Бас бет » Аудармалары

ГИ де Мопассан. Қожайынның қылығы

Жорж Кервелен өз әңгiмесiн:

— Мен ол кездерi Париждегi Әулие әкейлер көшесiнде орналасқан‚ төсек-аяғы дайындалып қойылған бiр үйде тұрып жаттым‚ — деп бастады.

Бiрде менiң әке-шешем менi заң маманы болсын деп Парижге оқуға жiберсек кәйтедi деп‚ әр түрлi шаруа жөнiн айтып‚ өзара ұзақ кеңестi. Ақырында екеуi менiң бiр жылға жұмсайтын қаражатымды екi мың бес жүз франк шамасында  болсын деп келiстi. Сол арада сарыуайым шешем әлденеден қауiп илеп‚ әкеме:

— Егер де ол бұл ақшаны көр-жерге жұмсап‚ дұрыстап тамақ iшпейтiн болса‚ онда оның денсаушылығы бұзылады. Оны айтпағанда‚ бас еркi өзiне тиген жас үлкен қалада не iстемейдi? — деп өз күдiгiн бiлдiрдi.

Содан кейiн олар отбасылы кiсiлер тұратын‚ әрi қолайлы‚ әрi ортақол‚ әрi айлық ақысын өздерi ай сайын кеп төлеп тұратын пансионды iздеп табуға кiрiсiп кеттi.

Мен бұған дейiн өмiрi Кемперден ұзап шықпаған едiм. Ол кездерi мен де‚ өз қатарларым сықылды‚ жастық шақтың бар қызығы мен шыжығын  барынша көрсем‚ оның дәмiн татсам‚ не хикаяны бастан кешсем деп армандайтын едiм.

Әке-шешем көршiлерден сұрастыра жүрiп‚ ақыры жабдықталған бөлменi жалға беретiн‚ бiздiң жерлесiмiз Кергаран дейтiн әйелдi iздеп тапты.

Әкем әлгi дәулеттi әйелге хат жазып хабарласып‚ бар шаруаға келiскеннен кейiн‚ мен бiр күнi кешкiлiк шамаданымды көтерiп‚ әлгi әйелдiң үйiне келдiм.

Кергаран қырықты алқымдап қалған‚ өте шамадан тыс толысып кеткен‚ әскерге жаңа алынған бозбалаларды үйрететiн капитанның даусындай даусы бақырап шығатын‚ бар шаруаны бiр сөзбен үзiлдi-кесiлдi етiп тындыра салатындай боп сөйлейтiн балпанақтай әйел екен. Оның әр қабатта орналасқан бөлмелерiнiң терезелерi  көше жаққа қарайтын енi қуықтай тар жайы асты-үстiлi мiнгескен пәтерлерден құралған баспалдақ сықылды боп көрiнедi. Тiпте оны екi үлкен тамның арасындағы тар қуысқа сығыстырып сала салған үлкен жайдың бiр жағы десе де болғандай.

Оның екiншi қабатында қожайын қатын өзiнiң қызметшiсiмен бiрге тұрады екен; үшiншi қабатта ас пiсiрiлiп‚ тамақ iшiледi; төртiншi‚ бесiншi қабатта төрт бретондық пенсионер тұрады. Маған алтыншы қабаттағы екi бөлме бұйырды.

Штопормен бекiтiлген‚ үнемi қара көлеңкеленiп тұратын баспалдақтың бiр басы мен жайғасқан бөлмедегi мансардаға барып тiреледi. Қожайын Кергаран күнi бойы ешбiр демалмастан‚ кемедегi бимаза капитан сықылды‚ қызметшiлерiне әр түрлi бұйрық берiп‚ осы баспалдақпен бiресе жоғары көтерiледi‚ бiресе төмен түседi. Ол ұзақты күнге әр бөлмеге он рет кiрiп‚ он рет шығып‚ онда төсектердiң дұрыс салынған-салынбағанын‚ көйлектердiң қалай жуылғанын‚ тұрғын кiсiлердiң күтiмiнде кеткен кемшiлiктiң бар-жоқтығын тексерiп‚ айғайлай сөйлеп‚ әр түрлi бұйрық берiп‚ барлық кiсiнi қатаң бақылауға алып жүредi. Оның бұл кейпiнен тұрғын кiсiлерге өздерiнiң шешелерiнен де бетер қамқор болып жүретiндiгi анық аңғарылады.

