Бас бет » Әдеби сын

Сыйлықтардың сүдiнi

Бiзде жыл сайын Қазақстан Жазушыларының Одағында бүгiндерi қаптап кеткен неше түрлi сыйлықтан дәмесi барлардың ұзын-шұбақ тiзiмi жасырын түрде жасала бастайды. Бұ да бiр қолына қалам ұстаған қауымның жыл сайын бiр дүрлiгiп қалар кәдiмгi науқаны сықылды артында сыпсыңы көп қолайсыздау шаруасы. Қашаннан бәйгiге ат жаратып, ат қосып қалған, ұранға қызғыш халқымыздың қанына әбден сiңген қасиеттiң бiр көрiнiп қалатын тұсы да осы. Дегенмен де осындай ұлы дүрмектiң кезiнде нағыз назбедеуден гөрi топыраш жабылардың бағы жанып, бас жүлденi алып кете беретiн шақтары да жетерлiк. Бұл бүгiнгi тiлмен айтқанда, кездейсоқтық, жазушының көп жыл отырып, көз майын тауысып жазған еңбегiн әдiл бағалап, оны таразыға әдiл өлшеп барып берiлетiн жүлде емес‚ кездейсоқ бiрдеме ғана. Өкiнiшке орай, осы жағдай қазақ әдебиетiнде соңғы жылдары өте жиi кездесiп кеттi десе де болады. Әрине, бұл арада ешқандай да сыйлықтың, сый-сияпат пен шен-шекпенннiң шынайы көркемделген әдеби шығармаға берiлер шынайы бағаның өлшемi деуге мүлдем болмайды. Кеңес заманында ондай-ондай шылдырмақтарды бiр есебiн тауып, кеуделерiне қатарластыра тiзiп таққандардың ешқайсысы да әдебиетте мардымды ештеңе бiтiре алмады, олардың бәрi де кезiндегi дуылдаған атақ-даңққа мәз болып, сол “эстрадада концерт” қойған қалпы әдебиет аренасынан түсiп кете барды. Мiне, осыны көре-бiле тұра, бiздiң жазушыларымыздың әлi де сондай шен-шекпенге, ағаш беделге, сый-сияпат алуға құмарта беруi, тiпте сол үшiн не нәрседен де тайынбайтындығы кейде менi айран-асыр қалдырады. Өкiнiшке орай, осындай жағдай бүгiндерi әдеби тiршiлiгiмiзде әбден “мәуелеп”‚ “гүл атып” тұр десем‚ еш артық айтқандығым болмайды. Бiр ғана мысал. Өткен жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Н.Оразалин Мемлекетiмiздiң Басты сыйлығын бiрнеше рет ала алмай қалды. Одан кейiн ол сыйлық беретiн комитеттiң алғашқы шығарған шешiмiн өзгертiп‚ құдiреттi тамыр-таныстарының арқасында‚ әрi өз қызметiнiң бабын пайдалана отырып‚ сол үлкен сыйлықты тiзеге салып жiберiп‚ зорлап алды. Ұ.Есдәулетов те қазақ халқын қаралаған “Киiз кiтәбы” үшiн әлгiндей жолмен осы сыйлықты оп-оңай қанжығасына бөктере қойды. Осылардың алдында ерсiлiгi жетерлiк эксперименттiң дәрәжәсынан аса алмай жүрген, шынайы поэзиядан аулы алты қырдың астында жатқан шалағай “шығармалары” үшiн Т.Медетбековтiң қанжығасы да “қандана” қалған едi. Мұндай әдiлетсiздiк, бармақ басты, көз қыстылыққа салыну, ең алдымен‚ үлкен сыйлықты беру жөнiнде құрылған комитетке де‚ автордың өзiне де абырой бермейдi. Бiрақ бүгiндерi оған комитет те, жазушылар да пысқырып қарамайды. Соның кесiрiнен бүгiндерi көркемделген әдәбиятта халқымыздың соңғы кездегi тұрмыс-тiршiлiгiнде болып жатқан неше түрлi ересен мәселелердi қозғап‚ елiмiздiң рухани өмiрiнде ұзақ уақыт бойы қалатындай жақсы‚ мойны озық әдәби дүниялар жазсам деп жүрген жазушыларды көрудiң өзi қиын боп барады. Олар‚ оның есесiне‚ мүлдем сый-сияпат‚ шен-шекпен‚ бәйгi т.б. алуды көздеп кеткенге ұқсайды. Кәзiр бiзде не көп‚ той-томалақ көп. Кез келген газеттi ашып қалсаң, — күнiге демесек те, айына бiр той болып жатады. Той болғанда, қандай той?! Бiр мықты 100-ге, екiншi бiреуi 70-80-ге тола қалады. Оған елi-жұрты тайлы-таяғы қалмай шабылып, қызыл қарын баласына беретiн қара наны толып жатпаса да, қорасындағы жалғыз қарасын базарға апарып сатып, “ағайынның ары” үшiн ұлан-асыр той жасауға өз “үлесiн” қосады. Ол аздай, кейбiр әулекiлерi пәленбай сом ақша, пәленбай тiллә берем деп, пәленбай жөнiнде өлең, роман жазыңдар деп бәйгi де жариялайды.
Сондай бiр бәйгi Махамбеттiң туылғанына 200 жыл толуына орай да жарияланды. Соның ақырының немен бiткенi бүгiндерi ел-жұртқа аян. Сол кездерi осындай “бәйгiлерге” қатынасып‚ пәшкi-пәшкi “көкалаларды” алып ауызданып қалған Р.Ниязбеков Махаңның 200 жасына орай 200 өлең жазып кеп тастады! Ал өзi туралы да‚ өзгелер туралы да барынша жерiне жеткiзе айтып‚ кеткен ұлы Махамбеттiң өз мұрасы сан жағынан мұның үштен бiрiндей ғана! Жарайды‚ мұнымен де келiселiк. Бiрақ осы бәйгiнiң аяғы баяғы қазақтың етке өкпелеп‚ табақ тебетiн әдетiне барып ұласты. Сол жарыста жүлде ала алмай қалған Р.Ниязбеков жюри мүшелерiне ғана емес‚ бүткiл Атырау жұртшылығына өкпесi қара қазандай боп‚ мынадай үшбу жолдарды тағы да жазып кеп тастады:

 

Атырауға тойға барғанмын‚
көтерiп туын ерлiктiң (?).
Мен сонда қайран қалғанмын
азғанын (?) көрiп елдiктiң (?)
(“Жiбек жолы”‚ “Жазушы” баспасы‚ 2005 жыл‚ 138 б.)

 

Бақ көрiп сыйлық‚ олжаны‚
өздерi бөлiп алғасын (?).

Байтақ ел байлық қуғасын (?)‚
иманын (?) итке байлаған (?)
Атадан азып (?) туғасын‚
жын-перi жерiн жайлаған (?)

Нұр шашсын қалай белеске
тобырдың (?) тозған ажары (?) т.б.

 

Сүйтiп‚ бәйгi ала алмай қалған Р.Ниязбековтiң ойынша‚ күллi Атырауда “елдiк азып” кетiптi‚ “байтақ ел байлық қуып”‚ өздерiнiң “иманын итке байлапты”‚ ол жердегi халық “атадан азып туғандықтан” олардың “жерiн жын-перi жайлап” алыпты‚ сүйтiп Атырау халқы “тобырға” айналып‚ өзiнiң “ажарын тоздырып” алыпты!? Ау‚ бұ жерде Атырау халқының сыйлыққа қандай қатысы бар? Р.Ниязбеков ол өкпесiн жюридiң мүшелерiне айтпай ма? “Сыйлықты өздерi бөлiп алды” деген не сөз?
Автор осы жазғандарының соңында оқушыға:

 

Алматыға қайтқам ауырып‚
түңiлiп(?) сұрқай өмiрден…
Алты айда әзер сауығып‚
үйiме жеткем көктемде‚ —

 

деп мұң шағады. Сүйтiп оның сырқаттанып қалуына Махаңның ұлы тойы кiнәлi болыпты?! Ол бұл аздай келесi бiр өлеңiнде:

 

Махамбетке екi жүз өлең арнап‚
сыйлығынан қалай бұл құр қалғаным? —

 

