Бас бет » 1960-70 жылдар, Өлеңдері

Бозторғайлар көдеге…

Бозторғайлар көдеге
тығыла қалды жапырлап.
Далаға, қырға, төбеге
құйды бiр нөсер сатырлап.
 

Найза ұштары шақырлап,
шашады жалын оқтардай.
Жарқ еттi жасыл шатырлап,
болат бiр тауға соққандай.
 

Гүрiл шықса, қалш етiп,
жалынын шашып тұрды көк.
Жарылғандай тарс етiп,
кекке толы бiр құдiрет.
 

Бұлт кездi аспан алабын,
бөлмесiн кезген пақырдай.
Найзағай бейне жарағын
жаныған отқа батырдай.
 

Үй алдындағы терегiң
мүлгидi әсем жыр тыңдап.
Томсарып тұрған төбенiң
ылайы жатты бұрқылдап.
 

Отырмын жаңғыз бөлмемде,
кең дала жаққа тесiлiп.
Ұрады тамшы өңмеңдеп,
терезеге қатты өшiгiп.
 

Айналаны мүлдем ұмытып,
отырмын ойлап жыр сөзiн.
Жан-дүниямды жылытып,
баурайды менi бiр сезiм.
 

Есiктiң алды көл-көсiр.
адырда қалған қақ қандай!
…Жанымның нәзiк пернесiн
әр тамшы басып жатқандай!
 

1962, ауыл

491 қаралды