Бас бет » Әдеби сын

Жанр жүгі

(Бүгiнгi қазақ хикаялары хақында)

 

Көркемделген әдебиеттiң арқалайтын жүгi өте жеңiлейiп кеткен мына қатыгез капиталдың заманында қазақ қарасөзiнiң қандай жүк арқалап келе жатқаны‚ ол жүктiң не‚ қандай екендiгi туралы‚ жалпы бүгiнгi қарасөздiң‚ соның iшiнде ең қолайлы‚ оңтайлы орташа жанр — хикая-повестердiң даму барысы‚ халқымыздың талқыға түскен бүгiнгi‚ кешегi‚ одан әрi — өткен дәуiрлерiндегi тұрмыс-тiршiлiгi‚ рухани болмысы‚ арман-мақсаты, т.б. жөнiнде өзiнiң ең бiр қасиеттi де ұлы қызметiн атқарып отыр ма‚ жоқ па деген сауалдың төңiрегiнде ой толғап көргеннiң еш артықтығы жоқ. Осы талапты басты мақсат етiп ұстана отырып‚ бiр ғасырға жуық уақытта қазақ топырағына кеп табан тiреген хикая жанрының жүрген жолын шолып өтсек‚ бiздiң қуанатын да‚ күйiнетiн де сәттерiмiздiң барлығына көзiмiз анық жетедi. Оның себебi жоқ та емес. Шын мәнiсiне келгенде‚ әдеби‚ көркемделген сананың жетiлуi‚ өсiп-өркендеуi үшiн бiр ғана жүз жыл аздық та етедi. Мұның ең бiр басты кiлтипаны — кiсi рухының‚ соның iшiнде бүткiл халықтың‚ қауымның рухани жақтан iрi секiрiске көнбейтiндiгiнде‚ оның бiрте-бiрте ақырындап‚ әр түрлi баспалдақтардан өте отырып жетiлуi тиiстiлiгiнде‚ басқаша айтсақ‚ эволюция жолынан жаңылмай‚ сол соқпақта кездесер не бiр тар жол тайғақ кешулердiң бәрiн де көруге тиiстiлiгiнде жатыр. Бұл жерде шаруашылық‚ өнеркәсiптiң‚ кеңiрек алып қарасақ‚ қауымның‚ мемлекеттiң iшкi құрылысының өзiнiң де аяқ астында бар қуатын бiр жерге жиып‚ алысқа қарай секiре бермейтiндiгiн‚ өйткен жағдайда қоғамның қандай қияпатқа ұшырайтынын бiз басымыздан кешкен елмiз. Оның iшiнде соңғы жылдары алға қарай қарғудың орнына‚ Кеңестiң керзаманында «капитализмдi айналып өтiп‚ социализмге секiргенбiз» деп көйлегiмiзге сыймай көпiргенiмiздiң орнын толтырайық деп‚ кейiнгi ғасырларға қарай‚ атап айтсақ‚ сонау капитализм жаңа-жаңа пайда бола бастаған орта ғасырларға қарай көткеншектей секiрген жұртпыз. Бұл екi-үш ұрпақтың басына түскен үлкен бiр сынақ едi. Соған орай бiздiң жалпы сана-сенiмiмiз де‚ ой-пiкiрiмз де‚ ар-ұжданымыз да‚ тұрмыс-тiршiлiгiмiз де соңғы жылдары қатты өзгерiп кеттi. Кешегi өткен ғасырдың 20-30-ыншы жылдары жасаған ұрпақтың ата сақалы аузына түскендерi‚ өз заманында арман-мұратқа айналған: «Ақ көйлегiң бүрмелi»‚ — дейтiннен мүлдем айрылып‚ биттiң қабығындай тырысқан дамбал киетiн‚ «пәмперс» дейтiн «пәленi» дабырайта насихаттайтын керауыз‚ көргенсiз заманға тап болды. Сол кездерi исламға сенгенi үшiн ит жеккенге айдалғандардың соңының кезiнде жәлепшылықтың шыңына жеткен сайқалдардың аяқ астында мұсылман бола қап‚ басына ақ орамал салып‚ бiрнеше рет хажыға турист боп (!) барып‚ мұсылман әйелдерiнiң басын қосар қоғамның күн мен айы болғанын көзi көрдi. Кезiнде «түрксiбшiлеп» ұрандаған белсендiлер мен атқа мiнбесе арам өлетiндей көретiн әулекiлер бүгiнгi заманда аз уақытта қазақ халқының қалай өзгергенiне‚ бұрын сауда десе сырт қарайтын елдiң ендi нағыз саудагерге айналып‚ өзбек пен ұйғырдың тақиясын терiс кигiзiп жiберетiнiне куә болды. Ол аздай‚ ала таяқ ұстап‚ бұхараның ширатпа көк насыбайын баппен атып‚ әлдекiмдi көре қалса‚ «мынау алып қой!» деп көзiн жұмып‚ басын шұлғитын кiсiлердiң‚ шашының селеуше ағарып кеткенiне қарамастан‚ тәнiн сатып‚ «тәңгә» тауып жүрген Саиндағы сайқалдарға таңдай қаға қарайтын бiр ырқылжың заманы туды. Сөйтiп‚ халқымыздың ғасырлар бойы берiк ұстанып келген‚ өзiн не бiр шатқалаң замандарда аман-есен сақтап қалған ең бiр мызғымайтын берiк ұстыны‚ дiңгегi — ар-ұждан‚ ұят‚ өнеге‚ отбасы‚ үрдiс, т.б. дейтiн ең бiр қымбат қазыналарымыздың iргесi шайқалды. Нәсiлiмiздiң‚ тегiмiздiң қоры (генофонд) былғанып‚ таусылуға айналды. Ал бiз мұны интернационализм‚ халықтар достығы деп шалқимыз‚ ақы адал тегешiмiздi ырбиған итаяқтай көрiп‚ оған кiм көрiнгеннiң сарып кетiп жатқанына намысымыз да келмейдi. Мiне‚ осындай ертеңгiсi белгiсiз алмағайып заманда тiрлiк кешiп отырған халқымыздың бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiгi‚ қам-харекетi‚ ой-пiкiрi‚ алдағы көздеген мақсат-мұраты, т.б. жөнiнде бiздiң көркемделген әдебиетiмiз жұмған аузын ашпай да отыр. Бұл бұдан қарны қабақтай‚ семiз бетi шарық табақтай‚ ертеңiн ойламас елпеңi көп‚ пәтуасыз пұлдың құлы боп кетiп жүрген қаламгерлерiмiздiң нағыз филистер‚ тоғышар‚ басы ошақ қасынан ұзай алмай отырғанын анық көремiз. «Сен тимесең‚ мен тимен бадыраң көздi» рухани жақтан мызғымас сенiмi‚ тура жолға бастар бiрден бiр дiнi етiп ұстанып отырған ондайлар кешегi Кеңестiң кең заманында да болған‚ не бiр алапа‚ беделдi сыйлық үшiн бiрiнiң үстiнен бiрi арызды қойша тоғытып‚ алапа үшiн жаға да жыртысқан‚ барымтаға шықпақ боп‚ қол да жинаған‚ екi өңiрiн барынша жылтыраққа толтыруға да тырысқан‚ не бiр беделдi жиналыстарда коммунашылдардың «киелі» қызыл билетiн көкке сермей көрсетiп‚ ауыздарынан ақ көбiк аға көсiле лепiрген‚ өздерiнiң қарасына өзiн мақтайтын жалдамалы сыншыларды да жинаған! Кәзiр ондай кешегi партократтардың бәрi дүркiреген демократ! Ендi ондайлар жалдамалы сыншы ұстаумен қатар‚ ашығын айтып салар «алаңғасар» «ауыштардың екi елi ауыздарына төрт елi қақпақ қою үшiн жалдамалы баскесерлердi де (бұл ағылшынша — киллер‚ өзбекше — кәлләкешер!) топылтып ұстап отыр! Мұндай кезде аузыңды ашып көр! Өйтсең‚ отыз екi тiсiңдi қағып ап‚ оларды «запчастыға» шетелдiң алпауыттарына сатып та жiбередi! Оны айтып‚ арыздансаң‚ нағыз пәлеқор атанасың! Жалпы ол талабыңнан ештеңе өнбейдi де. Себебi — әлгi әдеби алпауыттың түпқазығы сона-а-ау жоғарыда жатыр! Сосын тырп етiп көр! Сен онан да қарақан қара басыңның қамын ойлауға тиiссiң! «Құдай да тиыш‚ құдағай да тиыштың» ыңғайына жығылуға мәжбүрсiң! Бұл нағыз төрт құбылаң түгел дейтiн конформизм! Мұндай халды әлем әдебиетiнде кiмдер басынан кешпедi? Кешегi хандарды қаһарман қылған «сарай ақындарынң айтпағанның өзiнде‚ жұрт назарын сүйегi атамзаманда шiрiп кеткен «Фаустқа» аударып‚ дүйiм жұртты «ауышң еткен атақты Гетенiң өзi сонау «олимптенң жердегi қыбырлаған «құмырсқаларға» астамси көз тастаған жоқ па? Сонда бiзге неге сөйтпеске? Сөз жоқ‚ сөйтiп те жатырмыз. Бiздегi кәзiргi әдеби белсендiлерiмiздiң бәрiнiң де астарына мiнiп отырған бiр-бiр «алтын тақтары» бар. Олардың алды — депутат‚ арты — партия құрғыш тақылдақ. Солардың ең бiр жуан ортасында жүрген‚ газет‚ жорнал‚ радио‚ телеайнаның бетiн бермейтiн‚ жоғарыдан соққан желдiң ыңғайына қарай қоғаша жапырылып жығыла беретiн Д.Исабеков жақында берген бiр сұхбатында өзiнiң осы заман туралы жаза алмайтындығын‚ себебi бүгiнгi кейiпкерлердiң қалыптасып (?) болмағандығын «айдай әлемге пәш» еттi! Бұл өте «қызық» пiкiр. Бiрақ секемшiл ойға өткен замандар орала бередi. Бiздi қойшы‚ сонда сонау Бальзак заманында бет ажары әлi айқындала қоймаған беделсiз бурзуазия тобы қалыптасып болып па едi? Соған қарамастан француз жазушысының өз хикаяларын қойша тоғыртқаны несi? Оны сол кездегi француз қоғамының дәл айнасы дегендер қателескен бе? Әлде бұл өзiмiздiң қарымсыздығымыз ба? Мiне‚ осы арада көркемделген әдебиеттегi ең бiр оңтайлы‚ қағiлез жанр (роман үшiн бiраз уақыттың өтуi шарт‚ — Б.А.) хикая‚ повесть еске орала бередi. Оның себебi жоқ та емес. Бiздiң күнделiктi тiршiлiкте басымыздан өтiп жатқан небiр жәйттердi екшеп ап‚ тән нәрселердi тауып‚ қорытып‚ қарабайыр тiршiлiктiң қал-палы жоқ айнаға терiс аунап түскен кескiн-келбетiн қайтадан соғып‚ жасап (воспроизведение!)‚ соны тың дүние тудыру үшiн орташа жанрдың мүмкiншiлiгi өте көп. Оның үстiне хикаяның өмiрдiң материалынан ойып алар ауқымы да онша кең емес. Аламан бәйігнi еске түсiрер‚ түйе толғағы жетерлiк үлкен жанр — роман орнынан ыбылжып қозғалам дегенше‚ қағылез хикая бiрнеше шақырымға зымырап та кетедi. Мiне‚ сондықтан да заманның осындай өтпелi кезеңдерiнде сол дәуiрдiң ырғағына‚ рухына сай орташа және шағын жанрлар (әңгiме!) қай кезде де алға шығып отырады. Олардың барлығының тiрлiктiң топырағынан ойып алған материалдарын кейiнiнен кең көлемде қайта бiр қарастырып‚ өзiнiң «домна» пешiне салып кеп жiберiп‚ олардың барлығын да қайтадан басқа бiр қалыпқа‚ пормаға сап‚ қайта құйып‚ тосын дүниелiк жасау — романның мiндетi. Мiне‚ осындай қасиет‚ кең ауқым‚ басқаша айтсақ‚ үлкен синтез жетпегендiктен‚ әсiресе‚ алапатқа толы 20-сыншы ғасырдың кескiн-келбетiн толық етiп көрсетер үлкен роман бiз түгел‚ өсiп-өркендеп отырған әдебиетi бар орыс прозасында да жоқ! Мұны орыстың ең бiр озық ойлы сыншылары да айтып жүр. Оларда да өтпелi кезеңнiң кескiн-келбетiн көрсетерде тағы да повесть жанры алға шықты. Бiз де одан қалыса қойған жоқпыз. Осы жерде бұл жанрдың неге үнемi алға қарай өңмеңдей беретiнiн туралы ойланбасқа әлтiң де жоқ. Соның сырын ашу үшiн‚ өткен замандарға үңiлмеске болмайды.

 

Бұл арада әдебиет тарихына көз саларда‚ бүгiнгi роман туралы сөз қозғап отырып‚ бүгiнгi жазушыларға күнi өткен «Қалың малды» үлгi‚ нұсқа ретiнде ұсына беретiн ғалымдарымыздың ескi қалпағын киюге тырысудың жөнi жоқтығын айта кеткен жөн. Мәселе бұл жерде орташа жанрдың негiзiне‚ туылу себебiне‚ орнығып‚ көркеюiне көз жүгiртуде жатыр. Бұл бiрақ‚ әлдекiмдердей ескi жұртта ойқастай‚ «мола қазып» кету емес‚ — керiсiнше‚ бүгiнгi белең алған нәрсенiң түп тамырын зерттеп бiлу! Соның сыр-сипатын ашу! Өйтпеген күнде бүгiнгi хикая жанрының бұрынғы қазақтың үрдiсiнде жоқ‚ бүгiнгi қазаққа Кеңес заманында зорлап таңылған өнердiң кейбiр түрлерi сияқты нәрсе боп көрiнуi бек мүмкiн. Бiрақ повесть бүгiнгi жұртшылыққа кинематограф сықылды етене‚ төл дүние ретiнде көрiнiп отыр. Мұның олай болуы нелiктен! Әлде халқымыздың құлағы қалқиып‚ ұзақсонар қисса тыңдап өскендiгiнен бе? Онда бiр бiрiмен келiспей‚ қызыл өңеш боп‚ айтыса беретiндiгiмiз бүгiнде Ерманның Жүрсiнi жұма намазға жығылғандай апта сайын өткiзетiн «айтыстың» әсерi ме? Қалай десең де‚ айтыс та‚ тартыс та‚ хикая да қисса да қазақ халқына тән‚ етене жақын. Соның iшкi сырын ашу үшiн тарихтың топырағын қайта бiр қопарып‚ өткен замандардағы халық рухының қалың қатпарына көз жүгiртпеске болмайды.

 

Бiз бұл жерде тарихқа экскурс жасамастан бұрын тағы да әбден та айтыла-айтыла құлақты қажап бiткен‚ бiрақ мағынасы тереңде жатқан атақты Гегельдiң диалектикасын еске алуға тиiспiз. Бұл‚ қазақы тiлмен айтқанда‚ қандай да бiр нәрсенiң бiрнеше қыры‚ екiншi бiр керағар жағы бар деген сөз. Мәселен‚ бiздi ақ патша жаулап алмай‚ ағылшындар бодан етсе‚ не болар едiк деп бiр ойланып көрелiкшi. Онда Қазақстан бүгiнгi Ауғанстан немесе Үндiстанның дәрежесiнде ғана қалар едi. Әрi асып кеткенде Пәкістанның деңгейiнде болар едi. Ал ол елдердiң 90 процент‚ файызы сауатсыз! Ал қазақтар өзiмiз күнде қарғап-сiлеп жүрген Кеңес заманында толығымен (сауат деген сөз де емес! — Б.А) орташа және жоғары бiлiм алды. Бұл әлем халықтарының сауаттылығымен салыстырғанда‚ ең бiр озық көрсеткiш! Ал орыстардың 19-ыншы ғасырдағы‚ әлi де француз‚ немiс әдебиеттерне шәкiрт болудан арыла қоймаған‚ бiрақ буыны беки бастаған әдебиетiнен тәлiм-тәрбие алған қазақ әдебиетi қарасөз жағынан да‚ өлеңсөз жағынан исi түркi халықтарының ең алдында маңдайы жарқырап тұр! Сол орыстардың 19-ыншы ғасырдағы әдебиетiмен таныспағанда‚ үлгi-нұсқа алмағанда‚ бiздiң Абайымыз әрi кеткенде шағатайшылап‚ тiлiн бұрап жазған «кiтаби ақындарымыздың» деңгейiнде қалған болар едi. Одан кейiнгi Сұлтанмахмұт та‚ Сәкен де‚ Мағжан да‚ Бернияз да‚ тiптен Мiржақып пен Ахмет те ортақол өзеуреген топтан бой асыра алмаған болар едi. Мен бұл жерде ақ патшаның қазақтарды жаулап ап‚ бұратана еткiсi келгендiгiн‚ шiркеу‚ әдебиет арқылы Иса дiнiне енгiзгiсi келгендiгiн‚ миссионерлерi арқылы (бүгiнгi АҚШ-тың т.б. миссионерлерiн еске алыңыз! — Б.А.) халқымыздың бүкiл рухын‚ тұрмыс-тiршiлiгiн‚ жалпы менталитетiн христиан мәдениетiне қарай өзгерткiсi келгендiгiн жақтағалы отырған жоқпын. Тек бұл жерде тағы да Гегельдiң диалектикасын айтқалы отырмын. Мұны‚ басқаша айтсақ‚ ақ патша қазақтардың дiнiн өзгертем деп‚ оларға бiлiм бердi. Бұл Кеңес заманында одан әрмен қарай жалғасты. Сөйтiп Кеңес билiгi өз көрiн өзi қазды. Мұның сырын түсiну онша қиын емес. Қалай десең де оқыған-тоқыған‚ көзi ашық елдiң өзiнiң бодандалған қалпына надан‚ фанатик ел-жұртқа қарағанда көзi бұрынырақ жетедi. Сөйтiп оның тек қана өзiне тән ұлт ретiндегi сана-сезiмi оянады. Ол оянғаннан кейiн‚ сусловтардың әр халықтың басын қосып‚ бiр тектес «сәбет халқын» жасаймыз деген талабы өз өзiнен күл-талқан болады. Ол солай боп шықты да. Ал ашықауыз Кеңес үкiметiне қарағанда зымиян‚ iш пыстаны iшiндегi‚ бұрын басқа елдерде отарлап алуда тәжiрибесi көп Англия‚ Франция‚ Португалиялар өздерi бодан еткен жұрттарға бiлiм берген жоқ! Бүгiндерi азаттық алып жатқан Африканың Қазақстанның дәрежесiне жетуi үшiн бiраз заман керек. Мiне‚ қыртысы қалың диалектиканың екiншi жағы осында жатыр! Өз кезiнде орыстың миссионерлерiмен дос-жаран болған Алтынсарының Ыбырайының да осы «диалектикадан» шығып кеткен жерi жоқ. Ол алғаш рет қазақтың кириллицаға негiзделген әлiппесi (Араб жазуындағы 28 әрiп қазақ тiлiнiң 36-дан асатын дыбысын түгелiмен жеткiзе алмайды‚ — Б.А.) мен алғашқы хрестоматиясын‚ оқу кiтабын жасады! Ол қазақтарды алғаш рет орыс әдебиетiмен таныстырды. Абай алғаш рет қазақтарға отырықшы болудың артықшылығын (қазақ оны сарттың тiрлiгi деп менсiнбейтiн! — Б.А.) айтты. Бұл нәрсе 30-ыншы жылдары Т.Рысқұловтың Сталинге сыбырлауымен тiкелей араласуымен қауырт түрде жасалды‚ халықтың ғасырлар бойғы қалыпты тiрлiгi бұзылып‚ ел тоз-тоз болды. Оған дейiн қазақтың оқыған-тоқығандары‚ соның iшiнде алашордашылдар алғаш рет газет-жорнал ашты. Бұл жерде қазақтың сол алғашқы қарлығаштарының бiлiмнiң даңғыл жолына бiрден орыс тiлiн меңгерiп түсiп кетпегендiгiн‚ екi ортада басқа бiр делдал жұрттың болғандығын айта кеткен жөн. Ол‚ әрине‚ татар халқы‚ татар әдебиетi мен татар мәдениетi. Бұл жердегi әсер екi жақты жүрдi. Арқа қазақтарына татар‚ башқұрт мәдениетi ықпал жасаса‚ түскей қазақтарына Бұхара‚ Самарқан‚ Үргенiш‚ Хиуа жағынан жеткен Шығыс мәдениетi қатты әсер еттi. Сол екi әсерге орай қазақтың оқыған-тоқығандары екi үлкен топқа бөлiндi. Мәселен‚ алғаш рет татар медресесiнiң есiгiн ашқан Абай кейiнiнен Толстойдың топырағына қарай аунап түстi. Оның өйтуiне тағы да татар әдебиетi әсер еттi. Ол өзiнiң қазақ өлеңiнiң ырғағына жасаған реформасына татар‚ башқұрт өлеңдерiнде кездесетiн ырғақтарды негiз етiп алды. Ал атақты «Қарасөздерi» шығыстың «Кабуснамасының» ыңғайында жазылды. Одан кейiн шыққан Ахмет‚ Мiржақып‚ Мағжан‚ Сәкен‚ Бейiмбеттер де т.б. татар әдебиетi арқылы орыс әдебиетiне қол созды. Бұған керiсiнше‚ араб‚ фарсы‚ шағатай әдебиеттерiн үлгi тұтқан екiншi бiр «кiтаби ақындар» деп жүргендерiмiз шықты. Олардың арасындағы ең бiр көрнектiсi — Iзтiлеуұлы Тұрмағамбет шайыр болатын. Мiне‚ осы екi топтың ортасында халқымыздың бұрынғы жырауларының үрдiсiн ұстаған‚ негiзiнен ауызша шығарылған әдебиеттен бой асыра алмаған үшiншi топ тұрды. Жамбыл‚ Нұрпейiстер бастаған осы үшiншi топтың мадақшыл әсерiнен қазақ поэзиясы өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары ғана әзер дегенде құтылды. Бiрақ олардың орындарын бүгiндерi бастықтарға бағынғыш‚ құлдық қылғыш‚ қолпашшыл «сарай ақындары» басты. Бiр қызығы‚ татар әдебиетiнен үлгi алған топтың iшiнен жiк түстi‚ олардың бiразы «Ғалия» медiресесiнде оқып жүрiп (Қазақстанда емес! — Б.А.)‚ сабақты татар тiлiнде емес‚ қазақ тiлiнде жүргiзу керек деп дау соқты. Бүгiндерi Мағжан мен Сәкеннiң арасындағы кикiлжiңнiң бiр сырын дәл осыдан iздеу керек! Татарша‚ орысша жақсы бiлген Мағжан мен татаршасы кем‚ орысшасы жақсы Сәкеннiң‚ шынында‚ араларына жiк түспей тұруы мүмкiн де емес едi. Ақырында Мағжанның «татаршылдығы» (татар әйелдерi Гүлсiм‚ Зылиқаларды еске алыңыз! — Б.А.) оны пантүркизмге‚ жалпы топырағы белгiсiз «түркiшiлдiкке» алып келсе‚ Сәкеннiң «кемтатаршылығы»‚ «орысқолдығы» мен шынайы қазақшылдығы оны «Советстан» мен «Көкшетауға» әкелдi. Осы келiспес екi жақты бүгiнде «жаңадан келiстiрем» дейтiндердiң босқа арамтер боп жүргендiктерiн атап айту керек. Қалай десең де‚ өткен заман қайтып келмейдi. Мiне‚ осындай арпалысқан екi бағыттың әсерiнен қазақтың қарасөзiнiң ең алғашқы нұсқалары (мұның бастауында Ы.Алтынсариннiң әңгiмелерi тұр! — Б.А.) пайда болды. «Бақытсыз Жамал»‚ «Қалың мал»‚ «Қамар сұлулар», т.б. дәл осы кезде жазылды. Соның әсерiнен айтуға‚ тыңдауға емес‚ негiзiнен оқуға арналған жазба әдебиетiмiздiң шаңырағы көтерiлдi. Дәл осы кезде Ы.Алтынсаринге қарсы бағытта А.Байтұрсынов араб жазуын қайта қарастырып жетiлдiрдi. Оны 1928 жылы латын әлiппесi «төңкерiп» тастады. Бұған да тағы да татар интеллигенциясының‚ пантүркизмнiң әсерiмен өз жазуларын латынға көшiруi мұрындық болды. Оны 1940 жылы кезiнде Ы.Алтынсарин қолдаған кириллица тағы да «төңкерiп» тастады. Ендi сол әлiппемiздi бүгiнгi Хайдари бастаған «неотүркiшiлдер» тағы да «төңкерiп» тастауға битiн салып-ақ жүр! Мiне‚ осындай ылғи бiр «төңкерiстiң»‚ аумалы-төкпелi замандардың ортасында жүрiп‚ қазақ әдебиетiнiң өз қара шаңырағын қисайтып алмағанына ерiксiз таңғаласың! Соның iшiнде бұрын бiзге үрдiс емес‚ мүлдем битаныс хикая‚ повесть‚ әңгiме жанрларының кескiн-келбетi татарша да‚ орысша да тартпай‚ нағыз қазақы кейпiмен босағадан аттап‚ «тас түскен жерiне ауырдың» шартымен қазақ топырағына берiк тамыр салғанына ерiксiз ырза боласың.

 

Жалпы мұндай жағдай өзiмiзге өте жақсы таныс орыс әдебиетiнiң басында да болған. Орыс халқының 18-iншi‚ 19-ыншы (1840-50 ж.ж.) ғасырлардағы әдебиетi‚ әсiресе‚ I Петрдiң Батыс Европа үлгiсiн (бар жағынан да!) «азияшыл» орыстарға зорлап енгiзген реформасынан кейiн мүлдем французданып‚ немiстенiп кеткен едi. Сонау Ломоносовтан Державинге дейiнгi аралықта жасалған дүниелiктердiң қай қайсысы да орыс халқының рухын‚ бiтiм-болмысын көрсете алмаған‚ жат үлгiге елiктеп-солықтаған‚ пормысы да‚ мазмұны да батысшыл қойыртпақ бiрдеме болатын. (Бұл бiздiң шығысшыл «кiтаби ақындарымызды» еске түсiредi‚ — Б.А.). Бұдан батысшыл М.Карамзин де арыла алмады. Мiне‚ осы жалған бағытқа алғаш рет қарсы тұрған‚ шынайы орысша ойлап‚ орыстың шынайы ұлт әдебиетiн жасауға тырысқан А.Пушкин ғана едi! Ол өз нәсiлiнiң — немiс‚ нағашы жұртының — араб екендiгiне қарамастан‚ орыс топырағына мүлдем көшiп ап‚ көркемделген әдебиеттiң шынайы орысша үлгiсiн жасаған шайыр бола бiлдi. Оны кейiнiнен украин Н.Гоголь қайталады! Оларды ешкiмнiң азғыруына көнбейтiн «өжет те қайсар» Виссарионның (Белинскийдi айтып отырмын! — Б.А.) орыстың ұлт әдебиетiнiң ең алғашқы көшбасшылары деп бiлуi де сондықтан едi. Соның iшiнде ұлы сыншы Гогольдi повесть жанрының орыс топырағындағы атасы деп бiлдi. Бiрақ ол оның алдында Марлинский‚ Одоевский‚ Погодин‚ Полевой‚ Павловтардың болғандығын еш жасырған жоқ. Ол осы арада: «В двадцатых годах (19 ғасыр‚ — Б.А.) обнаружились первые попытки создать истинную повесть. Это было время всеобщей литературной реформы‚ явившейся вследствие начинавшегося знакомства с немецкою‚ английскою и новою французскою литературами и со здравыми понятиями о законах творчества»‚ — деп ашық жазған да едi. Яғни 1820-сыншы жылдары ғана повесть жанры орыс әдебиетiнде алғашқы өскiндерiн сала бастаған! Ал оған дейiн: «Повесть наша… была чужеземным растением‚ перевезенным из-за моря ….. прихоти или моде и насильственно пересаженным на родную почву. Может быть‚ поэтому она и не принялась». Яғни‚ басқа әдебиеттен күштеп‚ зорлап әкелiнген повесть жанры көпке дейiн орыс әдебиетiнде тамыр сала да алмаған! Оның орыс топырағына тамыр салуына көп еңбек сiңiрген‚ әдеби «бағбан» бола бiлген М.Карамзин‚ Макаровтар едi. Ал оны кемелдендiрген Гоголь болатын! Мiне‚ мұндай жәйттi бiздегi хикая жанры‚ татар әдебиетi арқылы келгенiне қарамастан‚ өз басынан кешкен жоқ‚ — ол қайта қазақша жазған «ақмолдашылап»‚ «ибрагимшiлеп» жатпай‚ бiрден қазақы тон-тымағын бiрден киiп ала қойды. Оның бұлайша «өзiмсiнiп»‚ етене боп кетуiне‚ жат «қонақ» болмауына қазақтардың бұрынғы қиссашылдығы да әсер етпей қалмаса керек. Ендi «Мың бiр түндi» ауыз аша тыңдайтын жұрт өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгi‚ басынан кешкендерi‚ т.б. туралы жазылған «хiкәйәларды» тыңдап емес‚ өз көзiмен оқи бастады! Бұл арада өзiне дейiн қарасөз жазған қаламгерлердiң алғашқы жасаған тәжiрибелерiн ескере‚ сараптай отырып‚ повесть‚ хикая (баяннама!) жанрын қазақ әдебиетiнде тереңдете тамыр салдырған‚ сөз жоқ‚ Бейiмбет Майлы баласы едi! Бұл жерде оның татар әдебиетiнiң әсерiне де («Ғалия» медресесiнде қазақ тiлi үшiн бұлiк жасағандардың iшiнде Бейiмбет те болған! — Б.А.)‚ орыс әдебиетiнiң ықпалына да берiлмей‚ таза қазақы қарасөз үлгiсiн жасағанын айта кету керек! Нағыз тақыр кедейдiң отбасынан шыққан ол халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiн‚ ой-пiкiрiн‚ iс-әрекетiн, т.б. «ақсүйек» әдебиетшiлерше‚ басқаша айтсақ‚ Пушкин‚ Тургенев‚ Толстойларша‚ жоғарыдан‚ үстен қарап емес‚ қоғамның баспалдағының төменгi сатысында тұрған Лесковшылап‚ Чеховшылап төменнен қарап суреттедi. Мәселен‚ қарындары тоқ‚ көйлектерi көк Мiржақып‚ Мағжандар үшiн бұқара халықтың тiрлiгi «әдеби материал» ғана болса‚ Бейiмбет үшiн мүлде олай емес. Ол тiршiлiк жастайынан жалшылықтың ақыретiн көрген‚ тауқыметiн әбден тартқан‚ Мiржақып‚ Ахмет‚ Мағжаншылап «шалқып жүрiп» емес‚ әр тиынын санап күн көре отырып‚ инемен құдық қазғандай боп бiлiм алған Бейiмбет үшiн өз тағдыры, өз болмысы‚ өз топырағы едi! Оның әңгiме‚ хикаяларының соншалықты табиғилығы‚ растығы‚ ақиқатшылдығы сол себептi болса керек. Жазушының шығармаларында еш бояма‚ жалған штрих‚ лепiрме сөз атымен жоқ. Бәрi де өмiрдiң өзiндегiдей рас‚ табиғи. Осы арада аузын ашса бiр шумақ өлең немесе қайдағы бiр қуақы сөз түсе қалатын шайыр Өтежан Нұрғалиевтiң бiр мынадай айтқаны еске түсе бередi. Бiрде екеумiз М.Әуезовтың үлкен суретi iлiнген кең фойеде (Одақтағы) әңгiмелесiп отыр едiк. Кенет кең залдың арғы жағынан қазақша мол пiшiлген Сәбеңнiң — Сәбит Мұқановтың — қарасы көрiндi. Сол сәт Өтекең Сәбеңдi иегiмен нұсқап: «Мына кiсi болса мен айранға нан турап жедiм деп жазар едi. Ал ана кiсi — Ол иегiмен М.Әуезовтi көрсеттi‚ — мен қазы‚ қарта‚ жедiм‚ сапырылған сары қымыз iштiм деп жазар едi. Өйткенi о кiсi айранға нан турап жейтiн тiрлiктi басынан кешпеген‚ ол жайында бiлмейдi»‚ — дедi. Мен Өтекең қылжақтап айтса да‚ жағамды ұстадым. Мұндай ой атақты Буалоның басына кiрiп те шықпаған нәрсе едi. Шындығында‚ М.Әуезов те қалың бұқараның тұрмыс-тiршiлiгiне‚ негiзiнен‚ Тургеневшiлеп сонау жоғарыдан‚ көктен қараған жазушы. Оның «Абай жолындағы» әйелдерiнiң бәрi Тургеневтiң сылқымдарындай кiлең бiр сұлу‚ әдемi‚ бетiне опа-далап жағып‚ бойын күтiнiп баққандар. Жiгiттерiнiң денi Пушкиннiң Дубровскийiнше өр‚ асқақ‚ нағыз даланың романтиктерi! Ал Бейiмбеттiң еркегi де‚ ұрғашысы да кәдiмгi өзiмiз күнде көрiп жүрген Мырқымбайлар мен шынайы қазақы қатындар! Сол себептi‚ былайғы сырт көзге‚ оның кейiпкерлерiнiң тұрмыс-тiршiлiгi мүлдем қарабайыр‚ күйкi‚ өнiмсiз бiрдеме боп көрiнедi. Бiрақ оның әр жағында қаншама терең ой‚ қаншама асқақ поэзия жатыр десеңiзшi! Және бәрi де қазақы топырақта жаратылған‚ онда французданған Тургеневтiң әсерi мүлдем жоқ. Арыстанбайдың Мұқышы‚ жаны нәзiк‚ сүйiспеншiлiкке берiк Шұға‚ ойға алған мақсатына жетпей тынбайтын Берен‚ ең алғаш бiлiм алған қазақ әйелi Раушан‚ оның аңғал да дөкiр күйеуi Бекен және басқалар сол қазақы олпы-солпы қалпымен көз алдыңда етене бiр таныстарыңдай тiзiлiп тұра қалады! Олардың айтар сөздерi де‚ iстер iс-әрекеттерi де сол өмiрдiң өзiнен ойып ап‚ қаз-қалпында қағаз бетiне көшiре салғандай боп көрiнедi. Бiрақ бұл Э.Золя насихаттаған тұрпайы «табиғатшылдық»‚ натурализм емес. Осы әңгiме‚ хикаялардың әр жағына үңiлсек‚ iрi талғампаздықты‚ iрi мәдениеттi‚ әр жәйттiң барынша сарапталып‚ ой елегiнен өткендiгiн анық көруге болады. Әлi реализм‚ ақиқатшылдық туралы түсiнiктiң қалыптасып болмаған кезiнде Биағаңның табиғи талантымен сол әдiстi барынша меңгере алғандығына таңғалмасқа әлтiң жоқ. Шын мәнiнде оның әңгiме‚ хикаялары — қазақ тiрлiгiнiң шынайы энциклопедиясы! Егер ол мүсiндеген кейiпкерлердiң барлығын‚ Мырқымбайлар мен Арыстанбайдың Мұқыштарын‚ Күлзипалар мен Дайрабайлардың, т.б. бастарын қосып‚ Алматы шаһарына әкеп қоя берсе‚ — олар бұ қалаға сыймас та едi! Олар сыю үшiн Торғай мен Қостанайдың жалпақ кең даласы керек! Өкiнiшке орай‚ Бейiмбет қалыптастырған осы қарым‚ осы үрдiс‚ Iлиястың дастан жанрында жасаған үрдiсi сықылды‚ 40-60 жылдар арасында үзiлiп қалды. Әдебиетте елуiншi‚ алпысыншы жылдары аяқ салған ұрпақ Бейiмбеттiң шығармаларын оқымақ түгел‚ оның атын да естiген емес! Бұл жайында Қ.Ысқақов «Қоңыр күз ед» хикаясында бiр кейiпкерiне сыбырлатып айтқызады. Және онысы рас та! Сол елуiншi жылдары бүгiнгi Сайын‚ Қалихандардың оқығандары Сәбиттiң «Балуан Шолағы»‚ Ғабиттiң «Тулаған толқындасы» мен шошқаны мадақтаған «Талтақ танауы»‚ Ғабиденнiң «Миллионерi» мен «Шығанағы» ғана едi! Ал орыс әдебиетiнен (оның iшiнде орысша нан сұрап жейтiндерi ғана! — Б.А.) оқитындары «Павлик Морозов», «Заслонов», «Ақ қайың»‚ «Алтын жұлдызды жiгiт»‚ «Темiрқазық»‚ «Сапарластар»‚ т.б. ғана болатын. Оларды бала кезiмiзде бiз де оқығанбыз. Сол жалған әдебиеттiң ыңғайымен жазылған кiтаптар бiзде де жетерлiк болатын. Олардың бәрiн тiзiп шығу бұл шолу мақаламызда мүмкiн де емес. Мiне‚ осындай рухани қапастың ортасында өскен ұрпаққа 1958 жылы Бейiмбет‚ Iлияс‚ Сәкендердiң бiр томдықтарының жарық көруi ауасы қапырықтанып кеткен бөлменiң терезесiн айқара ашып тастағандай боп әсер еттi. Әсiресе‚ оларға Бейiмбеттiң хикаялары қатты ықпал жасады. Мұны алпысыншы жылдары әдебиеттiң табалдырығынан аттаған ұрпақтың жазғандарынан бүгiндерi айқын сезуге болады. Олар өз повестерiнде Бейiмбеттiң әдеби тәжiрибесiн барынша игеруге тырысты. Мұны «алпысыншы жылғы» — С.Мұратбеков‚ Қ.Ысқақов‚ Н.Серәлиев‚ Т.Жармағамбетов және басқалардың шығармаларынан анық көруге болады.

