Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Ырзамын әсем әнiңе…

Ырзамын әсем әнiңе,
омырауым жасқа боялды.
Оятпас ой да, дәрi де,
жанымда тың күш оянды.
 
Боларын бұлай кiм бiлген,
сазымды сүйген шырқадың.
Арбалып, дел-сал тұрдым мен,
дауылша дүлей бұрқадың.
 
Көзiңде жатыр от жанып,
нұр шашып жатыр жүзiң де.
Ұшардай көкке оқталып,
сезбейсiң кеуiл күзiн де.
 
Сыңғырлай шыққан әсем үн
зеңгiрде тұрып қалғандай.
Жас кеуiл, жас жан, жас өңiң
көрiндi алыс армандай.
 
Ұжмақтың жұпар исi аңқып,
тәрiздi үйде шашылған.
Бақытты қандай күйсандық,
бiлегiң балғын асылған!
 
Ырзамын әсем әнiңе,
омырауым жасқа боялды.
Оятпас ой да, дәрi де,
жанымда тың күш оянды.
 
1962

2 184 қаралды