Бас бет » 1960-70 жылдар, Әңгімелері

Айлы түннiң әлегi

Емтихандарды “төрт” пен “беске” тапсырып, конкурстан сүрінбей өтiп, көп қиналмай түсерiн түссе де, сессия басталғаннан-ақ Бағланның оқуға кеуiлi толмады. Ол алғаш рет аудиторияға барып, партаға отырып алып, дәптерiн ашып, лекцияның керек жерлерiн жазып алам ғой деп едi, бiр қасқа бас, үнемi көзiн жұмып, қалғып-мүлгiп отыратын, қит етсе қыздарға көз тастап, қалжың айтқысы кеп тұратын атақты профессордың айтқан сөздерiне қарны ашып қалды. Одан кейiнгi сабақтар да оңбады. Бiр тiзесi қалт-құлт еткенiне қарамастан, әлi де сабақ беретiн, қысқа шашын артына тiкiрейте қайыра тарап қойған, ыбылжып жүріп, ақырын сөйлейтiн екiншi бiр профессор бұларға өлеңдi бұрынғыда өткен шайырларша жазыңдар деп өсиет айтудан аспады. Темiржолшының баласы бұл орысшаны ертерек үйренiп, орыс әдебиетiн ертерек оқып өскен-дi. Сондықтан да болар, ол iшiнен орыс әдебиетiндегi бар үздiк нұсқаларды оқып отырып, ау-тауық: “Осындай нәсте бiзде неге жоқ, а? Әлде мен оларды кездестiрмей жүрмiн бе? Болмаса бiздердiкi жаза алмай ма?” — деп қиялға шоматын едi. Ендi Алматыдағы атақты профессорлардың шалағай пiкiрлерiн тыңдап отырып, оның тiпте университеттi тастап, ауылға қайтқысы да кеп кеттi. Тек оған бөгет болған жақында ескi кiтаптар сататын дүкеннен Мопасанның он екi томдығы болды. Бағлан француз әдебиетiнiң үздiк үлгiлерiн мектепте жүргенде де оқыған болатын, бiрақ оған онша құныға қоймаған-ды. Ендi оның “Ай сәулесi” деген әңгiмесiн оқып шығып, неше түрлi ойған батқан-ды.
Бұл 1965-iншi жылдың қоңыр күзi едi. Бағландар жататын жатақхана мен оқу корпусының арасын бiраз жер. Бұлар соған қатынап оқиды. Бұл кезде күздiң соңы болып қалса да, әлi күн жылы едi. Әсiресе, қабат-қабат үйлерi бар қаланың орталығы, жел соқпағандықтан ба, тымырсық боп тұрып алады. Бiрде курстас, бiр группада оқитын Бағлан, Исанова Алма және Бүкiрбаев үшеуi сабақтан кештеу шығып, жерге түсіп, кешегi жаңбырдан соң айналаға бiр түрлi жаңа шiри бастаған исiн шығарып жатқан жұмсақ, былжыраған жапырақтарды аяқтарымен баса отырып, әр нәрсенi сөз қылып, жатақханаға қарай келе жатты. Өскемендiк Алма екi бетi әппақ, қасы қиылып тұрған, екi көзi мөлдiреген, талдырмаш денелi шын ажарлы қыз едi. Оқу басталғаннан-ақ оған бiраз жiгiт қыңырақтап та болған, бiрақ қыз олардың бiреуiне де оң қабағын бермей қойды. Ол тек мына Бүкiрбаев баян тартқанда ғана, шын айнала вальс билеп жүріп, соған анда-санда көз қиығын тастап қойып, жанының түкпiрiнде жатқан әлдеқандай сезiмнен хабар берiп қалатын сияқты. Былайғы кезде мұз сияқты қанын iшiне тартып алған, екi бетi сазарған, сұп-суық қыз. Өзi орысша жақсы бiледi. Әуелгiде Бағлан оның осынысына қарап, iшiнен: “Шамасы, өзiнiң курстас басқа қыздарға қарағанда, анағұрлым сұлу екенiн бiледi. Сосын… жiгiттердi өзiне табынсын, жалбарынсын дейдi ғой! Ол өз алдына. Жалпы сұлу қыздар өздерiн кiмдердiң шынымен жақсы көретiнiн бiлмейдi. Ондайлардың тиген күйеулерiн көрсең, таңғаласың. Сонда бұ қалай?” — деп ойлаған-ды. Кейiнiнен оған етi үйрене бастады. Неге екенi белгiсiз, сабақ бiтiп, жатақханаға Алма осы Бүкiрбаев екеуiмен бiрге қайтады. Ол бүгін де бұлармен бiрге келе жатыр. Бағлан анда-санда орталарында келе жатқан Алмаға бiр қырынан қарап қойып, бүгінгi лекцияға өзiнiң кеуiлi толмағанын бiлдiрген едi, оны Бүкiрбаев жұлып ап:
— Өй, бұларды қойшы! Кiлең қыртымбайлар! — деп қолын бiр сiлтей салды.