 

Әрине‚ бұл оларға дейiн қазақ әдебиетiнде жылт еткен шығарма болмады деген сөз емес. Олар болды‚ бiрақ бәрi де тұрпайы социологияның ықпалынан арыла алмады. Солардың iшiнде бүгiндерi көзге түсетiндерi соғысқа барған‚ жасын жасырып‚ бармай қалған ұрпақтардың шығармалары‚ атап айтсақ‚ Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндерi»‚ С.Шаймерденовтiң «Болашаққа жолы» (кейiнiнен «Инеш» боп өзгертiлдi‚ — Б.А.) және З.Қабдоловтың «Өмiр ұшқыны» атты романы‚ хикаялары едi. Бүгiнде ешкiм де оқымайтын‚ әдебиет тарихынан орын алған‚ Қ.Мырзалиев «соққан» мұздай музейде экспонат ретiнде тұрған бұл шығармалардың алғашқы екеуiне тоқталмаймыз. Бiздiң бұл арада сөз етерiмiз – «Өмiр ұшқыны» повестi ғана.

 

Мен «Өмiр ұшқынын» бесiншi кластарда оқып жүргенiмде сапқоз кiтапханасынан алып оқыған едiм. «Қарағанды»‚ «Оянған өлке», т.б. дейтiн кiтаптардан мүлдем өзгеше етiп жазылған‚ студенттердiң тұрмыс-тiршiлiгiн тiлге тиек еткен бұл хикаяда алып-ұшып бара жатқан‚ шиыршық атқан еш оқиға жоқ-ты. Кәдiмгi күнделiктi тiрлiк әр түрлi қырынан сөз етiледi. Оның үстiне мұнайшы болғысы кеп жүрген Тайманның ой-пiкiрi‚ студенттердiң өзара таласы‚ жеңiл әзiл-қалжыңы, т.б. оқушыға со кезде-ақ тосын көрiнген-дi. Оның үстiне З.Қабдоловтың жазуы өз қатарларына қарағанда мүлдем өзгеше болатын. Ол бұл повесiнде қазақ қарасөзiнде алғаш рет кинотәсiлдi қолданған едi. Ол кезде Ш.Айтматовтың үрен-сүренi белгiсiз болатын. Қырғыз жазушысы Қабдолов сонау елуiншi жылдары қолданған кинотәсiлдi кейiнiнен‚ 70-80-iншi жылдары ғана пайдалана бастады. Бұдан тыс‚ — З.Қабдоловтың бұл шығармасында елуiншi жылдардағы студент жастардың шынайы өмiрi шынайы түрде суреттелген болатын. Оқушы Тайманның‚ дәлелi онша ұтырлы бола қоймаса да‚ оның қызы Надяға үйлене сап‚ мұнай iздеп Үйшiк (Гурьевтiң бұрынғы тарихи аты осы‚ еш Атырау емес! — Б.А.) асқанын‚ оның бұл талабына қазақы әке-шешесiнiң қалай қарайтыны жайлы еш толғанбағанын онша қабылдай қоймаған-ды. Мұны жазушы кейiннен «Жалын» романында көрсетпек те болады‚ бiрақ жалтағы басым едi. Оған қоса бұл шығармада қазақ әдебиетiнде үстем боп тұрған тұрпайы социологияның аздап әсерi де бар-тын. Ол кездерi одан құтылу мүлдем мүмкiн де емес едi. Қазақ жазушылары қалайда жарық көрудi ойлап‚ күнi кешеге дейiн майысқақ‚ иiлгiш солақай саясат ұстап келдi. Олардың бiрiне де А.Платоновқа құсап‚ 40-50 жыл бойы жарық көрмей жатса да түбiн ойлап‚ «Чевенгур» мен «Котлаван» сынды шығармама жазсам деген талап болған да‚ тiпте түстерiне кiрген де емес. Бұдан З.Қабдолов та тыс қала алмады. Ол кейiнiнен «Өмiр ұшқынынан» жалған бояу‚ штрих‚ эпизодттарды алып тастаудың орнына‚ оны әрi қарай кеңейте түсiп‚ роман деген атпен шығарды. Бiрақ повесть еш романға айнала алған жоқ. Ал осының жалғасы ретiнде жазған «Жалыны» жанбай жатып‚ бықсып өшiп қап‚ әдеби «экологияға» бiраз зиян келтiрдi. Сөйтiп сәттi хикаяның аяғы баяғы «өндiрiс тақырыбына жазылған шығармалар» дейтiн келеңсiз атты жамылып‚ әдебиет тарихына енiп кете барды. Оларды қайта қарау‚ өңдеу‚ жөндеудiң орнына ендi Қабдолов теориянама жазуға‚ не бiр жиындар мен дүркiреген банкеттерде‚ той-томалақ пен шiлдеханаларда майпаздап сөйлеп‚ байпаздап жортуға көшiп кеттi. Сөйтiп әдебиеттегi жолын сол кез үшiн әжептәуiр оқиға болған шығармамен бастаған З.Қабдолов өз мүмкiндiгiн барынша пайдалана алмады. Мұндай өкiнiштi жағдай әдебиетке кейiнiнен кеп қосылған қазақ қаламгерлерiнiң бастарында да болды. Олар да Қабдолов құсап‚ «жазудың» орнына‚ «сөйлеуге» кiрiсiп кеттi. Бүгiнде де сондай «сөйлегiштер» жыртылып айрылады. «Қазақ әдебиетiнiң» кез келген санын ашып кеп қалсаң‚ әдебиетте бiтiрген ештемесi жоқтығына‚ бiлiмнiң тайыздығына‚ әлi де эмпирикадан аса алмай жүргендiктерiне қарамастан «оқыстан ой» айтқыштарды ондап кездестiресiң. Олардың еш қайсысы да Қабдоловтың басында болған жағдайға жiтi үңiле бермейдi. Мұны қарт жазушының өзi де сезетiн сықылды. Ол осы биыл телеайнада берген бiр сұхбатында Исатай мен Махамбет өмiрiнен роман жазғалы жүргендiгiн айтқан едi. Бұл менi екi дай жағдайға қалдырды. Өйтетiн себебi‚ бiрiншiден‚ сол өңiрде туып өссе де‚ баяғыда-ақ қалалық боп‚ елден мүлдем қол үзiп кеткен Қабдоловтың 19-ыншы ғасырдың бас жағындағы қазақтардың кейпiне көше алу‚ көше алмауы (перевоплощение!)‚ «I Петрдi» жазған А.Толстойша бүткiл лексикасын сол дәуiрге қарай лайықтай алу‚ алмауы, т.б. едi. Ол дәуiр туралы сөз еткенде банкеттерде айтылар әдемi сырғақ сөз еш көмек бере алмайды. Екiншiден‚ менi үркiткенi ұлы Махамбеттiң жылқының қаракесек етiндей құнарлы да қуатты өлеңдерiнiң ауыз-екi түрде қалыптасқан «стилi» Қабдоловтың «сыңғыраған» стилiне‚ жалпы жазу мәнерiне қарсы шығып‚ оның «Ағатай‚ Берiшшiлеп» ұран тастап‚ қайқы қылышын суырып алуының мүмкiндiгi. Сөйтiп екi ортада нақақтан «қан төгiлiп» қалуы да мүмкiн. Әрине‚ бұл жазушының өзiнiң қалыптасқан‚ дағдылы жазуының тар шеңберiнен шыға алу‚ шыға алмауына тығыз байланысты. Қалай дегенде академик Қ.Жұмалиевтi жоққа шығарғысы кеп Махамбеттiң мұрасын тас-талқан қылған Б.Аманшиннiң амал-әрекетiнен аулақ боп‚ сол дәуiрдiң рухына ыңғайланып‚ Европаның киiмi мен қоса ойлау дағдысына дейiн талақ қып‚ қазақтың шекпенi мен iшiгiн, т.б. қию қажет-ақ! Осыған орай буыны қатайып кеткен‚ бүгiндерi-ақ гериатрия дейтiн iлiмге объектi бола бастаған З.Қабдолов жаңғыра ала ма‚ жоқ па‚ — оны болашақ көрсетедi. Бұл жердегi бiздiң айтпағымыз – «Өмiр ұшқынының» қалайша ұшқын шашып барып‚ қаптаған қалың «Жалынға» қалайша айнала алмай қалған бiр жағдайы. Мұның кейiнгi көгенкөздерге сабақ болар тұстары баршылық.

 

Мiне‚ осындай тұрпайы қауымшылдық дейтiн тенденция шырқау шыңына шығып тұрған кезде көркемделген әдебиетте жаңа жол салу‚ жаңа леп әкелу мүлдем мүмкiн де емес едi. Оның үстiне сол 50-60-ыншы жылдары қазақ кiтаптары мүлдем аз шығатын. Ол кезде жас ұрпақтың бар оқитыны С.Мұқановтың «Өмiр мектебi»‚ «Сұлушашы»‚ «Сырдариясы»‚ М.Әуезовтың «Абай жолысы» (оның 1956 жылы алты томдығы шыққан болатын‚ — Б.А.)‚ Ғ.Мүсiреповтың «Қазақ солдаты»‚ «Оянған өлкесi» (оның сол жылдары үш томдығы шыққан-ды‚ — Б.Б.)‚ Ғ.Мұстафиннiң «Шығанағы»‚ «Миллионерi», т.б. ғана болатын. Бүгiнгi баршаға мәлiм батырлар жырлары‚ ұлан-ғайыр қиссаларымыз мүлдем жарық‚ көрмеген-дi. Бiз оларды бала кезiмiзде ел iшiнде ауызша тарап жүрген нұсқасын қалың дәптерге көшiрiп ап‚ бiлте шамның жарығында түн бойы әндетiп оқитынбыз. Қазақтың ертектерi де соның кебiн киген-дi. Ол құнды мұралар 1956 жылғы сьезден кейiн ғана жарық көре бастады. Сол кезде тұңғыш рет шыққан «Қазақ ертектерi» мен «Ер Тарғын» жыры менде әлге дейiн сақтаулы тұр. Сол кiтаптарды дүкеннен сатып әкелгенiмде: «Қазақша кiтап та тасқа басылады екен-ау!»‚ — деп бүткiл ел-жұрт таңғалған. Содан келесi жылы‚ яғни 1958 жылы‚ Бейiмбет‚ Iлияс‚ Сәкендердiң бiр томдықтары жарық көрдi. Соларды оқыған бiздер қазақта әлгiлерден басқа да жазушылар бар екендiгiн сонда ғана барып бiлдiк. Менiң мұны айтып жатқаным‚ — пұлың болса‚ баспагерлердiң құлың боп‚ кiтабыңды өзi тасқа басып‚ өзi үйiңе әкеп беретiн мына заманда тiрлiк кешiп отырған бүгiнгi ұрпақтың сондай кездiң болғанын бiлмейтiндiгiн еске салу. Кiтаптың көп кезiнде бүгiнгi ұрпақ соларды оқып-үйренуге ерiнсе‚ бiздiң ұрпақтың тұсында кiтап та‚ газет-жорнал да өте аз болды‚ телеайна деген атымен жоқ едi. Мұның зардабын «алпысыншы жылғылар» әбден тартты. Ол кездерi кiтап сатып алмақ түгiл‚ нан сатып алуға да шама жете бермейтiн. Осындай қиыншылық пен тауқыметтi‚ рухани жақтан нағыз «аштықты» барынша тартқан «алпысыншылар» бүгiндерi аты белгiлi С.Мұратбеков‚ Ә.Тарази‚ Н.Серәлиев‚ Т.Жармағамбетов‚ Р.Тоқтаров‚ Ж.Молдағалиев‚ Б.Тоғысбаев және басқалар болатын. Олар әдебиеттiң табалдырығынан аттаған бойда жеке-жеке жинақтарын шығара алған жоқ. Ол кездерi ортақ жинақ шығару дейтiн бiр жақсы үрдiс қалыптаса бастады. Сол кезде әлгi жазушылардың тырнақалды шығармаларын топтастырған «Жол басы» дейтiн жинақ (поэзияда – «Жас қанат»‚ — Б.А.) жарық көрдi. Бұл жинақ‚ шын мәнiнде‚ қазақ әдебиетiнде көптен берi желдетiлмей‚ тұра-тұра көмiрқышқыл көбейiп кеткен сасық ауаны жаңартып нағыз озонды (0) әкелгендей әсер еттi. Сөйтiп қазақ әдебиетiнде жаңа бiр кiшi дүрбелең басталғандай болды. Соны поэзия да басынан кешiрдi. Бiрақ Сәбет заманының «соцреализмiне» үйренiп қалған кәрi қақсалдар сонадайдан байбалам салып‚ қазақ әдебиетiнде буржуазия әдебиетiнiң әсерi көбейiп кеттi‚ формализм етек алды деп шын шатақты шығара бастады. Тiпте сол кездерi Х.Бекхожин «Литгазетада» формалист деп алғашқы өлеңдерi ендi ғана жарық көре бастаған Ж.Қыдыров пен О.Сәрсенбаевтың «пәчақ-пәчағын» шығарды. Әсiресе‚ сол кездегi «Лениншiл жастың» бiр бетiнде «20 ғасыр» дейтiн дастанын жариялаған О.Сәрсенбаевты оңдырмады. Мұны қараптан қарап отырып керiлетiн‚ мұндштугын ернiне әсемдей қыстырып‚ көзгелдектей рюмкадан күрең коньякты әсемдеп жұтып‚ бұрынғы сал-серiлердiң ролiн жаңа түрде ойнайтын‚ преферанс пен биллиардты ақсүйектердiң еншiсiне тиетiн қымбат бiрдеме көретiн‚ өзi оңдырып жаза алмайтын‚ бiрақ басқаға жаздырмайтын‚ шын мәнiнде әдебиетке кездейсоқ келiп қалған керенау бiр бастықтар осы жағдайды одан әрмен ушықтыра түстi. Сөйтiп әңгүдiктеу Хрущевтiң ойланбастан бастап жiберген «әшкерелеу дәуiрi» — кейiнiнен «жылымық кез» атанған тұс — қазақ әдебиетiнде жанбай жатып өштi. Ол 1964 жылы Хрущев тақтан тайғаннан кейiн мүлдем күшейе түстi. Әсiресе‚ Брежнев заманында ешкiм бас көтере алмайтын‚ бiр қалыпқа түскен тымырсық бiр кезең пайда болды. Мiне‚ осындай екi кезеңдi — «жылымық» пен «тымырсық» кезеңiн «алпысыншы жылғылар» өз бастарынан кештi. Олардың бағына қарай‚ Бейiмбет пен Iлияс мұраларының жарық көруi көп пайдасын тигiздi. Әсiресе‚ Биағаның әңгiме‚ хикаяларының әсерi өте зор болды. Бұл кезде М.Әуезов әңгiмелерi мен повестерiнiң бiр томдығы жарық көрген болатын. «Қилы заманы» жайында ешкiм естiмеген де едi. Оның Д.Лондоннан жұқтырған романтизмi өте басым «Қараш-Қараш оқиғасы» да‚ «Қаралы Сұлу»‚ «Қорғансыздың күнi»‚ т.б. дейтiн әңгiмелерi де «алпысыншыларға» онша ықпал ете қойған жоқ. Оның үстiне сол кезде орыс әдебиетiнде В.Некрасов‚ Э.Казакевич‚ С.Антонов‚ Ф.Абрамов‚ В.Тендряков‚ К.Воробьев‚ Ю.Трифанов‚ Ю.Бондарев‚ Ю.Нагибиндер‚ олардың соңына ала В.Белов‚ Е.Носов‚ Б.Можаев‚ В.Шукшин‚ В.Быков және басқа да шын суреткерлер бой көрсете бастаған болатын. Бұған қоса басқа да ұлт әдебиеттерiнiң өкiлдерi‚ соның iшiнде‚ Ш.Айтматов‚ З.Ветемаа‚ Г.Матевосян‚ Ф.Искандер‚ И.Друцэ‚ Н.Думбадзелердiң шығармалары жарық көрдi. Дәл осы кезде орысша жазатын басқа ұлт өкiлдерi қаптай жөнелдi. Мәселен‚ Ә.Әлiмжановтың «Күнге бет алған керуен» атты орысша шыққан жинағына осы орысша жазуды құптап‚ М.Әуезов алғысөз жазған болатын. Содан кейiн-ақ орысша жазатын М.Жұмағұлов‚ С.Сәнбаев бастаған бiр лек дүмелдi де кеттi. Олардың көшбасында орысша жазғыш Ш.Айтматов тұрды. Бұл бағытты «тексiз‚ нәсiлсiз‚ жылмағай сәбет азаматын» жасаймыз деген (әрине‚ орыс тiлдi!) Сусловтың аяр‚ зымиян саясаты барынша қолдап бақты. Ендi шен де‚ шекпен де осы «орыстанғандардың» үстiнде болды. Бұл тенденция ұлт әдебиеттерiне өте зор зиянын тигiздi‚ ана тiлiнде жақсы жазатындардың барлығы да шеттетiлдi. Бұл бағытты орыстың фамилиясын алып‚ орыс тiлiнде жазатындар‚ бiрақ орыс еместер‚ екi Отаны барлар барынша қызу қолдады. Бiр қызығы‚ сол кездерi нағыз орыс жазушылары да барынша шетқақпай болды. Дәл осы кезде Кеңес заманында басталған жаппай космополитизмге‚ жадағай «интернационализмге» қарсы Ресейдiң ең бiр түкпiрiндегi жерлерiнен шыққан‚ кейiнiнен «деревняшылдар» деп келеңсiз атақ алған шынайы жазушылар бой көрсете бастады. Бұл рухани қозғалыс‚ шын мәнiнде‚ В.Овечкиннiң деревня туралы жазған очерктерiнен бастау алды. Мiне‚ осындай Кеңес әдебиетiнде басталған әр түрлi ағымдардың әсерiн бойларына сiңiрген «алпысыншылар» өздерiнiң ең алғашқы шығармаларын жазды. Олардың көтерген негiзгi мәселесi де‚ тақырыбы да — ұлы соғыс кезiнде ауыл-ауылда өткен‚ қара нанға жарымаған‚ әке орнына жастай азамат боп‚ ақыл-есi ерте жетiлген бозбалалардың тағдыр-талайы‚ жүрiп өткен өмiр жолы‚ тiрлiкке деген ой-пiкiрiнiң қалыптасуы, т.б. едi. Осы тұста С.Мұратбековтiң әңгiмелерi сол кезеңдi әр қырынан аша бiлдi. Әсiресе‚ оның «Жусан исi» дейтiн әңгiмесi сол кездегi әдебиетте орнап қалған тымырсық ауаға жұпар иiс әкелгендей әсер еттi. Сол екен‚ елiктегiш эпигондар әлгi иiстiң неше түрiн таба жөнеледi. Ендi қарасөзде де‚ өлеңсөзде де «жаңбыр исi»‚ «қауын исiң‚ «лай-батпақтың исi»‚ «қамыс‚ шiрiген силостың исi»‚ т.б. көбейiп кеттi. Оның үстiне Ш.Айтматовтың 1963 жылы Ленин сыйлығын алдын ала‚ аванспен алғаны да керi әсер еттi. Қашаннан шен мен шекпенге құмар бiздiң қаламгерлерiмiз қырғыз жазушысына тiкелей елiктеп‚ не бiр Жәмилә‚ Жадыра‚ Жәния‚ Сәнияларды, т.б. көбейтiп жiбергенiне қарамай‚ теңiз түгел бiр тамшы суы жоқ құба шөлде өскендер ендi ақ кеме‚ көк кеме‚ сұр кеменi, т.б. өйдей кеп тоғытты! Мiне‚ осындай жаппай елiктеу заманы басталған кезде өз жолын‚ өз қолтаңбасын сақтай бiлген‚ қазақ қарасөзiнiң шын ұстасы Қ.Ысқақов болатын.

 

Ф.Достоевскийдiң өздерiнiң барлығын Гогольдiң «Шинелiнен» шықтық дегенi сықылды‚ Қалихан да алғашқы топтама жинақ «Жол басынан» шыққан-ды. Әрине‚ оның алғашқы жазғандарынан оның қарымы бiрден көрiне де қоймаған-ды. Содан көп уақыт өтпей жатып‚ 1961 жылы оның «Дос хикаялары» дейтiн жинағы жарық көрдi. Осы қол басындай кiтапшаға енген үш повестен жазушының Алтайдың доланасындай тiлдi үйiретiн құнарлы тiлi‚ таза қазақы сөзiнiң жылқының қара кесек етiндей қуаты‚ тiрлiктегi әр түрлi жәйттi қыранның қырағы көзiнше дәл ұстап алар көзi‚ шынайы суреткерлiгi‚ тiлдегi демократизмi‚ бұқаралығы‚ әсiресе‚ оның табиғаттың кескiн-келбетiн түрлi-түстi қалың бояумен‚ акварельмен сала бiлер қабiлетi‚ кейiпкердiң мiнез-құлқын көрсетер ұтымды детальдарды таба бiлуi т.б. бiрден-ақ көзге түстi. Және бiр қызығы‚ осы кiтаптан бiр жағынан Бейiмбеттiң‚ екiншi жақтан осы кезде Мәскеуден дүрiлдеп шыға бастаған Ш.Айтматовтың еткен ықпал-әсерiн байқауға болатын едi. Мұның аздап болса да эклектикаға апарар тұстары да аңдаған көзге сезiлiп қалатын. Жазушы одан кейiнгi жазған дүниелерiнде осы екi стильдi Тургенев‚ Бунин‚ Паустовский‚ Казаковтардың стилдерiмен қосып‚ үлкен синтез жасауға‚ басқаша айтсақ‚ будандастыруға ұмтылды. Оның бұл талабы «Бұқтырма сарыны» мен «Тұйығында» айқын көрiндi. Сол орыс жазушыларының стилистикасын қазақ топырағына әкелсем дейтiн талап кейде оны орысша ойлай отырып‚ қазақша жазуға‚ «орысқол» тартуға да әкеп соқтырды. Кейiннен оның стилiне поэзияға ғана жарасатын метофорашылдық‚ жорға билерге жайыз‚ тән суырылма шешендiк‚ қолдан сөз ойнағын жасау, т.б. кеп қосылды. Бiз ол жөнiнде бұл арада сөз етпеймiз. Бiздiң тiлге тиек етпегiмiз‚ негiзiнен‚ оның алғашқы хикаялары ғана. Мұның себебi де бар. Шын мәнiнде‚ Қалихан алғашқы жинағына енген үш хикаясында өзiнiң әдебиетте шығар биiгiне бiрден секiрiп шығып алған едi. Содан кейiн ол көп ретте тау басынан төмен қарай құлдилаған кәнiгi тәсiлқой шаңғышыны (слалом!) еске сала бердi. Дегенмен де оның «Қоңыр күз едi» атты хикаясы қазақ повестерiнiң дамуына‚ қалыптасуына үлкен әсер еттi.

Қалиханның бұл хикаясы Ш.Айтматовтың «Жәмиласымен» қатар жарық көрдi. «Жәмилә» Шыңғыстың 1959 жылы «Обен» (Әуен) деген атпен шыққан жинағында алғаш рет қырғыз тiлiнде жариялады. Әрине‚ Қалиханның қырғызша оқымайтынын белгiлi. Және оның үстiне ол кезде Ш.Айтматовтың атақ-дәрпi әлi жайыла да қоймаған-ды. Оған қоса Ш.Айтматовқа дейiн дәл осындай сюжет орыс жазушысы Н.Грибачевтiң «Алғашқы махаббат туралы хикая» дейтiн повесiнде кездескен едi. Олардың қайсысы бiрiншi екендiгiн орыс сыншыларының еншiсiне қалдырған жөн. Мәселе‚ бұл жерде Қалиханның Айтматовтың әсерiнен қалай құтылуға тырысқаны турасында жатыр. Шындығында‚ лупамен үңiле қарасақ‚ осы екi шығарманың өзара түйiсетiн ұқсас жерлерi баршылық. Ш.Айтматовта Дәнияр мен Жәмила бiр арбаға мiнiп келе жатса‚ Қалиханда да Алтын мен Қасым сөйтедi. Ш.Айтматовта әндi Дәнияр айтса‚ Қалиханда әндi Алтын айтады. Бiрақ бұл жердегi өзгешелiк — Шыңғыста Дәниярдың салған әнi әйел жанын арбаған‚ тылсым бiр күш сықылды боп көрiнсе (Л.Толстойдың «Крейцер сонатасы» деген хикаясын еске алыңыз! — Б.А.)‚ Қалиханда ондай дәрежеге көтерiлмеген‚ — бар-жоғы әннiң әсерi баяндаушы-кейiпкердiң рефлексиясы арқылы ғана берiледi. Оған қоса Шыңғыста баяндаушы-кейiпкер болашақ суретшi боп болса‚ Қалиханда ол — болашақ жорналшы‚ жазушы болады. Шыңғыста Жәмила өз ырзашылығымен қазақ арасынан келген Дәниярмен қашып кетсе‚ Қалиханда мектеп директоры Маймұрынның (Қалматайдың) туған iнiсi Алматай оқу бiтiрiп‚ ауылға келедi де‚ бiр түнде Алтынды алып қашады. Мiне‚ осындай сюжет желiсiндегi‚ кейiпкерлердiң хикаяда орналасуындағы аздаған ұқсастықтың барлығын сезген Қалихан Ш.Айтматовтың әсерiнен қалайда босанғысы кеп‚ повесте (баяннамада) негiзгi желiнi осы шақтан өткен шаққа қарай көшiрiп жiбередi. Бiз хикаяның басында Алтай өңiрiнiң әсем де сұлу табиғатының сөзбен салынған суретiн анық көремiз. Жалпы Қалихан пейзажға ұста‚ көп жерде оның И.Тургеневтiң мектебiнен дәрiс алғандығы тайға таңба басқандай боп көрiнiп-ақ тұрады. Мiне‚ осындай табиғат аясында күре жолмен жаяу-жалпылап келе жатқан Қасымға баяғыда мектепте бiрге оқыған кластасы Алтын жолығады. Екеуi тағы да ырдуан арба үстiнде келе жатып‚ өткен-кеткендi еске алады. Бұл жерде автор баяндаушы- кейiпкердiң әңгiмесi арқылы ұлы соғыстан кейiнгi жылдарғы елдiң хал-ахуалын‚ жетiм балалардың тағдыр-талайын‚ қиын да қызық тұрмыс-тiршiлiгiн‚ олардың қиыншылыққа жасымаған балаң қиял-арманын өзгеше бiр жылы леппен жеткiзедi. Бұл көбiне автордың өз басынан кешкен нәрсесi сықылды әсер қалдырады. Хикаяда ауылдағы мектепте жетi класты бiтiрген Қасымның отыз шақырым жердегi Топқайыңға оқуға барғаны айтылады. Мiне, осы сапар оның көзiн ашады‚ балаң жасты есейте түседi. Қасым осы Топқайындағы мектеп-интернатта жатып оқып жүрiп‚ Маймұрын‚ запқоз Зейнолла‚ аспаз Кәмилә‚ кластастары Алтын‚ Жарықжұлдыз-Қомшабай‚ әлiмжеттiк жасағыш Бүкiрлермен танысады‚ олардың еткен iс-әрекеттерi арқылы өмiрге деген көзқарасы кеңи түседi. Бұл жерде жазушының өз кейiпкерлерiне бiр-бiр мiнез-құлықты еншiлеп‚ таңып берiп‚ аздап бiр жақтылау кеткендiгiн айта кету керек. Мәселен‚ семiз ырқылдаған Маймұрын керенау болса, интернаттың запқозы Зейнолла ұрысқақ‚ дөкiр бiреу. Олар ақ пен қара дейтiн шартпен ғана кескiнделген. Екеуiнiң ешқайсысында соғыста әкелерi жоқ боп кеткен жетiмдерге деген мейiрбаншылық‚ мүсiркеу‚ олардың жағдайын түсiну деген атымен жоқ. Бұларға қарағанда нағыз қазақы әйел Кәмила мен Ыбырай-Шалым жан-жақты етiлiп‚ шынайы кескiнделген. Осыған керiсiнше Алтынның мiнез-құлқы туралы‚ оның бiрде томсырая қалатын‚ бiрде жарқылдап күлiп‚ еркiн әрекет ететiн қыз екендiгiн баяндаушы-кейiпкердiң сөзiнен бiлемiз‚ бiрақ хикаяда осы қасиет жанды эпизодттар‚ қыздың iс-әрекетi, т.б. арқылы көрсетiлмеген. Рас‚ атты күзетiп‚ ұйықтап қалған Қасымға запқоз Зейнолла әкiреңдеп келгенде‚ Алтынның оған ара түсiп‚ әңгi запқоздың қолынан қамшысын жұлып алатын бiр сәтi бар. Бiз бұдан Алтынның тiк мiнез‚ батыл екендiгiн аңғарамыз‚ бiрақ та бар-жоғы тоғызыншы класта оқитын қыз интернаттың бiр басшысына осылайша қарсы әрекет ете қояр ма екен деген бiр күдiк жанда қала бередi. Жарайды‚ солай-ақ бола қойсын. Онда өр мiнездi Алтынның жаны қалмайтын Алматайға кенеттен бас қоса салғаны қалай? Әлде ол мектеп директорының iнiсiне‚ институт бiтiрген оқытушыға ерге шығуын жәй ғана тiршiлiкте боларлық бақай есеппен жасады ма? Шынында да‚ туған-туысы‚ еш жанашыры жоқ‚ ертең жоғарғы оқуға бармай‚ от басы ошақ қасында қаламыз деген (Алтынның өз сөзi‚ — Б.А.) Алтынға бұдан артық не керек? Әрi оның бiраз уақыт өткен соң‚ балалы-шағалы болғаннан кейiн‚ Алматайдан ажырасуына не себеп? Мұны жазушы: «… о баста жарасып қосылмаған соң‚ көңiлiнде түйткiл қала бередi екен. Әйтпесе оның тарапынан көлденең сөз болған жоқ‚ обалы кәне. Бәрi өзiмнен»‚ — деп‚ Алтынның өз аузымен айтқызып‚ түсiндiрмек болады. Бұл жердегi жұмбақ нәрсе‚ — о не түйткiл? «Бәрi өзiнен» болатындай Алтын не жасап қойған? Хикаяда‚ мiне‚ осы нәрселер ашылмаған. Бiз ендi аттай он бес жылдан кейiн қайта кездескен Алтын‚ Жарықжұлдыз‚ Қасымдарға қайта ұшырасамыз. Неге екенi белгiсiз‚ Жарықжұлдыз-Қомшабай институт бiтiргеннен кейiн де‚ орта мектептiң дырдай директоры боп жүрiп те‚ әлге дейiн үйленбеген! Рас‚ ол алғашқы сүйiспеншiлiктiң әсерiмен Алтынға арнап өлең де жазған-ды. Мәселе бұл арада сол өлеңде айтылған сыр мен сезiмнiң Қомшабайдың жанына берiк ұя тепкен‚ теппегендiгiнде жатыр. Тептi дейiн десең‚ — онда ол өлеңдi Қомшабай неге Қасымға берiп (бұ да тұспал!) жiбередi? Демек‚ бұл берiп жiберу‚ қағазды қайтып алмау деталь ретiнде басқаша нәрсеге қарай көземелейдi. Бұған керiсiнше‚ Алтынға деген ең ыстық‚ жылы сезiмiн сол өлең жазылған қағазды алып кеткен‚ Алтынды Алматай алып қашқанда оны өлтiрем деп пышақ ала ұмтылған Қасым жанының бiр түкпiрiнде жасырып ұстап келген. Ендi оған шынымен ғашық болса‚ ғашық болатын Қасым ғана! Бұл бiр. Екiншiден‚ жоғары бiлiмдi‚ дырдай бiр басшы Қомшабайдың ерден шыққан әйелдi (ол өздерiнен екi жас үлкен! — Б.А.) айналдыра беруi қалай? Бiз бұл жақындықты Алтынның: «Тағы да кiрлеп кетiпсiң ғой‚ тастап кетшi үстiңдегiнi. Мә‚ мына көйлегiңдi жуып‚ өтектеп қойғам»‚ — деген сөзiнен айқын сеземiз. Сонда өз тағдыры бұралаңға түскен Алтынның өз күнәсiн жуып‚ ағат iстерiн өтектегiсi бар ма? Бiрақ бұл хикаяда жоқ. Жазушы өз кейiпкерлерiнiң өз өмiр жолындағы қоңыр күзге жақындап қалғанын (оған әлi ерте ғой‚ — Б.А.) сездiрiп‚ хикаяның соңындағы кiшкене тарауда Алтын мен Қомшабайлардың бас қосқан‚ қоспағандығын ашық та айтпайды‚ — ол тұман басқан Алтайдың шатқалындай күңгiрт‚ анық емес.

 

Қалиханның осы алғашқы жинағына енген екiншi бiр хикаясында кәдiмгi жорналшылардың өмiрi сөз болады. Мұнда да тiрлiктiң шындығы қаны сорғалаған күйiнде алынған. Повестегi дарынды қаламгер‚ бiрақ ұыпсыз‚ Алматыда әлi үйi де жоқ‚ өкшесi тесiлген шұлығын iлделдалап киiп жүретiн жiгiттiң бейнесiнен сөз бостандығының жоқтығы‚ жорналшының белгiлi бiр идеологияның қолшоқпары‚ соның қызметшiсi екендiгi айқын көрiнедi. Бұл сол алпысыншы жылдарда жасаған қазақ жазушыларының бастарында болған жағдай едi. Неге екенi белгiсiз‚ осы хикая жазушының кейiнiнен шыққан жинақтарына енбей қойды.

