Бас бет » 1960-70 жылдар, Дастандары

Жастық шақ

 

   Өткенде маған бiр кiсi сұрақ қойды:

— Жастық шақ деген не?

— Бiлмеймiн.

— Достық деген не?

— Бiлмеймiн,

— Махаббат деген не?

— Бiлмеймiн.

— Сонда сен не бiлесiң?

—Мен… өте аз бiлем…

— Сонда сен не туралы жазасың?

Сол менi қатты ойландырды. Әлгi сұрақтар жайлы кiтаптардан оқып көрiп едiм, олардың ешқайсысы да маған толық жауап бере алған жоқ. Демек, ендi ол сұрақтарға өзiмнiң жаңаша жауап беруiм керек.

Сол үшiн жолға шықтым….

1. Жолдар, жолдар… 

Тағдырым қақты қоңырау,

тыңдаңдар үнiн, жарандар.

Айқара ашты омырау

осынау ғажап замандар.

 

Болашақ — тұман белестер,

қызыққа толы бар маңым.

Жарқылдайды алдан елестеп,

қашанғы менiң арманым.

 

Жанымнан кеттi бар тағат,

кеуiлге жетпес қара күш.

Бұрқанған ойды арқалап,

қағазға төндi қаламұш.

 

Не етемiн тағдыр бұйрығын,

жырлармен қадам басамын.

Жанымның маржан сыйлығын

дүнияға дулы шашамын.

 

Жолдас-ау, тiпте бiлмеппiн,

күндердiң заулап аққанын.

Қызғалдақ сынды гүлдеппiн,

аралап жастық бақтарын.

 

Аңқылдақ бейне аналар

жас самал сүйген бетiмдi,

Әлдилей бердi далалар

теңiзi ойдың секiлдi.

 

Өмiрге алғаш енгенде,

түскен ем жерге шыр етiп.

Сол дауыс кеуде-бөлмемде

дүнияны келед жыр етiп.

 

Әсемдеп қолдан келгенше,

жырымды жаздым мен алғаш.

Шайырлар қашан сөнгенше

елеңдеп,

жортып демалмас.

 

Достасып қағаз, қаламмен,

суретпен ойды құндақтап,

болашақ жаққа барам мен,

жылдар мен айды,

күндi аттап.

 

Жайнасам деймiн гүл-жаздай,

үлкен iстердi еңсерiп.

Дариға, бiр күн жыр жазбай,

қалар ма екем мен сөнiп?

 

Көктемнен кейiн, жаздан соң,

заманда қыс пен күз көрдiк.

Кететiн болып аздан соң,

өмiрге неге бiз келдiк?

 

Жiгiттiктi еткен жүзiктен

қуады қарттық күркiлдеп.

Қарайтса адам, қызықпен

қоштаса бермек бiртiндеп.

 

Жанымның қуып көктемiн,

мойныма мiнсе кәрiлiк,

жастық шақ —

жақсы мектебiм,

ойлармын оны сағанып.

 

Өттi де орынды, орынсыз

қыздарға айтқан әзiлдер.

Көрсетер жүрген жолымды

маңадйға түскен әжiмдер.

 

Жаспенен жуып көңлiмдi,

қамықпа,

жолдас, сұраймын.

Есiме алсам, ол күндi,

өзiм де кейде жылаймын.

 

Сақыты үшiн адамға

құрбандық болып өлгенбiз.

Жолдас-ау, бiздер заманға

үлкен iс үшiн келгенбiз.

 

Ендеше мұңмен бiздерге

керегi қанша жас алып?

Күлкiнi жағып сыз жерде,

жарқылдайықшы бiр жасарып!

 

Ерлікпен iстi тындырған

қуантайықшы бiр алашты.

Өр көңiл болат сындырған

жастыққа ғана жарасты.

 

Айтпақшы, жолдас, бол қанық,

достыммен жаны гүлденген.

