Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Жүрер кезде жәутеңдедi жанарың…

Жүрер кезде жәутеңдедi жанарың,
таба алмадың тiл қатудың амалын.
Жөндей берiп бастағы орамалыңды,
абыржыдың, қайта-қайта қарадың.
 

Әлде мұның қыздың қызық қылығы?
Менi жiгiт, дедiң бе, жоқ жұғымы?
Ай нұрына шағылысқан сырғаңның
ненi айтады әрбiр қалтылы мен дiрiлi?
 

Мен iркiлдiм сұрауға оны шақ қалып.
Бiр ретiн оңашаның таппадық.
Әке-шешең қасыңнан бiр шықпады.
Бара жаттың Алматыға аттанып.
 

Жырылуға таба алмадың сен де орай,
томпиып тұр омырауың қос алмадай.
Қарамайдың шығады исi перроннан.
Тұр төбеде он төртiне толған Ай.
 

Түскенде оның сарғыш нұры жүзiңе,
бiр қарадың әлденеге үзiле.
Мен сұқтандым сұлу еткен сенi аса,
Сырдың қоңыр күзiне.
 

Сүйтiп шынды бiз бiлдiре жаздадық.
Бiрде күлдiң, бiрде тұрдың назданып.
Сол арада қара қоңырау соғылды.
Көкшiл вагон кеттi орнынан қозғалып.
 

Жанға медет екi көздiң түйiсi.
Сонда бiлдi бiр құпияны үй iшiң…
Қатал шындық толған Айды таптады.
Көзiмдi ашты қарамайдың иiсi…
 

17.07.1964

2 090 қаралды