Бас бет » Әдеби сын

М.Шахановтың “варианты”

немесе механиканың алтын заңы қалайша қара бақырға айналды

 

Осыдан аз ғана бұрын өзiнiң алпыс жасқа толуын дүрiлдете тойлаған М.Шахановтың таңдамалы жыр жинағын (Жаңа қазақтар, “Бiлiм” баспасы, 2000 жыл) оқып шығып, кiсi ерiксiз таңғалады. Ең алдымен, М.Шахановтың ЮНЕСКО-ның шығарған арнаулы шешiмiмен осындай бiр кiтабының тұсаукесерiн анау-мынау емес… атақты Парижде (“жең iшiнде жасырынған жұдырық бұзау мұрнымды бұзар” деместен, 75 б.) өткiзгенiне шыныменен ырза боласың. Содан соң… шетелдерге мақтана көрсетерлiктей поэзиямыздың жеткен жерi, шыққан биiгi, дәрежесi осындай ма деген сұрақ өз өзiнен туындайды. Әсiресе, М.Шахановтың бiр өлеңiнде:

 

Ньютон ашқан үшiншi заң ненi үндейдi (?),
бiлдiк пе?
Әрбiр қимыл – қарсы қимыл тудырады (?) тiрлiкте,
(23 б.)

 

деп оқушыға “тосыннан” сұрақ тастағаны ерiксiз “қарсы қимыл” тудырады”. Сосын осы заңды тереңiрек бiлу үшiн физикаға ұңiлесiң. Осы алтын заңның үшiншiсiнде (жұрттың бәрi физик емес, мұны қарапайым тiлмен айтқанда): “Кез келген екi нәрсеге, затқа әсер ететiн екi күштiң өлшемi, шамасы бiр-бiрiмен бiрдей, тең, ал олардың бағыт-бағдары бiр бiрiне қарама-қарсы боп келедi“, – делiнген. Оны мынадай:

 

± — ± немесе ± — ±

 

теңдеу арқылы кескiндеуге болады. Мұнда үшiншi заң М.Шаханов айтқандай, ештеңеге де “үндемейдi” (ол публицист емес!), онда “тiрлiк”, “қарсы қимыл” туралы бiр де бiр сөз жоқ. Мұндай үстiрттiк, үшiншi заңды асты-үстiне шығарып, одан “Шахановтың вариантын“ жасап жiберу, жалпы әдебиеттiң, соның iшiнде көркемделген поэзия туралы түсiнiктiң үстiрттiгiне, ойланып-толғануды жадағай публицистика, дiлмәрсу, шешендiк деп түсiнуге әкеп соқтырған. Мұның сыры кезiнде комсомолдың “белсендiсi”, “өлең оқығышы” болған М.Шахановтың өткен ғасырдың сексенiншi жылдары аты шулы Е.Евтушенкомен етене танысып, оны Шымкентке апарып, астына ат мiнгiзгеннен кейiн өз бағыт-бағдарын 180 градусқа күрт өзгерткенiне тығыз байланысты.
Бұл арада кез келген қаламгердiң кiмнен үлгi алам, кiммен табақтас болам деуiне толық хақы барлығын айта кеткен де жөн. Сөз жоқ, 50-60-ыншы жылдары жарқырап көрiне бастаған, алғашқы өлеңдерiнен В.Маяковскийдiң әсерi қатты сезiлетiн Е.Евтушенконың шынымен есейе бастаған шағы атақты “Братск ГЭС-i” поэмасының жарық көрген тұсына тура келедi. Бiрақ ол В.Маяковскийден жұққан үгiтшiлдiк, мәселенi публицистика тұрғысынан қарастыру, замананың талап-тiлегiне орай белгiлi бiр онша маңызы жоқ жәйттi өлеңге айналдыра сап, жалт етiп көрiнiп қалу, саяси лирика деп келеңсiздеу ат алған жалған “жанрдан“ түпкілiктi арыла алған жоқ. Сонымен қатар, оның өлеңдерiнде Н.Некрасовтан үрдiс боп келе жатқан халық поэзиясына тән саздылық, ауыз-екi тiлге тән лексика, аздаған эпос сарыны бой көрсететiн. Кейiннен ол басқа да стильдердi өз бойына сiңiргiсi кеп талаптанады, бiрақ онысы жүзеге аспай, әр түрлi жазу мәнерi, стильдер бiр-бiрiмен кiрiкпей, эклектизм түрiнде қалып қойды. Бұған В.Маяковскийдiң өлеңдерiнiң ең бiр жаңашыл тұстарын дұрыс түсiнбеу бiрден бiр себеп болды. Мұндай жағдай 30-40-ыншы жылдары қазақтың өлең-жырында да кеңiнен етек алған-ды. С.Сейфуллин бастаған, Т.Жароков, А.Тоқмағамбетовтар, т.б. қоштаған жадағай публицистикаға толы үгiтшiл өлеңдер, шын атымен атасақ, газет-жорналдың “поэзиясы” кешегi бiздiң заманымызға дейiн өрiс алған болатын. Оның соңы Ә.Тәжiбаевтың “Жолдас Ленин”, М.Мақатаевтың “Ильич”, “Мавры” мен И.Оразбаевтың Генсек Л.И.Брежневке “бағыштап сұрау атқан” шала-шикi дүниесiмен тынған-ды.

 

Мiне, осындай көркемделген әдебиетке, соның iшiнде поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын нәрселердi жазарда М.Шаханов, Ньютонның үшiншi заңын асты-үстiне шығарғаны сықылды, қалайда да “өнерде де өзге жұрт шатастырмас өз мұрының болсын деп” (75 б.), жадағай публицистиканы басты нысана етiп алады. Бұған көбiне Е.Евтушенкоға елiктеген, бiрақ орыс шайырына тән артистизм, актерлiк (ол мұны С.Кирсановтан үйренген-дi!) бола қоймаса да, алқа топтың алдына шыға сап, қолын комсомолдың көсемiнше құлаштай сермеп (мұнда да мән-мағына болу керек қой!) өлең оқу деген кеп қосылды. Бұрын жырауларды, әншiлердi тыңдап үйренген халқымыз мұны жатырқамай қарсы алды. Сөйтiп бұрын атақ-даңқы Шымкенттен Шорнаққа дейiн жете қоймаған М.Шахановтың дақпырты Алматы жолда қалып, Мәскеу кезiп кеттi. Ендi көркемделген жазба поэзияға қойылар басты-басты талаптар екiншi орынға ысырылып, дуылдақ эстраданың шарттары Шахановты билеп алды. Эстраданың заңы бойынша, сахнадан, эфирден, кез келген бiр мiнберден оқылған өлең қарапайым кiсiге барынша түсiнiктi болуға тиiс. Мұнда терең ой толғап, қалғып-мүлгiп отыру мүмкiн емес. Керiсiнше, өлең оқушы кiсi аудиторияны барынша билеп алуға мiндеттi. Ол үшiн дауыс ырғағына, сөздiң анық айтылуына, қимыл-әрекетке (жест) қатты назар аударылады. Және де осы сөзде жұртшылықты алаңдатып отырған өзектi мәселелердiң басы шалынып (бұ жерде тереңдiктiң қажетi жоқ!), тура, жадағай күйiнде ашық айтылғаны жөн. Бұған аздаған әзiл-оспақ, тұрпайылау қылжақ қосылса, Голливудтың көргенсiз фильмдерiндегi екi санды аша сап, iзiнше жаба қойып, салпыауыздардың назарын ерiксiз аударатындай небiр құйтырқы тәсiлдер қолданылса, жетiп жатыр! Тек мұндай өлеңдер қағаз бетiне түскенде эстрададағы “жарқыл-жұрқылынан” айрылып, бетiне бес елi ғып жаққан опа-далабы жуылып тасталғаннан кейiнгi қақсал кемпiрдiң кәрi шандыр бетiндей боп көрiнедi. Оны оқыған жұрттың (ол ендi тыңдаушы емес!) апыр-ау, кеше осыған қалай таңғалғанбыз деп дағдаруы заңды да. Оған бiрден бiр себеп – эстрадаға арналған өлеңдерде тосын бiрдеменi алға тартудың, арзанқол тапқырлықтың (мәселен, бұзау мұрын жайы, “жаман иттiң атын бөрiбасар қояды деп, менi неге Мұхтар қойған”, т.б.), қалайда жұртшылықты бiр күлдiрiп тастаудың, не бiр исалмас кещелерге дейiн түсiнiктi болудың, “шолақ белсендiше” мәселе көтерiп қалудың, жалпы айтқанда тыңдаушының аузын айға қаратып кетудiң басты орынға шығуы. Мiне, М.Шахановтың атақ-дәрпiнiң алысқа жайылуының негiзгi себебi осында жатыр. Оған қоса ол аты шулы М.Айтматовпен “сырласып”, “құжар-құжар құз басында аңыраған аңшының кейпiне енсе”, әр елдiң атақты кiсiлерiмен бiр суретке түсiп, өз кiтабында бастырса, олардан алған “бата-пiкiрлерiн” баспасөзде жариялап, оқушыға дөңайбат көрсетсе, өзiн Р.Ғамзатовқа башқұрт М.Кәрiм мен космонавт В.Севастьянов апарып таныстырса, “жалпақ шешей жағымпаздар” “адамзаттың Айтматовы” дейтiн жалған атақтан кем түспестей етiп “шығыстың Шахановы” деген атақты үкiлеп тақса, “айтысшыл” Ж.Ерманов дейтiн азамат “Қазақ әдебиетiнде” Шахановты неге мойындамайсыңдар деп алты алашқа айбат шегiп “адырайса”, Кеңес билiгi құлар кезде күркiреген Кашпировскийдiң гипнозын бастан кешкендей, шынымен-ақ… берекең қашып, қатты сасасың. Бiразға дейiн бақсының зiкiрiне арбалған әлдекiмше екiұдай боп жүресiң. Тек бұл қалыптан… М.Шахановтың таңдамалы жырларын оқыған соң барып арыласың.

