Бас бет » 1971-90 жылдар, Әңгімелері

Анатомия оқулығы

— Бiз мұны баса алмаймыз, — дедi сопақ бас, қатқан қара сұр өңдi редактор Тiней қалың қолжазбаны Бөлегенге қайтып берiп жатып.
— Неге?
— Негесi, сол сiз… ендi былай, мәселенi жақсы бiлесiз, ол қолжазбадан көрiнiп тұр. Бiрақ бұған мамандардың берген пiкiрлерi онша болмай тұр.
—Ау, мен де сол маманның бiрiмiн. Мединститутта анатомиядан сабақ бергенiме он бес жылдан асып кеттi.
— Мәселе онда емес, — дедi қарасұр редактор Тiней қабағын шытып.
— Ендi неде?
— Недесi сол, мына ғылым докторы Зәлiмхан Сейсенбеков жеке кiсiнiң анатомияның оқулығын жазуына болмайды дейдi. Оны бүткiл институт жазуға тиiс дейдi. Сосын өзiңiз iстейтiн институттың ректоры Үшбаев та қолжазбаға терiс пiкiр бiлдiрiп отыр.
— Олардың пiкiрлерiмен таныспын. Мен былай… ауылдан қазақша оқып келген, орысша бiлмейтiн балаларға көмек болсын деп жазып едiм. Оның үстiне кәзiр медицинада латын тiлiнен енген терминдер көп. Оларды аударып, мағынасын түсiнбесең, қиын. Сол себептi…
— О қандай себеп? — дедi Тiней шарасынан сәл шыға жаздап, быттиыңқырап тұрған көзiн бұған қадап.
— Оның себебi сол… адам ағзаларының атаулары қазақ тiлiнде де бар. Оларды солайша атасақ…
— Ол ендi… болмайды ғой, — дедi Тiней тiкiрейiп. — Кәзiр терминком бекiткен нұсқа бар. Онда латын тiлiне тиiсуге болмайды делiнген. Егер латынша терминдердi қазақшаласақ, басқа елдердiң дәрiгерлерiмен қалай түсiнiсе аласыз? Ол деген…
— Басқа елдердiң емшiлерiмен түсiнсу үшiн кем дегенде ағылшын не орыс тiлiн бiлу керек. Онсыз…
— Сiз ендi кешiрiңiз. Мынаны жеке кiтап қып шығара алмаймыз, деп Тiней тiкiрейген қалпы қалың қолжазбаны бұған қарай ысырды.
Бөлеген оның түрiне қарап тұрып, iшiнен: “Мынаны қайда көрдiм?” — деп ойлады. Сосын оған жақтырмай қарап:
— Жарайды, баспасаңыз баспаңыздар. Кәзiр заман сiздердiкi боп тұр ғой. Мынаның күндердiң күнiнде кiтап шығатынына сенем, — дедi де, ол қолжазбаны алып, портфелiне салды. Сосын бөлмеден шығып бара жатып, Тiнейге қарап: — Сiз кешiрiңiз, — дедi. — Анатомдардың адамның басының формасын үшке бөледi. Сопақ, жалпақ, орташа деп…
— Оның маған не қажетi бар?
— Қажетi сол, сiздiң басыңыз сопақ екен.
— Со-о-о-пақ?
