Бас бет » 1960-70 жылдар, 1994-2006 жылдар, Дастандары

Сәуле

(поэма)

 

О досым, мен ерекше жан емеспiн,

өзiңдей мен де ойнақтап далада өстiм.

Анамнан — табиғаттан ұғынып сыр,

қыр гүлiн көкiрегiме қадап өстiм.

 

Төбемде алтын Күнiм күлiп тұрған,

ол маған қайғы-мұңды ұмыттырған.

Сүйрелеп өмiр менi өр шыңына,

жеңiлге, ауырға да шынықтырған.

 

Өмiрден алып үлгi көргенiмнен,

ұмтылдым ең ауырға, өрге бiрден.

Мен мүмкiн осы жолда сүрiнермiн,

сонда да тарттым алға өр кеуiлмен.

 

Кейбiреу әуесқойлық дейдi мұны,

дей берсiн, керек емес қиғылығы.

Алдағы кең дүнияға бастым қадам,

талаптың болмақ ақыр игiлiгi.

 

*  *  *

 

Ыстықсың Қызылордам неге маған?

Шайыр жоқ саған бiр жалт қарамаған.

Көркiңе сүйсiнем де, сүйiнем де,

отына ақ жанымның орап алам.

 

Сүйкiмсiз көрiнсең де басқаларға,

ұқсайсың Алматыдай астанама.

Жанымда толқын туар, кiргенiмде

жамылған көк косынка бақшаларға.

 

Әсерлi жанға ләззәт берiп демiң,

тұрады бақыт нұрын төгiп көгiң.

Қырымның орманына оранғандай,

арудай не еткен өзiң көрiктi едiң?!

 

Қансам да қанша көктем, күз сырына,

тоймаймын мен өзiңнiң қызығыңа.

Қызарған қыздарыңның ақша бетiн

алманың ұқсатамын қызылына.

 

Қомданған шабыттанып қырандай нақ,

жалт еткен табиғаттан сыр аңдап-ақ,

үстiнен сонау биiк еңселi үйдiң

әлемдi бақылаумен тұрам қарап.

 

Әнеки,

театрдың тұрған үйi,

болады кеште жастар мұнда биi.

Тербелiп қыз бен жiгiт кең алаңда,

жалт еткен жанарлардан сырды аңдиды.

 

Тоңбайды, демейдi олар қыс күнi едi,

суықтан өзгермейдi кiлт iреңi.

Жарқылдап қара көздер күлiм қағар,

ойнақшып алма бетте күлкi лебi.

 

Гармонист тартса вальс райланып,

— Жастықта жабырқамай бiз ойналық,—

деп, жатыр екеу-екеу қол ұстасып,

алаңда билеп кетер шыр айналып.

 

Мұндай кеш болушы едi тым тамаша,

қуанар бикештер де шын балаша.

Кетпей ме кеуiлi ерiп жiгiттердiң

жалт етiп қара көздер бiр қараса!

 

Кеуiлi сезiктенiп әлденеден,

бұл кеште жiгiт бiткен әуреленген.

Жарқылдап осы топтың ортасында

жүр менiң героиням Сәуле деген.

 

*  *  *

 

Төбеде күлiмдеген Күн тұр әлi,

араймен жасыл бақша құлпырады.

Саялап ақ қайыңның жапырағын,

қос ғашық бiр бiрiне ынтығады.

 

Сәуле ғой, ол кiм едi қасындағы,

құшады ол, қыз мойнына асылады.

Ерiндер жабысқанын қызғанғандай,

өзгеден жапырақтар жасырады.

 

О жастық! Не еткен сонша ыстық едiң,

өзiңе тартар жанды күштi лебiң.

Сен бейне ерiтесiң сары майдай,

жiгiттiң, мейлi ғашық қыз жүрегiн.

 

Қайғыны дарқан күшiң серiпкендей,

сен десе, тұра ма адам көрiктенбей?

Тартады магнитше сенiң лебiң,

тулаған толқынға да ерiк бермей.

 

…Бақшада тұр әнеки жастар күлiп,

шат бақыт кеуiлдерiн мастандырып.

Күн дағы тас төбеде кiрпiк қақпай,

елжiреп, қарап қалған Аспан тұнық.

 

Қарайды бiр бiрiне шөлдегендей,

әлемге бақытымды көр дегендей.

Бақылап екi жасты тұрғанына

ақ қайың, ұялғаннан, терлегендей.

 

Жолатпай жандарына сызат түрлi,

екеуi сол арада ұзақ тұрды.

Жiгiттiң кеудесiне өз қолымен

қадады өсiп тұрған қыз ап гүлдi.

 

Белгiсiз күлiседi не дегенi,

мәз болып сәл нәрсеге жөнеледi.

Бiлгендей осы шақты, осы сәттi,

жайымен жұпар жаңбыр себеледi.

 

— Ища! — деп, қыз құшаққа кiре бердi,

бiр дене болып олар түрегелдi.

Оларды сыйлағандай тамшысымен,

бұлттар да құйып-құйып жiбередi.

 

Арынды құйды нөсер, өстi де екпiн,

үстiне себеледi хош тiлектiң.

