Бас бет » Мақалалары

Ботбайдан ұшқан бұлбұл құс

Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан, бүгінге дейін жалғасып жеткен ән айту ѳнерінің табиғи синкретизмнен бірден профессионализмге  «қарғуы», басқаша айтсақ, Сәбет заманында «феодализмді айналып ѳтіп, бірден социализмге қарғыдық» деп күпілдегеніміз сияқты, қолайсыз бір жағдайды бастан кешіргізді. Қанша мақтансақ та, о кездері шыққан әншілеріміздің ешқайсысы да, Европа, соның ішіне Италия әншілерінің дәрежесіне кѳтеріле алған жоқ. Тіпте оның керегі де жоқ еді. Соған қарамастан біз  Сәбет үкіметі сырттан әкеп таңған, халқымыздың үрдісінде жоқ опера, балет, драма театрлары т.б. сияқты ѳнер түрлерінің мамандардын дайындаудан тыйылған жоқпыз. Мұның маман әншілерге де қатысы бар. Соның нәтижесінде бізде халқымыздың тѳл топырағынан алшақтап кеткен, қазақы ән айту ѳнерін сезбейтін, білмейтін, тіпте қазақша дұрыстап сѳйлей де алмайтын, керек десе оны қажетсінбейтін де, барынша европаланған, орыстанған әншілердің тобы қалыптасты. Бұған бір жағынан, біздің халқымыздың дәстүрлі ән айту мектебінің үрдісін әрі қарай жалғастыра алмағандығымыз, екінші жағынан, руһани космополитизм, басқа ұлт ѳкілдерінің (қанша туыс, жақын ел болсын, — Б.А.) қазақ вокалында үстемдік етуі, қазақтың «қара дауыспен» айтатын мектебінің тѳл ѳкілдері Ж.Омарова, Р.Есімжанова, Р. Қойшыбаевалардың т.б. «мәдениетті» түрде шеттетілуі, ұлт вокалын ѳзін ѳзі тек қана домбырамен сүйемелдеп ән айтатын әншілердің шамасында, экзотика ретінде ғана қарастыру қазақ вокалына кѳп зиянын тигізді. Мұны кезінде Ә.Қашаубаев жѳнінде ұлы фольклор жинаушысы А.Затаеевич: «Чисто же в голосовом отношении Кашаубаев превосходит обоих яркостью своих данных. И очень жаль, что отрыв от степи и соблазны города ставят этого хорошего певца под искус и перед опасностью замены живого, непосредственного чувства и подкупаюшей свежести и наивности  творчества – холодным и безучастным стандартом исполнении», — деп, негізгі мәселені дер кезінде кѳріп, асқан білгірлікпен, ѳте жақсы жазған еді («500 казахских песен и кюев», Алматы, 2002, 331 бет). Біз кәзір соның зардабын Орта Азия мемлекеттері ішінде барынша тартып отырған елміз. Сәбет заманында Мәскеу мен Миланды барып таңғалдырса да, Европа елдерінің неше түрлі сыйлығын алса да, бүгіндері біздің тѳсіне ұрғыштап жүрген әншілерімізді, мың жерінен мақтаса да, нағыз да шынайы қазақы әншілер деуге болмайды. Олар бар–жоғы Италияның белькантосын меңгерген, ѳзіміздің тѳл вокал мектебімізге мұрындарын шүйіре қарайтын, барынша «европаланған», «орыстанған», «татарланған» космополиттер ғана. Мен жақында Жылтыркѳзов бастаған, Италия операсына келгенде тѳрт аяқтарын тең тастайын жорғадай суси жѳнелетін бес–алты тамаша баритонның Жаяу Мұсаның «Ақ сисасын» айтқанда қалай ақсап жатқандарын кѳрдім. Ең бастысы, олардың жан дүниясы, осы әнді сезінуі, қазақша дыбыс шығару техникасы, интонация мен дикциясын еске алмағанда, регистрлардың алмасуы мен сахнадағы қимыл–әрекеттеріне дейін мүлдем табиғи емес, жасанды, әлдеқандай компьютердің арнайы жазылған программасы бойынша айтып тұрған қуыршақтар сияқты. Ең бастысы, бұл әндегі автордың жан күйі, күйініш–сүйінші, т.б. жоқ, мүлдем салқын. Біз мұндай салқын лепті, қазақша айтсақ, қазақ даласына Мұзды мұхит кеп орнай қалғандай жағдайды бүгінде бетке ұстап жүрген, қаншама қазақша малына киініп, қаншама қазақ боп кѳрінгісі кеп тырысқанымен, нағыз қазақылықтан баяғыда–ақ ат құйрығын кесісіп кеткен әншілеріміздің  бастарынан анық кѳреміз.

