Бас бет » 1971-90 жылдар, Әңгімелері

Көзiлдiрiктi көкмылжың

Көшенiң бұрылысында кiсi әдетте машинадан қорқады ғой. Адамның адамнан қорыққанын мен бiрiншi рет көрдiм. Қорыққанда бар ғой, зәрем зәр түбiне кеттi. Үлкен көшенiң қиылысына жете бергенiм сол едi, ескi бiр танысым менi басымен бұқаша сүзе жаздап барып тоқтады. Дереу жалт қарады да, қысылғанынан сөлеккет күлiмсiреп:
— Салаумаликүм, — дедi.
— Молда бол, — дедiм мен кекетiп. — Өзiң кiсiнi сүзесiң бе қалай? Бұқырайып алып…
— Ойбай, үйтпеске лажым қалмай тұр. Бiр көзiлдiрiктi көкмылжың…
— Е, оның бұған не қатысы бар?
— Қатысы болғанда, соның болсын. Оның көзiлдiрiгiн есiме алсам болды, көшеде келе жатып, адам түгел, анау бар ғой… — Ол жалтақтап қарап қойды, — ана дәу машиналарыңды сүзiп тастағым келедi.
— Астапыралла! — дедiм мен жағамды ұстап.
— Тiпте… кейде танктарды да сүзiп тастайтындаймын.
— Ау, үйтердей соншама не болды?
— Ойбай, бала, ояғын сұрама. — Ол сыбырлай сөйледi. — О деген бiр пәле. Жер-жаһандағы сыбысты естидi. Байқамасаң, қиын. Өзi бiздiң роддомға… тойыс, перзентханаға… тура ана… — Ол саусағымен төбенi көрсеттi, — тура ана жоғарының бұйрығымен… жақында ғана бастық боп келдi. Келгенi бар болсын, шақшадай басымызды шарадай қылып бiттi.
— Е, неге?
— Ойбай, оның негесi жоқ. Ол күнде жұма сайын кешкi сағат беске жиылыс шақырады да қояды. Амал жоқ, бастық айтқасын, барамыз. Аздан кейiн бәрiмiз де ертерек үйге жетсек, майда-шұйда шаруамызды бiтiрсек деп қылпылдап бiтемiз. Ол болса, алтын жалатқан көзiлдiрiгiн киiп ап, қалың-қалың томдарды ашып, бiзге, жолдастар, жаңа идея жетiспейдi, философияның қалың қыртысын жете бiлмейсiңдер, дейдi де, салақұлаш цитаттарды оқып бередi. Алғашқыда бiр-екi жиналыстан соң өзi-ақ шаршар, жағы талар дегенбiз. Жоқ, оның жағы шыныққан спортшыдай ширақ екен. Бiр минут тыным таппайды-ау, тыным таппайды! Бiр күнi тағы да, жолдастар, бiзге пәлсәпа жетiспейдi, деп арлап келе жаты едi, қасқа басым, қайдан түлен түрткенiн бiлмейiм, орнымнан атып тұрып: «Басеке, сiз осы қайда келiп отырғаныңызды бiлесiз бе?» — демесiм бар ма? Ол сүзетiн өгiзше маған көзiнiң астымен алара қарап тұрып: «Бұ не деген сауатсыз сұрақ? Пәләспә бүкiл ғылым атаулының атасы емес пе? Оның керек емес жерi бар ма?» — дедi. «Ендi… ол дұрыс қой. Бiрақ», — деп мен мәймөңкелей бастадым. «Не бiрақ?» — дедi ол бел ала берiп. Бел ала бастағаннан-ақ көзiм оның екi кiсiнiң құшағы жетпес белiне түсiп, тұла бойымды қышыма қаптап кеткендей болды. Ол әлгi айтқанын тағы да