Бас бет » 1960-70 жылдар, Әңгімелері

Астананың әуресi

Көктем туа салысымен қар ылжырап ерiп, көшедегi асфальттарда ылайлы шалшық су тұрып қап, жүргенде шабарыңның балағын былғап, анда-санда алба-жұлба бұлттардың арасынан жылт етiп көрiнiп қалатын күн сәулесi түскен кезде болмаса, былайғы кезде еңсеңдi бiр көтертпейтiн таулы жердiң ауа райы ұнамаған, университеттiң қазақ филологиясы факультетiнiң екiншi курсының студентi Қыдырәлi кешкiсiн тамақтарын iшiп ап, керуеттерiнде шалжиып жатқанда, басқаларға қарап:
— Осы Қызылордадан баяғыда астананы көшiрiп әкеткен кiсiге алтыннан ескерткiш қою керек, — дедi.
Ермек таба алмай отырған басқа студенттер елең ете қалысты. Әсiресе, бұлардан жоғары, үшiншi курста, университтетiң механика-математика факультетiнде оқитын, Ақтөбелiк ұзындау, еңкiш бойлы, жылтыраған сұрғыш қара беттi Жүсіп ыржиып:
— Е, неге? — дедi. Оның осындайда қулана қалғанында, сол жақ тiсiне салдырған алтын коронкасын әдейi көрсетiп, ыржиып, тұрып алатыны бар. Бұ жолы да ол осы дағдысына бақты.
— Оның iж негесi жоқ, — деп, Қыдырәлi қашанғы бiр беткейлiгiне басып қолын сiлтей салды. — Астана Қызылордада қалғанда… бiз де сүйтiп… шүлдiрлеп кетер едiк. Мына Алматыны көрiп жүрмiз ғой, бiр ноқтаға толық қазақ жоқ. Қазағының өзi… анау-мынау…
— Не анау-мынау? — дедi Жүсіп тықақтап.
— Өй, қойыңызшы, көрiп отырып көрмегендей бола қалады екенсiз? Егер студенттер болмаса, бұ қалада тұратындар кiм боп шығады?
— Жарайды, кезiнде солай болды делiк. Бiрақ мұның астанаға не қатысы бар?
— Ау, неге қатысы жоқ? Қазақстанның астанасында қазақтардың тұруы керек емес пе? Егер ана Москвада — қытайлар, Парижде — негрлер тұрса, не болады?
— Өй, сен де айтады екенсiң, — дедi осы арада қортық, iркiлдек денелi, қара бұжыр бетi болбырап тұратын Балтакестi сөзге араласып. — Сонда астанада бiр ғана қазақтардың тұруы керек пе?
— Сенiң… ана… Түркстаныңда кiмдер тұрады? — дедi Қыдырәлi Түркстандық оның бетiне сынай қарап.
— Қазақтар мен өзбектер.
— Олардың тiлi, әдет-ғұрпы ұқсас емес пе?
— Ұқсас, тiпте бiр деуге де болады.
— Ал, мұнда ше?
— Өй, мұны қой… бұ жер өзi…
— Менiңше бар ғой, Қыдырәлiнiң айтып отырғанының жаны бар, — дедi iрi денелi, күрес секциясына қатысып, күнде қашан өседi деп бұлшық еттерiне қарап қоятын, жалаң сары Мақұлбеков Мейiрбек. — Шынында да, бiздiң Жамбыл да осындай. Баяғы бала кезiмiзде басқа жұрт аздау едi, кейiнiнен олар көбейiп кеттi.
— Мiне, мұндағы жағдай да осындай. Осы бiз қазақ әдебиетi мен тiлiн оқып үйренiп жатырмыз, — дедi Қыдырәлi ендi қыза түсіп. — Сонда өз елiңде қазақ аз болса, оны кiм оқиды, оның кiмге керегi бар?
— Ол рас, — дедi орыс филологиясында оқитын, Целиноградтық, күнде он шақырымға жүгірiп кеп, үнемi тер сасып жѕретiн Болат. — Мына бiздердегi жағдайды сендер бiлмейсiңдер. Бiзде.. бар ғой, бiзде, — деп, ол ойына қазақша сөз тез келе қоймай, кiдiрiп қалды.
