Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Қайдасыңдар, жындарым…

Қайдасыңдар, жындарым,
қайдасыңдар бүгiнде?
Сыртым бүтiн, iшiм жалын,
достыңнан еш түңiлме.
 

Бiр кездерi балаң ем
жындылығы келiстi-ақ!
Жазған сайын әр өлең,
жүретiнмiн сенi ұстап.
 

Түнi бойы оңаша,
алысар жау тапқандай,
толқушы едiм қоғаша,
қыз қасында жатқандай.
 

Қағаз пәршаланатын
неке түнгi төсектей!
Ойлар қанша қалатын
қамшы жеген ешектей!
 

Сезiм деген сол бiр сәт
шарап болып ағатын.
Қыз жанындай мөлдiр шақ
жанарымда жанатын.
 

Ұйқас, бояу дегендер
кең кеудемнен мың ыршып,
ойқастаған өлеңдер
жататұғын ыңырсып.
 

Соның бәрi ал кәзiр
сирексiдi табылмай.
Ұстатпайды ағла жыр
сылаңдаған сағымдай.
 

Не iстеген жөн? Күндi iркiп,
кетсем бе екен шағылға?
Жырды ұстаушы ем шыңғыртып,
жындарым, сен, барыңда.
 

Сол бiр шақта дем берген
жырмен келсем бетпе-бет,
кеттiң бе асау кеудеден
балалықтай өкпелеп?
 

Айтыңдаршы, жындарым,
қайдасыңдар бүгiнде.
Сыртым бүтiн, iшiм жалын,
достыңнан еш түңiлме.
 

Келшi оралып, қарыспа,
жаным қалсын жаңғырып!
Ғашық қайта табысса,
айрылмайды мәңгiлiк.
 

20.12.1967

1 931 қаралды