Міне, осындай қолайсыз жағдай, неге екені белгісіз, халқымызға кеңінен танымал, дарынды әнші Б.Сәмиддинованың үлкен концертін кѳріп–тыңдап отырғанда, менің есіме түсе берді. Әрине, бұл арада консерваториялардың қатырма қағаздарын алып, ѳздерін вокал тағына отырғандай боп кѳретіндердің бар–жоғы Алматыдағы эстрада және цирк студиясы мен Қазақ университетінің қазақ филологиясын бітірген Бағдатқа қалай қарайтынын жақсы білемін. Бұ жерде дарынды әншіні басқалардан ерекшелендіріп тұрған нәрсе, Затаевичтің сѳзін ѳзгертіп айтсақ,  «даладан қол үзбегендігі», «қаланың қылтың–сылтыңына салынбағандығы», ең бастысы, алғашқы қадамынан–ақ қазақ халқының ғасырлар бойы кѳздің қарашығындай сақтап келген ән айту мектебінің үрдісін әр қарай шығарымпаздықпен жалғастыра білгендігі, әзәлында табиғат берген, диапазоны барынша кең, күмістей сыңғыраған даусының барлығы, бұлбұл құстың ѳзінің неге, не үшін, кімге арнап сайрап тұрғанын сезбейтіндігіндей, оны іштей сезсе де, «сезбейтіндей» болуы, құдіретті дауыс селінің тау басынан ѳз ѳзінен еркін, ешқандай қиындықсыз ақтарылып жатқандай боп кѳрінуі, ѳзін ѳзі зорлаудың, күшенудің мүлдем жоқтығы, кантилена мен декламацияның, вокал техникасында бар әр түрлі тәсілдің ѳз ара еркін, табиғи түрде жымдасып, астасып келіп жатуы, бәтуасыз да дәркілдек, әнші деуге мүлдем болмайтын дарақы А.Пугачеваларға тән жалған қылымсу–сылымсудың, сахнада қалай болса солай жүріп, басы айналған кѳбелекше шыр айнала берудің, эстраданың ескі шаңын қағып селкілдеп секірудің жоқтығы,  ең бастысы, шынайы табиғилықтың, шынайы дарындылықтың, шынайы вокалдың барлығы деу ѳте–мѳте орынды. Бұған енді бұлбұл сияқты құп–құйттай Бағдаттың қазақ әнінің бар саласын барынша, кеңінен қамтыған шалқар теңіздей кѳл–кѳсір, аса кең репертуарын қосыңыз! Осының ѳзі–ақ Б.Самиддинованы біздің бүгінгі таңдағы бірден бір маңдайалды дарынды әншіміз деуге толық негіз бола алады.

