Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

“Тездетiп бөлiсемiз үйдi екiге”…

“Тездетiп бөлiсемiз үйдi екiге”… —
деп жазған жарнаманың бiр шетiне.
Бiрлiгi, кiм болса да, қашқан бiреу,
таусылып тағаты да, құрметi де.
 

Жапырлап жатыр, мiне, соған халық,
бiреуi жатыр жазып, қаламды алып.
Өзеуреп өз пайдасын ойлап әркiм,
қапылып кетiп жатыр хабарланып.
 

Деместен бұл ошақтың тiреуi кiм,
әне бiр шыртиғанның шiренуiн!
«Бүлдiргi бүлiнгеннен алма», — деген
миына кiрер емес бiреуiнiң.
 

Мен тұрымын көрiп соны, қоңырайып,
iшiмнен тағам көпке не бiр айып.
Нелiктен, деймiн, кеше сүйiскендер
кейiннен шыға келед адырайып?
 

Олар шын мұның сырын түсiне ме,
шегiнсе, сонша қатты кiшiре ме?
Кешегi кiнәратсыз қызық күнiн
бiр күнде ұмытады кiсi неге?
 

Неге олар өзгелердi шаласынып,
өзiнше дардаяды данасынып?
Неге олар шаңқылдасып шарпысады,
қанына қадалғандай қара сүлiк?
 

Қайтадан от асына келмейтiндей
пәтердi не күн туды бөл дейтiндей?
Кешегi қаушықандар қайзасады,
нелiктен бiрiн бiр көрмейтiндей?
 

Олардың ел болмасын ұққан замат,
не дейсiң жүгiретiн жұртқа анталап?
Бүлiнiп бiр отбасы жатқан кезде,
тұрамыз бiздер неге сырттан қарап?
 

Кетсе де жiгiт болып жүдә қырғи,
жанымды жай таптырмайд мына бiр күй.
Осындай шатақ шыға қалған шақта,
кiрiскiм келiп менiң тұрады ылғи.
 

Содан ба, бiр әрекет бастап келем,
жәдiгөй жат тiлектi жасқап келем.
Жан жоқта жұлып сондай жарнаманы,
қоқысқа көшедегi тастап келем…
 

1979 жыл

1 749 қаралды