Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Қиянда туған ел мен жұрт қалса да…

Қиянда туған ел мен жұрт қалса да‚
жолдас бар өз тобынан шыққан сара.
Солармен ылақ кезде бiр жайылған
жататын жалғастырып жiп қаншама?!
 

О кезде сөз шықпайтын келер қырын‚
қызғаныш тудырмайтын тереңдiгiң.
Маңдайға ұя салған қуанышты
шығатын олар жарлап… менен бұрын.
 

Көрсетiп жәнә қалпын табандының‚
қулармен жанаспайтын қарар қырын.
Қуаныш қоржынына достың түссе‚
таратып шығатын ек одан бұрын.
 

Ондайда түк шошытпай алдағы құз‚
үзбейтiн жiптi жiгiт арманы — қыз.
Тиындар ортақ едi қалтадағы‚
ортақ ед көйлек пенен шалбарымыз.
 

Кеуiлде еш болмайтын бүккенiмiз‚
ортақ-ты iздеген мен күткенiмiз.
Кiр шалмас ықылас-ниет тұрақты едi‚
жандағы тұрақты едi жiптерiмiз.
 

Ақыры түстi қолға түрлi матау‚
саяздар‚ болсақ‚ дестi‚ сұңғыла‚ тау.
Жан-жаққа әлгi жiптi кере тартты‚
бiз құрған бөлек-бөлек бiр-бiр отау.
 

Кейбiреу көздеп қамын құр басының‚
сақтады сарайында сыр жасырын.
Достықтан бала кезгi болды жақын
құшағы қылымсыған ұрғашының.
 

Соңы оның… сала бердi гулеп өсек‚
болды ендi тұрған есеп‚ жүрген есеп.
Бiреудiң түстi иiнi‚ бiреу өссе‚
болды сөз кiм алашақ‚ кiм берешек.
 

Тағыңа шықты жәнә таласқандар‚
көбейдi ала көзбен қарасқандар.
Ұмытты қара нанды бөлiп жеген‚
жағынып не дөкеймен жарасқандар.
 

Iшiнде арам ойы жатқан ұлып‚
қулар да жанымыздан өттi ағылып.
Шемiшке майға батқан шөмiшi байлар
қомпиды бiр кiшкене таққа мiнiп.
 

Қызмет те көп нәстенi ұмыттырды‚
Iбiлiс iрiткi сап‚ күлiп тұрды.
Ұйыған сары уыздай татулыққа
бiр сәтте бүлдiргi боп бүлiк кiрдi.
 

Сол екен… бас көтердi қанша дұшпан?!
Құм сағыз жасады дос май сағыздан.
Жiптi әлгi бытырлатып қия бердi‚
қолына көп қайшылық қайшы алысқан.
 

Мiне, ендi iс көп жанға салар күдiк‚
бұрынғы жоқ жарқырай қарау күлiп.
Қайшының азуына түсе-түсе‚
қалмапты қиылмаған санаулы жiп.
 

Оның да болады ойды сабылтары.
Сен дейсiң құралар ма қауым тағы?
Ол қайда? …Шала-жансар нервiдей боп‚
талай жiп жанымызды ауыртады.
 

1976 жыл

1 884 қаралды