 

Осы жинаққа енген 46 өлеңнiң (үш-төрт поэманы айтпағанда) 20-дан астамы кәдiмгi арнау, қолпаштау, грузин тосты сықылды әркiмдердiң астына көпшiк тастайтын көпiрме дүниелер. Бұлардың iшiнде кiм жоқ дейсiң? Әкiмдер де, “ақындар” да, академик ғалымдар да, қалтасы қалың “жаңа қазақтар” да, т.б. қаптап жүр. Және де автор өзiнiң олармен таныс, жақын екендiгiне жұрт күмәнданып жүрмесiн деп, әлгi атақтылармен, соның iшiнде президент А.Ақаев бастаған “бай-шонжарлармен” бiрге түскен суреттерiн (суретке Мұхаммед пайғамбар, Н.Назарбаевтармен ғана бiрге түспей қалған!) қиюын келтiре монтаждап, таңдамалыдағы әр бөлiмнiң алдында… сұс көрсетiп жариялаған! Бұл ендi аз болғандай, М.Шаханов арнау өлеңдерiнде өзiнiң “ақын” екендiгiн қайта-қайта ескертiп (бұл да гипноздың бiр түрi!), О.Сүлейменовке “бiз қазақтың екi ақыны… бiргемiз” (12 б.) деп “мәлiмдейдi”. Содан соң ол “Айбергеновтың шыңына” шығып, “Қалдаяқовтың “өзенiне” шомылады” да (8,9 б.б.), “күнде үйiне қонақтарды топ-тобымен алып келiп, таң атқанша лаулап жанатын” (ол құдды сексеуiл сықылды!) Қ.Қарағұловты “iздейдi”, ол жуық арада табыла қоймаған соң, академик З.Қабдоловпен “сырласып”, оның “намысының желмаясын боздатады” (13 б.). Және де ретi келген жерде өзiнiң “Аралдың, Желтоқсанның мұң-зарына болысқанын, қыран таулы қырғыздардың ел ақыны атанғанын” (12 б.), өзiнiң “Отанның өгей ұлы еместiгiн” тағы да еске сала кетедi. Сосын “Шыңғысханның қателiгiн” мойындату үшiн Төреқұлдың Шыңғысына қоса ендi О.Сүлейменовтiң (оның бiр шумағын эпиграф етiп!) “аузын” алмаққа тырысады; ұлы жырау Махамбеттiң аузына сөз салып, “шахановша” сөйлетiп, оны анау-мынау емес… Р.Шырдабаевқа тыңдатады (81 б.). О.Еркiновтi “Жайықпен жүздестiрiп” (103 б.), оған: “Туған Отан мәңгi ұмытсын менi де сендей өзен бола алмасам елiме?!” деп, “космоформуланы” ұмытып, “өзен болуды” ғана қанағат тұтып, ел алдында серт бередi. Ж.Iлиясовқа шың басынан “адал махаббаттың” жолында құзға қарғып мерт болғысы келмеген қызды “мүсiркетiп” (64 б.), Т.Жұмановқа: “… кез келген тоқшылықтың арғы тегi жоқшылық” деп, “зәмешание” жасайды да (78 б.), Марсқа “жiгiттiң екi сипаты” (екi жүздi демегенiне шүкiр!) барлығын (62 б.) ескертедi де, Ф.Оңғарсыноваға онымен “санасының молықанын, толыққанын” (104 б.), “қатпар-қатпар әйел жанын түсiнуге талпынғанын” айта кеп, “рухтың… сайқал саясатта сатылмауға” тиiс екендiгiн ескертiп, Фаризаға “сайқалдық” туралы “кеңес” айтады. М.Iлесовке: “ән туады мұраттан, ой туады сұрақтан” деп (105 б.) “шешендiк” көрсетедi де, осы таңдамалыны шығарып отырған баспаның директоры Ж.Нұсқабайұлын: “Ерте, ерте, ертеде…” деп ертек айтып, ырза қылады. Ең ақырында ол… Ш.Айтматовқа “күмiстiң аздығынан қалайы қасықпен сорпа iшiп” жүргендiгiн, “алтынның аздығынан ұлылардың тұлғасының мыстан” құйылатындығын, қысқасы, Ш.Айтматовтың мыс та, қалайы да, күмiс те емес, нағыз “самородок сары алтын” екендiгiн (36 б.) күллi әлемге “пәш етедi”. Бұдан соң ол сала құлаш “одасында” қырғыздар мен қазақтарды “түйенiң қос өркешiндей тұтастырып” (63 б.), “бабалардың сақалдарының қанша рет көкпарға түскендiгiн” (63 б.) еске салады да, “орысшалап” “жазғанын” мiсе тұтпай, ендi “Эр Манастын Элинде” деп (188 б.) аздап “қырғызшалап” та жiбередi. Мұндай құрмет, қолпаштан әзiрге құр қалғаны – өзi бiрге суретке түскен президент А.Ақаев пен аты әйгiлi “пайдакүнем”-бизнесмен Машкевич қана (3 б.). Соларға қарап отырып әлi-ақ ол екеуiне бiр-бiрден өлең түрiнде сый-сияпат берiп, М.Шахановтың тағы да “қырғызшалап” не “идишшiлеп” жiберетiндiгiне еш күмән келтiрмейсiң.

 

Осы таңдамалыда атағы жер жарған кiсiлердiң шылауына байланбай қалған дүниелер – бар-жоғы жиырма шақты өлең мен үш-төрт поэма ғана. Әбден iрiктелiп алынған осы шығармалардан автордың қазақ поэзиясындағы кескiн-келбетiн, көтеруге тырысқан мәселелерiн, өмiр шындығының қаншалықты дәрежеде көркемделiп-көркемделмегенiн, сөз қолданысын, жалпы “поэтикасын”, т.б. айқын аңдауға болады. Бұл жерде жадағай, жалаң декларация мен соны дәлелдеу үшiн келтiрiлген мысал, притчалардың, аллегорияның жалпы стильдiң (егер ол бола қойса?) ең басты белгiлерiне айналып кеткендiгiн аңғару еш қиын емес. Әсiресе, жұртқа бесенеден белгiлi жәйттi орашолақ түрде әңгiмелеп алып, оны iзiнше мысалдың, притчаның “мән-мағынасын” ежiктеп түсiндiру, шешендiкке салынып, оңды-солды сұрақ ату, қит етсе “қарынның тойғандығынан” рухани байлықтың артықшылығын, “асқақ рухтың алаулайтындығын”, т.б. жиi еске сала беру кiсiнi әбден мезi етедi. Күнделiктi баспасөзде жиi айтылып жүрген мұндай “мәселелер” iштей сарапталмай, қорытылмай, сол жалаң күйiнде алынып, көркемделген поэзияның ең басты-басты талаптарына бағынбай, жалаң публицистика қалпында көшiрiле салынғандықтан, көркемделген категорияларға қарай өте алмай қалған. Және де ол мәселелер белгiлi бiр халықтың, ұлттың топырағында туындап, жалпы адамзатты толғантып отырған шаруаларға қарай өрбiмей, керiсiнше, көкте жүрген жерiнен құрыққа түсе қап, одан әрi – ғарышқа қарай шығып кетуге қам-қарекет жасайды. Ж.Ерманов керек деп жүрген нағыз “әдеби космополитизм” нақ осы! Бұл жерде сонау космоста да жербетiндегi ұлттар мен ұлыстардың (мәселен, АҚШ, Ресей, Қытай) өз халқының мүддесiн көздеп, қым-қиғаш боп тайталасып жатқандығын, оған қара жердегi бiтпес мәселелердiң негiз боп отырғандығын “космосшыл” М.Шахановтың мүлдем ескермейтiнi қызық. Соның себебiнен… оның өлеңдерiнде кейiпкердiң жеке басына тән өкiнiш-күйiнiш, толғаныс, әр түрлi ой-пiкiр, сүйiспеншiлiк, достық, қысастық, т.б. дейтiн нәрселер әр кiсiге хас жеке бояуынан, реңiнен айрылып, жалпылама түрде сөз болады. Мұнда өзiмен өзi оңаша қап, сырласатын, толғанатын кейiпкер атымен жоқ. Олар қит етсе болды, жетi қат аспанға алақтап, жерде еш дерегi жоқ, жалпылама ұлы достық, мөлдiр махаббат, өршiл рух, намыс, жiгер, т.б. деген категориялармен “ойлауға” тырысады, сонысына дәлел ретiнде мысал, притча, мақал-мәтел, т.б. келтiредi. Бұл жерде кейiпкердi сол ойға, түйiнге, т.б. келуге мәжбүр еткен жағдай, ситуация кәдiмгi табиғи, шынайы күйiнде алынбай, жансыз, қан-сөлсiз притча ретiнде келтiрiледi де, кейiпкердiң iшкi толғанысы, жан дүниесi, күдiгi, әр түрлi ойдың iштегi шарпысы өлеңнен тыс қалады. Бұл құдды кiсi денесiнiң кепкен қаңқасынан құралған анатомия музейiнде жүргендей керiсiнше әсер етедi. Өлеңде жанды өмiр, кәдiмгi тiршiлiкте кәдiмгi ауамен тыныстап, неше түрлi толғанысқа, тебiренiске түсiп, арман-қиялға батып, сол үшiн әркiммен тайталасып, күресiп жүрген, жерiне жете көркемделген кейiпкерлер мүлдем жоқ. Бұған дәлел болар өлеңдер жинақта шаш етектен.

 

Таңдамалыға енгiзiлген өлеңдерде мысал айту, притча келтiру, iзiнше оның мән-мағынасын қазымырлықпен ежiктеп жату, жәй нәрсенiң өзiн оқушының аузына шайнап беру, т.б. өте жиi кездеседi. Және де олар классицизмнiң атақты үш заңы сықылды кiрiспе, причта-мысал және оны түсiндiру секiлдi бөлiмдерден құралады. Бұған бiр ғана “Барселона әуежайындағы сұңқарлар” деген өлең айқын дәлел бола алады. Автор мысал айтуға кiрiспес бұрын: “Бұл не өзi? Әлде даңққа ғашықтық?”, – деп сұрақ қойып алады да, iзiнше: “талайлар жүр өлең-жырды кәсiп қып“, – деп, өзiнiң “олармен күресе алмай” жүргендiгiн, “бойсыз, ойсыз, тек ұшуға құштарлардың” (58 б.) көбейiп кеткендiгiн, ұсақ құстардың Барселона әуежайын “жаулап” ап, алып әуе кемелерiн ұшырмай отырғандығын, т.б. 25 жолмен әлденеге “ызалана”, “ашына” бiлдiредi. Сөйтiп әлгi “кiлең ұсақ, майда құстар – шымшық, торғай, қарғаларға” “халық жауынан” бетер шүйлiгедi. Осы “қу құстарды” әуежайдан кетiру үшiн амал-айла таба алмаған “ғалымдардың басшысы – үлкен қасқа маңдай (?) (қасқамандай деп қазақ сорлаған кiсiнi айтады, – Б.А.) “ғылым үшiн, мiне, жаңа тақырып!” деп (59 б.) айран-асыр қалады. Бұл мәселенi “басқа маңдайлар” да (қасқабас деген сөз аузына түспей!) шеше алмайды. Оны “басты қасқамаңдайдың” жақын туысы орманшы қарт оларға: “ғалымсыңдар дүниенi нұрландырған талғамы”, – деп көпшiк тастап алады да, “қу құстарды” қуу үшiн “тiршiлiкке нағыз iңкәр дарындар – сұңқарларды” (басқа құстар тiршiлiкке iңкәр еместей) әкелiңдер дейдi. Сол екен, “дарынды сұңқарларды” көрген “қу құстар” бет-бетiне безiп бередi. Осы кiсi күлерлiктей мысалдың аяғы:

 

Көкiрегiн көрiктi ойға (?) бөлеген
орманшы қарт, шынында да, болып шықты көреген
(?) –

 

боп бiтедi. Ендi әуежайдың “аспаны ұсақ құстардан тазарып”, әуекемелерi “еркiн ұша бастайды”. Бұл жерде орманшының негiзгi мiндетi – орман шаруашылығы екендiгiне, құс мәселесiмен зоологтардың айналысына, “шымшық, торғай, қарғалардың” да табиғатта атқаратын өз қызметтерi барлығына автордың назар аудармайтыны да қызық. Кезiнде “мәдени революция” жасаған Қытайдың торғайларды құртам деп қандай зардап шеккенiн бүгiнде әркiм бiледi. Оның үстiне “шымшық, торғай, қарғаларды” “қу құстар” т.б. деп, “халық жауына” айналдырғанын, кемсiтiп қорлағанын бiлсе, дүниежүзi зоологтарының М.Шахановты “ұсақ құстардың” хақын бұздың деп (кәзiргi мода боп жүрген – адамзат хақы сақылды!) халықаралық сотқа беруiне хақы да бар. Мiне, осындай бiр ауыз сөзбен айтылатын мысалға… бақандай 70 жол арналыпты!