Біздің қашанда осындай «маңдайалдылардың» кезінде маңдайынан сипай қоймайтынымыз да, оларға емешегіміздің онша езіле бермейтіні де бесенеден белгілі. Бағдат та осы жолдан ѳтті. Ең бастысы, оның қазақы қаймағы бұзылмаған, Жетісу ән ѳнерінің  тұнып тұрған кѳзі ѳнерлі де сауықшыл Ботбай елінің жуан ортасында ѳскендігі, сол мектептен  тәлім–тәрбия алғандығы. Содан мектеп қабырғасынан кейін Алматыдағы эстрада студиясына кеп оқуға түсіп, вокалдан сабақ алған оның ѳнердегі үлкен жолы басталды. Әрине, бұл арада қандай дарынның да ѳз ѳнерін шыңдай түсу үшін барынша тер тѳгуі керектігін ескерген жѳн. Ол жайында К.Станиславскийдің: «Чем больше талант, тем больше обработки и техники он требует», — деп жақсы айтқан да еді. Мұның Бағдатқа тікелей қатысы бар. Еңбекқор әншінің табиғи даусын қалай ѳңдеп, қырнап, мінеп, жетілдіргені, оны бір қалыпқа қалай түсіргені (постановка голоса), қазақ тіліне ғана тән,  бүткіл вокалдың негізгі тірегі деп саналатын  а–ә, о–ѳ, ұ–ү, ы–і, е   тәрізді дауысты дыбыстарды қалай әндете айтудың керектігін, қалған дауыссыз дыбыстардың айтылудағы ерекшелігін, негізгі тонға қоса обертондардың әуенге ететін әсерін, дауыс регистрінің қасиеттерін барынша жеріне жете ѳз бетінше меңгергендігі кісіні таңғалдырады. Әсіресе, оның тыныс алу техникасының кемелдігі, бүткіл кеудесін кере, басқаша айтқанда, диафрагма–кѳк етті соза дем алуы, ол ауаны, шығарманың кѳркемдік мақсатына орай, әр түрлі тәсілмен шығара білуі, сыңғырлай созылған әуездің ешқандай да олқылықсыз, не тѳмен түсіп кетпей, не фальцетке ұшырамай, сымға тартқан күмістей боп бір қалыппен сыңғырлай шығуы, сырттай қарағанда, ѳз ѳзінен болып жатқан іс–әрекет сияқты боп та кѳрінеді. Ал шындығында, оның әр жағында барынша тѳгілген тер, қыруар еңбек жатыр. Сүйтіп ѳз даусының қыр–сырын ѳзі жақсы біліп, оның мүмкіндігін барынша меңгергенде ғана шынайы әнші шынайы вокал ѳнерін жасай алады. Бұл ұлы Э.Карузоның: «Невозможно художественно петь, не владея в совершенстве контролем дыхания», — деген сѳзін еске түсіреді. Осындағы кѳркемдеп ән салу деген сѳздің мағынасын Бағдат ѳте тереңінен түсінген. Шындығына келгенде, ән салу мен ән айтудың айырмашылығы бар. Шағын дауыспен, жалпы кѳлемі 5–6 нотадан аса қоймайтын «шлягерлерді» билеп жүріп те, аспанға секіріп жүріп те, атпен шауып келе жатып та т.б. «айта» беруге болады. Біздің бүгіндері эстрададан кѳріп жүргендеріміз осындай сыбырлақтар мен жыбырлақтар. Ал кѳлемі үлкен, кейде бір жарым октаваға дейін созылып жататын, сыршыл да терең әндерді орындау үшін, ең алдымен, әншінің құдіретті даусы болуы қажет. Ал бұл қасиет Бағдатта артығымен жетіп жатыр. Мәселен, оның халық әні «Бурылтайды» айтқандағы кең тынысы, дыбыс шығарудағы еркіндігі, аса қазақы даусының тембрі, кім кѳрінгенде бола бермейтін күш–қуаты, үлкен диапазоны, ең бастысы, классикалық әннің табиғатын тереңінен түсініп, ондағы мән–мағына мен тұнып жатқан эмоцияны тыңдаушыға барынша кѳркемдеп жеткізе білетіндігі, ѳзгеше бір сыршылдығы, айрықша лиризмі бірден кѳзге түседі. Мұнда айғай да, кейбір дүмбілез әншілердің даусы жетпеген жерде әуенді «жұтып» қоятын қулығы да, жадағай декламациясы да жоқ. Сыңғырлаған дауыс құдды бір қара сырнайдан сыңғырлай шығып жатқан саз сияқты айрықша әсер қалдырады. Ең бастысы, әншінің ән әуеніндегі жоғары және тѳмен тұстардан бір біріне ѳтер тұстарындағы табиғилығы, олардың араларының бір бірлеріне соншалықты жымдасып кеткендігі, әуездің бір тұтас боп шығуы, шынайы қазақилық  тыңдаушыны тәнті етеді. Аздан кейін әннің болмысына бар жан–тәнімен еріксіз еніп кеткендей болған тыңдаушы ѳзін кең далада атқа мініп, даусын соза әндетіп келе жатқандай боп та сезеді. Ал бұл нағыз ѳнердің құдіреті!

