Бас бет » 1960-70 жылдар, Дастандары

Алғашқы сынақ

(лирикалық поэма)

Мен жаспын. Сырға  толы көкiрегiм,

бар менiң қуанарым, өкiнерiм.

Разъезд. Каникулға келгем жаңа.

Пысықтап сабақтарды отыр едiм.

 

Келдi ме көңiлiмнiң күйiн ұғып,

келдi ме әлдеқайдан құйын iлiп.

жүнiндей қара қойдың түте-түте,

қара бұлт шықты аспанға үйiрiлiп.

 

Найзағай сияқты алтын сапты қалам,

зор гүрiл зеңбiрiктей атқылаған.

Тамшылар көктен жерге құйылды бiр,

баладай улап-шулап шапқылаған.

 

Сияқты олар жерге мүлдем асық.

Жатқандай ақ шаңменен жұлмаласып.

Бiр тамшы үстелiме келiп түстi,

ендi де терездеден тұрған  ашық.

 

Ол мөлдiр жәймен жерге сырғанаған.

Түсiне қызығады бiр қараған.

Құдды бiр көз жасындай…Түстi есiме

бiр жағдай… жанымды алғаш тырналаған,

 

Сынағым едi өмiрде ол алғашқы.

Мен жақсы көргем сол кез қолаң шашты.

Қызығып жүргенiне, күлгенiне,

мәз болып сылаң қағып жүргенiне,

 

сыртынан көзiмдi алмай қарайтынмын,

өзiме оны жақын санайтынмын.

Көз iлмей таңға дейiн қиялдаумен,

өтетiн ыстық өте талай түнiм.

 

Өлеңмен жаздым оған түрлi хат та,

көрмесем, өтпейтiндей құрғыр апта.

Осындай ең алғашқы махаббатым

соқтырған едi алғашқы бiр сынаққа…

 

                      1

 

Сентябрь!  Жеткiзбес күн созылардай,

сол күнде қуаныштың көзi бардай.

Бар бала бас қосушы ек ойдан-қырдан,

жүгiрген суға қарай қозылардай.

 

Монтиған, қара бала, қараша қыз

артынан, өкпелессек, жарасамыз.

Партаның ең алдыңғы қатарына

кейде бiз қызғанысып таласамыз.

 

Тентектiк етсек мектеп мүлкiн бұзған,

жеткiзсе оны бiреу сыртымыздан,

бөлектеп отырушы ек сиямызды,

сездiрiп ренiштi тұрқымыздан.

 

Толқындай өкпелеген жартасына,

кеттi ол кез мiнiп күннiң арқасына.

Уақыт бiздi бүгiн отырғызды,

оныншы кластың әкеп партасына.

 

Сол жылы бiздiң Сәбет үкiметi

оқудың қатты өзгертiп бүкiл ретiн,

қылған-ды бар мектептi онбiр жылдық.

Бiз ғана оныншыны бiтiретiн.

 

Жастармыз онда көңiлi мажырасқан,

тұр күнде қос қанатын жазып аспан.

Биыл да күз айында мектепке кеп,

табыстық достар қайта ажырасқан.

 

Өткендей басымыздан әр күн ерек,

не iстедiк, не жай бiздi алды бөлеп,—

жаздағы көргендерiн оқушылар

бередi самбырласа әңгiмелеп.

 

Басталды жаңа өмiр — жаңа сабақ,

кiрiстiм ынтаменен балаша нақ.

Партадан көз тастадым ең алысқа,

болашақ замандарды тамашалап.

 

Бiлiмнен қалған жоқпын жүдә қалас,

орман бар көкiрегiмде гүл аралас.

Қызыққан кең дүнияның құпиясына,

мен де бiр жапандағы шынар ағаш.

 

Мұрасын құрметтеймiн сан атамның,

келмейдi даңқ қуып дана атанғым.

Мұғалiм ғылым дәнiн сепкен адам,

мен оны тез-тез терген балапанмын.

 

Оныншы!

Барлығы да текке өтпеген,

Күн сайын қызғалдақша көктеп келем.

Осы жыл жас өмiрдiң бiр түйiнi,

осы жыл қоштасамыз мектеппенен.

 

ңОқиын, ыңғайым жоқ, көрдiм iстең,—

деп мiну жоқ әкеңе ендi күшке.

Борышы сияқтанды бозбаланың,

екi жыл жұмыс iстеу өндiрiсте.

