Бас бет » Әңгімелері, 1991-2008 жылдар

Түрiк тiлi

Сәбет үкiметi тараса да, университетте баяғы партия жиналысының үрдiсi бiразға дейiн қалмай қойды. Әсiресе, еңкiштеу келген ұзын бойлы, ат жақты, қара сұр проректор Жолдыбаев қанын

iшiне тартып ап, апта сайын жиналыс жасауға құмар-ақ. Оны кафедра меңгерушiсi ұзынтұра, өмiрi бойына қырым ет жұқпайтын, шала есiлген арқандай бойы былғаң-былғаң етiп жүретiн Дәудібаев қолдай кетедi. Оның себебi бар. Ол — проректордың жерлесi. Оған қоса университеттi шаққа бiтiрген оған кандидаттығы мен докторлығын қорғатқан да, елден бұрын профессор атағын алып берген де Жолдыбаев. Ал бұл болса әлi доценттiктiң маңынан ұзай алмай жүр. Мұның докторлық тақырыбы да құдай атқан тақырып: “Күллi түркi тiлдерiнiң өзара ұқсастығы мен айырмашылығы”. Бұл оны алғашқыда алғысы келмеп едi, сол кездегi қазақ тiлi кафедрасының меңгерушiсi, жалпақ бас жалаң сары Жүнiсбаев: “Алсаң, осы. Басқа тақырып жоқ. Мен деген тыбая, мыбаяны бiлмейiм”, — деп, екi алақанын жайып отырып алды. Бұ да Жолдыбаевтың жақыны. Оған қарсы шыққан кiсi оңбайды. О да Жолдыбаев сықылды, өзi өмiрi көрмеген Орхон-Енисей жазбаларынан докторлығын баяғыда қорғап алған. Бұл бiрде қызығып, оның диссертациясын әр жер-әр жерiнен шолып көрiп едi, Томсен мен Маловтан өңiн өзгертiп көшiрiп алыпты. Алтай Аманжоловтан алғандары да жетерлiк. Ол жайында ауыз ашуға болмайды. Қылт етсең, Дәудібаев партия жиналысына салып, көкеңдi көзiңе көрсетедi. Соны бiлетiн Далбай қолын бiр сiлтедi. Бiрақ ол жиналысқа қолын сiлтей алмайды. Бүгiн де кафедраның жиналысы бар екен, ол студенттерге кезектi сабағын берiп болғасын, оған амалсыздан қатысты. Сырт кiреуке. Алматының аспанын тұмшалаған қара бұлттан амалсыздан түсiп жатқанын бiлдiргiсi келгендей суық тамшылар үлкен терезенiң әйнегiн айғыздап тастапты. Мұндай кезде жиналыс емес, үйде, пеш түбiнде отырғаның жақсы-ақ.
Бүгiнгi жиналыс бұрынғыдан бөлекше басталды. Дәудібаев бiр орнында тұра алмай, екi аяғына кезек-кезек мiнiп, боз-боқыр даусымен түркология туралы айтып өттi. Сөзiнiң соңында ол:
— Жолдастар, түркi халықтарының бiр болуы керек. Сол үшiн бiр бiрiмiздiң тiлiмiздi үйренбесек болмайды. Ертеңнен бастап кафедра жанынан түрiк тiлiн үйрететiн курс ашқалы отырмыз. Оған Түркиядан келген эфенди… — дей берiп, ол жаңылысып қап, сырықтай бойы иiлiп, құлағын әлгi эфендiге тосты.
Ол жасы қырықтарды қусырып қалған, бойы ортадан сәл биiк, қызыл қоңыр беттi, қанша қырса да сақалының қалың екендiгi көрiнiп тұрған кiсi екен. Түрiнен оның не түрiк, не қазақ екендiгi байқалмайды. Ол Дәудібаевтың өзiне қарай иiлгенiнен қымсынғандай, қызыл қоңыр бетi күреңiте түсiп:
— Эфенди Рафиқ, — дедi дыбырлап. Бағанадан берi маңызданып, шiренiп отырған адамның тез сөйлегенi өзiне жараспайды екен.