қайтралап: «Не бiрақ?!» — дедi ендi менi тапап өтер танктай түнерiп. Қанша дегенмен соғыс жайлы киноны көп көргеннiң бiреуi емеспiн бе, дереу окопқа бұққанадй боп, граната дайындағандай ғып, бiр сөздi бүйiрiме тыға қойдым. Сосын: «Бiрағы сол… бұл өзi әйелдер босанатын жер ғой. Оған пәлсәпәның не қатысы бар?» — дедiм. «Қатысы сол, — дедi ол қолын көсемше алға қарай сермеп, — қатысы, сол, жолдастар, сiздер өмiрге жаңа заманның жаңа жаманын… кешiрiңiздер, жаңа адамын келтiрiп жатырсыздар. Олардың болашақта қоғамның саналы азаматы болуы мына сiздерге байланыстың. «Ойбай-ау, оны бұл жерде сана түгел, тiлi шықпай жатып, ата-анасы алып кетпей ме?» — дедiм мен басекеңнiң сөзiн бөлiп. «Сана түгел деген не сөз? Сiздiң бұл кiмдi менсiнбей отырғаныңыз, а? Сонда Сәбет адамы, оның баласы санасыз боп туа ма? Пәлсәпә болмыс пен сананың ара қатынасын зерттейдi», — деп, ал бiр кетсiн! Құрсын, айтары жоқ, атам заманда сүйектерi қурап қалған Сократ пен Аристотельдi көрлерiнде бiр-екi рет аунатып ап, Кант пен Гегельдiң құлақтарын шулатып, бiздiң заманға бiр сағаттың ояқ-бұяғында әрең дегенде жақындады. Бұ кезде сағат кешкi алты болып қалған да едi. Соны көрiп, жұрт қобырлай бастағасын, ол аларып: «Жолдастар, сабыр етiңiздер! Пәлсәпә кiсiнi сабырға баулиды. Егер сiздердiң әрқайсыларыңыз жаңа туған нәрестенiң құлағына бiр-бiр идеяны құйсаңыздар, өмiрге терiсi бүрiсiп-тырысқан, тоғышар, идеясыз бәтшағарлар келмес едi. Мұның қандай әлеуметтiк маңызы барын бiлесiздер ме?» — дедi. «Бiлмеймiз», — дедiм мен қырсығып. Шаршап отырған әйелдер жағы: «Өй, бiлгенде, окны бiз бiлейiк, — деп, шулап қоя бердi. — Сағат алты болды, үйге барам дегенше дүкен жабылып қалады». «Жо-о-қ, дүкен деген сағат тоғызға дейiн iстейдi», — дедi бастық елiрiп. «Дұрыс, — дедiм мен айқайлап. — Бiлмеймiз. Оны бiзге дұрыстап, егжей-тегжейлi түсiндiрмесеңiз, әйелдердi босандыра алмаймыз». «Мiне, дұрыс сөз. Сөз түзелдi, тыңдаушым сен де түзел деп кiм айтқан осы, а?» — деп, ол бәрiмiзге жағалай қарап шықты да, әрi қарай шырқай жөнелдi. Бұ жолы да бiраз әруақ қозғалды. Қозғалғаны сонша, менiң табан астымдағы қара жер былай… қозғалақтап қалғандай болды. Сүйтсем, жер десем, қозғалған өзiм екенмiн… тойыст, өзiм болғанда, аздап қалғып кеткен екенмiн. Дереу басымды белең алған атша шұлғып-шұлғып жiберiп, орнымнан түргеле сап, қолымды шапалақтадым. Сосын селт етiп жан-жағыма қарасам, — жұрттың бәрi ұйықтап жатыр! Өзiм бiр түрлi боп ұялып, орныма отыра бердiм. Бастық маған «персонально» шүйiлдi: «Сiз өзiңiз ескi стильдiң кiсiсi екенсiз ғой. Мынауыңыз қолпаш қой, жағымпаздық қой! Бұл — тоқырау кезеңiнiң белгiсi! Бiзге удай ащы сын керек! Мұның мәнiсi», — деп алып, ол тағы да құралайдың желiнше аңырай жөнелдi. Бұ жолы қайта құру жайын, өй, бiр жырлады-ай кеп! Құдды «Қарасай-Қазидың тыңдап отырғандай ырза болдым. Сол арада көмекшi әйел iшке жүгiрiп кiрдi. Сонда барып бағана бiр әйелдi әлсiн-әлсiн толғақ қысып жатқаны есiме сарт етiп түсе кеттi! Құдай тас төбемнен қос қолдап ұрған шығар деп едiм, сестра жүзi жадырап: «Сiз абыржымаңыз, басекеңнiң аяғы құтты екен, әйел… аман-есен босанды! Ұл тапты!» — дедi әңгiрлеп. Қуанғанымнан қолымды тағы да шапалақтап жiберiппiн. Басекең де қолын сартылдатып: «Ура! Өмiрге жаш нәресте келдi! Ауғанстанда интернациональдық борышын өтеп келетiн солдат келдi! — деп айқайлап, ұйқылы-ояу жұрттың бәрiн аяғынан тiк тұрғызды. Сосын: — Мiне, жолдастар, пәлсәпаның пайдасы осы! Бiз ойланып отырып, ол әйелдiң бақырғанын естiген жоқпыз. Ал оны естiсек, не болар едiк? Сөз жоқ, бәрiмiз де нервничать еткен болар едiк. Ал ол деген кiсiнiң денсаушылығына үлкен зиян!» — дедi. Сол арада қартаң бiр акушер кiсi шыдамай: «Басеке, сағат жетi болды ғой! Қайтайық», — дедi. Бастық ыржиып: «Жетi болғаны рас! Сол үшін сiздер маған рахмет айтуға тиiссiздер», — дедi. Мен шыдамай: «Ау, неге?» — дедiм. Бастық сөзге көсем екен, менен айылын да жимастан тайпала жөнелдi: «Ол былай! Сiздер осы «Адам боп кiресiң, ит болып шығасың» деген мақалды есiттiңiздер ме? Есiтпесеңiздер, есiтiңiздер. Ол деген —Алматының автобусы! Жаңа сiздер сағат алтыда шықсаңыздар, не болатын едiңiздер? Сөз жоқ, автобусқа мiне алмай, мiнсең, түсе алмай, жүйкелерiңiз жидiген терiше тырысып, үйлерiңiзге ит болып, өлiп-талып жететiн едiңiздер. Оның өскелең жас ұрпаққа тигiзетiн зияны шаш-етектен. Сiздер бара сала, балаларыңызды қойдай бөрiктiретiн едiңiздер. Әйелдер жағы күйеулерiнiң екi аяқтарын екi қолымен қосып, бiр етiкке тығатын едi. Мұның соңы — ажырасу, алимент деген сөз! Кәзiр бiздiң елiмiзде ажырасудың көбейiп кеткенi отырғаны, жолдастар, жұмыстан дәл сағат алтыда шыққандықтан! Егерде жұрт жұмыстан сағат жетiде шықса, ешқандай да ажырасу болмас едi. Бұл бiр. Екiншiден, сiздер алтыда емес, жетiде шықсаңыздар, автобуста адам жоқ болады! Бiр өзiң бiр автобуста таксиге мiнгендей боп шалқайып барасың! Мiне маған сiздердiң алғыс айтатын жерлерiңiз осы! Ал, жақсы!» — дедi де, өзi марқа қозыдай тоқ портфелiн құшақтап, сыртқа шыға бердi.