 

Әдебиеттегi елғашқы қадамын осылайша жақсы бастаған жазушы кейiнiнен «Менiң ағаларымң‚ «Бұқтарма сарыны» дейтiн шығармаларын жазды. Ол «Менiң ағаларымда» баяғы соғыс кезiнде ауылдағы жағдайды тағы да тiлге тиек еттi. Бiрақ бұл бiр тұтас шығарма емес‚ олар бiр бiрiмен өзара байланыспайтын‚ жеке-жеке тұрған әңгiмелер түрiнде ғана қалды. Ал «Бұқтарма сарынында» Қалихан тосын мiнез көрсеттi. Ол ендi Алтай қазақтарының тұрмыс-тiршiлiгiн суреттеуден бас тартып‚ Шығыс жаққа ақ патша тұсында жер аударылған кержақтардың өмiрiн сөз еттi. Осы хикаядан жазушының кержақтардың тұрмыс-тiршiлiгiн‚ психологиясын‚ ойлау жүйесiн‚ үрдiсi мен етер iс-әрекетiн өте жақсы бiлетiндiгiн айқын байқауға болады. Онда кезiнде ақтар жағында болған кержақ шалдың Кеңес қауымынан қашып‚ қалың орманның бiр түкпiрiнде‚ Бұқтарма өзенiнiң бiр сағасында жеке үй боп отырғаны айтылады. Оның қасында қалған тiрi жан — жиенi Дуня ғана. Шешесi оны тастап кеткен. Бұларға анда-санда ат iзiн салатын шопыр Аян ғана. Бұл жерде Кеңес заманы салтанат құрған кезде (хикая 1958 жылы жазылған‚ — Б.А.)‚ КГБ-ның гүрiлдеп тұрған шағында кержақ шалдың бүткiл цивилизациядан оқшау қалуы‚ Кеңес қоғамынан тыс жатуы (бұл жағдай Ш.Айтматовтың 1970 жылы жарық көрген «Ақ кемесiнде» де бар‚ — Б.А.) бiрден күдiк тудырады. «Кемелденген социализм» дейтiн түсiнiк қалыптасқан уақытта кержақ шалдың елден шығынып кетiп‚ жаңғыз үй боп отыруы онша сендiре қоймайды. Қалай дегенде де елуiншi-алпысыншы жылдары Кеңес аумағында цивилизацияның әсерi‚ байланысы сезiлмейтiн жер кем де кем болатын‚ тiпте ол жоқ та едi. Мiне, осындай сендiрмейтiн сюжеттiң соңында кержақ шал Кеңес заманын қабыл алмай‚ бұ дүниядан аттанады. Ал оның сауатсыз‚ мектеп есiгiн ашпаған‚ өз атын дұрыстап жаза да алмайтын Дунясы Аянға күйеуге шығып кете барады. Бұл жерде Дуняның қазақ тiрлiгiне қалай көнем деп толғанбауы қызық. Әрине бұл адаптация Кеңес дәуiрiнде мүлдем керiсiнше жүрген-дi. Басқаша айтсақ‚ орыстан қатын алған қазақтардың барлығы да тiзгiндi әйелiне берiп қоятын. Сол себептi оның балалары да шүлдiрлеген «қара орыс» боп шыға келетiн. Мұндай «интернационал» отбасын құрған кiсiлер қызмет жағынан тез көтерiлетiн. Аянның өйте қалатындай жоғары бiлiмi де жоқ‚ ол бар болғаны шопыр ғана. Және оның өз халқы‚ оның әдет-ғұрпы‚ намысы‚ жалпы менталитетi туралы мүлдем ойланбайтыны қызық. Жазушы бұл жерде өз тiлiнен айрылып‚ басқа тiлге көшкен‚ не ол емес‚ не бұл емес дүбаралар туралы өз позициясын анықтап та жатпайды‚ — ол бар болғаны екi жастың бiр бiрiне үйiрсектiгiн көрсетедi де қояды. Бұл жерде қай жақтың доминанта‚ үстем екендiгi белгiсiз. Сөз жоқ‚ бұл хикаяның Сусловтың саясатының ықпалы жүрiп тұрған кезiнде жазылғанын айқын сезесiң. Соның салдарынан жазушы екi халықтың өзара түйiскен кезiнде болар рухани драманы жеңiлдетiп жiберген. Ал мұндай кезде болатын қиыншылықты‚ тартысты қазақ қарасөзi әлге дейiн көрсете алған жоқ. Мәселен‚ З.Қабдолов «Жалынында» Тайман мен Надяның өзара келiспеушiлiгiн сөз етiп келе жатады да‚ заманына ынғайына жығылып‚ жалт ете қалады. Қалиханда ол да жоқ. Ендiгi бiр мәселе — басқа ұлт жазушысының басқа ұлт өкiлi туралы көркемделген шығарма жаза алуы не жаза алмауы турасында жатыр. Бұл бiр өте қиын нәрсе. Мұндай жағдай қазақ топырағында бұрынырақта да болған. Мәселен‚ С.Шәрiпов‚ Ғ.Ибрагимов‚ Ақмолдалар‚ кейiнiнен М.Гумеров және басқа да татар халқынан шыққан қаламгерлер қазақтың тұрмыс-тiршiлiгi туралы шығармалар жазған-ды. Бiр қызығы‚ олардың барлығы да қазақша жақсы бiлген‚ қазақтармен қаны-жыны араласып кеткендер. Мiне‚ соған қарамастан олардың ешқайсысы да биологияның негiзгi заңдарынан асып кете алмады‚ — олардың жазған шығармаларынан авторлардың шынайы қазақ еместiгi‚ басқа бiр ұлт өкiлi екендiгi анық сезiлiп тұратын. Бұл арада мен татар халқын кемсiтейiн деп тұрған жоқпын‚ бұл жердегi мәселе қалай десең де белгiлi бiр ұлт өкiлiнiң нәсiлiне (генiне!) код ретiнде жазылған ДНК мен РНК-ның түптiң түбiнде биологиядағы ерекше фактор ретiнде бас көтеретiндiгiнде жатыр. Одан немiс те‚ француз да‚ ағылшын да‚ тiпте орысша жазатын мәскеулiк‚ ленинградтық яһудилар да (еврейлер) асып кете алған жоқ. Өз заманында «мұның бәрi де немiстiң әсерi» деп Гогольдiң де‚ Белинскийдiң де‚ тiпте Толстой мен Достоевскийдiң де қақсағаны сондықтан болатын. Бұларға керiсiнше, әбден французданып кеткен‚ П.Виардоның шылауынан шыға алмаған И.Тургеневтi таза орыс ұлтының жазушысы дей қою қиын. Мұндай жағдай бiздiң «орыстанған» аға буын жазушыларымыздың басында да жетерлiк. Олардың роман‚ хикаяларындағы кейiпкерлерiнiң қазақша атын алып тастап‚ Иван не Сидор деп қоя салсаң‚ қойдың орнына шошқа бағып жүр десең‚ — ештеңе де өзгермейдi. Бiрақ Қалиханның кержақ шалын Мырқымбай деп өзгерте алмайсың‚ — бәрi бiр оның кержақ екендiгi әр жер-әр жерде көрiнедi де тұрады. Дегенмен де қазақ Қалиханның кержақ шалдың бейнесiне‚ ролiне түгелдей енiп кете алса да (перевоплощение!)‚ қаншалықты әртiсшiлдiгi (артистизмi!) болса да‚ бұл хикаяны қазақ жазушысының жазып отырғандығы анық сезiледi. Осы жерде халық пен халықтың‚ әр тектi жыныстағы еркек пен әйелдiң бiр бiрiне қарай өту-өтпеуi‚ жазушының соған орай ыңғайлануы‚ белгiлi бiр рөлге енуi туралы үлкен бiр мәселе ойға ерiксiз оралады. Бұл жөнiнде 1902 жылы жарық көрген австриялық О.Вейнингердiң «Жыныс және мiнез-құлық» дейтiн кiтабын еске алған жөн. Бұл дүние сол кезде Батыс Европада‚ әсiресе‚ эмансипацияланып кеткен ұрғашы қауымының арасында аса қатты талас тудырған-ды. Мен бұл жерде оның егжей-тегжейiне барып жатпаймын‚ тек қана бұл кiтаптағы бүткiл биологтар мойындаған‚ шын мәнiндегi ғылымда жасалған бiр жаңалық жөнiнде айтпақшымын. Ол адам жаратылысында болатын‚ жиi кездесетiн‚ еркек пен әйелдiң ортасындағы өтпелi бунақ‚ дүбара тек жөнiндегi мәселе. Шын мәнiнде‚ еркек пен әйел дене құрылысы жағынан да‚ психологиясы жағынан да мүлдем бөлек‚ өзара айырмасы көп. Бұған дейiн соны ескермеген медиктер адам анатомиясын, т.б. ортақ түр ретiнде қарастырып келдi. Ал еркектiң дене құрылысын, т.б. зерттейтiн андрология дейтiн ғылым саласы кеше ғана пайда болды. Бұл iлiмдерге‚ соның iшiнде‚ О.Вейнингердiң зерттеуiне сүйенсек‚ ана жатырында өсiп-жетiлген ұрықтан (эмбрион) белгiлi бiр жағдайға байланысты‚ не еркек емес‚ не әйел емес дүбара ұрпақ туылады. Мұны басқаша айтсақ‚ еркекте әйелге тән қасиет‚ әйелде еркекке тән қасиеттер басым боп келедi. Ондай еркек порымдас әйелдiң көбiне мұрты тебiндеп тұрады (кейiнiнен күйеуiнiң жағасынан қолы кетпей‚ арпалысып бiтетiн айғыр қатындар дәл осылардан шығады‚ — Б.А.)‚ ал әйел тектес еркектiң қыздарша қылымсуы‚ т.б. басым боп келедi. Мұндай еркектер‚ әсiресе‚ әртiстер («Тамаша» мен «Бауыржан-шоуды» еске алыңыз!) әйелдiң рөлiн қатырып ойнайды! Ал бұған керiсiнше бойында еркектiң қасиетi көп әйелдер еркектiң бейнесiн қатырып жасайды. Бұлардан тыс‚ жас кезiнде шалбар киiп‚ еркекшора боп‚ ұлдармен бiрге ойнаған қыздардың бойында да сондай қасиеттер болады‚ бiрақ ол уақытша ғана‚ шартты рефлекстiң дәрежесiнен аспайды. Мен мұндай қасиеттi бiр шайыр әйелдiң өлеңдерiнен айқын байқаймын. Ол барлық өлеңдерiнде еркек сықылды дөрекi‚ кейде анайы түрде сөйлейдi‚ күнделiктi тiршiлiктегi iс-әрекетi де әлгi еркекшораны еске сала бередi. Оның шығармаларында қазақ әйелдерiне тән биязылық‚ әдептiлiк‚ Үяңдық‚ көрегендiлiк т.б. (орыс поэзиясындағы А.Ахматованы еске алыңыз! — Б.А.) мүлдем жоқ. Сол себептi де ондайлар көркемделген әдебиетте таза қазақы әйелдердiң бейнесiн‚ iшкi жан дүниесiн‚ өзiне тән ой-пiкiрiн‚ жалпы менталитетiн толығымен‚ рас күйiнде бейнелеп көрсете алмайды. Бұл тағы да уақытша болатын‚ сүйекке сiңген әдет сықылды шартты рефлекстiң дәрежесiнде ғана көрiнедi.

 

Ендi бұған керiсiнше еркек кiсi‚ соның iшiнде еркек жазушы әйелдiң бейнесiне кiрiп‚ әйелдiң атынан шығарма жаза алады ма‚ алмайды ма деген сұрақ өздiгiнен кеп туындайды. Бұл да бiр өте қиын мәселе. Нағыз еркек‚ қаншама әртiсшiлдiгi басым болса да‚ әйел жанының қыртысы қалың жықпылына дендеп кiре алмайды‚ ол тiпте психология‚ биология жағынан алып қарасаң да еш мүмкiн емес. О.Вейнингердiң iлiмi де‚ ашқан жаңалығы да осыған меңзейдi. Мiне осы арада таңғалдыратыны‚ Б.Нұржекевтiң бiр шығармасын әйелдiң атынан‚ соның iшiнде «Мен» деп баяндайтын бiр жағдайы. Мен бұл жерде ол дүниенi талдап жатпаймын‚ тек қана әу баста жаратылыс терең етiп сызып‚ екi бөлiп қойған шекара сызығын аттап өтудiң керектiгiнiң бар-жоқтығын дерек ретiнде келтiре кетпекпiн. Мұны кәдiмгi графикамен кестелесек‚ ол онда:
 

ЕРКЕК———————————— ӘЙЕЛ

БӘТШАҒАР (У1)

ҚЫЗТЕКЕ (У2)

түрiнде боп келедi.

 

Ал мұны формулаға салғымыз кеп‚ ЕРКЕКТI — А‚ ӘЙЕЛДI — В‚ БӘТШАҒАРДЫ — (У1), ҚЫЗТЕКЕНІ — (У2) деп алсақ‚ ол онда:

 

А + В  = У1 + У2

 

түрiнде боп шығады. Бiз соңғы формуладан еркек пен әйел арасындағы ерекшелiктiң қалайша бiрiне қарай ауысқанын‚ жалпы тепе-теңдiктi сақтағанын көремiз.

 

Мiне‚ осы ерекшелiктi ескермей‚ ол белдеуден Б.Нұржекевтiң аттап өтуге тырысқаны менi неше түрлi ойға жүгiртiп‚ қарадан қарап қара терге түсiредi. Бұл жерде‚ тағы да О.Вейнингердiң көреген iлiмін ерiксiз еске ала беремiн. Шындығында ол iлiмнiң негiзгi шарттарын ұлт пен басқа ұлттың арасында (бұл жерде тарих‚ қоғам‚ үрдiс‚ туып-өскен жер жағдайы‚ т.б. ескерiлуге тиiс‚ — Б.А.) қолдануға әбден болады.

Қалиханның «Бұқтарма сарынын» оқып шыққаннан кейiн қайдағы бiр австиялықты еске түсiрудiң сыры да осында жатыр. Қалай дегенмен де, жазушының бұл шығармасы «Қоңыр күз едiсiмен» тең түсiп жатыр. Дегенмен бiр ескерерлiгi‚ осы кержақ туралы хикаяда орысша ойланып құрылған сөйлемдер‚ орыс тiлiнен тiкелей аударылған тұрақты сөз тiркестерi (фразеология) баршылық. Әрине‚ мұны жазушының кержақтың тұрмыс-тiршiлiгiн‚ рухани атмосферасын‚ ойлау ерекшелiгiн қазақ оқушысына айнытпай жеткiзсем деген талабынан туындап жатқанын түсiну онша қиын да емес. Бiрақ мұның барлығы қауын-қарбыз өсетiн қазақы топыраққа кәртөшкi мен капустаны әкеп еге салған сықылды боп сезiледi. Ал қазақтың еттен мезi болған кезде ғана қауын-қарбызды шөл басатын бiрдеме деп жейтiнi белгiлi. Бұл шынайы суреткердiң таразы басын тең ұстар талғамының жат әсерге ерiп кеткен бiр тұсынан хабар бередi.

 

Бұл жерде шығарымпаздық (творчество!) жолын алғашқы хикаяларымен сәттi бастаған Қалиханның көзiнiң қырағы‚ шынайы суреткер екендiгiн айта кеткен жөн. Шағын хикаяда тiршiлiктiң қойнауына дәл ұсталған детальдар‚ ұтымды эпизодтар жетерлiк. Бұл арада Қалихан Қасым арқылы өзiнiң А.Чехов пен Б.Майлиннiң тәжiрибесiн ескергенiн‚ олардан оқып-үйренгендiгiн жасырмай ашық та айтады. Бiрақ осы екi ұлы суреткердiң салған жолынан шығып кетiп‚ тiкелей ой-пiкiр айтатын (мәселен‚ «Кейде адам көңiлi…» деп басталатын тарау! — Б.А.) тұстары да кездеседi. Және де онысына автор: «Ала-құла боп кетсе‚ қауымнан кешiрiм сұраймын», — деп тiкелей автор мен әңгiмелеушi кейiпкердiң арасындағы ара қашықтықты жойып жiберiп‚ олардың‚ негiзiнен‚ бiр кiсi‚ бiр бейне екендiгiн жасырмайды. Мiне‚ осындай Чехов‚ Майлин және лирикашыл Айтматовтың үрдiстерi үш жақтан кеп‚ бiр бiрiмен етене кiрiгiп кете алмаған. Көп ретте институт бiтiрiп‚ үйленiп‚ танымал жазушы-жорналшы боп қалған Қасымның бала кезiн соншама елжiреп еске алуы‚ Айтматовқа тән жылауық‚ босаңсуы көп лиризмi мен тiрлiкте жолы болмаған Алтынды аяп‚ мүсiркемеуi‚ аздап «қаттылығы» бiр арнада тоғыспаған екi сала тәрiздi боп сезiледi. Осы арада Қалиханның лексикасының, сөз қорының өте бай екендiгiн айта кету қажет. Бұл жерде‚ жазушы‚ негiзiнен‚ Чехов пен Майлин үрдiсiне арқа сүйейдi‚ ал табиғат суретiн салғанда‚ Тургенев‚ Бунин‚ Паустовский‚ Ю.Казаковтарды үлгi тұтады. Мiне‚ Қалиханның осындай неше түрлi стильдiң әсерi ап-анық көрiнiп жататын «Қоңыр күз едi» атты хикаясы оның үлкен қарымынан кезiнде хабар берген де едi. Ол соны араға бiраз уақыт салып жазған бiрнеше хикаясында әр түрлi деңгейде көрсеттi. Бұған жазушының бiр жанрда тұрақтамай‚ бiрде кино‚ бiрде театр саласына қарай ауытқып кете бергенi де әсер етпей қоймады. Бұл жерде лирикалы‚ баяндаушы‚ эпосы бар прозаның ауқымында жарқырап көрiнген Қалиханның стилiне драматизм тән бе‚ тән емес пе деген сұрақ өздiгiнен туындайды. Одан тыс‚ — Қалихан кейiнгi жылдары «Тұйық»‚ «Ақсу — жер жәннаты» атты романдар жазып‚ үлкен жанрда да өз күшiн сынап көрдi. Осы шығармалар жөнiнде‚ жалпы жазушының бүткiл болмысын ашар хикаялары туралы арнайы түрде кеңiнен сөз ету қажет. Бұл жерде баса айтпағым‚ өкiнiшке орай‚ шынайы суреткер Қалихан өз жаратылысына‚ жалпы оң жамбасына нақ келетiн хикая жанрында өнiмдi жұмыс iстей алмады. Оның соғыс тұсына тап келген балалық шағы туралы жазбағы да‚ айтпағы да кеңiнен өрiс таппады. Бұл басқа бiр жазушының еншiсiне тидi.

Осы арада жалпы соғыс тақырыбының қазақ әдебиетiнде берiк қоныс теуiп‚ жан-жақты ашыла алмағанын ашық айта кеткен жөн. Сол бiр адамзат тарихындағы ең бiр қанды қырғынның iшiнде болмақ түгел‚ патронға салар қара дәрiнiң исiн де иiскеп көрмеген Ғ.Мүсiреповтың «Қазақ солдаты» (ол алғашында повесть деген айдармен жарық көрген‚ — Б.А.) сол кездегi мода боп жүрген тақырыпқа жәй ат салысу ғана едi. М.Әуезовтiң «Сын сағаттасы» мен «Төлеген Тоқтаровы» да осының о жақ-бұ жағында болатын. Соғысты көрмеген бұ жазушылар түгел‚ сол қанды қырғынның қақ ортасынан шыққан Т.Ахтанов пен Ә.Нүрпейiсовтiң өздерi де «Қаһарлы күндерi» мен «Курляндияларында» сол кездегi «уралаған» ұранның ықпалынан жырылып шыға алмады. Олардың ешқайсысы да қиян-кескi шайқасты сол қалпында шынайы суреткерше көрсете бiлмедi. Осы үрку‚ жасқану көпке дейiн қазақ әдебиетiнен кетпей қойды. Тiпте Т.Ахтанов замана райының жiби бастаған кезiнде жазған «Шырағың сенбесiнiнде» соғыстың алғашқы кезiнде болған қиыншылықтарды аздап ашты да‚ әрi қарай бармай‚ өзiн өзi iркiп қалды. Мұндай жағдай сол шайқасты өз көзiмен көрген Қ.Қайсенов‚ Ә.Шарипов және басқалардың өз өмiрлерi туралы әңгiмелейтiн естелiктерiнде де кездеседi. Соның iшiнде Б.Момышұлының 1956 жылы жарық көрген «Жауынгердiң тұлғасы» атты естелiк кiтабының орны ерекше. Оған дейiн ауылда мектеп қабырғасында жүрген бiздер Баукең туралы неше-түрлi аңыз‚ хикаяны естiгенбiз. Оны ел аңыз етiп қиссадағы мыңдаған қолды бiр өзi қырып тастайтын Қобыланды‚ Алпамыс‚ Тарғын‚ Қамбарлардың қатарына апарып тастайтын. Мына кiтап шыққаннан кейiн елдiң гуiлдеген әңгiмесi су сепкендей басылды. Мен сол кiтапты дүкеннен сатып әкеп‚ соғысқа қатынасқан өз әкеме оқып бергенiмде‚ ол кiсi нанарын да‚ нанбасын да бiлмей‚ әрi-сәрi күйде қалған едi. Оның себебi де бар едi. Баукең бұл кiтабында соғыста не көрiп‚ не қойғанын еш бұлтартпастан жазған болатын. Оған дейiн бiз оның бейнесiн А.Бектiң «Волоколам тас жолы» повестiнен бiлетiнбiз. Осы әдеби көркемделген тұлға мен Баукеңнiң өз жазуының арасында онша айырмашылық жоқ та едi. Әрине‚ автор соғыс кезiнде болған шындықты барынша ашып жаза да алмады‚ оған сол кездегi уралаған отаншылдық дейтiн желбауаз уағыз ерiк те берген жоқ. Жалпы мұндай жағдай сол кездегi Кеңес әдебиетiнiң басында да бар едi. Сол жылдары түсiрiлген киноларда немiстердi үнемi қорқақ‚ ұсқынсыз етiп көрсететiн. Олар сәбет әскерлерiнен тым-тырақай қаша жөнелетiн‚ бiздiң жауынгерлер жеңiлу дегендi ешбiр бiлмейтiн. Мiне‚ осындай жаппай өтiрiк айту науқаны өршiп тұрған заманда жарық көрген В.Некрасовтың «Сталинград окоптарындаң және Э.Казакевичтiң «Жұлдыз» атты повестерi қалың оқушы қауымға жерден жiк шыққандай боп көрiнген едi. Осы повестерде қанды соғыстың нағыз шындығы бар болатын. Мұны кейiнiнен В.Быков әрi қарай жалғастырды. Дегенмен Ю.Бондарев та‚ Г.Бакланов та‚ В.Гроссман да (К.Симоновтың «романдарын» сөз етуге де болмайды‚ — Б.А.) сол ересен шайқастың бүткiл болмыс-бiтiмiн‚ кескiн-келбетiн жан-жақты‚ толығымен көрсетер кең ауқымды дүниелер жаза алмады. Осылайша өз халқының басына түскен сондай iрi зұлматты орыс жазушыларының өзi көркемдеп‚ бейнелей алмай жатқанда‚ сол соғысқа үшiншi‚ төртiншi қатардағы лек ретiнде қатысқан қазақтар туралы бiздiң қаламгерлерiмiздiң мандытып бiрдеңе бiтiре қоюы да қиын болатын. Ол кездерi Түркістан легионы туралы жұрт онша бiле де бермейтiн. Мiне‚ осындай жағдайда соғысқа бармаған оны өз көздерiмен көрмеген «алпысыншы жылғылар» өздерiнiң бозбала кезi осы зұлматқа тап келген қиын кезең туралы жаза бастаған болатын. Олардың көбi сол кездерi 10-16 жастағы жасөспiрiмдер едi. Сөз жоқ‚ бұл тақырыпты көтеруде қырғыз қаламгерi Ш.Айтматовтың еңбегi баршылық. Мұны сол кезде-ақ қазақ жазушылары әрi қарай жалғастырып әкеттi. Соның алғашқы легiнде С.Мұратбеков‚ Қ.Ысқақов және Н.Сералиевтер болған-ды.

 

Жазушы Н.Сералиевтiң 1980-iншi жылы жарық көрген бiр томдығын қайта оқи отырып‚ өзiн-өзi насихаттар кеудесоғарлығы‚ шенқұмарлығы жоқ‚ бiр тоға сабырлы оның бiраз шаруаның басын қайырып тастағанын анық байқауға болады. Сонау алпысыншы жылдары Дәукен атай туралы балаларға арнап жазған жақсы әңгiмелерiмен көрiнген Н.Сералиев сол тұста «Әләуһай» дейтiн бiр келiстi дүние тудырды. Онда Сыр бойы елiнiң тұрмыс-тiршiлiгi‚ әдет-ғұрып, т.б. еш қоспасыз шынайы қалпында хатқа түскен-дi. Осы қысқа әңгiмеде 1944-iншi жылдың жазында тары қорып‚ сақпан атып‚ торғайларды үркiтiп жүрген балалардың ерте есеюi‚ тiршiлiктiң қатпары қалың сырларына бiртiндеп қаныға бастауы шынайы түрде суреттеледi. Нәсiреддин осы шығармасымен-ақ өзiнiң Сыр бойы елiнiң тұрмыс-тiршiлiгiн‚ үрдiсiн‚ тiлiн, т.б. өте жақсы бiлетiндiгiн көрсеткен едi. Сол себептi оның кейiнiнен жазған шығармалары Ш.Айтматовқа да‚ С.Мұратбеков пен Қ.Ысқақовқа ұқсамайтын бөлекше бiр дүние боп көрiндi. Ол сөйтiп «кiтабилыққа» ұрынбай‚ басқа әдебиеттегi бар нәрселерге елiктеп‚ оны қазақ топырағына көшiрiп әкелмей‚ өзi көзiмен көрген‚ өзi жақсы бiлетiн жәйттер туралы еш бүкпесiз жаза бердi.

 

Жазушының «Ыстық күлше» және «Қарақыз» атты хикааялары өзара өзектес‚ iштей бiр бiрiмен жалғасып жатқан дүниелер‚ «Ыстық күлшеде» әлi де мүшел жасқа тола қоймаған Қанаттың соғыс кезiндегi қиын тiрлiгi суреттеледi. Оның әкесi Ақтiлеу соғысқа кетедi‚ ал шешесi одан бұрынырақта қайтыс болады. Ендi бозбала әкесiнiң туған iнiсi Көптiлеудiң қолында болады. Ағасы жайлы болғанымен‚ әйелi Көктаспа ұрысқақ‚ көкдолы‚ тiрi жетiм Қанатқа отырсаң — опақ‚ тұрса — сопақ дейдi. Мiне‚ осы арада әкесi соғыста хабарсыз кеткен‚ өзiнен екi жастай үлкен қыз Балапан қол созады. Ақыры осы байланыс‚ үйiрсектiк үлкен бiр сезiмге ұласайын деп барып‚ кенеттен үзiлiп қалады. Бұған‚ әрине‚ сол кездегi қатал тiрлiк кiнәлi. Кейiнiнен Қанат Қармақшыдағы нағашысына ауылдан қашып барған соң кешегi балаң қыз‚ бүгiнде қыз салтанатын құра бастаған Балапанмен қайта кездеседi. Бiрақ екеуi де ұяң‚ жарылып ештеме айта алмайды. Ақыры Балапан соғыстан аман-есен келген‚ ауылдағы кiшiгiрiм бастық Торжымбайдың iнiсi Торсықбайға тиiп кете барады. Әрi мұны шиеттей бауырлары үшiн амалсыздан iстеп отырғанын ол жасырмайды да. Бұл жерде әлдеқандай әулекi кiтаптарда кездесетiн жалған романтика‚ жалған бояу атымен жоқ‚ — өмiрдiң өзiнде күнде болып жатқан жағдай аздап әдебиленiп‚ сол қалпында қағаз бетiне түсiрiлген. Сөйтiп Балапан шиеттей‚ әлi жас iнi-сiңлiлерi үшiн өзiнiң ең бiр асыл да ыстық сезiмiн құрбандыққа шалады. Бұл жалпы қазақ әйелдерiне тән қасиет. Бiрақ оны мен Қанаттың жан түкпiрiн өмiр бойы жылытып жүретiн бiр ғана нәрсе бар‚ — ол Балапанның Қармақшыға түн iшiнде қашып бара жатқан Қанаттың қойнына тыққан‚ күнi бойы терген масағынан илеп пiсiрген ыстық күлшесi! Онсыз екеуiнiң кейiнгi тiрлiгiнiң онша мәнi жоқ. Жалпы қандай да адам өз тiрлiгiнде рухани бiр нәрсенi таяныш‚ тiрек етедi‚ ол соған күш-қуат бередi‚ алға қарай жетелейдi. Ол таусылған кезде‚ кiсiнiң бар тiршiлiгi қараң боп бiтедi. Мұны бос әуейiлiк деуге болмайды. Ендi Балапан отбасын‚ отағасын құрметтеу‚ бала-шағасын асырап-абырау дейтiн ұлы бiр мақсатқа бел буады. Жазушы бұл жерде қазақ топырағына басқа әдебиеттегi нәрселердi еш араластырмайды‚ өмiрдiң ағысын қолдан бұрмай‚ оның iшкi терең иiрiмiне қиянат жасамай‚ бүкiл кейiпкерлерiн сол табиғи қалпында бiр бiрiмен араластырып‚ өзара қарым-қатынас жасатып жiбередi. Тiпте көп жағдайда автордың өз бейнесiнiң барлығы да сезiле бермейдi. Бұл‚ әрине‚ шынайы табиғи талантқа тән қасиет.

 

Жазушының «Қарақыз» атты хикаясы «Ыстық күлшемен» iштей байланысып жатыр. Ауыл-ел түрiнiң қаралығына бола Қарақыз атап кеткен Шынардың да жаны таза‚ ол өте аңқау‚ көрiнгенге сенгiш‚ тiпте аудан орталығында тұратын‚ сол кездегi пәпкi ұстаған қызметкерсымақтың бiрi Қоңырдың жылтыраған сөзiне бiрден құлап түседi. Торсықбайдан ұл тапқан Балапанмен құрбы Қарақыз осы шiлдехана үстiнде Қоңырмен танысқанына iштей қатты қуанады. Онысына кәрi қыз атанып отырып қалған Шынардан он жастай кiшi‚ мектепте оқып жүрген Сабыр одан бетер қуанады. Ол дүкеншi Ботпанның берген кәмпитiн алып‚ Қарақыз бен Қоңырдың екi арасында «поштабай» болады. Ақыры бала Сабырдың да‚ Қарақыздың да осы тiрлiктегi жылы‚ шұғлаға толы ең бiр асыл үмiтi тас-талқан болады. Сөйтсе‚ — Қоңырдың қатын‚ баласы бар екен! Ал Қарақыздың одан аяғы ауырлап қалған! Бұл қазақ арасында өлiмнен бетер ұят! Әсiресе‚ оң жақта отырған қыздың iшiнiң шермиiп шыға келуi бұрын-соңды ел естiп-көрмеген жағдай! Бiрақ Қарақыз өмiрде оңбай сүрiнгенi үшiн опық жесе де‚ тiрлiктен баз кешпейдi‚ қайта ол мұны өзiне сабақ қып‚ күш-қуатын жиып‚ Қызылорда жағындағы Тасбөгетке кетедi‚ кейiнiнен жаңғыз шешесiн жанына көшiрiп алады. Сөйтiп оның Қоңырдан алсам деген «ыстық күлшесi» тез суыйды. Қарақыз оны басқа бiреуден тапты ма‚ таппады ма‚ — о жағы белгiсiз. Бозбала Сабыр оны қайтып кездестiрмейдi‚ бiр-ақ оның жанында аяушылық‚ мейiрiм‚ шапағат‚ ойда-жоқта жасалынған қиянатқа деген ыза пайда болады‚ сол арқылы Сабырдың ой-түсiнiгi кеңидi‚ ол ендi тiрлiктiң жалт-жалт еткен бояуы басым бiр ғана шұғыла еместiгiн‚ керiсiнше оның неше түрлi реңi бар нағыз кемпiрқосақ екендiгiн‚ оның спектрiнiң алуан түрлiлiгiн түсiне бастайды.

 

Осындай бозбала кейiпкердiң рухани жақтан дамуы жазушының басқа да шығармаларында жалғасады. Оның «Жеңiшем‚ жорға және мен» дейтiн хикаясындағы алтыншы класта оқитын Кемел де сондай. Ағасы соғысқа кеткен ол жеңгесi мен ағасының көзi ретiнде қалған шабдар жорғаны жат сұғанақ көзден әбден қорғап-ақ бағады. Бiрақ оған қатал тiрлiк онша мұрша бермейдi. Жорғаны алам деп басқарма Оқас бiраз зорлық-зомбылық жасап бағады. Ол тiпте бiр уыс бидай үшiн қартаң әйелдi соттатып та жiбере жаздайды. Оған ара түскен Ақзираның — Кемелдiң жеңгесiнiң — iзiне ендi шырақ алып түседi. Ақыры оны Магнитогорскiге қара жұмысқа жiберiп‚ жорғаны шығырға жегiп‚ мерт қып тынады. Осы жорғаның өлуi‚ жеңгесi Ақзираның жат жерге аттануы — бозбала Кемелдiң бүткiл арманын‚ алдағы үмiтiн тас-талқан қылады. Ағасы соғыста жоқ болған‚ жақсы жеңгесiнен — тiрiлей‚ ағасының көзiндей болған жорғасынан — өлiлей айрылған Кемелдiң ендi бұл ауылда қалатын еш себебi де‚ оны осы арамен байланыстыратын еш руқани жiбi де жоқ. Ақыры ол талап қып‚ Қарағандыдағы ФЗО-ға аттанады. Сөйтiп оның өмiрдi түсiнуi‚ бiлуi‚ оның қатпары қалың сырына қанығуы ендi басқа бiр жағдайда жалғасады.

 

Мұндай жағдай жазушының «Қаңтар» және «Мен баламын ба» атты хикаяларында да баршылық. Бұл шығармалардағы Алданыш пен Қойшығара да әр түрлi жағдайда тiрлiктегi өз жолдарын бастайды. Сол жолда не бiр қиыншылыққа кездеседi‚ сол арқылы олардың ой-пiкiрi‚ түсiнiгi‚ мiнез-құлқы, т.б. қалыптасады. Жазушы бозбала кейiпкерлерiнiң осы ер жету процесiн тездетiп жiбермей‚ шым-шымдап‚ қамырдан қыл тартқандай етiп сырт көзге бiлдiрмей‚ эволюциясын бұзбай‚ еш секiрiс жасатпай‚ бiртiндеп аша бередi. Жазушы осы жерде ұтымды детальды‚ портрет жасауда түрлi штрихты жиi пайдаланады. Оның хикаяларында сырдаң баяндау мүлдем аз‚ тiпте жоққа да тән‚ оның есесiне көрiнiс жасау‚ эпизод алға шығады. Жазушының‚ әсiресе‚ кейiпкерлерiнiң тiлi‚ жалпы Сыр бойына тән ауыз-екi сөйлеу тiлi өте табиғи боп келедi‚ олар сол қаймағы бұзылмаған қалпында алынған. Бұған қарағанда Н.Сералиевтiң баяндайтын‚ суреттейтiн тiлi бiраз кем түсiп жатады. Жалпы оның стилiнде ауызекi түрде сөйлеу (сказ‚ — Б.А) үрдiсi басымдау боп келедi. Оның үстiне жазушының жалпы стилiне сол кездерi қазақ әдебиетiнде үстемдiк құрған «диалект құрысын» деп айқай салған дүмше тiлшi-ғалымсымақтардың даңғазасы керi әсерiн тигiзген. Сол себептi кейде жазушының тiлi құнарсыздау‚ газет тiлi сықылды ажарсыздау боп көрiнедi. Оның хикаяларының кей жерлерiнде Ш.Айтматовтың «Жәмиләсынан», т.б. жұққан жалған лиризм‚ әсiресе романтизм әсерi байқалып та қалады. Әрине‚ бұл жерде 15-16 жастағы бозбаланың жанында болатын шынайы асқақ қиял‚ әдемi арман‚ басқаша айтсақ‚ нағыз романтика мен 19-ыншы ғасырда үстемдiк еткен жалған романтизмдi шатастырмау керек. Мұның алғашқысы жасөспiрiмге күш-қуат берсе‚ оның өмiр туралы түсiнiгiн‚ ой-пiкiрiн қалыптастыруға көмек етсе‚ екiншiсi оны мына қым-қуыты жетерлiк тiршiлiктен бездiрiп‚ оны қияли‚ әулекi‚ әуейi бiреу етiп‚ өз қауымынан‚ халқының ауқымынан тысқары шығарып жiбередi. Бiр қуаныштысы‚ Н.Сералиев осы соңғы жалған әдiстен бойын аулақ сала бiлген. Жалпы балалар мен бозбалалар туралы жазған оның шығармаларында жылы леп‚ әдемi майда күлкi‚ жарасымды әзiл‚ тазалық‚ халқымыздың жақсы мiнез-құлқын бейнелеген сәттер өте көп. Мұның бүгiнгi Батыс Европа мен АҚШ-тың әулекi‚ дөкiр‚ қатыгез мiнездi‚ кейiпкерлерi көп‚ тек қана жойқын қара күш пен тұрпайы секстi уағыздайтын жабайы фильмдерiне елiктеп жүрген қазақ жастарына ететiн әсерi де‚ беретiн сабағы да жетерлiк. Өкiнiшке орай‚ шынайы суреткер Н.Сералиевтiң осындай дарынды шығармаларын жарыққа шығаруға келгенде «Жалын» баспасы (директоры Б.Нұржекеев) мүлдем енжарлық көрсетiп отыр. Бiрақ күндердiң күнiнде шынайы дүниелердiң өз оқушыларына жететiнi анық. Сол кезде ғана көзi тiрiсiнде өзiне лайық жоғары бағасын ала алмаған‚ Алматыдан топылып жатқан алаяқтардың алтын адам деп өтiрiк мақтағанына мәз боп‚ шын мәнiнде‚ өзiнiң алтын уақытын Жазушылар Одағынан күнде топылып келiп жатқандарды күтiп алып‚ шығарып салумен, т.б. өткiзiп алған‚ шынайы суреткер Н.Сералиевтiң қымбат қазынасының қыр-сыры ашыла түспек.

 

Бiз бұл жерде алпысыншы жылғы толқын туралы айтып өттiк. Бұларға жалғаса шыққан екiншi лек алпысыншы мен жетпiсiншiлердiң арасын жалғастырушы ретiнде көрiндi. Олар ендi алғы ұрпақтың соғыс тұсындағы қиыншылыққа толы балалық шағы туралы жазған шығармаларының үрдiсiн әрi қарай жалғастырмай‚ мүлдем басқа жаққа қарай бет қойды. Бұл осы кезде қазақ оқығандарының арасында бел алған өткенiмiздi айқын бiлейiк‚ тарих қойнауына тереңiрек үңiлейiк дейтiн ұранмен басталған үлкен бiр бетбұрыстың басы бола бiлдi. Осы кезде әдебиетте алғаш рет қалам тартқан Ә.Кекiлбаев‚ Д.Досжанов‚ О.Сәрсенбаевтар халқымыздың өткен замандарда басына түскен неше түрлi шатқалаң кезеңдi өздерiнiң шығармаларына обьект етiп алды. Бұл жерде атүстi кеткен‚ тарихшылық шарттарын ескермеген сәттер де кездестi. Мәселен‚ қоныстаған ел-жұртының кiм‚ тiлiнiң‚ тұрмыс-салтының‚ киiм-кешегiнiң, т.б. қандай екендiгi белгiсiз белгiлi бiр шаһар туралы қандай шығарма жазуға болады? Бұған сол кездегi тарихты бетiнен қалқып‚ белгiлi бiр идеологияның тұрғысынан қарастырған В.Янның жазғандары үлгi бола алады ма? Оның үстiне бағзы замандарда тiрлiк кешкен кiсiлердiң тiлi мен салт-санасын анық бiлмей тұрып қандай сан қырлы мiнезi бар кейiпкер сомдауға болады? Бұл‚ әрине‚ өте қиын. Қазақ жазушылары ол алыста қалған заман түгел‚ кешегi 19-ншы ғасырда жасаған тарихи адамдардың тұрмыс-тiрлiгi туралы да мардымды‚ шынайы ештеме жаза алған жоқ. Және ол дәуiр жайлы сыр шертетiн тарихи деректер әлi де жарық көре қоймаған-ды. Оның үстiне тарихи iрi-iрi оқиғалар коммунашылдар партиясы уағыздаған идеологияның негiзгi шарттары бойынша қарастырылғандықтан‚ өткен ғасырлардың шындығы тiрлiгi қатты бұрмаланды. Осы партия сызып берген жолдан бұра тартып‚ шығып кеткiсi келгендер қатты сыналды. Бұл шарт осы кезде алды ақтала бастаған алашордашылар турасында да қатаң түрде сақталды.

