Бас бет » Мақалалары

Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың басын айналдырып жіберген Ботагөз

Осы жылдың бас кезінде «Қазақ газеттеріне» барғанымда, танымал жазушы, публицист Б.Қойшыбаевты кездестіріп қалдым. Ол ѳзінің жақында Астанаға барғанын, бір уәзірлікке кіре алмай, күзетшілердің қасында екі кѳзі тѳрт боп тұрғанында, бір қызметкер қыздың ѳзі шығып, рұхсат қағаз жазып әкеп, кіргізіп алғанын айта келе, тосыннан:

– Бала, Сәбеңнің (Сәбит Мұқановтың, – Б.А.) Ботагѳзі жәй нәрсе екен. Нағыз Ботагѳз мына қыз екен. Ѳзі Самсыдан, Ботбай елінен екен. Соны кѳре сала, басымның айналып кеткені сонша, Есілдің сол жағалауынан оң жағалауына қалай барып, қалай қайтып келгенімді білмей де қалдым, – деді күліп.

– Шын ба, әй?

– Шын болғанда, қандай. Бірақ оны сенің кѳруіңе болмайды.

– Е, неге?

– Сен бірден ән шығарасың, – деді Бейбіт қалжыңдап.

Сол арада басыма алты алаштың ѳмірі бітпейтін шаруасымен айналысып жүрген, қалжыңдап айтуымша, «барынша саясиланып кеткен», «мұзды мұхиттан» бетер мұздай Бейбіттер, шыныменен, кѳре сала, дәруіштеніп кетсе, онда әлгі қыз ботагѳз болса, ботагѳз болар, деген ой түсті. Содан шамалы ѳтісімен Жетісу ѳлкесінің әндерін зерттеп жүргенімде, басыма әлдеқандай музыкалық фраза оралып, есіме сонау сексенінші жылдары бір жолдастармен Самсыға барғанымыз, Алатаудың әсем баурайына орналасқан шағын ауылдағы Ботбай елінің ѳнерлі жандары, олармен қоштасып, кѳп тұрғанымыз, түн ішінде Алматыға улап-шулап қайтқанымыз түсе кетті. Осының бәрін екшей-текшей келе, қазақтың ботагѳздері туралы неге ән шығармасқа деген ой келді. Сүйтіп синтезатор мен компьютерге отыра сап, Жетісу әуендерінің ыңғайына жақындау, руһтас бір әнді нотаға түсірдім.

Содан шамалы уақыт ѳткесін, баяғы «Қазақ газеттерінде» ойда-жоқта Бейбітті кездестіріп қап, сол жайында айтып ем, ол:

– Ѳй, сен де бір! Кісі… кѳрмей-білмей тұрып та ән шығара ма екен? – деп қолын бір сілтеді. Шамасы, «қызғанған» болар…

Шындығына келгенде, қазақтың ботагѳздері жайлы кѳрмей-білмей тұрып, қайдағы бір қиялға елтіп, сырттай ән не ѳлең шығарғаннан қызығы жоқ. Біздің бұрынғы сал-серілеріміз де сүйткен болар. Болмаса әлем-жәлем боп киініп жүрген ѳнерлі жандарға қандай қыз жолай қояды? Содан олардың ботагѳздерді кѳрмесе де, кѳргендей боп, білмесе де, білгендей боп ән шығармасына кім кепіл?  Мына жағдай да соған ұқсас. Егерде ѳмірде бар, рас «құралайлар» мен «ботагѳздерді» кѳре қалсаң, кім біліпті…

 

Қос жанары аумайтын шамшырақтан, ой, дүния-ай,

ботагѳзді кѳрдім де Самсы жақтан, ой, дүния-ай,

ажарына алақтап қарай бердім, ой, дүния-ай,

бұ не пәле кѳңлімді қансыратқан, ой, дүния-ай?!

Қайырмасы:

Кѳңілімде кѳп қайғым,

аңсап, маза таппаймын.

Кетті-ау желбір жекенше,

ботагѳзі,

ботагѳзі,

ботагѳзі Ботбайдың.

Дегдар тұқым, текті құс, туымды жан,

тең келмейді раушандай гүлің бұған.

Қиялыңды қоздырып, кѳзді арбайды,

алхорыша ақ беті уылжыған.

Қайырмасы.

Мәһаббатты дей алман тия аламын,

ыстық сәтті жадыма жиі аламын.

Ақ бетінен сүйер де ем, аймалар да ем,

қарап тұрған халықтан ұяламын.

Қайырмасы.

2 168 қаралды