Бас бет » Мақалалары

Жұбановтың жігері

Орташадан сәл кішірек, жатағандау бойлы, жасы ұлғайып қалса да басы артық қоң жинамаған, ақ түсе бастаған қалың шашы бұйра–бұйра, ақ құба жүзді академик Ахмет Жұбановты 1965 жылдың күзінде,студент кезімде, КазГУ–дың  бас корпусының қасындағы консерваторияның жанынан тұңғыш рет кѳрген едім. Содан кейін аспай–саспай, жұмсақ дауыспен, ѳте шешен сѳйлейтін Ахаңның сѳзін бір үлкен жиында тыңдағаным бар. Сол кезде–ақ ѳзім мектеп қабырғасында жүргенде–ақ талай рет оқып шыққан «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» атты тамаша кітаптарды жазған, 1961 жылы жарық кѳрген «Құрманғазы» және «Дәулеткерей» атты күй жинақтарынан, нотасына қарап, талай күйді ежіктеп үйренген менің музыкадан алғашқы сауат ашуыма бірден бір түрткі болған, шын мәнінде, қазақтың музыка жѳніндегі тұңғыш ғұлама ғалымы А.Жұбановқа қарап отырып, халқымыздың тәрбиесі мен ѳнегесін бойына сіңірумен қатар, Европа мәдениетінің ең озық жақтарын ала білген, ѳзінің қазақы қалпынан ажырамаған, кѳсемдігі мен шешендігі қатар келген, терең білімді, шынайы зиялы ұлы кісіні кѳргендей болған едім. Осы ішкі түйсігім кейіннен оның жазғандарын оқып–зерттей келе алдаған жоқ. Сол арада, неге екені белгісіз, менің есіме орыстың тамаша стилист жазушысы Ю.Казаковтың «О мужестве писателя» деген әңгімесі түсе берді. Мұндағы «мужество» сѳзін «қажыр–қайрат, жігер» деп аударға болады. Осындай «Жігер» деген күй Құрманғазы мен Дәулеткерейде де бар. Соны еске ала отырып, екі ұлы күйшінің де осы сѳзді бекерден бекерге саз тіліне түсірмегенін аңлауға болады. Шындығына келгенде, мұның академик Ахмет Жұбановқа тығыз қатысы бар.

Сѳзіміз рас болу үшін, ѳткен ғасырдың отызыншы жылдарын кѳз алдымызға елестетіп кѳрейікші. Ол тұс — сайын саһрада кѳшіп–қонып жүрген елдің жаңадан отырықшы бола бастаған кезі. Қалқоздасу, аштық, асыра сілтеу, араб әліппесінен латынға асығыс–үсігіс кѳше сап, тұтастай бірнеше ұрпақты мәңгіртіп тастау, елдің жаппай сауатсыздығы, ғылымның әр саласында маман кісілердің енді–енді ғана дайындала бастаған шағы. Осы кезде ағайынды екі жігіт Құдайберген мен Ахмет жоғары білім ап, ѳз халқына қызмет ете бастады. Олардың бірі — тіл ғылымын, екіншісі музыка саласын таңдады. Бүгінде Құдайбергенннің тіл ғылымы саласына қандай еңбек сіңіргені белгілі. Ал қаршадай Ахмет музыка жѳнінде бұрын–соңды жазылған мақала, кітап түгел, бір сѳзі де жоқ , музыка термині атымен жоқ елде тұңғыш рет… «Қазақ халқының музыка аспаптары туралы ( домбыра, қобыз, сыбызғы, дауылпаз)» деген мақаласын жариялады («Әдебиет майданы» жорналы, 1934 ж., N9). Содан кейін оның осы тақырыптас мақаласы «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінің екі нѳмірінде жарық кѳрді. Сол екен, оның қазақша және орысша жазған мақалалары (бір ғажабы, екі тілі бірдей, әдеби дарыны музыкалық қабілетінен кем түспейтін Ахаң бұл дүнияларын ѳзі жазған! – Б.