Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Жақсы сөз жампоздардан жүрсең де естiп…

Жақсы сөз жампоздардан жүрсең де естiп,
жегiдей жейдi жанды бiр сенбестiк.
Бiр шешен тарихыңа тағып айып,
сайрайды қос танауы таңырайып.
 

Екiншi… ұнамасты талқандайды,
бастықты, дейдi, жаудан жалтармайды.
Үшiншi… төртiншi… оның көп барлығы,
талмайды жағы сөздi соққанда iрi.
 

Заманды барлығы да түзеймiз деп,
сақалын кемойлының күзеймiз деп,
жампаңдап жиналыста жосылады,
көргенде, соны жаным шошынады.
 

Не бiр сұм сағатпенен санасқандар,
шортанмен шаян болып жарасқандар,
өзiнiң қарамайтын өрiсiне,
шамалы түскенге ырза шөмiшiне,
 

жағынып жәлләдтарға, жол алғандар,
ұрлық қып, аяғыңа оралғандар,
қанiшер қанжар салмай iшер қанды
шерi деп, ерге салар мыс арқанды,
 

жүйрiккке қиянат қып тұрар мықты,
көп айтып «жұбандықты», «қуандықты»,
келiннiң қол салғанын төсегiне,
қалғанын кiлең қудың өсегiне,
 

бiлетiн перiлiк деп, серiлiк деп,
сөйлейтiн көп көзiнше керiлiп көп
қуларды көрсем де есiтiп, жүрсем де естiп,
кiредi кеулiме кеп бiр сенбестiк.
 

Қарасам мен солардың көздерiне,
көргендей болам кептi өзге мүлде!
Көздерiн өтiрiк олар боталатқан
бiр сиқыр беттерiне опа жаққан.
 

Келгенде шынды айтуға жалтарады,
жалбақтап, жалғанды айтып… мал табады.
Құрсын жүз, құрсын тайпа, құрсын ру,
дейдi де, басылғасын зыр жүгiру,
келместен Сырдың суы жұлығына,
басады баяғы ескi қылығына.
 

Алысқа кей жиында сiлтейдi «алып»,
айтқанынан кетедi тез сырт айналып.
Сөзiне, алдадым деп, нанғандарын
бiлмейдi ол өзiнiң алданғанын.
 

Күнәсiн ондайлардың келiмi келген
айтатын аузым кәзiр желiмделген.
Етпей ме ертең мұным мүлдем кештiк?
…Жанымда жүр жегiдей бiр сенбестiк.
 

29.12.1980

1 927 қаралды