Найзағай анда-санда шатырлайды,

бақытын қызғанғандай қос жүректiң.

 

*  *  *

 

Найзағай бұлтты қуды дүркiретiп,

көз жасын Аспан төктi сiркiретiп.

Қайыңның жапырағы тербеледi,

жаңбырды ғашықтарға бүркiп өтiп.

 

Бұзылды бұрынғыдан күн әлемi,

екеуi сол арада тұра бердi.

Кәйтейiн, табиғатты-ай, жаңбырыңмен

келбетiн бұздың қыздың тым әдемi.

 

Бiр кезде Сәуле ақырын:

— Жұмаш, — дедi,

көзiнен аңғарылды сұрақ лебi.—

Алғасын дипломды, ауылыма

болыпты жiберетiн рас менi.

 

Жiгiттiң от көзiнде сәл қырағы,

жалыны жақпастықтың жанды, әнi.

— Сәулешiм, олай деме, ертең сенi,

папама айтсам, мұнда қалдырады.

 

Жандай-ақ тұрған бойда әл бiткелi,

селк еттi қыз, осы ма бар күткенi?

Жұмашқа жалт қараса, от көзiнен

көрiндi бұйыра айтқан жарлық лебi.

 

Сөйледi Сәуле жарқын жанарымен:

— Комсомол жiбергесiн барамын мен.

Ойлашы, өзiң Жұмаш, мұндай ұлы

жорықтан қалай босқа қаламын мен?

 

Кеуiлi мылқауланып, тас жамылып,

Сәуленi жiгiт кенет тастады iлiп:

— Бiлемiн не үшiн елге барарыңды,

ойыңда тұр ғой сенiң басқа жiгiт.

 

Бiр ыза бойын билей алғандай-ақ,

селкi еттi, ақ жаны отқа жанғандай-ақ.

Ешбiр сөз оған Сәуле айта алмады,

байланып тiлi мүлдем қалғандай-ақ.

 

— Қылығың маған еткен жетедi ендi,

өмiрiң қу далада өтедi ендi.

Түңiлдiм ендi сенен, — дедi дағы,

бөлiнiп, жiгiт жүрiп кете бердi.

 

Сәуленiң жiгiтi ойын дым ұқпады,

iзiнен ұмтылды да, тұрып қалды.

Сол кезде құйып өттi қара жаңбыр,

найзағай кие жарып бұлыттарды.

 

*  *  *

 

Дипломын сағыныштай қолына алып,

арманы, бар тiлегi орындалып,

институттан шықты Сәуле қуанышпен,

тұрғандай жүретұғын жолын танып.

 

Шыққандай бүгiн өмiр қиясына,

ағады жан дүниядан күй асыға.

Бүгiнгi қуаныштың символындай

тулайды жүрек сыймай ұясына.

 

Ертңе ол iлiнедi ел көшiне,

қолынан шын ұстаздың келмесi не?

Бiлiмiн, бар асылын ала келген

құяды шәкiрттердiң зердесiне.

 

Есiгiн ендi өмiрдiң мол ашады,

теория iс жүзiнде жарасады.

Тұр әне қарсы алдына оны күтiп,

арманы, бар бақыты, болашағы.

 

Бүгiн ол өмiрдi шын сыйлағандай,

жаманға ардақты атты қимағандай.

Шаттықтан кеудесiнде лүпiлдейдi,

жүрегi кең дүнияға сыймағандай.

 

*  *  *

 

Үш-төрт күн көз iлместен өттi арада,

зырлаған қайран мезгiл тоқтала ма?

Жұмашқа бүгiн Сәуле бармақ едi,

өкпелеп, жатаққа бiр соқпағанға.

 

Көшеге Сәуле шыға берiп едi,

жоқ болды кеуiлдiлiк өңiндегi.

Апырмау, өңiме бұл, әлде елес пе?

…Қасында бiз өкшесi көрiнедi.

 

Екеуi қолтықтасқан, тiптi ырас,

келедi қыз қасында жiгiтi — Жұмаш.

Сұмдық-ай, ақ жанымен құлай сүйген

адамы соншама боп шықты ылас.

Сәуленiң нұрлы көзi не көргенi,

 

жанына жетiп барып:

— Бөгел, — дедi.

Шiркiн-ей, аямастан осы кезде

азғынның бет пердесiн сөгер ме едi?!

 

— Немене? — дедi Жұмаш адырайып,

ондайға болушы едi жаны ылайық.

— Деушi едiң сенiменен жаным бiрге,

қалайша босқа екiге жарылайық?

 

Бәрi де айтқаныңның жалған екен,

түсiпсiң сен азғындық жолға бекем.

Жаныңның арманындай көрiнетiн

баяғы қайда бақша, қайда мекен?

 

— Бұл iске әр қашанда сен кiнәлi,

айтпап па ем баста саған мен мынаны:

қалада қаламыз бiз, жетедi ақша,

әкенi, нағашыны, көр құданы.

 

Болмадың ол тiлдi сен алатұғын,

сүймедi қала күнiн, қала түнiн.

