Бас бет » 1960-70 жылдар, Әңгімелері

Шайқап iшкен шайқылар

“Жаңа арық” деген жер совхоз орталығынан қашықта, Қазалыға сұғына берген, Сырдың желке жағында жатыр. Ауылдың қорамы онша үлкен емес. Бар-жоғы жиырма шақты үй бар. Бұл ауыл совхоздың бiр бөлiмшесi боп есептеледi. Ауыл кiсiлерiнiң iстейтiн негiзгi кәсiбi Көкқатын көлiнiң жағасына жайқалып өскен құлақты орады, одан қала бердi Сырдың жағасына барып, нарқамысты құлатып сап, бау-бау ғып үйедi. Кейде олардың Сарыбұлақ жағына барып, Қызылқұмның мал тұяғы тимеген тың жазығына барып, үш-төрт косилканы апарып, жайқалып өскен бозаң, бетеге, еркектi орады. Күздiң соңына таман орғандарын Жаңаарықтағы қораға тасып алады. Бұлардың одан басқа iстейтiн кәсiбi жоқ. Кейде олар өз алдына томаға-тұйық жатқан ауылдай да боп көрiнетiн. Олардың өз басшысы, есепшiсi, зоотехнигi бар. Олар совхоздың орталығына барып, шаруалырн бiтiрiп, айдың аяғына таман айлық қана әкеледi. Жұрт ведомостқа қол қойып ақша алғанды ғана бiледi.
Ендi сол бiр тиыш жағдайдың шырқы бұзылды. Совхозға дiкеңдеген жаңа директор келдi де, алғашқы пәрменiмен тексеру жүргiзiп, қолтығына пәпкi қысып жүрген әкiмдердiң бiразын орындарынан жұлып-жұлып тастады. Соның салқыны бұларға да тидi. Жаңаарықтың басшысы бiр қылмысы ашылып, орнынан босады. Ол не көшiп кетерiн, не қаларын бiлмей, аеуылда әлi сенделiп жѕр. Бүгiн соның кеуiлiн аулайын деп, жақын жолдастары бас қосып жатыр едi.
Ағұс айының аяғы болып қалған, күн аздап салқын тарта бастаған кез едi. Жұрттың бәрi азаннан жұмысқа кеткен. Кеңсеге барып, оларды күрiштiң басына аттандырып жiбергесiн, Үмбет ѕйiне келдi. Сосын бала жiберiп шаырған кiсiлерiн асыға күттi. Аздан кейiн зоотехник Санағұл мен бұрынғы участок меңгерушiсi Ешмақанов Зұлқарнай да жеттi. Меңгерушi кезiнде мына Зұлқарнайдың қайығы өрге қарай жѕзiп тұрған-ды. Оның пайдасы Санағұл мен екеуiне де тиген. Жақында бұрынғы директор әлдеқандай себеппен Қызылордадағы ауылшаруашылық басқармасына ауысып, оның орнына аудандағы ПМК-да бастық боп жүрген, аупарткомның бiрiншi хатшысының балдызы Өтемiс дейтiн директормен Зұлқарнайдың тұзы жараспай-ақ қойды. Содан тез арада мұның үстiнен арыз түсiп, орнынан алынды да қалды. Осылайша аяқ астында досы тақтан тайған кезде, Үмбет үнсiз жатып алғанды жөн көрмедi. Сосын ол бүгiн Зұлқарнайдың кеуiлiн аулайын деп, ауылдың шөпке шығарларын жасырын шақырып, отырыспа жасап жатқан едi. Үйде алты-жетi адам бар. Бәрi де ортаға жайылған ақ дастарханның шетiн ала қисайып-қисайып жатыр.
Бәрi де ақаңнан бес-алты қырлы стаканды тастап жiберген соң, көңiлденiп шыға келдi. Аздан соң бөлме iшiндегi тиыштық бұзылып, кiсiлердiң “өй, пәли!” деп айқайлағаны, өлең айтқан кiсiлердiң қарлыққан дауыстары естiле басталды. Олар бiрiн бiрi тыңдамай, бiрiмен бiр жарысып, жамырай айтып жатыр. Сол арада бѕгiнгi жиынды тамада боп, билеп-төстеп отырған есепшi Үмбеттiң билiгi қыштап кеттi де, кенеттен жұрттың бәрiнен асыра, бар даусымен айқайлап:

Уай!
Аунап-қунап жатыңдар,
ақ жайлау үйi ағаның.
Ошақ жақта қатын бар
дайындар арақ, тамағын,—

дей берiп едi, оған бiр бүйiрден қосылған Санағұл жуан даусымен кѕркiреп:

Өткердiк талай бiз думан,
ал сонан кәзiр тұр ма елес?
Айлы түнде қыз қуған
өтiп те кеттi-ау жиырма бес!—

деп, айқайлап барып, кенеттен бар дүниядан бос қалғандай түңiлiп, санын алақанымен сарт еткiзiп бiр соқты да, қырлы стаканды көтере бердi. Сосын оны аузына лақ еткiздi.
Меңгерушiлiктен түсiп қап, мәнтi болмай жүрген Зұлқарнай да одан қалыспады. Бiраздан берi қам кеуiл боп жүрген ол иегi кемсеңдеп, көзiне жас үйiрiлiп, терiс қарай бере танауын таңқ еткiзiп бiр сiңбiрдi де, оң қолын жоғары көтерiп, ербеңдеткен қалпы:

Бiздер, ойһо-о-ой, сүрдiк өмiрдi,
табысқа қасқа қатын ырза.
Көтерген едi көңiлдi,
лақылдап жүрген Ләпрузә, —

деп, мүлдем шалқып кеттi.