Әнші даусының тембрі де, даусының бояуы да ерекше. Онда нұрлы сәттер басым. Жалпы жаратылысында шад–шадымандығы мен ѳмірсүйгіштігі, мінезінің жарқындығы басым жайдары Бағдаттың орындап жүрген шығармаларының дені мажор әуездігінде шығарылған боп келеді. Оның сыңғырлаған даусы да құдды соған орай жаратылғандай боп әсер қалдырады. Ол орындаған әндерден ѳміршеңдік, оптимизм, жастық қуаты, қым–қуыт та қарапайым тіршіліктің қызықшылығы, оның парқының барлығы, терең мән–мағынасы кѳктемдегі жылы самалша есіп тұрады. Бұл жерде күйректік атымен жоқ. Ол орындаған Жетісу әндерінің ішінде «Бекзатым–ай», «Желбір жекен», «Жас келін», «Бүлдірген», «Жорғатай», «Қалқам–ай», «Пай–пай», «Сырғалым», «Күміс құмған–ай», «Угәй–ай» және де басқа тәрізді жәуһарлар тыңдаушы жанына терең із салады. Бұ жерде осы ортада туып–ѳскен, сол шығармалардағы бар күш–қуат пен эмоцияны бойына қаршадайынан сіңірген Бағдаттың тѳрт аяғын тең тастаған жорғаша тайпала жѳнелетіндігі айтпаса да түсінікті. Бұл — оның стихиясы. Ал осы қалып бұзыла қалған жағдайда, мен су шайқалмас жорғаны тақтайдай тегіс қазақ даласында емес, Алматының айналма ипподромына әкеліп, жарысқа қосқан сияқты қолайсыз күй кешем. Шындығына келгенде, біздің бүгінгі ѳнерде қалыптасқан қолайсыз атмосферада шынайы ѳнерпаздардың тек қана қазақтың сайын саһрасында тайпалып жортып жүре беруі мүмкін де емес. Батыраштар кѳп. Әнші жазғанын кейіннен кітап етіп басатын жазушы не шайыр емес, оның бар ѳмірі сахнаға, эстрадаға байланысты. Сол нәрселер қолында тұрған қудіреттілердің әнсымақтарын орындамасаң, эстраданың маңайынан да жүре алмайсың. Ал анда–санда бір болатын ресми үлкен концерттердің тізіміне ену үшін әнші қыздардан не талап етілетінін мен айтпай–ақ та қояйын. Атақ, шылдырмақ алу одан да ғазабат. Мұндай жағдайда шынайы ѳнер жасайтын әншіге үлкен талап қоюдың ѳзі ерсі. Ал Бағдат болса, осындай келеңсіздіктерден абыроймен ѳте білді.