Мен көп өтпей жатып осында тұратын әлгi төрт жерлес кiсiмен жақсылап танысып та үлгердiм. Олардың екеуi — медицина‚ қалған екеуi — хақ саласы боынша мамандық алмақшы боп оқып жатыр екен. Олар  қожайын қатынның умажына‚ қатал қысымына әбден көндiгiп кеткенге ұқсайды. Төртеуi де оны көргенде‚ күзетшiнi көрген ұрыша‚ әбден зәрезап болып бiткендей‚ мойындарын iштерiне тарта қалады.

Соны көрген менiң салған беттен-ақ жаратылысымда ешкiмнiң әмiрiне онша бой сұна қоймайтындығыма басып‚ бұл үйде еркiн тұрып‚ еркiн жүргiм келдi. Оның себебi бар‚ — Кергаран қатын қатаң тәртiп орнатып‚ түнгi сағат он екiден кейiн үйiне ешкiмдi кiргiзбейдi екен. Ал менiң оған көнгiм келмедi. Соны естiген қожайын әйел бiрде маған нұрлы көзiн тiкiрейте қадап тұрып:

— Бұл жарамайды. Сонда Аннета түнi бойы көз шырымын алмай‚ есiктi ашып-жауып жүре ме? Жо-о-қ‚ бұл болмайды! Оның үстiне түн жарымынан кейiн көше кезiп не iстейсiз? — дедi.

Мен тықақтап болмадым:

— Сударыня‚ сiз‚ заң бойынша‚ мен қай уақта келсем‚ сол уақта маған есiк ашуға тиiстiсiз. Егерде сiз есiк ашпайтын болсаңыз‚ онда мен полицияны шақырып‚ куә етем де‚ басқа бiр миманханаға барып түнеп шығам‚ ертеңiне қонғаным үшiн оларға беретiн жамбаспұлды сiзге төлетем. Бүйтуге менiң әбден хақым бар. Оған көнбесеңiз‚ менi пәтерiңiзден шығарып жiберiңiз‚ болмаса келген уағымда есiктi ашатын болыңыз. Сонымен‚ не олай‚ не бұлай. Ендiгi қалған жағы өзiңiзде.

Мен осы шартымды қойып тұрып‚ оның көзiне тiке қарап‚ оны келемеждегендей боп жорта күлдiм. Сол жерде аузын ашып‚ қатты сасып қалған ол менiмен бiр мәмiлеге келмек болып едi‚ оған мен көнбей қойдым. Ақыры әйел жеңiлдi. Сонымен ол ешкiм бiлмейтiн болсын деп‚ менiң уәдемдi алып‚ маған түнде кештеу келгенде есiк ашатын басы артық кiлтiн бердi.

Менiң осы табандылығым қожайын қатынға қатты әсер еттi-ау деймiн‚ ол содан бастап маған өзiнiң iштартатындығын‚ онша кетәрi еместiгiн ашықтан-ашық көрсетiп те жүрдi. Бiрде маған бiр түрлi қамқорлық жасаған боп‚ сақтана әдеппен сөйлеп‚ жылы ұшырай қарайтынды шығарды‚ тiпте ол бiрде маған қолапайсыздау түрде бiр түрлi мейiрлене де қарады. Әрине‚ мен онысын iштей ұнатып та қалдым. Бiрде кеуiлiмнiң көтерiңкi бiр кезiнде мен оны  ойламаған тұста кенеттен бетiнен шөп еткiзiп сүйiп алып ем‚ ол дереу менi добалдай алақанымен жағымнан тартып жiбердi. Мен дереу басымды бұға қалдым‚ оның жұмсаған шапалағы үстiмнен оқша ысқырып өте шыққанда‚ мен ауыш   кiсiше қарқылдай күлiп‚ қаша жөнелдiм. Ол болса менiң соңымнан қарап тұрып:

— Өй‚ оңбаған‚ оңбаған! Тұра тұр‚ сенi ме бәлем!? — деп айғайлады.

