Бас бет » 1960-70 жылдар, Әңгімелері

Алғашқы сабақ

— Тұр тез. Үшкiлге баратын уағын болып қалды, — дедi ұйықтап жатқан Толашты  шешесi иығынан жұлқылап. Ол кеше көпке дейiн ойнап, кеш жатқан едi. Ендi ол басын көтерiп, екi қолымен көзiн уақалап жiберiп, орнынан жыламсырай тұрды. Сосын бетi-қолын жуып, айранға нан турап жедi де, шешесi тiгiп берген шүберек сөмкесiн мойнына асып, үйден шықты.

Толаштар баратын мектеп “Сотый” разъездiнен үш-төрт шақырым жерде орналасқан “Қазалы” қой совхозының орталығында едi. Ол жетi жылдық мектеп. Ол мектеп ашылғанша мұның туған апасы Жансұлу Байқожа станциясындағы бастауыш мектепке қатынап оқыған едi. Содан кейiн совхозда жетiжылдық мектеп ашылғасын, разъездiң балалары соған баратын болды. Ендi Толаш ауылдың бiр баласына ерiп, алғаш рет мектепке келе жатыр.

— Әй, дәптерiң мен әлiппеңдi ұмытқан жоқсың ба? — дедi Жансұлу мұны қолынан ұстап жетектеп келе жатып.

— Өзiм жүрем, қолымды жiбер, — дедi Толаш бұлқынып. Сосын қолын босатып алғасын барып: — Бәрiн де алдым, — дедi.

Толаш жаңа шығып келе жатқан күн сәулесiнен көзiн қысып, май топырақты жаңадан сатып алып берген бәтеңкесiмен кешiп келе жатты. Ол осыдан бiр жылдай бұрын әрiптердi танып та, жазып та үлгерген едi. Бiр күнi Жансұлудың оқулығын алып, оның бетiнде жыбырлаған таңбаларға қарап, кенеттен қағазға қарындашпен солардың сұлбаларын сыза бастады. Соны көрген Жансұлу осы жайында шешесiне айтты. Шешесi әкесiне айтты. Сол екен, әкесi бұған әлiппе, дәптер, қарындаш сатып әкеп бердi. Толаш содан бастап әрiптердi танып, оқып, жазып-сызып үйрене бастады. Ендi сонысын жалғастыру үшiн мектепке келе жатыр.

Совхоздың орталығындағы жетiжылдық мектеп ұзыннан ұзақ салынған тәпелтек барак сияқты екен. Ол қам керпiштен салыныпты. Мектеп директоры Тойымбетов деген толық денелi, қасқа бас кiсi жиналған балаларды “п” әрпi сияқты етiп сапқа тұрғызып, өзi ортаға шығып, жаңа оқу жылымен құттықтады да, бiрiншi класқа келгендердi аралап, ұл балалардың бастарынан сипап шықты. Оның неге үйткенiн Толаш түсiнбедi, мұның түсiнiгiнше, ұл баланы әкесi ғана басынан сипайтын. Ендi директордың бұларға әке болғаны ма? Оның iшi жылып сала бердi.

Содан соң балалар шуылдасып, бiрiн бiрi итермелеп, бiрiне бiрi жол бермей, апырлап-жапырлап, кластарға кiре бастады. Толаш солардың орта шенiнен кiрдi. Бұл кезде балалар қара парталарға отырып та алыпты. Парта жетiспегендiктен, балалар үшеуден отыр. Толаш Қиятбаев Жақсылықтың қасына отырды. Ол жырқылдақ, күлегеш, батық мұрынды бала. Ешкiмдi жатсынбайды. Мұның соның қасына отырғаны жақсы болды.

Аздан кейiн iшке мұғалiм кiрдi. Толаш оны бiрден тани кеттi: ол анада Қазалыдан бiр шаруасымен келе жатқанында, “Сотыйдан” пойыздан түсiп, бұлардың үйiне кеп, қонақ боп кеткен едi. Оны әкесi бұған  туысқанымыз, аты Әлиасқар деген-дi. Ендi соны көрiп, неге екенi белгiсiз, Толаш iшiнен қуанды.

