Бас бет » 1960-70 жылдар, Әңгімелері

Шалабай

Шалабай бала кезiнен ұяң едi. Екi сөздiң басын құрастыра алмай, жоқ нәрседен қысыла беретiн. Аздап мұрнынан сөйлейтiн әдетi де бар болатын. Бойы сорайып, жасы отызға жақындап, мұрты тебiндеп қалса да, ол әзiл сөздiң не екенiн де бiлмейтiн едi. Оның әзiл деп айтқан сөзiнiң өзi ылғи бос, мағынасыз, адамды қызықтырмайтын сөздер болып шығатын. Шалабайдың үй жағдайына келсек, оның тек жалғыз ғана немере ағасы бар. Шалабай әйелсiз, сондықтан ағасының үйiнде тұратын. Жеңгесi Қадиша көзi күлмеңдеген, ойнақы мiнездi, әзiлкеш жан едi. Ол Шалабайды “Үндемес” деп атайтын. Шалабайдың мiнезi ауыр ғой, сондықтан ол Қадишаны көбiне жақтырмайтын. Ал Қадишаның, керiсiнше, Шалабайды әзiлге тартып, сыңқылдап күлiп жүргенi. Кейде әппақ жұмыр тамағын жарқырата көрсетiп, айна алдына барып сыланатын едi. Жеңгесiнiң тұлғасына сырттай қызыға қараған Шалабай: “Шiркiн, менiң де осындай әйелiм болсайшы”,— деп арман ететiн. Бiрақ ол жеңгесiнiң мiнезiн жақтырмайтын едi. Қадишаға әлденеше рет келген “ағасы”, шикiл сары, жуан, мықыр мойын адамның iшiнде бiр арам ойы бар сияқты. Онысын Шалабай бiрде сезiп те қалған едi. Бiрақ мұны немере ағасы қайдан бiлсiн? Көргенiн iшiне түйiп, жүре беретiн шiркiн Шалабай шынында да не еткен “үндемес”.
Бiр күнi ағасы шаруа бабымен бiр ай командировкаға кеттi. Бес бөлмелi үй бос қалды. Шалабай болса, екi бастан нағыз үндеместiң өзi. Қадиша қашанғы күлсiн, сөйлеп-сөйлеп шаршағасын, ол да томсырайып отыратын болды. Бес-алты күн өттi. Бiр күнi кешке үйге келсе, Шалабай қатты таңғалды. Стол үстi жайнаған арақ-шарап. Шеттегi столда Қадиша отыр. Ол аң-таң боп қалған Шалабайға жеки тiл қатты:
— Нағып тұрсың сұмiрейiп? Тез жуынып кел! Өмiрi арақ көрмегендей ежiрейе қалғаны несi. Жаңа құрбым келдi, сонымен отырып ек. Ол кеттi, ендiң жаңиғыз басым сопайып отырмын. Ағаң ана жақта… жәлептермен… — Қадиша сыңқылдап кұлген болды.
Шалабай бетi-қолын жуып, таранып келгенде, Қадиша қызара бөртiп отыр екен. Шалабай үндемей шеткi орындыққа отырып, Қадиша ұсынған арақты iше бастады. Алғашқы кезде сәл тiтiркенгенмен, бес-алты рюмканы көтергеннен кейiн, Шалабайдың арқасы кеңи бастады. Бұрынғы ауыр мiнезi демде жоғалып, әп-сәтте лепiрiп шыға келдi. Қадиша да қылымсып, көзiн қысып, арақты қотара құйды. Әдепкi кезде алыстау отырған Қадишаның Шалабайдың қасына қалай келiп қалғаны белгiсiз. Нұрлы жұзi қызара бөртiп, бұрынғыдан да сұлуланып кеткен. Жеңгесiн алғаш рет көргендей таңырқаған Шалабай:
— Не еткен сұлусың, — дей бердi.
— Қарамашы, көзiң өтiп кетер, — деп, Қадиша қылымсығанда, Шалабайдың өн-бойын бiр бейне ток сияқты ыстық сезiм шарпып өттi. Жеңгесiне қайта-қайта қарай бергiсi келедi. Екеуi бiр бiрiне өте жақын отыр. Рюмкаларды ала бергенде, кейде қолдары қақтығысып қалады. Екеуi де әбден мас болды. Шалабай орнынан көтерiлiп, тәлтiректеп, диван жаққа қарай беттей бергенде, оң иығына бiр ыссы қол келiп тидi. Жалт қараса,— Қадиша! Сап етiп қолынан ұстай алып, бауырына қарай тартты. Қадиша да iркiлмедi, Шалабайға жабыса кеттi. Ып-ыстық ерiнге Шалабайдың дордиған ернi жабыса қалды. Екеуi қосарланған күйi диванға құлай кеттi. Әр жағын Шалабай бiлмедi, тек құшағында бiр нәрсенiң жатқанын сезедi…
Таң атты. Мастықтан сәл-сәл айыққан Шалабай жанына қараса, құшағында Қадиша жатыр. Дидары бұрынғыдан да гөрi алауланып, қасы қиылып, тәттi ұйқы құшағында жатыр. Масаң Шалабай Қадишаны сүйе бергенде, құлағының түбiнен:
— О азғындар! — деген ащы сөз саңқ ете қалды.
Шалабай атып тұрып, дауыс шыққан жаққа қараса, қарсы алдында немере ағасы тұр! О масқара! Өңі ме, түсi ме? Бүйткенше Шалабайдың өлгенi жақсы емес пе? Ағасының жұзi тұтiгiп кеткен. Құрысын арам махаббат, арам ләззәт! О сиқыр, ақыры торға түсiрдiң бе? Масқара-ай! Осындай ащы ойлар көңiлiн кернеген Шалабай көзi бұлдырап, түк көрмей, көйлекшең қалпы далаға ата жөнелдi…
1961

download themes for free
2 318 қаралды