру бiздiң компетенциямызға жатпайды, — дедi бастық даусын көтерiп. — Жолдастар, сонымен бұл басы ашық шаруа болды ғой.

— Оған не сөз бар, — дедi басқалар гуiлдеп.

— Жолдастар, менi… басқа орынға… — Менiң даусым суық тигендей қарлығып әзер шықты.

— Не басқа?

— Ол, ол… былай… басқа орынға ауыстыру…

— Әйтеуiр, менiң орным емес пе? — дедi бастық “Ну, погодидегi” қоян көрген қасқырша күдiрейiп.

— Құдай сақтасын! — дедiм мен жан терiм шығып.

— Ендеше, жолдастар, мәселенiң басы ашық… есiк те ашық…

Мен сүйтiп аттестациядан өттiм. Өз орнымда отырмағандықтан менi қыз-келiншектердiң жұмысқа уақытысында келген-келмегенiн тексерушi етiп, қалыңдығы бес елi журналды қолыма ұстатып қойды. Келем, тексерем. Ақырам, бақырам. Айлық болса, жүріп жатыр. Түбiнде бiр өсетiн сияқтымын. Аттестацияның әлегiнен кейiн… әлгi чертеждарымды қиқа-миқа қылдым. Кәзiр ұйқым тиыш. Әйелiм де тиыш. Себебi ендi чертеж сызып, түн жарымына дейiн отырып алмай, уақытысында төсегiме жатам! Уақытысында душқа түсем. Бұ жағынан аттестациядан жақсы өттiм. Ендi бiр ұйқым тиыштала түсетiндей бiр қолайлы орынды iздеп жүрмiн. Шiркiн, соған апаратын тағы да бiр аттестация болса екен.

 
1987 жыл

2 680 қаралды