Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Тұяғын тұлпар емен тас қақпаған…

Тұяғын тұлпар емен тас қақпаған,
жәнә дә азбан емен асқақтаған.
Сонда да жас кезiмде жанымды елтiп,
бiр үлкен қонған едi мақсат маған.
 

Шiркiндi қуып келем содан берi,
аңғардым қуа-қуа көп әр ненi.
Көмбесi мақсаттың да көрiндi ақыр,
көрiндi қиялдың да барар жерi.
 

Бойыма байқасам да боларды шақ,
тiрлiкте ашпады ешкiм маған құшақ.
Жәлләдпен жампаңдасып жарасқан ит
сияқты қапияда салар пышақ.
 

Соны ойлап, кейбiр кезде сүрiнгенiм,
сырына оның бiрақ үңiлмедiм.
Әйтеуiр, бұ тiрлiктен түңiлмедiм,
сыйынып Аллаға, iштей күбiрледiм.
 

Күш жинап, мақсатыма тағы ұмтылдым,
жығылдым, қайта тұрдым, сабыр қылдым.
«Нұр жауар талаптыға» дегендi еске ап,
ойладым жарылқар деп тәңiр бiр күн.
 

Iске аспас кейде мұным далбасадай,
өмiрi жүрген жөн бе қол босамай?
Алдырмас алтайыны қуа беру
парыз боп жаралған ба әлде солай?
 

Қызық па сүйткенде әлде өткен күндер,
бар ма адам қызғылықты көп көрдiм дер?
Тiрлiкке бұ бәндәда тойған бар ма,
мақсатқа бұ дүнияда жеткен кiмдер?
 

Дүния өткен кездi қайталар ма,
бектiгiң бишараға байқалар ма?
Жеттiм деп мақсатыма Наушаруан,
Дара мен хакiм Лұқман айта алар ма?
 

Бiлмеймiн, жоқ қашанда оны көрген,
мақсатын жоқ қуғанға емiренген.
Мақсатсыз күн көргендер — бақытты әр кез,
қор боп жүр мақсат қуып, тебiренген.
 

Ашиды бүгiндерi соған жаным,
соған сай ылайық-ау бола алғаным.
Мың күндiк мақсат артық бiр күнгiден,
iске асса, соным мүлдем жоқ арманым…
 

25.12.1980

2 078 қаралды