Бiз де өрттен қашқандай тысқа қарай лап қойдық. Басекең қайқиған қара машинасына мiндi де, үйiне қарай зырғып бердi. Бiз қасқа болсақ, автобус тоқтайтын жерде екi көзiмiз төрт болып әлi тұрмыз. Автобустан автобус жоқ. Содан әрезалдалап сағат онда үйге де жеттiм-ау! Жеткенiм бар болсын, iшке кiре бергенiмде, бұ заманның әйелi айғыр емес пе, куәлiгiне мөр басылған ақ некелi ақ жарым: «Е, келдiң бе ана нақсүйерлерiңмен жырқылдасып? Түн ортасына дейiн қанша қатынды босандырып, жоспарды қанша процентке орындарың, а?» — деп, жағамнан алды. «Жоспары нес, жиналыс болды», — дедiм мен шеке тамырым тырысып. «Бiлемiз ненiң жиналысы екенiн. Әлде жиылып… былай… жүз елулетiп…» «Ойбай, ол қайда? Ол болса, аянатындай жағдайым…» «Е, сен өзiң маскүнемдiкке қарсы қаулыға қарсы екенсiң ғой. Бiлдiк», — дедi әйелiм ақ сазандай сазарып. Көксоққанның бiр ағасы сол жақта қызмет iстеушi едi, көз алдым бу басқан шыныдай тұманданып сала бердi. «Қой, мен былай… ойнап», — дедiм. «Мен саған ойнағанды көрсетем, — деп, ол қолына қалам-қағаз алды. — Кәне, қайда болдың, қайда жүрдiң,— жаның барында, бiрiн қалдырмай түсiнiктеме жаз! Болымасаң, табаныңды жалтырат!» — Ол қып-қызыл тырнағы сорайып өсiп кеткен саусағымен есiк жақты нұсқады. Оның саусағының ұзындығы сондай, баяғыда мектепте жағрафия сабағында картадан жер шарын көрсететiн таяқшадай екен! Амал жоқ, сауықтыру бөлмесiнде, қызылжағаның қарсы алдында отырғандай боп, саусақтарым безгек буғандай дiрiлдеп, түсiнiктеменi мөңiретiп кеп жаздым! Әйелiм оны алып, темiр сейфке салып қойды.
Келесi аптада бастық көзiне басқа көзiлдiрiк киiп келiптi. Бұ жолғы шабыс Тайбурылдың шабысынан зор болды. Сол күнi сағат сегiз дегенде сең соққан балықтай боп шықтық.
Үйге келгесiн тағы да түсiнiктеме жаздым. Әйелiм аларып, оны тағы да темiр сейфiне салып қойды.
Одан кейiнгi аптада бастық екi көзiлдiрiктi қосақтап киiп келiптi. Оның бiрiн киiп, бiрiн шешiп, шығандай шапты! Қозғалмаған әруақ, шуламаған құлақ қалмады! Ол күнi сағат тоғыз дегенде тәлтiректеп шықтық.
Үйге келгесiн, соңғы сөгiс алып, ол соңғы ескертумен қоса есеп кiтапшама жазылып, ақырғы рет түсiнiктеме жаздым. Әйелiм оны тағы да темiр сейфке салып, құлыптап боп, ендi бiттi дегендей мөр басып, аузын тiлдей қағазбен желiмдеп тастады.
Ендiгi апта жақындаған сайын жұрт бастықтың үшіншi көзiлдiрiк киiп жүргенiн байқап қалды. Баяғы қартаңдау акушер кiсi менi оңаша шығарып ап: «Бала, ендi он екiсiз шықпайтын шығармыз», — дедi. «Е, неге?» — дедiм жорта бiмеген боп. «Соны да бiлмейсiң бе? Бар пәле оның ана көзiлдiрiгiнде». «Сонда қалай?» — дедiм мен түкке де түсiнбей. «Оның еш қалайы жоқ. Бастықтың көзi көзiлдiрiксiз әрiп көруден қалады. Сосын… ол өзi қалың-қалың томға үңiлем деп, былай… — Ол сұқ саусағымен оң шекесiн қара жерден мұнайды тесiп жатқандай боп, бұрап-бұрап жiбердi. — Ендi түсiндiң бе? Оның пәлсәпасын тыңдай-тыңдай, бiз де сондай боламыз». «Ендi… не iстеу керек?» «Мiне, сөз! «Не iстеу керекң деп бiз түгел, ана Чернышевский