А.) бірінен кейін бірі жарқ–жарқ етіп кѳріне бастады. Кейінінен осы дүниялардың барлығы ғылыми–зерттеумен қатар, музыка сынының белгілері жетерлік, тілі кѳркем, кейде очеркке, кейде қызық әңгімеге ұқсап кететін, оқушыны еріксіз ѳзіне баурап, тартып ала қоятын, музыкалық анализінің ѳзі қарапайым кісіге түсінікті боп келіп отыратын, озық үлгісі Европа және орыс музыка әдебиетінде жоқ, шын мәнінде, сирек кездесетін «Ғасырлар пернесі» және «Замана бұлбұлдары» атты екі іргелі кітапқа кеп жалғасты. Осы екі жәуһарды оқып, қазақтың талай ұрпағы тәрбиеленді. Ахаңның одан кейін жарық кѳрген «Ән–күй сапары» және де басқа еңбектері ѳз алдына бір тѳбе. Бұл кітаптарды қазақ музыка ѳнерінің шынайы шежіресі, еш уақытта ѳз құнын жоймайтын энциклопедиясы деуге болады. Бұл жерде ұлы жинақтаушы А.Затаевич халқымыздың  мың жарымнан астам ән–күйін жазып ап, қандай тамаша ерлік жасаса, сол ұлы мұраны ұрпақтан ұрпаққа табыстап, жалғастырып әкелген, ѳздері де шығарымпаздықпен айналысқан дарындарымыздың ѳмірі мен ѳнері жайында зерттеп, қорытындылап, іргелі еңбек жазған А.Жұбанов та сондай ерлік жасады. Ол ѳз алдына. Осы тұста Ахау ѳзінің нағыз халық азаматы екендігін де кѳрсете білді. Құрманғазы атындағы тұңғыш халық аспаптары оркестін құрды, консерваторияның іргесін қалады, музыкалық аспабы санаулы елдің жоғынан бар жасап, орыстың Андреев атындағы халық аспаптары оркестрінің тәжірибесін зерттеп, озығын алып, музыкалық аспап соғатын ұстахана аштырып, бұрын бізде болып кѳрмеген, оркестрге тән етіп, домбыра мен қобыздың, басқа да аспаптардың мүлдем жаңа түрлерін жасатты. Одан тыс, бұрындары Арқа жақта жеті–сегіз, Батыс Қазақстанда он тѳрт пернесі бар, диатоникаға негізделген домбыраны одан әрмен жетілдіріп, Европада орта ғасырлардың аяғына пайда болған темперация үлгісін ұстанып, әуездегі 7 дыбысты жарты дыбысқа бѳліп, перненің санын 21–ге дейін жеткізді, яғни мүмкіндігі шамалы аспапты тұтастай екі октавалы етті! Енді ол аздай бұрынғы үлгі бойынша жылқының қылына шайыр жағып, екі ішек тағылатын, қақпағы жоқ (бұл акустикаға кері әсер етеді, — Б.А.) кәдімгі қара қобызды жаңғыртып, скрипка түрінің озық жақтарын алып, дыбыс шығаруы мен тарту техникасы мүлдем жаңа соны аспап істетті! Енді бұған әлгі аспаптардың оркестрде болатын, болуға тиіс түрлі тобына ылайықты түрлерін қосыңыз! Сүйтіп бас–аяғы үш–тѳрт жылдың ішінде Европа үлгісіндегі оркестрлерден еш те қалыспайтын, тарту техникасы жағынан аса жетілген, бізде бұрын–соңды болып кѳрмеген, тың сипатты, тосын тұрпатты, тембрі жағынан мүлдем жаңа, туыстас түркі елдерінің біреуінде де жоқ «Құрманғазы» атындағы атақты оркестр пайда болды! Оның репертуарын да  Ахаңның ѳзі дүзді. Ол Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет және басқалардың күйлерін нотаға түсіріп, тұңғыш рет оркестровкасын жасады. Оны айтпағанда, бұл оркестр құрамындағы тұрпаты мүлдем жаңаша боп жасалынған музыкалық аспаптардың арқасында қазақтың халық күйлері мен әндерін ғана емес, Европа классиктерінің де не бір атышулы шығармаларын нәшіне келтіре орындайтындай дәрежеге жетті. Одан тыс, осы оркестрге керек маман жас күйшілер үзіліссіз дайындалып жатты. Осы екі арада Ахаң ѳзінің атақты музыкалық шығармаларын жазды. Бүгіндері Ахаң ѳткен жолға кѳз тастап отырып, осыны бәрін бір кісі істеді дегенге сене қоюдың ѳзі қиын. Бірақ бұл рас шындық. Егерде Ахаң алтын уақытының кѳбін қашанда абырой бере қоймайтын ұйымдастыру жағына жұмсамай, таза шығарымпаздықпен айналысып, «Қарлығаш», «Кѳгершін» т.