 

Мiне‚ осындай тараң кезде‚ қолайсыз рухани атмосфера тұсында жазылған. I.Есенберлиннiң «Көшпендiлерiнде» кеткен «әттегенайлар» баршылық. Бұл‚ әсiресе‚ Кенесары ханға байланысты нәрсе. Әбiлқайыр хан жөнiнде де осыны айтуға болады. Одан кейiнгi 1916 жылғы көтерiлiс‚ қалқоздастыру кезiндегi дүрбелең‚ 1937 жыл мен тың кезеңi де көркемделген әдебиетте өте бiр жақты қарастырылды. Әрине‚ келер ұрпақтың осы тарихи кезеңдерге кейiнiнен басқаша тұрғыдан қарап‚ тарихи жағдайды басқаша бағалап‚ басқаша түрде қалам тартуы айқын. Бiз осы арада бұл мәселеге тоқталмаймыз. Негiзгi айтпағымыз‚ — қандай да халық өткенiне алаңдап қарай берсе‚ өз бүгiнiн‚ ертеңгiсiн ұмытып кетедi. Жазушының негiзгi мiндетiнiң бiрi — осы заманға тән мәселелердi толығымен көтере бiлу. Бұл жағынан келгенде қазақ қарасөздерiндегi хикая жанры бiраз тер төгiп бақты. Бiрақ санның сапаға өтуi көптеген қиыншылықтарға кездестi. Оның ең басты себептерi — белгiлi бiр науқанға орай «мәселе» көтерген боп көрiнiп қалу‚ тақырыпты саудаға сап‚ арамдап тастау‚ 60-70-iншi жылдардан бастап мүлдем күрт өзгере бастаған халқымыздың өмiрiн дұрыс бейнелей алмау‚ сол заманға тән кейiпкерлердi тап басып ұстай бiлмеу‚ ең бастысы‚ халық пен көркемделген әдебиеттiң арасында болған мүлдем кереғар алшақтық едi. Мұны‚ басқаша айтсақ‚ Брежнев заманында ғана тоғайып‚ өздi-өзiне кеп‚ саны көбейе бастаған халқымыздың сан қилы тұрмыс-тiршiлiгiн‚ бақ-талайын өткенiмен бiрге қарастыра отырып‚ үлкен бiр синтез жасай алмау болатын. Бұл кезде де баяғы тұрпайы социология белең алды. Қазақ жазушылары Ш.Айтматовтың жалған ықпалында кетiп‚ соған қарап‚ соған елiктеп эпигон шығармаларды өйдей кеп қойша тоғытты. Әрине‚ сол жалған әсерге берiлмеген қаламгерлерiмiз де болды. Қайта олар керiсiнше «кiтабилыққа» әуес Ш.Айтматовтың өзiне де әсер ете бастады. Мәселен‚ Т.Ахтановтың 1963 жылдары «Дала сыры» деген атпен жарық көрген повестiнiң сюжетi қырғыз жазушысының «Қош бол‚ Гүлсарсында» аз-маз өзгертiлiп‚ негiзгi жұлын тұтасы сол бойынша қайталанды. Сөйтiп Тахауи сол хикаясын кейiнiнен романға айналдырып‚ орысшаға аудартам деп жүргенiнде орысша жазатын Айтматов «Гүлсарысын» Мәскеуде бастырып‚ қазақ қарасөзшiсiнiң алдын орап та кеттi. Соның салдарынан «Дала сыры» екiншi қатардағы (вторичность) қайталау тәрiздi шығарма боп қала бердi. Мiне‚ осыдан бiраз жыл өткен соң‚ сәтсiз шыққан «Бiр шөкiм бұлт» атты хикаясынан кейiн соғыс тұсындағы балалық шақ жайлы тақырыпты жауып тастап‚ тарихтағы белгiлi тұлғалар туралы аңыз-әпсанаға‚ притчаға ден қойып жүрген Ә.Кекiлбаев тосын мiнез көрсетiп‚ 1978 жылы «Құсқанаты» дейтiн жинағын шығарды. Осы кiтапқа енген «Құсқанаты» және «Бiр шоқ жиде» атты хикаяларында жазушы бүгiнгi кiсiлердiң жан дүниесiне жiтi үңiлiп‚ олардың тағдыр-талайын‚ ой-пiкiрiн‚ мiнез-құлқын, т.б. жаңаша бiр тәсiл арқылы көрсете бiлдi. Автор қазақ әдебиетiнде Батыс Европа әдебиетi үшiн баяғыда болған‚ әбден тозығы жеткен сана-сезiм тасқыны дейтiн тәсiлдi алғашқылардың бiрi боп қолданады. Ол «Құс қанаты» хикаясында сонау Маңғыстаудан жаңғыз ұлының соңынан ерiп келген жаулығы қақырадай қара кемпiрдiң бүгiнгi қала тiрлiгiне бiртiндеп көндiгуiн‚ жаңа әдет-ғұрыпқа қарай икемделуiн‚ жалпы дала қазағының қалаға қарай ыңғайлануын шынайы түрде суреттей бiлдi. Алғашында оған жаңғыз ұлының емен-жарқын‚ арсы-гүрсi мiнездi жолдастары да‚ келiнiнiң еш айттырусыз‚ құда түсусiз үйiне кеп топ ете қалуы да‚ қуықтай үш бөлмеде қамауда өтiп жатқан сықылды оңаша тiрлiгi де мүлдем ерсi боп көрiнедi. Қара кемпiр кейiнiнен оған да үйренедi. Ендiгi оның өмiрi өткендi еске алумен‚ халқымыздың рухани жақтан қымбат дүниелiктерiн бүгiнгi үрдiспен салыстырумен, т.б. өтiп жатады. Ең ақырында құс қанаты‚ наурыздың ақша қары жауады. Бұл қара кемпiрдiң жақсылыққа қарай өзгерген тiрлiгiнiң жақсы бiр нышаны ретiнде көрiнедi.

 

Жазушы «Бiр шоқ жиде» хикаясында Маңғыстаудың қалың құмының бiр жықпылында мал бағып отырған Тiлеу шал мен оның кемпiрi Зейнептiң өткен өмiр жолдарын еске алуы‚ оны қайтадан қорытуы‚ артында қалар ұрпағы Тұяқтың тiлегiн тiлеуi арқылы бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiне суреткерше көз тастауға тырысады. Хикаяда мiнезi қызық Күдерi‚ момын да ағеден кемпiр Зейнеп‚ бүгiнгi жастардың көркемделген өкiлi Тұяқтар әр тарауда әр қырларымен көрiнiп жатады. Оқушы осы арада қарапайым кiсiлердiң бойына сiңген мейiрiм‚ шапағат‚ қайырымдылық‚ бауырмалдық‚ әдiлдiк тәрiздi ең бiр жақсы қасиеттердiң барлығына‚ олардың еш жасандылықсыз‚ табиғи түрде көрiнiп жатқандығына ерiксiз таңғалады. Шығарманың соңғы жағында өлшеулi демi таусылып‚ бiр төмпектiң астында жатқан Зейнептiң басына кеп Құран оқып отырған Тiлеу шалды көремiз. Ол бетiн сипап болған соң‚ жыл қайырып‚ бiраз отырып қалады. Шал ендi өз тiрлiгiнiң бастауы мен соңын есептеп отыр. Бұл бiрақ физиологияның ақырында болар тәндегi қиналыс емес‚ керiсiнше тағдырдың бұйырығына асқан сабырлылықпен бой сұну‚ өткен өмiрiн таразылап‚ iштей өзiне өзi есеп беру! Мұндай сабырлылық‚ таразының екi басын тең ұстау ырғағы қатты‚ даңғазасы жетерлiк мына улыған да шулыған тiршiлiкте оқушы жанын бiр сәтке болса да емдейдi‚ ауызға салар жем үшiн кiм көрiнгенмен жұлысып тiрлiк кешудiң ақырының қайда соғарына меңзеп‚ оған терең бiр бiр ой салады. Шынайы көркемделген әдебиеттiң негiзгi мiндетi де осы‚ — ой салу‚ жылмағай публицистиканың көсiлгiш кер дөненiне мiнiп ап‚ ақылдымсып‚ әр ненiң басын шатып‚ ой-пiкiр айтқан боп‚ айдалаға лағу емес. Өкiнiшке орай‚ кейiнiнен жазушы қарасөздегi осы «алтын шыққан жерiн» одан әрi жалғастырып‚ «белден қаза алмады»‚ ол да атам заманда жермен жексен болған молаларды «қазып» кете барды. Бiз жазушының жалпы шығарымпаздығы туралы басқа бiр мақаламызда сөз ететiн болғандықтан‚ мына шолуымызда Әбiштiң стилiне‚ кейiпкерлердi сомдау‚ мүсiндеу тәсiлiне‚ тiлiне, т.б. тоқталмаймыз.

 

Бiз осы алпысыншы жылғылардың бүткiл жазғандарын сараптай‚ өзара салыстыра отырып‚ олардың хикаяларына өзек болған тiршiлiктегi небiр жәйттердiң‚ ой-пiкiрдiң‚ әдеби тұжырымның, т.б. салмақты екендiгiн айқын аңдаймыз. Оның үстiне олардың өмiр материалын қалай болса солай «өңдеп»‚ «илей» бермей‚ әдебилеудiң шегiн‚ мөлшерiн бiлiп‚ сезiп‚ олардың басты сұлбасын‚ фотографиядағы негатив сықылды (бұл мүлдем көшiру емес!) сол алғашқы түпнұсқасынан онша ауытқытпай‚ қайта соны оқушының есiне ерiксiз сала беретiндей етiп тәндестiре алғанын‚ жалпы тiршiлiктiң басты-басты арнасынан ауытқымағанын көремiз. Мiне‚ көркемделген әдебиеттегi осы негiзгi шарттар кейiнiнен әдебиетке келген жетпiсiншi‚ сексенiншi жылғылардың жазғандарында көп ретте сақтала бермедi‚ тiпте тәндестiру деген шартқа Кеңес заманында үстем болған идеологияның талап-тiлегi деп те қарады. Соның салдарынан олардың көбi Батыс Европа‚ АҚШ‚ Латын Америкасы әдебиеттерiне үңiлiп‚ ол елдердiң көбiнде әдебиет теориясының жетiле қоймағандығын‚ көбiнiң әлi де жаңадан даму үстiнде екендiгiн ескермегендiктен‚ солардағы бар үлгiге сырттай жадағай елiктей жөнелдi. Одан тыс жетпiсiншi жылдары мифке‚ аңыз-әпсанаға‚ символға‚ аллегорияға құмарлық басталды да кеттi. Бұның өрiстеуiне кезiнде атақ-абыройды барынша алып бiткен Ш.Айтматовтың «Боранды бекетi» де қатты әсер еттi. Және бiр қызығы, ол мифтердiң негiзiнде қазақтың бұрынғы ертектерi‚ аңыздары жатқан жоқ‚ басқа жұрттардың фольклорларындағы бар нәрселер қазақ топырағына көшiрiлiп әкелдi. Оның үстiне сол тұста күллi Кеңес әдебиетiнде Ф.Достоевскийдiң мұраларына‚ соның iшiнде «Жын-шайтан» дейтiн романына қайтадан үңiлу‚ оларды қайтадан тәпсiрлеп‚ басқаша қисындау әдебиеттегi «пәлсапашылдық» дейтiн дүрбелең басталды да кеттi. Мұның байыбына тереңдеп бармаған бiздiң кейбiр қаламгерлерiмiз бен даурықпа сыншыларымыз көркемделген әдебиеттен тек қана философия iздеп‚ әдеби шарттарды ұмытып‚ роман мен хикаялардан тек қана эссеге тән қасиеттердi iздеумен болды. Сөйтiп, олар хикая жанрының салмағын арттырам деп‚ көркемделген әдебиеттiң мойынына кейде керексiз артық жүктi тықпалап арта бердi. Бiрақ бұл атақты Балқы Базар жырау: «Жүк қалмас сыйыстырып артсаң нарға»‚ — деп айтқандай‚ шынайы үлкен синтез емес едi. Осы бiр жақты ұғылған талап қазақ әдебиетiн өмiрдiң қаны сорғалаған ең бiр өзектi мәселелерiнен аулақ алып кеттi. Әсiресе‚ притча-аңыз‚ әпсанаға құмарлық бұның өрiстеуiне қатты әсер еттi. Мәселен‚ Ә.Кекiлбаев сол жылдары жазған «Аңыздың ақыры» мен «Ханша Дария хикаясында» билiктiң табиғатының сырын‚ феноменiн Шыңғыс хан мен Ақсақ Темiрдiң бойларынан iздеп табуға тырысты. Әрине‚ мен бұл арада Әбiштiң Брежнев туралы «тың эпопеясын» жазып‚ Генсек арқылы билiктiң жаратылысын, т.б. ашуға ұмтыла алмасын жақсы түсiнемiн. Тiпте о заманда өйте қою мүмкiн де емес едi. Бiрақ әдебиеттiң мықтылығы дәл осындай аузы жабық‚ бiтеу тақырыптарды ештеңеден қаймықпай қозғауда жатыр емес пе? Оны орыс жазушылары сол кезде-ақ ашық көрсеттi. Мәселен‚ сақалы саптаяқтай Солженицын суреткерлiк қасиетi өте кемдiгiне қарамастан, Кеңес түрмесiндегi жағдайлар туралы жазды. Ал Дудинцев‚ Рыбаков‚ Гроссмандар қорқыту‚ үркiту‚ атып-асудың нәтижесiнде тас құдайдың дәрежесiне дейiн жеткiзiлген Сталиннiң тұлғасынан жалған бояуды сылып алып‚ оның шын кейпiн көрсете бiлдi. Ал бiзде халықтың жасы 1937 жылы ең бiр көп зардап шеккен халықтың бiрi ол заман туралы ештеңе де жазылған жоқ. Тiпте ол жөнiнде Кеңес тұсында Кремльге арқа тiреп тұрып сөйлейтiн Ш.Айтматовтың өзi де (әкесi Төреқұлдың сол зұлматтың құрбаны болғанына қарамастан!) ол жайында жұмған аузын аша алмады! Ол бар болғаны М.Булгаковтың романындағы Иса туралы аңызды көшiрiп ап‚ оның қырғыздың ой-түсiнiгiне келер-келмесiне‚ үйлесер-үйлеспесiне қарамастан‚ эклектизмi басым шығармасын жазды! Оған ендi бiздегi эпигондар жел ұрған қамысша жапырала кеп құлады! Мiне‚ осындай неше түрлi ықпал‚ әсердiң өрiстеп тұрған кезiнде әр түрлi дәрежеде‚ бiрi кем‚ бiрi артықтау әдеби дайындығы бар‚ тiрлiктен жинаған бар қоры — ауылдағы мектеп‚ Алматыдағы университет‚ өздерi жұмыс iстейтiн газет-жорнал редакциялары ғана боп келетiн бiр топ жазушы әдебиеттiң табалдырығынан аттады. Осылардың жуан ортасында Т.Әбдiков‚ Д.Исабеков‚ Ә.Сараев‚ М.Сқақбаев‚ О.Бөкеев‚ А.Жақсыбаев‚ А.Мекебаев‚ Қ. Мұхамедқалиев‚ Б.Шаханов‚ Т.Нұрмағамбетов‚ Ж.Түменбаев‚ С.Елеубаевтар болды. Олардың жолын «сексенiншi жылғы» Т.Сәукетаев‚ Д.Әшiмханов‚ С.Асылбеков‚ Ж.Шаштайұлы‚ Қ.Түменбаев‚ С.Оспанов‚ Н.Оразов және басқалар жалғастырды. Бұдан кейiннгi «тоқсаныншы жылғылар» Кеңес үкiметi құлаған соң‚ ыры-тыри боп‚ «балапан — басына‚ тұрымтай — тұсынаның» кебiн киiп‚ шiл боғындай тоз-тоз боп кете барды. Сол себептi болар осы соңғы толқынның iшiнен мойны озып‚ iлгерi ұмсынып шығып жатқандарды көре қою қиын. Олардың iшiнен жүзiктiң көзiнен өткендерi ғана қалталы қуларды тауып ап‚ әлi де шикi‚ күлдiбадам дүниелерiн тоғыта шығарып жүр. Ал шын дарындыларының бас көтере алмай жүргендiктерiне күмәнiм жоқ. Сол себептi соңғы буын туралы сөз айта қою өте қиын. Менiң «жетпiсiншi»‚ «сексенiншi жылғылар» туралы әңгiмелеп отырғаным да сондықтан. Қанша дегенмен алды алпысты алқымдап қалған бұл топтың бүгiндерi не жазып‚ не қойғандықтары белгiлi. Демек ол жөнiнде сөз қозғап‚ бұра тартпай шындығын айту көптен берi толғағы жетiп келген шаруа болатын. Осы жерде ашық айтатын бiр нәрсе — осы соңғы екi толқынның өмiрдегi тәжiрибесi‚ әдеби дайындығы‚ көтерген мәселелерiнiң қомақтылығы‚ өзге ұқсамас өз беттерiнiң бар-жоғы‚ стильдерiнiң тайға таңба басқандай боп көрiнуi‚ тiлдiң байлығы‚ бейненi сомдау‚ тәндестiру, т.б. жағынан алып қарағанда‚ алдыңғы буыннан бiраз кем түсiп жатқандығы. Оның себебi әр түрлi. «Алпысыншылардың» артықшылығының себебi — Хрущевтың «жылымық» заманынан кейiн‚ рухани құрсаудан босаған сол кезгi жас жазушылардың өздерiн еркiнiрек сезiп‚ әдебиетте ешкiмдi де пайғамбар‚ культ тұтпай‚ тiпте кейiн тас «балбалға» айналып кеткен Ш.Айтматовтың өзiн де «менсiнбей»‚ онымен әдеби жарысқа түсiп‚ мүмкiндiгiнше (бұл әркiмде әр түрлi болды!) еркiнiрек көсiле алғандығы. Ал «жетпiсiншi»‚ «сексенiншi жылғылардың» кезiнде тас «балбалға» айналған Ш.Айтматовтың т.б. әсерi әдебиетте бiрден бiр дұрыс жол осы дегендей үстемдiк құрып тұрған едi. Бас асаулығынан гөрi прагматизмi басым осы буынның iшiнен Айтматовтың өңiрiне таққан‚ сыртқы жылтырағы жетерлiк шылдырмақтарына‚ атақ-дәрпiне қызықпағандарды табудың өзi қиын. Ал бұл әдебиетке екiншi дәрежедегi (вторичность)‚ елiктеп-солықтауы көп‚ «кiтабилығы» басым‚ шынайы қазақ топырағына табан тiремеген‚ бұрыннан бар‚ белгiлi мәселелердi қайтадан қарастыруға тырысқан‚ бiрақ еш жаңа ой-пiкiр айта алмаған‚ жаңа кейiпкерлердi таба бiлмеген‚ сұрқай бiр дүниелердiң отау тiгуiне әкеп соқтырды. Ондай күлдiбадам дүниелердi сол кездiң өзiнде-ақ жалдамалы сыншылар дабырайта кеп мақтады. Соның нәтижесiнде эпигондардың қанжығаларына комсомол мен мемлекетiмiздiң сыйлықтары сыбаға тартқандай боп өздiгiнен кеп байланды. Ендi ондай қолдан жасалған ағаш беделi бар «авторитеттер» — «аптариқалар» туралы шын сөз айту мүмкiн де болмай қалды. Оның үстiне ондайлар бiзде шығатын газет-жорналдардың, т.б. басында отырды. Олар ендi өздерiн жағымпазданып қолпаштағандарды қолдады да‚ еркiн ойлап‚ онысымен келiспегендердiң қыр соңына түсiп алды. Бiрақ өмiрдiң өз заңы бар. Ол заң салтанат құруға онша асықпайды‚ — бiрақ түптiң түбiнде қара қылды қақ жарып‚ өз билiгiн айтады. Бұл бiздiң әдебиетiмiз үшiн өте-мөте қажет-ақ. Әсiресе‚ көркемделген әдебиеттiң құны түсiп‚ бәсi кемiп‚ кiм көрiнгеннiң аяғының астында төсенiш боп кеткен мына зобалаңы жетерлiк заманда керек-ақ! Ол үшiн жүрiп өткен жолымызға қайтадан бiр үңiлмеске болмайды.

 

Осы арада менiң есiме кезiнде аса дәрiптелген‚ көзi тiрi «классиктердiң» қатарына апарылып тасталған О.Бөкеев түсе бередi. Бiз ол екеумiз 1967 жылы жаз айында «Лениншiл жас» газетiнде бiрге қызметке алынған едiк. Менен бiраз үлкендiгi бар‚ өмiрде тiс қағып қалған‚ Өскемен жақтағы бiр ауданда шығатын газетте жұмыс iстеген оның бiрден астанадағы беделдi газетке қызметке алынуы (дүмдi кiсi болмаса‚ — Б.А.)‚ сырттан қарағанда‚ өте таңғаларлық едi. Келе бәрiмiз де жұмысқа кiрiсiп кеттiк. Оның алғашқы жазған мақалалары мен әңгiмелерiнен дайындығының аздығы‚ сөздiң iшкi нервiсiн сезбейтiндiгi‚ оны қалай болса солай былапыт түрде қолдана беретiндiгi‚ көпiрмелiгi‚ негiзiнен‚ Ш.Айтматовтың романтизмi басым алғашқы хикаяларына елiктейтiндiгi‚ жалпы әдеби бiлiмiнiң тақ-тұқтығы бiрден көзге түсетiн. Ол бiрде газетте «Бура» дейтiн әңгiмесiн жариялады. Сондай әңгiмесiн редакцияа iстейтiн басқа бiр жiгiт алдында ғана бiзге оқып берген-дi. Қарасақ‚ Оралхан әлгi жерлесiнiң әлi жарық көрмеген әңгiмесiнiң сюжетiн алып‚ аздап өзгертiп‚ одан бұрынырақ жариялап жiберiптi! Сонда әлгi жiгiтпен екеуi редакцияда төбелесерменге дейiн жеттi. Соны өз көзiммен көрген менiң мұны айтып жатқан себебiм — Оралханның қолсұқпалығының бар екендiгiн ғана емес (ондай ұрлық кейiнiректе жиi кездесiп жүрдi‚ ол туралы басқа мақаламызда айтамыз‚ — Б.А.)‚ ең бастысы — оның әдебиетте көркемделiп көтерiлер өзектi мәселенi өмiрдiң тура өзiнен алмай‚ бұрындары бар‚ талай рет қозғалған‚ белгiлi жәйттердi тура ала сап‚ қайталап‚ аздап өзгертiп жаза беретiндiгi едi.

 

Сонда менiң таңғалғаным‚ әлгi қиянатты көздерiмен көрген газет қызметкерлерiнiң Оралханның шалапiстi нәрсесiн аяғын жерге тигiзбей мақтағаны болды! Содан-ақ Бөкеевтiң әдебиеттегi «ұлы шеруi» басталды да кеттi. Оның қазақтың тұрмыс-тiршiлiгiне‚ соның iшiнде Алтай өңiрiнiң қазақтарына (Қалиханның шығармаларын еске алыңыз‚ — Б.А.) тән емес‚ әр түрлi әдебиеттен көшiрiлiп алына салынған‚ қазақ жазушыларының шығармаларында бар нәрселердi «қайтадан қозғаған»‚ қайталауы‚ көпiрме артық сөзi жетерлiк‚ шынайы көркемделген дүние емес‚ публицистикасы басым шалажансар шығармалары үстi-үстiне дүмелiп шыға бастады. Сол кездегi партияның саясатын қолдаған‚ соны уағыздаған әлгiндей шалажансар «шығармалары» үшiн ол комсомолдың сыйлығын тез арада алып та үлгердi. Ендi оның қызмет жағынан шыңға өрлеуi басталды. Әдеби жорналдар мен газеттердiң басында отырған оған ендi талай-талай жазушының жазған дүниелерi тура кеп түсетiн болды. Сөйтiп ол қасқалардың көбi шығармасын жариялай алмауына қоса‚ тұлдай боп ұрланып‚ сюжетi‚ идеясы, т.б. қолды болып‚ айдалада қалды. Кезiнде О.Бөкеевтiң осындай суыққолдылығы туралы дау дамай да болды. Бұл жөнiнде әдеби қауым жақсы бiлетiн болғандықтан‚ мен бұл шолу мақаламда оған да‚ оның алғашқы хикая‚ әңгiмелерiне де тоқталып жатпаймын. Мен негiзiнен Оралханның жазуы қалыптаса бастағанын көрсетерлiк‚ Мемлекетiмiздiң үлкен сыйлығын алған‚ 1985 жылы жарық көрген «Бiздiң жақта қыс ұзақ» атты кiтабы жөнiнде сөз етпекпiн.

 

О.Бөкеев бұған дейiнгi шығармаларын қазақтың жалпақшыл сыншыларының өйдөй кеп мадақтағанын мiсе тұтпай‚ сол кезде мода боп жүрген‚ «жақсы шығармаларды орыс оқушылары ғана бағалай бiледi» дейтiн желөкпе пiкiрге ерiп‚ 1978 жылы Мәскеуден «След молнии» деген аударма кiтабын шығарған едi. Бiрақ оның үмiтi ақталмады‚ — әдебиеттегi мұндай балаң кезеңдi 19-шы ғасырдың бас кезiнде жүрiп өткен орыс әдебиетiнiң өкiлдерi жұмған аузын ашқан да жоқ. Оның үстiне О.Бөкеевтiң хикаялары мен әңгiмелерi орысшаға қалай болса солай еркiн‚ қысқартылып аударылған болатын. Мәселен‚ «Қайдасың‚ қасқа құлынымы» қазақшасында — 120 бет‚ орысшасында — 43 бет‚ «Үркер ауып барадысы» қазақшасында — 100 бет‚ орысшасында — 78 бет‚ «Мұзтауы» — қазақшасында — 104 бет‚ орысшасында — 67 бет, т.б. боп шыққан. Және бiр айтары‚ қазақша кiтаптың форматы үлкен‚ ал орысшасының форматы — одан кiшi. Демек‚ Оралханның повестерiнiң жарым-жартысы ғана орысшаға аударылған! Ендi бұған керiсiнше‚ (1978 жыл) кiшi форматпен 72 бет келерлiк «Қар қызы» орысшасында үлкен форматпен 125 бет боп аударылған‚ яғни қазақша нұсқасынан екi еседей көп! Мiне‚ осындай алшақтықты‚ қолайсыздықты сезген Оралхан 1985 жылы шыққан жинағында: «Қар қызы» повесiнiң алғашқы нұсқасы 1978 жылы жарық көрген едi. Орыс тiлiне аударылу барысында (?) мүлдем қайта жазылып (?)‚ соны оқиғалар мен жаңа кейiпкерлер қосуға тура келдi»‚ — деп (235 б.) жазады. Бұл жерде 1978 жылы қазақша жарық көрген хикаяның сол жылы Мәскеуде шыққан кiтапта қайта жазылып (?) шығуы (баспа шаруасында бүйте қою қиын‚ бұрын «Жазушы» баспасында қызмет iстеген мен мұның техника жағынан өте қиын‚ тiпте мүмкiн де еместiгiн жақсы бiлемiн‚ — Б.А.) оқушыны еш сендiрмейдi. Бұл жерде анығын айтсақ‚ Оралхан орысша нұсқаны (орыстың жақсы жазушысы үнемi қалтасының түбi тесiк боп жүретiн В.Личутин аударған‚ — Б.А.) бар-жоғы қазақшаға қайтадан аударып отыр! Ал шын мәнiнде қандай да туынды өз тiлiнде ақырғы нұсқасы жасалғаннан кейiн барып басқа тiлдерге аударылуы қажет! Кеңес әдебиетiнде бұл шарт әбден бұзылып‚ әсiресе‚ Қап тауынан шыққан‚ қалтасы қалың қаламгерлер үшiн Мәскеудiң қулары қайтадан «төл шығармалар» жазып берген жәйттер жиi ұшырасып жүрдi. Оралхан да одан мойын асыра алмады. Бұл жерде түпнұсқа мен аударманы өзара салыстыру («Қан мен тер» де сондай‚ — Б.А.) еш мүмкiн емес. Мiне‚ осының өзi реализмi‚ жазу үрдiсi баяғыда қалыптасқан орыс қарасөзiнiң өкiлi үшiн Оралханның шығармаларының әлi өспеген‚ балаң әдебиеттiң алғашқы апыл-тапыл басқан қадамы сияқты боп көрiнгенiн айқын бiлдiредi.

 

О.Бөкеев «Қар қызы» атты повесiнде күллi Кеңес әдебиетiнде‚ кинематографияда талай рет кездескен‚ әбден езiндiсi шыққан жәйттердi қайталайды. Мұндағы Нұржан‚ Аманжан‚ Бақытжан дейтiн кейiпкерлер некесiз‚ көлденеңнен туылады. Бiр қолайсыздығы‚ осы үшеуi де өз шешелерiнiң қылмысын ашу үшiн (?) шын әкелерiнiң кiм екендiгiн кiм көрiнгеннен сұрайды да жүредi. Олардың жасы үлкен кiсiлермен әңгiмелерi:

 

— Сен осы кiмнен тудың‚ әкри?

— Сiзден емес‚ әрине.

 

— Оны өзiм де бiлем‚ — (240 б.)

 

түрiнде боп келедi. Мұндай әрекеттiң қазақ халқы үшiн мүлдем ерсi‚ тұрпайы боп көрiнетiндiгiн автор ескерiп те жатпайды.
 

Жарайды‚ олардың өз әкелерiнiң кiм екендiгiн бiлгiсi-ақ келсiн. Сонда ол не үшiн? Мұндай трагедияны жазушының жеңiл‚ әзiл-оспаққа айналдырғысы келетiнi нелiктен? Ау‚ ол бiр кiсiнiң‚ — жiгiттiң де‚ шешесiнiң де тағдыр-талайы емес пе? Азаматтар қан майданда соғысып жатқанда еркек кiндiгi аз ауылда ондай жағдайдың болуы соншалықты сөкет пе? Ол үшiн әлгi жiгiттердiң өз шешелерiн жазғырып‚ оны нағыз сайқал‚ жәлептердiң қатарына қосуға аз қалатыны‚ қазақтың менталитетiн айтпағанда‚ жалпы адамгершiлiкке жата ма? Өз туған шешесiнiң осындай «ұрлығын» ашам деудiң өзi оқушыға қалай боп көрiнедi? Ондай жағдай соғыс тұсында кiмдердiң басында болмады? Күйеулерi соғыста мерт болған‚ қолында одан қалған тұяғы не алатын әмеңгерi жоқ‚ 20-30-дың о жақ бұ жағындағы жас келiншектер сонда не iстемекшi? Әлде олардың тiрлiктен баз кешiп‚ әлдеқандай қиялдың елесiне ерiп‚ тақуа болуы керек пе? Бұған жалпы өмiрдiң‚ биологияның заңы мүлдем қарсы болмай ма? Өз ұрпағын жалғастыру дейтiн инстинкт адамға да тән нәрсе емес пе? Бұл арада әлгi үшеудiң шешелерi шынымен суық жүрiс жасап жатса‚ — бiр сәрi. Оның бар жазығы — ертең қара басым сопайып қалмасын‚ шаңырағым құламасын дегендiк. Сол үшiн өз жатырынан шыққан балаларының шешесiнiң түнде жамылған көрпесiнiң астына үңiлуi қажет пе? Олар әкелерiнiң кiм екендiктерiн бiлгiсi кеп бара жатса‚ ол жайында кiм көрiнгеннен сұрап‚ шешелерiнiң абыройын төкпей-ақ‚ оны өз анасынан сұрап та алмай ма? Мұндай трагедияны (шешелерi күйеуi бола тұрып‚ көлденеңнен бала тауып жатса‚ — сөз басқа!) Оралханның сайқымазаққа айналдырғанының несi жөн?

 

Жалпы бұл хикаяда қазақтың ұғымына‚ түсiнiгiне‚ әдет-ғұрпына келмейтiн нәрселер өте көп. Қандай жағдайда да символ да‚ тұспал да‚ аңыз-әпсана да әр халықтың өз топырағынан шығып жатуға тиiстi. Мына хикаядағы «Қар қызы» деген (Снежная дева) қазаққа мүлдем тән емес‚ ол басқа әдебиеттен тура көшiрiлiп әкелiнген. Оның үстiне повестiң сюжетi жалған. Мұнда адам сенгiсiз жәйттер жетерлiк. Хикаяда айдала тау арасында‚ қоғамнан тыс тұратын Қоңқай дейтiн шал (Ш.Айтматовтың «Ақ кемесiндегi» белгiлi жәйттi еске түсiредi‚ — Б.А.) бiр әйелдi зорлап (?)‚ екi қабат етедi де‚ қуып жiбередi (?). Одан 1946 жылы Аманжан туады-мыс. Қоңқай онысымен қанағаттанбай‚ тағы да Алмажан деген жас қызды зорлап (?)‚ қақаған аязда оны тыр жалаңаш шешiндiрiп‚ қуып кеп жiбередi (?). Қыз аязда үсiп‚ тiрi әруаққа айналып кетедi (?). Автор мұны Қар қызы дейдi. Бiр қызығы‚ Қоңқа шалдың осы қылмыстарын облыс‚ аудан басшылары‚ заң орындары жақсы бiледi‚ бiрақ олардың ешқайсысы да зорлықшыл‚ адамшылдықтан безген Қоңқайды сотқа тартпайды‚ тiпте өйтуге олардың шамалары да жетпейдi. Ал мұның Сталиннiң қылышынан қан тамып тұрған заманында бола қоюы мүмкiн де емес. Жарайды‚ оған да көнелiк. Ендi автор Кеңес қоғамының жазалауға әлi келмеген Қоңқай шалды одан әрмен құбыжық етiп‚ оны адамзатты тура жолдан тайдыратын әзәзiл‚ Iбiлiс Мефистофель сықылды ғып көрсетедi. Одан ел-жұрттың зәре-құты қалмай бәрi қорқады. Сөйтiп, ол Алтай тауларында жеке-дара билiк құрып тұрады. Мiне‚ осындай құбыжық болған Қоңқай шал отырған асудың ар жағында адасқандарды күтiп ап қайырым жасайтын бiр Сиыршы шал тiрлiк етедi. Нұржан оның көлденеңнен таптырған баласы. Ал Упрайдан (аты қызық қазақша емес‚ совхоздың директоры) Бақытжан туылған. Мiне сондай «күнәдан пәк»‚ «қайырымы» жетерлiк Сиыршы шал Қоңқай зорлап‚ тыр жалаңаш қуып жiберген Қар қызы — Алмажанды бала етiп асырап алады. Қазақ ұғымында‚ мұндай асырап алған баланы өз перзентiнен кем көруге еш те болмайды. Мiне‚ сол Қар қызы — Алмажанмен Нұржан кездескен түнi‚ оның бiрге тумаған болса да қарындасы екендiгiне қарамастан‚ тар төсекте сүйiсе салады‚ сөйтiп екеуiнiң сүйiспеншiлiктерi бiрден ояна қалады. Мұндай жағдай қазақ түгiл‚ басқа жұрттарда да болмайды. Оның үстiне қатыгез Қоңқай қуып жiбергеннен кейiн‚ қақаған аязда Алмажанның тоңбауы‚ үсiмеуi‚ ауырмауы, т.б. өте қызық. Жарайды ол зорлықшылдан жапа шеккен махаббаттың тұспалы ретiнде үстi-басы мұз боп‚ қатып қалған Қар қызына айнала қойсын! Ендi оның аяқ астында Нұржанмен тар төсекте кездесе қойғаны қалай? Қар қызы символ-қар‚ мұздан қалай құтылған‚ оны қалай ерiткен? Мұндай еш қисыны жоқ тұспал‚ символ реализмi жетiлген‚ есейген әдебиетке жараса ма? Мұндай қисынсыз «ертекке» ересек оқушы түгел‚ жас бала да сене қояр ма екен?

 

Мұндай сенiмсiз жағдайлар оның «Жетiм бота» повесiнде де ұшырасады. Ол жөнiнде кезiнде жазушы Ө.Қанахин қатты сын да айтқан болатын. Бұл хикаяда қатын-бала-шағасынан безген‚ әбден азып-тозған Тас дейтiн (шын аты Тасжан?) архитектор Ақтау қаласына оның жалпы жобасын қағазға түсiрмек боп келедi. Бұл бiрден-ақ сенiмсiздiк тудырады. Кеңес заманында ондай отбасын бұзған кiсiге еш уақта да үлкен қаланың жобасын салудың сенiп тапсырылуы мүмкiн де емес. Ол өз алдына. Әлгi Тасың сол келген күнi-ақ қонақүйде‚ автордың жазуынша‚ «иттей қыңсылап жүрген» бiр сайқалмен таныса қалады. Iзiнше бiр прибалтикалық қызбен кездеседi‚ сол үшiн қызыл ала қан боп төбелеседi. Бiрақ әлгi сайқал да‚ мына кейiнгi ұшырасқан қыз да Тастың оясын толтыра қоймайды. Оның бар арманы‚ идеалы — жетiм бота (?) жетелеген қыздың елесi (?). Бұл желi Ш.Айтматовтың «Қызыл алма» дейтiн әңгiмесi бойынша түсiрiлген‚ Исабековтың идеалына айналып кеткен‚ үнемi көз алдынан көлбеңдеп өте беретiн‚ жорға мiнген қыздың бейнесiн еске түсiредi. Мұндағы айырмашылық — жорға түйеге айырбастала салынған. Ш.Айтматовта Исабековтiң ең алғашқы сүйiспеншiлiгiнiң символы ретiнде көрiнген қызыл алманың қайдағы бiр дуалға барып соғылғаны — оның кейiнiнен махаббаттың идеалын iздеуiне ұласса‚ Оралханда ол жайлы еш әңгiме жоқ. Және де қыздың неге жетiм бота (ол неге аруана емес?) мiнетiнi де түсiнiксiз‚ белгiсiз. Ондай қызды Тастың қалайша арман-мұрат көретiнi де‚ оның тiршiлiктен соншалықты безiнiп кетуi де еш қисындалмаған. Оралхан нақтылы‚ қаны‚ жаны‚ iс-әрекетi‚ ой-пiкiрi бар әдеби бейне жасай алмайды‚ ол оның орнына лепiрме сөзi көп‚ кейiпкердiң жан дүниесiнен шығып жатпаған‚ газеттiң бас мақаласы iспеттес көпiрме‚ жадағай публицистикаға салынады. Және онысын автордың өзi осы кiтапта жазған соңғы сөзiнде өзектi мәселе көтеру‚ пәлсәпа айту деп түсiндiредi. Сөйтiп ол талай нәрсенiң басын шалады‚ экология‚ архитектура‚ тарих‚ әдебиет‚ өнер, т.б. туралы күнделiктi баспасөзде кездесетiн деректердi өз атынан да‚ кейде кейiпкерлердiң ауыздарына салып та‚ бәрiн қойдай тоғытып‚ көлемi резеңкеше созыла беретiн повеске тықпалай бередi‚ тықпалай бередi! Оның бәрi де көркемделген категорияға өтпей‚ Тастың жан дүниесiнен‚ ойлану‚ толғануынан шықпай‚ белгiлi бiр мәселенi қозғаған мақала ретiнде көрiнедi. Оралхан ешқандай да суреткер емес‚ жалпы ол жайында әңгiме етудiң өзi қиын. Мына хикаяда тастай қатқан Тастың жеке тағдыры‚ тiршiлiгi‚ жеке драмасы атымен жоқ. Ол жайында сырттай айтылады‚ баяндалады‚ ұтымды эпизод‚ детальдар жоққа тән. Бiз кейiпкерлердiң портреттерiн де‚ олардың не киiп‚ қалай жүрiп-тұрғанын да, т.б. бiлмеймiз‚ аз көремiз. Хикая да сурет‚ жанды бейне көрiнiс жасау мүлде жоқ. желдiрте баяндау‚ хабар-ошар‚ информация беру басым. Ал мұның шынайы көркемделген әдебиеттен аулының алты көш жерде екендiгi бiзге бес енеден белгiлi.

