Бас бет » Мақалалары

Дүркірей шапқан дүр Оңғар

СЫР СҮЛЕЙI ОҢҒАР ЖЫРАУҒА — 150 ЖЫЛ

Сыр бойы сүлейлерiнiң iшiнде ұлы жырау БАЛҚЫ Базардан соң ҚАРАТАМЫР дүр Оңғардың есiмi аталады. Оның себебi жоқ та емес. Есте жоқ ескi заманнан берi Ұлы Тұран ойпатының жырлау үрдiсiн сақтап қалған Сыр өңiрiнде, соның iшiнде, жыраулардың туын тiккен бүгiнгi Қармақшыда, өткен бiр жарым  ғасырда қисса, дастан, жолғау, терме жанрларын қалыптастырған, оның классикалық үлгiлерiн жасаған үлкен “әдәби процесс” болды десек, артық айтқандық емес. Бұған бiр жағынан халықтың өз жырлау үрдiсi, екiншi жағынан араб, фарсы әдәбиятының өнегесi екi жақтан әсер еттi. Дегенмен де бҮл арада ауыз-екi шығарып айту үрдiсi басым болған кезде БАЛҚЫ Базардың iзiн ала шыққан дүр Оңғар Ұлы жыраудың озық үлгiсiн әрi қарай жалғастыра бiлдi. Ең қызығы, осы кезге дейiн ешкiм ескермей келген нәрсе — үлкен жыраудың алқа топтың алдында жырлау үшiн, бүгiнгi тiлмен айтқанда дала эстрадасының заңдарын жақсы бiлгендiгi, оны толығымен меңгергендiгi едi. Ол заңның ең бастысы — жыраудың өлеңдi өз жанынан суырып шығарып айтуы мен вокалi, жырлау өнерiнiң негiзгi ұстыны — речитатив пен мелостың синтезi, жырлаушы мен тыңдаушының арасындағы дистанциясы, жыраудың әлеуметтiң алдында өзiн өзi қалай ұстайтындығы (бүгiнгiше, — әншi-актердiң сахнада өзiн өзi ұстауы!), тiпте қалай киiнетiнi, орындап отырған жыр-термесiнiң мазмұны мен сазының құлаққа үйлесiмдi боп естiлуi болатын. БҮл мектептен өтпегендер о кездiң өзiнде де алқа топтың алдына шыға алмайтын. Мiне, осы дала эстрадасының қатал заңдарын БАЛҚЫ Базардан кейiн ең толық түрде меңгерген де, соны әрi қарай дамытқан да дүр Оңғар едi. Үлкен жыраудың осы заңдылықты қалай игергендiгi оның дауысашарынан (вокальда, — распевка!) бiрден аңғарылады. Оның жырлар алдында айтатын:

Жақсы да жырау емеспiн,

сөзiн пұлдап, ақы алған.

Жаман да жырау емеспiн,

таусылып сөз тақалған.

Сарапта сөзiм сыналса,

“Әй, пәли!” деген сөздерiң

кем емес ат пен шапаннан.

Келекелеп күлсеңдер,

тимейдi кем ол бақаннан.

Ер көгерер деген бар,

көптен алғыс, бата алған.