деп етке өкпелеп‚ табақты тепкен ескi қазақтың кейпiне кiрiп ала қояды. Оның бұлайша сыйлықтан қағылғанына кiнәлi “ел басқарған мезгiлде кiл құтырғандар” (кiтапта‚ 130 б.) екен. Ендi бұған не деуге болады?
Кәзiр жазушылардың iшкен асын бойына сiңiрмейтiн мұндай бәйгiлердiң ұзын-санын түгендеп жатудың өзi қиын. Және олардың аттары да дардай: “Шабыт”, “Дарын”, “Тарлан”, “Алаш”…! Бiр қызығы, осындай асқақ сөздермен аталған бәйгiлердi көбiне шабытсыздар мен дарынсыздар, тарлан емес, жабылар алып жатады! Бұл жердегi ең қызығы‚ әлгi сыйлықтарды беретiн кiсiлердiң көбiнiң қазақ әдебиетiнен хабары мүлдем жоқ боп келедi. Бiр ғана мысал. Осыдан бiраз бұрын “Тарлан” дейтiн сыйлықтың алтыннан да қымбат түрi — жалпақбас платинасын “ән текстерiн дамытуда сiңiрген ересен еңбегi үшiн”… Ш. Сариев алды! Ал одан кейiнгi‚ дәрәжәсы да‚ құны да төмендеу бiр сыйлық, жақсы болсын‚ жаман болсын‚ қазақ халқының Октябрь төңкерiсi тұсындағы тұрмыс-тiршiлiгiн суреттеуге‚ көрсетуге тырысқан‚ кезiнде Кеңес Мемлекетiнiң басты сыйлығын алған Ә.Нұрпейiсовке берiлдi. Бұл‚ шын мәнiне келгенде‚ “Тарлан” деген атына заты сай емес сыйлықтың өз дәрәжәсын төмендету‚ оның әдiл түрде берiлiп жатпағандығын көрсету ғана. Қалай дегенде де Ә.Нұрпейiсов пен Ш.Сариевтi өзара салыстыруға болмайды. Ендi осы сыйлықты биыл қазақ әдәбиятындағы “жалаңаш корольдiң” рөлiн өте жақсы ойнап жүрген, Ә.Нұрпейiсовтың өзi үнемi қолпаштайтын… Д.Исабеков алды!? Бiр қызығы, осы екi жiгiт те: “Нұрпейiсов тұрғанда, осы сыйлықты бiздiң алғанымыз қалай болады?” — деп тiпте ойланбады. Осы арада менiң есiме 1900-iншi жылдары М.Горькийдi Ресей академиясының мүшелiгiнен шығарғанға наразы боп, Короленко мен А.Чеховтың академиктiктен бас тартқан бiр жәйтi орала бередi. Амал не, бiздегi жазғыштар Короленко да, Чехов та емес…

