Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Кiм жеткен жықпылына бұл тiрлiктiң…

Кiм жеткен жықпылына бұл тiрлiктiң?
Мен мыңын, сәттi жайдың, қырқын күттiм.
Басымды бисаяси тасқа соғып,
айрылдым бiразынан мүмкiндiктiң.
 

Кей кезде болатындай бiр күнде алып,
сөйлейтiн кердемсiнiп, мың бұлданып,
жылмиған бет-ауызы жолдастардың
шақырған шатағына жүрдiм барып.
 

Ақыры… Айтуға оны бармайды аузым,
дәндеймiн алған аршып, жармай қауызын.
Аңласам, өн бойыңнан кетпейтiндей
жас кезде жалындаған алдайды-ау жын!
 

Бiлгесiн соны, ақыры сан соқтым мен,
айрылдым алданам деп қанша екпiннен?!
Жаман-ау, расында сұм өкiнiш
тiстелеп бас бармақты қалсақ мүлдем.
 

Сол үшiн не мiнезден кетiп iрi,
бас баққыш, болсам деймiн, етi тiрi.
Тiрлiкке етi тiрiлiк ұласқасын,
жарамсақ жолдастардың не құбылы
 

жаныма жүрмейдi ме өзi келiп,
демей ме, бiздер бекер безiп едiк.
Балалар бiрақ сонда не болады,
тұрғасын тексiздiктi көзi көрiп?
 

Кейiннен ашпай ма олар сырымызды,
кемiтiп қарамай ма құнымызды?
Бiз неге қаты ұялып iшiмiзден,
алашқа айта алмаймыз шынымызды?
 

Кiнәлi тiрлiк пе екен әлде соған,
күнә ма шаруамыз бар жасаған?
Түбiнде азамат боп жарыта ма,
асылын адамизаттың алмаса адам?
 

Бiз неге ұмытамыз мұны бүгiн?
Қылмысын ашты кәзiр кiм ұрының?
Жәләбқа кiм көрсеттi жұдырығын,
жасайды етi тiрi неге тiрiлiгiн?
 

Бiлмедiм. Бiр кәтелiк жасап алып,
кеттi ендi қиындықтан шаш ағарып.
Байқамай қалған екем бiр жықпылды,
етекте жүрмiн десем бәсе нағып?
 

Үлгерген сұмға жасап саудасын да,
менен кем жүр бүгiнде тау басында.
Қай жерiм кем едi одан, неге мәңгi
жүрмекпiн көк базардың ауласында?
 

Болмайды! Тырысамын ендi мен де,
ақылгөй, жат құлаққа, әңгiмең де.
Қолымнан кеуiш қою келе алады,
мен дағы жұғыса алам нәрлi жерге.
 

Әрине, емес мұным шегiнгенiм,
сәтiм көп жеңiлетiн менiң де мың.
Iнiшек, айып көрме бұ бұйқытты,
бар сенiң не көргенiң, не бiлгенiң?
 

Бiр гәбiң, не десең де, тасада бар,
шаруасын жұрт тасада жасап алар.
Тiрлiкте туралықпен жүрем десең,
құларсың, қиналарсың, шаш ағарар.
 

Сөзiмдi түсiнерсiң сонда барып,
жасадым, дерсiң бiрде, мен балалық.
Келмек жоқ екi айналып бұ дүнияға,
бишара болмақ кеше көрген алып.
 

Бiр бұйрық бәндәларды тiрестiрген,
болмайды әдәләтты үлес мүлдем.
Қай кезде бола берген қудың жолы,
қара жол келе жатқан бұл ескiңнен.
 

Дегендi қара күшпен соны бұзам,
құртпақ қу аумас қырдың қоңызынан.
Жол болмай, дорбаң оңбай, қартайғанда
сенi ешкiм көрмейдi артық доңызыңнан.
 

Жасайды бұ тiрлiкте осы мәңгi,
түзейдi құр ұранды көшiн әңгi.
Бұ қалып бүгiнде де бұзылған жоқ,
қу қайта не қасиятты қосып алды.
 

Үлгерген жықпыл жақта сырды бiлiп,
жатпайды ол қызуланып, құр бүлiнiп.
Аузынан шыққан сөзге берiп есеп,
билейдi бет ажарын мың құбылып.
 

Тiрлiктiң танығандай шын құдайын,
ол үшiн жол белгiлi, үлгi дайын.
Кетедi майда тiлмен мүлдем кiрiп
тасқа да, майлап салған бұрғыдайын.
 

Шыншылдың… ойына алған құр бекiнiп,
шықпайды тiлi мүлдем күрметiлiп.
Есерлер есесiне екi есе асап,
жайынды жайпағандай жүр жетiлiп.
 

Ондайды сынап, мiнеп тiлдеген кiм?
Боласың үйтсең бiрi күндегеннiң.
Тiрлiк пен тiрiлiктiң сан жықпылын
көретiн осы күнi бiлмегеннiң.
 

Келмейдi бұған қырым мүлде менiң,
қолайлы үндеместен үндегенiм.
Бiлгенiм сол жықпылды өте жаман,
жықпылды өте жақсы… бiлмегенiм.
 

27.12.1980

download themes for free
1 757 қаралды