Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Шошыта жердi шар етiп…

Шошыта жердi шар етiп‚
дүнияға келдi бiр балам.
Көрмеген тағдыр табы өтiп‚
ол‚ перзент, кәзiр кiмге алаң?
Елемей тiпте жан-жағын‚
созады ол қолын балауса.
Төгедi кейде маржанын‚
ашырып қарнын таң ауса.
Ынтығып сосын сорады‚
анарын ана құрғырдың.
Соғады дүрс-дүрс тамағы
жүрегiндей құйттай бұлбұлдың.
Тойған соң сүтке тыңқиып‚
жатады жаялығында.
Жатады ернi бұртиып‚
жүзгендей ой ағымында.
Ал соған қарап мен бейбақ‚
сезiнiп бақыт-ғажапты‚
отырам төгер тердi ойлап‚
алдағы тартар азапты.
Азапқа егер көнбесем‚
ақы пұл қайда‚ нан қайда?
Кез емес қаңғыр ендеше‚
намысты сабап борбайға.
Кез емес‚ тiпте құдай бол‚
өлеңмен талшық етерлiк.
Мейлi сен тұлпар‚ құмай бол‚
басынар әр кез мекерлiк.
Егессе кейде бiр залым‚
жебе боп жанға қадалар.
Ойланбай еткен ыржаңың‚
кейiнiнен терiс мән алар.
Оған да мойын ұсынбай‚
алғы уақтарға ұмтылсаң‚
ханауыз көрпе тысындай
түрленiп күнде мың тұрсаң‚
бiр бастық басын шайқайд та‚
бұйрыққа басар бармағын.
Ақымақ боп сосын айтақта‚
әрi-сәрi хаде қалғаның.
Сондықтан iштен үнемi
тiлейсiң жанға тыныштық.
Тiлейсiң жылдар түренi
салса деп жолды дұрыс қып.
Мен дағы сондай ең абзал
келе жатырмын бағытта.
Онда да қаңқу‚ көп жанжал‚—
кетемiн кейде лағып та.
Мiнеки‚ тағы әкемiн‚
маған да‚ бауырым‚ жан керек.
Бесiкте жатыр көкөрiм‚
ал оған бал мен нан керек.
Табуға соны борышты
тек қана мынау қыл мойным.
Көрмекпiн қырғын соғысты‚
сондықтан келмек кiмге ойным?
Шашым да болды ақ қырау‚
басым да болды қырық бөлек.
Алдымда сансыз жатты дау‚
алдымнан тағдыр күттi ерек.
Сезiндiм соның барлығын‚
сезiндiм сиқыр сұмдықты.
Сезiндiм өмiр жарлығын‚
сезiндiм қырбай қым-қуытты.
Сезiнiп болып… қасарып‚
киместен тәжiн сан ұпайдың‚
жүз жылға кенет жасарып‚
жүз жылға кенет қартайдым…
 

05.03.1970

1 831 қаралды