Сол айтқан ерiң мен едiм,

жасымнан Оңғар атанған,—

дейтiн кiрiспе жырын қайтадан оқып шыққанда, оның бүгiнгi күнмен соншалықты үндес, соншалықты тамырлас жатқанын аңғару қиын емес. Ешқашан да, нағыз мықты кiсi болмаса, басқалар өзiн “жақсы да, жаман да жырау емеспiн” деп айта алмайды. Бұл дүр Оңғардың әлi де өзiне өзi қатал талап қоя бiлгендiгi. Ал оның “сөзiн пұлдап ақы алған” деген жолында жырлау өнерiнiң ең шыңына дейiн жету, бүгiнгiше айтқанда, профессионализ-мамангерлiкке тынбай ұмтылу деген ұғым жатыр. Келесi жол, әсiресе, әлеуметтiң “Әй, пәли!” деп қолдауы, дала эстрадасындағы жырлаушы мен тыңдаушының арасындағы қатынастың тығыз орнағандығын, жанды байланыс барлығын, басқаша айтқанда, жыраудың халық көңiлiнен шыққандығын, өз өнерiнiң елге керектiгiн бiлдiредi. Мiне, осы дәрежеге көтерiле алғанда ғана барып жыраудың жұртшылықтың ортасында жырлауға хақысы бар. Ол болмаса, оны ешкiм де тыңдамайды, яғни, оның өнерiнiң елге керегi жоқ. Бұл жолдар бүгiнгi күнi қаншалықты маңызды, қаншалықты дәл айтылған десеңiзшi! Әз басым кейде жөндi бiр өлең жазбай жатып, эстраданың, сахнаның заңдарын бiлмейтiндiктерiне қарамастан, қарындары қабақтай, бет-ауыздары шарық табақтай, қабақтары тыртық, бойлары мыртық, ырғалақтап жүре беретiн, ыржалақтап күле беретiн кейбiреулердiң үлкен сахналар мен телеайнаға шығып ап, ажарсыз дауыстарымен iш пыстыра өлең оқып жатқандарын көргенде, Базар мен Оңғар есiме түсiп, қараптан қарап қысылам. Егерде олардың актер ретiндегi өнерi тым құрымағанда орыс шайырлары С.Кирсанов пен Е. Евтушенконың дәрежелерiнiң жүзден бiрiне көтерiле алса, бiр сөз де айтпаған болар едiм. Өкiнiшке, орай бұл арада Сыр сүлейлерiнiң өздерiне өздерi қоя бiлген талаптары әлi де өз құнын жоя қойған жоқ. Мұны дүр Оңғар еш уақытта ұмытқан емес. Ол арқасы қозып:

Ерлерiм “сөйле” дегесiн,

есендiкпенен көрiнiп,

бас тартайын мен неге,

қызметiңнен жерiнiп?

Сатулы сөзiм, сiрә, жоқ,

сақтанып айтар керiлiп.

Барымды базар етейiн,

қалмасын жҮртым жерiнiп,—

деп шығандай шаба жөнелгенде де, “сөзiнiң сатулы” еместiгiн, ештеңеден де “сақтанып” сөйлемейтiндiгiн қайта-қайта ескертiп өтедi. Бұл, басқаша айтқанда, бүгiнгi, шын мәнiнде, шынайы жазушы емес, тек қана жаза берушiлерге, кеудесiне бiр пойызға жүк болар темiр-терсек, шылдырмақ жинамайынша сақтана сөйлеп, баптана керiлiп жүретiн сұғанақтарға тиiп-ақ жатыр!  Дала әдебиетi классикасының бiр сабағы нақ осы!

Ендi үлкен жырау:

Қажымас қара мен жорғаң,

ертеңнен  шапса тебiнiп.

Халық қаумалап, сөйле деп,

алқалап алса ортаға,

кетушi едiм-ау желiгiп!

Дүния сұрап сұқтанып,

сөз пұлдаған емеспiн,

әркiмнен сұрап ерiнiп.

Қызыл тiлiм, сөз толға,

назарың салып оң-солға.

Сөйле деп саған кiм айтар,

қалғасын жерге көмiлiп! —

деп, шалықтап кетедi. Бұл да — дала эстетикасының жазылмаған шарттары мен талаптары! Оңғар тағы да өзiнiң мал-дүния, ақша-пұл тапсам демейтiндiгiн, халайықтың жан дүниясы қалап отырған нәрселердi жырлауға тырысатынынын, сол үшiн, әсiресе, тыңдаушы әлеуметтiң өз өнерiн қалай қабылдап отырғандығын байқау үшiн “оң-солға назар салып, сөз толғайтындығын” ескертiп өтедi. Мiне, осы қатты талаптарды толық меңгергеннен кейiн барып жыраудың үлкен-үлкен жанрларға қадам тастауына болады. Дүр Оңғардың осы өлең жолдарын оқып отырып, менiң есiме оқушы мен жазушының арасындағы қарым-қатынас ескерiлмеген, халықтың талап-тiлегiне жауап бере алмаған,  соған қарамастан көп тиражбен басылған, кезiнде дардайта дәрiптелген, бүгiндерi ұмытылып, ескiрiп қалған, қалың-қалың кiтаптар, тонна-тонна жыр жинақтары түседi. Ол жайында ауыз аша қалсаң, төрт елi қақпақ дайын. Ал кешегi замандарда, ең жақсысы, дала демократиясын ұстанған халық әдәби шығарманы жоғарының нҮсқауымен емес, жыраудың маңызды тақырыпты қалай ұстауымен өлшеген едi. Сол себептi де дүр Оңғардың жырлары маңызын әлге дейiн жоя қойған жоқ.