 
Соңғы жылдары жиi-жиi берiлiп жүрген “Алаш” сыйлығы туралы да қызық-қызық ойға батасың. Бұл сөздiң қазақтың ұғымында алты сан алаш деген түсiнiкпен қатысы болғандықтан‚ салмағы да‚ мән-мағынасы да өте қомақты. Басқаша айтқанда‚ осы сыйлықты алған шығарма әдебиетiмiзге тың леп‚ тың ой-пiкiр‚ тың тақырып, т.б. әкелген көрнектi дүние болуға тиiс. Өкiнiшке орай‚ осы талапты басты шарт ете бiлмейтiн‚ аты дардай‚ заты үгiтiлген бордай “Алаш” дейтiн сыйлықты Жазушылар Одағы жыл сайын‚ кеуiл жықпастықпен‚ құдды бiр шүлен таратқандай‚ 20-30 жазушыға жаппай беретiн бiр әдет тауып алды. Ең сорақысы‚ осы сыйлықты алған шығармалардың көбiсiнiң сорпасы татымайды.
Бiзде кейiнгi кезде үрдiске енiп кеткен тағы да бiр сыйлықтың түрi бар. Олар‚ негiзiнен‚ бұрынғы жыраулардың‚ кәзiргi жазушылардың мүшелтойына байланысты берiледi. Сондай бiр үлкен жазушымыз С.Мұқанов 2000-ыншы жылы 100 жасқа толды. Қызылжар өңiрi өз топырағынан түлеп ұшқан жазушыға арнап бұрынғы қазақы үрдiспен ат шаптырып, балуан күрестiрiп, қызық-думаны жетерлiк ұлан-асыр той жасаумен қатар‚ Сәбең жайлы жазылған әдеби шығармаларға жабық бәйгi жариялады. Мiне, осы жарыста бас жүлденi жеңiп алған Ғалым Жайлыбаев Сәбеңе арнаған ең басты өлеңiн “Есiлдей ескен (?) Есiлiм (?)” деп атап, онысына тиянақ ретiнде Қасымның: “Есiлдей есiп аққан көңiлi бар Сәбеңе өкпелейтiн қай антұрған?” – деген екi жолын эпиграф етiп алыпты. Бұ жердегi айырмашылық, — Қасымның “Есiлдей есiп аққан” деген тiркесiндегi көсемше формасында тұрған “есу” дейтiн етiстiк сөздiң (ол сөз Қасымда қалай аққан деген сұраққа жауап берiп, iс-қимылды бiлдiрiп тұр, — Б.А.) Ғалымда мүлдем басқа мағынаға ие бопкеткендiгi. Соның нәтижесiнде “есiп аққан” дейтiн тiркестегi дұрыс мағына терiс аунап түскен. Қазақтың атам заманнан бермен қарай қалыптасқан түсiнiгiнде, логикасында өзен еспейдi, жел еседi. Сүйтiп өлеңдi оқуды бастамай жатып, осылайша табалдырықтан аттай бере сүрiнiп жығылып, маңдайын маңдайшаға соғып алған оқушының одан әрмен көрген күнi тiрi бәндәға бергiсiз:

 

Шабыттың құсы (?) бақшаңа қонып (?),
басталар күнде (?) бақ шабар (?) жорық (?).
Есiлдей ескен есiл көңiл-ай,
аңқылдай соққан (?) ақ (?) самал болып.

 

Мұндағы “шабыттың құсы” дейтiн көпiрмесi, лепiрмесi жетерлiк өте асқақ, айтыла-айтыла әбден тозығы жеткен метафора өлеңдi де, қарасөздi де өте қарапайым етiп жазуға тырысқан Сәбеңнiң жазу стилiне, жалпы оның жаратылысына мүлдем дәл келмейдi. Сосын көшпелi тiрлiктiң ортасынан шыққан, өле өлгенiнше шынайы қазақы мiнезiнен, дағдысы мен қалпынан арыла қоймаған, дачаға барып, жер шұқып, дақыл егiп көрмеген Сәбеңнiң “бақшасына қонып” деген де көңiлге онша қона қоймайды, мұны отырықшы сарттардың шайыры жөнiнде қолданса, мен онша әбес көрмес едiм. Сосын үшiншi және төртiншi жолдағы “есiл көңiл” “ескен” бе әлде “соққан” ба? Оны айтпағанда, самалдың түсi “ақ” бола ма? Қазақта “аңқылдай соққан” самалды кiм көрiптi? Қатты соққан жел мен майда желпiген самалдың арасы мүлдем аспан мен жердей емес пе? Сосын “бақ шабар (?) жорық” деген тiркес те жасанды, ол қазақшалап айтсақ, “осы жорықта (?) бағы жанғалы тұр” деген мағынаны толық бiлдiрмейдi.
Мұндай келiспес нәрселердi оқушы келесi шумақтардан да жиi кездестiредi:

 

Жұлдыз боп (?) күтсе (?) жарқылдап (?) Арман,
керуендi (?) көш бар артыңда (?) қалған.
Қасым ағамдай қорғаймын сенi —
өкпеге қияр антұрғандардан.