— Иә, эфенди Рафиқ бiзге сонау Ыстамбұлдан келiп отыр. Өзi қазақша бiледi. Курсты ұйымдастырып жатқан университеттiң партия ұйымы, — дей бердi де, Дәудібаев қысылып қап, тез жөнделiп, — осы Сәбет заманы да, — деп, кейiстiк бiлдiрдi. — Курсты ұйымдастырып жатқан — ректорат, соның iшiнде көрнектi түркологымыз Жолдыбаев мырза…
Далбайдың құлағы шыңылдағандай болды. “Қайдағы мырза? Кеше ғана отыз тиынның кефирi мен бiр бөлке нанды жеп, күнелткен қу емес пе?” — деп ойлап, ол қысқа етiп қырыққан, тiкiрейген шашын бiр сипап қойды.
— Сонымен, — деген Дәудібаевтың ажарсыз даусы бұған алыстан естiлгендей болды. — Түрiк тiлiн үйренемiз. Ол тiлшi жолдастарға өте-мөте керек. Әрине, әзiрге оқулық тапшы. Бiр қыбын табу керек…
“Сен қыбын табасың”, — дедi де, Далбай қасында отырған кiсiлерге қарады. Олар үн-түнсiз. Әшейiнде жиналыс сайын тепсiнiп, “Сәкентану курсын ашу қажет” деп сайрай жөнелетiн теке көз шал да басын төмен салып жiберген. Бейiмбеттi айналдырғанына ширек ғасыр өтсе де ештеме өндiрмеген қасқа бас, жалпақ шалдың да ауыз ашатын түрi жоқ. Оның бер жағында отырған бiр iшек Жетпiсбайдың жағдайы белгiлi — ол бастық не десе, оның сөзiнiң ақырын күтпестен, алдына түсiп ап, томпаңдай жөнеледi. Қалған қыз-келiншектердiң iшiнде бас көтерерi жоқ. Далбай жұрттың көзiнiң бiрiнен бiрiне сырғанап кеп, өзiне қадалғанын сезiп, ыңғайсызданып, неге екенi белгiсiз, сыртқа қарады. Шаң-шаң терезенi айғыздаған тамшылар төмен қарай құлдилап барады. Амал жоқ, мұның сөйлеуiне тура келдi:
— Бiр кездерi өзiмiздiң Сыр бойынан кеткен, 4 ғасыр бойы Османлы императорлығын құрған елдiң тiлiн, сөз жоқ, үйренуге мiндеттiмiз, — дедi бұл даусын көтере сөйлеп. Өзi iшiнен өтiрiк айтып отырғанына сәл-пәл қысылып қалды. Бiрақ бүйтпесе, ертең мұның сөзiнiң бiр үтiрi өзгерместен проректор Жолдыбаевтың алдында жататындығын бiлiп, қақырынып қойды. — Үйренемiз…
Қарсы шыққан ешкiм бола қойған жоқ. Жиналыстан соң Жетпiсбай iшiне айран салып жүретiн портфелiн ашып жатып:
— Дәке, қырықтан асқанда тiл үйренесiз бе, — деп, күңк ете қалды. — Былай… өзi… мыйға қона қояр ма екен?
Шынында да, оның айтқаны айдай келдi. Бiр аптадан кейiн курс басталып, бұлар латын әрпiне үйрене алмай, дыбыстарды шатастырып ала бердi. “Б”-ға үйренiп қалған көз қанша ескертсе де, “В”-ны “Б” деп айта алмай, ескi қалпына тарта бередi. Ақыры оған да дағдыланған болды. Бұлардың ендi бiр қиналғаны “ч”, “дж”, “ш” дыбыстарының түрiкше жазылуы едi. Олар әлгi үш дыбысты “С” және “S” деген таңбалардың асты-үстiне қосымша белгi қойып, қиындатып жазады екен. Оларды бұлар жаңылыстырып ала бередi. Бiрде Қанипаш дейтiн ашаң жүздi, әдемiшелеу келген келiншек:
— Құдай-ай, бұлар да әрiптiң асты-үстiне таңба басуға құмар екен, — деп қынжылды.
Бұлар соны қалжақ етiп, бiраз күлiстi. Эфенди Рафиқ та күлдi. Бiрақ өзiнiң қанша дегенмен Ыстамбұлдан келгендiгiн ескерiп, бұлармен онша iшек-қарны араласа қоймады. Оған қарап жатқан бұлар жоқ, сабақтың арасында сұрақты бытыраша жаудырады:
— Бұрынғы сұлтанның ұрпақтары бар ма?
— Араб әрпiнен латынға қалай көштiңiздер?
— Ата Түрiктi Македонияда туылған дейдi ғой. Онысы қалай?
