Бас бет » 1960-70 жылдар, Әңгімелері

Қолжазба

— Әйел, әйел! Қайдасың? — дедi аудандық газетте осыдан бiраз бұрын кiшкене бiр әңгiмесi жарық көрген әдебиет пәнiнiң мұғалiмi Айтуған Мәкенбаев кенеттен бiр көзе алтын тауып алғандай айқайлап. — Ау, қайдасың?
— Қайдасы нес? Үйдемiн де. Кеш болды, тамақ пiсiрмеймiн бе? — дедi дедi толық денелi, екi бiлегi келiдей ақсары әйелi Рауза iшке басын сұғып.
Оның кабинетке кiрмей тұрғаны Мәкенбаевтың жынына тидi. Дереу адырайып, қолағаштай мұрнын қолымен ұстап қойып:
—Немене жеп қоям ба? Кiр, — дедi.
Күйеуiнiң адыр екенiн, осы кәзiр айтқанын iстемесе қолына түскен нәрсенi өзiне қарай жiбере салатын аусарлығы барын бiлетiн Рауза табалдырықтан аттап, iшке кiрдi де, отырған күйеуiнiң иығына оң қолын салды. Бұны ол бiр кiтәптан көрген-дi. Онда жазушының жұмысы өнiмдi болуы үшiн әйелiнiң оның кеуiл күйiн көтерiп, бабын тауып отыруы керек делiнген едi. Соны оқығаннан кейiн күйеуiн шынымен де жазушы деп есептейтiн Рауза бұрын iстемеген әдетiн iстеп, Айтуғанның иығын, арқасын, кейде қолтығын қолымен сипалап, қыдықтап, бiраз кеуiлденiрiп алатын. Бұ жолы да ол сонысына басты.
Айтуған үнемi салбырап тұратын қолағаштай мұрнын жиыра күлiп:
— Өй, өзiң бабты бiлесiң, ә? Сендей әйелдi ана Толстой да ала алмаған, — деп мұның бетiне қарап кеңкiлдеп күлдi. Сосын күлкiсiн тез тиып, түсi сұрланып, сабырлы қалпына көштi. — Шын жазушы аузынан қара қаны келгенше жұмыс iстеуге тиiстi. Мен де сүйтiп… бүгiн бiр әңгiме жазып едiм, соны қайтадан оқып шығып, өзiмнiң данышпандығыма тағы да бiр көзiм жетiп отыр. Шынында да, қалай?
— Оған не сөз бар?
— Шын ба, әй?
— Саған өтiрiк айтып менi жын ұрған ба? Сен деген, ойынан шығаратын басқалардай емес, уақиғаны өмiрдiң өзiнен аласың. Өткенде шыққан әңгiмеңдегi кейiпкерлерiңнiң бәрi — мына айналымызда жүргендер. Олардың аттары өзгертiлгенмен, заттары сол қалпында. Олар кәзiр содан өздерiн танып, өкпелеп те жүр.
— Өй, онысы нес, әй? Әдебиет үшiн адам өкпелей ме екен? Ендi мына жаңа әңгiмемде… ана бар ғой… ана… данышпан классигiмiз туралы жаздым. Ол қалай өмiр сүрдi, — дәл солай жаздым. Бiр жерiне өтiрiк қоспадым. Кәне, тыңдап көр, — дедi де, Айтуған көзiлдiрiгiн киiп, әйелiнiң тұрып тұрғанына қарамастан, жиырма беттей келетiн әңгiменi оқи бастады. Жасында мектепте кiтапты аз оқып, тез оқи алмайтын ол сөйлемдер мен сөйлемдердiң арасына келгенде мүдiрiп қала бередi. Сосын өтiрiк тамағын кенеп қойып, даусын созып, құдды бiр сыңғырлап жатқан өлең жолдарын оқып тұрғандай өз өзiнен рахаттанып қояды. Сондай бiр жерге келгенде Айтуған Раузаға қоқилана қарап: — Құйылып тұрған жоқ па, ә? Осыны ана Казаков орысшаға аударса бар ғой, Мәскеу аузын ашып қалар едi, — дедi.
— Оған не сөз бар?
