Бас бет » 1960-70 жылдар, Әңгімелері

Қызтеке

Толаштың мектепке барғанына бiр айдай уақыт өттi. Бiр күнi бұлар мектепке кеп, iшке кiрсе, класты танымай қалды: бұрынғыл ескi парталардың орнына сырты қара сырмен сырланған, жарқыраған жаңа он шақты парта қойылыпты! Бұлар отыра қап, партаның топсасы бар, алдына қарай ашылатын қақпағын тарсылдатып ашып-жауып көрдi. Оны ашып-жабу бұларға қызық сияқты боп көрiндi. Сүйтiп отырғандарында, класқа Әлиасқар ағайлары кiрiп келдi. Бұлар үйрене бастаған дағдылары бойынша, орындарынан тұрды. “Сәләметсiз бе!” — деуге ұялды.
— Кәне, баллар, отырыңдар, — дедi де, Әлиасқар ағай өзi де отырып, алдындағы қоңыр сары сырлы үстелге журналды қойып, оны ашып, балаларды тексере бастады. — Қиятбаев Жақсылық, бар ма? — дедi.
— Ағай, бармын, — дедi Жақсылық орнынан ұшып түрегелiп. Сүйттi де, “менi сенен бұрын атады” дегендi бiлдiрiп, мұны шынтағымен нұқып қойды.
Ағай сүйтiп балаларды тексерiп болғасын, бұларға жағалай қарап:
— Балалар, сендер Совет оқушыларысыңдар. Сендердiң бәрлерiң теңсiңдер. Совет мектебiнде ұл балдар мен қыз балдар қатар отырады, — дедi. Сосын ол: — Ендi сендер де аралысып отырасыңдар, — дедi де, ағай бұларды түгелдей тақтаға шығарып тұрғызды. Содан соң, парта жететiн болғандықтан, ұл балалар мен қыз балаларды бiр-бiрлеп партаға қатар отырғыза бастады.
Толаш пен разъездiң нәшәндiгi Жүсiпәлiнiң Нестай дейтiн арықша келген, томпиған қара қызы қатар отырды. Бұл оның ит тiсiн жек көредi. Оның үстiне өмiрi қыз баламен қатар отырып көрмеген Толаш одан бiр түрлi қысылды. Шашын айранмен жуып, артына тарап, екi шекесiне екi қызыл лента тағып алған Нестай бұған әлiппедегi қыздың суретi сияқты боп көрiндi. Оған қоса, оның отырыс-тұрысы да Толашқа кинодағыдай боп көрiнiп кеттi.
Сабақ басталды. Бүгiн арифметика сабағы болатын. Бұлар қосуды өтiп жатыр. Толаш мектепке келмес бұрын төрт амалды да үйренiп алған болатын. Ендi бұл қосуды өтiп жатқанда қиналмады. Оған қоса, Толаштың басқа балалар бiлмейтiн құпиясы бар. Ол сан мен санды қосқанда, партаның астына он саусағын жайып жiберiп, берiлген санды бiр қолындағы саусағымен белгiлеп, оған екiншi қолындағы саусағын тез қоса салады. Содан кейiн қосынды тез шығады. Толаш осы жолы да сол қулығына басып, берiлген есептi тез шығарып, дәптерiне жазды да:
— Ағай, мен болдым, — деп шәңк ете қалды.
— Асықпа, тағы да есепте, — дедi ағайы.
Осы кезде келесi қатар партада, ауылдас Темiртаймен қатар отырған Жақсылық бұған қарап, тiлiн шығарды да:
— Мақтаншақ, — дедi.
Бұл Нестайдан қатты ұялды. Сосын оған көзiнiң қиығын салып едi, қаралау сүйрiктей саусағымен қарындашты әсемдеп ұстап отырған Нестай көзiнiң бiр қиығымен мұның алдында ашық жатқан дәптерiне қарап қойып, Толаштың шығарған есебiн көшiрiп жатыр екен. Бұл соны көрiп, мақтанып кеттi.
Соны көрген Қиятбаев Жақсылық мұғалiмнiң көзiн ала бере, бұған кiшкене жұдырығын түйдi. Толаш оған тiлiн шығарды.
Сабақ бiткесiн, балалар разъездге қайтты. Орта жолға келгенде, Жақсылық алға жүгiрiп шығып, бұған қарап, мұрнын шүйiрiп:
—Қызбен отырған қызтеке! Қызтеке! — деп мазақтады.
Толаш оған тұра ұмтылды. Жақсылық жеткiзбей, әрлi-берлi қашып жүрiп:
— Қызтеке! Қызтеке! — деуiн қоймады.
Ызаланған Толаш жылап жiбердi.
Ертеңiне сабаққа келгенде ол отырмай, партаның бiр шетiнде тұрып алды. Оны көрген ағайы таңғалып:
— Толаш нағып тұрсың? Отыр, — дедi.
— Ағай, лұқсат болса, басқа жерге отырайыншы, — дедi бұл аузын толтыра сөйлеп, ұртын бұлтитып.
— Е, неге?
— Мен қызтеке емеспiн.
Балалар ду кҰлдi.
Ағай мән жайды бұдан сұрап бiлгеннен кейiн:
— Балалар, ұл бала мен қыз баланың бiрге отырғанында тұрған сөкеттiк жоқ. Сендер үйтiп бiр бiрiңдi мазақ қылмаңдар. Бұл Совет оқушысына жараспайды, — дедi де, мейiрлi, үлкендеу қой көзiмен қарап тұрып: — Ақоразова Жұмажан, сен мына жерге отыр, — деп, оны Жақсылықтың қасына отырғызды. Ендi оның қасында отырған ұзын бойлы, өңкиген Темiртай Iзетов Кержақпен бiрге отыратын болды.
Бүгiн ауылға қайтып келе жатып, кешегi мазақтағаны ойына түсiп кетiп, Толаш балалардың алдынаж жүгiрiп шықты да, қолымен Жақсылықты көрсетiп:
— Қызбен отырған қызтеке! Қызтеке! — деп мазақтады.
Балалар да шулап:
— Қызтеке! Қызтеке! — деп мазақтады.
Сол арада Мақат деген бала Нестайға қарап:
— Ал, бұл ұлтеке! Ұлтеке! — деп, саусағын шошайтып, айқайлады.
Нестай оны тұра қуды. Нестай жүйрiк болатын, ол Мақатты тез арада қуып жетiп, сөмкесiмен арқасынан бiр ұрды. Сол жерде шыт сөмке сөгiлiп кетiп, соған салған дәуiттен төгiлген сия Мақаттың жаңа көйлегiн былғап тастады. Кiнәмшiл Мақат жылап жiбердi. Нестай оны екiншi рет ұрғанда, дәуiт ұшып барып, оның бетiне тидi. Сия төгiлiп, Мақаттың бет-аузын бояп тастады.
— Ұлтеке деп айтасың ба? — дедi Нестай сөмкесiн үшiншi рет көтере берiп.
Мақат бетiн қолымен қорғаштап:
— Өй, мына қыз жынды екен ғой. Ұлтеке болсаң, бүйтер ме едiң? Ендi айтпайым, мiнеки, пионерски, — деп тұра қашты.
Сол күннен бастап Толаш та, Жақсылық та “қызтеке” деген сөздi ауыздарына алмайтын болды.
1965

2 823 қаралды