б. сияқты әндер, «Би күйі» т.б. сияқты аспапқа арналған дүниялар, «Абай» тәрізді опералар жазса, бәрі бір, қазақтың музыка ѳнеріндегі алып адамдардың бірі боп қала берер еді. Ѳкінішке орай, адам ѳмірінің екі нұсқасы жоқ. Міне, осындай қиын жолды таңдаған Ахаңның атқарған қыруар шаруасы, сырттай қарағанда, оп–оңай, ѳз ѳзінен істеле қалған сияқты боп та кѳрінеді. Бірақ бұл олай емес. Ақтѳбенің ақселеулі тақтайдай даласынан жарқ етіп шыға келген қос жұлдызды кѳре алмау, қызғану, іштаршылық жасау кѳп ұзамай, сол кездің ѳзінде–ақ кѳріне бастады. Кѳп ұзамай Құдайберген атылып кетті. Бас сауғалаған Ахаң Тәжікстанға ауып, біраз жыл бауыр елдің музыка мамандарын дайындауға зор еңбек сіңірді. Одан қайтып келгесін де, қудалаудан кѳз ашпай қойды. Осы арада бүгінде ешкім біле бермейтін деректерді келтіре кетейін. Сонау отыз жетінші жылы Ахаңның ағасын құрбандыққа шалып үлгергендер 1951 жылғы атақты «халық жауларын іздеген» науқан тұсында тағы да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, адам таңғаларлықтай белсенділік кѳрсетті. Сол кезде Ахаңа қандай кінә тағылмады, қандай жала жабылмады? Уақыт табы қалған сол кезгі баспасѳзді парақтап отырсаң, тѳбе–құйқаң шымырлайды. Мәселен, М.Тѳлебаев  «О неправильном направлении в музыкознани Казахстана» («Казправда» газеті, 1951, 28 сентябрь) және «За подъем музыковедческой науки в Казахстане» ( «Казправда», 1951, 15 ноябрь) деген жалаға, кір–ласқа толы екі мақала жариялады. Партияның Орталық Комитетінің газетінде жарық кѳрген мынадай нәрселерден кейін кім–кімнің де аман–есен қалу мүмкін емес те еді. Бұ жерде мен басқа ұлт ѳкілдерінің жариялағандарын айтып та жатпаймын. Содан кѳп ѳтпей, партияның сол кездегі  нағыз қып–қызыл белсендісі І.Омаров «Выкорчевать до конца остатки буржуазного национализма. О буржуазно–националистических ошибках композитора Жубанова» («СМ», 1951, N12) деген нәрселерін жариялап та үлгерді. Сонда М.Тѳлебаевтың «музыка ғылымындағы теріс бағыт» деп отырғаны Ахаңның халық композиторларын зерттегені, І.Омаровтың «буржуазиялық ұлтшылдық» деп отырғаны Ахаңның, со кездегі түсінік бойынша, «тап жауларының ѳкілі» Дәулеткерей және де басқалардың шығармаларын нотаға түсіріп, оркестрде орындатқаны!? Әрине, мұның бәрі ғылыми пікір таласы боп жатса, мен бір сѳз де айтпас едім. Ал, шындығына келгенде, бұл Ахаңды құртудың, оның кѳзін жоюдың талабы ғана еді! Осындай жағдайдан кейін Ахаңның ѳз бойынан қандай күш–қуат тапқаны, ѳзін ѳзі жігерлендіргені адам таңғалатын нәрсе. Ол осы тұста асқан ақылдылық жасап, шыдамдылық кѳрсетіп, ѳз халқына еткен еңбегін, яғни ѳзін ѳзі «айыптап»: «Мои грубейшие ошибки в области казахского музыкознания» деген мақаласын ( «Социалистік Қазақстан», 1951, 28 сентябрь) жариялады. Егерде ол осылайша иіле білмегенде, итжеккеннен бір–ақ шығатын да еді. Бүгіндері осы материалдарды оқып отырып, неше түрлі ойға батасың. Сонда әлгі кісілердің «ұлтшыл», «жершіл», «буржуазияшыл», «жікшіл» т.б. деп айыптайтындай Ахаңның қандай кінәсі бар? Оның себебін түсіну үшін, ғалымның жазған кітаптарына үңілейік.