Содан бастап бiз шынымен достасып кеттiк.

Бiрде көшеде қыдырыстап жүрiп‚ мен бiр дүкенде сатушы боп iстейтiн жас қызбен танысып қалдым.

Сiз осы Париждегi ашыналардың бастарынан қандай хикаялардың өтетiндiгiн бiлесiз бе? Мәселен‚ сiз бiр сәттi күнi университетке бара жатып‚ өзiнiң құрбысымен қолтықтасып‚ сейiлдеп жүрген‚ басына қалпақ кимеген жап-жас науша қызбен кездесiп қалдыңыз дейiк.  Сiздiң оған көзiңiз оның көзiне тұп-тура түсе қалған бойда‚ кенеттен жаныңызда бимәлiм бiр нәрсенiң түрткiлеп‚ ояна қалғанын анық сезесiз. Ол өзi әйелдiң саған қараған сәтiнде ететiн әсерi сықылды тосын бiрдеме. Өмiрдiң ең бiр қызығы да осы  — адамның бiр бiрiмен ойда-жоқта ұшырасып қалғанда кенеттен ояна қалатын‚ бiр бiрiне деген ықылас-ниетiнде‚ өзара ұнауға тырысуында‚ әлгi өзiңе ұау үшiн жаратылғандай аса жақсы көретiн әзиз жанмен кездескен сәтте оған құлай берiлiп‚ оны әдемi бiр сыпайылықпен‚ еппенен арбай бiлуiңде жатыр. Сен оны өлiп-өшiп жақсы көресiң бе‚ жоқ па‚ — ол саған бәрi бiр емес пе? Оның затында әзәлда сенiң жаратылысыңда бар құпия бiр сүйiспеншiлiгiңдi қалайтын бiрдеме болады. Сiз бiр көргеннен-ақ оның түрi-түсiн‚ ернiн‚ шашын‚ күлкiсiн бiрден есiңiзде сақтап‚ оларға ерiксiз арбалып‚ кеудеңiздi тәттi де тамаша бiр қуаныштың керней қалғанын айқын аңғарасыз‚ сол сәтте осы бiр битаныс әйелге деген жаныңызда кенеттен ояна қалған әлi де күңгiрттеу бiр мейiр-ықыласты‚ тұла бойыңызға орнай қалған рахат бiр әсердi анық сезесiз. Сол кезде өзiңiздi еркiңiзге қоймай‚  өзiне қарай қызықтырып тарта жөнелген бiр құдiреттi күш пайда болғандай  боп көрiнедi; сол кезде сiз онымен атам заманнан берi таныс кiсiдей‚ тiпте оның не ойлап не қоятынына дейiн бiлетiн адамдай боп та сияқтанасыз.

Келесi күнi‚ дәл сол сағатта сiз тағы да әлгi көшенi бойлай сейiлдеп жүресiз. Сiз оны тағы да кездестiрiп қаласыз. Келесi күнi де‚ одан кейiнгi күндерi де дәл осылай болады. Соның ақырында онымен ерiксiз тiлдесiп қаласыз. Сүйтiп ойда-жоқта пайда болған ауру сықылды сүйiспеншiлiктiң бiр қызық шырғалаңы өз-өзiнен‚ өз ретiмен басталады да кетедi.