 

М.Шаханов осымен тынбай, ендi оқушыны “милау” көрiп, “тура шабуылға” шығады. Оған тағы да “патырлаған” публицистика қол ұшын бередi.

Мiне, аға, сұңқарларға жол беру

 

маңдайларға (?) күрес ашу деген сөз.
Ал сен кiмге, қай сұңқарға жол бердiң?
Есiңде ме, кiмдi кiмге теңгердiң? –

 

деп әлгi “ағасын” жағадан алады. Бұл жерде шын сұңқарлардың бiреудiң “жол берiп, бермей” жатқанына қарамай-ақ, “Барселона әуежайынан” ұшып шыға алатынына автор назар да аудармайды. Ол өз алдына. Ендi ол “қыза“, “кiжiне” келе:

 

Демедiң ғой “алақай“,
Жеткергенов Жебегенге,
Айбергенов Төлегенге,
бiр көзбенен қарап (?)
обал жасадың ғой, ағатай! —

 

деп, әлгi “ағасының” әбден “итiн“ шығарады. Бұл жерде де “дәлсiздiк” баршылық. 1967 жылы “Құмдағы мұнаралар” дейтiн жинағы жарық көргеннен бастап (оған дейiнгi өлеңдерiнде Төкеңнiң өз бетi, өз өрнегi айқын көрiне бермейтiн, – Б.А.) Т.Айбергенов мақтаудан еш кенде болған жоқ. Одан әрi автор әлгi “ағасына“:

 

Өкпелейсiң ұқсас әрi ұсақ қана құстарға,
иә, олар қадiрiңе жетпедi! –
деп бiраз “мүсiркеу” де бiлдiрiп тастайды.

 

Бiрақ мәселе мұнымен де бiте қоймайды. Ендi автор әлгiге: “Құтылам деме өзгеге артып кiнәнi!” – деп сұс көрсетiп, өзiнше “сот” құрады:

 

Сен жауап бересiң әлi
жолыңды салмай (?) қиынға,
жөнiңдi таппағаның үшiн,
сұңқарлар болған жиында
шымшықты мақтағаның үшiн…

 

Содан кейiн:
Желтең (?)
мазаң ойменен
жүргендеймiн кейде мен
Барселона әуежайында, –

 
деп өзiнiң “түпкi ойынан” да (әрине, сұңқар ғой!) хабар берiп:

 
Бiр кез әлгi орманшы кеп қасыма…
– Әне, ұлым,
уақыттың талабы!
Ерте, кеш пе, – бәрiн жөнге салады.
Сұңқарына жағдай жасамаған ел (?)
маңдайлардың (?) мазағына қалады, –

 
деп, “үлкен бiр ой” түйедi. Осы “түйiнге” келу үшiн 49 жыл ысырап болған. Сонда “қу құстарды” “құрту” үшiн жазылған өлеңнiң барлық жолы – 144! Бұл Абайдың үш-төрт өлеңiнiң көлемiмен бiрдей! Мұндай шұбалаңқылықты айтпағанда, орыс тiлiнiң заңдылығына сәйкес құрылған сөйлем, сөз тiркестерi, бос дiлмәрсу, асқақ патетика, “қиыннан қиыстырғандай” боп бiлгiшсiну, “бос мақалдау” “қасқамаңдай” оқушыны әбден мезi қылады. Мұндай “қуырдақтың көкесiн” оқушы қасқа “Жiгерлендiру…” деген өлеңде де көредi. Автор “өзiн бақытсызбын деп есептеген (?) жiгiтке“ былайша “қажыр-қайрат“ бередi:

 
Кiм айтты саған
тұлпарды сүрiнбейдi деп,
асауды мiнiлмейдi деп,
ақ көйлектi кiрлемейдi деп,
қара ешкi мүжiген ағаш
қайтадан гүлдемейдi деп?
Кiм айтты саған
жұрттың бәрi мейiрбан, арайлы (?) деп,
жұрттың бәрi шындықты қалайды деп,
биiктi ардақтайды деп,
асылды қорлатпайды деп… (89 б.)

 

Сосын “шындықты… кiнәмшiл балаға” теңеп алады да, әрi қарай “жосылады”:
Тiрлiкте осы баланы
өкпелететiндер бар да,
жұбататындар бар.
Жек көретiндер бар да,
ұнататындар бар.
Арын сатып қорлайтындар бар да,
жанын сап қорғайтындар бар…
Осындай “бұрын-соңды” жұрт естiп-көрмеген “керемет жаңалықтың” ақыры:
Өмiрдiң барлық сәтсiздiктерi
бақытсыздық емес ендеше, –

 

боп “тосыннан түйiнделедi”. Мұндай әркiмге таныс, айтыла-айтыла әбден жауыр болған “терең ойды” түю үшiн 71 жол “жұмсалыпты“.

 

Ендi М.Шаханов, қасқа Ньютон аз болғандай, Евклидтен еш хабары жоқ қарапайым оқушының аузын одан әрмен аңқайта түсу үшiн “Түсiнiсу теоремасын” (91 б.) жазады. Онда:

 

Үш өлшем бар –
биiктiк пен тереңдiк (?), кеңдiк (?)
яки жазықтық (?) (98 б.)

 

деп, “жаңалық” ашып, Евклидтiң “енесiн” екi айналдырып, “көкесiн” көзiне көрсетiп кеп жiбередi. Ол осы үш өлшемнiң (орысшасы – высота, длина, ширина), қазақшасы биiктiк, ұзындық және енi деп аталынатынынан бейхабар сықылды. Сондағы бар айтпағы:

 

Бұл үшеуiн бағаламау – көзсiздiк (?)
һәм кереңдiк (?)

 

Бұл жерде қолданылған сөздердiң мағынасы автордың айтпағына кереғар тұр. “Көзсiздiк” деген сөз соқыр дегендi бiлдiрмейдi, керiсiнше, бұл жерде батыр, аусар, әңгүдiк дегендi ұқтырады. Ал кереңдiктiң әлгi үш өлшемге қандай қатысы бар? Мiне, осындай оп-оңай нәрсенi “түсiнбейтiн керең елдi”ендi ол былайша кеп “iрейдi”:

 

Ох, қаншама ұлыларды жұрт түсiнбей өлтiрдi, (?)
сөйтiп мына тiршiлiкке үлкен зиян келтiрдi.
Бруноны отқа жаққан,
Галилейдi сотқа тартқан,
Бiржан салдың арқан байлап қолына (?),
жылан болып Ұлықбектiң иiрiлген жолына
түсiнбестiк едi ғой…
Ұлы Абайды сабаған да,
түсiнбестiк болатын.
Жазған шақта Әуезов сол “Абайды” (?)
… қияс ойға қамшы басқан
тағы да сол түсiнбестiк емес пе? (98 б.)

 

Осылайша талай өлi әруақтың құлағын шулата кеп, автор:

 

Түсiнбеген кiнәлi емес десек те,
қылмыспен тең – түсiнуге тырыспау, –

 

деп “өзгеше ой” түйедi. Сонда жаңа ғана оның ел-жұртты “қараңғы“, “надан” керiп, оның түсiнбестiгiн айыптап отырғаны қайда қалды? Неге жұрт Бруно мен Галилей үшiн айыпты болмақ! Ау, оларды жазалаған инквизиция, Ватикан емес пе! Соны бүгiнде М.Шаханов Рим папасының бетiне неге “кiжiне”, “ашына” салық қып баспайды? Неге оны ғылым, жалпы мәдениеттiң дамуына кезiнде зор зиянын тигiзген, атақты “крест жорықтарын” жасатып, адамзатты қанға бөктiрген “христшiлдiк” үшiн күллi елден басын идiрiп, жалынтып-жалпайтып кешiрiм сұратпайды? Әлде папаның әруағы Шыңғыс ханнан басым ба? Одан тыс – инквизиция Бруноны отқа өртегенде, гелиоцентризмдi түсiнбеген бе? Мүлдем олай емес. Жердi құдай алты күнде жаратты деп ескi еврейдiң аңыз-әңгiмесiн әлге дейiн насихаттап келе жатқан Иса дiнiнiң түп тамырына жердiң күндi айналатынын мойындаудың қандай балта шабылатынын олар жақсы-ақ түсiнген! Олар да кешегi “комсомолшылап”, монах Бруноны “айыптап”, отқа өртеген!
Бiржан салдың жағдайы да сондай. Абайдың тағдыры да осыған ұқсас. “Түсiнбестiктен” тереңiрек, әлеуметтiк, қоғамдық жағдай. М.Әуезовтың жағдайы да мүлдем басқаша. Жазушы кезiнде өз бағасын ала алмады деген сөз де ұшқарылау. Деректерге жүгiнейiк. М.Әуезовтың “Абай” романының алғашқы екi кiтабы сонау қырқыншы жылдары-ақ Сталин сыйлығын алған болатын. Одан кейiн “Абай жолы” 1959 жылы КСРО-да Л.Леоновтан кейiн екiншi боп Ленин сыйлығын қанжығасына бөктерген-дi. Бұдан тыс, өз тұстастары әлi таңдамалы бiр томын шығара алмай жүргенде, 1956 жылы М.Әуезовтiң алты томдығы алтынмен апталып, күмiспен күптелiп шыққан едi. Кезiнде алашордашылдығы үшiн кешiрiм сұраған М.Әуезов 1946 жылы жаңа ашылған академиямыздың толық мүшесi яғни, академик болған-ды. Бұл кезде қазақтың небiр жайсаңдары Сiбiрде “саңырауқұлақ” терiп жүрген-дi. Осыны көре-көзге ұмытып, жоқ жерден “жапа шеккендер” мен “жәбiр көргендердi” “тауып” ап, “бiлгiшсiнiп” тақылдағанның не ретi бар? Өкiнiшке орай, осындай арты даулы ұшқары “ойды” түю үшiн тағы да 80 жыл “құрбандыққа” шалыныпты!
Және бiр айтары, автор бұрыннан қалың оқушыға, әдеби қауымға белгiлi жәйттi мысал ретiнде алғанда, тарихи шындықты бұрмалап та кете бередi. Бүгiнде Л.Толстойдың өмiрiнiң ақырында әйелiмен келiсе алмай, үйiнен қашып кетiп, Астапово деген стансада қайтыс болғанын жұрттың бәрi бiледi. Ол көз жұмғанда, басында С.А.Толстая болмаған, онымен арыздаспаған. Мiне, осы нәрсенi М.Шаханов қалай болса солай “еркiн” ала сап, Толстойды “өзiнiң ұлылығын түсiнбегенi үшiн” “кемпiрiн” “кешпейтiнiн” оның бетiне “тура айтқызды” да, ана дүниеге жөнелте салады. (97 б.) Бұл жерде даулы нәрсе жеткiлiктi. Бiрiншiден, Л.Толстой өзiн өзi еш уақта “ұлымын” деп (осы сөз, неге екенi белгiсiз, М.Шахановтың өлеңдерiнде өте жиi кездеседi!?) төске сабамаған. Екiншiден, Иса пайғамбардың “жамандыққа қарсы шыға көрме”, “бiреу жағыңнан тартып кеп жiберсе, екiншi жағыңды тос”, т.б. дейтiн уағызына ден қойған Л.Толстойдың өз әйелiн (Шахановша, “кемпiрi”?!) “кешпеймiн” деп үзiлдi-кесiлдi айыптаған жерi жоқ. Оған ұлы жазушының кетер алдында жазған хаттары айғақ. Мiне, осындай нақты шыдықты ескермей, ұлы жазушыны “асқан қатыгез” етiп шығарудың не қажеттiгi бар едi?
Мұндай “ауытқулар”, бұрмалаулар оның басқа да сала құлаш өлеңдерiнде жыртылып айрылады. Әсiресе, мұндай жағдай iшкi мән-мағынасына бармастан, әбден тереңiне жетiп талдамастан, газет-жорнал беттерiнен, т.б. ала салынған тарихи деректерде ұлы кiсiлердiң өмiр тарихынан келтiрiлген “әңгiме-қауғаларда” өте көп. Мәселен, Ширазда туып-өскен Хожа Хафиздiң Әмiр Темiр сұраған Самарқанға өмiрi келiп көрмегенi белгiлi. М.Шаханов болса, сол болмаған жәйттi “болдырып”, Хафиздi баяғы “комсомолдың үрдiсiмен” Ақсақ Темiрдiң алдында “жалынды“ өлең оқытып қояды! (28 б.)
Осындай “қызық кептi” ұлы Махамбет те, атақты әншi Естай да киiптi. Автор Махаңның “өз жайында өзi жақсылап айтып” кеткенiн азсынып, оны “шахановша” бүгiнгi сырдаң тiлмен сөйлетедi. Оның басын “шауып алған” баласын әкесi “садақпен” атып өлтiредi. (Мұндай жағдай қазақта бұрын мүлдем болмаған, Махамбеттiң мерт болуы басқаша, – Б.А.). Ал Естайдың жағдайы бұдан да “қиын”. Автор ол жайында: “Бiрде Евтушенконың үйiнде (бұл да үлкен бедел! – Б.А.) шетелдiк достармен болғанда…” деп өзiнiң кiмдермен қарым-қатынасы бар екендiгiн “пәш етiп”, оқушыға “қыр” көрсетiп алады да, “Естайдың әбден жұқарып (?) тозуға айналған сұқ саусағындағы (?) жүзiгi…” туралы тағы бiр “аңызды” гәпiредi“.
Оның (171 жол!) аяғы былайша бiтедi:

 

Тост айтайық
қашық, қиын жол таңдаған (?) ғашыққа,
аспаны ашық болсын (?) деп,
сәулесiн алысқа шашып (?) қалсын деп,
өлiм де бөле алмас (?) ғашық болсын деп,
адамдарды оларды соттауға (?)
асықпасын деп!

 

Мұндай “тiлекке” не алып, не қосуға болады?! Тек қана ыңғайсыздандыратыны – мұндағы орашолақ құрылған, “орысша исi” аңқып тұрған жаттанды тiркестер, калькалар, “судить” дейтiн сөздi “орысша поэмамен (?) роман жазған” М.Шахановтың терiс түсiнгендiгi. Бұл жерде оның мағынасы – соттау емес (ғашықтық үшiн ешкiмдi де соттамайды, ол қылмыс емес! – Б.А.), ақ-қарасын ашу, пiкiр түю, сөз қылу, т.б. Мұндай дәлсiздiктердi айтпағанда, оның өлеңдерiнде орыс баспасөзiнiң бетiнде бықып жүрген жаттанды сөз тiркестерi, жолдар, т.б. сол қалпында, жолма-жол аударма ретiнде жиi кездеседi. “Еркектер жыры”, “Арман”, “Шың басындағы уақиға”, “Отан”, ?12 – 3-?”, “Қыран тағдыры“, “Ла-Валетта маңындағы түн”, “Ғашықтық ғаламаты”, “Тоқшылық”, “Эврестке шығу”, т.б. дейтiн сала құлаш дүниелерде мысал айту, оны оқушының өз таразысына салуына сенбей, қарапайым нәрсенiң өзiн ежiктеп түсiндiру, шешенсу, газет-жорналда күнде айтылып, әбден жауыр болған “ой-пiкiрлердi” ала сап, “жаңалық ашқансу”, автор мен өлең кейiпкерлерiнiң арасындағы арақашықтықты сақтамай, публицистиканы семсерше жалаңдатып, “тура“ шабуылға шығу тән.

 

Жинақта бiр мезет айғай-шудан жерiнiп, оңаша қап, сыр айтуға, т.б. талап қылған азын-аулақ дүниелер де кездеседi. Бiрақ… бұларда да жадағай публицистика, шешендiк, ақылгөйсу жеңiп кете бередi. Автор кiсiнiң үнемi айқайлай бермейтiнiн, бiр сәт “комсомолдың ұранынан” бас тартып, өзiмен өзi болғысы келетiндiгiн, тiптен сыбырлай сөйлесудi қалайтынын, оған сай лексика болатынын, т.б. мүлдем ескермейдi. Ол өлеңдерiнде оқушының ақыл-ойын, басқаша айтсақ, миын (оның iшiндегi нейрондарды бөлек кесiп ап тастап!) тура нысанаға алады да, оның жан дүниесiн, толғанысын, өкiнiш-күйiнiшiн, қуанышын, сүйiспеншiлiгiн… т.б. қатыгез оташының (хирург) пышағымен кесiп, бөлек шығарып тастайды. Бұл нәрсе ғылымдағы экспериментке ғана жарасады. Осыны ескермегендiктен, М.Шахановтың барлық өлеңдерiнде жан, ыстық қан, тебiренiс-толғаныс, жалпы тiршiлiк жоқ. Оның өлеңдерiнiң барлығы… сол дүниенi жазбас бұрын автордың жинаған материалы, дайындығы т.б. ретiнде ғана көрiнедi. Мұны басқаша айтсақ, М.Шахановтың сала құлаш “дайындық-өлеңдерi” бiткен жерден… қаны-жаны бар, шынайы көркемделген, замананың кескiн-келбетiн жанрдың өз ерекшелiгi арқылы көрсететiн, нағыз поэзия басталады! Бiрақ ол мына жинақта атымен жоқ!

 

М.Шахановқа iрi поэма жанры да әлi бел бермей жатыр. Оның “Өркениеттiң адасуы”, “Сенiм патшалығы“, “Сәйхундария”, “Махаббатты қорғау”, т.б. сықылды шала-шикi дүниелерiне iшкi тұтастық, iрi өзек, атақты Гарвей ашқан, “кiсi қанының екi шеңбер бойымен айналуы” мүлдем жетiспейдi. Әр түрлi притча, мысал, әркiмдердiң айтқанынан алына салынған “цитаталар”, эпизодтар, тегi әр түрлi құрылыс материалынан жасалғандықтан, бiр-бiрiмен жымдаспай, табиғи түрде кiрiкпей тұр. Қай поэма да сiлкiп қалсаң, жай қалтыл-дiрiлге шыдамай, бөлек-бөлек тарау, тармақтарға шашылып, ыдырап сала бередi. Олардың бастарын қосатын, автордың өз сөзiмен айтсақ, өзара жымдастырып жiберетiн кәдiмгi “әдеби цемент” мүлдем жетiспейдi.
Мұндай кемшiлiк сюжетке құрылған “Танакөзге” де тән. Мұндағы “эпос” өте жасанды, балаң, шикi. Оқиға желiсi өте “қарапайым”. Поэмада Мұрат, Танакөз және өлең кейiпкерi мектепте бiрге оқиды, екеуi де Танакөзге ғашық болады. Мектептi бiтiрген соң, Танакөз “комсомолдың белсендiсi” боп шыға келедi. Ендi қара жұмысшы бұл екеуiнiң “жағдайы” аяқ астынан қиындайды. Оған “комсомолдың тағы бiр белсендiсi” себеп болады:

 

Алматыдан өкiл келдi, желке шашы бiр қарыс,
аты – Оралхан (?) ал кәсiбi –
жазушы әлде журналист (?)
Бойдақ па өзi? Танакөзден айырмастан жанарын,
әлдененi сүйкеп жатты сусылдатып қаламын. (143 б.)

 

Мұның ақыры – өлең кейiпкерiнiң Танакөздi оңашада шөп еткiзiп сүйiп алуына, оны көрiп қалған Мұрат шешесiнiң жезөкшелiгiне қарамастан, Зеркүлге үйлене салуына, одан өлең кейiпкерiнiң оқуға тайып тұруына әкеп соғады. Бұл кезде “комсомол” Танакөздiң қайда жүргенi сөз де болмайды. Соның аяғында Мұрат апатқа ұшырап, кемтар боп қалады, Зеркүл оны тастап кетедi. Соны естiген өлең кейiпкерi түнде ауылға кеп, ашық тұрған терезеден (баяғы Кеңес кезiндегi кинолардағыдай!) … Мұрат пен Танакөздiң табысып, жабысып тұрғанын көрiп:

 

Сендер өшпей жаныңдаршы (?),
сендер бақыт табыңдаршы (?)…
Айналайын ұлы достық,
айналайын атыңнан! –

 

деп “тебiренiп” кеп кетедi. Мұның жасанды, жалған екендiгiн дәлелдеп жазудың қажетi шамалы. Бұған бүгiндерi М.Шахановтың өзi де сене қоймайды.