Осындай дәрежеге жеткен соң, есейiп, оң-солын танып, дәуiрiнiң аңғарын терең түсiнгеннен кейiн барып үлкен жырау өз заманының ең басты-басты мәселелерi жөнiнде жырлайды. Ол:

Қиқулап, ұшып қонатын

құс адасты көлiнен.

Бұлт асырып, күн жаумай,

жер айрылды шебiнен.

Басынан тайып бақыты,

айрылған хандар елiнен.

Қол бастаған батырдың

алмасы түстi белiнен.

Жапсарға келдi жылыстап,

орданың билер төрiнен,—

деп, он тоғызыншы ғасырдың аяқ жағында қазақ сахрасында орнай бастаған хал-ахуалды анық аңғарады. Жырау бұдан әрi ханы тақтан тайдырылып, батыры қару-жарағынан айрылып, билерi билiк жүргiзе алмай отырған бодан елдiң жағдайының ендi қалай болғандығын ашық айтады:

Кәпiрлер алып тiзгiндi,

аударды жұртты жерiнен.

Ежелi ата қоныстың

жүргiзбей қойды шебiнен.

Заң-зәкүнiн көбейтiп,

жарлыны байға телiген.

Бұл жолдарда айтылған шындық кешегi кезге дейiн жалғасып келген жоқ па? Осындай көрегендiк көрсеткен жырау одан әрi:

Ақ некелi арулар

именбейд онша ерiнен.

Ерлерде де жоқ емес,

зайыбынан жерiген,—

деп, және бiр ерсi нәрсенi келтiре кетедi. Мұндағы отбасының әлсiреуi, феминизацияның қазақ даласына келуi, мемлекет пен халықты айдау жолдан жаңылыстырмайтын ең iрi-iрi ұстындардың шайқалақтай бастауы, ең бастысы, ер кiсi мен әйелдiң ара қатынастарының өзгеруi, табиғи гармонияның жойылуы — бүгiнгi күнi болып отырған шындық. Ендi оны бастапқы табиғи қалпына келтiре қою оңай шаруа емес. Бұл жерде Адам сәпидi жаратқанда Ұлы Табиғаттың бәндә жисмiне берген табиғи инстинкт пен қоғами шарттардың арасына сына қағылуының бәшәрияттың, ашығын айтсақ, тұқым-нәсiлдiң түптiң түбiнде азғындап, жойылып кетуiне апарып соқтыратындығы жатыр. Мен бұған мысал ретiнде Ежелгi Фарсы, Көне Эллада, Рим империясын  келтiрер едiм. Содан берi пәленбай ғасыр өтсе де, генофонды әлдеқашан жойылған, басқаша түрге енген бүгiнгi Грециядан Гомер, Сократ, Платон, Аристотельдер, кәзiргi Ираннан Үлы Фирдоуси, Хәййәм, Сәәди, Хафиздер, осы күнгi Италиядан Гай Валерий Катулл, Овидий Назон және басқалар шыққан емес. Генетиканың осындай заңдарын ескерiлмегендiктен  болып жатқан басқа да ерсi жағдайлар  жетерлiк. Әрине, университте оқымаған, диплом сатып алмаған дүр Оңғарды айтқызып отырған оның iшкi сезiгi, байқампаздығы, қауымда болып жатқан әр түрлi нәрселердi болмысының қабылдағыштығы, оған өз бағасын бере бiлуi. Сол себептi де ол:

Бұрынғы түзу заман болды бұзық,

дүния жинағанға сонша қызық…

Жығып жүр әдiл дауды пара аударып,

жаманды шауып алды зор аударып.

Ханнан iс, халықтан күш кеткен заман,

көмiрдей елдi пейiлi қарауланып…

Ағасы iнiсiне тым сенбейдi,

шiдерлеп бiрiн бiрi кiсендейдi.

Залымға момын адам пiскен астай,

қарны ашса, шайнап жұтып, күшенбейдi.

Бұ күнде ата тiлiн ұл алмайды,

хан қызын, қара түгел, құл алмайды.

“Тәйт” десе, төркiнiне тұра қашар,

әйелдi еркек батып ұра алмайды,—

деп, дөп басып айта алған. Бұл нәрселердiң сауда-саттықты ең басты мақсаты еткен бүгiнгi қауымда кездесiп отырғандығының несi өтiрiк, несi жалған?!  Құдды дүр Оңғар капитализм заманында туылып-өскен сияқты әсер қалдырады!