Сонымен‚ үшiншi аптаның аяғына таман кездескен кезде‚ мен де‚  Эмма да не күнәдан да тайынбайтындай халге жеткен  едiк. Егерде ол кездерi мен әйелдермен оңашалап қай жерде кездесу керектiгiн жақсы бiлген болсам‚ ол күнәнiң бұдан бұрын да басталып кетуi мүмкiн де едi. Оның үстiне әлге дейiн әке-шешесiмен бiрге тұратын ол менiң жасауы дайындалып қойылған бөлмеме барудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Содан бастап менiң оны қалай қапысын тауып‚ қолға түсiрсем деп басым қатты. Ақыры нар тәуекелге бел буып‚ кеш батысымен  ел жата түнгi сағат он бiрлердiң шамасында‚ бiр шыныаяқ кофе iшейiк дегендi сылтауратып‚ менiң оны қалайда өз бөлмеме әкелгiм келiп кеттi. Оның себебi жоқ та емес‚ — қожайын әйел Кергаран сағат онда жатып қалады. Демек қалтамдағы өз кiлтiммен есiктi еш сыбдырсыз ашып‚ ешкiмнiң көзiне түспей‚ бөлмеме кiруiмiзге де‚ содан бiр сағат өткесiн‚ ешкiмге көрiнбей‚ бөлмеден ептеп шығып кетуiмiзге де болады.

Менiң осы ұсынысыма Эмма алғашқыда қарсы болса да‚ мен қайта-қайта жалынғандай боп өтiне бергенен кейiн‚ ақырында қинала отырып келiстi.

Сол күнi уақыт деген мүлдем өтiп болмады. Және өзiмнiң де бiр түрлi мазам қаша бердi. Мен iштей мұндайда ойламаған жерде туа қалатын дау-дамайдан‚ шатақтан‚ ұятқа қалдыратын бiр жағдайдан қатты қорықтым. Ақыры кеш те болды. Мен үйден шығып‚ ресторанға кiрiп‚ батылданып алайын деп бiр шыныяақ кофе iшiп‚ бес рюмка шарапты бiрден сылқита тартып алдым. Содан кейiн барып Сен-Мишель деген бау-баққа барып‚ сейiлдеп‚ әрлi-берлi жүре бастадым. Бiраздан кейiн сағаттың әуелi он‚ одан кейiн сағат он бiр жарым болғанын бiлдiрiп‚ қоңырау соққанын естiдiм. Естiген бойда-ақ кездесуге уәде қылған жерге қарай асықпай жүрiп кеттiм. Уәделi жерге келсем‚ қыз менi күтiп тұр екен. Ол менi қолтығымнан жәйiмен‚ наздана ұстады. Бiз асықпай жүрiп отырып‚ менiң пәтерiме қарай беттедiк. Оған жақындаған сайын мен бiр түрлi боп мазасыздана бастадым. Сол сәт iшiмнен: “Кергаран жатып қалса екен”‚ — деп тiледiм.

Сол арада Эммаға:

— Баспалдақпен көтерiлiп келе жатқанда‚ сыбдырымызды бiлдiрмесек болды‚ — дегендi қайталап‚ бiрнеше рет айтып та үлгердiм.

Эмма маған қарап:

— Сiз осы бiздiң сыбысымызды жұрт естiп қояр деп неге соншама қорқасыз? — деп күлдi.

— Жоға‚ о не дегенiңiз? Мен жәй әшейiн көршiмдi оятып алмасақ деймiн. Ол өзi… қатты сырқат…

Ақыры Әулие әкейлердiң атындағы көшеге де келдiк. Үйге жақындаған сайын менiң жанымда‚ тiсiңдi жұлдыруға барғанда қалай қорықсаңыз‚ дәл сондай бiр қорқыныш пайда болды. Бiз келгенде‚ үйдiң барлық шамы сөнiп‚ терезелерi қараңғыланып тұр екен. Шамасы‚ жұрт ұйықтап қалған. Мен сол сәт қызға бiлдiрмей‚ демiмдi уһ деп бiр-ақ алдым. Сосын кәнiгi ұрылар құсап‚ аса бiр сақтықпен есiктi абайлап аштым да‚ қызды iшке кiргiзiп ап‚ есiктi қайта жаптым‚ содан соң дымымды сездiрмей‚ баспалдақпен ақырын жоғары көтерiлiп барып‚ қыз қараңғыда бiрдемеге сүрiнiп кетпесiн деп‚ балауыз шамдарды бiрiнен соң бiрiн жақтым.