 

М.Шахановтың поэмаларының екiншi бiр тобына, кәдiмгi қарапайым мағынасында алғанда, сюжетсiздiк, яғни бiр оқиғаны қарастырып, оны дамытудың орнына, өмiрдiң, тарихтың, т.б. әр түрлi қатпарларынан үзiп-жұлқып алына салынған эпизодтар, мысалдар, притчалар тән. Әрине, мұндай жағдай Шығыстың да, Европаның да әдебиеттерiнде, соның iшiнде, мықты экспериментатор В.Маяковскийдiң шығармаларында жетедi. Осы салада Е.Евтушенко да әлге дейiн “бақ” сынап жүр. С.Сейфуллин мен I.Жансүгiров те осындай бағытта поэмалар жазған. Бұл жерде шығарманың пормасын қаншама түрленткенмен, сол бiр ғана түр үшiн алабажақ “үкi” тағып, “әшекейлеп” безендiрiп, неше түрлi “қылтың-сылтың” жасағанмен, М.Шахановтың ешқандай да ашқан жаңалығы жоқ. Бәрi де бұрыннан бар нәрселер. Мәселе бұл жерде автордың сол тәжiрибелердiң әдеби артық-кемiсiн қалай ескергенiнде, озығын алып, тозығын тастап, тегi жағынан алуан түрлi әдеби материалды қалайша ең үлкен мақсатқа қарай бағыттағанында, оларды шынайы түрде көркемдеп қорытып, соны тұрпатты жаңа шығарма жасай алған-алмағандығында жатыр. Мiне, осы арада қатты ойлануға тура келедi.
Бiз бұ жерде оның “Сәйхундария”, “Жаңғырық…“, “Сенiм патшалығы“, “Махаббатты қорғау” сықылды тұтастығы жоқ, белгiлi бiр мақсатқа, идеяға бағындырылмаған, әр түрлi материалдың өзара бiрiкпеген қосындысы екендiгi анадайдан көзге түсетiн, жансыз притчасы жетерлiк алабажақ дүниелерiне тоқталмаймыз. Негiзгi сөз етерiмiз – соңғы кезде жер-жаһанды шулата бастаған жаңа поэмасы (“Заблуждение цивилизации”, “Жазушы” баспасы, 2000 жыл).
Сөз жоқ, осы дүниенi оқи отырып, автордың қолтаңбасын, материалды қалай ұйымдастырғанын, жалпы әдеби кескiн-келбетiн анық көруге болады. Бұл жерде де автор бұрынғы шығармаларынан қара үзiп кете алмаған. Мұнда да сентенция айту, жадағай публицистика, мысалкештiк, оны мыжғылап түсiндiру, мерзiмдi баспасөзде айтыла-айтыла әбден таптаурын болған мәселелердi сол қалпында ала сап қайталау, олардың тереңiне барып iшкi диалектикасын, ядросын кәнiгi физикше бөлшектеп, қайтадан жинай алмау, дәлiрек айтсақ, соларды поэма кейiпкерiнiң өн бойынан өткiзiп, оның толғанысына, ой-пiкiрiне, өкiнiш-күйiнiш, күдiгi мен қуанышына айналдыра бiлмей, жалпылама ет пен сүйегi жоқ ұғымдар дәрежесiнде қарастыру өте басым. Басқаша айтсақ, автор мен әдеби кейiпкердiң арасындағы арақашықтық сақталмай, көп ретте автордың “Менi” алға шығып, ол күнделiктi рухани өмiрге қажеттi мәселелердiң басын шалған сырдаң мақала жазып отырған сықылды боп көрiнедi. Осы поэмада көп айтылатын “жан байлығы”, “рухани байлық”, т.б. яғни, жан жоқ. Мұндағы әр түрлi пiкiр таласына қатынасатындардың барлығы да “ақылды“, “данышпан”, еш қателеспейдi (Гитлерден басқасы!), еркегi де, “қатыны“ да шетiнен бiр сұңғыла, бәрiнiң де айтары – “техницизм” үстемдiк ап, “рух” азып-тозды, “жан байлығы” қалмады. Бiрақ мұның неге солай болғанына, ондай дәрежеге не нәрсенiң әкелгенiне, оның себеп-салдарына тоқталу жоқ. Басқаша айтсақ, бұл неше түрлi мәселенi өзеуреп көтеретiн, бiрақ iске жоқ, бос, даурықпа, жел сөзге бай жиналысты еске түсiредi. Бұл жердегi ең қиыны, оқушыны ыңғайсыз жағдайға қалдыратыны – поэманың алдыңғы жағына көзiнен көгенделген не бiр мықтылардың осы шығарма туралы тамсана, таңғала, ауыздарының суы құри айтқан пiкiрлерi. Бiрiншiден, бұл оқушыға осы пiкiрлердi қабылда да, шығарманы солар сiлтеген бағытпен оқып шық деп, бағыт-бағдар көрсетуге, оның ой-пiкiрiн алдын ала белгiлi бiр салаға қарай икемдеуге тырысқандығынан, жалпы автордың өз шығармасын әлгiндей “бата-пiкiрсiз” оқушының таразысына салудан қаймығатындығынан хабар бередi. Екiншiден, цивилизацияға ар-ұждан, ұят жағынан баға беруге ұмтылған автордың осы қадамының өзi әдеп, ұят, жалпы этика тұрғысынан қандай деген сұрақты өздiгiнен тудырады. Жарайды, мұны автордың өз шаруасы дей салалық. Менi қатты ыңғайсыздандыра беретiнi – осы поэмаға тамсана пiкiр айтқандардың барлығына… дәл осы шығармада алдын ала бiр-бiр “жылы” сөз айтылып, “қалың көпшiктiң” тасталғаны. Осы поэманы оқи отырып, әлгi “мақтағыштардың” өздерi туралы “тасталған көпшiктердi” көрiп, қандай жағдайда болатыны айтпай-ақ белгiлi. Мен ол жайлы, “жанды деректердi” орысша нұсқасынан (олардың бәрi қазақша бiлмейдi, бұл поэманың қазақша қандай дәрежеде жазылғаны туралы пiкiр де айта алмайды! – Б.А.) алып келтiрейiн.

 

1. Мы с Чингизом Айтматовым,
работая над книгой
“Плач охотника над пропастью”… (130 б.)

 

2. На родине поэта-гуманиста
Федерико Майора (130 б.)

 

3. Предложил Ханс Петер Дюрр,
выдающийся физик нашего бурного времени
(98 б. “Космоформуладан”)

 

4. Но тут вступил в разговор
немецкий писатель
Фридрих Хитцер (39 б.)

 

5. Мать истинно русского поэта,
автора знаменитого стихотворения
“Хотят ли русские войны”, (58 б.)
(Е.Евтушенко туралы)

 

6. Славный поэт степей
мой друг Олжас Сулейменов (39 б.)

 

7. Однажды в беседе
с академиками Какеевым
и Рахманалиевым
и казахами
писателем гуманистом Кекильбаевым,
учеными Арыновым и Кул-Мухамедом… (49 б.)

 

8. Прославленный поэт-философ
Бахтияр Вагабзаде… (65 б.)

 

9. Недавно на форуме ЮНЕСКО
я познакомился
с Владимиром Ломейко,
Российским послом и писателем… (187 б.)

 

10. На кишиневском форуме ЮНЕСКО
кинорежиссер Савва Кулиш
сказал… (37 б.)

 

Мұндай тiзiмдi соза беруге болады. Осылардың iшiндегi өзiмiзге таныс аты шулы кiсiлердi айтпай-ақ қоялық. Басқаларының өзi бiр-бiр “жылқы” сойып, арнайы хабаршы жiбергенде, “қонаққа” әзер келетiндер. Мәселен, Федерико Майор – ЮНЕСКО-ның Бас директоры, В.Ломейко – ЮНЕСКО-ның Бас директорының арнаулы кеңесшiсi (елшiлiгi өз алдына), Ханс Петер Дюрр – Нобель сыйлығының лауреаты, сол комитетке ықпал ете алатын кiсi. Қалған пiкiр айтушылардың ең кемi – министр, академик, ұшқыш-космонавт, Мемлекеттiң бiлдей хатшысы, Қырғызстанның Жоғарғы Кеңесiнiң төрағасы! Соны көрiп, О.Сүлейменовтың: “Браво, Мұхтар!” дейтiн ретi де бар. (6 б.)

 

Бұлардан тыс М.Шаханов талай-талай мықтылармен “кездескенiн”, “тiлдескенiн” осы поэмасында ашық айтады. Олардың қатарында академик А.Сахаров (63 б.), Б.Ельцин (110 б.), Г.Колбин (97 б.), президент А.Ақаев (80 б.), Н.Назарбаев (123 б.), президент Г.Алиев (121 б.), И.Тасмағамбетов (73 б.), Ш.Беркiмбаева (33 б.) т.б. бар. Тек ол әлденеге түрiкменбашыдан “сескенiп”, онымен (123 б.) “культтiң қауiптi вирусын” “жұқтырып” алам деп “кездеспей” қойыпты. Бұлардан басқа дүниеге атақ-дәрпi шашылған небiр академиктер, қоғам қайраткерлерi, жазушылар, әкiмдер, т.б. бықып жүр. Бiр қызығы, М.Шахановтың кездескен кiсiлерiнiң бәрi – мемлекеттiң басшылары, Нобель сыйлығын алған кiсiлер, аты шулы “белсендiлер”. Олардың санатында бүгiнде ауызға жерге талшығын таба алмай, қайыршы боп жүрген бiр де бiр адам жоқ. Мiне, осындай мықтылар осы поэма туралы алдын ала (қазақшасын қатырып бiр оқығандай!) тамсана, таңғала, “ду қол шапалақтау” үрдiсiн ұстап, “асқақ пiкiр” айтып жатқандықтан, кiсi кейде… шыныменен, сасады екен! Бiрақ… шындықты айту қажет-ақ!
Осы шығармада М.Шахановтың өлеңдерiне тән кемшiлiктер түгелiнен қайталанған. Ол мәселенi толығынан шешу үшiн құстың қалықтайтын шамасы, әуе кемесiнiң жетер биiктiгi және ғарыштан қарайтын дәреже деп үш өлшемдi алады. Бұған ешкiмнiң де қарсылығы жоқ. Мәселе бұл жерде құстың да, әуе кемесi мен ғарыш кемесiнiң де… ауасыз кеңiстiктен емес, ұлы қара жерден зеңгiр көкке қарай ұшатындығында жатыр. Мұның керiсiнше болуы – өнерде өте жасандылық, алдын ала белгiлi бiр ой-пiкiрге бағыну, соны дәлелдеу үшiн мысал, притча, т.б. келтiру боп сезiледi. Мiне, М.Шаханов осы екiншi жолды таңдап алған. Онда да автордың аяғы қасиеттi де қара жерге анда-санда бiр тиiп қалады. Соның себебiнен қаны сорғалаған жанды тiрлiк күндегi қайнап жатқан қым-қуыт өмiр, кiсiлердiң өзара тайталасы, айтысы-тартысы, iс-әрекетi, ой-пiкiрi, т.б. өзiнiң төл топырағынан бөлiнiп әкетiлiп, сонау ғарыштың ауасыз, аса салқын кеңiстiгiне апарылып қарастырылады. Құдды мысықтың өлi тышқанмен ойнағаны сықылды! Және бiр қызығы – “космополитизмнiң” қызығына берiлген автор бұл жерде жалпы ой-пiкiрдi қуаттап, оның қандай ортада, қандай топырақта туатынына, соған орай, әр түрлi реңге, ерекшелiкке, т.б. ие болатынына назар аудармай, “кiсiнiң “түрi, түсi” түк емес, дей келе:

 

И здесь национальность
не значащий фактор…
тут главное – душа,
уровень полета мысли
и траектория взглядов.
Самое наивысшее,
ничем неизмеримое,
ничем незаменимое родство –
родство духовное, – (53 б.)

 

деп “өзiнше” ой түйедi. Содан соң ол кез келген кiсiнi өз топырағынан, өз жұртынан аулақ әкетiп, оны жалпы адамзаттың өкiлi етiп, өзiне тән еш кескiн-келбетi жоқ бiреуге айналдыратын мұндай талапқа қарсылық жасайтын:

 

…мир сегодня делится
на Запад и на Восток,
если сегодня
дает о себе знать
великодержавный шовинизм,
узконациональный эгоизм,
даже неизжитый до сих пор
фашизм
и разные проявления
сепаратистского толка, –
все это от недостатка воздуха в гуманизме,
от нестремления
к духовной гармонии,
от нравственной лености
и бездарности в дружбе… – (53-55 б.)

