Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Қол сұқпа қызталақтың дағдырына…

Қол сұқпа қызталақтың дағдырына,
кiмге айқын жүрер соқпақ, бар құбыла?
Қу тiрлiк жыл айналып қайта келер
сәуiрдiң сел боп төгер жаңбыры ма?
 

Ол жолда көп емес пе аптап деген,
ереже ерсi емес пе таппақ деген?
Жортуға неге тиiс жампоз жастар
баяғы бұдыры жоқ соқпақпенен?
 

Әгәрдә болса ескiге табынған ол,
не iстемек тап боп қалса залымға зор?
Ұжмаққа ұлысыңды апарар ма
бұрыннан белгiленiп салынған жол?
 

Осыны қолдасын не қолдамасын, —
не iрiккен алдағының арда басын?
Таппасқа ұрпақ неге тыңнан жықпыл,
таппасқа ұрпақ неге жол жаңасын?
 

Солайша етпеп пе едiң сен де кеше?
Ескiнi итермеп пе ең ентелесе?
Жүргенше кең далада қаңбақ болып,
қалған жөн демеп пе едiң жертөледе?
 

Әлде бұл жол ма келген iлгерiден?
Жол сiлтей алады ма кiм көрiнген?
Неге, деп, бар ма бiзде түйген сабақ,
жайылып жастың шетте жүргенiнен?
 

Үнсiзсiң. Көзiң мүлде кеттi аларып,
ажарға ашу шапты көп қабарып.
Айтшы өзiң, дұрыс па осы жорта беру
мiнәлап, кейiнгiнi бетке қағып?
 

Сенiң де шулы емес пе сырттан күнiң?
Осы ма тiрлiк парқын ұққандығың?
Өзгерту ел дағдырын оңай ма екен,
оңай ма күрт өзгерту жұрт дағдырын?
 

Мұндайда қызыл өңеш дау нөсерлер,
арқасын сүйеп болар жауға есерлер.
Халықты қойша қуып, серке болып,
салмап па ед не бүлiктi әумесерлер?
 

Сондайда кiм тобырдан жеке шықты?
Кезiнiң, дейдi-ау, оның етi өсiптi!
Халықтың қой болатын қалпы қызық
аңғармас алдап кетер текешiктi.
 

Олардың сен көнбесең мұндайына,
демейсiң неге ондайға, жүр жайыңа.
Керiсiнше көсем болмақ бар ниетiң,
бар жұртты байлап қойып ыңғайыңа.
 

Осындай талапкердiң мыңы болған,
олар да ожарсынған, ыңыранған.
Топыраш тұлпармын деп тепсiнсе де,
талаптың мұндай тайыз түбi жалған.
 

Сол рас. Тартқан талай дарақы шау.
қалмаған қалықпан да қанаты сау.
Жол осы. Тұсау салып қол сұғуға,
дайындап жөн отырған… жаңа тұсау.
 

24.02.1980

2 096 қаралды