Мен қожайын әйел жататын бөлменiң тұсынан өткен кезде тұла бойымның бiр түрлi боп қалтырап кеткенiн сездiм. Бiрақ сыр бермей‚ өзiмдi өзiм зорлап бастым. Содан жанымызды шүберекке түйген қалпымызбен үшiншi‚ одан төртiншi‚ одан барып бесiншi қабатқа әзер дегенде көтерiлдiк. Мен өз бөлмемнiң есiгiн аштым. Бұл өзi нағылса да сәттi аяқталған шаруа болды!

Мен сонда да қаттырақ сөйлеуден қорқып‚ ешқандай да сыбысымызды бiлдiрмейiн деп‚ бәтеңкемдi ақырын шештiм. Содан спиртовкада қайнатылған шәйдi комодтың бiр қалқасында отырып iштiк. Содан кейiн мен бiр түрлi батылданып кетiп… бара-бара тiптен батылданып‚ ойын ойнаған сықылды боп‚ оның қып-қызыл боп‚ ұялып‚ күнәға бататын ең бiр қатерлi‚ ең бiр қызық сәттi кейiнге қарай шегере тұрғысы келгендей қарсылық көрсеткенiне қарамастан‚  үстiне киген киiмнiң бәрiн бiрiнен соң бiрiн сыпырып шеше бастадым.

Ақыры оның үстiнде етегi қысқа келген юбкасы ғана қалды. Дәл осы сәтте үстiне дәл осындай лыпасы бар‚ қолына шырағдан ұстаған Кергаранның үстiмiзге баса-көктеп кiрiп келмесi бар ма?

Аяқ астында сасып қалған мен Эмманың жанынан былай атқып шыға келдiм де‚ осы кезде бiр бiрiне бақырая қарап қалған екi әйелге үрейлене көз тастадым. Құдай тас төбеден қос қолдап ұрды деген нақ осы емес пе?

Қожайын әйел бұрын мен байқай қоймаған бiр менсiнбеген түрмен‚ шекесiнен қарап‚ баптана сөйлеп:

— Кервелен мырза‚ мен үйiме көшедегi қайдағы бiр сайқалдардың баса-көктеп кiрген азарына еш те көнбеймiн‚ — дедi.

Мен болсам дыбдырлап:

— О не дегенiңiз‚ Кергаран ханым? Мына мадмуазель менiң жәй танысым ғана‚ ол ешқандай да сайқал емес. Оны жәй шәй iшейiк деп шақырып ем… — деген болдым.

Балпанақтай әйел онымды құлағына да қыстырмай:

— Шәйдi кiсi тырдай жалаңаштанып отырып iше ме екен? Сен кiмдi ақымақ көрiп тұрсың‚ а? Кәне‚ мына сайқалдың көзiн құрт‚ — дедi.

Сол арада қатты сасып қалған Эмма юбкасының етегiмен бетiн басып‚ солқылдап жылап жiбердi. Мен болсам не iстерiмдi бiлмей‚ қатты сасып тұрмын.

Қожайын әйел ендi маған бұйыра сөйлеп:

— Мадмузаельдi тез киiндiрiңiз де‚ шығарып салыңыз‚ — дедi.

Мен басқаша iстейтiн бiр де бiр амалым қалмағанын бiлiп‚ дереу паркеттiң үстiнде жарылған шар сықылды боп жайылып жатқан көйлектi ала сап‚  қыздың басына кигiздiм де‚  оның бүрмелерiн жөндеп тартып‚ түймелерiн асып-сасып сала бастадым. Қыз болса жылай отырып‚ есi шыға‚ қолы қалтырап‚ бау мен түйменi шатастырып‚ асыға-үсiге киiндi. Кергаран болса‚  тәртiп қоритын сақшыдай түнерген бiр маңғаз түрмен‚ қолына шырағданды ұстаған қалпы мыңқ етпей тұра бердi.