Ләпрузәның атын естiгесiн, басқаларының да кеуiлдерi бұзыла бастады. Оның себебi бар. Қазалыдағы ауылшаруашылық техникумын биыл бiтiргелi отырған, семiздеу келген, ақ сары, екi омырауы әлден-ақ бұлтиып кеткен, арпы-тұрпы сөйлей беретiн Ләпруза жақында осында практикаға келген. Келгенi бар болсын, ол ауылдағы жiгiт атаулының бәрiн адақтап шыққан. Ол, әсiресе, меңгерушi Зұлқарнайдың басын айналдырып ап, Көкқатынның бойында сейiл құрып, арнайы қарүй тiккiзiп, бiр ай бойы жатып алған едi. Ол қызықтың шет жағасын есепшi Үмбет те көрген болатын. Ара-арасын да Санағұл да сығалы несiбесiнен қарпып қалған-ды. Сол естерiне түскенде, ендi үшеуi де бiр түрлi боп, ауыздарына түсiп тұрған дәмнен қағылғандай боп, қоңырая бастады. Бұлардың дауыстарын естiген қазан-ошақ жанында жүрген арық денелi, астыңғы ернi салбыраңқы, үстiңгi ернi түрiк, басына тартқан шаршысына қазанның күйесi жұғып қалған қара торы келiншек әлденеге ызаланып кетiп, қолындағы қырғышпен қара қазанның түбiн шақұр-шұқыр еткiзiп жiбердi. Онысы күйеуiн қызғанғаны едi. Бiрақ оны тыңдаған ешкiм де болмады. Келiншек қайтадан қазанның түбiн қыра бергенде, есепшi Үмбет жуан мойынын бұрып:
— Әй, сен немене төбемiздi тесесiң бе? — деп айқайлап қалды.
Келiншек үндемедi.
— Бұларды қой, — дедi Санағұл ыржиып. — Ләпрузәның атын естiсе, терiлерiнiң тарыла қалатын жыны бар.
Зұлқарнай үндемедi. Ләпрузәға әуейiленем деп, шығынға көп батқан бұл едi. Мына Үмбетке айтып, Ләпрузәға бiр-екi адамның айлығынан қымқырып пұл да берген болатын. Әзiрге онысын жұрт бiлмейдi. Мұны ана директор бiле қалса, мұның сотты болары анық. Ендi Зұлқарнай үй iшiндегi қолайсыздықты жуып-шаяйын деп:
— Бiздiң келiн алтын ғой! Қолынан да келедi, аузынан да келедi. Тамақ десе бесаспап. Соны алып жүрген Үмбеттiң маңдайының кере қарыс бағы бар, — деп өтiрiк мақтап, Үмбетке қарап, көзiн қысып қойды.
— Ойбай, айтпа!
— Алтын десе алтын?
— Қашан келсең де, қабағын бiр түймейдi, — деп, қалғандар оған қосыла кеттi.
Жұрттың шуылдап өзiн мақтағанын естiген келiншектiң ендi қазанды қыруы тиылды. Аздан кейiн ол үлкен жайпақ табаққа салып, буы бұрқыраған ет әкелдi. Еттi төменгi жақта отырған жасы кiшi бiр жiгiт турай бастады. Ол турап боп, бас табақты бұлардың алдына ысырып қойып жатқанда, Үмбет шалқалай жата қап, арқа жағынад тұрған кебеженiң астына қолын сұғып, бiр бөтелкенi алып шықты. Оның қорғасын басын тiсiмен жұлып ашып, жолдастарының алдарында тұрған стакандарға құя бастады. Үй iшiн спирттiң ащы исi алып кеттi. Сол иiс танауына барып, қабағын тыржитып, көзiн қысып бiр түшкiрiп қалған Үмбет аузын баса берiп:
— Жарықтықтың исiн-ай! Бұл шiркiндi iшсең де пәле, iшпесең де пәле, — деп қойды.
— Ау, оның iшпесең кеуiл кiрi кете ме?
— Кәзiр бұл үйреншiктi дәм болып алды ғой.
— Мұнсыз дастарханның ажары кiрмейтiн болды, — деп қалғандары гу-гу етiс-тi.
Үлкен тамақ алдында олар алып қойысты. Сосын қолдарын табаққа созып, майлы еттi жей бастады. Бiрде ет толы алақанын аузына апара бере Санағұл:
— Осы… әлгi арызды жазып жүрген кiм өзi? — деп қалды.
— Кiм болсын, ана шәпеш қой. — Үмбет тыжырына сөйледi.
— Шәпешiң кiм?
— Өй, ана белсендi ше, ана Төлемiс ше…
— Ау, оған не жын көрiндi? О да ана Ләпрузәның…
— Өй, сен де бiр, — деп сол арада Үмбет Ләпрузәмен ашына болған Зұлқарнайдың кеулiне келпi қалар деп, тамағын кенедi.
Санағұлдың оны түсiнетiн тѕрi жоқ:
— Өй, сен де бiр, немене Ләпрузә бiреудiң некелi қатыны ма едi? Ол деген бүгiн бiреудiң, ертең басқаның астына жата кетедi емес пе?
Сол арада Зұлқарнай шырт ете қалды:
— Жiгiттер, осы кiсiнiң кеулiне қарап сөйлеу дегендi бiлмейсiңдер ме? Жата кетедi деген не сөз? Оны көзiңмен көрдiң бе?
— Жоға, — деп аузына алақанын апара берген Санағұл өтiрiк шашалып қалған болды.
— Ендеше ненi езiп отсың?
— Мен… былай… байқамай қап. Афу өтiнем.
— Афуыңа тiфу!
— Өй, құрдас, қалжыңдағанды да бiлмейсiң бе? Мен былай… күлкi болсын деп… Артық кетсем, қайтып алдым, — деп, сол арада аузына еттi асап жiберген Санағұл малжаңдай сөйледi.
— Жәрәйды…
Сол арада қазан-ошақ жақта жүрген келiншек:
— Оның несiне афу өтiнiп отсың? Кәзiр Ләпрузә ана бас бұғалдiрдiң орынбасары Төлтаймен ойнап-күлiп жүрген көрiнедi. Оны көзiмен көргендер айтады. Ендi ол сендерге пiшту де демейдi. Отырыңдар екi енектерiңдi.., — деп, сөзiнiң аяғын бұзып кеп жiбердi.
Жiгiттер ду күлдi:
— Ойпырмай, ә?
— Мына жеңгемiз бiздi ерiккен сарт қылды-ау!
— Өзiнiң ет пен терiсiнiң арасында бiр жел бар-ау дейiм!
— Ойбай, айтпа!
— Осы ағамыз да қызық, жеңгемiздiң ет пен терiсiнiң арасында жүрген арам терiн сығып алмай!
— Сонда сөйлегендi көрер ем.
Зұлқарнай не дерiн бiлмедi. Үмбет пен Санағұл да ауыздарын аша алмай, көздерiмен бiр бiрiне қарасып ап:
— Жолдастар, осы… арақ iшiлмедi ғой. Кәнеки, қатынмен қатын болып жатамыз ба? Алайық та, — деп, қырлы стакандарын ұстап, Зұлқарнайға қарай ұмсына бердi. Ол амалсыз стаканын соғыстырды. Басқалар да онымен соғыстырды.
Аздан соң олар еру әңгiмеге көштi:
— Осы бүгiн орталықтан көмекшiлер келедi дей ме?
— Е, неге?
— Негесi нес? Ана шәпеш Төлемiс ертiп келе жатқан көрiнедi.
— Не үшiн?
— Олар мына Көкқатынның құрағын шабатын көрiнедi.
— Өй, шабылып қалғырлар! Со да бiр тиыш жүрмейдi.
— Айтпа.
— Жаңа деректiрдiң көзiне түсiп, жағынып қалайын деген ғой.
— Ал, түссiн, сонда қайда барады?
— Оны құдай бiлсiн….
— Қой, онан да ағамыз сыйлап берiп тұрғанда… мынаны iшiп алайық.
Стакандар тағы да соғыстырылды. Зұлқарнай үндемедi. Жұмысшылар келсе, оларды үйдi-үйге орналастыру, олардың тамақтарын тауып беру ендi Үмбет пен Санағұлдың мiндетi. Бұл болса, қызметтен бос. Сол ойына түсiп, ол кеудесiн көтерiп:
— Келсе, келе берсiн! Әуселесiн көрiп алдық, — деп қойды.
— Өй, оны қойыңдаршы, немене пiркәрөл келетiндей бәрiң бiрдей соншама дүрлiгiп, — деп бет-аузы қызарып, порша-поршасы шыққан Үмбет сүлгiмен сүртiнiп жатып.
Бiраздан соң жұмысшыларды ертiп, бригадир Төлемiс келгенде, бұлардың көңiл кiрi жаңа ғана ашылып келе жатыр едi. Ол:
— Мына адамдарды орналастырайық, тамақ жағын… — дей бергенде, Санағұл көздерi шапыраштана қалды:
— Қайда апарсаң, онда апар. Тарт әйдә! Тамақтарын ала келсiн. Бар, солай де.
— Үйтсек, ұят болар.
— Мә, саған ұят! — Санағұл орнынан атып тұрып, Төлемiстi жағынан тартып-тартып жiбердi. Сатыр-сұтыр төбелес, айқай-шу болды да қалды. Әп-сәтте Тiлегеновтiң бет-аузын қара қан қылды. Керзi етiктiң нәл қағылған өкшесi де тиiп жатты.
Абдырап қалған жұмысшылар әлгi екеуiн әзер дегенде айырды. Санағұлдың айтпаған сөзi жоқ.
Бұл “Қазалы” совхозының “Жаңаарық” участогында өткен жылдың 18-шi декабрi кѕнi болған оқиға едi…
Ал әлгi үш шайқы әлi күнге дейiн шайқап төгiп, ұрттай iшiп жүр…
Жарықтықтар, қашанғы шалқыр екен?

Декабрь, 1964 жыл
(“Ленин туы” газетi, 21.01.1965 ж.)

2 268 қаралды