— Неге? — дедi Алма таңданып. — Олардың кейбiр пiкiрi жаман емес.
— Сонда ескiше өлең, әңгiме жазыңдар дегенi ме?
— Ол ендi… ескiшiлдiк қой.
— Мәселе, мiне, осында. Мысалы, баянның даусын екi iшектi домбыра шығара алмайды. Баян жаңа инструмент. Мен оны музыка мектебiне барып, жетi жыл оқып жүріп үйрендiм. Ендi кеп баянды лақтыр да, тек қана домбырамен бол десең, жұрт әбес көрмей ме? Бұлардыкi де сондай нәрсе.
— Әрине, бүгінгi заман кешегiден бөлек. Ал бiзге тек бұрынғы өткен замандарда болғандардың жазғандарын оқып үйретедi, — дедi сол арада Алма әлденеге тұнжырап түсіп.
Екеуiнiң әңгiмесiнен оқшауланып қалғанынан ыңғайсызданған Бағлан сол арада:
— Бүгінгi заман туралы жазушылар жақсы кiтап жаза алмай жүрсе кәйтемiз? — деп қалды.
— Олар… жаза алмай жүрген жоқ, жаздырмайды, — дедi Бүкiрбаев өздерiне сабақ беретiн, жылтыр толық беттi, үстi-басына шаң жуытпай, үнемi бет-аузын күтiп жүретiн бiр профессордың қазымырлана сөйлейтiнiне басып.
— Неге? Жазатын кiсi есебiн тауып жазады. Оның бәрi жәй сылтау ғана. Мәселен, ана Мопассан… — дей бердi де, Бағлан кенет кеше оқыған әңгiмесi есiне түсіп, оң жағында, басын сәл алға қарай иiп, аяқтарын тез-тез басып, ақ көйлегiнiң гүлдi етегi көбелектiң қанатынша аздап желп-желп етiп келе жатқан Алманың ақшыл жүзiне төгiлiп тұрған сарғыш сәуленi көрiп, дүниенi ққпия бiр сырға бөлеп, тамылжып тұрған Айға ерiксiз жалт етiп қарады. Сол екен, бұл Алатаудың шыңдарынан сәл-пәл биiкте тұрған толық айды көрдi. Оның сәулесi алтын сияқты шашыла төгiлiп, осы кезде бұлар жүріп келе жатқан Виноградов көшесiнiң екi жағындағы биiк теректердiң бастарында қалған соңғы жапырақтардың жѕзiн жылтыратып, тып-тымық боп тұрған қала iшiн бiр әсем нұрға бөлеп жiберген де екен. Оның жан-жағында майда жұлдыздар жылтырайды. Бұл саған қараймын деп, бiр жерде сүрінiп кетiп, етпетiнен құлады. Бағлан екi қолымен жер тiрей қап, бiр тiзесiн асфальтқа соғып ап, әзер дегенде маңдайымен құламай қалды. Сосын қызарақтап, орнынан тұра берген бұған қасында сөмпеңдеп келе жатқан қотанаяқ, шүңiректеу қой көздi, қағылез келген Бүкiрбаев:
— Өй, көзiңе қарасайшы! Айға алақтап нең бар? — дедi бұны қолтығынан көтерiп жатып.
— Мен жәй…
— Абайласайшы, — дедi Алма салқын үнмен.
— Байқамай қалдым. Болмаса…
— Не болмаса? Сен осы аздап былай… кiтаби қиялисың ғой деймiн. Болмаса кiтаптағы сөзге кiсi ауалана ма екен?