Кете бер, жолың ашық, ықтиярың,

жайым жоқ қу далаға баратұғын.

 

— Эх, не еткен азғын едiң, сен не деген,

демегiн өмiр сүрем бөлек елден.

Шыдамас қиындыққа, ауырлықққа,

тұрақсыз қаңбақтайсың дөңгеленген.

 

Халықтан жат ойлары, жат тұрағы,

сендейдi өмiр сыртқа лақтырады…

Безерген, бедiрейген Жұмаштың ол

жағына шапалақпен тартты әнi.

 

Мiнеки, бiр кездегi жақсы жiгiт…

Тамшы жас қыз көзiнен ақты шығып.

Бетiне Сәуле азғынның түкiрдi де,

көшемен кете бердi жалт бұрылып…

 

*  *  *

 

“О тағдыр, сыйлағаның осы ма едi,

жоқ қылдың қызығымды несiбелi.

Қара бұлт басты менiң аспанымды,

мұныңды қандай адам кешiредi?

 

Ұрынттың тас соқпаққа маңдайымды,

шөлдеттiң, шөлiркеттiң таңдайымды.

Бұлбұлын ақ жанымның мұңлы қылып,

айырдың жапырағынан нән қайыңды.

 

Жас жаным не көрмедi, не кешпедi?

Сүрiнттi менi өмiрдiң белестерi.

Сүйiсу, махаббаттың кәдiрлi аты

адамға бәрi бiрдей емес пе едi?

 

Едiм ғой бұрын аққан ақ бұлақ нақ,

тартылды суым, маған жеттi де аптап.

Ескермей нәзiктiктiң арқасында,

бiр азғын ақ кеулiмдi кеттi таптап.

 

Жоқ, жаным, босқа өмiрден жекеленбе,

қайғының қара бұлтын көтерем де.

Мен ендi ұлы өмiрден бақ табамын,

бөгелмей аттанамын ертең елге…”

 

Осындай ойлар ащы маза бермей,

төсекте жатыр Сәуле көзiн iлмей.

Iштегi жалынымен арпалысып

жатқанда, таң атқанын қалды бiлмей.

 

Орнынан ұшып Сәуле түрегелдi,

қалайша босқа уақтын жiбередi?

Жинады, шамаданын алды дағы,

аяңдап вокзал жаққа жүре бердi.

 

*  *  *

 

Перрон. Тас төбеде Күн тұр әлi.

Уақыт бiр орнынан жылжымады.

Сәулеге сыр шертiсiп, құшақтасып,

қоштасып келiп жатыр құрбылары.

 

О не еткен едiң жақсы асыл құрбы,

дос барда, ардақтысың басың пұлды.

Қия алмай құрдастарын, сырластарын,

Сәуленiң жанарына жас iркiлдi.

 

Еске алып не қызықты өткен күннен,

құрбының көзден жасы көп төгiлген.

Қия алмай бiрiн бiрi сүйе бердi,

көзiнен, ерiнiнен, беттерiнен.

 

Сәт сапар тiлеп бәрi жолға алдағы,

кеп жатыр, олардың да көп арманы.

Осындай ұлы жолға аттанғанда,

тек бiреу қоштасуға келе алмады.

 

 

*  *  *

 

Жылжыды поезд, артқа жаңа жердi

тастаумен, шықты жазық далаға ендi.

Кеуiлi ақ жанына Күннен де ыстық

қол бұлғап жос-жараны қала бердi.

 

Келедi зырлап поезд дала жаққа,

мұнартқан асу алда, сан алап та.

Төбелер таусылмайтын алдыңдағы

әп-сәтте дөңгеленiп қалады артта.

 

Туралы, Сәуле, дала қиялдады,

дала ғой бар бақыты, күйi, арманы.

Туған ғой анасы да сол далада,

есiне түстi туған үй орманы.

 

Кең дала жайқалыпты бозаң басқан,

көркейген бұрынғыдан ажарлы аспан.

Сүйсiнiп туған жерге бiздiң Сәуле,

қарайды терезеден көз алмастан.

 

Қалғандай мына дала көктен түсiп,

жаныңа не еткен жақын, не еткен ыстық!

Созылған алдағы алыс жон, адырлар

барады қара көзден бiр бiр ұшып.

 

Мiнеки, таныс жерлер алдындағы,

Сәуленiң кезген бала шағындағы.

Әнеки, бұлақтар да суын iшкен,

тебiрентер жан сырыңды жаныңдағы.

 

Елi ғой арманы да, тiлегi де,

бiр толқын болды пайда жүрегiнде.

Ойласаң, қандай жақсы өз қолыңмен

үлесiң қосып қалу ұлы өмiрге.

 

Жоқ болды ренiшi өткендегi,

көрiндi туған жерi, көк көлдерi.

Ерекше кеуiлдiлiк бойын билеп,

орнады ақ жанына көктем лебi.

 

Ұясын түлеп ұшқан аңсады ма,

ұмытты Сәуле тiптен шаршауды да.

Бiр қадам басқан сайын, көрiндi анық

нұрлы өмiр жарқыраған қарсы алдында.

 

1960 —1961

800 қаралды