 

Осы шумақтың басындағы “Арман” ненi, кiмдi күтiп тұр, оны не үшiн күтiп тұр, — бұл мүлдем белгiсiз. Сосын “арман” оны неге “жұлдыз” боп күтуге тиiс? Ол жұлдыз неге “жарқылдайды”? “Жарқылдау” мен “жылтыраудың” айырмасы барлығын автор сезбей ме? Оны айтпағанда, “керуендi көш” деген тiркестi қалай түсiнемiз? Қазақтың түсiнiгiнде, “керуен” мен “көштiң“ айырмасы жетерлiк. Бұрынғы қазақтар “керуен тарту” дегендi көбiне сауда жасайын деп басқа бiр шаһарларға шыққан саудагерлерге, ал “көш” сөзiн елдiң қоныс аударған кезiндегi көшi-қоны¬на байланысты қолданады. Бұл өз алдына. Ендi Қасымның “өкпелейтiн” деген сөзiн “өкпеге қияр” деп өзгертiп алған Ғалым Сәбеңдi, өзiн Қасым бола қалғандай сезiп, “қай антұрғандардан” қорғамақшы екен? Олар кiм өзi? Ол бұған жауап бермейдi де, келесi шумақта, оның алдыңғы шумақпен қисын, логика жағынан өзара мүлдем байланыспай жатқандығына қарамастан (жалпы Ғалымның өлеңдерiнде, Қадырдағы сықылды, шумақтардың алдыңғы екi жолы — Ұлытауға, қалған екi жолы — Көкшетауға қарап тұрады, — Б.А.), шортан көрген шабақша керi қарай шоршып түседi:

 

Жаумайды (?) күнде асылдар (?) көктен,
асылды күткен ғасырлар көптен…
Қасқа жолдарға қараймын жиi,
Сәбеңдер кеткен,
Қасымдар кеткен.

 

Мұндағы алдыңғы екi жол мен соңғы екi жол интонация жағынан да, қисын жағынан да өзара байланыспай тұр. Одан тыс “асыл” деген көбiне заттың сынын, сапасын, т.б. көрсететiн, бiлдiретiн анықтауыш, эпитет сөздiң қазақ тiлiнде көпше түрi болмайды. Оны ескермегенде, “асылды” көктен “жаумайды” деп сөздiң мағынасын әдейi бұра тартып қолдану соншалықты тапқырлық па? Ондай “асылды” “ғасырлар” не себептi “көптен күткен?” Оған не себеп, оған кiм кiнәлi? Кiнәлi қауым ба, әлде жаратылыс па? Автор бұған жауап та берместен, өзiнiң Сәбеңдер мен Қасымдардың о дүнияға кеткен “қасқа жолдарына” “жиi қарайтындығын” оқушыға пәш етедi. Және бiр айтары, — осы ағалардың жүрiп өткен жолына жиi қарау дейтiн желi әрi қарай жалғаспай қалған. Автор оны жалғастырудың орнына, тағы да логикадағы сабақтастықтың керектiгiн ескермей, алдыңғы шумақпен қабыспайтын басқа бiр жаққа шоршып түседi:

 

Тұлпар бiткендер тағасыз (?) қалған,
қала сазарып (?), дала сызданған (?).
Сәбеңмен бiрге сәнiмiз (?) кетiп,
ақындар елi (?) ағасыз қалған (?).

 

Мұндағы “тұлпарлар” неге “тағасыз қалмақшы”? Таға, ескi қазақтың ұғымында, қыс кезiнде атқа мұздан өтерде ғана қағылады, ал жай кезде жаз, күз, көктемде қазақ тағаны аттың тұяғынан алып тастайды. Ол өз алдына. Автордың мұндағы емеурiнмен айтып отырғаны “тағасыз қалған тұлпарлардың” тайғақ, тұрақсыздығы туралы нәрсе ме? Оларға “қаланың сазарып, даланың сыздануына” не себеп? Сосын бiр Сәбеңнiң о дүниялық болғанынан “сәнiмiздiң кетуiн” қалай деп түсiнемiз? Ау‚ Алланың елшiсi ұлы Мұхаммәд пайғамбар о дүниялық болған кезде де исi мұсылман қауымы олай деп айтқан емес қой? Сосын Сәбеңнiң соңына қалдырған негiзгi мұрасы поэзия емес, қарасөзбен жазылған дүниелерi‚ сол себептi о кiсiнi көзi тiрiсiнде бүгiнгi қазақ шайырларына “ағалық”, ұстаздық ете қойды деу шындыққа онша сәйкес келе бермейдi.
Ғалым келесi шумақтарда да сүрiнiп-қабына бередi:

 

Жайсаңым (?) болдың жайдың да (?) нұрды (?),
қабырғамдағы (?) қайғым қалың-ды (?).
Ар болып (?), аға, аяла (?) тағы
аққуы қашқан айдындарыңды (?)

