Бас бет » 1995-2009 жылдар, Өлеңдері

Бас, дейдi, құйрығымды, жатқан жылан…

Бас, дейдi, құйрығымды, жатқан жылан,
мен оны, баспаңдар, деп сақтандырам.
Шағады ол, баса қалсаң; ал баспасаң,
сен қусың оңтайлы бiр сәттi аңдыған.
 

Бiрақта бұл құйрықты көп басқандар,
ондайда табылмайды жақтас жандар.
Бойыңа у шымырлап тарағанда,
сап болар қу кеуiлiң көкке аспандар.
 

Сен дейсiң, кәдiрiмдi ел бiле ме нақ,
басады ұнжырғаңды бiр аламат.
Баз кешiп бұ дүниядан түңiлесiң,
көргенде досты тұрған күле қарап.
 

Содан соң… еш жерiң жоқ қашатұғын,
сұмдық у жанға бермек аса тыным.
Әлгi қу аман қалған бiлмейдi ертең
байқаусыз бұл құйрықты басатынын.
 

Ол дағы әлгi күйдi кешпек бастан,
оған да күлмек досты оспақтасқан.
Осылайша жалғасады құйрық басу,
ойдағы оңды iсiңдi бастатпастан.
 

Соларды көрiп тұрып, бұ не, деймiн,
осы ма көрмек күнi кiл өгейдiң?
Жампоздар жемi болып сұм жыланның,
кешпек пе қу тiрлiгiн шүрегейдiң?
 

Неге осы ақыл-ойдың берерi арық?
Тiзгiндi жылан неге келедi алып?
Қулығын сол құйрықтың байқаса да,
сенедi қалың сұмға неге халық?
 

Бұл кәзiр бүткiл дүния қасiретi,
құйрықты жатқан да бар басып өтiп.
Талай сұм айдаһарша құйрығы бар
жүр кәзiр жұртты алдауды кәсiп етiп.
 

Бұ, сiрә, сұм дағдырдың бұйрығы да,
кiм ырза оның мұндай сыйлығына?
…Алдыма дүрбi салып көп қараймын,
жыланның кез қылма деп құйрығына.
 

08.03.2002

1 873 қаралды