 

деп бiледi. Және де бұл жағдай жеке кiсi мен бүткiл мемлекеттерге тән дейдi. Бұл жерде мұндай пiкiрдiң ешқандай да жаңа еместiгiн, баяғыдан берi айтылып, әбден езiндi болғанын айта кетудiң өзi артық. Кезiнде Р.Киплинг Батыс пен Шығыстың үш қайнаса сорпасы қосылмайды десе, бүгiнгi “космополиттер” Батысты да Шығысты да тiптен Терiскей мен Оңтүстiктi де жоққа шығарып, тек қана жұмыр Жер бар дейдi. Бұлардың алғашқысы белгiлi бiр мәдениеттiң ауқымынан аса алмай жатса, екiншiлерi сол ортаға тән мәдениеттi жоққа шығарып, ұлт-халықты, оларды толғантып отырған мәселелердi тек қана сонау ғарыштан, оның аяғын жерге тигiзбей, жалпылама қарастырғанды қол көредi. Мұның екеуi де – барып тұрған бiр жақтылық. Әрi жаңалық емес. Кешегi заманда марксшiлдер “барлық елдiң жарлы-жақыбайлары бiрiгiңдер” деп ұран салған жоқ па едi? Соның салдарынан, басқаны айтпағанда, бүгiнде үштен бiрi “орыстанып” кеткен қасқамаңдай қазақ халқы қаншама азап шектi? Жеке халықтың, ұлттың өзара ерекшелiктерiн, психологиясын, тiршiлiк ету пормасын, ой өрiсiн, дiнiн, мәдениетiн ескермей, жоғарыдан күшпен енгiзiлген коммунашылдардың iс-әрекетi (мәселен, қалқоздасу, ортақ сәбет халқына айналдыру, т.б.) бiздiң халқымызды қаншама тар жол тайғақ кешуге салды? Сол тарихи тәжiрибенi ескерiп, қазақ ұлтының қамын жегендер, М.Шахановтың айтуынша, “узконациональный эгоист” болмақ па? Ау, сонда өзi мадақтап отырған кешегi алашорданың көсемдерi осы “қара тiзiмге” кiрiп кетпей ме? Отыз жетiншi жылы оларға тағылған басты айыптың бiрi де осы емес пе едi? Батыс Еуропада фашизмнiң тууына бiрден бiр себепкер болған осы космополиттердiң iлiмi – марксшiлдiк едi ғой?! Бұдан тыс – осындай космополитизм бүгiнде жер шарына кеңiнен тарап отырған христшiлдiк пен исламға да тән емес пе? Иудашылдық осы екеуiн сол космополитизмi үшiн жек көрмей ме? Сонда тек қана еврейлер тұтынатын Мұса пайғамбардың дiнiн неге “фашизм” демеймiз? Тек қана өз ұлтымнан құралатын, социализм құрам (национал-социализм) деген бiр ғана қасқамаңдай Гитлердiң (әрине, оның қателiгi көп!) қанқұйлы “фашист” боп шыға келетiнi несi? Ол да өзiне “рухани жақтан туыс” елдердiң басын бiрiктiрген жоқ па? Мұның түп төркiнi пангерманизм, панславянизм, пантүркизмдерде жатыр емес пе? Бұдан тыс – түбiн сонау “Таураттан” алғанына қарамастан, Иса мен Мұхаммедтiң дiнiнiң ұлтына, жерiне, тiлiне, салт-санасы мен тұрмыс-салтына қарамайтын нағыз “интернационал”, барша халыққа бiрдей дiн екендiгiн неге естен шығарамыз? Осы екi дiннiң ой-пiкiр үшiн ғана емес, басқа да жұрттарды, мемлекеттердi өздерiне бағындырам деген талабына орай, талай қанды қырғын болған жоқ па? Соны сонау космосқа шығарып, бiрiктiрiп жiберетiн күш қайда?
Бұл жерде ислам мен христшiлдiктiң ғасырлар бойы Азия мен Еуропа халықтарына әсер етiп, олардың бойларына сiңiп, өзiнше бөлек мәдениет, үрдiс, салт-сана, ой-пiкiр жүйесiн қалыптастырғанын ұмытпаған жөн. Р.Киплингтiң айтып отырғаны да осы. Бұл ерекшелiктi жарлы-жақыбайларды желiктiрiп, “дүние жүзi бойынша төңкерiс” жасаймыз деген кешегi коммунашылдар да (олар да космополит болатын!) жоя алмаған-ды. Олардың ұлттың ерекшелiгiне мән бермей, бiрегей сәбет халқын (кәзiргi американдықтар сықылды!) жасаймыз деген өрескел талабы кешегi Желтоқсанға әкелген-дi. Сонда М.Шахановтың сол Желтоқсанды арқаланып, талай “атақ-абырой” алғанына қарамастан, соған ерiксiз қарсы шығып, “бұл жерде ұлт деген – мән-мағынасы жоқ фактор” дегенiне жол болсын?! Ондай “ұлттың” маңызы болмаса, неге 1986 жылы қазақ халқы Г.Колбиндi ешқандай қарсылықсыз қабылдай салмады? Әлде қазақ халқы да, М.Шаханов айтқандай, “узконациональный эгоист” пе? Сонда алаңға шыбын жанын шүберекке түйiп шыққан қазақ жастарына “гуманизмнiң ауасының жетпегенi“ ме? Сол “ауаның жетiскендiгiнен”, соны молынан жұтқандығынан 1986 жылы М.Шаханов алаңға шықпай қалған ба? Мұндай категориямен ойлай берсек, онда жер бетiндегi ұлттар мен ұлыстардың, оларды бiр бiрiнен бөлетiн мемлекеттердiң, жалпы тәуелсiздiк деген ұғымның керегi жоқ боп шыға келедi. Кәзiр мұндай тиянақсыз космополитизмдi кiм қолдай қояр екен? Мұны, өзара белгiлi бiр шартпен келiсiмге келсе де, христшiлдер мен мұсылмандардың көсемдерi қоштай ма? Бүгiнгi таңда жұмыр жердегi негiзгi тартыстың түп қазығы – осы екi идеологияның арасында жүрiп жатқан жоқ па? Сонда осы екi жақ боп бөлiнген екi дiн де – кешегiдей екi лагерь емес пе? Соны бiрiктiрiп, сонау ғарышқа қарай шығарып жiберу қандай ғарыш кемесiнiң қолынан келер екен?

 

Мiне, осындай әзiрге тыйылмайтын айтыс-тартыстың нәтижесiнде, соның iшiнде коммунашылдардың идеологиясының нақты көрiнiсi ретiнде, бiзде өз “космополиттерiмiз”, басқаша айтсақ, түрi – қазақ, ал тiлi, наным-сенiмi, жүрiс-тұрысы, ойлау жүйесi, түсiнiгi байырғы қазақтан мүлдем бөлек, “шалақазақтарымыз” пайда болды. Бүгiнде “евроазия” дейтiн ой-түсiнiктi қалыптастырғысы кеп жүргендер де осындай “шалалардың” арғы аталары. Олардың түпкi негiзi басқа, бөгде ұлт, бiрақ өздерi “орыстанып” кеткен дүбаралар. Былайша айтқанда, ондайлар таза орыс та, таза қазақ та, т.б. емес, үшiншi жолда тұрған топтар. М.Шахановтың әдебиетiмiздiң ұлтымызға тән бояуынан айрылған шығармалары, сөз жоқ, оларға қатты ұнайды. Автордың өзi де солардың ыңғайына жығылып, ретi келгенде “орысшалап” жазып та “жiбередi”. Бұл жерде басқа тiлге көшудiң сол елдiң ойлау жүйесiн ғана емес, бүткiл мәдениетiн, салт-санасын, ой-түйсiнiгiн, т.б. қабылдау екендiгiн мүлдем ұмытуға болады. Мұның ақыры, автордың өзi қайта-қайта айта беретiнiндей, “рухани байлықтың” басқа “байлыққа” ауысуына апарып соқтырады. М.Шахановтың өлеңдерiнiң қазақ тiлiнде жазылғанмен, нағыз қазақша еместiгi, аударма сықылды боп көрiнетiндiгi, мiне, осы екi тiлдiң өз ара тайталасынан, екi түрлi ойлау жүйесiнiң бiр бiрiмен келiсе алмай, табиғи диффузия жасалынбай жатқандығынан. Бұл жерде итжығыс жоқ.
М.Шаханов техниканың күрт дамуын, компьютор, теле-радиожүйелерiнiң кең етек алуын, тiпте өзiн ғарышқа шығаратын космос кемесi мен Парижге топ еткiзе түсiретiн әуе кемелерiнiң өсуiн, “массмәдениеттi”, т.б. қасқамаңдай цивилизацияға “кiнә” ретiнде жаба салады. Мұндай жағдай бұрындары да болған. Англияда кезiнде пәле басы деп шаруалар техниканың күл-талқанын шығарған. Ж.Ж.Руссо қоғамның дамуын керi қайырып, табиғаттың аясында жайбарақат жатқанды қош көрген. Л.Толстой да өзгеше талап қылған. Шiркеу ғылымның өркендеуiне аса зор зиянын тигiзген. Соған қарамастан, адамзаттың ақыл-ойы будың, желдiң, газдың, т.б. күш-қуатын кәдеге жаратып, кәзiргi мәшиненi, ғарыш кемелерiн, әуе кемелерiн жасап шығарған. Мiне, осындай таңғажайып өзгерiстiң нәтижесiнде бұрын-соңды бiр-бiрiмен қатынаспақ түгiл, аты-жөндерiн де бiлмейтiн, жер шарының әр түкпiрiнде жатқан әр түрлi елдердiң өзара кездесiп, сөйлесiп, түсiнiсе бастағанына бiр ғасыр да болған жоқ. Сонда осы дәрежеге жеткiзген цивилизацияны жерден алып, жерге салып, соның кесiрiнен күллi адамзат:

 

…дегуманизируя себя,
может превратиться
в чванливого,
бессердечного монстра,
эрудированного эгоиста? – (78 б.)