Эмма кенет тез-тез қимылдай бастады. Ол қашқысы келген кiсiше тез қимылдап‚ қолына iлiккен киiмдерiн қалай болса солай үстiне тез-тез кидi‚ белбауларын тез байлады‚ түйреуiштерiн тездете қадады‚ жiптерiн тез өткiздi‚ сосын бәтеңкесiнiң бауын байлауға да қарамай‚ қожайын әйелдiң жанынан зулап өте шығып‚ баспалдақпен тездетiп төмен түсе бастады. Мен жартылай шешiнген түрiме‚ түнде киетiн туфлишең екендiгiме қарамастан:

— Мадмуазель‚ мадмуазель‚ тоқтай тұрыңыз‚ — деп оның соңынан жүгiрдiм.

Мен осы жерде оған бiрдеңе деу керектiгiн сездiм‚ бiрақ аузыма сөз жөндеп түспей-ақ қойды. Мен оны қақпаның шыға берiсiнде қуып жетiп‚ қолынан ұстай алып ем‚ ол қолын тартып алып‚ менi қатты итерiп жiбердi де‚ жыламсыраған дауыспен:

— Кетiңiз… кетiңiз… жаныма жоламаңыз‚ — дедi.

Сосын ол қақпаның есiгiн сарт еткiзiп жаба сап‚ көшеге атқып шықты.

Мен амалсыз керi қайттым. Iшке кiргесiн‚ екiншi қабатта Кергаранның тұрғанын көрiп‚ неге болса да қайыл түрмен‚ басқышпен ақырындап жоғары қарай көтерiле бастадым.

Қожайын әйел жататын бөлменiң есiгi ашық тұр екен. Ол маған сұрлана қарап‚ даусын қатайтып:

— Кервелен мырза‚ менiң сiзбен дұрыстап сөйлесуiм керек‚ — деп менi өз бөлмесiне шақырды.

Мен басым салбыраған қалпы оның жанынан өтiп‚ бөлмеге кiрдiм. Әйел де iшке енiп‚ қолындағы шырағданды каминнiң үстiне қоя салды да‚ жұқа тылтиған ақ кофта шала-пұла жауып тұрған кереқаптай омырауына екi қолын айқастырып тұрып:

— Сiз де осындай ма едiңiз‚ Кервелен мырза‚ а? Сiз немене менiң үйiмдi жәлепхана көресiз бе? — дедi.

Мен оның жүзiне тура қарай алмай‚ қатты ыңғайсызданып тұрып:

— Жоға‚ неге олай дейсiз‚ Кергаран ханым? Ондай ойымда да жоқ. Сосын… соншама ашуланатындай… мұнда тұрған не бар өзi? Жас кезде не болып не қоймайды?

Ол сөздi шорт кестi:

— Мен оны жақсы бiлем‚ бiрақ әлгiндей малдар менiң үйiмнiң босағасынан екiншiгәрi аттамайтын болсын. Естiп тұрсыз ба‚ а? Мен өз үйiмнiң абыройын ешкiмге төктiрмеймiн де‚ ешкiмге өзiмдi басындырмаймын да. Естiп тұрсыз ба? Менiң бiлетiнiм…

Ол “өз үйiнiң” абыройлы екендiгiн қайта-қайта баса айтып‚ менi әбден тұқыртып алғысы кеп‚ өз ашуының орынды екендiгiне мың-сан дәлел келтiре отырып‚ жиырма минуттан аса уақыт бойы кiжiне‚ қызына сөйледi.

Ал мен болсам‚ — осы еркек атаулыны хайуан деген сөз ып-ырас‚ — оның сөзiн тыңдаудың орнына‚ әйелдiң үстi-басына қарай бастадым. Сол арада оның бiр сөзiн де естiген жоқпын. Мына батыл да сотанақтау әйелдiң қуатты да серпiндi‚ әппақ әрi толық‚ аздау семiздеу келген кең кеудесi соншалықты тамаша‚ кiсiнiң аңсарын өзiне аударатындай әсем екен. Соны көрiп‚ тұла бойым дiр ете түскендей болды. Мен бұған дейiн  қожайын әйелдiң үнемi киiп жүретiн жүн көйлегiнiң әр жағында мынадай сұп-сұлу бәдәнның жасырынып жатқандығын аңғармаған да едiм. Ендi кәзiр өңiрi ашық‚ етегi шолақ тылтиған көйлек киген ол маған кенеттен он жасқа жасарып кеткендей боп көрiндi. Соған қарап тұрып‚ мен өзiме не болғанын бiлмей‚ бiр түрлi абыржи толқып‚ бiр қызарып‚ бiр сұрлана бастағанымды аңғардым. Сол сәтте жаңа ғана осыдан ширек сағат бұрын өз бөлмемде басымнан кешкен бiр ерекше күйдi қайтадан кеше бастадым.