Бағлан не дерiн бiлмедi. Павлодарлық Бүкiрбаев филология факультетiне түсіп жатқан көп студенттiң бiрi ғана. Олардың бар мақсаты — оқуды бiтiрiп, диплом алғасын, ауылға барып мектепте мұғалiм болу, ретi келiп жатса, одан әрмен өсе беру. Бүкiрбаевтың олардан бiр ерекшелiгi, ол баянды жақсы тартады. Демалыс күні жатақханада қыздар келiп, оны қолқалап, ортадағы алаңқайда баян тартқызып, би билейдi. Сондайда қотанаяқ Бүкiрбаевтың беделi бiр өсiп қалады. Ол қыздар қайта-қайта өтiнген сайын, аздап бәлдене түсіп, қара баянның бiр басын сол қолымен кере тартып, кезектi бiр бiлетiн вальсiн бастап жiбередi. Содан таң атқанға дейiн гулейдi. Ендi сондай аздай арқасы бар жiгiттiң бұған “қиялисың ғой” деген сөзi аздап батып кеттi:
— Неге? Адам болғасын, мына табиғаттың сұлулығына таңданбай ма?
— Өй, қарапайым кiсiлер оныңды кәйтсiн. Олардың тамағы — тоқ, көйлегi — көк болса, жетiп жатыр, олар басқаны ойламайды да, — дедi Бүкiрбаев емпеңдеп жүріп келе жатып.
— Жұрттың бәрi бiрдей емес қой.
— Сонда да… оны тiпте бiздiң курстастарымыздың өздерi сезе де бермейдi. Содан кейiн не жорық?
Сол арада Алма толық Айға бiр қарап қойып:
— Шынында да, сұлу екен, — дедi. Оның сөзiнен өзi жайлы одан да асқан сұлумын деп ойлайтыны аздап болса да аңғарылатындай едi.
Бағлан үндемедi. Содан үшiншi қабатқа көтерiлiп, жататын бөлмесiне келгесiн, терезенiң жанында орналасқан койкасына отырып, Мопассанның бiр томын алып, әлгi әңгiменi қайтадан шолып шықты. Сосын кенет… арқасына себездеп тиген бiр жылуды сезiп, ерiксiз бұрылып сыртқа көз тастады. Бұл қараса, екi бетi нарттай жанған толық ай аспанның бiр шетiне шығып ап, бұлардың бөлмесiне сарғыш сәулесiн аямай төгiп тұр екен. Жатақхананың iшiндегi аула да мүлгiп қалған. Көшенiң арғы бетiндегi талдардың сиреп қалған жапырақтары соңғы тiршiлiгiмен қоштасқысы келгендей, бұтақтарға асылып, салбырай қалыпты. Бағлан содан төменге қарады. Мұның көзiне сәулесi тура түскесiн бе, ауладағы асфальттың бетi бiр тѕрлi күңгiрт тарта көрiндi. Сосын бұл ұмтылып барып, жанып тұрған шамды сөндiрiп, терезе алдына қайта келiп едi, аула ендi көзге анық шалынып, бұған сол сәт тротуардың екi жағындағы талдар, бұтақтар, сиреген жапырақтар мүлдем сұлуланып кеткен сияқтанды. Ол көзi тоймай, соған ұзақ телмiре қарады. Сүйтiп тұрғанында, есiк сарт етiп ашылды да, Бүкiрбаевтың:
— Өй, қараңғыда нағып тұрсың? — деген даусы естiлдi.
Ол iшке кiре салысымен, қосқышты қолымен сырт еткiзе басып, шамды жақты. Электр шамының сәулесi бөлменi жарық қылғасын, сырттағы Ай сәулесiне шомып жатқан ауланың сұлбасы ендi бұлдыр тартып кеттi. Бағлан ендi берi бұрылып, ортадағы төрт бұрышты, кiшкенелеу үстелдiң жанындағы орындыққа кеп отырды. Бүкiрбаев та отырды. Аздан соң ол бұзаудың көзiндей нұрсыздау көзiн бұған бiр тастап қойып:
— Бала, бiреумен бәстесiп қалдым, — дедi. — Сосын саған келдiм.
— Ау, менiң не керегiм бар?
— Керегiң сол, сен бiздерге секундант бол. Ана Пушкин де, Лермонтов та дуэльде мерт болған емес пе?
— Е, сенiң кiмнен мерт болғың келiп тұр? — дедi Бағлан ерiксiз күлiп.
— Өй, жоқ, бұл ондай дуэль емес, жәй бәс қана.
— О не сонда?