Оны көрiп, Жүсіп қулана түсіп:
— Дүбәралар өмiр сүредi де, — деп, қарқ-қарқ күлдi. Сосын ол алдына жайып, жоғарғы математикадан шығарып отырған есебiн қоя сап, Қыдырәлiнiң түрiне қарап: — Сонда не iстеу керек дейсiң, а? — дедi.
— Не iстеу керек? Лениннiң осындай еңбегi бар емес пе? Соның арқасында…. революция жасалып, дүние өзгердi…
— Әй, қой, бас жаққа барыспа, — дедi коммунист Жүсіп бiрдеңеден қорғанғандай боп, оң қолын жоғары көтере түсіп.
— Революцияның болғаны рас қой. Оның ендi бiрге қажетi жоқ…
— Әй, сөздiң қысқасы, сонда не iсте дейсiң?
— Iстегенде бар ғой, мына астананы Қазақстанның орталық жерiне көшiру керек. Картаға қараңызшы, Алматы бiр шетте жатыр. Әрi мына Қытайға шекарасы иiп тұр. Ертең олай-бұлай болып кетсе, астана…
— Әй, мынаның сөзiнiң жаны бар, әй, — дедi қулана күлген Жүсіп тез өзгерiп. — Осы ой, шындығында, бiздiң басымызға неге келмеген, а? Басқа елдерге қарайықшы, олардың астаналары орталарында тұр. Бiзде неге сондай болмасқа?
— Онда бар ғой… — дедi ұйықтап жатқан Торғайлық Хайролла бiр көзiн сығырайта ашып, — жоғарыға хат жазу керек.
— Әй, жiгiттер, хат жазбас бұрын әуелi астананы сонда қайда көшiремiз… алдымен соны анықтап алу керек емес пе? — дедi шәпеш, аздап кекештенiп сөйлейтiн Жамбылдық Сатыпалды.
— Оны мен ойластырып та қойдым, — дедi Қыдырәлi өз ойын әлденеге айтқысы кеп, батылдана түсіп.
— Сонда… қалай?
— Бiздiң аңыздарда ана Асан Қайғы жерұйықты iздеп, маяға мiнiп, жер кезiп кетпей ме? Оның әр түрлi өлкеге берген бағасын бәрiң де бiлесiңдер. Ол ақыры мына Ұлытауға кеп қайтыс болған, сол жердi қолай көрген. Мiне, астананы жаңадан, осы Ұлытаудың бойынан салу керек.
— Өй, онда жақсы болды ғой, жыл сайын Алматыға қатынап әуре болмайтын, — дедi Жезқазғандық Жексенбек өтiрiк күлiп. — Ол Ұлытауың бiзге тиiп тұр. Бiрақ онда ел жоқ қой. Оған барып, ала салам дегенше, қаншама уақыт кетедi…
— Қолға алса, ол түк те емес.
— Бiрақ… оған көне қоя ма?
— Сонда көнбейтiн кiм? — деп, Қыдырәлi оның түрiне ажырая қарады.
— Оны өзiң де бiлмейсiң бе? Егер де көшу керек бола бар ғой, жаңа жерден қала салып жатудың еш керегi жоқ. Астананы тура Жезқазғанның өзiне көшiру қажет. Ол деген…. Қазақстанның дәл ортасы.
— Оның ортасы екенi рас, — дедi Сатыпалды. — Бiрақ сендердiң табиғаттарыңа кiсi шыдай ма? Қыста суық, жазда боран… Жаңбыр деген сирек жауады… Одан да бар ғой, Бетпақ далаға жақын, жерi сұлу, ауасы таза Жамбылға көшiрген жөн.
— Өй, сен де бiр. Жамбылдың ауасы қайдағы таза? Ана фосфорларыңнан ұшқан шаңнан адам демалып болмайды… — дедi Жүсіп қабағын тыржинып. — Шынында, астана көшетiн болса бар ғой, жел деген ана Мұзды мұхиттан тура келетiн Ақтөбеге көшiру қажет.