Жастық шақ жайлы толғанып,

санасушы едi күндермен.

 

Сол достым менен:

— Өмiр не?

Жастық шақ не? — деп сұрайтын.

Биязы жаны көңiлге

өзгеден ерек ұнайтын.

 

Сымбатты ұстар бой жағын,

аңқылдақ, сыршыл, пәк пенде.

Ол кейде кейбiр ойларын

жазатын қойын дәптерге.

 

Жүрушi ем достың сырына

назарымды онша аудармай.

Мәз едi ол ойы,

мұңына,

кеудесiнде асыл тау барадй.

 

Дәптерiн оның бiр күнi

алдым да одан жасырып,

толғантқан талай құрбыны

оқыдым ойын асығып.

 

Бардай-ақ ғажап сөзде гүл

ой ерттi өмiр күйiне.

Жарқ ете қалды өзге бiр

сыр, сазға толы дүние.

 

Алдымда асқар жатты өмiр,

аңқылдақ менiң досымдай.

Өкiндiм алғаш дәптерiм

болмағанына осындай…

 

— Достым-ау, жастық деген не?

Жалыны тең бе өлеңмен?

Ол ерлiк десем егерде,

жоқ дер ең, әлде көнер ме ең?

 

— Әрине, ол мықты береннен,

пара-пар темiр өлеңмен.

— Ол еңбек десем егерде,

жоқ дер ме ең, әлде көнер ме ең?

 

— Иә, достым, жастық дегенмен,

сары дала үшiн көгерген.

— Махаббат десем егерде,

жоқ дер ме ең

әлде көнер ме ең?

 

— Адамдар махаббатпенен

қосағын тапқан, көгерген.

Жастық шақ берген бақпеннен

дүния нұрға бөленген.

 

— Айтқанды, бауырым, жақсы ұқтың,

бiр сауалым бар дегенмен:

жастық шақ

арман, мақсұттың

қанаты десем, көнер ме ең?

 

— Шыр етiп туып кiсi алғаш,

мақсатпен өткен бабалар.

Армансыз пенде ұша алмас

қанатсыз құспен пара пар.

 

— Жастық шақ жайлы қойылған

сұрақтарыма тек менiң

ерлiк пен еңбек, махаббат,

арман мен мақсат дер ме едiң?

 

— Әрине. Достым, бiрақта

ойлана алмадым көбiрек.

Қойылған жаңағы сұраққа

жауаптар жалпы көбiрек…

 

Өткен кезде дәл осындай,

сұрақтар қойған бiреулер.

Сасқан едiм мен тосыннан

таба алмай ойға тiреулер.

 

Сол жайлы кеуiл жазды өлең,

маңдайдан ащы тер кеттi.

Кенеттен бiреу назбенен

жанымның iшегiн тербеттi.

 

Селк еттiм тартып ат басын,

көңiлге үмiт жармасты.

Жанымның қаққан қақпасын

махаббат шығар алғашқы.

 

Жастық шақ келдi көк тiреп,

қайтадан жаттым жаралып.

Мұңланба тастап кеттi деп,

қош болғын, балғын балалық!

 

Мiнеки, мен де жастықтың

шырағын жақтым жолыма.

Мiнеки, мен де жастықтың

билетiн алдым қолыма.

 

Күл етiп надан, жаманды,

мiндеттi уақыт зырлауға.

Ал мен өзiм болсам заманды

борышты жанмын жырлауға.

 

Көңiлiне жұрттың ұнаған

жазар да едiм роман.

Бiрақ та болдым мiндеттi

қайырылуға мынаған:

 

— Билетiн алып қолымен,

жастық та гүлдей көктейдi.

Неге жұрт өлең жолымен

ол жайлы сырды шертпейдi?

 

Сондықтан мен кiлт тоқталдым,

жырларым шашты ұшқынын.

Қолыма шабыт — отты алдым,

дәптерге құйып ыстығын.

