Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Кезiмдi көп көргендей күркiреген…

Кезiмдi көп көргендей күркiреген
шаңына кеттi аунатып, шiркiн, өлең!
Қайғысыз қайран жастық қайыра келсе,
соныдан сөздi сомдап, сiлкiнер ем.
 

Ол бiрақ жолатпайды баяғыма,
сыңай бар ұқсар шайыр саяғына.
Тек бiр тау тал мойныма мiнген сынды,
бiр қойтас байланғандай аяғыма.
 

Жан-жағым… жалақтаған белсендi кiл,
ойымды он бөледi өңшең күбiр.
Бұл аздай, қойтас пен тау қабаттасып,
қайтадан көтертпестей еңсемдi бiр.
 

Кеуiлде жәнә кетер қапы бардай,
тiрлiгiм қара тұз боп татығандай.
Кеудемдi көтерейiн десем кейде,
қабырғам дәл түбiнен қақырардай.
 

Көтеру… Одан артық бар ма тiлек?
Бiр жанмын жыртығы көп, жортағы көп.
Жұбатам өзiмдi өзiм оңашада,
жампозға жүк ауырын артады деп.
 

Дегенмен дағдыр тартар сынақ қатты,
жанымнан жақсы, жаман жырақтапты.
Көтерем қара тауды мен түбiнде,
қойтасқа табанымды тiреп қатты.
 

05.01.1984

1 067 қаралды