Енді бір айтатыны — Бағдаттың легато, басқаша айтсақ, кантиленаны барынша еркін, тереңінен меңгергендігі. Кез келген музыка шығармасы бір бірінен алшақ жатқан ноталардан құралмайды. Орта есеппен алғанда, шумақ–куплет формасында жасалған бір әнде болатын 16 тактының (кейде одан да кѳп) бір шығарма ретінде, бір бірімен байланысып айтылуы, сүйтіп бір тұтас дүния боп шығуы қажет. Бұл арада ноталарды бір бірімен жалғастырып, байланыстырып айтқанда, бір нотадан екінші нотаға кѳшкен кезде әншінің әуелі ішке жұтып, соны іле–шала сыртқа шығарғандағы даусы, яғни дауыс селі, үзілмей, бұзылмай, бір сәтке де олқы тартпай, еркін шығуы тиіс. Әдетте қатырма қағаздан жасалған дипломы бар маман әншілер осындай дәрежеге жету үшін консерваторияларда ұзақ уақыт бойы вокализбен, сольфеджиомен айналысады. Соның ѳзінде де олардың қарық боп жатқандары шамалы. Ал консерваторияда оқымай–ақ, вокалдың осы техникасын, жоғары филологиялық білімі бар Бағдаттың ѳз бетінше жетік меңгергендігі, қазақ ѳлеңінде кездесетін, бір біріне іргелесе орналасқанда екі дауысты дыбыстың ѳзара кірігіп, жұтылып кетіп, бір ғана дыбыс шығаратындығын, жалпы сингармонизмді жақсы білетіндігі, мінсіз дикциясы, әндетіле айтылған сѳз буындарын айтуға келгенде тілінің икемділігі мен кемелдігі, дыбыс шығаратын аппараттардың толық автоматизмге жеткендігі, ең бастысы,  сѳз бен сѳйлемді, ѳлең ырғағын қазақы құлаққа етене таныс етіп  шығара алатындығы кісіні қайран қалдырады. Бұ жерде эстраданың ѳз ерекшелігін ескеру керек. Эстраданың заңы бойынша, қандай да шығарманы тыңдаушы бірден түсінуге тиіс. Оны қайталап сұрап жатуға да, қайталап айтып жатуға да уақыт жоқ. Осындай жағдайда екі дауысты дыбыстың ѳзара кірігіп кеткен тұстарын әнде келістіріп, анық қып айтып кѳріңіз! Міне, осы жетістік Бағдатта бар. Осы арада, басқаны қайдам, ѳз басым ағыла шығып жатқан ауа селімен бірге анық етіп айтылған әлгіндей буындар мен бунақтарды естіп отырып, әншінің дыбыс шығаратын аппаратының ерекшелігіне еріксіз таңғалам. Мен мұндай кемел фонизмді басқалардан кездестірген емеспін.

Оның ән айту техникасын барынша меңгергендігі де бірден кѳзге түседі. Жалпы вокалда ән айту техникасын әншінің толық меңгеруі, ән айтып тұрғанда ол жайлы ойламауы, тіпте оны еске алмауы қадағаланады. Бұ жерде еркіндік, ѳз ѳзіне деген сенімділік, дәулескерлік пен автоматизм  керек. Оның орындаған шығармасын тыңдап отырған кісі ән салудың соншалықты «қарапайымдылығына», соншалықты еркіндігіне таңғалып, оны ѳз ѳзінен болып жатқан нәрседей кѳруге тиіс. Ѳнердегі нағыз ұсталық деген осы! Бағдат айтқан кез келген әнді тыңдасаңыз, дәл осындай күйде боласыз.

Енді бір баса айтатыны — Бағдаттың, ѳнерлі Ботбай елінде халық әндерін қаршадайынан айтып ѳскендігінен бе, қазақ ѳлеңінің ѳлшемін ѳте жақсы білетіндігі. Жалпы халық әндері 11 буынды және 7–8 буынды ѳлең ѳлшеміне сәйкестендіріліп құрылған боп келеді. Кейде оның, мәселен «Сәулем–айда», мелодияның ағысына ыңғайланып, бірінші жолға үш буынды қыстырма сѳз қосылып, соның салдарынан жалпы ѳлең ѳлшемінің 7–8 буынды екі жол бір біріне жалғасып келген сияқты боп кѳрінетін кезі де болады. Одан тыс, «ахау», «беу», «пай–пай», «шіркін» т.б. тәрізді, жалпы мәтіннің мағынасымен онша қабыса бермейтін, бірақ экспрессиялы мәні бар қосымша сѳздер де қолданыла береді. Міне, осы жәйттер бір бірімен астасып келгенде, олардың бірден ара жігін ажырата қою оңайшылыққа түсе де қоймайды. Оның үстіне, 11 буынды ѳлең ѳлшеміне негізделген халық әндерінің мелодиясы шумақ–куплет формасында емес,  2 жол түрінде жасалған боп келеді. Осы алғашқы екі жолдағы әуен шумақтың 3,4–інші жолдарында еш ѳзгеріссіз, әрі қарай дамымай қайталанып, жасанды түрде «шумақ–куплет» құрайды. Бұл, әсіресе, Жетісу мен Оңтүстік ѳлкесінің әндеріне тән қасиет. Сол себепті де болар,  кейде мұндай шығармалар күрделі каденциясы мен периоды жоқ, күрделі құрмалас музыкалық сѳйлемдерден тыс жатқан, сырттай қарағанда, әуені «оңайлау» боп келген дүниялар сияқты боп та кѳрінеді. Бірақ бұл сыртқы алдамшы кѳрініс қана. Міне, осындай «оңай», «жеп–жеңіл» сияқты боп кѳрінетін әндердің әуені мен мәтінінде жатқан терең мазмұнды аша қою оңай шаруа емес. Ал Бағдат орындаған кезде, осындай әндердің қай қайсысы да басқаша бір қырымен кѳрініп, құдды Күн сәулесі түскен жақұттарша құбылып сала береді.