 

Жүретiн қалмай есiңнен

ойымды менiң ұғыңдар.

Басымнан талай кешiрген

өзiмнiң мұнда сырым бар.

 

Үлгi алып мұнан отырсын

өскелең бала — көктемдер.

Осыны оқып, өкiнсiн

жастығы босқа өткендер.

 

Басталды ендi сапарым,

кешейiн өмiр өткелiн.

Құрыса мейлi атағым,

гүл ашса болды көктемiм.

 

Жайнасам деймiн гүл-жаздай,

үлкен iстердi еңсерiп.

Дариға,

бiр күн жыр жазбай,

қалар ма екем мен сөнiп?

 

— Өмiрдiң айтпа сонысын,

түрпiдей тиер құлаққа.

— Иә, достым, тұрған борышым

жауап қой өткен сұраққа.

 

— Соны айтшы…

— Сапар басталды,

әуелде қатты қиналдым.

Құрметтеп тағы достарды,

бiр қиын жолға жиналдым.

 

Жолға алар жүктер буылды,

шықпақпын батыл өрге асқар.

Табыспен оралуымды

күтiңдер менiң,

жолдастар.

 

 

2. Махаббат

 

Тойларда iшкен тостармен,

мыңдаған жанмен жарастық.

Махаббат жайлы достармен

кейде бiз қызу таластық.

 

Қалмашы, достым, сен кейiп,

сөзiме айтқан әлгiде.

Шегiнiп аз-мұз шертейiк,

махаббат жайлы әңгiме.

 

Алдыңнан бiр таң ағарып,

ұйқысын жанның бұзғанадй,

жаныңа көзi қадалып,

жымиып тұрған қыз қандай!

 

Жанындай нәзiк самалдың

еркелiктi еткiм келедi.

Отына сол бiр жанардың

өртенiп кеткiм келедi.

 

Көрсем мен қыздың көз жасын,

сүрткiм кеп ылғи жүремiн.

Күрсiнсе бiреу, өз басым

махаббат деп оны бiлемiн.

 

Махаббат  — мөлдiр, борандай

бiр нәзiк ұқсас бұрқаққа.

Махаббат қалмақ жоғалмай,

мұра боп келер ұрпаққа.

 

Сезiмдi ондай кез келген,

ала алмас, арсыз, тiлесе.

Сүйiсу деген сөздерден

махаббат ұлы мың есе.

 

Қараса бала қыз күлiп,

түнерме қайғы тапқандай.

Махаббат  —

достық, iзгiлiк,

қол ұстасып онда жатқандай.

 

Ойлансаң, арзан махаббат

жақұтқа сенi жетелер.

Ойлансаң, маржан махаббат

бақытқа сенi жетелер.

 

Достым-ау,

әлi оның мен

мысқалдай дәмiн татпадым.

Ұстамай бақты қолыммен,

құстардай ұшты шақтарым.

 

Бiр жанды жақсы бiлемiн,

құмартса қалар ауырып.

Емдесе қыздар тiлегiн,

шапқылап жүрер сауығып.

 

Неге осы бiздер қыз деймiз,

қайғымен алып уақытты?

Махаббаттан ылғи iздеймiз

ауруды емес, бақытты.

 

Кеудеде көңiл — күн күлген,

сырлар бар онда жауындай.

Бұлт болып, достым, жүрмiн мен

қыздардан әзер “ауырмай”.

 

Айтамын рахмет сөзiмдi,

адамдар үшiн жинаған

махаббат деген сезiмдi

табиғатқа мынау сыйлаған.

 

Махаббат — жанды кiрлетпеу,

махаббат емес кеңшiлiк.

Махаббат — қызды құрметтеу,

махаббат — адамгершiлiк.

 

Махаббатың бiр ақмаңдай

қарауы емес қыз күлiп.

Осынау сөзде жатқандай

ұлылық, ұждан, iзгiлiк.