де айтқан. Менiше, оны… былай… берi жүр»,— деп, ол менi басқа палатаға алып барды. Онда қызметтес қыз-жiгiт, қатын-қалаш толып отыр екен. Қартаң акушер оларға көзiн қысты да: «Қыз дайын болса, бiз дайын», — дедi мақалдап. Сол арада: «Әп-бәрекелде!» «Мiне, жiгiт!» «Халық үшін жан пида!» — деп, барлығы бөрi тигендей боп шулап қоя бердi. «Е, немене бұл?» — дедiм мен аң-таң қалып. «Ол былай, — дедi акушер кiсi. — Кәзiр бiзде демократия. Бiрақ бiр кiсi көпшiлiкке бағынады. Демократиялық централизм дегенiмiз нақ осы. Қазақша айтқанда, «қырық кiсi бiр жақ, қыңыр кiсi бiр жақ». Сен бiрақ қыңыр кiсi емессiң, қырық кiсiнiң арасындасың. Сол себептi саған коллектив зор сенiм артып, қоғамдық аса маңызы бар жүк артқалы отыр». «О қандай жүк?» «Әй, ол дегенiң саған дым да емес. Мәселе былай. Басекең мына қалпымен төртiншi көзiлдiрiк киетiн болса, бәрiмiз де қатын, бала-шағадар айрыламыз. Оның соңын өзiң бiлесiң ғой… моральдық жақтан азып-тозу, қызметтен қуалу… Соны болдырмас үшін… Ана Мысырдың патшасы Садатты да тапсырмамен атып өлтiрген жоқ па? Бұл деген оның қасында бит сыққанмен бiрдей». «Сонда… маған бастықтың ат дейсiз бе?» «Жоға, — дедi кәрi акушер ыржалақтап. — Сен мылтық ұстай алатын болсаң, келiнге түсiнiктеме жазасың ба? Атудың түкке де керегi жоқ. Сен оның… ана бар ғой… көзiлдiрiгiн… былай…» «Жарайды, былай… етейiн… Сонда… одан не өнедi?» «Өнетiнi сол… ол цитатты оқи алмай қалады. Демек, жиналыс болмайды. Осындай үлкен шаруаны iстей алады деп мына халқыңның қатты сенiп отырған қаһарманы бiр ғана өзiңсiң!» Сол арада, бiрiнiң аузына бiрi түкiрiп қойған ба: «Иә, солай, қарағым!» «Коллективтiң сенiмiн ақтау керек!» «Кейiн тарихта атың қалады!» — деп, жұрттың бәрi шулап қоя бердi. Амал жоқ, қоғамнан жырылып қайда барасың, жылай-жылай келiстiм.
Ақыры жұма да болды. Кешкiсiн жұма намазға жиналғандай, бiз де тобырымызбен кабинетке келiп отырдық. Бастық та бiздi сағынып отыр екен, дереу жиналысты бастап жiберiп, жуандығы екi қарыс келетiн қара томға үңiле бергенiнде, кәрi акушер бүйiрiмдi бұрап-бұрап үзiп алды. Жаным көзiме көрiнгендей болды. Жан-жаққа қарасам, бүкiл қатын-қалаш пулеметтiң аузын кеудесiмен жабатын батырды, атап айтқанда, жаңа Матросовты көретiндей боп, маған көздерi жәудiрей қарап қалған екен. Соны көрiп, олардан көзiмдi тайдырып әкетсем, бастықтың аузынан сөз деген пулеметтiң оғындай боп атқылай шығып жатыр екен! Сол мезетте оның аузы маған пулеметтiң аузындай боп көрiнiп кеттi! Тұла бойым түршiгiп, «Бәрiмiз бiрiмiз үшін!» деген ұранды iшiмнен иманымдай қайталап, ұран тастап, орнымнан тұра кеп ұмтылдым! Ұмтылғанда бар ғой, саусағымды айыр сықылды тарбитып ап, бас салдым! Бастық шошып қап, басын белең алған атша кегжең еткiзгенде, көзiлдiрiгi жерге ұшып түсiп, быт-шыты шықты! «Айтылған сөз атылған оқпен теңң деген рас па, өтiрiк пе,— оны кiм бiлiптi, ал ұмтылған саусақ атылған оқтан да бетер екен. Мен қолымды iлгерi ұсынып бара жатып, саусағымды керi қайыра алмай қалдым. Құдай