 

Оның «Бәрi де майдан» атты повесi де осы тақылеттес. Мұндағы қалқоздың бастығы Нартай‚ соның қарауындағы шөпке шығарлар (бұрынғы тап жаулары сықылды!) шетiнен бiр ожар‚ дөкiр‚ арам‚ ұрдажық бiреулер. Ал оған керiсiнше Ақан мен оның әйелi Алма көнбiс‚ момын‚ Иса пайғамбардың «бiр жағыңнан тартып жiберсе‚ оған екiншi жағыңды тос» дейтiн уағызына ден қойғандар. Осындай ақ пен қара шарты осы хикаяда (жалпы Оралханның басқа да шығармалары осы үлгiмен жазылған! — Б.А.) басынан аяғына дейiн ұсталынады. Бұл шығарманың басталуы бiрден-ақ күдiк туғызады. Кезiнде тура шайқастың өзiне кiрмей‚ еңбек майданында болған Ақанды соғысқа қатысқан Құмырай да‚ қалқоз басшылары да мұқатып‚ кекетiп (?) бiтедi. Жалпы оны да‚ қалқозшы болған Алманы да қанды шайқасқа кiрiп‚ қолдарына мылтық ұстамағаны үшiн (?) жұрттың бәрi еш сыйламайды‚ ол екеуiн тап жауынан бетер жек көредi (?). Мұның нелiктен екендiгi де айтылмайды‚ оның қисыны да келтiрiлмейдi. Оның үстiне Ақан да‚ Алма да тiрi пәндәға қиянат жасамағандар. Бар болғаны өздерiне тапсырылған шаруаны адал‚ ықыласымен атқара бiлгендер. Сол үшiн бүткiл ел оларды жек көруге тиiс пе? Оның есесiне ел-жұрт еш сүйкiмi жоқ‚ өсекшiл‚ қиянатшыл Құмырайды шайқасқа қатысты деп жапырыла кеп сыйлап жатады! Неге? Еш жауап жоқ. Мiне‚ осындай атмосферада өмiр сүрiп отырған қалқоздың басшылығы Ұлы жеңiстiң 30 жылдығына орай (1975 жылы!) ауылда болатын салтанатты жиналысқа Құмырайды шақырады да‚ Ақанды шақырмайды. Соған өкпелеген Ақан атына мiне сап‚ автордың жазуынша‚ «… шошайып (?) көрiнген Ұзақ тауына» қарап елден шығына кеп қашады. Ол содан баласымен жасты‚ тiпте одан да кiшi Орынбай дейтiн шопанға келедi‚ ал оның әйелi Күмiс ауылда қалған Алма кемпiрге барады. Сөйтiп себепсiзден себепсiз екi жақтан сыр шерту‚ әңгiме айту басталады да кетедi. Ақан баласындай Орынбайға кiммен жүрген-тұрғанына дейiн айтса‚ Алма кемпiр қызынан да жас Күмiске алғашқы екi байын жұтып‚ үшiншi рет Ақанға қалай тигенi аздай‚ ерсi бiр жағдайды да баяндап өтедi. Алма өзiне қиянат жасап‚ тиесiлi сүтiн iшiп қойғаны үшiн (?) құрбысы Сақышпен шаштасып төбелеседi. Мұны автор былайша суреттейдi: «Мен Сақыштан гөрi қарулы екенмiн‚ шалқайта құлатып (?)‚ кеудесiне мiнiп алдым да‚ етегiн түрiп тастап (?)‚ май құйрығын (?) армансыз шапалақтадым-ақ (?) өсек айтқан бүкiл ауыл әйелдерiндегi кегiмдi (?) Сақыштан алдым». (44 б.) Сөйтiп, жүз көргiсiз болып төбелескен екi қатын кенеттен достаса қап‚ «батысқа жүз берiп‚ ағыл-тегiл (?) жылады» (44 б.). Сөйтiп қайта табысады. Сол жерде «Көйлегiнiң етегiн көтерiп (?) қараған Сақыш: — Албасты-ай‚ аямай-ақ ұрған екенсiң‚ қарашы‚ алақаның (?) тиген жер қып-қызыл боп қалыпты. Удай ашиды (?)» — дейдi күлiп (?). Бұл жерде күлетiн дәнеме де жоқ. Бұл жерде оқушы күлсе‚ өз орнында тұрмаған сөздерге‚ қисынсыз әрекетке ғана күлуге тиiстi. Бiрiншiден‚ Сақышты шалқасынан жатқызып жығып ап‚ оның кеудесiне мiнген Алма оның көйлегiнiң етегiн қалай түрiп‚ оның май құйрығын қалайша ұра алады? Ау‚ ол түспегiр жерде жатыр емес пе? Өйту үшiн Сақышты етпетiнен аударып салу ерек болар? Сосын әйелдiң май құйрығын «шапалақтау» мүмкiн де емес‚ «шапалақпен тартып жiберу»‚ «шапалақ жегiзу» деген тiркестер кiсiнiң бетi турасында ғана қолданылады. Мұның дұрысы – жұдырықпен, т.б. ұрып-соғу ғой! Ол өз алдына. Жұдырық тиген жер‚ автордың жазғандай‚ еш «қызармайды»‚ керiсiнше‚ көгерiп қалады. Және ол қызарған жердiң «удай ашығаны» несi? Қызарған жер дызылдамай ма? Оған қоса «Сақыш етегiн көтерiп» (алдыңғы етегi ме немесе артқысы ма? — Б.А.)‚ май құйрығына қалайша бұрылып қарай алады? Өйтуге адам ағзасының мүмкiндiгi жоқ емес пе? Мұндай дәлсiздiк‚ қолапайсыздық‚ сөздiң өз мағынасында қолданылумауы‚ оның iшкi нервiсiн сезбеу‚ жалпы сөз қолданыстағы талғамсыздық Оралханның барлық шығармаларында жиi кездеседi.

 

Сонымен‚ Ақан — Орынбайға‚ Алма кемпiр — Күмiске өз сырларын шертедi. Автор ол екеуiн алма-кезек берiп отырады. Бұл жердегi ең басты айтарлық нәрсе‚ — Ақан да‚ Алма да қарапайым кiсiлерге тән ауызекi сөйлеу тiлiмен емес‚ газеттiң мақалаларындағы сала құлаш сөйлемдермен «сөйлейдi»‚ оларда айту‚ әңгiмелеу стилi мүлде жоқ‚ сол себептi сала құлаш сөйлемдердi оқып шығуға оқушының тынысы жетпейдi. Бұл тәсiл айтуға‚ әңгiмелеуге емес‚ көзбен оқып баяндауға ғана ыңғайлы. Оның үстiне Ақан мен Алма кемпiрдiң екi жақтан Орынбай мен Күмiске «сыр шертулерi» соғыс пен ауылдағы жағдайды екi жақтан көрсетсем дейтiн шарттың талабына сырттай бағынатындықтан‚ мүлдем жасынды боп көрiнедi. Тiптен шынымен шер тарқатқысы кеп бара жатса‚ бұл сырды Ақан мен Алма кемпiрдiң бiр бiрiне айтуына да болады ғой. Және бiр ескерерi‚ Алма кемпiрдiң әңгiмесi көп ретте Ш.Айтматовтың «Жер анасындағы» Толғанайының далаға сыр шертетiн сәттерiн (бұ да жасанды) еске түсiре бередi‚ интонация да‚ баяндау мәнерi де‚ сюжеттегi төрт кiсiнiң опат болуы да‚ Жайнақ пен Бағдаттың Германияда‚ Жеңiс күнi өлуi де‚ даланың — Ақан‚ Толғанайдың — Алма кемпiр бола қалуы, да т.б. бiр бiрiне өте ұқсас. Оның үстiне Оралханның повесiне алып отырған уақыты да (1942 жыл) Ш.Айтматовтың хикаясындағы уақытпен дәл келедi. Бұл жердегi бiр айырмашылығы — ол кезде Шыңғыс 14-тердегi бозбала‚ қалқозда не болып не қойғандығын жақсы бiлетiн жаста. Ал Оралхан бұ кезде жөргекте жатыр‚ ол кезең туралы ештеңе де бiлмейдi. Мiне‚ оның осы бiлмейтiндiгi‚ жалпы алпысыншы жылғылардың шығармаларына негiзгi өзек болған — соғыс тұсындағы ауылдағы тiрлiктiң қандай екендiгiнен хабарсыздығы‚ оны бажайлап зерттемегенi‚ тек сол әдеби бағытқа ерiп‚ оған сырттай елiктегенi бiрден-ақ көрiнедi. Сол себептi О.Бөкеев нақтылы табан тiреп суреттеуден‚ кейiпкердiң бейнесiн сомдаудан‚ оларды сол кезге тән тiлменен сөйлетуден, т.б. қашып‚ сырттай сырдаң түрде баяндай бередi. Бұл жерде жалқыдан гөрi жалпы үстемдiк құрып кеткен.

 

Бұл хикаяда қисынсыз жәйттер өте көп. Неге екенi белгiсiз‚ қалқозшы Алма егiн де орады‚ сиыр да сауады‚ шөп те шабады‚ ауылдағы зауытта терi де илейдi‚ наубайханада нан‚ асханада тамақ та пiсiредi‚ — әйтеуiр, оның iстемейтiнi жоқ. Бiрiншiден айтарымыз‚ қырқыншы жылдардағы қалқоздар өте кiшкене болатын‚ олар шаруашылықтың бiр бағытында ғана кәсiп ететiн. Мәселен‚ бiр қалқоз — егiншiлiкпен‚ екiншiсi — мал шаруашылығымен айналысатын. Ал ол кезгi қалқозда наубайхана‚ терi илейтiн зауыт‚ асхана‚ т.б. дейтiндер бола бермейтiн. Олар техниканы аудандағы МТС-тен алатын. Оралханда мұның барлығы кешегi 60-70-iншi жылдардағы жағдайға көшiрiлiп кеткен. Және бiр қызығы‚ автор еңбек майданына аттанарда Ақанды қалқоздан 150 сом алып кеттi дейдi. Бұ да жалған. Ол кез түгел‚ кешегi 60-ыншы жылдарға дейiн қалқозшыларға (совхоз басқаша!) ешқандай да ақша берiлмейтiн‚ оның орнына еңбеккүн жазылып‚ жыл соңында соған орай қалқозшылар ортақ табыстан өз үлестерiн заттай‚ астық‚ мал, т.б. түрiнде бөлiп алатын. Және бiр келеңсiздiгi‚ кiшкене қалқозда басқарма Нартай өз туыстарын‚ келiн-кепшiктерiн бригадир‚ шатауат‚ кассир, т.б. етiп қызметке ала бередi. Мұндай жағдай 1937 жылғы уақиғадан кейiн өте сирек кездесетiн‚ тiпте болмайтын да. Және де Нартайдың бейнесi сол кездегi стеоротип бойынша барынша дәкiр‚ ожар‚ қатыгез‚ ұрдажық етiп жасалынған. Ол Ақанның ер-тұрманын бермегенi үшiн Алманың iзiне шырақ алып түседi. Оның сорлы келiншекке iстемейтiнi жоқ. Ол тiпте өзiн Алманың ат үстiнен жұлып ап‚ кеудесiне мiнiп‚ сабағанынан кейiн де (Сақышты еске алыңыз!) сол әрекетiнен тиылмайды. Нартай қыза келе он шақты жан тұратын Алманың үйiн бұздыруға да әрекет қылады. Оны байың соғыста емес‚ еңбек майданында жүр деп үнемi кекетiп‚ кемсiтiп болады. Автор осының бәрi баяғы ер-тұрманды бермегенi үшiн iстелiп жатыр деп түсiндiредi. Оның қисындауынша‚ Нартай барлық адамшылық қасиеттен жұрдай болған бiреу. Ол бiрде жас босанып отырған Алмаға кiсi жiберiп‚ жұмысқа шықсын деп дiкеңдейдi. Ол өз алдына. Нартай құлаған қарағайдан мерт болған Қарлығаштың мүрдесiн орайтын кебiнге дәке сұрап барған Алмаға:

 

«- Қаңғырып жүрiп‚ қарағай басып өлген қарағадай қызға (?) мәрлi берер жағдайым жоқ‚ – дейдi» (117 б.). Мұндай қатыгездiктi‚ тасбауырлықты кiсiсi өлгенде жабайы тайпалар да көрсетпейдi. Мұсылман дiнiне әлдеқашан енген қазақтар екi бастан өйтпейдi. Бұл жерде Оралхан ислам жоралғысын‚ кебiндi бiлмейтiндiгiн көрсетiп: «Сүйектi орайтын (?) ақырет (?) таба алмадық»‚ — деп (116 б.) жазады.

 

Алманың тағдыры да адам сенгiсiздей оқиғаға толы. Оны 15-16 жастарында ағасының алатын әйелiне қалыңмал төлеуi үшiн (1928 жылдары) бiр байдың баласына сатады. Алма ол күйеуiнен екi балалы болғанда‚ әлгi ынжығы тастай қатады. Содан Алма төркiнiне (?) қайтып келедi. Келген соң Ақанның үлкен ағасына тұрмысқа шығады. Ол да бiр жыл өтер-өтпестен көз жұмады. Ендi осы қара бақ келiншектi ата-енесi алдында ағасы барлығына‚ жол соныкi екендiгiне қарамастан Ақанға әмеңгерлiк жолменен некелей салады. Ол осыдан төрт қыз‚ бiр ұл көредi. Сонысына қарамастан «қара бақ» Алманың кесiрi осы отбасына да тиедi. Ендi осы шаңырақтан өрбiген екi қыз‚ екi арыстай жiгiт қаза болады. Оған қиналып жатқан ешкiм де жоқ. Әрi ол повесте еш қызмет атқарып та тұрған жоқ. Ол өз алдына. Бiр сендiрмейтiнi‚ Алматы асып кеткен жаңғыз ұлы ауылға кеп‚ қастарында болайын десе‚ Алма кемпiр «ел күледi» деп бiрден қарсы шығады. Ол ұлы сөйтiп әкесi мен шешесi бiрдей‚ бiр мезгiлде қайтқан кезде олардың қасында да бола алмайды.

 

Алма түнiмен Күмiске бар «сырын» айтып шығады. Ол қыза келе Ақан мен Ғайшаның жүргендiгiн де‚ ол жайында өзiне Ғайшаның айтқандығын да бiлдiредi. Ол еш қызғанышы жоқ‚ даладай жайылып жатқан кең бiр әйел боп көрiнедi. Тiпте оған Құмырай майданнан кеп‚ Ақанды «хақол» қатынға үйлендi дегенде де еш былқ етпейдi. Бар-жоғы Ақанның елге жазған хатына (Алманың қай уақытта сауаттанғаны туралы ештеме де жоқ!) сенедi. Және бiр қызығы‚ Алманың iзiне шырақ алып түскен басқарма Нартайдың қаһарын қайтарып‚ кеуiлiн жiбiту үшiн Сақыш та (101 б.)‚ Ғайша да өздерiн «құрбандыққа» шалып‚ оның қойнына жата кетедi. Бұл күнәсiн Ғайша: «Алма‚ сен үшiн алғаш рет арымды саттым… анау iшiңдегi балаң үшiн»‚ — деп ақтамақ болады (48 б.). Бұған Алма қатты ырза боп қалады. Мұндай қисынға сыймайтын нәрселер повесте өте көп. Мәселен‚ Алманың майданнан қайтқан Ақанмен кездесуi де қызық. Ол туралы автор былай деп жазады: «…Екi қолы бұлаққа малынып (?)‚ етпетiнен жатқан адамды көрдiм… Алғашында өлiп қалған шығар деген сезiк жеңдедi (?). Үстi-басы адам көргiсiз‚ әбден азып-тозған (?): аяғында тiсi ақсиған (?) шәркей (?) бәтеңке‚ … шаң басқан (?) кiр-кiр шашы бiлтеленiп (!) қобарып (?) жатыр. Бұлаққа салақтап қалған (?) екi қолын ағынды су тербеп (?)‚ денеге жан бiтiргендей қозғалтады (?)» (119 б.) Сөйтсе‚ ол — Ақан екен! Сол сәтте «белiн ұстаған күйi талықсып кеткен» (199 б.) Алма «арқа омыртқаларынан аса шапшаңдықпен қуалап өтiп‚ тура белiнен ұрған… пәлеге» (120 б.) қарамастан‚ «ернiн жымқыра (?) тiстеген күйi‚ сүйретiлiп бұлаққа жетедi» де‚ кенет Ақанды танып‚ асқан бiр пафоспен: «Сол! Сол! Сол!» — деп (120 б.) жарияға жар салып‚ оны «қапсыра құшақтаған күйi (?) етпетiнен үстiне құлап түседi». Сол екен‚ осы екi мұңлықтың кездескен қуанышына ортақ боп: «Жел тербеген ағаштың басы жан ұшыра (?) қозғалып суылдайды». Iзiнше: бiрер тамшы жауып‚ iле қойдың құмалағындай (?) iрi-iрi бұршақ төтеп ала жөнеледi. Бұршақтың қаттылығы сондай‚ [олар] паналаған қайың мен талдың жапырағын тесiп өтiп (?)‚ төбелерiнен тарсылдата (?) бастайды». Ақанды «далдалай (?) құшақтаған» Алма оған дес бермейдi. Ақыры оларды: «Бұршақ көп әурелемейдi (?)‚ сонадай жердегi ауылға қарап жосып» бередi. Батыс жақтағы «құрымданған бұлт та (?) бұршақтың артына ерiп (?)» кетедi. Соған қуанған Алма күйеуiнiң «басын бауырына басып (?)‚ ботадай боздап (?) жылап жiбередi». (121 б.) Содан ол «қойнына шиелеп (?) тұрып шүберекке түйген партбилетiнен басқа дәнеңе де жоқ «трудармияны» сүйемелдеп»‚ (121 б.) ауылға келедi. Ақырында сөйтiп зорға табысқан бойымен дұрыстап арыздаса да алмай‚ «қарғыс атқыр трудобойдың» кесiрiнен‚ өздерiн салтанатты жиналысқа шақырмағандықтан‚ Күмiске түнi бойы сыр шерткен Алма кемпiр таң ата… кенеттен‚ еш себепсiз: «…қол-аяғы суып‚ аппақ әлеммен (?) қош айтысып‚ қап-қара түнекке сiңiп бара жатады» (121 б.). Ал бұған дейiн Орынбайға бар әңгiмесiн айтып тауысқан‚ ауылға қайтып келе жатқан Ақан асқазаны ауырып‚ құса-құса аттан талып жығылып‚ «… жерге найзадай кiрiп (?) жатқан тасқа сүйене (?) отырады» (108 б.). Содан көп ұзамай түндегi жеген етi мен қымызын әбден құсып болған; «Қарашығы қатып жатқан Ақан шалдың кеудесi қарс айрылады да (?)‚ ШЫБЫН ЖАНЫ (автордың жазуы!) пыр етiп ұша жөнеледi» (109 б.) Сөйтiп екi мұңлық бiр бiрiмен көрiсе де‚ қоштаса да алмай‚ бiрi — тауда‚ бiрi — үйде бұ дүниядан өтiп кете барады. Мұның бәрiне кiнәлi — еңбек майданы‚ олардың жиналысқа шақырылмауы‚ елден келемежi боп шығады. Мұндай ересен «трагедияң»‚ шамасы‚ өз заманында Шекспирдiң ойына да‚ миына да кiрiп көрмеген болуы керек!

 

Ақанның әңгiмесiнде кiсi сенгiзсiз жағдайлар көп. 1942 жылдың ақпанында майданға әскер жетпей жатқанда Ақан‚ Қожақ‚ Қаймақ‚ Бура‚ Құмырайларды‚ денсаулықтарының мықты екендiгiне қарамастан‚ еңбек майданына‚ Оралдағы бiр рудникке жөнелтедi. Олар қаншама өтiнiш-тiлек етсе де‚ рудник басшылары (олар кейiнiнен халық жауы боп шығады!) еш келiспейдi. Олардың жiгiттердi майданға өз еркiмен жазылғандар деп зорлап жiберiп жатқан кезiнде‚ Ақандардың өтiнiшiне көнбеулерi ерiксiз таңғалдырады. Ақыры жүздеген кiсi «директор‚ цех бастығы‚ десятниктердiң» жолдарын кес-кестегенiне көнбей‚ ауданға барады. Олар жиналып‚ митинг ашып тұрғанда: «Есiк алдына аудан басшылары мен әскери комиссариат (?) шығады (83 б.). Иә‚ иә‚ әскери комиссариаттың бастығы емес‚ түгелдей «комиссариат» шығады. Соның нәтижесiнде директор Шахтинский сотталады да‚ ереуiлге шыққан (?) жұмысшылар керi қайтады. Бiрақ Ақанның тағы да «жолы болмайды»‚ Отан үшiн оны тағы да соғысқа жiбермейдi. Оның орнына қорқақ‚ залым‚ ауылдан алған «пәсөлкесiн» жолдастарынан жасырып жейтiн Құмырай қан майданға атанады. Мiне, осыдан бастап Ақан мен Құмырайдың арасында «тап жауларынан бетер» «бiтiспес» бiр дұшпаншылық басталады да кетедi.

 

Бұл жерде О.Бөкеевтiң соғыс тұсындағы жағдайды мүлдем бiлмейтiндiгiн айта кеткен жөн. Ол бiр қиын-қыстау замандары еңбек майданына тек қана әйелдер‚ құнды мамандығы бар кадрлар ғана алынатын. Ал еш мамандығы жоқ Ақандар рудникте «темiржол» төсесе өмiрi динамиттiң не екенiн бiлмейтiн Құмырай аяқ астында «жарушы» — «взрывник» боп шыға келедi (37 б.) Сол Құмырай азғырып‚ алдап-сулап‚ Бураны динамитке жарып өлтiредi. Неге? Оған еш жауап жоқ. Ал еш мамандығы жоқ‚ бұрын темiржолда iстеп көрмеген Ақанды ешкiм де темiржолшы етiп жұмысқа алмайды. Оны айтпағанда‚ Ақандардың рудникте не iстеп‚ не қойып жүргендерi де белгiсiз. Бар болғаны олар 1916 жылы майданға қара жұмысқа алынған қазақтарша жер қазады да жүредi. Автор темiржолдың жағдайын мүлдем бiлмейдi. Ол рельстiң астына: «Кеспелтектеп (?) кескен шпалдарды көлденең төсеп (?)»‚ — деп жазғаны аздай‚ Ақанға «темiр жолды» (рельстi емес!) көтертiп қояды. (41 б.) Сөйтiп жүрiп асқазанын ауыртып алған Ақан: «Тым болмағанда Отанды қорғап (?)‚ жаудың қолынан да қаза таппадым-ау»‚ — деп (36 б.) әбден назаланады. Оның осы «қасiретi» кейiнде де бетiне «таңба» боп басыла бередi. Соның кесiрiнен ол пошташы боп кетедi. Автор оны сол себептi ел сыйламайды‚ құрметтемейдi дейдi. Бұл тағы да Ш.Айтматовғтың «Алғашқы мүғалiмiндегi» Дүйсендi еске түсiредi. Оның да кезiнде еткен еңбегi үшiн кейiннен ел құрметiне бөлене алмағаны әммәға белгiлi. Осы Дүйсен мен Ақанның‚ Алтынай мен Алманың араларында ұқсастық баршылық. Мәселен‚ Алтынайды бiр бай тоқалдыққа ерiксiз алып кетсе‚ Алманы да бiр байдың баласы қалың мал берiп‚ ерiксiз әйел етедi. Қатын боп қалған Алтынай төркiнiне қайтып келсе‚ қатын боп‚ балалы болған Алма да төркiнiне қайтып келедi‚ т.б. Хикаядағы Дүйсен де‚ Ақан да бiрбеткей‚ ымыраға жоқ‚ шамшыл кейiпкерлер. Олардың екеуi де соғысқа қатынасады‚ екеуi де поштабай боп жүргендерiне арланып‚ назаланып бiтедi. Ақыры Ақан соның «азарынан» елден қашып‚ тау iшiнде иманын да үйiрмей‚ «кеудесiндегi шыбын жанынан» (109 б.) айрылып тынады. Автордың осы жерде айтар бар ойы‚ «үлкен идеясы» — еңбек майданы да кәдiмгi қанды қырғын майданнан еш кем емес. Сол үшiн ол Ақанды да‚ Алманы да аямай‚ талай қиындыққа салып бiтедi. Сол үшiн еңбекшiлердi «құрметтей» бiлмеген Кеңес қоғамын «айыптап» бағады. Ал шындығында‚ Кеңес дәуiрiнде осы екi майданды‚ соғыс пен ауылды осыншама келiспес жау сықылды етiп бөлген жағдай болған жоқ қой! Мiне‚ осындай ойдан құрылған‚ схематизмi басым‚ ешқандай да кейiпкерi дараланбаған‚ жалпылай алынған‚ тәндестiру‚ қорыту‚ әр бейненiң өзiне сай сөйлеу тiлi‚ ой-пiкiрi, т.б. туралы сөз де айтуға болмайтын‚ сол заманғы соцзаказдың ықпалымен жазылған шикi‚ шалажансар‚ шын мәнiндегi көркемделген әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тұрпайы социологиясы басым‚ суреттi‚ психологизмдi, т.б. жадағай публицистикаға айырбастаған (Оралханның басқа да жазғандары осындай! — Б.А.) «шығарма» кiтаптың 122 бетiн алып жатыр!

 

Осы жинақтағы «Сайтан көпiр» атты хикаяда да соғыс пен еңбек армиясы тап тартысы шартымен бiр бiрiне қарсы қойылады. Мұнда да еңбек армиясында болған Аспан дейтiн шалдың естiмеген боқтығы‚ көрмеген қорлығы жоқ. Оны күйеулерi шайқаста шейiт болған қатындар ата жауынан бетер жек көредi‚ байларының мерт болғанына Аспан кiнәлiдей байғұсты әбден қорлап бiтедi. Автордың ойына жұмысшылар елде‚ зауыттарда оқ‚ бомба дайындамаса‚ зеңбiрек пен танктарды жасамаса‚ сол соғыстың немен бiтетiнi кiрiп те шықпайды. Бар болғаны ол арнаулы броньмен елде қалғандарды жанаяр‚ қорқақ‚ пысық бiреулердей көредi. Сондағы бар айтпағы — «бәрi де майдан». Сол кездегi публицистикада мың рет қайталанып‚ әбден таптаурын болған осы бiр сөздi автордың жаңалық ашып отырғандай қайта-қайта айта беруi оқушыны әбден мезi қып бiтедi.

 

О.Бөкеев қазақтың бай тiлiн‚ оның iшкi иiрiмiн‚ фразеологизмдердiң заңдылығын‚ сөздердiң дағдылы қолданылу аясын‚ оның тiркестегi орынын, т.б. онша бiлмейдi. Мен оның осы «Бiздiң жақта қыс ұзақ» жинағының кез келген жерiнен алып‚ мысал келтiрейiн. «… Екi иығы имиiп :?)» (5 б.)‚ «бiр сирағын тiзеден төмен қарай садақалады (?)»‚ :5 б.) «…шаптыққан дауыспен (?) әйелiне зiкiр (?) салды»‚ — (5 б.)‚ «Қақ шекеден (?) көздеп»‚ (7 б.)‚ «сыңар аяғымен алшаңдай (?) басып»‚ (7 б.)‚ «… қайғысыз қара суын (?) сораптап (?) ұрттай (?) бастаған»‚ — (7 б.)‚ «Екеуiң қызыл шеке боп сүзiсiп (?)»‚ (11 б.) «Ақан жайқалған күресенi кертiп (?) шауып‚ керiскiдей (?) мая тұрғызды»‚ — (13 б.)‚ «…ыбырсып жатқан (?) сиырдың жапасын күрекпен iлiп (?) алып»‚ — (13 б.)‚ «…кекiлi шолтаңдаған (?) бала»‚ — (9 б.)‚ «… бойында шыбын жаның шырқырап (?) тұрғанда»‚ — (11 б.)‚ «… аттан тақымы айрылса (?)‚ — (13 б.)‚ «Белiн мықтап таңып (?) алып»‚ — (17 б.)‚ «Аға‚ қымыз iшiп‚ тоғымызды басайық (?)»‚ (21 б.)‚ «…iркiт шелектi (?) Күмiс дүрсiлдете (?) толғап (?) ары-берi (?) пiсiп едi»‚ — (20 б.)‚ «..маңыраған (?) малдың жағы семген (?)»‚ — (22 б.)‚ «…аңтарыла қарап‚ делдиiп (?) тұрған жiгiт»‚ — (22 б.)‚ «Алдында мөлдiреп (?) тұрған қымыздан»‚ — (23 б.)‚ (аман-есен қалған кiсi туралы) «Құдай сақтады-ау‚ бала-шағамыздың көз жасы (?) жiбермедi-ау (?)» — (24 б.)‚ «Ағаштан жасаған атшаптырым (?) сарайда»‚ — (26 б.)‚ «Көзiмiзге ұйқы тiрелiп‚ қалғып-шұлғып (?) жүрер едiк»‚ — (26 б.)‚ «Иненiң жасуындай қорлыққа (?) шыдамайтын»‚ — (27 б.)‚ «…өзiмiз шиқылдап (?) аш жүретiн едiк»‚ — (30 б.)‚ «Дөңбекшiп‚ жамбасым талған соң (?)»‚ — (32 б.)‚ «Елден тұңғыш рет арқан бойы ұзап (?) шықпағандiкi болар»‚ (38 б.)‚ «Үш әйел қайла-күрегiмiздi арқалап (?)»‚ « (әйелдер) бiр бiрiнiң басын тарап (?)»‚ — (43 б.)‚ «… бастық үстiмiзден құрық түсiрмейтiн (?) сыңайы бар»‚ — (47 б.)‚ «арып-шаршап (?)»‚ «нығыз дауыстап» (?), «толайым (?) тiршiлiк»‚ «маужыраған тыныштық меңдеп» (?)‚ — (47‚ 51‚ 49 б.б.)‚ «…жүндес (?) жақпар тастары айбармен үңiрейе (?) қарауытып»‚ — (52 б.)‚ (митингiден: «Жұмысшылар жылыстап тарап‚ шетiней (?) бердi»‚ — (54 б.)‚ «… бiр кiсiнiң баласындай маңырап (?) табыстық»‚ — (56 б.)‚ «Иван досым жазықсыз қолды (?) болды» (түрмеге қамалды дегенi‚ 58 б.)‚ (Алманың сөзi) «…iшiмдi қапсыра (?) құшақтап‚ аттап-бұттап (?) өте бергенiмде», — (74 б.)‚ «Маңдайға жазылған жұмысымды (?) атқарып»‚ — (79 б.)‚ (Емшектi) «Қызыл шақа бала сорпылдатып (?) сора (?) бастады»‚ — (87 б.) «Башпайларым тоқылдап (?) қатып қалған»‚ — (89 б.)‚ «Нартайдың кеудесiне қарғып мiнiп (?) … армансыз қойғыладым-ай (?)‚ тепкiледiм-ай (?)»‚ — (93 б.)‚ (Жолдастары елге кеткен соң Ақан) «… ел көшкендей құлазып‚ жұртта қалған күшiктей қыңсылағаным (?)‚ бұзауы өлген сиырдай азан-қазан (?) мөңiрегенiм (?) де содан-ау»‚ — (106 б.)‚ (Орындықты) «Нартайдың басын көздеп (?)‚ бар пәрменiммен (?) лақтырдым»‚ — (117 б.), т.б. Мен бұл мысалдарды терiп алып келтiрiп жатқан жоқпын‚ кiтаптың кез келген бетiн ашып қалсаңыз‚ мұндай нәрселердi ондап‚ жүздеп кездестiресiз. Бiрақ осыған қарамастан, оны «тiлi аса бай‚ көркем‚ құнарлы» деп тасырта мақтағандар жетiп жатыр.

 

Мiне‚ осындай шынайы көркемделген шығарма емес‚ бар-жоғы публицистиканың аясынан аса алмаған‚ мода боп жүрген түрлi тақырыпты саудаға салған‚ әдеби материалды өмiрдiң өзiнен емес‚ қаламдастарының кiтаптарынан қымқырып ап‚ кейде тiкелей ұрлап (бұған бiр жазушының темiржолшылар туралы жазылған романын түгелдей қымқырып алғаны дәлел‚ — Б.А.)‚ тез жазып‚ тез жарық көргiзудi әдет қылған‚ қазақ тiлiн жөндi бiлмейтiн‚ кезiнде жалтақ сыншыларға өзiн өзi дәрiптеткен О.Бөкеев осындай шикi‚ ешқандай да кейiпкерi сомдалмаған‚ идеясы өте тайыз‚ мүлдем қарадүрсiн дүниелерi үшiн… мемлекетiмiздiң ең басты сыйлығын да алды! Бұл‚ шын мәнiнде‚ қазақ әдебиетiндегi аномалия едi. Ендi әдеби атмосферамызды осындай тосын жәйттiң артқа тастап кеткен шаңы мен тозаңынан‚ шалағай‚ шынайы маман емес қаламгерлердiң күн сайын сол ортаға әкеп жатқан неше түрлi улы газдарынан барынша тазарту керек-ақ! Осы жерде кеше ғана О.Бөкеевтi тасырта мақтап‚ бүгiндерi әдебиеттегi «тазалық‚ принципшiлдiк‚ т.б.» туралы кез келген жерде сөз сөйлеп жүрген Д.Исабеков бiрден ойға орала кетедi.

 

Д.Исабеков алғашқы «Шойынқұлақ» атты әңгiмесiнде өзiнiң болашақта көшелi прозашы болатынын аңғартқан да едi. Бiрақ кейiнiнен оның әдебиеттегi жолы неше түрлi бытпылдыққа ұласып кете барды. Ол өз күшiн үлкен жанрда да‚ драматургияда да сынап көрдi. Бiрақ негiзiнен жазғаны — повестер болатын. Ол өзi директор боп тұрған «Жазушы» баспасынан 1993 жылы өзiнiң шығырмаларының таңдамалы екi томдығын шығарды. Әрине‚ бұған ешкiмнiң де қарсылығы жоқ. Бiрақ бiр таңғалдырған жәйт‚ өзi бастық боп‚ өзi жарық көруге қол қойып отырған осы екi томдыққа бiр жазушыға аспандата мақтатып алғысөз жаздырғандығы едi. Мұндай нәрсе бүгiндерi жұрттың бәрi жаппай қарғап-сiлеп жүрген Кеңес заманында да болмайтын-ды. Осы алғысөзде Дулаттың қаламдасы оны мадақтай кеп‚ оның жазған: «Гәуһартас»‚ «Сүйекшi»‚ «Дермене»‚ «Тiршiлiк»‚ «Бiз соғысты көрген жоқпыз»‚ «Өкпек жолаушы» повестерiн шын мәнiндегi суреткердiң (?) шебер қолынан (?) шыққан талантты туындылар (?)‚ бiздiң әдебиеттегi повесть жанрын көркемдiк тың биiктерге (?) көтерген қомақты табыс…» — деп түйедi. Әрине‚ мынадан кейiн таңғалмасқа әлтiң жоқ. Мен осы жөнiнде де‚ О.Бөккевтiң шығармалары турасында да кезiнде бiрнеше мақала жазған едiм‚ бiрақ оларды ешқандай да газет-жорнал баспай қойды. Ендi сол мақалаларымды қайта қарап‚ Дулаттың жоғарыда аталған‚ «қазақ әдебиетiндегi повесть жанрын тың биiктерге көтерген» шығармаларын қайта оқып шығып‚ бұл бағаның шындыққа мүлдем жанаса бермейтiндiгiне көзiм анық жетiп отыр.

 

Ең алдымен айтарым‚ Дулаттың сонау 60-ыншы жылдары бiзде белең алған соғыс кезiндегi балалық‚ ауыл тұрмысы туралы жазу‚ Ш.Айтматовқа жадағай елiктеу дейтiн жалпы бағыттан қара үзiп шыға алмағандығы. Бұл жерде мен әлгi тақырыптарға қол созу керек емес дегелi отырған жоқпын‚ ол бiзге өте қажет‚ бiрақ бұл арада бұрыннан бар нәрсенi қайталамаған жөн. Осы жағынан алғанда оның «Гәуһартасы» бiрден-ақ Ш.Айтматовтың «Жәмиласын» еске түсiре бередi.