 

Кеудемдi көп ой кеулеген

етпеймiн мақтан теңiз деп.

Бiрақта әр бiр кеудеден,

келемiн бақыт мен iздеп.

 

Құлақ сал өмiр күйiне,

арман мен бақыт егiз ғой.

Махаббатсыз мынау дүние

суалып қалған теңiз ғой.

 

Адамдай шыққан қорлықтан

ардақтар өмiр қызығын,

құрметте әр кез сондықтан

нәзiктiк толы қыз үнiн.

 

Қосса егер мына бар жанның

махаббат жағын егерде,

сыймас ед ондай маржаның

дүниедей алып көлемге.

 

— Махаббатты олай — кем санау, —

деп достым маған күлесiң.

Қуанам бiрақ мен сонау

теңiзде бар деп үлесiм.

 

Дүниеге бiздi сыйлапты

махаббатпенен, бақпенен.

Дүние бiздi сыйлапты,

адамзат деген атпенен.

 

Дүние бiзден жан алды,

дүние бiздi гүлдеттi.

Сыйласа әр жан адамды,

сыйлауға оны ел мiндеттi…

 

Махаббат — гүлдi кең жазық,

махаббат — жастық ақыны.

Достым-ау, алмай бел жазып,

бiтiрем жолды ақыры.

 

Шiренiп тұрмын төс ұрып,

саяхатта осы алғашқы.

Арманға арман қосылып,

жолдарға жолдар жалғасты.

 

 

         3. Әңгіме

 

Достарым, шешен емес ем,

шапқылап кетсем, —

кешiргiн.

Тұлпардың басын немесе

тартқылап кетсем,—

кешiргiн.

 

Сырымды соны шертейiн,

құмартқыш нәзiк сезiммен.

Сапарға жырмен ертейiн,

еске алып жастық кезiн мен.

 

— Бауырым, ғажап тiршiлiк

шыңдалтар жазда, сызда да,—

деп алды да, бiр күрсiнiп,

ақтарды сырын қыз бала.

 

— Үшеумiз жақсы дос едiк,

үшеумiз тату жан едiк.

Айрылмай бiрге өселiк,

деуге де кейде бар едiк.

 

Жақсыбай, Бекен

үшеумiз

сабаққа жүрдiк бiр барып.

Жақсыбай, Бекен үшеумiз

жүрушi ек гүлдей ырғалып.

 

Көңiлiм менiң жарасты

Жақсыбайменен бiр күнi.

Дүниеге жыр мен ән ашты

жанымның ерке бұлбұлы.

 

Бiрақта Бекен жайдары

бiздермен жүрдi бiрге ұдай.

Әзiлдестi де, ойнады

айрылмас тату құрбыдай.

 

“Жанымыздың бар басылын

өтейiк абзал жанға арнап”,—

деп бiздер iштей жасырын

қоюшы едiк армандап.

 

Бұзды кеп осы тiлектi

тiрлiктiң қия соқпағы.

Тас-талқан еттi…

қызғаныштың улы оттары.

 

…Қыс едi.

Сыр түнi тамаша!

Көңiлдi ақ қар көтерген.

Кинодан қайттық оңаша,

әңгiме соғып Бекенмен.

 

Жақсыбай сол күн келмеген,

уақыт жоқ, қол бос емес деп.

Жанымды бiр мұң кернеген,

бейнесi көзге елестеп.

 

Көңлiмiз бiздiң хош тiпте,

қиялға сүңги беремiз.

Махаббат, жастық, достықты

әңгiме етiп келемiз.

 

— Fашықтар! —

Кенет сұп-суық

саңқ еттi даусы еркектiң.

Аяздан бетер тiксiнiп,

қорқақтан бетер селк еттiм.

 

Дүние кенет айдындай

жалт ете түстi құбылып.

Жақсыбай кеттi қайрылмай,

көшеден шұғыл бұрылып.