Ғұлама кісі «Ғасырлар пернесі» деген еңбегінде (бұл кітаптың алғашқы нұсқасы  1942 жылы «Қазақтың халық композиторларының ѳмірі мен творчествосы» деген атпен жарық кѳрген еді, 1951 жылы қатты сыналған да осы, — Б.А.), ел аузынан, ѳзі кездескен, сѳйлескен кісілерден, архив материалдарынан тірнектеп жинаған деректерін пайдалана отырып, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап, Байсерке, Абыл, Ықылас, Сармалай және басқалардың ѳмірі мен шығарымпаздығын тереңінен зерттеген болатын. Ал «Замана бұлбұлдарында» Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Абай, Балуан–Шолақ, Жаяу Мұса, Мәди, Ыбырай, Құлтума, Сары, Майра, Естай, Әсет, Нартай, Кенен, Әміре, Қали, Қосымжан, Темірболат, Жүсіпбек, Қуан, Манарбек, Ғарифолла, Әли және де басқа ондаған ѳнерпаздар жѳнінде ғылыми жағынан терең, мазмұнды, формасы жағынан қарапайым кісіге түсінікті, жақын, шынайы кѳркем тілмен  музыкалық очерктер жазған еді. Бұ жерде Ахаңның «жершіл», «рушыл» т.б. боп жатқан дәнемесі де жоқ, ол ѳз кітабына сол кездері Қазақстанның түкпір–түкпірінен шыққан, аты мәлім ѳнерпаздардың бәрін кірістіріп, жалпы қазақ халқының мақсат–мүддесін ғана кѳздеді. Ол ѳз алдына. Сол бір қиын заманда Қазақстанның түкпір–түкпіріне сапарға шығып, мәлімет жинау, сол үшін уақыт пен қаражат таба қоюдың ѳзі бір ақырет болатын. Бірақ Ахаң ол парызын толығымен атқара білді. Осы арада кісінің бір таңғалатыны, жоғарыда Ахаңды айыптап отырған кісілердің сондай еңбек жазуына, мәліметтер жинауына, қазақ музыкасын зерттеуіне кім бѳгет болды?  Біреу оларға бѳгет жасады ма әлде қаламдарын тартып алып қойды ма? Үйтерліктей ондай билік Ахаңда ѳмірі болған да емес. Ондай билік қолына тие қалған күннің ѳзінде, Ахаңның бір кісіге зиянат жасауының ѳзі мүмкін де емес. Ру мен тайпаның тар шеңберінде ғана ойлайтын кісі жоғарыдағыдай екі тамаша кітапты жаза алмайды.

Шындығына келгенде, Ахаңның зобалаңнан құтыла бастаған кезі 1956 жылғы пленумнан кейін болатын. Оның еңбектерінің жүйеленіп, жарық кѳре бастаған тұсы да осы кез. Ол Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет және басқалардың шығармаларын нотаға түсіріп, қыруар еңбек сіңірді. Қазақ музыка ғылымның іргетасын қалады. Ѳзінің ізін ала шыққан жастарға қамқорлық кѳрсетіп, шын мәнінде, ұлағатты Ұстаз бола білді.