Әиласқар шашы бұйра, толықша келген, бетiнде бұжыры бар кiсi едi. Ол iшке кiрiп, балаларға:

— Орындарыңнан тұрыңдар! — дедi.

Бәрi жапырлап, орындарына тұрды. Толаш та тұрды. Ендi Әлиасқар бұлардың бәрiне жағалай қарап шығып:

— Ендi мұғалiм iшке кiргенде, барлығың орындарыңнан тұрасыңдар. Бұл сендердiң ұстаздарыңмен сәлемдескендерiң болады. Түсiнектi ме? — деп сұрады.

— Түсiнектi! — дедi балалар шуласып.

— Ендеше отырыңдар, — дедi Әлиасқар. Ол сосын парталардың арасымен жүрiп кеп, балаларды ретiне қарай отырғыза бастады. Кiшкентай кластың iшiнде бес-алты парта ғана бар едi. Оқушылардың саны оннан асады. Бұлар үш-үштен отырып, парталарға шаққа дегенде сыйысты.

Шамалыдан соң сабақ басталып кеттi. Әлиасқар ағай төрде iлулi тұрған қара тақтаға қорды алып, әлiппенi өте бастады. Ол алдымен “А” деген әрiптi жазып, бұларға қарап:

— Мынау “А” деген әрiп болады, — дедi.

Сол арада Толаш шыдамай:

— Ағай, мен оны бiлем. Одан кейiн “Б” деген әрiп келедi, — деп қалды.

Әлиасқар таңданған түрмен бұған қарап:

— Оны қайдан бiлесiң? — дедi.

— Оны маған апам үйреттi,— дедi Толаш кеудесiн мақтаныш кернеп.

— Әлiппенi бiлетiн басқа қайсыларың бар?— деп сұрады ағай.

Ешкiм үндемедi. Қасында отырған Жақсылық мұны шынтағымен түртiп, ақырын ғана:

— Мақтаншақ, — деп қалды.

Бұл шыдамай:

— Өзiң мақтаншақ, — дедi де, Жақсылықты сол қолының шынтағымен нұқып жiбердi.

— Сен мақтаншақ, — деп, Жақсылық мұны шынтағымен тағы да нұқыды.

— Өз-з-зiң! — Бұл оны итерiп жiбердi.

Партаның шетiнде отырған Жақсылық су сеуiп, сыпырып қойған жер еденге құлап түстi. Оның қолына ұстаған дәптерi мен қаламы ұшып кетiп, жерге түсiп, сәл былғанып қалды. Сол кезде ағай кеп, Жақсылықты орнынан тұрғызып:

— Оқушылар бiр бiрiн мазақтамайды, ұрыспайды, тату болады, — дедi де, оны орнына отырғызды.

Толаш аузын бұртитып, Жақсылыққа қарады. Ол да аузын бұртитып, бұған бiр қырын отырды. Аздан кейiн алғашқы әрiптердi өте бастағанда, екеуi де ауыздарын бұртитқандарын ұмытып, ағайдың көмектесуiмен, дәптерлерге алғашқы әрiптердiң сұлбасын жазуға тырысты. Жақсылықтың қолы икемге келмей, жазған “А”-сы сына сияқты боп шықты.  Толаш сол арада өзiнiң жаза бiлетiндiгiн көрсеткiсi кеп, әрiптердi бiрiнен соң бiрiн жаза бастады. Оған ағайы таңдана қарады. Соны көрген Толаштың кеудесiн қуаныш кернедi. Сосын ол жанында отырған Жақсылықты шынтағымен бүйiрiнен нұқып қойды. Бұл жолы ол, неге екенi белгiсiз, мұны шынтағымен нұқымай, басын бiр жағына қисайтып ап, сия қаламды тiлiмен жалап, “А” әрпiн жазуға тырыса бердi.

Сабақ бiттi. Балалар қозлақша шулап, бiр бiрлерiн қуалап, бiр бiрлерiн шүберек сөмкелерiмен ұрып, разъездге қайтты.

1960

2 564 қаралды