Айтуған әйелiне кекетiп тұр ма дегендей жақтырмай бiр қарады да, ажарсыздау қолтаңбасына қайтадан үңiлiп, даусын созып, тағы да оқи жөнелдi. Әңгiменiң өзегi өткен ғасырда жасаған, көнеше де, жаңаша да бiлiм алған бiр ғұлама туралы екен. Айтуған оны мадақтауға келгенде анықтауыш сөздердi тiзе берiптi. Кейде бiр зат есiмнiң алдына әлгiлердiң үш-төртеуi келiптi. Алғашқыда күйеуiн өкпелетiп алмайын деген Рауза оның иығына салған қолын алмастан, жорта жымиып, құдды бәрiн түсiнiп отырғандай түр көрсетiп, бiраз тұрды. Аздан соң жалыға бастады. Ендi оның құлағына күйеуiнiң даусы алыстан шыққандай боп, гу-гу еттi. Сосын оның иығына салып қойған қолын алды да, орамалының астынан қобырап шығып кеткен шашын сипады. Аздан соң тiзесi талып, отырайын деп едi, аядай кабинетте басқа орындықтың жоғын көрiп, бұның жағдайына қарамай, быжырлатып жазғылған текстке үңiлiп, кейде қолын сiлтеп қойып, өзiнше емiне берiлiп отырған Айтуғанды ренжiтiп алармын деп, қайтадан тiктелiп тұрды.
Содан ол жарты сағаттай оқыды. Ақыры тамағы кеуiп, даусы қарлығып, кенет кiлт тоқтай қалды да:
— Тамаша емес пе? — деп бұған екi арасында тесiгi бар екi күрек тiсiн көрсетiп жымиды.
— Тамаша! — дедi Рауза үзiлiс болғанына қуанып. — Әлi де бар ма?
— Бар болғанда қандай! Үштен бiрiне жаңа келдiм.
— Ендi… оны.. жата-жастана… мен тамаққа қарап келейiн.
— Тоқтай тұр. Әдебиет тамақтан ұлы. Өзiң ұлы жазушының әйелi бола тұрып, тоғышардың сөзiн айтасың. Тыңдап болғасын да тамақ пiсе жатады, — дедi де, Айтуған қайтадан оқи жөнелдi. Ол бұл жолы екi беттi тауысқасын, екi бетi күреңiтiп барып тоқтады. — Қалай?
Сол арада бөлмеден қалай шығып кетудiң ретiн таба алмай тұрған Рауза кенет басына бiр ой шауып:
— Әңгiмең тамаша екен. Iшi күйген тұз жаласын. Тек мына бiр жерде, — дедi даусын бәсеңдете тѕсiп.
— Не мына бiр жер? — деп күйеуi оған алара қарады.
— Мына бiр жерде ғұламаның қолжазбасы, оны қалай жазғаны туралы анық айтылмапты. Соны қосып жiберсе ғой, әңгiмең өте нанымды шығар едi.
Сол екен, бағанадан берi желдей есiп отырған Айтуғанның көзi сөнген майшамдай бiр түрлi күңгiрт тартып кеттi:
— Қолжазба дейсiң бе… Ол өзi… арабшалап жазған ғой.
— Арабшалай берсiн, сен оны оқыған бол. Онда тұрған не бар?
— Шынында да, бұл тың ой. Қолжазба дейсiң, ә? Ойбай-ау, осы кезге дейiн бәрiмiз данышпан, көсем, ғұлама деп екi аяғын жерге тигiзбей жѕрген ұлымыздың… — Оның көзi бақырая бастады.
— Не ұлымыздың?
— Соның… қолжазбасы жоқ қой.
— Қойшы?! Рас па?
— Рас, рас.
— Бiр бет те жоқ па?
— Бiр бет түгел, жарты бет те жоқ.
— Сонда қалай? Артында мұра боп қолжазбасы қалмаса, ол қалай ғұлама боп жүр? Әлде ол хат танымаған ба?
— Қайдағы? Ол мұсылманшамен қатар, орыстың оқуын да оқыған. Уфаның медiресесiн бiтiрген. Сонда… — деп, Айтуғанның өзi сол арада шыныменен таңғала бастады. — Онан бiр бет те қолжазба қалмағаны қалай, ә? Әлде ол… жоғалып кеткен бе?