 

дегенiмiздiң несi жөн? Мәселе бұл жерде сол ұлы цивилизацияның жетiстiгiн, ғылымның құдiретiн қандай мақсатта қолдануда жатыр. Бұл, түптеп келгенде, цивилизацияның емес, адамзаттың өзiнiң адасуы, әр түрлi идеологияның үстемдiк ету талабынан шығып жатқан қам-қарекеттiң адамшылық дейтiн ұлы шарттарды берiк тұтынбауы! Техниканың өркендеуiнiң бұған қандай қатысы бар! Бiр ғана М.Шахановтың өзi құдай көрiп, “адамдардың адамы” санап жүрген А.Сахаровтың өзiн алайық. Ол Сталин заманында адамзатты қырып-жоятын сутегi бомбасын жасаған кiсi. А.Сахаров пайғамбар болса, соның қызметiн атқарам десе, кезiнде сол бомбаны жасаудан неге ашық түрде бас тартпады? Кейiн сонысы үшiн бүткiл адамзат баласынан неге кешiрiм сұрамады? Оның бiр бомбасы жарыла қалса, Шыңғыс ханның жорығы кезiнде мерт болған кiсiлердiң санынан миллиондаған есе көп ел-халық қарап болмай ма? Сонда оны дос көрген, ұлықтаған… М.Шахановтың өзi… өзiнiң бiр притчасындағы ханның бiреудi жалған қолпаштаған “сыншы” кiсiнi өлтiр деген бұйрығына тап болмай ма? Және бiр айтары, – “цивилизация” “жеткiзетiн” қатыгез монстр мен бiртектi космополиттердiң арасындағы айырма қайсы? Екеуi де ұлты, түп тамыры жоқ, ғарышта қалықтап жүргендер емес пе?
“Массмәдениет” туралы да оның айтқан пiкiрлерi үстiрт. Мұның шын мағынасы – өнердi жалпы жұртқа, бұқара халыққа түсiнiктi ету деген сөз. Бұл кешегi бiздегi “пролеткульттi” еске салады. Мұның қай-қайсысы да өткен ғасырларда аристократтар үшiн жаратылған, қарапайым халық (олардың денi сауатсыз) түсiнбейтiн өнерге, әдебиетке қарсы (М.Шахановтың “механикада” ашқан заңы”) “қарсы қимыл” ретiнде шыққан болатын. Соны “жоям“ деп бәлшебектер елдiң бәрiн сауатты еттi. Кеңес одағында жасаған жұрт дүние жүзi бойынша кiтапты ең көп оқитындардың санатына ендi. Әрине, бұл жерде талғамның төмендiгi, әсiре “түсiнiктi” ету, қарабайырлану, т.б. болмай да қалған жоқ. Соны жақсы “ескерген” Е.Евтушенко өз заманында ең дәрiп шашқан шайырдың бiрi болды. М.Шахановтың аса қарапайым, қарадүрсiндiгi жетерлiк өлеңдерiнiң халыққа кеңiнен тараған кезi де осы уақыт. Сонда өзi “массамәдениетке” жата тұра, оны М.Шахановтың “халық жауы” етуi қалай? Оның орнында Д.Бедный болса, сүйтер ме едi?
Поэмада тiлге тиек етiлмеген мәселе жоқтың қасы. Тарихқа жасалған экскурс, ар-ұят, ұждан, генетика, клон жасау, т.б. дейтiн мәселелер жиналыста айтылған сөздердей, баяндамалардай әсер етедi. Кейде өлеңмен жазылған (орысшасында – ақ өлең!) ұзақ-шұбақ мақаланы оқып отырғандай боласың. Бұл мәселелердiң барлығы өлеңдегi кейiпкерлердiң өне бойынан, жан дүниесiнен өтпеген, ой-пiкiр олардың өзiнше қабылдап, өзiнше толғап, түйiп айтатын пiкiрiне, ұстанар жолына айналмаған. Басқаша айтсақ, поэма көркемдiктiң категориясына өтпей қалған, ол әр нәрсенiң басын шалған, бiрақ оларды бiр арнаға тоғыстыра бiлмеген шашыранды, тиiп кетсең сынып кетер дүние ретiнде көрiнедi. Мұнда М.Шахановтың өз поэмасында келтiре беретiн Гомерге тән эпос та, А.Пушкинге тән лиризм де, шынайы ойланып-толғану да, басқаша айтсақ, “пәлсапа” да жоқ. Сонда осындай қасиеттердi Ш.Айтматов қайдан тауып жүр? Оның: “Скажу откровенно, из современной поэзии подобного не читал”, – дегенiн (3 б.) қалай түсiнуге болады? Осының көкесiндей поэманы 1969 жылы О.Сүлейменов жазып, жарыққа шығармап па едi. Сонда ол О.Сүлейменовтың “Балшық кiтабын” оқымаған ба? Оқыса, “баттасқан балшық” пен “алжасып, адасқан цивилизацияның” арасындағы ұқсастықты, iшкi үндестiктi көрер ме едi, қайтер едi…
Ш.Айтматовқа қарағанда, ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ф.Майордың пiкiрi бiр табан шындыққа жақын. Ол әлi де олпы-солпысы көп, мәселенiң бәрi публистика тұрғысынан қарастырылған шығарманы бағаларда аяғын тарта басыпты.
Автордың сөз қолданысы, лексикасы, жалпы “поэтикасы” туралы да айтар сөз көп. Мұнда сонау алпысыншы жылдары қазақ поэзиясында бел алған жалған романтизм өкiлдерiндегi цирроз болған бауырдай былбыраған “тәттi” сөздер, жалған тiркестер, “орысшадан” тура алынып, олақ құрылған сөйлемдер, асқақ, көпiрме лексика мен өлең-жырға кейiннен енген жасанды метафора, езiндiсi шыққан эпитеттер, орашолақ құрылған фразалар, т.б. өте жиi кездеседi. М.Шаханов доза, мөлшер дегендi ескермей, шарттылығы басым метафораларды үстi-үстiне дүмелтiп, бояуды барынша қалыңдатып, алабажақ еткендi қол көредi. Бұған дәлел жеткiлiктi. “Iзгiлiктiң тауы” (9 б.), “өмiр деген ұлы өзенде” (10 б.), “намысының желмаясы” (13 б.), “тұлпар дала” (14 б.), “жалғандықтың мұзы” (16 б.), “сүмбiле шың: (23 б.), “жомарт көңiлiн шуақты ойға батырып” (24 б.), “ой-сезiмдi айналдырып iнжу-тiзбек алқаға” (39 б.), “жiгер жүзген жанарында бақ жанып” (31 б.), “әлде бақыт билiк пе екен қылыш мүдде ұстаған” (25 б.), “ой қуатын жарқыраттым талай көңiл көгiнде” (14 б.), “зор пенделiк тарту күшiн“ (15 б.) т.б. Мұндай керемет бейнешiлдiк” М.Шахановтың өзi шалғайына жармасып жүрген Е.Евтушенко мен “метафораның депосы” атанған А.Вознесенскийде де мүлдем жоқ! Мұны оқыса, В.Маяковскийдiң “мәңгүрт” боп кетуi ғажап емес!
Таңдамалыда “асқақ рух”, “ұлы рух”, “рухсыздық” деген сөздер бықып жүр. (4, 5, 6, 7, 10, 12, 13, 14, 17, 20, 22, 27, 28, 30, 63, 64, 104, 109, т. б. беттер). “Ұлт” деген сөз де оның кебiн киген (5, 7, 8, 9, 12, 13, 14, 16, 17, 20, 21, 22, 63, 104, 219, т.б. беттер). “Iңкәр, iңкәрлiк” дейтiн сөзден мүлдем аяқ алып жүру қиын: “iңкәр таңнан” (173 б.), “Iңкәр дүние” (168 б.), “Iңкәр өлке” (41, 160 б.б.), “Iңкәр махаббат” (8, 158 б.б.), “Iңкәр әнi“ (152 б.), “Iңкәр дәурен“ (138 б.), “Iңкәр сезiм” (84 б.), “бұл iңкәрлiк” (82 б.), “Iңкәр үмiт” (68 б.), “Iңкәр дала” (14 б.), “Iңкәрiм (3, 9 б.б.), “Iңкәр көңiл” (200 б.) т.б. Бұл көзге түскендерi ғана! Олардан тыс “жәумiт қайғы“ (152 б.), “гүлзар махаббат“ (69 б.), “гүлзар әйел“ (39 б.) деген “соны тiркестер” де жетерлiк.
Автор қит етсе бiр нәрсенi қыранға не сұңқарға теңеуге әуес. Басқасын қойып, бiр ғана қыран “қасқаны” алып көрейiк:

 

Қырандардан қораздар мен тауық озған заманда… (9 б.)

 

Қырандардан биiк қойсаң торғайды… (7 б.)

 

Қарға бiткен қарқылдасып, қырандарды жамандап… (30 б.)

 

Түлкi сайға, қыран өрге тырмысқан (?)… (52 б.)

 

Тектi қыран ойнамас қарғаменен… (178 б.)

 

Қыран таулы (?) кең даланың… (73 б.)

 

Қыран ойы тұрақ таппай… (97 б.) т.б.
 

Шымшықтың да көрген күнi адамға бергiсiз:

 

Сары шымшық сан рет той бастады… (36 б.)

 

Қырандардан шымшық озып жатады… (17 б.)

 

Шымшықты мақтағаның үшiн… (61 б.)

 

Шымшық, торғай, қарғалар… (61 б.)

 

Мұндай “қиын кептi” жылан (54 б.), құлан (54 б.), түлкi (108, 109 б.б.), қарлығаш (78 б.), шүрегейлер де (45 б.) киiптi. Әзiрге бұдан аман-есен қалғандары – құрт-құмырсқа, бақа-шаян, шыбын-шiркей, маса-сона, бит пен бүрге ғана.
Автордың қазақ сөзiнiң қолданылуының аясы мен оның iшкi нервiсiн сезуi, метафораның жөн-қисыны мен сөздi өз орнымен қолдана бiлуi де керағар ой түйгiзедi:

 

Тобығыңнан теңiз суы қағып (?) жатты еркелеп… (19 б.)

 

Қиып өтiп (?) өзен-көлден… (28 б.)

 

Қанжарына қол салды (?)… (64 б.)

 

Ерлiк семсе (?), азаматтық семедi (?)… (39 б.)

 

Жалын шашса (?) өнерiмнiң өрнегi… (41 б.)

 

Өнерiммен тасып толам кемерге (?)… (42 б.)

 

Ақ жаулығы ай нұрымен желкiлдеп… (?) (47 б.) т.б.

 

Жә, бұған да көз жұма қаралық. Ал мынадай қазақтың “құйқалы да майлы”, “қаймағы төрт елi келетiн”, “ ажарлы да көркем”, “түгi тамып” тұрған “ғажайып” тiркестерi мен сөйлемдерiне қалай қарайсыз:

 

Әдебиет деген сөздiң әдеп, ұят (?) түбiрi… (13 б.)

 

Мүмкiндiгi аз мазмұнды өмiр сүруге… (16 б.)

 

Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға… (28 б.)

 

Техниканың санаты мен ғылыми өр талғамын… (22 б.)

 

Қоғам қалай ұстай алмақ әдiл ойдың шылбырын… (23 б.)

 

Бұл жiгiттiк кодекстiң жазылмаған тармағы… (39 б.)

 

Дөңгелегi тоқтап қалған секiлденiп тарихтың… (73б.)

 

Бұл табиғи жасырын заң өзгерiссiз қалады… (27 б.)

 

Жазылмаған заңдар аз ба өмiрде… (45 б.)

 

Жеңiл соқпас (?) осы қайсар заңдылықты (?) меңгеру… (60 б.)

 

Қашықтықты жеңе бiлу (?) – мықтылық… (48 б.) т.б.

 

Шынында да, осындай “ерекше жолдарды” жазу, “қиыннан қиыстырып” ойлап табу, аз уақыт iшiнде Шымкент – Алматы – Мәскеу – Париж арасындағы қашықтықты “жеңе бiлу” – адам таңғаларлық “мықтылық”!