 

Керпiшпен, боласың дос,

темiрменен,

кездесер алдыңнан жәйт не бiлмеген.

Еңбекте үйдегi бар жағдайың жоқ,—

жуасың бет-қолыңды терiңменен.

Жыл өтер, ашар өмiр омырауын,

қарсы алар бiздi еңбекке толы қауым.

Ал достым, оралайық партамызға,

соғып тұр мектеп қайта қоңырауын.

 

                       2

 

Таусылмай сырласу мен ұғыныспақ,

шырақша ақ көңiлдiң гүлiн ұстап,

Гүлжанмен қолтықтаспай, қатар жүрiп

келемiз кең көшеде қыдырыстап.

 

Бiлмеймiн ұнатты ма, сыйлады ма,

болмаса қызықты ма, қимады ма,—

армандай мен аңсаған Ай сәулесiн

жас қыздың түсiредi дидарына.

 

Жұлдыздар сияқты бiр байлық шашқан,

құс тиыш кейде сайрар жайды ұқпастан.

Көлеңке қара жерге сала салды,

бейнесiн қара ағаштың айнытпастан.

 

Қурайы, қарауытып, шағырлары,

маланың тұр мұнартып адырлары.

Сияқты майда толқын ойнап жатыр,

кеудемнiң қуанышты сағымдары.

 

Көше ұзақ шетi ешқайда тiрелместей,

жүрiс те көрiнедi дым өнбестей.

Нәп-нәзiк саусағымен келедi ұстап,

қолымды ол мәңгiлiк жiберместей.

 

Жаныма бiр күй берiп сыңғыраған,

қызуы қыз қолының мүлде ұнаған.

Қоңырауша тамырының қатты ұрғаны

бiлiнiп ақ саусақтан тұрды маған.

 

Гүлжанның көйлек белiн сәл қынаған,

бiр сәуле тұр бетiнде қалтыраған.

Өшпейтiн алдымдағы бақытымдай

бiр от бар қос көзiнде жарқыраған.

 

Ол терең ойға шомып үндемейдi,

жанымды әлдеқандай сыр бөлейдi.

— Барасың оқу бiтсе, қайда? — десем,

— Әрине, өзiңменен бiрге, — дейдi.

 

Қаптайды көкiрегiмнiң көлiн арай,

арманға, қуанышқа толы маңай.

Мен дедiм:

— Шын махаббат осы бiзге

керек пе, түсiнесiң оны қалай?

 

Көңiлге өмiрге нұр жағатындай,

қос қолы қарлығаштың қанатындай.

Келедi көздерiн ол жерге қадап,

бейне одан асыл iздеп табатындай.

 

— Махаббат жылдарменен бiрге ұшады,—

ол дедi, жалғаспады мұнысы әрi. —

Есiтiсе осы сөздi оқушыдан,

ағайлар… қызық өзi… ұрысады.

 

— Ол рас,  жас сезiмнен түңiлетiн

жандар көп сойыл ала жүгiретiн.

Бiздердi ұқпайтұғын ұстаз да бар

махаббат деген сөздiң құдiретiн.

 

Мысалы, жiберейiк алысқа ойды,

нәзiктiк көтермейдi намысқойды.

Мәңгiлiк махаббатты құрметтеген,

оқысаң

Пушкен менен Толстойды.

 

Сөздер жоқ… оқи берсең, онда нендей…

Григорий, Аксинья… жөндегендей

жандар ма? Ағайлар бос айыптайды,

өздерi ғашық болып көрмегендей…

— Шынында, одан неге жиренедi,

Ләйлi мен Мәжнүн сонша сирек едi…

— Жек көрсе махаббатты, онда ағайлар

қалайша жеңгейлерге үйленедi…

 

Осылай iште жатқан сырларды ашып,

кележақ кеткендеймiз қырларға асып.

Кенеттен жанымыздан қалпағы бар

бiр адам өттi аяғын жылдам басып.

 

Кiм екен бимезгiлде жортақтаған?

Үнсiзбiз, бiздер жоқпыз жоқ жалтақтаған.

Келемiз нық ұстасып қолымызды,

кетердей ажыратып қалпақты адам.

 

                      3

 

Ыза боп, көзден ыстық жас парлады,

бiр де бiр ауырмаған бас қалмады.

Мiнеки, үш сағаттан артығырақ

комсомол жиналысы басталғалы.