Эфенди Рафиқ жауап берген болады. Бiрде бұл:
— Әзиз Несиннiң түрiкше кiтаптары бар ма? — деп едi, оның қабағынан тез арада түрi өзгерiп сала берiп:
— Ол… ол коммунист қой, — деп, құдды Әзiрейiлдi көргендей, артық аяқ баспай қойды.
Далбай таңғалды. “Оның мұнысы несi? Сонда коммунист адам емес пе? Бiз де кезiнде КПСС-қа мүше болдық қой. Мына Дәудібаев Сәбет заманында қып-қызыл коммунист белсендi боп, жұртты қырып жiбере жаздады. Ендi ол өзiн демократпын деп айғайлап жүр. Бұл адам дегендi қойсайшы”, — деп, iшiнен ойлап, алдында жатқан дәптерiне үңiлдi.
Демалыс күнi ол қолы бос боп, ет сатып алайын деп базарға барды. Бұл тұратын шағын ауданда орналасқан базардың iш жағындағы бiр дүкенде Шәкир мен Рафиқа деген ерлi-зайыпты, месхеттiк түрiктер ет сататын едi. Бұл бiрақ олардың түрiкше ашық сөйлескенiн көрген емес. Екеуi де қазақшаға судай. Далбай олардан ет алып тұрып:
— Түрiкше үйрене бастадық. Сiздердiң тiлдерiңiз бен олардың тiлдерi… қалай? — деп сұрап едi, қиық мұртты, тапалдау келген Шәкiр:
— Өй, ағай, үйренiп кәйтесiз? Бiзге қарағанда олардың тiлдерi бұзылып кеткен. Кейде түсiнбей қаламыз, — дедi қолын сiлтеп.
— Сонда қалай?
— Олардың араласпаған жұрты жоқ, қан былығып кеткен…
— Былыққаны несi?
— Ау, кiм көрiнгеннен қатын ала берсе, былықпай кәйтедi? — дедi сол арада орақ мұрынды, сопақ басты, ашаңдау келген Рафиқа сөзге араласып.
Шәкiр оның сөзге араласқанын жақтырмай қалды, Далбай сырттай бұларды өте қызғаншақ халық, әйелдерiн басқа ер адамдармен сөйлестiрмейдi, егерде сөйлесiп тұрғандарын көрсе, тiлге келмей, бiрден пышақтап тастайды деп еститiн. Кәзiрде де соны растағандай, Шәкiрдiң жүзi күреңiте бастады. Соны сезген Рафиқа бұған көзiн салмастан, төмен қараған қалпы, дүкеннiң iш жағына қарай кеттi. Далбай ендi Шәкiрден бiрдеңе сұрағанды қолайсыз көрiп, сыртқа шыға бердi.
Үйге келгесiн, ол конспект жазған дәптерiне қайтадан үңiлдi. Эфенди Рафиқтың түсiндiргенi бойынша жазғандарынан жарытып ештеме де түсiнбедi. Ол француздардың әдiсi деп, тiлдiң ережесiн әр жерге шашып, қысқаша текстердi оқытып, сөздердi жаттатып, бұларды шатастырып бiттi. Сабақ өткiзуiнде жүйе жоқ. Далбай: “Шамасы, басында да жүйелi ойлау жоқ болар. Бiздi бүйтiп… бала көрiп, үйретiп… Онан да сөз таптарын мынау-мынау деп түсiндiрмей ме? Етiстiктiң жiктелуiн, жасалуын қолмен қойғандай етiп айтпай ма?” — деп, iштей наразы боп отырды да, бiр кезде осыдан он шақты жыл бұрын “Академкнига” дүкенiнен сатып алған бiр кiтап есiне сарт етiп түсе кеттi. Ол Тверитинова деген түркологтың “Екiншi Селимнiң кануннамелерi” деген мұқабасы жұқа боп шыққан кiтабы едi. Далбай дереу кабинеттiң бiр қабырғасын алып тұрған кiтаптарын ақтарып, Тверитинованың шығарғанын шаққа дегенде тауып алды. Оның шаңын сүртiп, бетiн ашып қарады. Орыс түркологының алғысөзi орысша және түрiкше қатар берiлген екен. Далбай кезiнде осы екi нұсқаны салыстырып оқып, фонетикасын белгiлеп, кейбiр ескертулерiн жазған да едi. Бiрақ соны кейiнiнен ұмытып қалыпты. Ендi соған қайтадан көз салып отырып, ол бiр жерде Екiншi Селим халифаның: “Күнә жасаған еркектiң екi жұмыртқасын сылып тастау керек”, — дегенiн ұшыратты. Бұл