Әрине, бүгінгі күннің биігінен қарағанда,  Ахаңның атақты кітаптарында сол кездегі мәліметтің тапшылығынан кеткен майда–шұйда дәлсіздіктер жоқ та емес. Кейде Ахаңның музыка ѳнерін жалпы жұртшылыққа насихаттау ниетімен, қабілеті мен дарыны артығымен жетіп тұрса да, терең анализ жасауға келгенде, оқушының дәрежесі мен ѳресін ойлап, қарапайым тілмен баяндап кететін тұстары да кездесіп қалады. Мұнда тұрған соншалық сорақылық жоқ. Бұл бір. Сосын бір айтары, жеке бір кісінің музыка ѳнеріне қатысы бар адамдардың барлығының шығарымпаздығын жеріне жеткізе зерттеуі міндетті де емес. Европаның музыка ғылымында кѳп нәрсенің басын шалған еңбек ілеу де біреу, тіпте жоққа тән. Ол ѳз алдына. Жалпы кім болса да ѳзі жақсы білетін нәрсе жайында жазады. Сѳз жоқ, Ахаң ѳзі жастайынан бойына сіңірген, ѳзі музыкант ретінде тартқан, оқып, зерттеген, үйренген Батыс ѳлкесінің күйлері туралы жақсы жазады. Оны жете біледі, іштен түйсінеді. Сонда мұнда тұрған не сѳкеттік бар? Қолыңнан келіп жатса,  сен де ѳз ѳлкеңнің музыкасы туралы жаз! Бірақ, ѳкінішке орай, бізде барынша етек алған, тамырын тереңге жіберген теріс түсініктің түрі бѳлек.

Мен Алматыға келгеннен бермен Ахаң жайлы, адам сенгізсіз, талай пыш–пышты естідім. Ол аздай, ѳзі оңдырып ештеме жаза алмайтын, жаза алатындарға маза бермейтін талай ѳресіздерді де кѳп кездестірдім. Уақыт ѳте келе, бәрі де ѳз орнына түскен сияқты еді. Бірақ… ескі ауру қалмайды деген рас.

2005 жылы жарық кѳрген «Тәттімбет және Арқа күйлері» ( «Білім» баспасы, Алматы, құрастырған А.Тоқтаған, М.Әбуғазы) деген жинақтағы музыка зерттеушісі Ә.Мұханбетованың алғысѳзін оқып отырып, есіме қайдағы–жайдағы түсе берді. Ол былай деп жазады: «Кеңес дәуірінде… шертпе күй ѳнері тағдыр тәлкегіне түскендей(?) үнемі(?) қаға–берісте қалып жүрді(?). Еліміздің мәдени ѳмірінің сахнасында(?) тѳкпе күй барынша қанат жайды(?)… Тѳкпе күйдің музыка саласында жетекші орын алуының бірнеше себебі бар. Әйгілі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін құрушы (жоюшы демегеніне шүкіршілік,—Б.А.) Ахмет Жұбановтың ѳзі басқаратын оркестрдің репертуарына ѳзі туып–ѳскен ѳлкенің күйлерін кѳбірек(?) енгізіп жүрді… Құрманғазы оркестрінің белсенділігінің(?) арқасында тѳкпе күй оркестрдің концерттік бағдарламасына барынша кѳп енгізілді… Сондықтан да шығар шертпе күй ѳнері біртіндеп(?) алдыңғы қатардан ығысып қалды(?). Мұның еліміздің мәдени ѳмірі үшін зиянды салдары(?) болуы ықтималдығы жѳнінде алғаш болып қазақ жазушылары үн кѳтерді… Т.Әлімқұлов, І.Жақанов, А.Сейдімбеков сияқты азаматтар:«Біз шертпе күйден кѳз жазып қалғалы отырмыз!» — деп дабыл қақты. Осыдан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқауы бойынша… оркестрге тоғыз шертпе күй енгізілді… Бірақ (бұл) теңізге тамған тамшыдай ғана… Шертпе күй консерваторияда жүрдім–бардым оқытылады… шертпе күй ѳнеріне деген кѳзқарасты ѳзгерту керек». Осы жолдардан кейін баяғы 1951 жылғы жағдайды еріксіз еске аласың. Осы қаңқу әңгіме қозғалған уақытта А.