 

Бұл хикая да Ш.Айтматовтың «Жәмиласындағыдай» өлең жазып жүрген жасөспiрiмнiң атынан «Мен» деп баяндалады. Оның ағасы Ыбыш қойшы болғанына қарамастан‚ неге екенi белгiсiз‚ үнемi көкпар мен той-думан қуып‚ бәйгiге ат жаратады да жүредi. Оның малдан басқа ойлайтыны жоқ. Ыбыштың әкесi де сондай. Ал оның шешесi олардан өзгешелеу‚ қазақтың бәйбiшесi тәрiздi ашуы артында‚ ақылы алдында жүредi. Ол да «Жәмиладағы» Жәмиланың енесiн еске түсiре бередi. Ал Салтанаттың қайнысы‚ өлең жазатыны бар Қайыркен «Жәмиладағы» Жәмиләның суретшi болам дейтiн қайнысына өте ұқсас. Бiз бұдан жалпы хикаяның құрылысының «Жәмиләға» ұқсастырылғанын‚ жазушының алдына сол үлгi болғанын көремiз. Мұнда да «Жәмиләдағыдан» негiзгi желi ретiнде Салтанат айтатын ән «Гәуһартас» үнемi жүрiп отырады. Ш.Айматовта Даниярдың салған әнi Жәмиләның жанын арбап‚ Л.Толстойдың «Крейцер сонатасындағы» сиқырлы‚ кiсiнi арбайтын бiр күшке айналса‚ Дулатта (Қалиханның «Қоңыр күз едiсiндегi» ән айтатын Алтынды еске алыңыз‚ — Б.А.) Салтанаттың айтқан әнi Ыбышқа еш әсер етпейдi. Ол бiр жатқан жiбiмейтiн қара тас. Жас адам боп алғашқы үйленген кезiнде де бiр толқып‚ мейiрленiп, т.б. көрмейдi. Жалпы осы кейiпкер де‚ хикаядағы басқа тұлғалар да баяғы ақ пен қара дейтiн шартпен‚ өте бiр жақты жасалған. Мұнда жақсы кiсi — жақсы‚ — жаман адам — жаман. Автордың сипаттаруыша: «Әке тәрбиесiнен өзгенi көрмеген Ыбыш» (қос томдық‚ 171 б.) әкесi: «Қыжым кемпiрдiң қызына үйленуге қарсы емессiң бе?» — дегенде‚ тоңазыған сүр ет пен майлы айранды (?) соғып отырып: «Е‚ жоқ-ә‚ оның жаманшылығын (?) көрген кiм бар. Жақсы қыз дейдi ғой»‚ — деп шiмiрiкпей (?) қойып қалып‚ қойына жүрiп кете барады (171 б.) Тiпте ол қалыңдығын алып келуге баратын күнiн де ұмытып қалады. Жазушы салған беттен-ақ Ыбыш пен Салтанаттың портреттерiн бiр бiрiне қарама-қарсы тұрған персонаждар ретiнде суреттейдi. Оның жазуынша‚ Ыбыштың мiнез-құлқы‚ кескiн-келбетi, т.б. әкесiнен аумай қалған‚ оның: «Екi иығы қақпақтай‚ шешiнгенде бiлегiндегi бiлем-бiлем бұлшық ет (?) еттер арасында шортан жүргендей (?) бұлт-бұлт етiп ойнап шыға келедi» (167 б.). Оның үнемi «сыпыра құлағы (?) қалқиып‚ көзi ежiрейiп» кете бередi (177 б.). Ал мұның антиподы Салтанаттың портретi былайша жасалған: «Оның жанары ботаның жанарындай (?) үлкен (?)‚ кiрпiктерi найзадай (?) iрi екен. Толған айдай ақ жүзiне (?) қысылғаннан қан ойнап шыға келiп‚ екi бетi жаңа пiскен алмадай (?) албырап (?) жүре бердi. Шағаланың қанаты тәрiздi қиылған қастары (?)… бейкүнә‚ пәк жүзiне (?) ерекше бiр Сұлулық пен нәзiктiк сеуiп (?) тұр. Үлбiреген ерiндерi (?)… дiр-дiр етедi». (175-176 б.б.). Осы бiр бiрiне өте қарама қарсы етiп жасалынған портреттерден-ақ олардың болашақта жарасып кете қоймайтындығы бiрден белгiлi болады. Автор бұған себепкер Ыбыштың өнердi‚ соның iшiнде Салтанат айтқан әндi түсiнбеуi‚ жанының доғалдығы‚ малдан басқа ештеңе қызықтырмайтын өресiздiгi‚ жалпы тоғышарлығы деп түсiндiредi. Ол мұны Қайыркеннiң аузымен айтқызып отырады. Бұл жерде туындайтын бiрнеше сұрақ бар. Бiрiншiден‚ қалқоздың орталығында тұратын‚ жастайынан кино‚ концерт көрiп‚ ән айтып‚ әуейленiп жүрген Салтанат айдалада жаңғыз үй боп отырған қойшы жiгiтке неге тұрмысқа шығады? Қыз Ыбышты онша бiлмейдi де емес пе? Оның соған қарамастан томырық жiгiтке күйеуге шыға қалғаны несi? Екiншiден‚ әл-ауқаты жетерлiк Ыбыштың әкесiнiң жаңғыз iлiктi жесiр кемпiр Қыжымның қызына құда түсуi қалай? Ол өзiне тең жерден келiн iздемей ме? Ән айтып‚ әуейленiп жүрген қызды ертең қойшының тiрлiгiне көнiп кететiн келiн бола ала ма‚ жоқ па деп кәрi шопанның ойланбағаны несi? Үшiншiден‚ бәйгi атын жаратып‚ оны күтiп баптайтын (қойшының бәрi мұндай емес‚ бұл атсейiстiк те үлкен өнер ғой!)‚ малдың қасы мен қабағына қарап отыратын малжанды‚ iскер‚ пысық‚ әрi серiлеу келген Ыбыштың жанының соншалықты доғал‚ тастай қатты болуы мүмкiн бе? Жанында желi‚ ойында қиялы жоқ кiсiнiң бәйгi атын жарата алуы (ол үшiн де ой‚ қиял қажет!) қалай? Жалпы осы Ыбыш‚ автордың жазып отырғанындай‚ соншалықты таскерең‚ топас емес. Бұны жазушының өзi де растайды. Ол бiр жерде: «Ыбыш үшiн» Алпамыстан өткен құдiреттi нәрсе жоқ. Ол басқа өлең-жыр‚ повесть-роман дегендерiңе пысқырып та қарамайды… Жырды («Алпамыс» жыры‚ — Б.А.) жатқа бiлсе де оқиды. «Ол үнемi кино қызметкерлерiн: «Осы кезге дейiн Алпамысты түсiрмей қайда жүр?» — деп шетiнен сыбап бағады» (210-211 б.б.) — деп жазып‚ өзiне өзi қарсы шығады. Сонда үлкен бiр киссаны жатқа соғатын‚ оны үнемi қайталап оқып жүретiн Ыбыш шынымен тоғышар ма? Ондай болса‚ оған кисаның не керегi бар? Және де ондай батырлар жырын жаттап жүрген кiсiнiң ән мен күйдi соншалықты жек көруi мүмкiн бе? Оның бүгiнгi тiршiлiктiң ең басты-басты мәселелерiн қозғамайтын‚ жалған лиризмi‚ жалған сюжетi жетерлiк повесть‚ романдарды оқымауына кiм кiнәлi? Ыбыш па‚ әлде жазушылар ма? Мiне‚ осыны ескермеген автор осы бейнеге қара бояуды барынша қолыңдатып жаға берген. Соның салдарынан Ыбыш аса қатыгез боп шыққан. Ол бәйгi атын мiнгенi үшiн Салтанатты кеп сабайды. Бiр жауында 20 шақты қой ығып кеткенде‚ бар дүние қапылғандай әкесi мен екеуi қосыла iздейдi. Бұған үйде отырған Салтанат қосылады. Аяғы ауыр келiншектi енесi сатырлап жауып тұрған күзгi жаңбырға‚ уақыттың өте кеш‚ түн екендiгiне қарамастан жiбере салады. Соның аяғында Салтанат суық тиiп ауырады. Ақыры бала үстiнде қайтыс болады. Сол жерде ғана Ыбыштың жан дүниесiне кенеттен адамшылық‚ мейiрiм‚ аяныш сезiмi бас көтерiп‚ «бәрi де сенiң тәрбиеңнен» деп өз әкесiн айтыптайды. Ал Қайыркен болса‚ армияға кетедi. Бiз бұдан сюжеттiң‚ негiзiнен‚ жалған‚ жасанды екенiн анық көремiз. Жас болып жаңадан алған келiншегiне елiкпейтiн‚ онымен сыр ашып‚ дұрыстап та сөйлеспейтiн‚ томырық Ыбыш та‚ жаны нәзiк‚ жапан даладағы қойшы тiрлiгiне көне алмайтын Салтанат да қолдан иiп әкелiнiп‚ өте бiр жақты жасалынған. Бұл жерде Ыбыш та‚ Салтанат та бiр бiрiне өте кереғар тұлғалар ретiнде көрiнедi. Олар еш ойланбастан‚ бiр бiрiн жете бiлместен‚ құда түскен соң қосыла салады. Ал‚ шындығына келгенде‚ екеуi де оқыған‚ орта бiлiмi бар жастар‚ олардың әке-шешенiң ырқына (60-ыншы жылдары!) 19-ыншы ғасырдағы қазақ жастарынша бiрден көне қалуы сол кезеңдегi шындыққа сая ма? Жарайды‚ онымен де келiселiк. Ендi отау құрғаннан кейiн олардың бiр бiрiне көндiгуi‚ өзара икемделiп‚ үйлесуi керек емес пе? Бұл қандай да жас отбасында болмайды ма? Бұл жерде доминантаның қызметi‚ қазақша айтсақ‚ үйдiң билiгi не еркекте не әйелде болуға тиiс. Өйтерлiктей лидерлiкке таласып жатқан Салтанат та‚ Ыбыш та жоқ. Сонда бiр ғана әндi түсiнбегенi үшiн Салтанаттың томырықтық пен доғалдықтың құрбанының символы ретiнде бала үстiнде (бұл да символ‚ — ондай топтастан ұрпақ қалмауға тиiс!) өле қалуы қажет пе? Өмiрдiң өз iшкi логикасына салып жiберсе‚ мұндай бiр бiрiн жете бiлiспей жатып‚ ескiшiл ата-ананың ұйғарымымен қосыла салған екi жас мiнездерiнiң үйлеспегенiне орай… жай ғана айырылыса салуға тиiс! Бұл өмiрдiң шындығына өте-мөте сәйкес келедi. Осы ажырасудың өзiнен-ақ шынайы суреткер не бiр драманы‚ керек болса трагедияны таба да алмай ма? Өкiнiшке орай‚ Дулат сол жетпiсiншi жылдары әдебиетте белең алған тоғышарлықты‚ рухсыздықты, т.б. сынау дейтiн бiр жақты бағытты бiр жақты ұстанып‚ негiзiнен‚ Ш.Айтматовтың әсерiнен шыға алмаған. Сол себептi оның «Гәуһәртасы» әдебиетте бұрыннан бар нәрсенi қайталаған‚ екiншi қатардағы (вторичность) шығарма ретiнде көрiннедi.

 

Д.Исабеков бұдан кейiн жазған «Перi мен перiште» атты хикаясында да Ш.Айтматовтың «Қызыл алма» дейтiн әңгiмесiндегi қызыл алманы көркемделген деталь ретiнде пайдаланады. Ш.Айтматовта қызыл алманы кейiпкерi Исабеков алғашқы ықылас‚ сезiмiн түсiнбеген қызға ызаланып‚ әлдеқандай бiр дуалға ұрып кетсе‚ оны шын сүйiспеншiлiктiң тұспалы ретiнде кейiнгi тiрлiгiнде таба алмай жүрсе‚ сол екi ортаға қызы дәнекер боп‚ шешесiн қызыл алма апарайық десе‚ Д.Исабековте «Қызыл алмадағы» Исабеков Құлахмет боп кете барған. Мұнда Құлахмет бiр елпiлдеген‚ тек жақсылық ойлайтын‚ сенгiш‚ ағеден жан ретiнде көрiнедi. Ол үнемi өзi бағына еккен қызыл алмасын әйелi Сәпураға бермек боп жүредi. Бiрақ онысын әйелi түсiнбей‚ одан бiр қызы барына қарамастан‚ Құлахметтiң көзiне шөп салады. Ол ақыры қызы Нәзiкендi ертiп‚ төркiнi тұратын Атабасарға Алматыдан тайып тұрады. Ақыры одан өзi ойнап-күлiп жүрген Смағұл дейтiн бiреумен күйеуiне келедi. Оған дейiн Сәпура жасының үлкендiгiне қарамастан осы Құлахметтiң үйiнде пәтерде тұратын Сапар дейтiн инженерге өле ғашық екендiгiн бiлдiредi‚ тiпте оны құшақтап‚ «зорлап» та жiбере жаздайды. Сондағы бар айтары: «менiң бiреуге ғашық болуға хақым жоқ па?». Сәпура жаңағы Смағұлмен бiрге үйiне келгенде де‚ екеуi кетемiз дегенде де‚ Құлахмет қызғану‚ ашулану, т.б. дегендi бiлмейдi‚ қайта‚ керiсiнше‚ екеуiнiң шамадандарын жинастыруға көмек бередi. Бұл жерде тек екеуiне бiрге жатыңдар деп төсек салып беруi ғана жетiспей тұр! Содан сыртқа шыққан Сәпура мен Смағұл кенеттен ренжiсiп‚ Атбасарға бөлек-бөлек қайтады. Сәпура одан екiқабат боп қала бередi. Ақыры Смағұл өз «күнәсiн» жуғысы кеп‚ Сәпураға күйеуге шық деп (?) «алпыстан асқан‚ жалтыр бас жуан кiсiнi» ертiп кеп (156 б.) таныстырады. Кеше өзi қойнында жатқан‚ өзi екiқабат еткен әйелге Смағұл: «..саған бiр ұсыныс (?) жасағалы келiп ем. Қызың бар‚ сонан соң … көп ұзамай босанасың‚ осындай заманда… ерсiз тұруға болмайды ғой»‚ — дейдi. Сонда ғана бар шындыққа «көзi жеткен» Сәпура: «Не деген арсыздық‚ не деген хайуандық!.. Одан да Құлахметтi сүюiм керек едi ғой менiң. (Сонда ол әу баста сүймей қосылған ба? — Б.А.) Ол перiште екен ғой!» — деп‚ ашынып барып‚ кереуетке талып құлайды. (157 б.) Содан ол кеше өзi өле ғашық болған Сапармен хат алысып тұрады. Ақыры ол Алматыға қайтып‚ «перiште» Құлахметпен қайтадан қосылады. Соғыста бiр қолынан айрылып келген Құлахмет оның басқа бiреуден жүктi екенiне‚ өзiн тастап кеткенiне арланбастан да‚ қорланбастан да… «перi» әйелiн қайтадан ала салады. Автор осы сегiз айға созылған шығалаңды Сәпураның жанын тазартқан кез деп қисындайды. Дулаттың айтуынша‚ бұл оқиға 1964-1965 жылдары (143 б.) өтедi. Жазушы бұл кезде Сәпура не бары 37 жаста едi дейдi. Ал оны 1941 жылы соғыс басталмастан бұрын Құлахмет алып қашып келедi. Содан iзiнше соғыс басталып‚ Құлахмет майданға кетедi де‚ екi жылдан соң бiр қолынан айрылып‚ елге келедi (100 б.). Оны ешкiм жұмысқа алмайды (?). Содан Сәпура театрға билет сатушы боп орналасады‚ Құлахмет жетi айлық қызын бағып үйде отырады. Сәпураның «шын махаббатын iздеуiң осы тұста басталады. Бұл жерде анахронизм бар. Автор 1965 жылы Сәпураны 37-де едi дейдi. Оған сенсек‚ әйел 1928 жылғы боп шығады. Сонда ол 1941 жылы 13 жасында Құлахметке күйеуге шыққан болады! Кеңес заманында‚ оның iшiнде Сталиннiң қылышынан қан тамып тұрған кезiнде әлi бәлиғатқа толмаған қызды алып қашу еш мүмкiн емес. Және соғыстан бiр қолынан айрылып келген мүгедектi ешкiмнiң жұмысқа ала қоймауы да сендiрмейдi‚ ол заманда Отан соғысына қатынасқандарға деген қамқорлық мүлдем басқа болатын. Мiне‚ осындай елпiлдеген жанды Сәпураның нелiктен жек көретiнi белгiсiз. Әйелдiң сүйiспеншiлiк туралы айтқан ұзақ-ұзақ сөздерi қазақ әйелiне тән емес‚ өте жасанды. Бұл жерде Д.Исабеков екi кеменiң — бiр жағынан Ш.Айтматовтың (қызыл алма!)‚ екiншi жағынан — Ф.Достоевскийдiң басын ұстауға тырысады. Оның Құлахметi орыс жазушысының «Есалаң» («Идиот») атты романындағы — князь Мышкин‚ ал Настасья Филипповнасы — Сәпура болған да шыққан! Құлахмет — Мышкин «Iнжiлдiгi»: «бiр жағыңнан тартып жiберсе‚ екiншi жағыңды тос»‚ «жаманшылықтың бәрiн де кешiре бiл»‚ т.б. деген өсиеттi ұстанады. Сол себептi Құлахметтiң iс-әрекетi де‚ сөйлеген сөзi де қазақтардың табиғатына мүлдем келмейдi. Оны автор да анық көрсетедi. Бiрде Құлахметтiң үйiнде отырғанда бiр кiсi: «Бестөренiң баласы… орнынан түсiп‚ жұмыссыз қалып едi‚ қатыны басқа бiреуге күйеуге тидi де кеттi. Ол ақталып шыққанда‚ баяғы әйелi қайта тимек боп қайтып келдi. Оны бұрынғы күйеуi ит қосып қуып шықты»‚ — деп әңгiме айтады. Мiне‚ осы қазақы түсiнiк пен iс-әрекетке (бұл бiр ғана қазаққа тән бе екен? — Б.А.) Құлахмет: «Адам баласында кешiрiм‚ мейрiм деген болу керек қой»‚ — деп‚ әлгiнiң бетiне түкiредi (139-140 б.б.). «Есалаң» романында жұрт князь Мышкиннiң бетiне түкiредi. Және бiр айтарлығы‚ оқиға пәтерде тұрған Сапардың атынан баяндалады. Бiрақ оның әңгiмесiн көп жерде «ол» деп үшiншi жақтан басталатын баяндау үзiп кете бередi. Оның үстiне мына хикаяда Достоевскийдiң жазу мәнерiнiң еткен әсерi тайға таңба басқандай боп көрiнедi. Мұнда Сәпура да‚ Құлахмет те‚ тiпте жеңiл жүрiстiң адамы Смағұл да ұзақтан ұзақ баяндау тiлiмен (ауызекi сөйлеу тiлi емес!) сөйлейдi‚ неше түрлi ойға батқан болады‚ пiкiр айтады. Бiрақ мұны бәрi олардың жан дүниесiнен өтпегендiктен құр сөз‚ жадағай публицистика боп шыққан. Мiне‚ осындай жалған тартыс‚ жалған конфликтiнiң соңын жазушы: «Сегiз айға созылғанмен ғасырдай боп көрiнген айырылысудан кейiн ерлi-зайыпты екеуi осылай жүздестi. Осы сегiз ай бойы көзден аққан ыстық жас (?) Сәпураның алдамшы‚ өзiмшiл қаситпен астасқан ойларын (?) жаңбырдай жауып (?)‚ iшкi дүниесiндегi ар мен адамдық сезiмдерiн (?) жаңғыртып өттi (?). Ол өз арымен жекпе-жек арпалысып (?)… осы сегiз айда өмiр сүру дегеннiң не екенiн (?)‚ адамшылық қасиет пен адамшылдық парасаттың (?) барлық-барлық мақсаттардан (?) әлдеқайда биiк‚ әлдеқайда асқақ жататынын ұғынды»‚ — деп асқан бiр публицистикаға толы леппен бiтiредi. (168 б.) Бұл жерде бiз көркемделген шығарма емес‚ газеттiң бас мақаласын оқып отырғандай әсерде боламыз. Бiз аз көремiз‚ ауызекi тiлдi мүлдем естiмеймiз‚ кейiпкерлердiң түр-түсiн де‚ киген киiмiнiң қандай екендiгiн де‚ әдетiн де, т.б. бiлмеймiз‚ кейiпкерлердiң барлығы да алдын ала сызылып қойылған жоспар бойынша iс-әрекет еткен болады‚ схематизм басым‚ жанды бейне жоқ. Олардың барлығы да «орысқол»‚ орысша ойлап‚ орысша iс-әрекет етедi. Сәпура 1965 жылдары жасаған қазақ әйелдерiнiң жиынтықталған бейнесiн көрсетер тұлға емес. Құлахмет те сондай. Баяндаушы Сапардың тұлғасы мүлдем солғын. Осы жерде ең басты айтарымыз‚ бұл шығарманың бойында Достоевский мен Айтматовтың стилi шынайы түрде тоғыса алмаған‚ электизм бiрден көзге ұрады.

 

Дулат бұдан кейiн де «алпысыншы жылғылар» хал-қадарынша жазған соғыс тұсындағы ауыл тiрлiгiне арнап «Бiз соғыста көрген жопыз» және «Тыныштық күзетшiсi» атты екi хикая жазды. Ол бiр қиын кезең туралы Сайын‚ Қалихан‚ Нәсiреддиндер өз бастарына өткергенi‚ өз көздерiмен көргенi туралы жазса‚ соғыс кезiнде жөргекте жатқан Дулат ол жайында кейiнiнен жұрттан естiгендерiн, т.б. негiз етiп шығарма жазды. Бұл екеуiнiң арасында үлкен айырма баршылық. Мәселен‚ алпысыншы жылғылар үшiн бұл кезең өз тағдырлары болса‚ оны көрмеген Дулат үшiн бұл үлкендердiң естелiгi‚ рефлексиясы ғана. Бұл жерде белгiлi бiр кезеңнiң атмосферасына ену үшiн тарихшылдықпен қоса‚ сол дәуiрде жасаған кейiпкерлердiң рөлiне ене бiлу (перевоплощение) керек. Осы жағынан алғанда Дулат екi хикаясында да ақсап жатыр.

 

Жазушының «Тыныштық күзетшiсi» дейтiн хикаясында Демесiн деген сырқат‚ аздап есi ауысқан кiсi қолына қосауыз мылтық алып‚ ауыл-үйдi белгiсiз бiр жаулардан қориды да жүредi. Ол «фашист» деп мектептен шыққан балалары «қырып» салады. (2 том‚ 248 б.) Оның бұлайша‚ автордың айтуынша‚ кеңкелес болуына себеп — алты жасар Демесiннiң көзiнше оның әке-шешесiн ақ бандалардың атып кетуi (246 б.). Сол себептi соғысқа барғысы келген оған емшiлер рұқсат етпейдi. Ендi оның «жыны» фашистерге түседi. Ол «Фашист» дейтiн ойын ойнайық деген балаларды: «Фашистер! Оларға өлiм!» — деп тым-тырақай қуа жөнеледi. Оны тыныштандыруға қалқоз бастығы Ормантайдың да‚ ауыл сәбеттiң председателi Ардақтың да‚ басқа жиылған кiсiлердiң де шамасы жетпейдi. Ақыры оған Ормантай қосауыз мылтығын берiп құтылады. Содан ол‚ автордың айтуынша‚ «тыныштық күзетшiсiне» айналады! Ол ауылды үнемi атшанамен айналады да жүредi. Ақыры ұрыларды «ауыздарына шүберек тығып» әкелгенiнде‚ оны әлдекiмдер атып кетедi.

 

Бұл хикаяда кiсi сенгiсiз жәйттер жетерлiк. Мәселен‚ ауылсәбет Ардақ орыс әйелдерi сықылды iс-әрекет етедi‚ ол барлық әйелдердi жинап ап‚ сапқа тұрғызып‚ «әйт-давалап» жүргiзiп‚ отын тұрған жерге ән салдырып әкеледi. (265 б.) Балалы-шағалы оған «ғашық болған»‚ ауданнан келген өкiл Сейiтжаппар жұрттан ұялмай‚ кинодағыдай оны үйiне шығарып сап жүредi. Мұның себебiн автор қызық етiп түсiндiредi. Ардақ қыз кезiнде «Арыстың әр жағында тұратын Асқар деген полевод жiгiтпен тiл табысады» (268 б.)‚ оны естiген Сейiтжаппар «төбесiне сүңгi түскендей мәңгiрiп қалады» (268 б.). Сөйтiп «аупарткомды полеводтың жеңгелi тұрғанына көзi жеткен» ол (269 б.) мұны «махаббаттың шын соқырлығы» деп бiледi. Ендi ол сол «соқыр махаббаттың» көзiн ашпақ боп Ардаққа қырындап бағады. Ал Ардақ болса тiкелей өз мiндетiн атқармай (ол — ауылсәбет!)‚ неге екенi белгiсiз‚ қалқоздың науқан жұмысына бiлек сыбанып кiрiсiп кете бередi. Ол да‚ Ормантай да ауданға атшанамен сүт апаруға кеткен Зейнептi ұрылар тонап‚ өзiн әлдеқайдағы көпiр астына тыр жалаңаш күйi (?) тастап кеткенде‚ — оны iздестiрмейдi.

 

Хикаядағы Оңтүстiк өңiрiнде жасайтын әйелдердiң барлығы да орыс әйелдерiндей iс-әрекет етедi. Мәселен‚ сүйiсiп тұрған Шәмсия мен Демесiндi көрiп‚ қарапайым ауыл әйелi Мәнсия: «Вот Дон-Жуан! — деп таңғалады». (295 б.). Оның сол бiр 1945 жылы атақты Байронның «Дон-Жуанын» (ол әлi қазақшаға аударылмаған!) қай тiлде оқып шыққанына‚ шынында да‚ таңғаласың!

Ақыры осы «тыныштық күзетшiсi» әлдекiмнiң атқан оғынан мерт болады. Ол сол арада: «Маған оқ атты! Маған! Тыныштыққа! Тыныштық күзетшiсiне! Не үшiн? — деп құлап түседi». Оны көрген Ардақ: «Қош‚ бейшара Демесiн!» — деп көзiне жас алса‚ басқарма Ормантай «даусы дiрiлдеп: — Иә‚ соғыс құрбандық таңдамайды‚ – дейдi» (297 б.).

 

Мiне, осы «трагедияның» соңын автор: «Қияндағы қазақ ауылы кешегi соғысқа осылай қатысты. Азаттық үшiн жиырма миллион адам өмiрiн құрбан етсе‚ делқұлы Демесiн сол санға кiрмей қалған көп бейбақтың бiрi» — деп‚ асқақ пафоспен күрсiнедi. Қазақ әдебиетiнде 1970-80-iншi жылдары дүниеге келген «көркемделген» қарасөздiң мұндай да «үлгiсi» барлығына сiз де амалсыз күрсiнесiз.

«Бiз соғысты көрген жоқпыз» дейтiн хикая да осының қарасынан онша ұзай алмаған. Мұнда да бар оқиға Оңғар деген баланың атынан баяндалады. Мұнда да кiсi сенгiсiз нәрселер жетерлiк. Мәселен‚ Нұралы дейтiн баланы көкелерi (олар төртеу) майданнан аман-есен келгенi үшiн басқа балалар жек көредi (?)‚ онымен ойнамай қояды. Ақыры бұл «қорлыққа» шыдамаған олар басқа жаққа көшiп кетедi. Ал майданнан қол-аяғынан айрылып келген Бөрiбайдың тағдыры одан әрмен «сұмдық». Ол әйелi Орыншаның қарсы келмей‚ өзiн барынша күтiп жатқанына қарамастан‚ себепсiзден себепсiз қысты күнi орға құлап‚ қатып өледi (427 б.) Оны көрген Орынша‚ құдайға тiл тигiзiп: «Ол соқыр боп қалған… Мә‚ шабарсың менi! — деп‚ аспанға қарап ернi мен саусағын шығарады». (428 б.). Сөйтедi де ол ерiн жоқтап жыламайды‚ басқаларды да жылатпайды. Ақыры ол жындыханаға барып түседi. Оның осы жындануы да сенiмсiз. Орынша күйеулерiне қара қағаз кеп жатқан басқа әйелдерге қарағанда соншалықты күйiнердей бақытсыз да емес. Мүгедек болса да, күйеуi елге аман-есен қайтып келдi. Оның мiнез көрсетiп‚ отбасының берекесiн алып жатқан қылығы да жоқ. Ол Отан соғысына қатынасқан жауынгерлерге берiлетiн өз паегын үнемi алып та отыр. Ал бой жете бастаған Гүлжамал үй iшiне көмектесiп жүр. Сонда Орыншаның жындануына‚ құдайды ызалана қарғауына не себеп? Мұны жазушы да келтiрмейдi‚ оқушы да бiлмейдi.

Бала Құлман әкесi соғысқа кеткенде қарындасы екеуi Панзай дейтiн өгей шешесiмен бiрге қалады. Неге екенi белгiсiз‚ соғыс басталмас бұрын күйеуiнен айрылынған (оның да себебi жоқ) Панзай Құлманның әкесiне тие салады. Ол майданға кеткен соң‚ бұрынғы күйеуiмен қайтадан табысып‚ суық жүрiс жасауға кiрiседi. Өгей шеше Панзай соншалықты қатыл‚ қатыгез‚ залым — екi балаға күн бермейдi. Ол балаларды дәлiзге қамап тастап‚ бұрынғы күйеуiмен «құмшық-құмшық» ойнап жата бередi. Ақыры оны әкесiнен қара қағаз келгенде Құлман ұра да жаздайды. Соны көрген Панзай бұрынғы күйеуiне тайып тұрады. Бұл «драманың автор: «Балалар… өз шаңырақтарында қалды. Қиналатын не бар? Бiреуi төртiншiде‚ бiреуi үшiншiде оқиды. Жас емес қой»‚ — деп жұбату айтып бiтiредi. Шынында да‚ бұ жерде «қиналатын»‚ толғанатын не бар? Ештеңе де жоқ. Жазушының осы хикаяда «бiз соғысты көрген жоқпыз» деген сөйлемдi әр жер-әр жерде қайталап келтiре беретiнi де оның шын мәнiнде сол кезгi ауыл тiршiлiгiн‚ адамдардың ара-қатынасын‚ тағдыр-талайын‚ не ойлап‚ не қойғандарын‚ сол кезге атмосфераны жете бiлмейтiндiгiн‚ бұрындары шыққан кiтаптарда бар нәрселердi қайталай бергендiгiн‚ өзiнше тың да соны кейiпкер таба алмағандығын‚ Оңтүстiктегi‚ соның iшiнде Арыс маңындағы елдiң тұрмыс-тiршiлiгiн, т.б. шынайы суреттеп көрсете алмағандығын айқын көрсетедi. Мұнда да нақтылықтан гөрi жалпыламалық басым. Дараланған‚ қаны‚ жаны бар кейiпкерлер көрiнбейдi. Қарапайым кiсiлер сол оңтүстiк өңiрiне тән тiлмен емес‚ жаттанды‚ математикадағы бiр дәрежеге келтiрiлген бөлшектей «ортақ тiлмен» сөйлейдi. Мұнда да жеңiс‚ соғыс‚ өлiм‚ Отан, т.б. дейтiн асқақ леппен айтылар сөздер жыртылып айрылады. Көп жерде очерк оқып отырғандай әсерде боласың. Ал мұндай шығарманы алғысөздi жазған жазушы: «Мектеп оқушылары Оңғар‚ Құлман‚ Нұралы‚ Гүлжамалдардың мұң-наласы өз алдына бiр бөлек‚ жесiрлердiң‚ күйеуiн күткен әйелдердiң қайғы-запыраны бiр басқа… мұның бәрiнен сорақысы‚ майданнан дiн аман оралған ағайынды төрт жiгiттiң ел көзiне шыққан сүйелдей болып (?)‚ ақыры бұл жерден қаша көшуге мәжбүр болуы тiптi ақылға сыймас‚ бiрақ шындық (?). Қаны сорғалаған шындық (?)»‚ — деп (7 б.) тасырта кеп мақтайды. Бұған не алып‚ қосуға болады?

 

Дулат бұдан кейiн жазған «Тiршiлiк» деген хикаясында Кеңес заманында ата сақалы аузына түскен Әбдiрәсiл мен оның кемпiрi Қыжымкүлдiң өткен өмiрiн еске алулары арқылы жалпы тiршiлiк атаулының мән-мағынасына‚ оның iшкi сырына олардың тұрғыларынан көз жүгiртуге тырысады. Автор сол кезде‚ қазақ әдебиетiнде мода боп жүрген сана-сезiм тасқыны дейтiн тәсiлдi қолдануға ұмтылады. Бiрақ ол көп ретте шынайы рефлексия болып шықпаған. Бұл туындыда да кiсi таңғаларлық жәйттер жетерлiк. Түскей өңiрiнiң бiр түкпiрiнде туылып-өскен‚ әке-шешесiн қасқыр жеп кеткен (325 б.) Әбдiрәсiл отызға жеткенше келiншек алуды ойламайды. Оның бар есiл-дертi — көкнәр iшу. Соның салдарынан ол көкнәрпаз‚ Киеван атанып кетедi. Ол көпке дейiн қарақан қара басы сопайып‚ бiр үйде жаңғыз өзi тұра бередi. Ол бiрде нағашысы Қайыпбергеннiң аулына қашып кетсем деп ауаланады. Мiне‚ осы талабы оны бүгiнгi кемпiрi Қыжымкүлмен кездестiруге әкеп соқтырады.

 

Молдәрiсiл сықылды Қыжымкүлдiң өмiрi де шытырманға толы. Әкесi Дәулетбай оны он сегiзге келгенше күйеуге бермеймiн деп‚ құда түсе келген кiсiлерге оң ыңғай көрсетпейдi. Ақыры сонысы үшiн оны… бiр аюдай кiсi жазасын тарттырады‚ — ол түн iшiнде дүзге шыққан Қыжымкүлдi ат артына өңгерiп‚ алып кеп қашады. Ай жарық болса да жаңғыз аттыны қуғыншылар ұстай алмайды. Аюдай жiгiт қызды бiр үңгiрге алып келедi де‚ оны жерге жатқызып: «Шешiнесiң бе‚ әлде өзiм шешiндiрейiн бе?» — дейдi. (335 б.) Содан соң автор былайша суреттейдi: «Бейтаныс … қыздың көйлегiн өткiр пышақпен төске қарай тiле бастады. Қыз шошынып бар даусымен айқай салып тулап едi‚ аюдай еркек баяғы кiр сасыған дымқыл шүберектi (?) аузына қайта тығып қойды да‚ қақ айрылған көйлектiң екi өңiрiн екi жаққа серпiп жiбердi.

 

Аюдай еркек орнынан тұрып‚ асықпай-саспай (?) өзi шешiне бастады. Шешiнiп болған соң бұлқынып жатқан қыздың үстiне қонжиып (?) қона кеттi…» (336 б.). Құдды шытырман оқиғаға толы шетелдердiң фильмдерi сықылды.

 

Содан соң әлгi аюдай еркек Қыжымкүлдi зорлап боп‚ аулының маңына әкеп тастайды. Ол елге жеткенде‚ ағасының жеңгесiн бұрымынан шаңыраққа асып қойғанын көредi. Қыз оның өлгенiне қатты қайғырады. Ал қызының масқара боп келгенiне қорланған Дәулетбай оны екi жiгiтке елден шығартып жiбередi. Мiне‚ сүйтiп қаңғырып жүрiп‚ Қыжымкүл бiр ауылдағы күйеуi қайтыс болған‚ бес баласы бар Қымқаның үйiне келедi. Ол сонда жүрiп босанып‚ баласының атын Тоқсан қояды. Дәл осы кезде 1916 жылғы дүрбелең жетедi. Дәулетбай болыстыққа түскiсi кеп‚ қызын қуып жiбередi деген жаман аттан қашпақ боп Қыжымкүлдi iздеп келедi. Оның баласы барын көрген соң‚ ат-тонын ала қашады. Мiне‚ осы кезде жаңағы Қымқа тұрған ауылдағы нағашысына келген Молдарәсiл Қыжымкүлмен табысады. Олар Тоқсанды үйiне тастап кетедi. Содан оны алуды ұмытып та кетедi. Қыжымкүлдiң Молдәрiсiлден көрген екi баласы майданда жоқ болады. Мiне‚ содан екеуi бiр үйде қап‚ өткен-кеткенiн еске алып болады. Сондай бiр күнi баяғы Тоқсанның баласынан (ол әскер қатарында жүр!) хат келедi. Соған қуанамын деп жүрiп Қыжымкүл о дүниелiк боп кетедi. Бұл кезде бiр топ шалменен көкнәр iшiп‚ гәйiптеп отырған Молдарәсiл пәленбай жыл бұрын бiрге тұрған қосағымен бақылдаса да қалмайды. Сөйтiп кемпiрiн жерлеп қайтқан шал бiр үйде жаңғыз өзi қалады. Мiне‚ осыны қу тiршiлiктiң түйiнi‚ нағыз пәлсәпасы деп бiлген автор: «Сөйтiп дүние-дүние болғалы сан жетпес ғасырлар бойы (?) сарыла күтiп (?)‚ жаңа қолы жеткен мына өмiрден (?) жетпiс-сексен жыл ғана бұйығы тiршiлiк кешiп‚ белгiсiз тұңғиыққа қайта (?) аттанады»‚ — деп (391 б.) ой түймек болады. Осы сюжеттiң жасанды екендiгi бiрден-ақ көзге түседi. Бiрiншiден‚ аға-жеңгелерi күнi-түнi аңдып жүргенде‚ Қыжымкүлдi аюдай жiгiттiң алып қашуы күдiк келтiредi. Жарайды‚ алып қашсын. Ау‚ оны ертесiне iзiне түскен қуғыншылар тауып алмай ма? Қазақ қашаннан iзшiл емес пе? Автор мұны ескермей‚ аюдай кiсiге үңгiр iшiнде Қыжымкүлдi әбден құмары қанғанша зорлатып жатқыза бередi. Жазушы оның кiм екенiн де‚ жөн-жапсарын да айтпайды‚ — ол бар болғаны өзi жүктi еткен қызды ауылдың iргесiне әкеп тастап‚ өз бетiмен тарта бередi. Ол неге бүйттi‚ қызын бергiсi келмеген Дәулетбайға неге кектендi‚ — еш жауап жоқ. Мұндайда қазақ алып қашқан қызды далаға қаңғытып жiбермейдi‚ керiсiнше оны тоқалдыққа алып‚ жеке отау етiп отыра бередi. Жарайды‚ бұған да көнелiк. Ендi еш кiнәсi жоқ қызын Дәулетбайдың қаңғытып жiбергенi несi? Бұл да қазақтың тiршiлiгiне мүлдем қайшы келетiн жағдай. Қазақ мұндайда өзiнiң абыройын төккен кiсiден кек алады не айыппұл төлетедi‚ ал масқара болған қызын жасы үлкенге немесе кәрi шалдарға тоқалдыққа бере салады‚ — қазақ өмiрi өзiнiң туған баласын «өлмесең‚ өмiрем қап» деп қаңғытып жiбермейдi. Бұл өз алдына. Ендi болыстың сайлауына түсер кезде Дәулетбайдың өз қызын iздей қалғанына жол болсын? Және де оның Қыжымкүлге атшабарларын жiбермей‚ өзiнiң барғаны несi? Әбiрейi төгiлген қызынан кешiрiм сұрап (?)‚ жалынып-жалпайып алып келем дегенi қалай? Одан Дәулетбайдың беделi өсе қоя ма? Және оның аяғы ауыр екенiн бiлетiн қызының перзентi болғанын ести сала қаша жөнелгенi несi? Бұрынғы қазақ мұндай жағдайда қызына туған шешесiн‚ жақын жеңгелерiн жiберушi едi ғой? Мұндай сұрақтың осы хикаяны оқи отырып мыңын қоюға болады. Ең бастысы‚ — өздерiнiң өткен өмiрлерiнен Молдәрiсiлдiң де‚ Қыжымкүл кемпiрдiң де түйген сабақтары‚ бастарынан кешкен әр түрлi жәйтке өздерiнше берер бағалары‚ жалпы тiршiлiк жөнiнде өздерiнiң қазақы ұғымына сай ой-пiкiрлерi жоқ. Рефлексия да‚ полилог‚ диалогтар да табиғи емес. Жалпы Дулаттың тiлi кедейлеу. Әсiресе‚ кейiпкерлердiң ауызекi сөйлейтiн тiлi ажарсыз‚ көбiне көп ауызша сөйлегенде қалыптасып қалған тiркестер жөн-жосықсыз бұзылып‚ шолақ түрде қолданылады. Ең басты айтарым‚ — жазушы кейiпкерлердiң бiр күйден екiншi күйге өтуiне‚ оның iшкi қисынын‚ жалпы пластикасын сақтай бермейдi. Оның кейiпкерлерi кенеттен қарқылдап (әйелдерi де сөйтедi‚ — Б.А.) күледi (329 б.) немесе көздерiн оқыс ашып кеп алады (331‚ 359 б.б.), кейде олардың көздерiнен үнемi қанды жас ағады (363 б., т.б.). Ең бiр қиыны‚ оның хикаяларында кейiпкерлер талып қала бередi. Мәселен‚ осындай талып қалу‚ басқа шығармаларды айтпағанда‚ бiр ғана «Тiршiлiктiң» 331‚ 341‚ 342‚ 350‚ 367‚ 356‚ 382‚ 386‚ 389, т.б. беттерiнде өте жиi кездеседi. Ал жылау деген өте көп. Қит етсе болды‚ Дулаттың еркегi де‚ қатыны да еңiреп қоя бередi. Осы жылау «Тiршiлiктiң» 330‚ 338‚ 342‚ 349‚ 359‚ 365‚ 366‚ 367‚ 368‚ 369‚ 370‚ 371‚ 372‚ 380‚ 381‚ 382‚ 390‚ «Перi мен перiштенiң» — 109‚ 110‚ 120‚ 125‚ 130‚ 134‚ 137‚ 142‚ 155‚ 157‚ 165‚ «Бiз соғысты көрген жоқпыздың» — 397‚ 401‚ 404‚ 405‚ 415‚ 428‚ 440‚ 441‚ 442‚ «Тыныштық күзетiнiң» — 252‚ 253‚ 257‚ 258‚ 266‚ 275‚ 276‚ 286‚ 296‚ 297 беттерiнде кездеседi. Мұндай нәрсе басқа хикаяларда да баршылық. Бiз бұған көз жасын сығу‚ еңiреу‚ солқылдау‚ кеулi босау, т.б. дегендердi қосқан жоқпыз. Егер олардың бәрiн қоссақ‚ онда көз жасының айдын шалқар көлiне сүңгiп кетер едiк.