 

Мұндағы қазақтың “жайсаң” деген сөзiнiң анықтауыш, эпитет қызме¬тiнен безiп (мысалы, жайсаң жiгiт, т.б. — Б.А.), заттанып, субстанцияға айналғаны, оның “нұрды жайғанына” тәуелдi боп тұрғандығы өте қызық. Ол жайсаң кiсi “нұрды” немен “жайған”? Нұр жаятындай немесе қолмен ұстарлық¬тай субстанция ма? Қазақ мұндайда “нұр шашты” демей ме? Ол өз алдына. Қазақ бiрдеменi уайымдағанда, мазасызданғанда, т.б. “қабырғасына батып тұрған” нәрсе туралы айтады, оны “қабырғамдағы” демейдi. Сосын “қайғының қалың” немесе “жұқа” деген өлшемi бола ма? Ол бола қойған жағдайда, ондай қайғының автордың кеуiлiнде емес, қабырғасында болғаны оның сол үшiн соншалықты мазасызданып, күйзелгендiгiн оқушыға өзi анық сезетiндей етiп бiлдiре қоя ма?

 
Осындай дәлсiздiк Ғалымның Сәбеңе арнаған екiншi бiр өлеңiнде де бықып жүр. Оның бәрiн келтiрiп жатудың қажетi шамалы. Мен олардың кейбiреуiн ғана оқушы назарына ұсынбақпын:

 

Қызылжардың қайыңды құба (?) белi,
шұғылаға (?) шомылған шуақ (?) елi…

Замананың зарына (?) заман шыдар (?),
көз алдыңда тербелiп (?) ғалам шынар (?)…

Көктем көрген көңiлдiң (?) сазын (?) ұғар,
ата жұртта Арыңның қазығы (?) бар…
Муза елiнде (?) мұзбалақ зор (?) құсым ба ең?
Артылатын орның бар он кiсiден (?)
Сәбең деген халқымның нарқасқасы,
етек-жеңi (?) туғаннан мол пiшiлген…

Ағаға сыр ағытам (?), iнiге жыр (?),
арыстарын аңсайды бүгiн өмiр (?)… т.б.

 