өз көзiне өзi сенбегендей жаңағы жолдарды қайтадан оқыды. Бәрi дәл! Сонда осы канун орындала қалса, бүгiнгiлерден кiмдер аман-есен қалар екен деген бiр ой басына шауып, кенет күлiп жiбердi. Оның көз алдына сопақ бас, қозы қарын, бауырсақ мұрынды проректор Жолдыбаев, одан кейiн сүйектерiнiң буындарында қосылатын жерлерiн тарамыспен тiгiп, бiр бiрiне қоса салған сықылды Дәудібаев көлбеңдеп келдi. Келдi де, күлiп жiбердi. “Қой, оларды… сылитындай не бар екен?” — деп, бiр шайтан түртiп, үнсiз шиқылдады. Сосын көзiнен аққан жасты орамалымен сүртiп жатып, кiтаптың келесi бетiне көз салып едi, “Ойнашка инанан аврат ерсиз қалыр” деп, латыншалап жазылған сөйлемдi көрдi. Оның, неге екенi белгiсiз, орысша тәржiмесi берiлмептi. Оларды аударайын десе, түрiкше-орысша сөздiгi жоқ. “Бұ не болды екен?” — дей ойлап, Далбай әлгi сөздердi орыстың әрiптерiмен кiшкене қағазға ұқыппен көшiрiп жазды. Ертеңiне сабақ кезiнде Рафиқ эфендиге көрсетем деп, әлгi қағаз есiнен шығып кетiптi. Содан ол бiр апта бойы қалтасында мыж-мыжы шыққанша жүрдi. Қас қылғанда, сол екi арада Рафиқ эфенди бiр шаруасы шығып, Түркияға кетiп қалды. Мойындары босаған бұлар ол келем дегенше бар бiлгендерiн ұмытып та үлгердi. Бұларды Дәудібаев та онша қыса қоймады. Сол екi арада бiр белсендi академик: “Латын жазуы — бiздiң төл жазуымыз. Отызыншы жылдары соған араб әлiппесiнен көшкенбiз. Содан Сәбет үкiметi қырықыншы жылы бiздi кириллицаға зорлап көшiрдi. Ендi соны жөндеп, латынға қайтадан көшкенiмiз мақұл”, — деп, газет-жорналдарда көлдей мақала жазып, телеайнада сөйлеп, үкiмет басшыларына барып, бiр шуды бастап та жiберген едi. Оған тақырбас Жүнiсбаев қосылды. Ол екеуi жақында Түркияға барып, бiр айдай қыдырып, қалталарын толтырып келiптi деп жұрт өсектеп жүрген-дi. Осыны ұйымдастырушы Рафиқ эфендi екен, ол тағы да латынға көшу жайымен Ыстамбұлға кетiптi деп, мұғалiмдер гу-гу. Мұның басы дал. “Мына жазуға үйренiп қап ек. Ендi латынға көшсек, оны ел қалай үйренедi? Сауатсыз қалмаймыз ба? Кириллицамен басылып шыққан кiтаптарымызды тағы да латыншалап басамыз ба? О деген қыруар қаржы ғой! — деп, мұның қараптан-қарап берекесi қашты. — Түркiлер бiр болайық дейдi. Кешегi Сәбет заманында жазуымыз бiр болмап па едi? Сонда, басқасын айтпағанда, мына өзбек пен түркмендердiң баспасөзiн түпнұсқада Жолдасабаев пен Дәудібаев оқып көрiп пе едi? Бәрi де өтiрiк қой!” — деп, iштей ашынды. Ендi бiрде ол: “Жарайды, бiз көшейiк. Ал мына Ресейдегi түркiлер сонда кәйтпек? — деп, отырды да, кенет: — Ау, осы кириллицамен жазатын түркiлер көп емес пе? Қазақ, өзбек, түркмен, әзiрбайжан, ноғай, қарақалпақ… Олардың барлығын әуреге салғанша, Османлы түрiктерi неге кириллицаға көше салмайды? Бұ саясат дегендi қой…” — деп, басына бiр ой түсiп, iркiлiп қалды. Сосын: “Өзiмiздiң месхеттiк түрiктер қалай оқиды екен?” — деп ойлады. Сол екен, есiне Шәкир мен Рафиқа түстi. Жаңағы сөйлем жазылған қағазды тауып ап, ет дүкенiне барды. Онда кiсi көп екен. Бұл жұрттың көзiнше сұрап жатуға ыңғайсызданып, адам аяғы азаяр ма деп, базарда бiраз жүрдi. Бiрақ жұрттың азаятын түрi көрiнбедi. Сосын бұл ыңғайсызданып, үйiне кетiп қалды.