— Ақтөбе де Алматы сияқты бiр шетте ғой.
— Жоқ, оның болмайды.
— Осы Қарағанды қалай? — дедi бағанадан берi сөзге араласпай отырған, ұрты томпақ, шарғалау келген Социал.
— Өй, оны қой. Онда көмiрдiң шаңынан көз аша алмайсың.
— Онан да бар ғой, жiгiтттер, — дедi Балтакестi ортаға шығып, жуан қолын жоғары көтерiп. — Астана болатын жердi мен бiлем. Осы бiздер түркiлер емес пiз бе?
— Иә, түркiмiз.
— Ал исi түркiнiң астанасы… ана Әзiретi Сұлтан жатқан жер емес пе?
— Иә, солай.
— Сонда о кiсi қайда жатыр?
— Түркстанда.
— Демек, Қазақстанның астанасы Түркстан болуға тиiстi.
— Өй, сен де бiр, айта бередi екенсiң. Бiр кездерi ондай да әңгiме болған көрiнедi ғой. Бiрақ… бiр себеппен…
Содан қызу таласқа кiрiсiп кеткен студенттер Қазақстаннаң бiраз қаласын адақтап шықты. Олардың еш қайсысына көңiлдерi толмай, ақыры Ұлытауға орала бердi. Сол арада Жүсіп тұрып:
— Жiгiтттер, осы бүйтiп әуре болатынымыз бар, осы астананы баяғыда неге Орынбордан Қызылордаға көшiрген, а? — деп сұрады.— Соның кесiрiнен ана Орынбор мен Орск… әрi қарай… кеттi…
— Шынында да, солай екен-ау, — деп студенттер таңғалысты. — Егер көшпегенде ғой…
— Онда кiм бiлiптi… Оның әр жағында Москва тиiп тұр дегендей…
— Ана Қазан менен Уфаға да тиiп тұрған жоқ па? Олар да өлмей, күн көрiп жатыр емес пе?
— Жарайды, оны қойыңдар, болмайтын әңгiменi гөйiтiп кәйтесiңдер? — дедi Алматының Шамалған жағынан оқуға келген Нұрман қолын бiр сiлтеп. — Қалай десеңдер де, Алматы астана болуға жарайтын жер. Тау iргеңде, суы балдай, ауа райы не суық, не ыстық емес, қоңыржай. Сендерге бұдан артық қай жер керек?
— Ойбай, маған Алматыдан басқа еш жердiң керегi жоқ. Оны майлап берсең де алмаймын, — деп, Жүсіп қу өтiрiк күлiп, есеп шығарып отырған дәптерiн жинай бастады. — Қазаққа… осы болады.
— Әй, жiгiтттер, бiз ойнап айтып жатырмыз ғой, ә, — дедi Балтакестi мәймөңке әккiлiгiне басып. — Шынында да, Алматының дарақтары қандай! Оның теректерiнң жанында тұрып, қызға сөз айтсаң, сөзiң өтiмдi болады.
— Сонда еменнiң қасында тұрып сөз айтсаң, сөзiң өтiмдi болмай ма? — дедi Қыдырәлi оны жақтырмай.
— Ау, ол қалай өтiмдi болады? — дедi Балтакестi көзiн жорта бақырайта қойып. — Ау, емен деген емен… қатты емес пе? Ал қатты сөздi бүгінгiнiң ешкiлерi ұнатпайды. Ал теректiң жапырақтары судырлап, олардың нервiлерiн қыдықтап, жұмсартып дегендей… Сосын бiлгенiңдi iстей бер…
— Өй, кетшi әрi.
