Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Қайдасың, қарагөзiм…

Қайдасың, қарагөзiм‚
тағдыры қосылмаған‚
iштей тынып‚ әр уақта жас ұрлаған‚
биқам‚ албырт‚ әуiрi басылмаған‚
еркек қой деп ешкiмге бас ұрмаған‚
екiпiнiмен жастықтың тасырлаған‚
менi көрiп жампозша асылдаған‚
сабақ берiп тұрғанда‚ қараушы едiң
ықыласыңмен бұ жұрттан жасырмаған.
Мен ол шақта ағеден балаң едiм‚
ұялшақ ем‚ сөзге де сараң едiм.
Шәкiртiне ұстаздың ұмтылғанын
ерсiлiкке iшiмнен санап едiм.
Сен сонда да бетiме қарап қырын‚
үйретушi ең жалықпай араб тiлiн.
Жүретiнсiң шашыма жанап кетiп‚
көрiп менi бiр көзi қарақтының.
Жанға сонда бiр ниеттiң құсы қонып‚
болатын-ды жүргендей ұшып‚ өрiп.
Тұратынсың алғың кеп қатарыңа‚
тұрса дағы жас жағым кiшi болып.
Сол талапқа сен iштей кет демедiң‚
тарттың күдiк‚ үмiттiң жекпе-жегiн.
Мен сол кезде өзiңнен қылған халас
тұңғыш рет шешеме өкпеледiм.
Одан берi екi жыл жыраққа ақты‚
жанарымда жiбiмес бұлақ қатты.
Жүргенiмде дел-сал боп‚ басқа бiр қыз
түңлiктi ашып‚ қақпамды бiр-ақ қақты.
Бiр-ақ қақты‚ өзiңнен жырақтатты‚
сүйегiмдi сырқыратар сынақ тапты.
Керқырсықтан қалтырап кеткен жаным
аңылжыған жүр аңсап бiр аптапты.
Елесiне мен соның құл болам да.
оңаза ойға қаламын шырмалам да.
Өткендi еске аламын‚ қылмыс жасап
қойғандай-ақ‚ өзiмнен… ұрланам да‚
жәнә деумен елеске табынбағай‚
аяғыма деймiн мен жаңылмағай.
Қызық осы‚ басына қонбақ болған
байқамайды бұл бәндә бағын қалай?
Соны бастан не талай өткерген шоң?
өкiнген бе орқылдақ бектер де өңшең?
Әлде өкiну жайыз ба‚ бастан бағың
бұлдырықша пыр етiп кеткеннен соң?
Осылайша дел-салмын‚ қарагөзiм‚
сықылдысың сен менiң бала кезiм.
Әлi де тек түсiмде‚ қарап қырын‚
бiрi көрiп менi мұзбалақтының‚
сен жүресiң баяғы‚ сен жүресiң‚
жалықпастан үйретiп араб тiлiн…
 

1969 жыл

download themes for free
1 868 қаралды