Жұбанов, консерваторияның ректоры да, оркестрдің басшысы да емес, о дүнниялық боп кеткен еді. Бұл бір. Ахаң ѳз еңбектерінде шертпе күй жайында «оны шеттететін», «қағажу қалдыратын», «жүрдім–бардым оқытылуға» әсер ететін, «жазушы азаматтар дабыл соғатындай» бір де сѳз айтқан емес. Ол Тәттімбет туралы үлкен очерк жазды, күйлерін нотаға түсірді. Сосын шертпе күйді зерттеудің керектігі жѳнінде талай мақаласында сѳз де қозғады. Мысал келтірейін: «Домбырада орындаудың әдістерін айтқанда (шертпе күй деп біліңіз, — Б.А.) Қазақстанның Шығыс ѳлкелеріндегі кең жайылған домбыра ѳнерін айту керек. Олрдың ішінде аса кѳзге түсетіні — Тәттімбеттің дәстүрі. Тәттімбет — күйдің асқан шебері….оң қолдың ойнау техникасында батыс ѳлкелерде кездеспейтін жайлар бар. Күйлердің негізінде жалғыз дауыстылығынан ба, бұл ѳреде кѳбіне шертіп тартады. Шертуде кѳбірек пайдаланылатын сұқ саусақ… Ол ѳренің домбырашыларынан күштісі Әбікен Хасенов болатын… Арқа күйлерінің кѳпшілігін, музыка тілімен айтқанда, «текстсіз ән» деуге болады» («Ән–күй сапары», 1976, 138—139 б.б.). Одан кейін Тәттімбеттің күйлері, «Дайрабай» күйі, М: Хамзин, Жетісу ѳңірінің күйшілік дәстүрі  және басқалар жайында кеңінен сѳз болады, олардың аз зерттеліп жүрген жайына тоқталады. Осы мәселеге Ахаң басқа да еңбектерінде үнемі оралып отырады. Сонда бұ қандай «шеттету»,  қандай «қағажу» қалдыру? Шертпе күйді зерттесе, Ә.Мұханбетованың ѳз қайда қалған? Бұл бір. Сосын нотаны ноқат деп білмейтін, музыкалық білімі түгел, қарапайым сауаты да жоқ, жазушы ретінде жібі түзу бір шығарма да жазбаған жоғарыдағы «жазушы азаматтардікі» не ойбай, не айғай? Ау, Ахаң 1968 жылы дүния салған жоқ па еді? Сонда бұ нағылған соншалықты кешігіп шыққан айғай?

Әрине, бұ жерде, Ахаңдар қыл үстінде жүргенде, шет жақта қымызға тойып, шалқасынан жатып ап, мәдениеті де, түсінігі де 19 ғасырдың жуан ортасында қалып қойған, басқаның қолтығына су себуге келгенде алдына жан салмайтын әлдеқандай қыршыңқы «хун–вей–биндердің» осы шулығанның бел ортасында жүргендігін айта кеткен жѳн. Сосын Ә.Мұханбетованың «ЦК» деп соншалықты қуанғанына жѳн болсын? Мысал келтірейін: «А.И.Муханбетова в 1972 году в ленинградском сборнике опубликовала статью…(«Национальное и интернациональное в музыке Советского Қазахстана: к проблеме куя»). В Алма–Ате эти мысли вызвали столь бурное неприятие, что побудили местных мэтров… к написанию гневных писем в высокие инстанциии…». «В Москве молодых ученых защитила мудрая и дальневидная Газиза Ахметовна Жубанова. Когда они, окончив учебу, вернулись работать в Алма–Ату, она взяла их под свое крыло. Это она не позволила… осудить их как политически неблагонадежных и изгнать с этим клеймом из консерватории…» («Казахская традиционная музыка и ХХ век», Алматы, «Дайк Пресс» баспасы, 2002, 4 б.). Сонда, мына сѳзге сенсек, әкесі ѳнердің «қас жауы», қызы «мудрая и дальневидная» боп шыға келген бе? Мұны қалай деп түсінуге болады?

