Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Домбырам-ай, кеткен босап құлағың…

Домбырам-ай, кеткен босап құлағың,
iшектерiңде тұнып қалған тұр ағын.
Пернелердi қыдықтайтын бес саусақ
әлсiн-әлсiн аңсайтындай сыңарын!
Даңғыраңды қоя тұршы, шырағым!
 

Өзiң едiң назбедеуiм майталман,
шабытыңды шаң басты деп айта алман.
Қайда “Серпер”, қайда “Ақжелең”, “Көкiл” күй,
қайда қашты “Қызыл қайың” найқалған?
“Балбырауын” қайда бише шайқалған?
 

“Домалатпай” кеттi қайда домалап,
“Адай” қайда сел-тасқыны ғаламат?
Сылқылдаған “Әсем қоңыр” ажарын
кiреукелеп, күз жеткен бе жағалап?
Қайда сымбат, қайда сұһбат? Обал-ақ!
 

Мен бiр кезде демей сенi жақыным,
“Көкiл” күйдiң парық қылмай ғапылын,
“Алтынайдың” сорғалатпай сал сазын,
“Құдашаның” қойдым қыспай тақымын.
Мен болыппын бiр гүл өспес тақырың!
Салдырыңды баса түсшi ақырын!
 

Күйлер қашқан жүрмегесiн ат байлап,
“Қоңыр” да жоқ жүретұғын қақпайлап.
“Күй шақырық” сағым асып, кеттi ойнап,
мен отырмын қайдағы бiр жоқты ойлап.
Бiр әумесер сабалайды тақтайды ап,
даңғыра, шу құлағыма жақпайды-ақ,
Сылқым саздар, кел қонаға ат байлап!
 

Болайыншы бiр назбедеу орғыған,
кетсiн аулақ жүрген матап зор күмән.
Серперi жоқ тiршiлiк пе, тәйiрi,
серпiлшi бiр, домбырам-ай, домбырам!
 

1976 жыл

2 003 қаралды