Ал ендi бұдан шығатын жол бар ма? Дүр Оңғар бұ жерде өзiнiң сәуегей емес, тек қана жырау екендiгiн ұмытпайды. Сондықтан да тiршiлiктiң сабағын тоқыған, басынан көп нәрсенi өткерген, елдiң ертеңiне көз жiбере бiлген оның:

Ау, жақсылар, өтiңдер

екi жақты ойланып.

Өмiр деген шоп-шолақ,

қарасаңдар ойға алып.

Бiреу жарлы, бiреу бай,

өткен жоқ ешкiм бiр қалып.

Бақытты, бiреу, бақытсыз,

жүрмiн деме құр қалып.

Аз өмiрдiң iшiнде

болмашыға таласып,

iретсiз етпе қызбалық.

Бәндәға не кездеспейд,

көргенiңнiң бәрiне

еткенiң мақұл ырзалық.

Ер — шаңырақ,  ел — уық,

үстемдiк етпе сұрланып.

Көп — құдайдың бiр аты,

сыртыңнан сынап жүр халық,—

деуi заңды. Бұл жолдарда үлкен жыраудың, аздаған дидактикаға салынса да, ел-жұртты сабырға шақыруы, эмоция мен ақылдың шегiнен аспауды көздеуi, орынды “стоицизмi”, әсiресе, оның “шаңырақ” пен “уықтың” шатқаяқтамауын көздеуi, жоғары мен төменнiң арасындағы келiсiмдi сақта, оны халықтың бiлiп отыр деуi, басқаға қайдам, маған данышпандықтай боп көрiнедi. Оны дәлелдеп жатудың өзi артық. Ойланып қарасақ, бұл жолдардың айтылғанына ғасырдан астам уақыт болып қалды. Ал олар әлi де тiрi, жанды!

Дүр Оңғардың жастық шақ, жиырма бес, егделiк кез, т.б. туралы айтқан жырлары да баршылық. Оның әр түрлi толғау-термесi, айтысы, бiрқақпайлары, арнаулары өз алдына бiр төбе. Олар жайлы табан тiреп, башайына дейiн шағып, сөз етсе, артықтық етпейдi.

Жастайынынан кедейлiктiң зарпын тартқан Дүр Оңғар көзi тiрiсiнде өз толғау-термелерi мен жырларын хатқа түсiре алған жоқ. Олардың көбiсi замандастарының жадынан өшiрiлiп қалды. Тек кезiнде Сыр сүлейлерiнiң 100 мың жолдан астам келетiн мҮрасын жинаған, ол жайында 1969 жылы “Литературная Россия” газетi тамсана жазған, шын мәнiнде, Сыр сүлейлерiнiң қымбат қазынасын жоғалып кетуден сақтап қалған, үлкен фольклоршы, iрi жинаушы Қармақшылық Әлқуат Қайнарбаев едi. 1967 жылы “Лениншiл жас” газетiнде со кiсiнiң атынан дүр Оңғардың  бiр топ дүниясын жариялауға бiздiң де септiгiмiз тиген-дi. Соңғы жылдары жыраудың мҮрасын жеке кiтап боп та жарық көрдi. Жақында Қызылорда облысы әкiмшiлiгiнiң тiкелей қолдауымен, көзi тiрiсiнде жалпы өнерлi қауым, соның iшiнде, Сыр сүлейлерiнiң iшiндегi шоқтығы биiгi Шораяқтың Омары:

БАЛҚЫ да Базар, дүр Оңғар,

“алқалап” атты қойғанда,

қаншама пырақ болса да,

қарасын таппай қаңғалар,—

деп, еш қызғанышсыз, еш iштарлықсыз әдiл бағалаған Дүр Оңғардың туылғанына 150 жыл толуы кеңiнен аталып өттi. Осындай мереке тұсында өзiмiз бала кезден жаттап өскен асыл мұраны қайталап оқып шыққанда, iшiнара байқағандарымыз осы едi.

Әлi де өз құнын жоймайтын, көздiң жауын аларлықтай жәуїәрлар жарата бiлген Дүр Оңғар зерттеуге де, құрметтеуге де лайқат.

Бег. АЛДАМЖАР әд-ДӘЙТИ

07. 09.2009

3 119 қаралды