Осы арада  оппоненттердің А.Жұбановтың қуғын–сүргіннен 1960–ыншы жылдарға таман құтыла бастағанын, «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» және «Құрманғазы» атты негізгі кітаптарын, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін осы кезде ғана жеке кітап етіп бастыра алғанын, кѳп уақытын ұйымдастыру мәселесіне сарп еткенін, сүйтіп алды–артына енді ойланып қарай бергенде, 1968 жылы дүния салғанын ұмытып кете беретіні қызық. Ол ѳз алдына. Кез келген зерттеушінің ѳзі қызығатын мәселесі, ѳзіне жақын тақырыбы болады. Сонда Ахаң ѳзі жақсы білетін Батыс ѳлкесінің күйлерін зерттесе, онда тұрған не қылмыс бар? Бұ жерде ең басты айтары, Қазақстанның әр түрлі ѳлкесінде вокал мен күй жанры әр түрлі дәрежеде дамығандығы. Бұ жағдайды, кезінде А.Затаевичтің ѳзі асқан білгірлікпен байқаған болатын. Ол атақты еңбегінде: «Да и вообще — общеизвестен тот факт, что особенная любовь к «кюям»(т.б. пьесам для домбры) раблюдается у казахов Малой Орды, т.е. Уральских, Букевских, Актюбинских и Иргизских, у которых и самые домбры имеют более длинные шейки от 11 до 12 ладов, походя, по свей хрупкой, стройной и удлиненной фигуре на туркменскую дутару. Домбры же семипалатинских горазде короче, у них х всего 7 ладов, и по внешности (трехугольный кузов) они напоминают русскую балалайку, причем служат более для аккомпаномента пению, а не для исполнения самостоятельных, специально для такой домбры созданных пьес, которых, сравнительно, очень редко», — деп жазады (500 ән–күй, 2002, 338 б.). Бұл бүгінгі қызылкѳздер де, қияңқы «хун–вей–биндер» де жоқ кезде, сол заманды білетін, соны ѳз кѳзімен кѳрген кісінің жазып отырғаны. Бұ жерде қандай күдіктің болуы мүмкін? Сосын бір октаваның кѳлемінде ғана 7 дыбысы бар домбырамен қандай күрделі күйді тартуға болады? Ондай күйді тарта қалған кездің ѳзінде, оның әннің мелодиясынан іргесін алшақ салып кете қоюы қиын. Жоғарыда Жұбановтың «Арқа күйлерінің кѳпшілігін, музыка тілімен айтқанда, «текстсіз ән» деуге болады» деп отырғаны да сондықтан. Бұл әр ѳлкеде жасаған жалпы халықтың музыкалық ойламының қандай болғанын кѳрсететін нәрсе. Әзәлында жыр мен әуен бас қосқан, речитатив түрінде туған вокалдың бағзы формасы келе–келе бір бірінен іргесін ажыратып, ѳлең мен ән боп енші алысқаны музыка тарихынан белгілі. Содан кейін музыка аспаптарының жетілуіне байланысты вокалдан жасалу шарты да, формасы да бѳлек күй жанры (аспапқа арналған музыка) пайда болды. Бұ жағдайды бүткіл дүния жүзі халықтары басынан кешірді. Қазақтар да сондай. Мәселен Батыс ѳлкесінде симфонизм соншама дамысған, вокал оған қарағанда кем түсіп жатады. Ал Арқада ән жанры қатты дамыды, оған қарағанда күй формасы, Ахаңша айтсақ, «текстсіз ән» шамасында қалды. Жетісу ѳлкесінің музыка ѳнері де, шамамен, осыған ұқсас. Міне, осының бәріне керісінше, ѳзім туып–ѳскен Сыр бойында жыр ѳнері, речитатив, басқаша айтсақ, сѳз бен әуеннің бѳлінбей тұрған кезіндегі форма қатты дамыған. Одан вокал бѳліне бастаған кезді Ешнияз салдың дербес жанр ретінде ән шығара бастаған тұсы деуге болады. Ал күй жанры мен Ноғайлы жырларын ХҮІ ғасырда орыс империясының қысымымен Ноғайлы ұлысы ыдырап, алдына Асан Қайғыны салып алған ноғайлылар Ставрополь ѳлкесінен Жем бойын қуалап отырып, Ақтѳбе жақтағы бос жатқан даладан бастап, бүгінгі Қызылорда уәләйатының Арал, Қазалы аудандарына дейін қоныс аударғанда, Сыр бойының аборигендері саналатын Кете–Шѳмекей тайпаларына ѳздерімен бірге ала келді. Бірақ күй де, ноғайлы эпосы да Кете–Шѳмекей тайпасына сіңген жоқ. Сыр бойы аборигендерінің ішінде, бірен–саран кісі болмаса, әлге дейін күйді ешкім де тартпайды, ешкім де тыңдамайды, «Едіге», «Орақ–Мамай» т.