Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Жадымда әлi, ақ ерке…

Жадымда әлi, ақ ерке,
отырушы ек бiр партада.
Атқанда жазғы таң ерте,
салпылдап пәртпел арқада,
 
Разъезден жаяу келушi ем,
сиямды үйге қалдырып.
Сияңа сенiң сенушi ем,
жүргесiн күнде малдырып.
 
Бiр күнi басқа қызбенен,
тiлдесiп, соқтым қыялды.
Тәрiздi үмiт үз деген,
сен бермей қойдың сыяңды.
 
Мен қалдым қатты өкпелеп,
өкпелеп қатты сен қалдың.
Әкелдiм дәуiт. Жекпе-жек
тынбасын бiраз аңғардым.
 
Сөйлеспей жүрдiк көп апта,
көрмедiк қабақ жылытып.
Сиям жоқ бiрде сабақта, —
кетiппiн тағы ұмытып!
 
Алақтап састым, терледiм,
ұмыттым құрғыр қыялды.
Халiмдi байқап сен менiң,
ұсындың үнсiз… сияңды.
 
Шықпайды әлi жадымнан
осынау құйттай жақсылық.
Не пайда, бiр қызқағынған
басты арбап, менi бақсы ғып,
 
Айламен жасап амалды,
көңiлiмдi қылып тандырдай,
желi бар қолда қаламды,
сыяңа қойды малдырмай.
 
Айналдың содан сен терiс,
мен терiс кеткен көрiндiм.
Iс жасап қыз бiр жеркенiш,
бекiреше тасқа соғылдым.
 
Ағаттық жәйттi мен бiлiп,
көз салдым қайта қыяға.
Қарадым ендi телмiрiп,
малдыра ма деп сыяңа.
 
Бiрақ та… жырақ дәуiтiң…
сыздықтап сыяң тұр ағып.
Басқаның көрген қамытын
боз бетің кеткен қуарып.
 
Ендi от жоқ жанда гүрлеген,
тiршiлiк қалған — бақсылық.
Кәдiрiн өзiм бiлмеген
есте әлi… сол бiр жақсылық.
 
1963 жыл

1 684 қаралды