— Сен ана бiздегi… ана Қытайдан келген ше… Шәжiтаевты бiлесiң ғой. Иә, мен соған кеше түнде: “Түнде терезеден шығып, қабырғаның сыртындағы көлденең тұрған, кiшкене белдеумен жүріп отырып, жармасып, көршi бөлмедегi қыздардың әйнегiне барып, соларға қарадым”, — деп едiм, ол сенбедi. Мен оған түнде терезеге ұрланып барып қарап, ана қыздардың шешiнiп, төсегiне жатқан кезiн көрдiм деп ем…
— Сен сонда оны… шыныменен көрдiң бе? — дедi Бағлан да оның сөзiне сенбей.
— Е, көрмей, оларды немене перiнiң қыздары дейсiң бе?
— Шын ба, әй?
— Шын болғандай қандай! Оның фигурасы бар ғой… мынадай! — деп Бүкірбаев бас бармағын көрсеттi.
— Ол өзi… байқап қалса, ыңғайсыз емес пе?
— Өй, сен де бiр! Оның несi ыңғайсыз? Мен сол жайында айтып ем, ана делқұлы сенбейдi. Ақырысында ол: “Егер бүгін сен, куәлердiң көзiнше, сүйтсең, терезеге барып, Алмаларға қарасаң, бiр бөтелке қоям”, — дедi. Мен соған бәстесiп келдiм.
— Сонда ол… кiмдердiң бөлмесi? — дедi Бағлан анықтап алғысы кеп.
— Өй, кiмдiкi болсын, ана Алмалардың да…
— Қойшы! Үшiншi қабаттағы бөлменiң терезесiне қалай барып жүрсiң?
— Өй, ебiн тапқан екi асайды деген. Оның бiр есебiн таптым.
— Одан құлап, майып болсаң кәйтесiң? Оның үстiне қыздар байқап қалса, ыңғайсыз… былай, ұят болмай ма?
— Өй, оның несi ұят? Қайта ешкiмге қарамай жүрген қыздар оныңды бiлсе, сенi жақсы көредi. Жүр, кәне…
Бағлан оған аңтарыла қарады. Бұл өзiнiң соңғы кездерi iштей Алманы жақсы көре бастағанын да сезетiн. Ендi мынадай бәстiң кезiнде жеңiлтектiк жасап, бiр жағынан қызық қой деп ойлап, оның соңынан ергенiн байқамай да қалды.
Бұл кезде сағат тiлi түнгi он екiге жақындап, студенттердiң алды жататын уақыт болып та қалған едi. Әдетте, курстас қыздар терезелерiн жауып, шамдарын сөндiрiп, ерте жатып қалатын. Бағлан келгенде, кекештенiп сөйлейтiн, үнемi екi иығын кезек-кезек қиқаңдатып, қозалақтатып, едiреңдеп жүретiн, түрі күйген қыш керпiш сияқты қоңыр қызыл Шәжiтаев қолынан тастамайтын алты iшектi гитарын бiр дыңғыр еткiзiп, көнтек ернiн керiп:
— Дабай, кеттiк! Шығасы бiр шиша ғой. Иә, сенен, иә, менен! — дедi де, орнынан тұрды. Сосын оң аяғымен жердi бiр теуiп, гитарын койканың үстiне қоя салды.
— Уәде уәде ғой? — деп сұрады Бүкірбаев оған сенбей қарап.
— Уәде. Әкел қолды! — деп, Шәжiтаев қайратты қолын iлгерi созды.