б. сияқты ноғайлы жырларын, Арал, Қазалыдағы елден басқа, Сыр бойында ешкім де айтпайды. Одан тыс, Арал, Қазалы, Шалқар тѳңірегінің жыршыларының мақамдары Ақтѳбеге жақын, ал Ұлы жыраулардың туын тіккен, Сыр сүлейлерінің негізгі Отаны боп саналатын Қармақшы–Жосалы маңындағы Кете–Шѳмекей жырауларының әуені мүлдем басқа. Мұнда речитативке қоса, кантилена элементтері басым. Симфонизм атымен жоқ. Ол неге жоқ деп және бұрқан–талқан боп жатудың қажеті де жоқ. Бұл түптеп келгенде, мәселен, жауынгер ел түркмендер сияқты бір тұтас халықтық сезімі қалыптаспаған, маңғұл, түркі, қытай, қалмақ, шүршіт, қият  және де басқа кѳне тайпалардың жұрнағынан құралған, тѳңкеріске дейін ел ретінде бірегей аты бола қоймаған, 1920 жылға дейін «қырғыз» атанып келген, «қазақ» атауын 1925 жылы бәлшебектердің зорлап таңуымен еріксіз алған ( біздің бала кезімізде, «қазақсыз ба?» десек, руын ғана айтатын шалдар шамданып, «ѳзің қазақсың» деп басымыздан тықымай алушы еді, — Б.А.) жас халқымыздың музыкалық ойламының дәрежесі мен шамасына байланысты. Тѳкпе күй мен шертпе күйдің арасындағы «кикілжің» де осыдан шығып жатыр. Оны одан әрмен ушықтыра беру естілікке де, мәдениеттілік де жата қоймайды.

Міне, күш–қуат пен шынайы жігердің керек жері де дәл осы жер. Ол жѳнінде дәулескер стилист жазушы, тамаша суреткер Ю.Казаков жоғарыда аталған әңгімесінде: «Нужно держаться, нужно быть мужственным, чтобы начать все сначала… Похвала страшна, она приучает писателя думать о себе лучше, чем он есть на самом деле… Если писателю не хватает мужества — он пропал. Он пропал, даже если у него есть талант. Он станет завистником, он начнет поносить своих братьев. Холодея от злости, он будет думать о том, что его не упомянули там–то и там–то, что ему не дали премию, а дали каръеристу, бездари…»,— деп тап басып жазған еді. Бұ жағдай біздің бүгінгі музыкамызда да, әдебиетімізде де, ѳнердің басқа салаларында да баршылық.

Бұл жағдай тек қана ғұлама Ахмет Жұбановтың басында болған емес. Осының бәрін ойлап отырып, кей кездері, ѳмірдің талай–талай тар жол тайғақ кешуінен асқан тазалықпен ѳте алған, дағдыры қыл үстінде тұрса да, сабырынан жаңылмай, ересен еңбек етіп, музыканың бар саласында ѳшпес із қалдырған, бір кездері  Кеңесбаев бастаған қызылкѳздер «ы» мен «і» дыбысын құрту керек» деп шабуыл жасағанда, «ісік» деген сѳзді қалай жазамыз» деп қазақ тілі орфографиясын зор апаттан сақтап қалған, жасының үлкендігіне қарамастан сол кездері тѳсін қағып жүрген жас шайыр Хамит Ерғалиевке «академик шопыр» бола білген, ѳзін бір заманда итжеккенге айдатып жіберуге тырысқандармен, кәдірін кетіріп, ищаласып жатпаған, қашанда ѳзінің шынайы зиялы кісіге ғана тән қарапайым қалпын сақтай алған, Европа мен қазақы мәдениетті тал бойына сіңірген, ұлы да данышпан Ахаңның, бүгіндері «атақты академикті кѳріп, сәлем беріп, қолын алып едік» дегеніңе, басқа түгел балаң да сенбейтін Ахмет Жұбановтың, орасан күш–қайраты мен жойқын жігеріне еріксіз қайран қаласың. Бұл, шын мәнінде, Құрманғазы мен Дәулеткерейдің «Жігері» тәрізді, «Жұбановтың жігері» ретінде талай–талай симфония мен сонаталарға, ән мен ораторияларға алтын арқау бола алатын таңғажайып нәрсе.

10.12.2011    

2 815 қаралды