 

Мен үшiн бұ жиналыс қызық емес,

айтады доссымақтың жүзi кеңес.

Тағдырын махаббаттың шешпек болып,

барлығы болып жатыр қызыл өңеш.

 

Шешендер бiр сұрланып, бiр қабарып,

ойланад кейде сөзiн iрке қалып.

Айыптап, айтып жатыр түрлi сөздi,

қолдарын қолшоқпарша сiлтеп алып.

 

Ақ жарқын жүрушi едiк әр күнi бiз,—

осы сәт бiр шықпастан қалды үнiмiз.

Тұр кәзiр жолдастардың қолдарында,

Гүлжан мен екеумiздiң тағдырымыз.

 

Дейсiң ғой бұ жиында шешетiн не?

Еркi бар не жиында десе кiм де.

Мылтықбай бiздiң класс жетекшiмiз,

көрiптi қыдырғанды кеше түнде.

 

ңҚыдыру оқушыға ылайық па?

Сондықтан бұл қылмысты сынайық таң,—

деп, оның педсоветте сөз сөйлептi,

кiнәләп екеумiздi бұл ңайыпқаң.

 

Басымда неше түрлi ой сапырылып,

жанымды ащы сөздер жатыр ұрып.

Дәл бүгiн өтiп жатыр өте тығыз,

комсомол жиналысы шақырылып.

 

Ұстаздар тұрды өзгеден кем қарап-ақ,

сынаудан жоқ сияқты өңге талап.

Осы кез тұла бойды ашу қысып,

үндемей тұра бердiм жерге қарап.

 

— Өздерiн оқушы деп санамастан,

бұларды, — дедi Есқұл, — қара басқан.

Менiңше, комсомолдан қуу керек…

— Өздерi, шынында да, жаза басқан…

 

— Бұл өзi… жас кезiнен қызбатұғын…

— Ескiнiң жою керек қыз, қатынын!

— Азғындық!

— Жексұрындық!

— Не еткен сұмдық?!

оқушы бермеу деген қызға тыным.

 

Олардың айыбы осы маған тағар,

сияқты бәрi менi жаман санар.

— Мектептен қуу керек! — деп те жатыр,

Шәмшия, Әбiлқасым, Аманшалар.

 

Үнсiзбiн. Сетiнеген шарқаттаймын,

дәл кәзiр кiрiп кетер жер таппаймын.

Ұрланып анда-санда сан көздерден,

Гүлжанға бұға түскен жалтақтаймын.

Кеше оның жанарына нұр бөленiп,

тұрғандай болатұғын гүлдеп өрiк.

Ендi отыр ұялғаннан бұқырайып,

ақ бетi бiр сазарып, бiр көгерiп.

 

Майнаштар улы сөзбен жатыр сыбап,

айтылды сансыз кеңес, ақыл, сұрақ.

Бiр кезде қаулы оқылмақ болған кезде,

тез тынды жатқандар да батыл сынап.

 

Тар маңдай, көзi әр кезде толы күмән,

директор Жиени тұрып орынынан:

— Бiз сөздi қысқа айтамыз, тиылсын ол

түндегi бiздерге жат жорығынан.

 

Келгенде осы қылмыс тексерiлiп,

жастығы, албырттығы ескерiлiп,

берiлсiн екеуiне қатаң сөгiс,—

дедi ол тез көзiн қара пешке бұрып.

 

— Бұ қалай?

— Иә, мұның несi қалай? —

Мысқылдап күлдi бiр топ десiп ағай.

Бердi олар осылайша

үш-төрт сөзбен,

тағдырын махаббаттың шешiп оңай.

 

                     4

 

Бiз үшiн қайғыланған күйде маңай,

тұрмады бұрынғыша билеп арай.

Мектептен шыққан жанша тас арқалап,

келемiн Гүлжанменен үйге қарай.

 

Кездестiк тiрлiктегi тасқынға iрi,

қарамай кете барды достың бiрi.

Төгердей бiзге жасын елжiредi,

бұлттар —

көк аспанның қошқыл гүлi.

Тiрлiктiң қаладым ба жеңiлiн мен,

деп iштей әуре болам көңiлiммен.

Кенеттен тоқтады да Гүлжан маған:

— Дайраға барайықшы, — дедi мұңмен.

 

Бұрылдық.

Үндемедi ол.

Үндемедiм, —

өмiрiм оныменен бiрге менiң.