 

— Жақсыбай, тоқта!

Тұршы өзiң…—

жүгiре барып тоқтадым.

Тұтатып жатты бiр сезiм

жанымда жастық оттарын.

 

Кеудеге жүрер күздi алып,

жан едi не еткен томардай!?

Досынан менi қызғанып,

Жақсыбай кеттi оралмай.

 

Жарқылдап таңғы арайша,

оқимыз бiрге мектепте.

Айтшы, дос, көңiл қалайша

жараспай солай өтпек пе?

 

Осындай болған бiз бе, аға?

Осындай ма әлде тiршiлiк? —

деп сөзден қалды қыз бала,

жас алып көзге, күрсiнiп.

 

Қандай жан кетер өшiрiп,

бақыттың асыл шырағын?

Сол қызға мен де қосылып,

күмiс жас төге жыладым.

 

Кешiңдер, достар, егiлсем,

кешiңдер, әлсiз көрiнсем.

Досты үшiн жүрер шапқылап,

аңқылдақ, жанмың көңiлшек.

 

Құтылайық ендi қарыздан,

құлақ сап қыздың күйiне:

махаббат, достық, ар-ұждан

айрылмас ғажап дүние.

 

Өтiнiп көптен сұраймын,

туыс деп оны қараңдар.

Жүргенге кейде жылаймын,

бағаламай оны адамдар.

 

Бiлiңдер, достар, маржанның

асылы болмақ ұдайы,

махаббат дейтiн бар жанның

айрылмас мәңгi жұбайы.

 

Өмiрге әр кез ырзамын,

бұлақтай күлгiм келедi.

Fажайып, бейiш — қыз жанын

жылатпай жүргiм келедi.

 

Себебi, сезiм — кең жазық

жақпайтын темiр тақылы.

Достым-ау, алмай бел жазып,

бiтiрем жолды ақыры.

 

Шiренiп тұрман төс ұрып,

саяхатта осы алғашқы.

Арманға арман қосылып,

жолдарға жолдар жалғасты.

 

    4. Арман

 

Жылдарды нұрсыз өткiзген,

достарым,

еске алмаңдар.

Әрқашан болмақ көп бiзде

аңсау мен ғажап армандар.

 

Болған жоқ көңiлiм жаралы,

дос үшiн жаным қуанған.

Кеудемде менiң бар әлi

таусылмас ұшан мың арман.

 

Аңласаң, бар ғой бiреулер

жаралған күлкi, би үшiн.

Аңласаң, бар ғой бiреулер

ұнатар қыздың сүйiсiн.

 

Аңласаң, бар ғой бiреулер

көксейтiн бастың пайдасын.

Аңласаң, бар ғой бiреулер

асырар жұрттан айласын.

 

Достарың ылас өрге асса,

ондайды еске алмаңдар.

Қаншама адам жер басса,

дүниеде сонша арман бар.

 

Кеудеден жаман сөз де есер,

аяздай жазғы таңдарда.

Өмiрде кейде кездесе

армандай бiлмес жандар да.

 

Дүниеге ездер көмiлер

аз күнге келген қонақтай.

Ондайлар

маған көрiнер

бейне бiр сұр жарқанаттай.

 

Созғандай қолын жұлдызға,

әкеден тәлiм үйренiп,

кей жiгiт сұлу бiр қызға

қалуды көздер үйленiп.

 

Отбасы — қымбат жақұттан,

кiм кетер, сiрә, тентiреп?

Бiр уыс сәуле бақыттан

мәңгiлiк жүрмiн мен тiлеп.

 

Аңсау да ғажап не түрлi

естiлер сансыз құлаққа.

Адам боп асқақ өтудi

армандау керек бiрақта.

 

Шегiнсем аздап мен кейiн,

болмаспын мүлде айыпты.

Қысқаша ғана шертейiн,

кеше бiр болған жәйiттi.