Содан олар көпке дейiн дуылдап басылмай қойды. Ертеңiне осы әңгiменi Жүсіп қу қайтадан қозғап, бұларды өзара айтыстырып, қырылыстырып тастады да, өзi керуетке шалқасынан жатып ап, кiтап оқыды. Үшiншi күні де осы талас тиыла қоймады. Бұл пiкiр таласының ортасында Қыдырәлi жүрдi. Ол қашанғы қызбалығына басып, Қазақстанның астанасы елдiң ортасында, онда кiлең қазақтар тұруға, iс қағаздары қазақша жазылуға, жұрттың бәрi қазақ әдебиетiн оқуға тиiстi дегенiн қайталай бердi. Бiрде қызып бара жатқан мұны Жүсіп жеңiнен тартып:
— Тоқта, — дедi. — Жарайды, сенiң-ақ айтқаның болсын. Бiрақ… сен жүретiн ана Ерғазиева Жанат неге қазақша бiлмейдi, а?
Оның сөзiн естiп, Қыдырәлi мүдiрiп қалды. Шынында да, бұл соңғы кездерi биология факультетiнде оқитын, орыс мектебiн бiтiрген, Алматы маңындағы Ұзынағашта туылып-өскен, екi бетi топ-толық, етжеңдi, сәл бүкiрейiп жүретiн, ақсары қыз Жанатпен бiрнеше рет киноға барған едi. Соны бiрде Жүсіптiң көрiп қалғаны бар болатын. Ендi Қыдырәлi сөзден жеңiлгiсi келмей:
— Ол қазақша бiлмесе, ертең үйренедi, — дедi.
— Мәссаған, қазақ сонда қазақша оқып үйрене ме? Сонда бұ қалай болады? — дедi Жүсіп көзiн бақырайтып. — Оның мың жерiнен май құйсаң да қазақ боп жарытпайды. Онан да бар ғой… ана ауылда өскен салпы етектiң өзi жақсы…
— Сонда… сонда, — деп, Қыдырәлi апалақтап қалды.
— Не сонда, сонда? Оның еш сондасы жоқ. Астананы көшiруге болмайды. Сен бар ғой, ендiгәрi мұндай әңгiменi айтушы болма! Онан да емтиханнан құламай, задолжник болмай, былай… ептеп-септеп… диплом алып шыққанды ойламайсың ба? Сосын қалғанын көре жатасың, — дедi Жүсіп кенет үлкен бола қап, өзiн бұлардан бөлiп тұрған бiрдеменiң бар екендiгiн сездiргендей, байсалды тарта түсіп.
Қыдырәлi оған таңдана қарады. Сол арада Балтакестi жақындап кеп, мұны бүйiрiнен түрттi де, қолына шәйнектi алып, сыртқа шығып кеттi. Хайролла, Сатыпалды, Мейiрбек, Нұрман, Жексенбектер өздерiмен өздерi боп, конспектiлерiн қарауға кiрiстi. Қыдырәлi ендi өзiн өзi басқысы кеп, бiр кiтапты қолтығына қысты да, сыртқа шығып, орыстың шiркеуiнiң басына қадалған крестi жарқырап тұрған Никольск базарының жанындағы кiшкене баққа барып, астына газеттердi төсеп жiберiп, ертеңдерi болатын емтиханға дайындала бастады. Сүйтiп отырғанында, зауал ауып, күн төрт қабатты жатақхананың әр жағына жасырып та үлгердi. Темiрбетоннан салынған жатақхананың көлеңкесi трамвайдың жолына түсіп түр. Сосын ол шығысқа қарап едi, орыс шiркеуiнiң басындағы крестi батып бара жатқан күннiң сәулесiне шағылысып, жылтырап, төбесiнде қалықтап кеп тұра қалған бiр қоңыр қара бұлттың бауырын тесiп жiберетiндей боп ұзара қалған екен. Ол құдды ұзын найза сияқты. Соны көрiп, әлденеге көзi жеткендей, өзiнiң әлi де мына өмiрдiң сырын жете бiлмейтiнiн, өмiрдiң бытпылдығының жетерлiгiн, ауылда қалған әке-шешесiнiң еңбегiн ақтап, диплом алып шығып, адам санатына қосылуы, әйел алып, бала-шағалы боп, тиыш өмiр сүруi керек екендiгiн алғаш рет аңғарып, бiреу басқа ұрғандай боп бұға тѕстi.
Ол сол күннен бастап пiкiр таластырып, түбi шикi әңгiмеге араласуды қойды.

1966 жыл

download themes for free
2 221 қаралды