Бас бет » 1971-93 жылдар, Өлеңдері

Ұшқынша шат күлкiнi шашыратып…

Ұшқынша шат күлкiнi шашыратып‚
шулаған әйкел қағып‚ асық атып
бала шақ‚ сенi бiр кез жалт берер деп
оңаза ой түспеген басыма түк.
 

Ол кезде өрге сүйрер көп едi арман‚
қаңбақша күн өтетiн домаланған.
Болғанда түбiт иек‚ топ еткiздiң
тақырға‚ бәйгi атынша белең алған.
 

Iзiңнен тұра қуған жарасар ма?
Қараңды көре алмадым қарасам да.
Бұлдырап көз ұшында кете бардың‚
бұрқаған‚ тастап менi‚ ала шаңға.
 

Аң-таңмын. Бұ күндерi сен қайдасың?
Көрмедiм кекселiктiң мен пайдасын.
Кезiнде кәдiрiңдi бiле алмаған‚
деп пе едiң‚ мен қасқаның соры қайнасын?
 

Мейрiмiң әлде сенiң құрыған ба?
Жүрушi ең ғой қара таппай ұрынарға?
Байғұсты кәдiр бiлмес қан қақсатып
қашаннан кете беру — қылуаң ба?
 

Қайда ол кез қарамастаң дүңкi көпке
алатын дүркiреп те‚ күркiреп те?
Шаңдатып ақ шағылды шапқан шақта
талмайтын қалды қайда шiркiн өкпе?
 

Қайда ендi жiгерiм де‚ қуатым да?
Көнбеген уақыт неге тұра тұрға?
Балаша сақ-сақ күлмей‚ әрбiр iстi
отырам салып неге құр ақылға?
 

Бұл әлде бәдәныңның көнергенi?
Мына бас дейсiң бе әлде не көрмедi?
Болғанда жiгiтке — аға‚ лақуалану‚
шынында‚ жұрт қоштарлық өнер ме едi?
 

Әлде бұл алдар жұртты амалың ба?
Жасамыс тартсам деген талабың ба?
Женттейiн таңдайыңнан кетпес дәмi
әр қызық болмайды ма өз заманында?
 

Осы жол. Одан жатпан айнып бүгiн‚
алмаймын тырнағыңа байлықты мың.
Жасарту жасамысты бала қылып‚
қолынан келмек кәзiр қай мықтының?
 

Мұндайды көрiп пе жұрт‚ көрiп пе аға?
Емес пе басар оның солық қана?
Қатарым шау тартқанда‚ несi қызық
жүргеннiң жас қауымда болып бала?
 

Даналар дейдi мұны кәте мүлдем‚
болады жаңа жұртта атағың кем.
Келгесiн қатарыңмен бұ дүнияға‚
кеткен жөн бiрге жүрген қатарыңмен.
 

Болмақшы сонда ой менен жанымыз тоқ.
Бiрақта алақтаймыз бәрiмiз көп:
бала шақ‚ қуаныш боп келген бiзге‚
сарсылтып кетедi екен сағыныш боп.
…қайтарар керi оны ендi халымыз жоқ.
 

21.12.1976

1 818 қаралды