Бұ жерде халық әндерін домбыраның сүйемелдеуімен ғана айтатын жеке әншілер мен Европаның музыка аспаптарының сүйемелімен, осы заманғы аранжировкамен орындайтын әншілердің арасында айырманың барлығын ескере кеткен жѳн. Қанша дегенмен, екі ішекті домбыраның дыбысы әншінің даусындағы кем–кетікті, олқы тұстарды аккомпонементпен «жаба» да, «жасыра» да алмайды. Әнші домбыраның ішегі мен қақпағын қанша қақса да, домбыраның шанағын қырғызшалап мойынан асып алып, неше түрлі трюк жасаса да, атақты тықылдақ текесақалды біреу құсап, «бақсы» боп, билеп кетіп, зікір салса да, бәрі бір ол кемшіліктен арыла алмайды. Ендігі міндет — эстрада оркестрінің құрамындағы Европаның музыка аспаптарын, қарапайым тілмен айтқанда, «қазақыландыру», оларды қазақ мелосына ыңғайлау. Аранжировка жайы да сондай. Бағдат орындаған әндерді тыңдап отырып, осындай ой еріксіз келе береді. Ол, шын мәнінде, осы заманғы халық әншісі. Бұ жерде халық әншілерінің бұрынғы ескі сал–серілерше әлем–жәлем боп киінуі шарт та емес. Бұған керісінше, Европаның келеңсіз үлгілеріне еліктеу және қол емес. Бағдаттың концерттерде бірде ескіше қазақы, бірде осы заманғы киім киіп шыға беретіні де сондықтан. Қалай дегенде жоғары талғамның болғаны дұрыс. Бұл бір. Екінші айтарлығы, қазақ әндерін әрлейтін кісілердің маман музыкант еместіктері, олардың қазақ мелосының табиғатын білмейтіндігі, кіріспе мен аяқтаудың, ән мелодиясының ішінде кездесетін неше түрлі аккордтар мен қосымша дыбыстардың табиғи түрде байланысуы керектігін сезбейтіндігі сан қилы ойға батырады. Мысалға, Бағдат орындаған халық әні «Құралайды» алайық. Дарынды бұлбұлкѳмей әншінің орындауында ешқандай да мін жоқ. Бұ жерде айтатыны, әннің кіріспесіндегі сыңғырлаған дыбыс легінің, ойнақылықтың шығарманың ортасы мен аяғына келгенде ѳзгеріп сала бергендігі. Ол ѳз алдына, кѳп жерде аккордтар дүңкілдей күшті шығып, әншінің даусының алдына түсіп алады. Ал бұл аккомпонементтің негізгі атқаратын қызметі мелодияға ылайықты фон жасау керек дейтін басты шартқа қайшы келеді.