 

Ысқырған күзгi қатқақта,

тоқталып қалдық суықта.

Машина батты батпаққа,—

шығатын емес жуықта.

 

Демейсiң жаспыз, ақынбыз,

басыңа түссе таршылық.

Күрекпен қазып жатырмыз,

қап-қара терге малшынып.

 

Тоңып та қалдық қалтылдап,—

вездеход кенет тап келдi.

Батпақты жерден тартуға

тросты шопыр ап келдi.

 

Ысқырған күзгi ызғарда

қалып ек аздап бөгелiп.

Сәлден соң құйғап бiз жолға,

рахмет айтып, жөнедiк.

 

Бауырым, менiң мәңгiлiк

өзiңнiң жақын досыңдай,

тастамас жұртта дал қылып,

кеңпейiл қазақ осындай.

 

Сол мақсат болсын қалайда,

елеме шаршап, тоңуды.

Армандау керек алайда,

азамат қазақ болуды!

 

     5. Автордан

 

Дүниеге кеуде көрсетiп,

тiлемен шен мен жай атақ.

Таусылып қалды жер сетi,

таусылып қалды саяхат.

 

Жастық шақ жайлы бiрақта

демеймiн көп ой көтердiм.

Дос қойған сонау сұраққа

түк таппай, бәлкiм, өтермiн.

 

Жауында, сызда, тоңдарда

шопан дос жортса даламмен,

жастық шақ жерде болғанда,

сол жанда бар деп қалам мен.

 

Астықты дихан мол себер,

еңбекшiл, нұрлы жанармен.

Жастық шақ жерде болса егер,

сол жанда бар деп қалам мен.

 

Жұбайлар баққа беттесе,

ұрланып қалар текке адам.

Жастық шақ жерде көктесе,

соларда көктер деп қалам.

 

Қылыштан халқың қанданса,

соғысар жаумен кектi адам.

Жастық шақ жерде бар болса,

сол жанда бар-ау деп қалам.

 

Елi үшiн ерлер жас алар,

жаны үшiн ездер тасалар.

Жастық шақ мәңгi жасарар,

жастық шақ мәңгi жасанар.

 

Жорықта ұйқы көрмесек,—

өмiрге күмiс таң келдi.

Жастық шақ бiзге, шөлдесек,

ортынан судың қан бердi.

 

Өртеттi ол бiзге тоңды да,

ысқырсын, мейлi, қыс қатты!

Жастық шақ күрек орнына,

қылыштың сабын ұстатты.

 

Жастық шақ солмас гүл ектi,

дауылмен өткен жылдарға.

Жастық шақ бiздi түнеттi,

далада,

тауда,

тыңдарда.

 

Жастық шақ маңдай терлеткен,

бас тартпай абырой, жақсы аттан,

жасалар ерлiк, еңбектен,

махаббат, арман, мақсаттан.

 

Жазсам да талай өлеңдi,

алыссам дүлей — кереңмен,

жастық шақ не осы дегендi

шеше алмай әлi келем мен.

 

Кеш, достым, сенiң ең iзгi

сұрағыңды қойған шешпесем.

Кеш, достым, жырды — теңiздi

шапқылап барып кешпесем.

 

Бәрiмiз дағы бiлмес ек,

жастық шақ не деп сұраса…

Мен жаздым ойды бiр кесек,

оқырсың, мүмкiн, ұнаса.

 

Оқысаң, қарап жолға алғы,

көрерсiң күйтiн базардың.

Мен болсам, талай томдарды

жастық шақ жайлы жазармын.

 

Әзiрге осы! Қазынам

алдыңда жатыр бар жиған.

Жортармын жолда тағы да,

кiсiдей болмай шалжиған.

 

Дүниеге кеуде көрсетiп,

тiлемен шен мен жай атақ.

Көрiндi мiне жол шетi…

Әзiрге бiттi саяхат.

 

1963 сентябрь-октябрь

1 502 қаралды