Сол арада қожайын әйелдiң әр жағында тұрған керуетке көзiм түсе кеттi. Жамылғы көрпесiнiң бiр шетi аздап ысырыла ашылып қалған төсектiң үстiне жабылған ақ жайманың ойылып қалған тұсын көрiп‚ содан жаңада ғана жатып тұрған әйел денесiнiң салмағының қандай екенiн шамалағандай болдым. Сол арада мына төсекте жату‚ басқа төсектерге қарағанда‚ өте жайлы‚ өте жылы‚ өте қолайлы-ау деген бiр ой басыма шапты. Сонда ол неге соншама жып-жылы болмақ? Мен оның себебiн әлгi төсекте мынадай қуатты бәдәнның жатқандығына байланысты шығар деп бiлдiм.

Оның үстiне мына дүнияда еркек атаулыға мыж-мыжы шыққан төсектен артық қатты әсер ететiн не нәрсе бар өзi? Мына төсектiң түрi маған ерекше боп көрiнiп‚ мас болғандай басымды айналдырып‚ тұла бойымды аздап бiр түрлi дiрiлдетiп жiбергендей болды.

Кергаран ханым болса‚ әлi сайрап тұр! Ақыры ол сабырына түсiп‚ барлық кiнәмдi кешетiндей ыңғай көрсетiп‚ маған бiр түрлi боп мейiрлене қарады.

Мен болсам:

— Тыңдаңызшы… тыңдаңызшы… Кергаран ханым‚ тыңдаңызшы дейiм… — деп‚ бiрдеңелердi мiңгiрлей бердiм.

Ақыры ол менi ендi не дер екен дегендей үнiн өшiрiп‚ тоқтай қалды. Дәл осы сәтте мен оны қос қолыммен қапсыра құшақтай алып‚ бет-аузынан ал кеп шолпылдатып сүйейiн! Сүйгенде‚ қалай сүйдiм десеңiзшi! Оған аш масаша қадалып‚ көзiм қарауытып кетiп‚ шолпылдатып  сүйе бердiм‚ сүйе бердiм…

Ол болса басын екi жаққа кезек-кезек бұрып‚ онша қатты ашуланбай‚ менi керi итерген боп:

—Өй‚ оңбаған бұзақы… оңбаған‚ оңбағ…‚ — деп‚ үйреншiктi сөздерiн қалай болса солай қайталап айта бердi.

Мен сол сәтте соңғы сөзiн толық айтуға мұршасын келтiрмей‚ оны жерден көтерiп ала сап‚ қатты қысқан бойы төсекке қарай беттедiм. Қандай кiсiнiң де осындай кездерi аса қайраттанып кететiнi ып-рас‚ сол арада мен де сүйттiм.

Мен керуеттiң шетiне жете берiп‚ оны умаждалып қалған төсекке алып ұрдым да‚ дереу шалқалата жыға сап‚ тырп етуге шамасын келтiрмей‚ тездетiп үстiне қона түстiм…

Шынында мына төсек жып-жылы‚ өте жайлы екен.

Бiр сағаттан соң өлiмсiрей жанып тұрған шырағдан майы таусылып өшiп қалды. Сол арада қожайын қатын орнынан түрегеп барып‚ басқа шырағданды жақты да‚ iзiнше менiң қасыма кеп жатып‚ топ-толық жуан санын менiң шидей саныма салып жiберiп‚ бiр түрлi иi қанғанын‚ әбден ырза болғандығын бiлдiргендей назданған дауыспен:

—Өй‚ оңбаған‚ оңбаған! — дедi.

2 397 қаралды