ұрғанда, сол күнi тырнағым сояудай боп өсiп кеткен едi, — тура ананың екi көзiне… жоға, қабағына барып кiрш ете қалды! Бастық сол арада iстiк тыққандай шыңғырып жiбердi. Мен ыржиып, оған: «Басеке, бақырмаңыз, пәлсәпә сабырға үйретедi», — дедiм. «Өй, сабырыңның көрiн…» — деп, ол маған тұра ұмтылды. Мен сасқанымнан сыртқа тұра қаштым. Қалған жұрт та апыр-топыр болды да қалды. Содан, зытып отырып үйiме келсем, әйелiм мәре-сәре: «Құдайдың мұнысына да шүкiршiлiк, бақан сындырайық, бүгiн түсiнiктеме жазбайтын болдың», — дедi. Мен: «Бүйткенше, сол түсiнiктемеңнiң өзi-ақ жақсы едi», — дедiм күйiп кетiп. «Е, не болды сонша?» «Болғаны сол…» — дей берiп ем, қара телефон от басқан мысықша шар-шар ете қалды. Әйелiм телефонды менен бұрын тыңдады да, трубканы маған атып жiберердей боп ұсынды. Тыңдасам,— әйел даусы!? «Сiзге мың да бiр рахмет!» — дейдi бейтаныс бiр әйел күйеуi спортлотодан машина ұтып алғандай қуана сампылдап. «Не үшін?» — дедiм мен дымға да түсiнбей. «Менiң сорпақбайымның көзi iстен қалды. Жаңа врачтар оны кiтапқа ендi үңiлмеңiз дедi. Сiз дұрыс жасаған екенсiз. Ол бiздiң де миымызды атала қылып болып едi». «Тоқтаңыз. Сiз осы… кiмсiз, а?» — дедiм мен әйелiмнiң алдында ақ екенiмдi көрсеткiм кеп. Әйелiм маған жұдырығын түйiп: «Мынаның танымай қалғанын қарай гөр», — дедi де, темiр сейфтiң аузын аша бастады. «Мен… бастығыңыздың әйелiмiн. Ол деген… басқаны қойғанда… түнде төсекте жатқанда… Ұлы сөзде ұяттық жоқ деген, ана шаруаның үстінде де маған цитат оқып бередi… Содан кейiн шаруа не оңсын? Дұрыстап та жүктi бола алмай… кесарево сечение жасап…» Ал керек болса! Мен не дерiмдi бiлмей, трубканы орнына қойдым. Сол мезетте айлы түнде талай рет жапырақ санасқан «аяулы жан-жарым» кеп жағамнан алды: «Ол кiм?» — дедi ол кiжiнiп. «Бастықтың әйелiң», — дедiм мен тынысым тарыла түсiп. «Бiлемiз, бастықтың әйелiн! Жоқ, сен шыныңды айт! Жаңағы сөздерiң бiр түрлi жұмбақ қой! Бұл шифрланған, шартты сөздер, пароль ғой! Тура ана Штирлицтiң сөзiндей! Кәне, соны, жаның барында, шешiп бер!» «Үстiмдегi жаңғыз тонымды шешiп бер десең, шешiп берейiн. Ал мынаны шешiп бере алмаймын». «Ендеше… оны мен шешем». Соның соңы… бүгiн шешiлмек.
Мен оған қотыр ешкiнi көргендей шошына қарап:
— Сосын не болмақ? — дедiм.
— Не болушы едi? Сотқа бара жатырмын. Көзiлдiрiктi көкмылжың ендi сот залында бiр сайрамақшы! Ол ендi цитатты қойып, қазақтың мақал-мәтелiне көшiптi. Мiне, соған асығып бара жатқан бетiм осы. Сенi… сүзе жаздап алғаным да содан. — Ол жан-жағына кiжiне қарап қойды. — Кәзiр бар ғой… көшеде көзiлдiрiктi бiреу-мiреудi көрсем болды, оның көзiлдiрiгiн талқандап, екi көзiн ойып алғым кеп тұрады!
Мен бағанадан берi көзiлдiрiк киiп тұрған едiм. Дереу иманым қара таяқтай боп, оған бiлдiрместен, көзiлдiрiгiмдi қалтама тыға салдым. Ендi азырақ сөйлессем, көкмылжыңның кебiн киермiн деп, жылмия күлiп, қақтан жерiген аттай басымды шұлғи-шұлғи зыта жөнелдiм.
Содан берi көзiлдiрiк кимеймiн.

 

09.04.1988 жыл

2 670 қаралды