Келедi кең жаһанға жаным сыймай,

көңiлдiң таба алады кiмдер емiн?

 

Шынымен, бiз жартасқа соғылдық па?

Болмаса махаббаттың жолы ұрлық па?

Отырдық жағаға кеп, қайықшы ағай

бөреннен соға салған ңорындыққаң.

 

Айтпаймын ендi сөздi мен ентелеп,

наздана қарамайды ол еркелеп.

Гүлжанды көрсетпеуге тырысқандай

Ай жүзiн бiр қара бұлт көлеңкелеп.

 

Жаным жоқ теңгерiлер үпелекке,

жолдастар үнiмiздi бiтемек пе?

Сол сәтте iштей қатты жиырылдым,

басқандай аяғымды тiкенекке.

 

Ол бiр жер едi ауылдың шетiндегi,

айтпақ боп мен бiр сөздi өтiнгелi,

Гүлжанға қарап едiм, Ай қарады,

бiр бұлтты серпiп тастап бетiндегi.

 

Отырдым мен осыған тамсана қап.

Жауған-ды жаңа сөгiс қарша борап,

Гүлжанға хат жазғанда, келiспеген

Майнаш қу сөз сөйледi пәршалап-ақ.

 

Ол сүйтiп қайтарғандай есе бiзден.

Мұндай ой келмеп едi кеше бiзге.

Жәйiмен дедiм:

— Гүлжан… қатынасты…

әзiрге… жұртқа көз ғып кесемiз бе?

 

Сол мезет Гүлжан маған жалт қарады,—

көзi тұр менi жаншып, таптағалы.

Көрiндi Ай сәулесi түскен кезде,

төсiндей бұлдырықтың ақ тамағы.

 

— Е, неге?

— Қызғаншақтар ортасында

сөз болдық, себеп болдық кей тасырға.

— Соншама онда тұрған не бар екен…

сен әлде… ондайлардан қорқасың ба?

 

— О, жоға… — Түстi есiме берген азар

Майнаш пен шәпеш келген Алданазар.

— Ендеше не деп тұрсың?

— Жәй айтамын.

Оныма ойланба да… салма назар.

 

Дедiм мен, сөз айтыппын босқа еркiндеп,

кәйтемiн нашарларды бөскен күндеп?

Қарап ем, сәуле түскен көздерiне

Гүлжанның шыға кептi жас мөлтiлдеп.

 

Бiлмедiм не дерiмдi сасқанымнан,

бiр хабар бiлдiрдiм бе қашқанымнан?

Деп ойлап: ңКәзiр тұрып кетер едi,

Гүлжаннан болса егер де басқа бiр жанң,—

 

оралды мойнына оның қолым менiң,

көзден жас сол сәт көрдiм төгiлгенiн.

Өмiрi ажырамастай сияқтанып,

жабысты албыраған ерiнге ерiн.

 

Шашымды сипап қолы — ұсақ тарақ,

ол күлдi.

Сүт сияқты тiсi әппақ-ақ!

Мен сол кез Гүлжан менен бар дүнияны

тұрғандай едiм қоса құшақтап ап.

 

                      5

 

Оңбады содан кейiн хал-жағдайым,

жасанды болды асылым маржандайын.

Тұрмады уәдесiне кейiн Гүлжан,

сияқты, өз ойымша, арзандайын.

 

Ол ендi шықпай қойды шақырғанда,

әкесi кейiген бе, бақырған ба?

Майнаш пен Алданазар сықақтап жүр,

сыртымнан… менi сонша қатырғанға.

 

Мен ендi көп үңiлдiм оқулыққа,

салмадым бiр де назар нөпiр жұртқа.

Бүгiнде көп отырдым. Бiр қарасам,

әйнектен түсiп кетiп көзiм сыртқа,—

 

қалыпты түн пердесi ысырылып,

тұр күлiп көк аспанның түсi кiрiп.

Көзiме елестедi отырғандар,

кесекпен махаббаттың құсын ұрып.

 

Ермегi ондайлардың қысы, жазы — егес,

қолына қару қылып ұстары — өңеш.

Мен дедiм қызып кетiп:

— Түсiнбеген

жастардың албырт жанын… ұстаз емес!

 

Сол үшiн қаным неге қараяды,

жандарда көп емес пе жабайы әлi?

Сүрiнбей өттiм алғаш бiр сынақтан,

болады-ау өмiрде оның талайы әлi.

