Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Қолыңды ұстап тұрдым құр сүлдемен…

Қолыңды ұстап тұрдым құр сүлдемен,
iшiмнен сездiрместен күрсiнген ем.
Қақпасын көңiлiмнiң қаға бердi,
тамырлар бiлегiңде дүрсiлдеген.
 
Жымыйып қалыбымен перiштенiң,
ұсынған тiлегiммен келiспедiң.
Ләззәтты қосып құйған бал шарабты,
бас тартып, неге iшпедiң, неге iшпедiң?
 
Сыйламай жас гүлдердi, жас күндердi,
арманың, мүмкiн, басқа тасқынға ердi?
Сыйламай шайырлардың әруағын,
шарапты жерге неге шашқың келдi?
 
Iшпедiң. Көрiп алғаш мұндай кiсi,
жанымның үнсiз қалды сырнай — құсы.
…Бiлгенге бар едi онда махаббаттың
қызығы, қуанышы, мұң-қайғысы.
 
30.10.1963

1 005 қаралды