Ертеңiне жұмыстан соң дүкенге соғып едi, прилавканың әр жағында Рафиқа жаңғыз тұр екен. Бұл оған күле қарап:
— Өткенде түрiк тiлiн үйренiп жатырмын деп едiм ғой, — дедi қысылып.
— Е, үйренiңiз. Ол қазақшадан онша қашық емес, — дедi Рафиқа көзiн төмен салып.
— Сiзден сұрайын дегенiм, бiр сөз… — Далбай қалтасына қолын салып, қағазды таба алмады. Олай iздедi, былай iздедi, — жоқ.
— О не сөз? — дедi Рафиқа кенет бұған күле қарап. Күлгенде оның ұзыншалау келген дөңес мұрны өзiне қатты жарасады екен.
— Өй, бiр… Екiншi Селим халифаның айтқаны едi… Қап, ұмытып қалғанымды қарашы… Жазып алған қағазым үйде қалып қойыпты…
— Өй, ағай, сiз де қызықсыз… О не сөз екен соншалық есте тұрмайтындай? — Рафиқа жымиды.
— Жәй бiрдеңе. Мағынасын түсiнбегесiн… сұрайын деп ем…
— Оқытып жатқан кiсiден сұрамадыңыз ба?
— Ол Ыстамбұлға кетiп қалған. Айтпақшы, сiздер түрiкше оқисыздар ма? Оқулық бар ма?
— Қайдағы? Бiздер орысша оқыдық.
— Ә, солай ма? Онда… сiздер де орыстанған екенсiздер ғой?
— Айтпаңыз, ағай. Бiзде де орыстан әйел алып жатқандар жетерлiк. — Рафиқа қолындағы ет кесетiн ұзын пышақтың жүзiмен төрт бұрышты ағашты шауып жiберетiндей тықылдатып ұрып қойды. — Мен ағай… хирургпын. Мединститутты бiтiргем…
— Сонда қалай… дүкенде… ет сатып…
— Жұмыс жоқ. Бiздердi поликлиникадан қысқартып жiбердi. Сосын… амал жоқтықтан сатушы боп жүрмiн.
— Шәкiр не iстейдi?
— Әй, оны қойыңыз! О да бiр, — деп, Рафиқа бар дүниеден түңiлгендей, қолындағы пышағымен тағы да ағаш кеспелтектi ұрғылап қойды.
Далбай iшiнен: “Жараспай жүр екен ғой. Мұндай нәрсе бұларда да бар екен-ау” — деп ойлап, онымен қоштасып, сыртқа шықты. Үй жағына қайтып келе жатып, универсамның сырт жағындағы қалың ағаштың арасында тұрған екеуге көзi ерiксiз түстi. Қараса, Шәкiр бiр толықтау келген орыс әйелiн құшақтап тұр екен. Ол мұны көрдi де, қолын тартып ап, терiс айналып кеттi. Далбай оны ұялтпайын деп, ол жаққа қарамастан, iлгерi жүре бердi. Үйiне келе жатып: “Рафиқа, шамасы, мынаны… бiлетiн болды-ау! Сонда бұлардың мұсылманшылығы қайда?” — деп ойлап қойды.
Сол күнi ол баяғы сөйлемдi қайтадан көшiрiп, қалтасына салып алды. Ертеңiне сабақтан соң, ет сататын дүкенге барды. Бiр-екi кiсi болмаса, басқа адам жоқ екен. Шәкiр көрiнбейдi. Рафиқа қолына сиырдың бiр қара етiн ұстап тұр. Түрi жабырқаңқы. Бұл оған жақын кеп, қалтасынан қағазын ап:
— Ойнашка инанан аврат ерсиз қалыр(*), — деп оқыды.
— Өй, ағай, ұятсыз екенсiз ғой! Мә, саған ойнас! — деп, Рафиқа кенет шарт ете қап, қолындағы етiн мұның бетiне былш еткiздi…
Далбай сол күннен бастап түрiк тiлiн үйренудi қойды.

 

(*) Түрiкше, “ойнасқа сенген байсыз қалады”, — Б.А.

1992 жыл

2 964 қаралды