Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Балам-ау, ойланта ма мүлт басқаның…

Балам-ау, ойланта ма мүлт басқаның,
iсiңнiң ұқпадың ба тiпте астарын?
Тартқанда түбiт иек түсiнерсiң,
неге ақыл айтатынын жұрт қасқаның.
 

Әзiрше жөн сөзге көр салып құлақ,
құлақты кейде кеңес жалықтырад.
Бабадан бiзге жеткен болып қазына
ақылға алған да жөн қанып бiрақ.
 

Сондайда мына iсiм, деп, қалай менiң,
келмейдi қу тiрлiктi оңай дегiң.
Ұялып еске аларсың, кейiн, — доптан
көршiнiң быт-шыт болған көк әйнегiн.
 

Ойларсың жәнә бақты аңсап тапқан,
ойларсың не досты өмiр алшақтатқан.
Жадыңда тұрар сол сәт тұлымды қыз
көз жасын сен тигенде моншақтатқан.
 

Тiрлiк бұл. Сен бұ жолда қатты адасып,
шаршарсың аяғыңды шаққа басып.
Киерсiң мына кептi сен де сонда,
болса ерке жүгiрмегiң атқан асық.
 

Есiңе түсiп сонда бүгiнгi күн,
күндегi жалықтырып ырың-жырың,
“баспақшыл басқа түскен” деп толғанып,
бастарсың бiр кәдесiн бұрынғының.
 

Жассың ғой бiрақ кәзiр дуылдаған,
кәтеңдi кеулiң де жас ұғынбаған.
Ойлаймын десең әгәр ертеңiмдi,
ойлана жүргенiң жөн бүгiн, балам.
Басылған кезде шағың шуылдаған,
бұ да бiр болмақ жора… ырымдаған.
 

26.12.1979

download themes for free
1 724 қаралды