Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Жұрт көзiнше қоштасуға қысылдың…

Жұрт көзiнше қоштасуға қысылдың,
мың құбылдың, кеуiлiңдi түсiндiм.
Ал деп еске сыршыл айлы түндердi,
лағыл көздi жүзiгiңдi ұсындың.
 
Содан берi өттi айлар, апталар,
шағындырған қойды келмей хат-хабар.
Талай рет өстi, солды жапырақ,
нұр бейнеңдi көре алмадым, ақмарал.
 
Талай рет қуаң тартты түздер де,
талай рет келiп, кеттi күздер де.
Жамырған жас құрақты жамылып,
өштi мәңгi жас күндегi iздер де.
 
Бар медетiм, алданышым — жүзiгiң,
кеудемде көп өкiнiшiм, қыжылым.
Қай күндерi ораласың аққудай,
ботагөзiм, қуанышым, қызығым?
 
1962

2 003 қаралды