 

М.Шахановтың барлық дерлiк өлеңдерiнде ұлылықты бағаламай, дарындарға бөгет болудың көптiгiн, “өз елiнде пайғамбардың жоқтығын”, қысқасын айтқанда, “қырандардан тауықтардың озып” кетiп, оның “өлеңiнiң тұмсығын әлдекiмдердiң бұзғысы кеп жүргендiгiн“, кезiнде “атақ-абырой“, “шен-шекпен” ала алмағандығын айтып, оқушыға “мұң шағуы”, өтiрiк “поза” жасауды көз алдыңа келтiредi. Шындығында, мәдениетi аспандап өскен қазақ өлеңiне тән техниканы әлi де еркiн, дәулескерлiкпен меңгере қоймаған М.Шахановтың өлеңдерiн қай сыншы “тас-талқан” қылды? Ол қандай құрметтен, “шен-шекпеннен” құр қалды! Кезiнде қалың бiр жорналға редактор болуды (елшiлiктi айтпай-ақ қоялық!) М.Әуезовтiң өзi түсiнде де көре алмады емес пе! Оның “даңқ жолына көлденең жатып алған” бiреу бар ма, сiрә? Ондай ештеңе де жоқ қой!
Осы жерде М.Шахановтың “шығыстың Шахановына” жеткенге дейiнгi жүрген жолына үңiлгеннiң еш артықшылығы жоқ. Мен оны 1964 жылы ақпан айында сол кездегi Оңтүстiк өлкесiнiң орталығы Шымкентте өткен Қазақстанның жас жазушыларының үлкен бiр жиынына ең жас делегат боп (мен ол кезде мектепте оқитынмын) қатысқан кезiмде көрген едiм. Облыста шығатын газетте алғашқы балладалары жаңа ғана жариялана бастаған оның трактордың рычагынан жаңа босанған алақанындағы мүйiзгегi әлi кете қоймаған кезi болатын. Бұл кезде Қарақалпақстаннан Сарығашқа қоныс аударған Т.Айбергенов те толық көрiне қоймаған-ды. Кейiнiнен 1967-70 жылдары “Лениншiл жаста” жұмыс iстеп жүргенiмде (М.Шахановтың Оралхан Бөкеевтi Танакөздi азғырушы әзәзiл етiп алатын тұсы осы!) М.Шахановтың Шымкенттегi үйiнде болып, оның бiр бөлмесiнде өзiнiң Ш.Айтматовтан қолтаңба алып тұрғанын көрсететiн суреттiң iлулi тұрғанын көрiп таңғалғанмын. Және бiр таңғалғаным – сол кездерi Шымкенттегi пединститутта сыртай оқып жүрген, жылына бiр мақала да жазбайтын, осы газеттiң Оңтүстiктегi меншiктi тiлшiсi М.Шахановты бас редактор, көрiнгенге қаралай шабынып жүретiн Мұртазаның Шерханының қызметтен шығара алмағандығы едi. Сөйтсе… М.Шахановтың “көкелерi” сол кездегi Қазақстан комсомолының “күн көсемдерi” екен! Олар сол кездiң өзiнде-ақ шаруа табынан шыққан жасты баяғы ескi үрдiспен “комсомолдың жалынды ақыны” етiп үлкен аренаға шығаруға дайындалып жатыр екен! Соның ақыры… 1969 жылы Мәскеуде ОДАҚ көлемiнде өткен жас жазушылардың үлкен бiр жиынына… әлi әдебиетте аты-жөнi белгiсiз, дұрыстап көрiнбеген, сонау Шымкентте жатқан “меншiктi тiлшi” М.Шаханов “құрметтi делегат” (Алматыда арқырып жүрген М.Мақатаевтар тiзiмге iлiнбей қалды!) боп қатысты. Сол жолы ол… талай мықтымен бiрге “суретке” түсiп” (М.Шахановтың ең бiр “тиiмдi” әдiсi!) дәрiп шашып шыға келдi. Арада көп өтпей оның өлеңдерi орысшаға “екпiндi құрылыстың” салтымен “екпiндете” аударылып, Е.Евтушенконың алғысөзiмен жеке кiтап боп… Мәскеуден жарқ ете қалды! Ол жөнiнде орыс шайыры Т.Кузовлеваның “Литгазетада” терiс пiкiр айтқанына пысқырып та қарамай, М.Шаханов… комсомолдың “күн көсемдерiнiң” арқасында, кенеттен Бүкiлодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты боп шыға келдi! (Бұған бес-алты кiтап шығарған О.Сүлейменовтiң қолы шаққа жеткен-дi!). Содан соң М.Шахановтың “даңқ шыңына”, “Эверестке” өрлеуi басталды да кеттi! Ол ендi Қазақ Телеайнасында дәу бастық боп, “еңбекшiлердiң өтiнiшiмен” арнайы кездесулер ұйымдастырып, эстрадаға шығып, өлең оқи бастады! Ол “хабарлар” телеайнадан күнi-түнi көрсетiлдi! Соның арқасында ол небiр “үлкен орындарға” бастық боп қонжиды! Ақырында КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болды! Iзiнше М.Шаханов бұған дейiн мәселе көтерiп, бiр мақала да жазып көрмегенiне қарамастан, “қасқамаңдай Аралдың” “арашашысы”, “жоқтаушысы” боп шыға келген-дi. Осы “ұлы мақсат” үшiн кезiнде елден қомақты пұл да жиналған болатын. Қ.Саржанов дейтiндер сол “Аралдың қорын” қор қылып, аяғын құрдымға кетiрдi. Бұл туралы ләм-мим демеген “белсендi депутат” (өзiн депутаттыққа сайлаған Талғар ауданының аманатын М.Шахановтың қалай “орындағаны” жайлы сала құлаш сага жазу қажет!) ендi Желтоқсанды талақ қып, шүу қарақұйрық деп… қырғыз асты! Ендi Ш.Айтматовпен “бiрге суретке” түсу науқанына қоса, “бiрiгiп кiтап жазу” шаруасының “атақты бесжылдықтары” басталды да кеттi! М.Шаханов ендi атақты Ш.Айтматовпен бiрге “ешкi жетектеп” суретке түсiп, Ала-То-о-о-ның “құзар шыңынанаңшы боп“, “аңырады”, сүйегi әлдеқашан қурап қалған “Сократ“ “байғұсты” “сақалынан” сүйреп, “сахнаға” шығарды, О.Сүлейменовтың қолы шаққа жеткен ЮНЕСКО-ның “юный комсомолецi” боп шыға кеп, “цивилизация айдалаға адасып кеттi” деп, кәрi Еуропаның аузын айға қаратты! Ендi “бiрге суретке түсу” науқанына мемлекет басшылары, ақшалы президенттер, Нобель сыйлығын алған “алпауыттар” (Евтушенко екiншi орынға ысырылды!), Нобель сыйлығы жөнiндегi комитетке ықпал ете алатын “мықтылар” iлiктi! Бұдан тiрi кезiнде… М.Шаханов туралы бiр ауыз пiкiр де айтпаған не бiр мақала жазбаған Ғ.Мұстафин де құр қалмады! Мiне, “жабайы капитализм” кезiнде осындай дәрежеге жеткен, социализм кезiнде қып-қызыл “коммунист”, “жалынды комсомол”, соның ұраншысы болған, небiр үлкен орындарға қонжиған, кiтаптарын алтынмен аптап, күмiспен күптеп шығарған М.Шахановтың бүгiнде… Кеңес заманында “қызыл империядан” қорлық көрген, “жәбiр-жапа шеккен” (түрмеге түстiм демегенiне шүкiршiлiк!), өз “бағасын ала алмаған” (оның орнына М.Мақатаев министр, депутат болғандай!), “әбден қудаланған“ кiсiше “мұң шағуы” – оның қандай жолдан өткендiгiн бiлетiн тiрi куә бiздердi ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Шындығына келгенде, оның қолы жеткен атақ-даңққа, дабыра-дақпыртқа, “бата-пiкiрлерге” өз заманында аузымен құс тiстеген небiр “жүйрiктердiң” де… қолы жетпеген-дi! Бiз бұдан “одессаның вариантынан” гөрi… өзiмiздiң қолтума “арысский әдiсiмiз” – “шахановтың вариантының әлдеқайда артық, әлдеқайда жетiлген, “соцреализм” сықылды “түрi – ұлттық, мазмұны – социалистiк” тамаша әдiс екендiгiн айдан анық көремiз! Осыны “дұрыстап тұтына” алғандардың аз уақыттың iшiнде “шығыстың шыңғыстары, шахановтары, шөмiшбайлары мен шерiлерi” боп шыға келетiндiктерiне дау жоқ!

 

Бiрақта… бiздiң маман әдебиетшi ретiнде М.Шахановтың “аса бай” қазақ тiлiнде жазылған (орысша аудармасында ауытқу көп!) шығармалары туралы ашық та тура пiкiр айтуға хақымыз бар. Оның таңдамалысын зейiн қоя оқып шыққан кiсiнiң әлi де бөрiктi аспанға лақтырардай ештеңенiң жоқтығына, М.Шахановтың өзi жазғандай, “мазмұндылықтан гөрi мазмұнсыздықтың“, құр айғай-шудың, жалған атақ шығару үшiн “шатақ” шығарудың көптiгiне көзi анық жетедi. Бұған тағы да Евклид пен Ньютонды “шахановтың вариантына” салып жiберу бiрден бiр “кiнәлi”. Мұны басқаша айтсақ, таңдамалы дүниелерi мен поэмаларындағы жадағай, жалаң публицистика, шешендiк, дiлмәрсу, мысалкештiк, пәтуасыз притчашылдық, кең ауқымдылықты көрсетсем деп ғасырлардан ғасырларға секiрiп жүрiп, терең қорытынды жасай алмау, жазба әдебиетке эстраданың заңдарын зорлап енгiзу, жалпы өз бетiнше жанды тiрлiк етiп тұруға тиiс көркемделген поэзияны ой-пiкiр айтып қана қоятын идеологияның құралына айналдыру, үгiтшiлдiк М.Шахановтың өлеңдерiн “өнер өлкесiнен” әбден аулақтатып жiберген. Соған қарамастан, автордың өзiнiң лайықты бағасын ала алмай жүрген кiсiдей “сөз айтуы”, “қыраннан тауықтардың озып кеттi” деуi, көркемделген поэзиядағы өз адасуын бүткiл “цивилизацияның адасуына” әкеп таңуы тағы да Ньютонның алтын заңын өз “вариантына“ салып жiбергендiгiн еске түсiредi. Қалай десең де “бiрге түскен суреттер” мен жиналған “бата-пiкiрлер” де, атақ-даңқ пен сыйлықтар да, “сәттi аудармалар” мен құр қолпаш та қазақ тiлiнде кедiр-бұдыры көп, орашолақ жазылған шығармаларға еш ара түсе алмайды. Шахановтың “варианты” және қауқарсыз.

 

…Қалай десең де, механиканың Ньютон ашқан алтын заңын қара пақырға айналдырмай, Евклидпен “ерегiспей-ақ”, құшақ жетпес нәрсенi құшақтаймын дейтiн өрескел “талаптан” бас тартып, тарихтағы талай әруақтың құлақтарын шулатпастан, М.Шахановтың… баяғы Қасқасудағы құлағы қалқайып “тiрәктiршi” боп жүрген кезiнде жеке-дара түскен суретiне қайта бiр қарап алғанының еш зияны жоқ. Сонда ғана шынайы “жаңа қазақтай” жаңа бiр бастаудың, аузынан ақ көбiгi атып шапшымай, шошаңдамай, мөлдiреген қалпы жәйiмен шымырлап ағып шығуы мүмкiн.

 

2002 жыл

6 410 қаралды