Бұл келтiрiлген үзiндiлерде де қисынсыздық жетерлiк. Қазақ “құба” деген сөздi жауын-шашыны өте аз, шөлi, құмы басым сары даладағы белге ғана анықтауыш ретiнде қолданады, бұл қайың, терегi қаптай өскен, Ресейдегiше жаңбыры жетерлiк Қызылжар өңiрiне мүлдем дәл келмейдi. Сосын “шұғылаға шомылған (!) шуақ елiң” деген тiркестi қалай түсiнемiз? Батып бара жатқан күннiң шұғыласы болады, оған метафора дәрәжәсына дейiн көтерiлiп кеткен “шуақ елдiң “шомылғаны” несi? Оны айтпағанда, екiншi мысалдағы екi жол орысша ойланып құрылған. Мұндағы “ғалам-әлем” сөзiн кең мағынасында галактика, жер-жаһан, дүние, т.б. деп түсiн¬сек, онда оның “шынарға“ дейiн төмендеп, ауқымының соншалықты тарылып кеткенiне, оның жас талша “тербелгенiне” жол болсын? Сонда оны “тербеп” тұрған не нәрсе? Әлде ол “замананың зары” ма? Оны айтпағанда, “замананың зарына заман шыдар” деген не сөз? Сонда өз заманы басына салған не бiр тауқыметке, т.б. адамзат шыдай алмай ма? Мұндағы заман деген сөздi уақыт дейтiн категория деп ұқсақ, онда ол айтқан “зарға” басқа бiр кезеңде болатын замана ғана шыдамақ па? Бұл барып тұрған абсурд емес пе?
Келесi жолдағы “көктем көргеннiң” (немене ол кiсi ме? — Б.А.) “көңiлдi” сазын ұғатыны нелiктен? Сонда “көктем көрмегендер” автордың “көңiлiн” “ұқпас” миғұла бiреулер ме? Жалпы оның Сәбеңе не қатысы бар? Одан тыс‚ — “Ардың қазығының ата жұртта барлығын” не деп түсiнемiз?
Осы келтiрiлген мысалдардағы Ежелгi Элладаға тән “муза елi”, өрескел түрде өзiмiзшiлеп жасала салынған “мұзбалақ зор құсым” деген қолапайсыз тiркестер ойға да, құлаққа да өте қолайсыз. Сосын Сәбеңе “он кiсiден артылатын орның бар” деп көпшiк тастау да қисынсыз. Мұны ескермегенде, келесi жолдағы “мол пiшiлген” деген сөз “етек-жеңге” емес, кiсiнiң дене құрылысына қатысты айтылады. Сосын автордың “ағаға сыр, жыр ағытамы” несi? Қазақ “сыр айтам, сыр шертем” демей ме? Одан әрi, — “Арыстарын аңсаған өмiр” дегендi қалай деп түсiнемiз? Мұндай стилистика жағынан кеткен кемшiлiктерден, дәлсiздiктерден мына екi өлеңде аяқ алып жүру мүлдем мүмкiн емес. Соған қарамастан, бар-жоғы 50-60 жолдай келетiн осы екi өлең Сәбеңнiң 100 жасқа толған тойында… анау-мынау емес, конкурсқа қатысқан не бiр ығай мен сығайлардан “озып” кеп, бас жүлде — үлкен зауытта соңғы үлгiмен жасалған су жаңа “Волганы” жеңiп алды!!! Мен жәй қызық үшiн жаңа “Волганың” сол кездегi құнын мына 50-60 жолға бөлiп көрiп едiм, сонда осы екi өлеңнiң әр жолы – АҚШ-тың 120 долларына, бiздiңше 18 000 теңгеге тең келетiн болып шықты! Мұндай пұлды көзi тiрiсiнде Сәбеңнiң өзi атақты “Сұлушашына” да алып көрмеген! Бұдан кейiн Ғалымның “алымдылығы” мен “шалымдылығына” қалайша таңғалмассың?!
Ендiгi бiр қызық жәйт, — осы конкурстың кезiнде Ғ.Жайлыбаевтың басқаша бiр “жайлы” жол тауып кеткендiгi. Ол осы конкурстың тұсында Солтүстiк Қазақстан облысының сол кездегi әкiмi Қажымұрат Нағымановқа арнап “Азамат ердiң баласы” дейтiн сыпыра мақтауға, ұлықтауға толы бiр арнау өлеңдi жазып кеп тастайды! Ғалым ол мадақтауында Нағымановқа не бiр теңеу мен метафораны шашу шашқандай аямай-ақ төгiп бағады:

 

Жаныңнан таптым жарасым (?),
айбозым (?) болған Алашым (?).
Аға деп неге айтпайын
азамат ердiң (?) баласын?
Ер iшiндегi (?) Еңселiм (?),
өлеңдей сұлу өлшемiң (?).
Сергелдең сәттiң (?) Сенiмi (?),
сертке ұстап шыққан Семсерiм (?).
Шабыттың шалқып шалқары (?),
өзiңдi жақын тартады.
Ұлытауымның ұлары, (?)
Тарбағатайдың арқары…(?)