— Онда… айтылар не жазылар едi ғой.
— Шынында да, солай. Сонда бiз… қолжазбасы жоқты…
— Әлде ол ауызша айтып отырып жаздырған ба?
— Ондай болса да, бiр бет қалар едi ғой, — дедi Айтуған ендi дағдара түсiп. Сол арада қушықтау маңдайы терлеп, күректей қолымның қырымен бiр сүртiп қойды.
— Онда, шал-ау, сен кiмдi мадақтап отырсың? Түбi шикi нәрсе туралы жазған данышпан әңгiмең ертең өлiп қалмай ма? — Fұлама деп тасырта мақтап жѕрген кiсiден бiр бет қолжазба қалмағанын ендi бiлген Рауза да таңғала бастады. — Әлде ол басқалардың жазғанын пайдаланып…
— Тиыш, — дедi Айтуған алақанымен аузын басып. — Сен немене… өле алмай жүрсiң бе? Мұныңды естiсе… аналар… онда… — Ол қолымен төбенi көрсеттi.
— Шынында да сондай екен-ау. Бiрақ қолжазбасыз… өзi…
— Мынау басыма бұрын қалай кiрмеген, а? Соны ескермей, көлдей керемет әңгiме жазып тастадым. Сонда… қолжазбасы жоқ деп, мынаны жыртам ба?
— Неге? — деп Рауза шошып кеттi. — Осыншама еңбекке қаламақы алмай қалай жыртасың? Оның қолжазбасы болмаса, сенiң қолжазбаң бар.
— Қолжазбаң?!
— Иә, қолжазбаң. Сен ендi соны көзiңiнiң қарашығыңдай сақта. Келешек ұрпақтар ертең сол қолжазбаңды зерттеп, ана көп томдықтар бар ғой… дәл сондағыдай түсiнiктер жазады. Соның iшiнде уақытысында саған жағдай жасаған, шәй қайнатып берген менiң де атым жүредi, — дедi Рауза қиялдап.
— Әй, мынауың идея-ай! — дедi Айтуған әйелiне ырза бола қарап. — Сонда қолжазбаларды қайда сақтаймын?
— Ертең сейф сатып әкелем, сонда сақтайсың.
— Тамаша, — дедi қуанып кеткен Айтуған әйелiнiң бүйiрiнен бiр түртiп, — Толстой жазғандарын алдымен әйелiне оқып беретiн болған. Сенiң одан нең кем? Еш жерiң де. Ендi мынаны… аяғына дейiн тыңда, — дедi де, ол әңгiменi әрi қарай дауыстап оқи жөнелдi.
Бағанадан берi тiрi азаптан құтылдым ба деп iштей қуанып тұрған Рауза не дерiн бiлмей қалды. Ол қайтадан Айтуғанның иығына қолын салып, тыңдап отырған адамның кейпiне кiрiп, басын бiр жағына иiп ап, екi аяғына кезек-кезек мiнiп тұра бердi. Соны сезген Айтуған арқаланып кетiп, әр сөздi дәмiн алғандай соза айтып, құдды сахнада тұрған сияқты боп ара-арасында қолын сiлтеп қойып, асықпай оқи бердi. Рауза бiр аяғы талғасын, екiншi аяғына салмағын ауыстырып тұрды. Аздан соң ол аяғы да талғасын, екiншi аяғына қарай ауысты. Ендi бiр шамадан соң, тiрсегi талған әйел екi аяғына тез-тез мiнiп, бiр түрлi тыпыңдап жүрiп келе жатқан кiсiге ұқсап кеттi. Сосын күйеуiнiң күректей қолымен асықпай аударып жатқан парақтарға қарап, оның әзiрге бiте қоймасын бiлiп:
— Қолжазба, — дедi.
— Қолжазбам тамаша емес пе? — дедi де, Айтуған әрi қарай оқи жөнелдi. — Құлағыңның құрышы қанып, ырза боп тыңдап тұрсың ба? Данышпан емеспiн бе, а?
Оған жауап қайтаруға шамасы жетпеген Рауза талып түстi…
1964, ауыл

774 қаралды