Көрермiз! —

 

Сыртқа шықтым тасынып бiр.

Нөсер де түнде құйған басылыпты.

Тақырда жалтыраған қақтар қалып,

күлтесi қызғалдақтың ашылыпты.

 

Жасымай өмiрдегi сүрiнгенге,

ашылдым қызғалдақша бүгiн мен де.

Мұндайда қарсы алдымнан Гүлжанымның

жарқ етiп,

қара көзi күлiмдер ме?

 

Оным жоқ!

Жан пернесiн қозғап алып,

тұратын және де жоқ көз қадалып…

Шаш қойып,  айна алдына көп баратын

мен кәзiр шаққа жеттiм бозбалалық.

 

Жiгiттiң жүрсем дейтiн бәрiне ұнап,

қыздардың кәзiр маған жаны жырақ.

Кейбiрi өп-өтiрiк қылмыңдайды,

ешкiше секiретiн қағынып ап.

 

Дей ме екен менi қызға сөз айтпайды?

Тек ана өткен жағдай азаптайды.

Киiнiп шықсам кейде мұздай болып,

— Жiгiт, — деп, қыздар күлiп мазақтайды.

 

Мейлi олар ақ көңiлiмдi жараласын,—

оларда бес бересi, жоқ аласым.

Шынында жастық қызық,  оқты көзбен

сыртынан кейбiр қыздың қадаласың.

 

Қалғанда одан жаның жараланып,

атқанша көз iлмейсiң таң ағарып.

Ондайда өз өзiңнен оңаша қап,

жазасың қызға хатты қалам алып.

 

Сөз таппай қалсаң кейде аңтарылып,

бас қасып, отырғаның жорта күлiп.

Оқылмай талай хаттың қалғаны бар,

тағдырын юбкадағы қалта бiлiп.

Ал кейде бойжеткенге сыр ақтарсаң,

қосылып қиялдарға бiр аттансаң,

жүргенi емiренiп, тебiренiп…

Тым қиын мұндай сәтте ұнап қалсаң!

 

Ондайың кездеспедi маған әлi,

қылмадым қызға талап қарағалы.

Майнашпен жүрiп кеткен Гүлжанды ойлап,

кей кезде сырқырайды жара жағы.

 

Қызығы… Гүлжан қайта гүлдегендей,

көңiлiн басқа бiр жел үрлегендей.

Оларды салмайды ұстаз жиналысқа,

бiлсе де, болады түк бiлмегендей.

 

Бұл не өзi? Майнаш менен бұла ма екен?

Жарлы мен байды тұрмыс қыла ма тең?

Олардың жүргенi ашық қылмыс емес,

жүргенiм менiң жасырын… күнә ме екен?

 

Болмаса менiң жүрген жолым ба ерсi?

Мұндайды кiм демекшi өңiм болшы?

Түсiндiм, әкесi оның рабочком,

жәй ғана менiң әкем темiржолшы.

 

Осыны ойлаған-ау қыз шамасы,

әкесi тең демеген бiзге басы.

Мен алғаш терең сырды аңдағандай,

тiрлiктiң тоңдырғандай мұзханасы,

 

көңiлiм тым қабарып қар басқындай,

сезiмдi жүрсем деген шаң бастырмай

ұмыттым.Мектеп бiттi. Алматыға

оқуды болмайды деп жалғастырмай,

 

аттандым. Түсiп кеттiм медке барып.

Латынды қайталаймын жаттап алып.

Оқуға түсе алмаған Гүлжан қыздың

күйеуге болды күзде кеткенi анық.

Ал Майнаш? Погон тақты иығына,

аттанды жердiң Шығыс қиырына.

Бiреулер айтады өсек… ол қашыпты,

Гүлжан қыз айналғасын бұйымына.

 

Шынында, таңғалдырды бұл менi де,

сөзiм жоқ ондайларды тiлдерiме.

Қалайша адам шiркiн қысылмайды,

бiреудiң бағын бұзып жүргенiне?

 

Ендi iсiм болмақ емес мүлде онымен!

Оқуда болған дұрыс үлгерiм оң.

Адам көп, олар жүрер жолдар да көп.

Мен соның келем жортып бiр жолымен.

 

Тексерем сонда қояр сұрағымды,

тексерем сенiмiмдi, күмәнiмдi.

Сондайда мен аламын күлiп еске,

сүрiнбей өткен алғаш  сынағымды…

 

1962

825 қаралды