 

Бүгiндерi пайғамбар жасына кеп қалған Дулат әдебиеттегi өз жолын жаңа бастап жүрген жас емес. Алған шен-шекпенi де жетерлiк. Бiрақ мұның бәрi оның шығармаларын қатал да үлкен талаппен қарастырған кезде‚ еш қорған бола алмайды. Сыншының бұл арада негiзгi жүгiнерi — көркем текст. Ой-пiкiр де‚ неше түрлi мәселелер де содан шықпақ. Сол себептi жазушының текстке қалай қарайтынынан оның iшкi мәдениетi‚ стилiнiң алуан түрлi сыры‚ сөздi құрылыс материалы ретiнде қалайша iске жарата бiлетiнi т.б. анық көрiнедi. Бұл жағынан алғанда да Дулат ақсап жатыр. Мұндай мiн де‚ кемшiлiк те мына екi томдықта жетерлiк. Мен кез келген жерден ойып алған мысалдарымды келтiрейiн: «Ол үзеңгiсiн (?) тебiнiп қалып» — 172 б.‚ «…күректей алақанын жәй бiр сiлтеп (?)» — 172 б.‚ «… елу шақты адам үйден үдере (?) шығып» — 172 б.‚ «… қи түтiнiнiң қоңырқай исi (?) келдi» — 183 б.‚ «… шұқылана жүрiп шаңқай түстi қылды (?)» — 185 б.‚ «…сiрескен (?) қараңғылық» — 201 б.‚ «…ернiн күбiрлетiп (?) қана амандасты» — 213‚ 223 б.б.‚ «…көзiнде төңiректеген (?) жас бар» — 213 б.‚ «Ыбыштың басы тұманданып (?) кеттi» — 221 б.‚ «.. екi көзiнен ебiл-дебiл (?) жас ағып жүр екен» — 228 б.‚ «Етi қашқан тобылғы (?) саусақтары» — 317 б.‚ «… тызылдап (?) жанып тұрған ондық шам» — 317 б.‚ «… самаурынды гүжiлдетiп (?) алдына әкеп қойды» — 320 б.‚ «…бiлектi түрiнiп (?) тастап» — 322 б.‚ (Баланы) «арқасынан сөзбен қақты (?)» — 322 б.‚ «…орнынан тұра алмай кәрiп (?) боп жатқан» — 325 б.‚ «..кесе (шәй iшкенде‚ — Б.А.) бiткен ауызға қайта өрмелей (?) бастады» — 328 б.‚ «… күнi бойы әзiл-күлкiден оқ бойы (?) алыс отырған Таңатарға» — 329 б., (Әйел) «Түске дейiн сембей (?) шыңғырумен болды» — 335 б.‚ «Үлкен жолға оң бүйiрден көп құйрық шаншыған (?) сүрлеуге» — 369 б.‚ (Кемпiрi өлгенде Молдәрәсiл) «Байғұсым-ау‚ бiр уыс болған байғұсым-ау‚ — дедi ол кеңкiлдеп (?)» — 390 б.‚ «Ол… үлкен адамдай қаусап (?) жылады» — 441 б.‚ «Ашқылтым (?) тезек исi қолқаны жарып (?) барады» — 371 б., т.б.

 

Оның пейзаждары мына құралыптас боп келедi: «Көкiрекке қуаныш пен сезiм сеуiп‚ (?)‚ селдiреген (?) қара жер ғана қалды. Табиғаттың қатал мерзiмiн атқарып (?) салған кең дала қалжырап жатыр‚ талықсып (?) жатыр. Осы күндi көптен асығып күткен (?) бозторғайлар бiр бiрiнен сүйiншi сұрап (?)‚ ана қыр мен мына қырдың арасын талмай (?) кезiп (?) жүр… Косiнген төбесi момақан пiшiнде (?) iштей күлiмсiреп (?) жатыр»‚ — 206 б.‚ «Дүркiн-дүркiн төсер төгiп ? (ненi? — Б.А.)‚ күн қызуы жер арқасын (?) қытықтаған (?) соң‚ айнала төңiрек кiлемдей құлпырып азаң-қазан (?) қарбалас тiршiлiк дүрiлдей (?) жөнеледiң. — 377 б.‚ «Тас төбеге келген (?) толық ай жұлдыздардың бәрiн ысырып тастап (?)‚ бiзге ентелей (?) төне қарап тұр‚ « — 221 б‚ т.б. Бұл мысалдарды қазақ тiлiн бiлетiн‚ орташа сауатты кiсiнiң өзiне де түсiндiрiп жатудың керегi шамалы. Бұған қоса Дулаттың тiлiнде орыс тiлiне тән конструкция‚ калька, т.б. баршылық.

 

Мiне‚ осындай ой-пiкiрi терең емес‚ алып отырған объектiсi барынша жан-жақты ашылмаған‚ зерттелiнбеген‚ кейiпкерлерi сол ортаға тән етiлiп сомдалынбаған‚ сюжеттерi жалған‚ «кiтабилығы» басым т.б. осындай шығармалары үшiн Д.Исабеков те Мемлекетiмiздiң ең жоғары сыйлығын алды. Бұл жерде әлдебiр «даумов» сықылды даукестiкпен ат шығарып жүргендердiң кейiнiнен бәле салмас үшiн менiң осындай ат-шапан алғандарды сынай беретiн «сырқатымның» да‚ көре алмайтын «iштарлығымның» да жоқтығын ашық айта кеткенiм жөн. Менiң бүгiнде көпке танылған‚ неше түрлi шен-шекпен жамылып‚ үлкен қызмет алып жүргендердiң туындыларына қайта-қайта үңiле беретiндiгiм — олардың шығармаларының әдебиетте ең бiр үздiк нәрсе деп бағаланып жүргендiгiнен. Сонда мен ондай мойны озық нәрселердi талдап‚ жiлiктемегенде‚ «дауымбайлардың» дүмше‚ көк жасық дүниесымақтарын сөз етуге тиiспiн бе? Әлде сыйлық алған дүниелер туралы сөз қозғауға болмай ма? Ең аяғында‚ сыншының қандай әдеби материалды зерттеп‚ бiлемiн деуiне хақысы жоқ па? Бұл арада лауреатшыл дүмдiлдердiң мұндай талапқа үрке қарайтыны белгiлi. Себебi — олардың денi‚ Г.Х.Андерсеннiң аты мәшһүр ертегiсiндегi корольдей‚ — тыр жалаңаш…

 

Әдебиетте жетпiсiншi жылдары көрiнген Т.Нұрмағамбетовтың алғашқы шығармаларынан Б.Майлин мен Ш.Айтматовтың екi жақтан еткен әсерi айқын сезiлетiн едi. Ол өзiнiң оңтайына келер әңгiме жанрында да‚ хикая‚ роман саласында да өз күшiн сынап бақты. Олардың барлығынан да Ш.Айтматовтың әсерiн анық байқауға болатын. Ол соңғы жылдары «Мешкей» дейтiн хикая жазып‚ әлгi жазушылардың ықпал-әсiрiнен бойын аулақ салуға тырысты.

 

Көтерген мәселесi бүгiнгi күнмен iштей астасып жатқан «Мешкейде» 7-iншi класта өлiп-талып шаққа бiтiрген‚ нан сұрап жейтiн орысшасы да онша емес Алыпхан сонау 1980-iншi жылдары өз ауылынан Алматыға көшедi де кетедi. Әрине‚ жаратылысы қазақы оның о кездегi «орыстанған» Алматыға бiрден көше салуы да‚ ол ортаға тез көндiгiп кете қоюы да онша сендiрмейдi. Қазақы бәйбiше сықылды әйелi Бипатыма туралы да осыны айтуға болады. Сөйтiп‚ Алматыға қоныс аударған олар Кеңес заманында өте кедей тұрады. Басында баспаналары жоқтығына қарамастан, Бипатыма баланы бiрiнiң соңынан бiрiн ытқытып туа бередi. Мiне‚ осындай жағдайда Кеңес билiгi күйреп‚ Қазақстан жеке шаңырақ көтерген кезде‚ атақты жекешелендiру науқаны басталады да кетедi. Олар бұған да тез ыңғайланып ала қояды. Әсiресе‚ өмiрi жарып көрмеген не тойып тамақ iшпеген Алыпхан: «Олар алғанда‚ — жақсы‚ жегенде‚ — жақсы. Мен жесем неге мешкей атануға тиiспiн‚ менiң олардан нем кем? Тым құрымағанда‚ тамаққа бiр тойып өлейiн де»‚ — деп‚ дереу көзi ашылып… кенет аяқ астынан тамақсау боп шыға келедi. Бұдан кейiн оның қалай тамақ жегенi‚ түнде асқазанының қалай шұрылдағаны‚ қалайша түс көрiп бастырылғаны‚ т.б. тәптiштеп жазылады. Бiрақ ол iске жоқ. Мұның есесiне баласы Шәрiпхан бiр дүмдiлердiң балаларымен бiрiгiп‚ фирма ашып‚ аяқ астында байиды да кетедi. Ол жеке сарай салдырып‚ әке-шешесiн соған көшiредi. Сөйтiп бiр рахат тiрлiк басталады. Нағыз жұмақ! Бiрақ оқушы жанында оянған бiр күдiк кетпей қояды. Оның себебi де бар. Шындығына келгенде‚ бұрыннан қоры‚ сақтап жүрген капиталы жоқ кедей-кепшiктiң балаларының мына дүрбелеңi көп заманда байып кеткенi шамалы. Бүгiндерi «Джип» мiнiп‚ желiге шауып‚ үлкен креслоларда отырғандардың денi — кешегi партократтың балалары. Олардың арасынан Шәрiпхандарды көре қою қиын. Бұл жағынан алғанда Шәрiпханның бiрден байып кете қоюы кiсiнi онша сендiре қоймайды.

 

Жалпы мұндай сенiмсiз жәйттер‚ дәлiрек айтсақ‚ жалған нәрселер осы хикаяның жалпы өзегiнде де кездеседi. Мәселен‚ үлкен қалаға қоныс аударған‚ әлi бастарында дұрыс та баспанасы жоқ Бипатыманың он шақты баланы шұбыртып таба да қоюы қиын. Керiсiнше, ол жан-жағындағы орыс қатындарының тәпсiсi ұрып‚ баланы бiр-екеуден‚ әрi кеткенде бес-алтаудан асырмауға тиiс. Одан тыс‚ — баланы көп тапқан кiсiге кешегi Кеңес заманында Батыр Ана дейтiн атақпен қоса жеке пәтер де берiлетiн. Хикаяда бұ жағы ескерiлмеген.

Алыпханның Бипатиманы алып қашамыз деген құрдасы Құлбайдың қасына күйеу жолдасы ретiнде ерiп барып‚ бiр түн iшiнде… ол қызды өзiнiң ала салуы да сенiдiрмейдi. Және бiр қызығы‚ ең соңында Құлбай әлi қызбенен сөйлеспеген‚ онымен қашу жайлы келiспеген боп шығады. Соған қарамастан, түн iшiнде шешесiнiң қасында жатқан қызбен сөйлеспекшi боп (бiрiншi рет! — Б.А.) үйге ұрланып кiредi. Ал бұл қазақ салтында өте ұят‚ әбес жағдай. Мұндайда екi жақтың хабарын тасып‚ қыз бен жiгiттiң арасында жеңгетайлар жүредi. Сөйтiп, қыздан жолы болмаған Құлбайдың еңсесi әбден түседi. Бұған қоса қызды жолдасы боп келген құрдасы Алыпхан алады да қашады! Оның осы алып қашуы да қызық. Оның бүйтуiне қыздың шешесi өз қолымен көмектеседi‚ — ол жiгiттiң әке-шешесiнiң‚ руының‚ жалпы елiнiң, т.б. кiм екендiгiн де сұрамастан‚ аздап болса да емшек сүтiнiң ақысы деп кәде-қаумет те дәметпестен‚ өз қызын… өзi бұрын-соңды көрмеген‚ үрен-сүренi белгiсiз Алыпханға өз қолымен қашырады да жiбередi! Бұл‚ әрине‚ iлеу де бiр болатын‚ жалпы қазақ салтында бола бермейтiн жәйт.

 

Сонымен‚ Шәрiпхан ат жалын тартып мiнiп‚ дүмдiлерге жұғысып‚ бүгiнгi заманның буржуасына айнала бастайды. Ендi ол мықты бiр жердiң қызына ен салмақшы болады. Оған Алыпханның өзi басқұда боп‚ әйелiмен бiрге ырғалып-жырғалып барады. Бiрақ бiр қызығы‚ бұл қызға алдын ала құда түсiп‚ той кәдесiн т.б. келiсу боп шыға келедi. Әрине‚ бұрынғы қазақ ұғымында бұл ерсi нәрсе. Мұндайда қазақ салтында құдалыққа құда түсер жақтың сөзге жүйрiк‚ жөн-жобаны‚ жоралғыны жақсы бiлетiн бiр салауатты кiсiсi жiберiледi. Содан екi жақ келiскеннен кейiн барып қыздың ұзатылу тойы басталады. Ал мына хикаяда бұл үрдiстiң аяғы көктен бiр-ақ келедi‚ Алыпхан өзiне кiмнiң қызын алатынын‚ құдаларының кiм екендiгiн айтпаған‚ кеңеспеген баласының машинасына мiнiп ап‚ тарта бередi. Ең бiр қолайсыздығы‚ ол әлi келiн боп табалдырықтан аттамаған‚ оң жақта отырған болашақ келiнi үшiн құда жақтың қайқаңдаған қатындарына көрiмдiк бередi! Жарайды‚ бұған да көнелiк. Ең қиыны‚ осы той үстiнде Алыпханның тамақтан жарылып өлуi. Жазушы оның осы мешкейлiгiнiң түп-төркiнiн‚ себебiн тереңiне жетiп ашпайды. Сол себептi мұндағы мешкейлiк бiздегi қауымның басында болған (елдiң кедейлiгi‚ аш-жалаңаштық‚ жұмыссыздық‚ тамақтың‚ киiмнiң жетiспеуi‚ т.б.) жетпiспеушiлiктен туындап жатқан әрекет емес‚ керiсiнше‚ адамға құлқынға‚ қу қарынға байланысты патология‚ ауру-сырқат қана боп шыққан. Тек осы мешкейлiк хикаяның соңғы тарауында ғана басқаша рең алады. Қарны жарылып (өте шартты!)‚ өлейiн деп жатқан Алыпхан саусағымен төбенi‚ бай құда-жеткжаттары карта ойнап жатқан үстегi бөлменi көрсетiп: «Аналар да тойып болған жоқ па?» — деп сұрайды. Бiрақ бұл тосын сұраққа оның келуi шығарманың алдыңғы тарауларынан сезiлмейдi; жазушы оны тым құрымаса бiр-екi жерде келтiрiп‚ ой-пiкiрдiң дамуынан хабардар да етпейдi. Сол себептi хикаяның негiзгi желiсiне айналып тұрған осы бiр үлкен ой еш дайындықсыз‚ Алыпханның басына табан астында келе қалғандай боп әсер етедi. Рас‚ бұған дейiн жазушының Бипатыманың есiне Шүрiппай дейтiн көршiсiнiң: «Жоғарыдағы кiсiлердi мешкейлер‚ өңшең алаяқтар‚ өмiр бойы тоймайтындар»‚ — деп жамандап отыратынын бiр рет түсiретiнi бар. Бiрақ бұл оқушының басты назарын аударуға аздық етедi‚ осы ой хикаяда ауыздың сiлекейiн шұбыртып‚ барынша суреттелген неше түрлi астың‚ iшiмдiк пен хрусталь ыдыстардың тасасында қалып қоя бередi. Одан Алыпхан мүлдем хабарсыз. Оның бар мақсаты — iшiп-жеу‚ қарын тойдыру ғана! Сол себептi бұл мешкейлiк рухани патологияның емес‚ физиологияның дәрежесiнен аса алмай қалған. Сол себептi ең соңында Алыпханның қолдан жасалынған буржуа‚ олигархтарды сұқ саусағымен көрсететiн бiр сәтi 181 бет келетiн хикаяға өте аздық етедi. Оның үстiне Алыпханның осы тұжырымғы қалай келгендiгi‚ ой-пiкiрдiң эволюциясы‚ оны соған итерелеген жәйттер хикаяда ашық етiп келтiрiлмеген. Соның салдарынан соңғы беттегi осы кiшкене эпизод хикаяға кездейсоқ кiрiстiрiле салғандай боп көрiнедi.

 

Бұл шығармаларда шарттылық‚ гротеск басым. Кей жерде жазушы «оқушым»‚ т.б. деп‚ хикаяның желiсiне тiкелей араласып кете бередi. Бұл сюжеттi‚ жалпы желiнi автордың өз қолымен қалай болса солай бұра салатыны сықылды қолайсыз әсер етедi. Әрi бұл форманың тұтастығына зиянын тигiзiп тұр. Жалпы сын-сықағы жетерлiк бұл дүниеде езу тартқызатын эпизодтар көп. Бiрақ автор оқушыны кәйтсем де күлдiрем деп‚ белгiлi мөлшерден‚ шектен шығып кете бередi. Мәселен‚ оның мешкейлiктi көрсету үшiн Алыпханның тамақты қалай жегенi туралы, т.с. тәптiштеп жазуы‚ әрi сараң‚ әрi пысық‚ әрi сақ Алыпханның базарда ақшасын ұрлатып алуы‚ оның iрi сомдықтарын майдала деп бiр қуға бере сап‚ тақырға отырып қалуы‚ қой сатып алғанда‚ базардағы қулардың мұның машинасына саулық емес‚ қошқарды салып жiберуi‚ ол жануардың сарайдың iшiн былғауы, т.б. жәй ғана күлкi шақыратын арзан оқиғалар дәрежесiнде қалған. Одан тыс‚ қалаға келгенiне‚ оның тiрлiгiне ыңғайланғанына көп болса да‚ Бипатыманың 19-ыншы ғасырдағы қазақ әйелдерiнiң шамасында қалуы да онша сендiре қоймайды. Ал расына келсек‚ қалада тұратын қазақтардың күнi кеше елден алып келген қатындарының эмансипацияға ұшырап‚ не қазақ‚ не орыс емес дүбара бiр күйге түскенi — бiздiң күнде көрiп жүрген нәрселерiмiз. Бұл жағдай‚ ең алдымен‚ әйелдiң жалпы жаратылысына‚ жаңа жағдайға төз көнiп‚ тез икемделетiнiне‚ адаптацияға тез ұшырайтындығына байланысты. Бұдан Бипатиманың мүлдем тыс қалуы‚ былайша қарағанда‚ мүмкiн де емес. Ал шығармада бұл нәрсе керiсiнше боп шыққан. Сол себептi бұл шынайы‚ терең реализмнiң әлi де жетiспей жатқандығындай боп сезiледi. Осындай кемшiлiктерiне қарамастан, көзi қырағы‚ шынайы жазушы‚ шынайы суреткер Т.Нұрмағамбетовтiң бүгiнгi қоғамымызға тән ең басты мәселелердi көркемдеп көрсетсем дегенi оқушыны қуантады.

 

Мен қазақ қарасөзiнде соңғы жылдары көрiнiп‚ өздерiнiң қолтаңбаларын анық көрсеткен жазушылардың шығармалары жөнiнде сөз еттiм. Бұл арада мен олардың атағына‚ шен-шекпенiне қараған да жоқпын. Оның үстiне сыйлық алғандарды әдейi таңдап ап қарастырам деген ойым да болған емес. Бұл жердегi көздегенiм — бiздiң сыйлық берiп мақтап жүрген хикаяларымыздың шын әдеби дәрежесi осындай болып жатса‚ қалған үшiншi‚ төртiншi қатарда тұрған туындылардың шамасының қандай екендiгiн оқушы жұртшылыққа бiлдiру ғана. Сол үшiн де ешкiмге бұра тартпай‚ үлкен талаппен қарауға тура келдi. Осы талаппен қарастырғанда‚ «алпысыншылар» бiршама деңгейiн өсiре бiлген повесть жанрының көтерген жүгiнiң жетпiсiншi‚ сексенiншi жылғы ұрпақтардың тұсында мүлдем жеңiлейiп кеткендiгiне‚ басқаша айтсақ‚ орташа жандар айта қаларлықтай шығарманың жазыла қоймағандығына куә боламыз. Мұның түрлi-түрлi себебi бар. Оның ең бастысы — осы ұрпақтың басқа әдебиеттегi бар тәжiрибелерге‚ әсiресе‚ Ш.Айтматовтың қаламынан қандай нәрсе туар екен деп елеңдеп отырып‚ сол дүниелерге сырттай жадағай түрде елiктегенi‚ өмiрдiң өзiне тiкелей үңiлудiң орнына‚ әдебиетте бар дүниелердiң тұрғысынан қарап‚ тiршiлiктен жаңа соны материал таба алмағандары‚ шынайы реализмнiң жетiспеуi едi. Осы кемшiлiктi кейiнгi ұрпақтан да көруге болады. Бұларға соңғы жылдары қандай бiр қайраткердiң‚ көбiне көп‚ жазушылардың аталып өтер тойларына байланысты шығармаларға бәйгi жариялау дейтiн ерсi бiр әрекет өте терiс әсер еттi. Мен жақында сондай бiр дырду тойда «Волга» мәшинесiн алған бiр жiгiттiң жазғандарын оқып шықтым. Оқыдым да‚ өз жағамды ұстадым! Шын мәнiнде‚ бұл көркемделген әдебиеттi ойыншыққа‚ қаламгерлердi бұрынғы «сарай ақындарына» айналдыру ғана! Бұдан басқа да кiм көрiнгенге бармақ басты‚ көз қыстымен берiлетiн толып жатқан сыйлық дегендер де әдебиеттiң құнын арзандатып отыр. Жақында маған бiр жiгiт жылма жыл берiлетiн аты дардай халықаралық «Алаш» сыйлығын алған кiтабын өлердегi сөзiн жазып сыйға бердi. Мен оның көңiлiн қимай‚ кiтапшаны оқып шығып едiм‚ — iшiнен iлiп алар бiр дүниенi таба алмай‚ әбден дал болдым. Содан соң осы аты шулы сыйлықты алған басқа да жазушылардың кiтаптарына үңiлдiм. Солардың бiрi М.Есламғалиев едi.

 

Бұл автор жаңа жазып жүрген кiсi емес‚ ол бiрнеше роман‚ хикаяларын жарыққа шығарып та үлгерген. Қазақша айтсақ‚ қарасөзде тiс қаққан жазушы. Оның «Iргеден кеткен су» атты хикаясының тақырыбындағы тiркес кiсiнi бiрден ойлантады. Судың iргеден кетуi несi? Су iргеден шықпас па? Мiне‚ осындай сұраққа бiрден тап болған оқушы хикаяны әрi қарай бiр дүдәмал кеуiлмен оқи бастайды.

Хикаяның бас жағында Мүсiрәлi қарт пен кемпiрi Аққайшаның кешкiлiк шәй iшiп отырған бiр жайы сөз болады. Өздерiнiң бастарынан өткен неше түрлi жағдайды еске алуы‚ соған қатысты өздерiнiң ой-пiкiрi‚ етер iс-әрекетi, т.б. алғашында тәп-тәуiр әсер де қалдырады. Сөйтiп отырғанда кенеттен көше жақтан атылған мылтықтың даусы естiледi. Бұл екеуi оны кiм екен деп таңғалады. Сосын олардың естерiне жаңғыз ұлы Ерқара түседi. Ол болса‚ Армиядан өткен жылы қарашада оралған. Оған да тоғыз ай болыпты. «Әкесiнiң — қырық‚ шешесiнiң — отыз сом алатын пенсиясымен тепсе темiр үзетiн жас жiгiт жан бағып‚ үйде қашанғы отырмақшы»‚ — деп‚ («Жазушы» баспасы‚ 1996 ж.‚ 291 б.) автор негiзгi кейiпкерiнiң жай-жапсарынан хабар да берiп тастайды. Хош делiк. Сол мылтық атылғанан кейiн барып‚ Мүсiрәлi өзiнiң қос ауызының жоқ екенiн бiлiп‚ шошып кетедi‚ бiрақ оның қайда екенiн‚ кiм алғанын сұрастырмайды да‚ iздемейдi де. Автор одан әрi Ерқараның жайын баяндауға көшедi. Ауған соғысына десант боп шайқасқан Ерқара ауданға кеп еш жұмыс таба алмайды. Мұнайға байланысты кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн кавказдықтар‚ соның iшiнде‚ шешендер ол маңға жергiлiктi қазақтарды еш жолатпайды. Бұл арада сексенiншi жылдардың аяқ жағында болған Теңiздегi оқиға еске түседi. Оқушы осы бiр драматизмi жетерлiк жағдаятты жазушы қалай жазды екен деп одан әрмен ынтыға түседi. Сол түнi Ерқара өзi үйленгелi жүрген‚ медучилище бiтiрген Ақбаламен кинотеатрға барады‚ бiрақ шетелдiң қорқынышты фильмiн көруге қыз көнбей қояды. Сөйтiп ол қаладан бiрнеше шақырым жердегi көлге қарай серуендеуге тартады. Түн iшiнде екеуiнiң былайша елден жырақ шығуы бiрден-ақ сенiмсiздiк тудырады. Шынында‚ олар қыдырам десе‚ аудан орталығындағы парк те жетiп жатқан жоқ па? Мiне‚ сөйтiп Айға қарап‚ жапырақ санап жүрген екеуге Сейтафахан бастаған үш шешен жiгiтi кездеседi. Ендi оқиғаның әрi қарай қалай дамитыны айтпай-ақ белгiлi болады. Бұл жерде бiр сенбестiгi — Ауғанстанда боп‚ қанды қырғынның ортасынан шыққан десантшы Ерқараның Сейтафаханның алдаған сөзiне сенiп‚ өзiнiң сыртын айнала берген екеудi көре тұра‚ оған қос қолын ұсынуы. Мiне‚ сол екi қолға Сейтафахан жармасады‚ ал оны сырт жағынан келген екi шешен қатты бiрдемемен (ол не‚ таяқ па‚ темiр ме‚ — айтылмайды) ұрып‚ есiнен тандырып түсiредi. Содан кейiнгi жағдай белгiлi — олар мұны ит қылып тепкiлейдi де‚ Ақбаланы зорлайды. Сосын олар‚ әсiресе‚ Ерқарамен бiр ауылда көршi тұрған‚ мектепке бiрге барған Сейтафахан мұны өзiн танып қалмады ма деп күдiктенедi де, бiрақ өлтiрiп кетейiк деген басқа жолдастарының сөзiн тыңдамай‚ жөндерiне кете барады. Содан Ерқара есiн ауруханада бiр-ақ жияды. Сөйтсе‚ Ақбала түнде кеп‚ (мұны неге айдалада тастап кеткен?) Ерқараның жолдасы Серiкқалиға телефон соғыпты‚ ал ол болса мұны ауруханаға жеткiзiптi. Бiз бұдан кейiн Ақбаланы көрмеймiз де‚ оның тағдыр-талайының қалай болғанын бiлемеймiз де. Оның есесiне Ерқараның ауруханадан қашып кеп‚ үйiнен мылтығын ұрлап алғаны‚ көршiсi Муфтаханның үйiне барып‚ Сейтафаханды атқаны‚ сосын осы қылмысын айтып өзiнiң милицияға өз еркiмен келгенi, т.б. айтылады. Сөйтсе‚ Сейтафахан өлмептi. Ендi автор кәдiмгi детективке толы кинолардағыдай бiр зерттеуге кiрiсiп кетедi. Бұл жерлерде кәдiмгi адам жоқ‚ қылмыстың қалай ашылғандығы туралы сырдаң очерк оқып отырғандай боласың. Ақбала болса‚ әлгi қылмыстыларды сотқа да бермейдi‚ Ерқараға да келмейдi. Оның қайда жүргенi мүлдем белгiсiз. Ендi осы кезде қазақтардың Теңiздегi атақты толқуы басталып кетедi. Бiрақ бұған Ерқара да‚ Ақбала та‚ Серiкқали да т.б. қатыспайды. Автор ендi репортаж беруге көшедi‚ қазақтар мен кавказдықтардың қалай қол құрғандарын‚ қалай бетпе-бет келгендiктерiн‚ таң алдында оларды Сәбет әскерлерiнiң қоршап алғандығын, т.б. бiз естимiз‚ бiрақ көрмеймiз. Ең бастысы осы iрi дүрбелең тудырған оқиға хикаядағы кейiпкерлердiң жан дүниесiнен өтiп‚ неше түрлi әрекет‚ ой-пiкiр туғызып‚ олардың тағдыр-талайына айнала алмаған. Тiпте бұл iрi оқиғаның оларға қатысы жоқ та сықылды. Ендi Ерқараға қалай жала жабылғаны‚ тергеушiлердiң қатыгездiгi‚ оның сотталып кеткен соң түрмедегi жағдайы, т.б. құр мәлiмет беруден аспайды. Кенеттен Ерқара Маңғыстаудағы түрмеге ауысқанында ол баяғы Сейтафаханды көредi. Сөйтсе, ол түрме заңы бойынша «голубой» — «көгiлдiр» боп жүр екен. Соны Ерқара өлтiрмек болады‚ бiрақ желтоқсан оқиғасына қатысқан Жәнiбек дейтiн бiреу ақылшы‚ кеңесшi‚ түрме заңының «энциклопедияшысы» боп‚ мұны бұл «қылмыстан» сақтайды. Тура Ф.Достоевскийдiң «Қылмыс және жазасындағы» жағдай сықылды! Бiрақ ондағы Раскольниковтың жан азабы‚ ой-толғанысы, т.б. Ерқарада жоқ. Ақбаланың қайда жүргенi екi бастан белгiсiз. Ол бұған хат та салмайды‚ хабар да бермейдi. Соған қарамастан, Ерқара: «Қайдасың‚ Ақбала?»‚ «Қайран‚ Ақбала! Түсiмнен шықпайсың. Түңiлмегенiң шығар?.. Күт! Күте гөр‚ ақ перiштем!.. Шыдай гөр‚ шырайлым!» — деп жүредi де қояды. Бұл жердегi бiр түсiнбестiк нәрсе — Ақбала бұдан неге түңiлуге тиiс? Ерқара болса‚ таяқ жеп‚ есiнен танып қалды. Ол Ақбаланы зорлап жатқанда‚ шыдап қарап тұрса немесе оны тастап қашып кетсе‚ әңгiме басқа. Одан тыс‚ түрмедегi лас тiрлiктi көрiп жүрген Ерқараның бозбала сықылды романтик бола қалуы да еш сендiрмейдi. Өйтетiндей бұған Ақбала келiп-кетiп жүрген де жоқ. Ол тiпте мұнымен хабарласпайды да. Сонда Ерқара оған неге үмiт артады? Оны айтпағанда‚ автор Ақбаланың кейiнгi тағдыр-талайы туралы ештеңе де демейдi‚ ол бiр жатқан тұман! Одан тыс‚ бұл хикаяны оқып шығып‚ қаны-жаны бар кейiпкердiң‚ олардың шын драмасының жоқтығын көресiң. Бұл жерде кейiпкердi даралау‚ оның өзiне сай мiнез-құлық берiп‚ өзiне сай iс-әрекет жасату‚ оларды тәндестiру‚ сюжеттi дамыту‚ т.б. туралы сөз айтудың өзi мүмкiн емес. Бұл дүние‚ шын мәнiнде‚ көркемделген әдебиеттен мүлдем қашық жатыр. Бiз тағы да сұрқай‚ бiркелкi‚ ертең-ақ өтiп кететiн‚ сырдаң очерк дәрежесiндегi‚ тақырыбын бұлдағаннан басқа дәнемесi де жоқ дүмбiлез дүниемен кездесiп отырғанымызды айқын сеземiз. Мұнда көркемдiктен гөрi жадағай журнализм басым.

 

Осындай жорналшылдық‚ очеркке тән нәрселер Ж.Қорғасбековтың хикая деп ат қойып‚ айдар таққан шығармаларында да баршылық. Осындай дүниелер туралы кiтаптың аннотациясында: «бiр қатар сыйлықтарды иеленген… туындысы терең психологиялық (?) жан-дүние құбылыстары мен күрделi характерлердi (?) тосын (?) да кесек (?) оқиғалар үстiнде (?) ашумен ерекшеленедi»‚ — делiнiптi (Жансебiл‚ «Жалын» баспасы‚ 1995 жыл). Бұл басқа бiр кiтап туралы айтылып отырған пiкiр сияқты.

 

Ж.Қорғасбеков «Қасқыр адам» атты повесiнде кандидаттық диссертациясын қорғай алмаған Әдiлеттiң тағдыр-талайы туралы сөз етедi. Оның осы диссертациясының тақырыбы да қызық: «Шағын ормандарды мемлекеттiк қорыққа айналдыру туралы»! (75 б.) Тақырыбынан көрiнiп тұрғандай‚ бұл ғылыми еңбектен гөрi арнайы мәселе көтерген газет мақаласына ұқсайды! Жарайды‚ оған да сенелiк. Ендi автордың айтуынша‚ Әдiлет: «Лауазымы үлкен ғалымның қамқоршысына тiл тигiзiп (?) жап-жақсы қызметiнен қуылды. Ауылға көшiп келiп‚ орманшылық жұмысқа (?) тұрғанда да жанын тыныш қоймады солар. Аспирантурада жүрiп жазған ғылыми еңбегiн саудалап‚ алтын басын және қорлады. Мұның… қолжазбасын сатып алып‚ дарынсыз бiр жолбикеге диссертация қорғатуды ойлаған адам ештеңеден тайынбас‚ сiрә…» (94 б.) Сөйтiп‚ ол өзiнiң ғылымдағы жолы үшiн күресе алмай‚ елден бiр-ақ шығады. Бұл орманшы боп жүргенде‚ оған Рақым Арыстан дейтiн «делдал» аудармашыны ертiп кеп: «Сенiң тақырыбың мына iнiшекке бекiтiлiптi. Жақаң да‚ басқалар да қолдап отыр. Жазған‚ жинаған материалдарың болса‚ өз iнiң ғой‚ көмектес… Еңбегiңдi жемейдi»‚ — дейдi. Бұған Әдiлет ашылып ештеме демейдi‚ бар болғаны бiр жақтан ауып келген алты бұғыны күзетiп жүргендiгiн айтады. Орманға аң аулауға келген Рахымға: «Қазiр бұл жақта мылтық атқызбайды»‚ – дейдi. (79 б.) Соның соңы… Рахымдар әлi бұғылардың екеуiн атып алады. Содан үрке қашқан бұғыларды iздеп‚ Әдiлет орман кезiп жүрiп… жынданып кетедi. Қорықшы Қаратай әлi Рахымдарды сотқа бергенiмен тұрмай‚ Әдiлеттi жұмысынан шығарады. Ол бiр жүрген дөкiр‚ өзi би‚ өзi хан бiреу. Ол төменгi ауылдағы күйеуi сотталып кеткен Құралай дейтiн келiншекке кеулi кетiп жүредi. Бiрде ол елден шығына қашқан Әдiлеттi iздеп‚ таба алмай қайтып келе жатып‚ машинасына бiр кiсiнi мiнгiзедi.

 

«Бұл болса анау шеттегi көптен көз тiгiп жүрген келiншектiң үйiне барады…

— Сен ше? Сен өзiң қайда барасың?

 

— Мен бе? — Қаратай көзiн қулана қысты. — Шәй iшуге. «Көршiнiң алмасы тәттi» дегендi бiлемiсiң.

— Ендеше айда…»

 

Қаратай ендi өмiрi көрмеген әлгi тапал қараға бар сырын айта жөнеледi:

«- Өзiм екi-ақ рет келгем… Сен құсап жолда жаяу келе жатыр екен‚ әкелiп тастағам. Кейiнгiсiнде жақын танысқандай болдым. Үрiп ауызға салғандай әп-әдемi келiншек. Қазiр өзiң де көресiң».

 

Сүйткен әлгi келiншек… мына тапал қара‚ түрмеден босап шығып келе жатқан Нәдiрбектiң қатыны екен! Ол мұны көре сала: «Нәдiрбек?! Келдiң бе? Босатты ма? т.б.»‚ — деп мұның мойнына асыла кетедi. Содан кейiн осы «романның» дамуы тiпте қызық. Қаратай Нәдiрбектi Әдiлеттiң орнына орманшы етiп жұмысқа алады. Ақырында оны бұғы атқаны‚ мылтығын заң орындарына тапсырмағаны үшiн аудан асырып‚ милицияның қолына ұстап бередi. Бұл жерде осы Қаратай‚ Құралай‚ Нәдiрбектердiң арасындағы «драманы» түсiне қою мүмкiн де емес. Қарапайым кiсiге тән қызғаныш‚ отбасын сақтауға тырысу‚ еркектiң өз абыройын қорғауы, т.б. туралы ештеме де жоқ. Олардың еткен iс-әрекеттерi мүлдем түсiнiксiз‚ оның психология жағынан дәлелi атымен жоқ.

