Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Далада сары аязын сықырлатып…

Далада сары аязын сықырлатып,
ашушақ жұқа мұзын шытырлатып,
мимандай мәдәниятты, инабатты
жаңа жыл тұр есiктi тықылдатып!
 

Кенеттен жiгерiмдi бiр жанымай,
болар деп кiм ойлаған мүлде бұлай?
Жүргенде жайбасарлық жайлап жанды,
қай жақтан келiп қалған, құрмағыр-ай!?
 

Осы сәт өз жайына демалыс қап,
өткеннен кеткендеймiн мен алыстап.
Жайлаудай сары жұрт болған көне жылға
бұрылам қайта-қайта қарағыштап.
 

Сүйтем де, парызымды есiме алам:
не нәсте жүр жетiспей осы маған?
Құтылып қарызынан үлгере ме
босқа өткен күндерiнен шошымаған?
 

Ескермей замананың бұл бiр заңын,
мен неге үлкен шаруа тындырмадым?
Зуһраның зерең жүзi арбап көздi,
уақыттың шашып неге жүрмiн бәрiн?
 

Мiне, ендi қалды бәрi арт жағымда,
терең сыр таптым ба әлде таппадым ба?
Қымбатын тәркi қылар дарақыдай
шықтым ба мен ақыры қап қағуға?
 

Қалай тез күндер шығып, айлар батқан,
базар ма жыл он екi ай мейрамдатқан?
Жынысты жарып түскен жолым қайда,
ыраңда iзiм қайда сайрап жатқан?
 

Мұндайда болады ащы неге өкiнген,
түйсiгiң қайда кеткен қалетiңнен?
Апырмау, бiр бұлдарым жоқ боп тұрып,
қараймын жаңа жылға не бетiммен?
 

Мен састым. Жатпай маған жалтаңдасып,
қолақтар шуылдайды жампаңдасып.
Желiкшiл жас кеуiлге бiткен қанат,
барады саптыаяқтан шампан тасып.
 

Не дерсiң бүгiн мұндай аржайыңа,
қарай ма осындайда ау-жайыңа?
Мен тұрмын көрген көзiм көне жылдың
кәйтедi жабыссам деп шаужайына.
 

Ол бiрақ мүмкiн емес. Құр бейiлiне
мәз болған кiсi оныңды бiлмейдi де.
Оралар болса уақыт, бұл дүнияға
жұрт қайта келiп, кетiп жүрмейдi ме?
 

Сыя ма жерге ондайда мүлде алашың?
Дау-шарға қалмайды ма күнде басың?
Сондықтан адам өзi тапқан ойлап,
осындай жыл ескiсiн, жыл жаңасын.
 

Заманды сықылды бұл ескер деген,
оданы ол есептi хош көрмеген.
Туғанда дәл мынадай жауапты шақ,
қиыны құлашыңды кеш сермеген.
 

Берер ме осы өкiнiш маған желiк,
қалайша бұл қалпыма қалам көнiп?
Тырбансақ тiршiлiктiң көздеп түбiн,
мынадай түптi түбi болар ма едiк?
 

Уәжiм жоқ. Керенаумын шаршағандай.
Жоқ жәнә түлер тұсым тамсанардай.
Отырмын қоштаса алмай көне жылмен,
отырмын жаңа жылды қарсы ала алмай…
 

31.12.1979

1 429 қаралды