Екеуi қол алысып бәстестi. Сосын шамды сөндiрiп, екеуi аздап тың тыңдап тұрды да, бiр бiрiне ымдады. Олардың мұнысы, шаруаға кiрiс, дегенi. Сол екен, Бүкірбаев қотанаяқтанып барып, айқармалы терезенi iшке қарай кеңiнен ашты да, өзi оның көлденең тұрған ағаш тақтасына шығып, екi қолымен жақтаудан ұстап, кiшкене басын сыртқа шығарып, жан-жағына қарады. Соны көргенде, Бағлан iшiнен: “Мен… осы… мұндай көрiнiстi бұрын қайдан көрдiм, а? Жо-о-оқ, мұны көрген жоқпын”, — деп таныс суретке бiр түрлi боп көз салып тұра бердi. Сол арада Бүкірбаев әуелi терезенiң жоғары жақтауына, сосын сыртқы қабырғаның әлдеқандай бұдырына қолымен жармасып, аяғын төменгi көлденеi тұрған, сырт аздап томпиған белдеуге салып, ақырындап, мысық құсап, келесi бөлменiң терезесiне қарай жылжи бастады. Шәжiтаев пен екеуi терезеге тақап кеп, бастарын сыртқа шығарып, оған қарап тұрды. Бүкірбаев болса ептiлiгiн көрсетiп, құдды маймыл сияқты қабырғаның әлдеқандай бұдырларына жабысып, аяқтарын еппен басып, бұлардан әрi қарап ұзай бердi. Оған қарап тұрған бұл бiрде көзiн аулаға салып едi, отызыншы жылдары төбесiн биiктетiп салған, күйген керпiштен соғылған үш қабатты үйдiң төменгi жағы терең құдық сияқты қарауытып көрiндi. Соны көрiп, Бағлан селк етiп: “Мынау… жазатайым құлап кетсе… не болады?”— деп қойды. Сонда барып оның есiне Лев Толстойдың атақты романындағы Пьер Безухов қатынасатын дәл осындай көрiнiс сарт етiп түсе кеттi. Сол екен, iштей шошынып: “Қап! Соңы қиын болмаса не еттi?” — дедi де, жақтауға кеудесiн салып, басын барынша сыртқа шығарып, Бүкірбаевқа қорқасоқтай қарады. Ол бұл кезде қауiптi жерден өтiп, қыздар жататын көршi бөлменiң терезесiне барып та үлгерген екен. Ендi Бүкірбаев бұларға, көрдiңдер ме, дегендей қомпиып қойып, сәл еңкейiп, ай сәулесi жылтыратып тұрған терезенiң әйнегiне үңiле берiп едi… кенет қарауытып тұрған терезе сарт етiп ашылды. Арғы жақтан терезеден екi қолы мен екi аяғы екi жақта тұрған, тұлғасы қарауытқан Бүкірбаевты көрген қыздардың бiреуiнiң:
— Ойбай! Шайта-а-а-н! — деп, баж ете қалғаны естiлдi.
Осы кезде шошып қалған Бүкірбаев сәл-пәл шалқалақтап, бойын түзеймiн дегенше болмады, оның екi қолы ұстап тұрған жақтаудан шығып кетiп, денесiнiң салмағы бiр жағына ауып, төмен қарай құлап бара жатты. Соны көрген қыздардың:
— Ойбай, құлады!
— Өлдi!
— Бұ кiм, әй, өзi! — деген дауыстары қатты-қатты шықты.
Бiр сәтте студенттер оянып, шуылдасты да қалды. Бағлан мен Шәжiтаев екеуi сыртқа жүгірiп шықты. Бұлар келгенде жақында жауған жаңбырдан былжырап қалған қара жерге үшiншi қабаттан құлап түскен Бүкірбаев ыңғайсыздана күлiп, батпақ боп қалған шалбарының арт жағын қолымен тазалап тұр екен. Оның қасында жатақхананың кезекшiсi бар. Ол кавказдық болатын. Ол Бүкірбаевқа дөңайбат шегiп, орысшалап боқтап, айқайлап, ертең деканатқа барам, деп, бiраз барқырады да, ақыры қолын бiр сiлтеп, жатақханаға кеттi. Сол арада Шәжiтаев қыздар қарап тұрған жоғарыдағы терезеге қарап қойып, жырқ етiп кѕлiп:
— Жәрәйды, жiгiт екенсiң, — дедi. — Шишаң дайын. Дөжөрни мәгәзiнге кеттiк.
Бағлан, Бүкірбаев пен Шәжiтаев қинап қоймағасын, оларға ерiп, Космонавттар және Комсомол көшелерiнiң қиылысындағы кезекшi түнгi дүкенге барды. Сосын үшеуi он екiншi портвейндi бiр-бiр қырлы стаканнан iшiп алып, жатақханаға дәудiрлесе сөйлесiп, керi қайтып келе жатты. Осы кезде Бағлан, неге екенi белгiсiз, бұл кезде Алатаудың шығыс жақтағы сiлемiне барып қалған толық Айға көз салып едi, ол бұған мазақтап, жымыңдай күлiп тұрған сияқтанып кеттi. Сол екен, оған өз көңiлiн арбап, көптен берi әлекке салып қойған мына сұлу айлы түн кенеттен, бiр сәтте… бар ажарынан айрылып, бiр түрлi сұрғылт тартып сала бергендей боп көрiнiп кеттi.
Шынында да, Бүкірбаевтың айтқаны жобаға соқты. Ол бiрнеше ай өткесiн, Алманы үйiрсектеп, кинотеатрға жиi баратын болып алды…
Содан бастап Бағлан ай сәулесiн алдамшы бiрдеме деп ұғып, жек көрiп кеттi.

1965 жыл

771 қаралды