 

Ал Әдiлет болса‚ бұ кезде Қарақатын дейтiн жерде қыстың қақап тұрған шағында бiр жаман кепеде тұрып жатады. Ол жалаңаяқ қар кешiп‚ өзеннен сарыаязда қолымен балық аулап күн елтедi. Оның ұстаған балығын бiр ақсақ қасқыр жеп кетiп жүредi. Соны көрген Әдiлет: «Балық берiп асырадым мен сенi‚ ақсақ қасқыр»‚ — деп «жыр» жырлайды. Ақыры тағы боп кеткен ол айдалада жүргенiн қойып‚ адамдарға жақындағысы кеп‚ Қарағайлыға қарай бет түзейдi. Ол жолда тұзаққа түскен баяғы ақсақ қасқырды көредi. Оны босатам дегенде‚ қасқырдың «жалаң еткен азу тiсi ақсиып‚ қара санын» (112 б.) осып өтедi. Содан соң бұ шынымен қасқырға айналғандай: «Жалғызсырап‚ жанына жылу сұрап‚ дауысын толғай созып (?)‚ қасқырша ұлиды» (100 б.). Сөйтiп, ол қайтадан адамзат қауымынан безiп‚ орман iшiмен басы ауған жағына қарай қаша жөнелдi.

 

Бұл жерде‚ ел алдымен‚ ауып келген бұғы желiсiнiң Ш.Айтматовтың «Ақ кемесiндегi» ауып келген бұғы желiсiне‚ ал Қаратайдың — Оразбайға т.б. ұқсайтындығын айта кету керек. Одан тыс‚ диссертациясын қорғай амай‚ бiр дөкейге тiл тигiзгенi үшiн қызметтен қуылған Әдiлеттiң бiрден жынданып кетуi мүлдем сендiрмейдi. Ең бастысы‚ осы жындануға кiм себепкер — қоғам ба‚ адам ба‚ мiне‚ осы нәрселер ашылмаған. Оның үстiне, Әдiлеттiң өз хақын қорғап‚ шындық үшiн күресiп жатқан жайы және жоқ. Оның ауа қашқан бұғыны iздеуi де қисынсыз. Сөйтiп жүрiп жындануы тек қана патология боп сезiледi. Сол себептi сол кездегi қоғамға еш тән емес мынадай жағдай өмiрде бола қоймайтын‚ тiпте болмайтын‚ кездейсоқ бiр нәрсе ретiнде көрiнедi. Оған қоса Әдiлеттiң ақыл-есiнен ауысуының себебi де‚ психология жағынан оған қалай жетуiнiң жай-жапсары да хикаяда жоқ. Сол себептi тiрлiктен «әдiлет» көрмеген (бiр ғана диссертация үшiн кiсi өмiрден баз кеше ме? — Б.А.) Әдiлеттiң «қасқыр адамға» айналуы мүлдем сендiрмейдi.

 

Автордың тiлi жұтаң‚ қатардағы жорналшының күнделiктi баспасөзде қолданылатын лексикасынан әрi аспайды. Ж.Қорғасбековтiң жазғандарында: «Алғашқы қар… табаны бекiп‚ тақымын қымтай (?) түстi»- (103 б.)‚ «ауаны қауып-қауып алады» (102 б.)‚ «үнi семген (?) жоқ» (102 б.)‚ «Қасқыр жұлқынып… тынысын тарылтып‚ сығымдап (?) тастайды»‚ — (98 б.)‚ «Қаратайдан-ақ тойып (?) бiттi»‚ — (98 б.)‚ «Ол… баладай далбаңдап (?) тұра жүгiрдi»‚ — (95 б.)‚ «… өкшесiн қадап еңiстеп (?)‚ дедектей жөнелдi»‚ — (94 б.)‚ «Қаймыжық ерiндерiн қымқыра (?) тiстеп …» — (92 б.)‚ «…белiне қалыңдап (?) байлаған (?) орамалды шешiп»‚ — (92 б.)‚ «…дәлiздiң терезесiн итере (?) ашып‚ кеудесiн сыртқа сала (?)»‚ — (92 б.)‚ «терезе әйнегi шаңғырлай (?) сынып»‚ — (92 б.)‚ «танауы делдиiп‚ мiнбелеп (?) келiп тоқтады»‚ — (92 б.)‚ «Көкжалдың терiсiн басын сөлектете (?) сүйретiп…» — (91 б.)‚ «дастархан басында дөңгеленiп (?) үшеуi қалды»‚ — (85 б.)‚ т.б. сықылды тiркестер‚ орнында тұрмаған сөздер жиi кездеседi. Оның пейзажы: «Мылтық атылғанда‚ құлақ тұндырған гүрсiлден қарағай дiңi дiр ете (?) түсiп‚ қалшия (?) қалды»‚ — (80 б.)‚ «Орман шетiнде iлгерi тұста әлгi аңғардың алқымынан (?) ала түсiп (?)‚ көлденең (?) сұлап жатқан (?) аумақты (?) жазық бар»‚ — (89 б.)‚ «Тау аңғарын алқымдаған (?) орман шетiндегi жазықты (?) ақ ұлпа қар бүркенген (?)»‚ — (113 б.) т.б. тәрiздi боп келедi.

 

Жалпы бұл повестен шынайы суреткердiң көзi‚ қарымы сезiлмейдi. Жалған сюжет‚ жасандылық‚ кейiпкердiң бейнесiн жерiне жеткiзе сомдай алмау‚ оларды даралай бiлмеу‚ ауыз-екi тiлдiң стихиясының бұзылуы, т.б. оның «Жабайы ит»‚ «Өлi көл» атты хикаяларына да тән. Бұлардың барлығы да қарадүрсiн очерк дәрежесiндегi шалапiстi дүниелер ғана.

 

Сонау сексенiншi жылдары осы шығармалары сөз болған авторлармен бiрге құйрық тiстесе келген басқа да жазушылар жетерлiк. Солардың iшiнде бiрден көзге түсетiнi — Нұрқожа Оразов.

 

Сөз жоқ‚ бұл қаламгер өзiнiң әңгiмелерiнде Оңтүстiк өлкесiне тән жағдайларды қырағылықпен ұстап алып жүр. Әсiресе‚ оның қарапайым кейiпкерлердiң ауыздарына салатын ауызекi тiлi өте жақсы. Бiрақ бұған керiсiнше‚ автордың өз баяндау тiлi бiраз кем түсiп жатыр. Және де оның қозғайтын тақырыбы да алуан түрлi. Оның үстiне, Н.Оразовтың қарапайым кiсiлердiң‚ ауылдың тұрмыс-тiршiлiгiн, т.б. жақсы бiлетiнi байқалады. Оның кейiпкерлерi өз бойларына сай сөз сөйлейдi‚ iс-әрекет етедi. Мен бұл жерде оның әңгiмелерi жөнiнде емес‚ орта жанрда қалайша қалам тартқаны туралы сөз етпекпiн.

 

Оның «Тазқара» хикаясында бiр кездерi Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесiнiң хатшысы боп iстеген Кәрiм Меңдiғалиевтiң немере iнiсi Мәлiктiң баласының келiн алған тойына келе жатқаны сөз болады. Ол кәзiр пенсияда‚ бар алатыны 12 мың теңге ғана. Өзiне шопыр боп келе жатқан‚ жасы қырықтан асқан баласы (?) барып тұрған маскүнем. Олар ауылға келедi. Ауыл кiсiлерiмен бiрге болады. Қалқоздың бұрынғы экономисi Айшуақ Қарабалаев приватизация кезiнде «прихватизация» жасаған. Жұрт дауласады. Кәрiм басалқы‚ ақылды сөз айтады. Той үстiнде палуан денелi‚ өзi жастайынан бiлетiн Тағай кеп амандасады. Кәрiм өте мұздай кiсi. Бiр кездерi хатшы боп тұрғанда ол Тағайдың 86-шы жылы қолға түскен қызының тағдырына араласпаған. Ол Тағай мен Мәлiктi өз кабинетiнде қабылдайды. Неге? Кәрiмнiң әкесi соғыста шейiт болған соң‚ оның шешесiн iнiсi әменгерлiк жолменен алады. Сүйтiп ол Мәлiкпен бiр үйде құлын-тайдай тебiсiп өседi. Сөйткен iнiсi немере ағасының үйiне бармай ма? Үйде-ақ Тағай екеуi шаруасын айтпай ма? Сосын талай қызметтiң басын шалған Кәрiмнiң оларды алдап-сулап шығарып салмағаны несi? Ол бiрден бұл iске араласа алмайтынын ашық айтады. Содан Тағайдың қызы аз уақыт өткен соң қамаудан босанады. Бiрақ оны төртiншi қабаттан лақтырып жiберiп өлтiредi. Олар кiмдер? Жауап жоқ! Жалпы бұл арада Кәрiмнiң де кiнәсi жоқ. Колбин кезiнде ол бұл iске араласса‚ қызметтен қуылатын да едi. Ол бас бақты. Жалпы ол кезде кiм қара басын бақпаған? Бұл бiр. Екiншiден‚ соны бiле тұра Кәрiмнiң Тағайдың үйiне барып қонуы қалай? Жазушы мұны өлген қыздың қабырғада iлулi тұрған суретiн көрсету үшiн сюжеттi иiп әкеп жасаған. Ол ертесiне дым болмағандай (қызды таниды!) өзенге барып‚ қыранның ұшқанына‚ қалықтағанына (ол бұған дейiн өзiн осы ауылдан түлеп ұшқан қыран ретiнде сезiнедi!) таңғалады. Тағай оған оның қыран емес‚ өлексе аңдыған тазқара екендiгiн айтады. Сөйтiп қыран — Кәрiм — тазқара арасында салыстырмалы түрде теңдiк сызығы қойылады. Бұл жерде кеше басына iс түскен кезде ағайынға көмек бере алмағанына‚ тым құрымаса соған талап та жасай алмағанына өкiнiп‚ өзiн өзi iштей жеп‚ ар-ұяты мазалап жатқан Кәрiм де жоқ. Ол бар болғаны түнде арақ iшiп‚ мас боп қалған баласына ренжiп‚ машинасын өзi айдап‚ Алматыға тартады. Кәрiм өте салқын‚ бiр жақты. Бұл бейнеде схемашылдық басым. Оның бойында қан-сөл жоқ‚ ол әр сөзiн есептеп отырған бiреу! Ендi қызметi жоқ кезде де Кәрiмнiң ағынан жарылуы‚ әлгi iске араласа алмағаны үшiн ақталуы‚ өтiрiк болса болса да бiр себеп табуы, т.б. мүлдем жоқ. Ол Тағайдың үйiне бармауға тиiс. Және де баласы үшiн өкпелi Тағайдың оны үйiне қон деп шақыруы да жалған‚ жасанды. Қайта ол арақ iшiп ап‚ мас болып‚ әлгi өкпесiн той үстiнде айтуға‚ шатақ шығармай ма? Қызба мiнездi ол керiсiнше бәрiн ақылға жеңдiрiп‚ құдай салды‚ мен көндiмнiң жетегiнде кетедi. Жарайды‚ ол бұл арада кеңпейiлдiлiк көрсетсiн-ақ делiк. Бiрақ оның үйiнде отырып‚ Кәрiмнiң еш қымсынбайтыны‚ қысылмайтыны‚ iштей қобалжымайтыны несi? Осы жер Кәрiмнiң рухани жақтан түлейтiн‚ өткенiне өкiнiп‚ өз өмiр жолын қайта бiр қарап‚ қайтадан баға беретiн тұсы емес пе? Ол хикаяда мүлдем жоқ. Салқын кiсi тойға келдi‚ кеттi. Бар-жоғы осы ғана. Оның кей тұста бала кезiн еске алуы‚ т.б. рационализмнiң құрсауынан босана алмайды‚ өзектi өртейтiн сезiмдi ақыл жеңiп кете бередi.

 

Оның «Бала-махаббат» хикаясында орта мектептiң жетiншi класында оқитын Жәми мен Жанардың арасында лып ете қалған алғашқы сезiм туралы сөз болады. Әрине‚ бұл шын мәнiндегi сүйiспеншiлiк емес. Жәми күнi-түнi бiр үйдiң шаруасымен сылпылдап жүрген кәрi шешесiн аяйды‚ оған барынша көмектеседi. «Белсебетiне» мiнiп ап‚ жүгерiнiң собығын қайырып әкеледi. Жоңыршқа орады. Оның ағасы Қыбырай үлкен қалада оқып жүр‚ оның ойында келiншек әкеп‚ шешесiнiң қолын ұзарту еш жоқ. Соған күйiнген шешесi бұларға ұрысып бағады. Ол мұның момын әкесiн әбден сiлтiге салған терiше илейдi. Осы жерде Жәмидiң шөп тасуы‚ шөп оруы‚ «Мыңбұлақ» дейтiн ауылға барып‚ балалардан қашуы‚ Жанардың көзiнше арықтағы суға шолп етiп құлауы‚ одан ұялуы, т.б. эпизодтар жақсы жазылған. Ақыры Қыбырай ағасы ауылға келедi де‚ бiр күнi ешкiммен ақылдасып жатпастан‚ бiр қызды алып қашып келедi. Хикаяда Қабырайдың ол қызбен бұрын таныстығы‚ кездесiп жүргенi‚ сөйлескенi, т.б. мүлдем айтылмайды. Тым құрымаса, оған шаруадан қажыған шешесi: «Келiн әкеп‚ қолымды ұзарт»‚ — деп те айтпайды. Ол бiрден қызды алып қашады. Жарайды‚ солай-ақ болсын. Бiр таңғаларлығы‚ ертеңiне олар қыздың аулына тойға шақыруға Әбдiбай мен палуан құрдасы Әжiбайды жiбередi. Ал қазақ үрдiсiнде‚ соның iшiнде Оңтүстiк өлкесiнде өмiрi бұлай етпейдi. Бiрiншiден‚ қыз алып қашқан жақ өз кiнәсiн жуып-шаю үшiн қыздың төркiнiне кешiрiмге ауылдың бас көтерер бiр кiсiсi мен жеңгелерiн жiбередi. Олар кешiрiм алған соң‚ тойға қыздың жеңгесi ғана келедi. Еркек жағы тойға келмейдi. Ал хикаяда мүлдем керiсiнше. Сол тойға бiраз кiсiмен бiрге Жанар да келедi. Сүйтсе‚ Қыбырайдың алып қашқаны оның туған апасы екен! Ендi Жәми (7-iншi кластың баласы! — Б.А.) туған құдашасына үйлене алмайтынын бiлiп‚ қамкеуiл болады‚ iштей қан жылайды‚ тебiренедi. Бар болғаны осы! Бiз бұдан сюжеттiң жасандылығын‚ қолдан иiлiп әкелгендiгiн көремiз. Және бiр айтары‚ — осы жылт ете қалған алғашқы сезiмдi‚ сүйiспеншiлiк жайын асқақтата жырлау‚ поэтизация жасау кем түсiп жатады. Ал бұл бозбала Жәмидiң басына тән нәрсе.

 

«Қашқын» атты хикаяда шешесi өлiп‚ күнi өгей шешесi Биғанымға қарап қалған Асанның қаладағы интернатқа барғаны‚ әкесiнiң бұған жылы қабақ көрсетпегенi‚ оның iнiсi Әскербектi сағынатындығы‚ соны қуантайын деп‚ ойыншық сатып алу үшiн ұрлық жасағаны‚ ақыры сол қылмысы үшiн балалардың қолониясына түскенi баяндалады. Хикаядағы әке де‚ өгей шеше Биғаным да өте қытымыр‚ қатыгез‚ олардың еш қайсысында да адамгершiлiк‚ бауырмашылдық атымен жоқ. Неге? Тiпте әкесi жетiм қалған Асанды аю‚ мүсiркеу дегендi де бiлмейдi. Биғаным одан да өткен. Ол iнiсi Әскербектi сағынып‚ колониядан ойда-жоқта қашып шыққан Асан туралы (В.Шукшиннiң бiр әңгiмесiнде дәл осындай жағдай сөз болады‚ — Б.А.) милицияға хабар бередi. Биғаным ертең ел мұнымды сөкет көредi-ау‚ бетiме салық қып басады-ау деп ойланып та жатпайды. Ал бұл кезде үйден қашып кеткен Асан аудан орталығындағы интернатқа өткiзiлген iнiсiн көрмек боп ұлы жолда жаяу-жалпылап келе жатады. Бұл хикаяда аға мен iнiнiң арасындағы бауырмалдық‚ туыстық жағы шынайылықпен жазылған‚ сәттi ұсталған детальдар баршылық. Бiрақ әке мен өгей шешенiң бейнелерi өте бiр жақты боп шыққан. Оның себебi еш түсiнiксiз. Биғаным неге жетiм балаларды соншама жек көредi? Олар мұның мойнына масыл болды ма әлде өз баласына тиiсiп‚ күн көрсетпей жүр ме? Әлде Асан оның айтқанын тыңдамады ма? Хикаяда мұның бiрi де жоқ. Бар-жоғы — өгей шеше өгейлiгiн көрсетiп‚ бұны интернатқа жiбертедi. Iзiнше бұл ахуал Әскербектiң де басына түседi. Және бiр қолайсыздығы‚ өз туған әкесi Асанды iздеп‚ колонияға бiр рет те бармайды. Оның өз баласынан осыншама суынғандығының себебi (жас кезде кiм кәтелеспейдi‚ — Б.А.) және келтiрiлмейдi. Өзiнiң бауыр етiнен жаралған баласына оның соншама тасбауыр болғандығы еш ақталмай тұр. Егер Асан бұған дейiн тентектiк‚ бұзақылық, т.б. жасап‚ әкесiнiң мазасын алып бiтсе‚ бiр сәрi. Және де ауылда мектеп тұрғанда‚ оның Асанды ақша төлеп‚ аудандағы интернатқа бергенi де қисынға сая бермейдi. Ондай тасбауыр әке бұл жерде бәрiн керiсiнше iстеуге тиiс. Ол екi баласын оқысаң — оқы‚ оқымасаң — қой‚ — деп ауылдағы мектепке берiп‚ оларды оқудан тыс кезде шаруаға салып қояды. Ал өгей шеше болса‚ ол екеуiне жаңа тапқан баласын бақтырады‚ отын жарғызады‚ су тасытады‚ оларға отырсаң — опақ‚ тұрсаң — сопақтың күнiн тудырады. Мiне осы қорлыққа шыдамаған Асанның қылмыс жасауы мүмкiн. Болмаса ол өз үйiнен қашып кетуге тиiс. Осындай iрi-iрi себеп‚ дәлелi жеткiлiксiз хикаяның жасанды тұстары жетерлiк.

«Жұмбақ үй» атты хикаяда жетiм балалардың үйiнде тәрбиеленiп өскен Айгүл мен өнертапқыш инженер‚ тау-кен машиналарын жасайтын зауытта жұмыс iстейтiн Айдардың кездейсоқ ұшырасып қалуы‚ жаңадан пәтер алған‚ әлi үйленбеген (ондайларға Кеңес заманында жеке пәтер бермейдi‚ жатақхана ғана бередi‚ — Б.А.) жiгiттiң машинаға қажет жаңа бөлшектi‚ детальды жетiлдiрем деп талап қылуы‚ ақыры ол ұсынысының өтпей қалуы‚ сөйтiп жүргенде оның тiрi жетiм Айқанат дейтiн баламен танысуы, т.б. сөз болады. Бұл хикаяда тiрлiк‚ ана мен әке олардың сәби алдындағы парызы‚ қатыгездiк, т.б. туралы айтылатын ақылды сөз көп. Олар салиқалы жиналыста ғана айтылатын сөз сықылды‚ аса салқын‚ ешқандай да жылуы жоқ. Бiр қызығы‚ Айгүл өзiн сәби кезiнде тастап кеткен‚ бүгiнде басқа күйеуге шығып‚ балалы-шағалы болып отырған шешесiне барып тұрады. Оның өзiн тiрi жетiм еткен шешесiне өкпелеуi‚ оны айыптауы, т.б. мүлдем айтылмайды. Бұл жерде сәбидiң жанына түскен сызаттың еш уақытта жоғала қоймайтынын‚ оның қалайда бiр күндерi сыртқа шығатынын жазушы ескермейдi. Бар-жоғы Айгүл өз әкесiнiң кiм екендiгiн бiлмейтiнiн айтады да қояды. Ол тiпте ол жөнiнде шешесiмен әңгiмелеспеген де‚ ол жайында сұрамаған да. Неге? Егер Айгүл шешесiнен әкесiнiң қайда тұратынын сұрап бiлiп ап‚ оған барса‚ кездессе‚ оған Айдар куә болса‚ ол әкенiң осы жасаған күнәсi үшiн не iстеп‚ не қойғанын көрсе‚ бiлсе‚ — хикаяның салмағы мүлдем арта түсер едi. Бiрақ ол жоқ. Хикаяда тек қана жиенi Айқанатты нағашы атасының iздеп кеп алып кеткенi‚ ол ауылдан жетiмдер үйiне Айқанаттың қашып келгенi, т.б. бiраз сөз болады. Осы жерде инженер Айдардың кiммен жарасып жүрмiн‚ әкесi белгiсiз‚ шешесi қатыгез бiр қызға бас қосқаным қалай болады‚ ертең тұз-дәмiмiз жарасып кете ала ма‚ жоқ па деп т.б. еш те толғанбайтын түсiнiксiз. Ал шындығында‚ сүрбойдақ боп қалған‚ жоғары оқу орнын бiтiрiп‚ жұмыс iстеп жүрген Айдардың (ол әлi романтик жас жiгiт емес қой! — Б.А.) ол жайында ойланбауы‚ тым құрымаса өзi күнде шахмат ойнап жүрген Жәнiбек ақсақалмен кеңеспеуi қызық. Және бiр таңғаларлығы‚ Айдар бiр үйде жаңғыз тұрады‚ оның әке-шешесi‚ бауырлары‚ туған-туысқандары бар ма‚ жоқ па‚ — ол жайында бiр ауыз сөз айтылмайды. Ол құдды Батыс Европадағы жаңғыздықтың зардабын шегiп жүрген бiреу секiлдi! Ал бұл бiздiң бүгiнгi қазақ қауымына тән‚ жиi кездесе қояр жәйт емес.

 

Бiз қазақтың қарасөзiндегi хикая жанрының қалыптасу жолын шолып өткенде‚ бiраз құнды дүниелiктерiмiздiң барлығын анық көремiз. Бұл‚ әсiресе‚ өткен ғасырдың басынан‚ басталған отызыншы жылдары тағдыры шорт үзiлiп қалған ұлы Бейiмбетке байланысты. Одан кейiнгi 1940-60 жылдары қазақ қарасөздерiнде үлкен бiр үзiлiс болған сықылды. Әрине‚ ол кездерi де бүгiнгiдей қарны қампиған кiтаптар қаптап шықты‚ оларды жалдамалы сыншылар дабырайта кеп мақтады. Ондай жазушылардың бiразы шен-шекпен‚ сый-сияпатқа да кенелдi. Бiрақ… олардың ешқайсысы да шынайы‚ төл‚ ұлт әдебиетiмiздi жасай алған жоқ. Тек «алпысыншы жылғылар» ғана әдебиет табалдырығынан аттағаннан кейiн қазақ қарасөзiнде өзгеше бiр сiлкiнiс‚ жаңғыру пайда болды. Осы тосын‚ соны процестiң көшбасында болған Қ.Ысқақов‚ С.Мұратбеков‚ Т.Жармағамбетов‚ Н.Серәлиев‚ Ә.Тарази‚ Ә.Кекiлбаевтар, т.б. өздерiнiң ең жақсы хикая‚ әңгiмелерiн жазды. Мiне‚ осы бiр жаңадан басталған қозғалысты жетпiсiншi‚ сексенiншi жылғылар одан әрмен дүркiрете дамытып кете алған жоқ‚ — олардың көбi сол алпысыншы жылғылардың шығарымпаздығындағы бар нәрселердi‚ Ш.Айтматовтың әдеби тәжiрибесiн қайталаумен‚ белгiлi тақырыпты т.б. сан құбылтып қарастырумен ғана шектеледi. Соның нәтижесiнде соны тұрпаты‚ жаңадан көтерген тың тақырыбы‚ ой-пiкiрi бар әдебиет туындай қойған жоқ. Оның есесiне екiншi‚ үшiншi қатардағы‚ бұрыннан бар нәрсенi қайталаған сүреңсiз дүниелер қаптап кеттi. Бiз осы тасқыннан әлi де арыла қойған жоқпыз. Сөйтiп бiздiң халқымыздың 1970-90-ыншы жылдары жүрiп өткен жолы әдебиетiмiзде шынайы түрде көркемделiп‚ әдебиленiп көрiнбей‚ сол кезге тән неше түрлi кiсiнiң типтерi‚ түрлерi өз мiнез-құлқымен‚ әдетiмен‚ iс-әрекетiмен‚ ой-пiкiрiмен көрiне алған жоқ. Бұған келгенде қазақтың қарымды қаламгерлерiнiң өздерi А.Пушкиннiң тауып айтқан: «Мы все учились понемногу чему-нибудь и как нибудь»‚ — дегенiнен аса алмай қалды. Бұлай деп отырғанымның себебi‚ сол кездегi Кеңес заманында болған жаппай оқуға‚ бiлiм алуға құмарлықтың бiзде үстiрттеу сипат алғаны‚ жазушыларымыздың көп нәрседен хабар-ошар дәрежесiндегi информация алумен ғана шектелгенi‚ әсiресе‚ олардың тарихымыздың тереңде жатқан тұстарына үңiлемiз деп‚ шынайы дайындығы болмаса да‚ бұрыннан аты белгiлi бiр-бiр батыр‚ бiр-бiр хандарды басты кейiпкер етiп ап‚ шала‚ шикi кiтаптарды жазып‚ бүгiнгi күннiнiң өзектi мәселелерiн назардан тыс қалдырғаны олардың өз обьектiлерiн үстiрт түрде зертеуiне‚ тiпте дерегi аздау аңыз-әпсанаға сүйенулерiне әкеп соқтырды. Мұны әлгiндей «тарихи» дейтiн ат жамылған шала шығармаларды оқи отырып‚ бiрден көруге де болады. Мәселен‚ М.Әуезов Абай туралы романдарын жазғанда‚ қазақ қауымы 1930-ыншы жылғы қауымдастыру науқанына дейiн онша өзгере қоймаған-ды. Ол қауымға тән ескi институттардың мұрты да шағылмаған болатын. Мiне‚ осы қоғамға 20-сыншы ғасырдың басынан бастап енген жаңалықтар отызыншы жылдары өте тездеп кеттi де‚ қазақ қауымының өзiне тән iшкi дамуының эволюциясы үлкен бiр секiрiске ұшырады. Соған орай қазақтардың жаңа бiр түрi қалыптасты. Мiне‚ осы кезеңдi қазақ әдебиетiнде тек Майлы баласы Бейiмбет қана шынайы көркемдеп көрсете алды. Одан кейiн ұлы соғысты‚ Сталиннiң қуғын-сүргiнiн‚ Хрущевтiң «жылымығы» мен Брежневтiң диктатурасын көрген қазақтардың жаңа бiр түрi қалыптаса бастады. Осы кезде бiздiң шын интеллигенциямыз пайда болды. Олардың көбiсi «орыстанып» кеттi. Ал шынайы қазақтар ауылдарда ғана сақталды. Сол ауылдардан шыққан жазушылар ғана қазақ әдебиетiне жаңа бiр леп әкеле алды. Одан кейiнгi ұрпақ қалаларда қоныстап‚ өздерiнiң ауылдан шыққандарын ұмыта бастап‚ бiр дүбара күй кештi. Бұл Ә.Кекiлбаевтiң «Құс қанаты» атты жинағына енген әңгiме‚ хикаяларында көрiнiс тапты. Содан кейiн Брежневтiң думанға‚ тойға толы заманы «қайта құруға» ұшырап‚ оның ақыры «жабайы» капитализмге кеп соқты. Қасқа қазақтар тағы да өзгерiске ұшырады. Олар кәсiп етiп‚ жан сақтар ештеме де болмағасын‚ үлкен-үлкен қалаларды сағалады‚ сауда жасауды үйрендi‚ соған орай ендi қазақтардың басқа бiр түрi қалыптаса бастады. Бұл‚ ашып айтсақ‚ 20-сыншы ғасырдың басындағы «оян‚ қазақ» деп құдды бiр бүткiл халық ұйықтап жатқандай түрткiлеп‚ мазалап‚ «масса» боп шағып‚ тиышын кетiрген «ағартушылардың» заманын‚ ақ патшаны төңкерген Кеңес билiгiн‚ отырықшыландыру мен қауымдастыру кезеңiн‚ ашаршылық пен репрессияны‚ сосын ұлы соғысты‚ Хрущевтiң бұрынғы қалыптасқан ой-пiкiрдi қайта қопарған дәуiрiн‚ оны Брежневтiң қайтадан қалпына келтiре бастаған кезеңiн‚ Горбачевтiң «қайта құруы» мен бүгiнгi «жабайы» капитализмдi айналасы жүз жылға жетпейтiн уақытта бастан кешiру үш-төрт ұрпақ үшiн өте қатал сын едi. Европа елдерi мұндай жолды үш-төрт ғасырда ғана өтiп шықты! Мiне осындай бiр ғана экономика‚ тұрмыс‚ тiршiлiк жағынан емес‚ үрдiс‚ ар-ұждан‚ мораль‚ дiн‚ жалпы рухани жақтан да адам айтқысыз әлемет апатқа ұшыраған қазақ халқының қаптай соққан қара дауылдан кәрi еменше морт сынып кетпегенiне кiсi таңғалады! Бұл‚ сiрә‚ халық рухының мықтылығын көрсетсе керек! Мiне‚ осындай iштен емес жоғарғы жақтан жасалған «төңкерiстердiң» нәтижесiнде қазақ халқының мiнез-құлқында‚ етер iс-әрекетiнде‚ тұрмыс-тiршiлiгiнде‚ ар-ұят туралы түсiнiгiнде қатты өзгерiс болды. Бұл өзгерiс бiрте-бiрте дамудың нәтижесiнде емес‚ үнемi бiр шошымалы ауруы бар секiрiстiң әсерiнен болып отырды. Соның салдарынан көне қазақ (1930 жылға дейiн)‚ Сталин заманы мен Брежневтiң дәуiрiндегi қазақ және бүгiнгi қазақтың араларына үлкен бiр жарықшақ түстi. Басқаша айтсақ‚ отызыншы‚ елуiншi‚ жептiсiншi жылғы қазақтар мен бүгiнгi қазақтар бiрдей емес. Араларында айырмашылық өте көп. Әдет-ғұрып‚ ой-пiкiр‚ тұрмыс-тiршiлiк‚ т.б. дейтiн жақтарда да өзгешелiк жетерлiк. Осыған орай қазақтардың басқа бiр түрлерi шықты. Мiне‚ осындай үлкен өзгерiстердi анық көрiп‚ сараптап‚ қауымда орын алған ең басты тенденцияларды ұстап ап‚ бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiн қозғаған шынайы әдеби шығармалар бiзде әлi жазылған жоқ. Бұл сөз роман мен хикая жанрларына өте-мөте қатысты. Менiң алпысыншы жылдары дүниеге келген повестердiң кейiнiнен өз жалғасын таба алмады деп отырғаным да сондықтан. Дегенмен осы мәселенi байыбына барып‚ зерттеп‚ көтеруге келгенде шағын жанрда қам-харакет жасаудың‚ қозғалыстың барлығы сезiледi. Мәселен‚ онша сәттi шықпаған «Мешкейдi» жазған Т.Нұрмағамбетов өзiнiң «Шұбырынды елдiң шұсырынды әңгiмесiнде» кешегi Сәбет заманында болып-толып тұрған Тұраптың бүгiнгi дел-сал болған қалпы сөз етiледi. Замана өзгергенмен‚ оның сарынына iлесiп‚ онша өзгере алмаған Тұрап ендi осы кезеңнiң тәртiбiне мойын сұнады — ол өмiрi iстеп көрмеген сауданы кәсiп ете бастайды. Бiр қап күрiш ұяла-ұяла сатып‚ азын-аулақ пұл тапқан оның ендiгi барар өрiсi де‚ ар-ұжданы, т.б. туралы түсiнiгi де мүлдем басқаша болмақ. Мұндай талапты табиғатынан әңгiмешiл (оның романының да хикаяларының да сәтсiз шығуы осыған байланысты‚ — Б.А.). Т.Нұрмағамбетовтiң басқа да қысқа дүниелерiнен кездестiруге болады.

 

Әңгiмешiл Н.Оразовтың шағын дүниелерiнде де осы талап жақсы бiр жағынан көрiнедi. Оның «Ақ тырналардың ұясы» дейтiн әңгiмесiнде ақкеуiл‚ iшкiш Ақмырзаның аяқ астында бәрiн де қойып‚ сопы бола қалғанына жұрттың бәрi таңғалады. Бұған қатын‚ бала-шағасы одан әрмен таңғалады. Олар әрi Ақмырзаның мұнысына қуанады. Ендi жұтай бастаған үй iшiне қайтадан жылы бiр шуақ‚ құт-береке ене бастағандай боп көрiнедi. Әсiресе‚ балалардың қуанышында шек жоқ. Олар бiрде көкесiнiң келер айда алатын ақшасына не сатып алатындарының тiзiмiн жасайды:

 

«Торкөз дәптердiң бiр парағына iрi-iрi әрiптермен былай деп жазады:
 

1. Арысбекке — шибарқыт шалбар (импортный);

2. Тәшкенбайғе — бәтеңке (39 размер);

3. Маған — тәпiшкi‚ (орысшасы‚ — тапочка)‚ көйлек;

4. Задарияға — мәшине;

5. Монтайға да мәшине (екеуiне бiрдей алу керек‚ әйтпесе‚ менiкi жақсы‚ менiкi жақсы деп таласып қалады);

6. Апама…»

 

Осы жерде шешелерi оны келесi айлыққа қалдырыңдар дейдi. Содан бастап үй iшiне жан кiргендей болады. Ақмырза да өзi жұмыс iстейтiн гаражына уақытында барып‚ үйiне уақытында қайтып кеп жүредi. Оны айлық алатын күнi «белсебед» мiнген баласы кеңсе жаққа барып‚ бiр неше рет «шолып» та қайтады. Ақырында… балалардың әлгi әдемi арманының‚ жасаған тiзiмiнiң күл-талқаны шығады. Ағеден Ақмырза тағы да мас! Оның өз үйiне кеп гүрс етiп құлауы‚ одан балаларының шошынуы жаңа ғана үйiнде орнай бастаған құт-берекеттi қашырып жiбередi. Ол шiркiн бiратола қашты ма‚ әлде кейiнiнен қайтып келе ме‚ — о жағы белгiсiз. Жазушының қойып отырған сұрағы да осы. Нұрқожа осы әңгiмесiнде бүгiнгi күннiң ең бiр өзектi мәселесiн бiр ғана Ақмырзаның‚ оның отбасының хал-жағдайы арқылы шынайы суреткерлiкпен көрсете алған.

Мiне‚ аракiдiк көрiнiп қалатын осындай талап кеуiлге бiр жақсы сенiм ұялатады. Ендi жаңа-жаңа басталып келе жатқан осы бiр оң талаптың ауқымын кеңейтiп‚ объект етер өмiр материалдары мен iрi мәселелердi үлкейте алып‚ оларды iрiлендiре қозғап‚ оларға басқа бiр тұрғыдан қараса‚ — қарасөзiмiзге тың да жаңа дүниелердiң келуi әбден мүмкiн. Әрине бұл жерде түйе толғағы басым роман туралы айта қою қиын. Ондай талапты жүзеге асырсам деген «Соңғы парыздың» сәтсiз шыққаны екi бастан белгiлi. Бұл жерде оқушы қауымның талап-тiлегiн‚ тiршiлiкте болып жатқан өзгерiстердi‚ жәйттердi, т.б. тез қармап ұстап ап‚ оларды қағаз бетiне тездете көркемдеп‚ әдебилеп түсiре алатын шағын жанр ғана. Ол жөнiнде кезiнде В.Белинский: «Мы люди деловые‚ мы беспрестанно суетимся‚ хлопочем‚ мы дорожим временем‚ нам некогда читать больших и длинных книг — словом‚ нам нужна повесть. Жизнь наша‚ современная‚ слишком разнообразна‚ многосложна‚ дробна… повесть ловит их и заключает в свои тесные рамки. Ее форма может вместить в себе все‚ что хотите»‚ — деп жазған-ды. Шынында да‚ кәзiр бiзге де күн сайын тез-тез өзгерiске ұшырап жатқан‚ жаңалығы жетерлiк тiршiлiгiмiздiң ең басты тенденцияларын тап басып ұстау алу үшiн… шағын жанр — хикая‚ повесть қажет! Оның өз ауқымының‚ пормасының тар екендiгiне қарамастан мына ала-құла‚ әр түрлi оқиғаға толы заманның түр-тұлғасын бейнелеуге келгенде мүмкiндiгi өте зор. Мұны өз заманында Майлы баласы Бейiмбет өз топырағымызда дәлелдеп те берген-дi. Ендi сол үрдiстi бiздiң жазушыларымыз әрi қарай жалғастырып‚ бүгiнгi кескiн-келбетi алуан түрлi кезеңнiң ең өзектi мәселелерiн көре бiлiп‚ оларды бүгiнгi күнгi қазақтардың жан дүниесiнен‚ тағдыр-талайынан өткiзе алса‚ ашып айтқанда‚ осы кезгi қауымға тән кейiпкерлердiң жеке басында болып жатқан жәйттермен етене қабыстырып‚ жалқыдан жалпыға қарай өрiстетiп‚ үлкен бiр тұжырымдар жасай бiлсе‚ шағын да жампоз жанрдың жүгiн жеңiлейтпесе‚ онда қазақ қарасөзiнде тың тұрпатты‚ бұрын-соңды бiзде кездеспеген «ескi де жаңаң‚ шынайы көркемделген хикаялардың ат iзiн салуы мүмкiн.

 

Iләйiм соған жазғай.

 

2003 жылғы декабрьдiң 1-i.

3 106 қаралды