Бағдат кейініректе «Отырар сазы» оркестрінің жеке әншісі боп  қызмет те атқарды. Ал мұндай кѳп дауысты оркестрдің сүйемелдеуімен ән айтуға дағдылану, машық алу  маман әншілерге қажет–ақ. Бұл да Бағдатқа үлкен мектеп болды. Кезінде осы оркестрді басқарған композитор әрі домбырашы Н.Тілендиев дарынды әншінің даусына ылайықтап, арнайы 5–6 ән де шығарды. Соның ішінде Бағдат орындаған «Ѳз елім» атты ән бірден назар аударады. Алғашқы тактылары Л.Хамидидың «Отанының» бас жағын еске түсірсе де, композицияда симфонизмі басымдау Нұрғиса әуенді мүлдем басқа жаққа бұрып жіберіп, ән тінінде бірнеше секвенция жасап, ѳзіне ой салған дүнияға ұқсамайтын жаңа бір дүния жасаған. Мұнда ѳлең ѳлшемі де, байырғы ѳлшемдей емес, қазақ поэзиясына кейіннен енген жаңа ѳлшем. Әуеннің дамуы мен ѳрістеуі де ѳзгеше. Шығармадағы екпін, ырғақ, мәтіндегі ашық декламация, кей кездері жадағай тартып сала берсе де, тыңдаушы ѳзінің туған елінде жүргендігін, ұлт әншісін тыңдап отырғандығын бірден аңғарады. Бұған Бағдаттың күш–қуатқа толы сыңғыраған даусы қосылғанда, әнді басқаша бір дүниядай етіп жарқыратып жібереді.

Осы жерде айта кететін бір нәрсе, даусының диапазоны кіші октаваның соль, ля нотасынан екінші октаваның бастапқы ноталарына дейін жететін, «Жетісуда желіп жүрген бѳкендей» кең тынысты әншінің табиғатын бір жақты қарастырып, отаншылдық, патриотизм т.б. дегенді желеу ғып, оны ұраны мен публицистикасы басымдау келген жадағай әндерді айтуға мәжбүр етудің болмай да қалмағандығы. Мұндай ѳтпелі шығармаларда ѳлең мен вокал ажырасқан кезден бастап, ән жанрының бірден бір басты элементі боп есептелетін терең лиризм, туған жер, отан, ата мекен т.б. дегендерге жеке кісінің қалай қарайтыны, оны қалай сезіп–түйсінетіні, жан сезімі жоқ боп келеді. Соған қарамастан репертуарында 400–ден астам вокалдық шығарма бар Бағдаттың ауқымы ѳте кең. Туған жер, отбасы, ата–ана, достық, ата мекен, маһаббат, ѳмірдің мән–мағынасы т.б туралы тыңдаушыны терең ойға батырып, оның жан дүниясына қатты әсер ететін, алуан түрлі тақырыпты қамтыған, жеріне жеткізіле орындалған, әуені әсем, сыршыл әндер үлкен әншінің ѳз жанымен біте қайнасып кеткендігі сонша,  қанша қайтара тыңдасаң да, оның ѳз сыры, ѳз сѳзі, ѳзінің замандастары мен келер ұрпаққа айтып отырған лирикалық жан сыры сияқты боп сезіледі. Бұ жағынан алғанда Ботбайдан түлеп ұшқан бұлбұл Бағдат орыстың нағыз халық әншілері Л.Русланова, Л.Зыкина, О.Воронец, В.Толкуновалармен деңгейлес, салалас, биік бір қатарда тұр.