 

Жарайды, Ғалым “азамат ердiң баласын аға” дей-ақ қойсын. Бiрақ ол “жанынан жарасым табардай”, “Алаштың айбозы (?)” деп аспандатардай, “семсер” мен “Сенiмге” айналардай, “азамат ердiң баласы” деп ардақтардай Қ.Нағыманов соншалықты не тындырыпты, исi қазаққа қандай жақсы iсiмен белгiлi болыпты? Сосын Жайлыбаевтың осыншама мақтап отырған жанашыр “ағасын” кенеттен “ұлар” мен “арқарға” теңегенi қалай? Жарайды мұнымен де келiсейiк, ендi “ұларша” шулап‚ “арқарша” тастан тасқа секiрiп жүрген “ағасы” жөнiнде Ғалым былайша “шалқиды”:

 

Арқада жүрдiң арымай (?),
Шығыста жүзген (?) жарық Ай (?),
керуен де керуен (?) көшiмдi
ұлтындай ұлылықпенен (?)
бастаған, қара нарым-ай! (?)
Жапырақ жаяр ағашым (?),
өзiңдi саялағасын (?).
Ақын бiткендi ағасы (!)
рухтың шырақшысы (?) деп
аққудай (?) аялағасын…
Өмiрдей болған өлеңi (?),
өмiрдiң гүлiн өредi (?).
Өзiңдi ұлым деп едi,
Шал ақын туған шалқарым (?),
Сегiз серiнiң серi елi.
Қызылжар қыран (?) деп бiлсiн
қазақтың (?) Қажымұратын!

 

Мұндай әсiресi мен бөспесi көп мадақтан кейiн облыс әкiмi Қ.Нағымановтың кеуiлi қалай жiбiмейдi?! Мынадай тасырта мақтаудан кейiн Сәбеңнiң 100 жасқа толуына арналған конкурста Жайлыбаевтың жiмлә жұртты “жайпай” жеңiп шығатынына қандай күмәннiң болуы мүмкiн?
Бiр қызығы осындай шикi‚ тым құрығанда Сәбеңнiң әдеби портретiн де жасай алмаған шалағай өлеңдерi үшiн алған бас жүлдесiн мiсе тұтпай, ендi Ғ.Жайлыбаев өзiнiң “жайлы ағасын” одан әрмен “сауын сиырға” айналдырғысы кеп, 2001-iншi жылы “Үш қиян” баспасының директоры М.Қосмамбетовтың қолы қойылып, тайтұяқ мөрi басылған: “Үш қиян” баспасы халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты, түркi дүниесi халықтарының “Ақшам жұлдызы” фестивалiнiң жүлдегерi, көрнектi ақын (?) Ғ.Жайлыбайдың 12 баспа табақ көлемiндегi “Ақ дариға” кiтабын шығаруды қолға алуда… Осы мақсатта Өзiңiзге хат жолдай отырып, аталған кiтапқа демеушiлiк көрсетiп, 288 000 (екi жүз сексен сегiз мың) теңге көлемiнде қаржы аударуыңызды өтiнемiн”, — деген “ыстық” сөздер жазылған үшбу хатты Солтүстiк Қазақстан облысының сол кездегi әкiмi Қ.Нағыма¬новқа жолдап кеп жiбередi! Бұдан кейiн “ағасының жайын” тапқыш Ғ.Жайлыбаевқа екi алақаның әбден қызарғанша дуылдата қол шапалақтау ғана қалып тұр!

 

Мiне, бүгiнгi күнi бiздiң әдеби қауымымыздың iшiнде берiк орын тепкен сыйлық алудың ең төте жолы, оның “озық технологиясы” осы, — қол жетпес жерде жүрген лауазымды үлкен ұлықтарға барынша жағына бiлу, оның аяғына дер кезiнде кеуiш қойып қалуға тырысу. Бұл арадағы ең қолайсыз нәрсе сол, — сыйлық пен сый-сияпатты алу үшiн ондайлардың не нәрседен де тартынбайтындығы. Сондай лас “технологиядан” кейiн бүгiндерi бiзде жыл сайын берiлiп жататын сыйлықтардың беделi мен абыройы жөнiнде сөз айта қоюдың өзi қиын. Оны ескермей, алда-жалда байқамай пiкiр бiлдiре қалған сыншының көрер күнi белгiлi, — “жаңғыздың үнi шықпайды”.
Не десең де, бүгiндерi бiздегi шынайы көркемделген әдәбияттың дәрәжәсын тәрк етiп, тек қана пұл табудың көзiне айналып кеткен сыйлықтардың кескiнi осындай. Мүлдем сүдiнсiз…

 

2005 жыл

download themes for free
3 421 қаралды