Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Қым-қуыт тiрлiк қайнаған…

Қым-қуыт тiрлiк қайнаған‚
дегенше аздап ойланам‚
бұрқылдай ағып барады‚
қалмашы қапы‚ әй‚ балам.
Айналаң толы дыр-думан‚
махаббат толы айналаң.
Тамыры терең теректей
жапырағы жасыл жайнаған
жассың ғой‚ кейбiр талабың
еркiңе ешбiр қоймаған.
Жолыңды кәзiр таппасаң‚
көбеймес малың байлаған.
Жолы мен жөнi қабыспай‚
талайдың соры қайнаған.
Қуаты бойдан қашқасын‚
сұңқылдап бәрi сайраған.
Жол таңдап табан аумастай‚
келмеске құтты қоймаған‚
белгiлi жерден бетi аумай‚
сыпалар сайман сайлаған.
Терiске түсiп табаны‚
тағдырмен оңбайды ойнаған.
Жастығың өтер жалт етiп‚
дегенше түптен ойланам.
Елу жас мiнсе еңсеңе‚
деу қиын дерттен бой бағам.
Ақылдың кенi азайып‚
көнерер кеулiң қайымаған.
Қызықсыз оның қалғаны‚
түзуi — сақтау бойды аман.
Соқпағы түсiп сан-саққа‚
саяқтар салған байбалам.
Осы бiр кезiң — оңды кез‚
құлшына құлақ қой маған.
Бағдарла барар бағытты‚
алғандай алтын жаймадан.
Ата-анаң тұр ғой артыңда‚
алдыңа қара‚ әй‚ балам!
 

05.01.1985

2 028 қаралды