Кең құлашты әнші бертініректе «вальстің падишасы» Шәмшіге кеп ат басын тіреді. Бұл жерде Бағдат ең алдымен оның «Құшақ жайған қандай адам» дейтін алғашқы шығармасын бірден таңдап алды. Ля минор әуездігінде орындалған бұл әнде алғашқы маһаббат, сүйіктісінің қандай адам екендігін білмей дал болу, оны лирикалық музыкалық кейіпкердің аңсауы, терең сыр, үмітін үзбейтін бір күрсініс, адамға деген сенім бар. Шәмшінің нағыз халық әндері ыңғайында, атап айтсақ, стилінде жазылған азын–аулақ шығармасының ішінде бұл дүнияның алар орны айрықша. Мұндағы тұнық лиризмді Бағдат тереңінен, бар болмысымен түсінген. Оның сыңғыраған күміс даусындағы жеңіл мұң, ерекше шуақ, іште жатқан әлдеқандай бимәлім күш–қуат тыңдаушыны келешекке сендіреді. Олардың жарасымды жұпты боп кете қоймаса да, ѳмір бойы бір бірін сырттарынан жақсы кѳріп, қалтқысыз сүйіп ѳтетіндіктеріне иланасың. Мұнда ешқандай да күнә, кір–ылас деген атымен жоқ, Нағыз романтизмі басымдаубоп келген шынайы, таза, сүйіспеншілік! Бір жарым октаваның кѳлемінде бір бірімен табиғи түрде еркін жалғасып жатқан аса сұлу саз Бағдаттың күмістей сыңғыраған даусының әсерімен мүлдем әрленіп, Ай сәулесі түскен інжу–маржанша неше алуан түрге еніп кеткен. Осының алдында ғана патриотизм т.б. дейтін жадағай бірдеңелерді орындаған Бағдат пен мына мүлдем басқа қырынан кѳрініп отырған жаңа Бағдаттың арасы жер мен кѳктей. Шын мәніне келгенде, екі аяқты, жұмыр басты бәндә үшін сүйген жары, отбасы, бала–шағасы, ата–анасы, туған елінен басқа қандай қымбат нәрсенің болуы мүмкін? Нағыз отаншылдық, шынайы патриотизм деген осы емес пе? Бұларсыз адам ѳмірінің қандай мән–мағынасы бар? Жалпы ѳнердің, соның ішінде вокалдың  негізгі іргетасы дәл осы арада жатыр. Онсыз кѳркем ѳнер тұл.

Жаратылысынан дарынды, күміс кѳмей үлкен әншіміз Бағдат Шәмшінің «Отырардағы той» дейтін атақты әнін орындап, Т.Айбергеновтің сѳзімен айтсақ, ѳзінің де күндердің күнінде «бір болатын, болуға тиіс тойын» ұлы композитор ағасымен бірге бастап кеп жібергендей боп кѳрінді. Бұл нағыз қазақы әншінің болмысына сай келетін дүния бізге енді мүлдем жаңа бір қырынан жарқырай ашылды. Шығармадағы кѳл–кѳсір қуаныш, шад–шадыман сезім, аздаған элегия, аса сұлу саз бір ғана Отырар ѳлкесін емес, күллі қазақ даласына қаптай жайылып, кѳктемдегі нұр суынша  себелеп, оның келбеті мен кескінін мүлдем жаңғыртып жібергендей. Қуатты екпін сайын саһрада шапқылап жүрген шабандоздары кѳз алдыңа әкеледі. Айналадан қызғалдақтың жұпар исі шыққандай болады. Кѳктемнің саф самалы есіп тұрғандай сезіледі. Бұл бір ғана Отырар аймағының тойы емес, жалпы ән ѳнерінің тойы сияқты. Шындығына келгенде, бұ жағдай қазақ музыкасына Шәуілдір тѳңірегінің сиқырлы да сыршыл сазын ала келген Ш.Қалдаяқов пен  қазақ вокалында ұлтымыздың орындаушылық ѳнерінің озық үрдісін жаңа бір сипатта жалғастырған, бүгінгі маңдайалды әншіміз деп ашық айтуға толық хақымыз бар, Ботбайдан ұшқан бұлбұл құс Б.Самиддинованың  кѳркем ѳнердегі, белгілі бір кезеңдегі есеп беруі, жасаған қорытындысы, түйген сабағы, жинақтаған тәжірибесі тәрізді. Қалай дегенде де осы екі үлкен таланттың мынадай шығарымпаздық тұрғыдағы табысуында, тоғысуы мен түйісуінде үлкен астар мен нышан жатыр. Бұ жағдай П.Чайковскийдің таза лирик шайыр А.Феттің «звенящая даль» деген жолына таңғалғанын еске түсіреді. Басқаны қайдам, ѳз басымның күміс кѳмей бұлбұл әнші Бағдаттың ѳнердегі ѳрісінің, орысша айтсақ, «звенящая дальінің», бұдан әрі қарай жалғасып, кеңи де теріңітіп, колоротура мен мелизмнің алуан түрімен байи түсетініне, ауқымы аса зор, тембрі барынша бай, нағыз қазақы да қуатты даусының ұзақ уақыт бойы тыңдаушының жадында сыңғырлап тұра беретіндігіне сенімім зор.

07.01.2012

2 285 қаралды