— Иә, сопақ. Оның бiр кемшiлiгi, мұндай бастағы мидың екiншi жарты шарына қан онша бара қоймайды. Сондықтан ондай мый дұрыс iстей бермейдi. Сосын ойлау жүйесi солақ болады…
Бөлеген оның жауабын күтпестен, сыртқа шығып, кабинеттiң есiгiн тарс еткiзiп жапты да, “Қазақстан” баспасы орналасқан үшiншi қабаттан баспалдақпен жүгiргендей боп төменге түстi. Ол өткен жолы кеп осы баспаның бас редакторы iлмиген қара, сопақ бас, кiснi қыжыртып сөйлеп, содан өзi рахаттанып тұрғанадй сөлекет күлiмсiрейтiн Ермақанға кiрiп, кiтабын алдағы бiр жылдардың жоспарына енгiзу жайлы айтқан едi, көкшiл ернiнiң бiр езуiне фильтрлi сигареттi шошайта салып ап, қара қошқыл түтiндi мұрнының кiшкене екi тесiгiнен бұрқыратып шығарып, бұған қысық көзiн сығырайта қарап қойып отырған оның көгiс жүзiне қарап: “Мынау да оңдырмас”, — деп ойлаған едi. Ендi сонысының расқа шыққанын көрiп, бiраз жылдан берi түнде көз шырымын алмай, машинканы тоқылдатып отырып жазған “Анатомия. Адам ағзалары туралы” деген кiтабын көтерiп, сыртқа шықты. Бұл кезде март айы өтiп, апрельдiң алғашқы күндерi басталып та кеткен едi. Жердiң өз жолымен айналып кеп, Күнге жақындағанын сездiргендей бұл кезде ауа райы жылынып сала берген болатын. Түс болып қалғандықтан, күннiң жылы сәулесi қиғаштай түсiп, қаланың жел соқпайтын, қамашау ортасын қапырықтандырып та жiберген екен. Бөлеген ауыр портфелiн көтерiп, көшенiң арғы бетiне шығып, үйiне баратын автобусқа кеп мiндi. Жолда бiр орындықта отырып келе жатып, өзiне тоқ қарынын тақап, бiр қолымен жоғарыдағы пластмасса тұрбадан ұстап тұрған, сұр плащты, iсiк қабақ, қоңқақ мұрын бiр кiсiге көз салып қойды. Ол, тамақты таңдамай iше беретiн болса керек, қарыны салбырап, плащының төменгi жағын керiп тұр. Бұған керiсiнше, оның екi аяғы жiп-жiңiшке. Бөлеген соған тағы да көз салып қойып, адам денесiнiң бiр бiрiмен үйлесiмдiлiгi, соны кiсiлердiң дұрыс тамақтанбай, қимылдамай, ағзаларды жұмыс iстетпей, қолдан бұзатындығы, соның нәтижесiнде буын-буынға тұз тұрып қалатындығы, ертең-еқ қырықтан асқасын кiсiлердiң о жер, бұ жерiн ұстап, ауырып-сырқап, химия ғылымының жетiстiгi нәтижесiнде қолдан жасалған таблетка мен ұнтақ түрiндегi улы дәрiлердi уыстап iше беретiндiгi жайында ойлап ойды. Оның аяғының неге апарып соғатынын әлi ешкiм де болжап болған емес. Өзiнен бiр-екi курс төмен оқыған, кәзiр поликлиникада терапевт боп iстейтiн әйелi, жалпақ беттi, бидай өңдi, құдай құдiреттi қолымен зорлап әкеп қоса салғандай кеудесi мен бөксесi бiр бiрiне үйлеспейтiн, аздап қотанаяқтанып жүретiн, институтты орташа бiтiрген Зернегүл де ол жайында айтқан мұның сөзiн құлағына да қыстырмайды. Кәзiргi емшiлердiң бәрi химияның жетiстiгiне аузын ашып, көзiн жұмады. Олар, қанша дегенмен де, қолдан жасалған дәрi-дәрмектiң табиғи еместiгiн естерiне де алмайды. Бөлеген ана бiр жылы кандидаттық еңбегiн ғылыми кеңеске бекiттiрем деп, әуреленiп жүргенде, бiр керегi болып қалар деп, жоғары курста оқыған фармакологияны қайталап, бiраз оқыған едi. Сонда мұның көзi жеткенi — табиғи өсiмдiктер жасалған дәрiлердiң адам денесiне зиянсыздығы едi. Бiрақ олар таблеткаларға қарағанда, әлсiздеу боп келедi. Олардан пайда болсын десең, адамның ауру жағадан алғанда ғана асып-саспай, алдын ала күтiнуi қажет. Бiрақ оны, басқа түгел, мұның өзi де кейде ұмытып кете бередi.
Автобус бұрылғанда, семiз кiсi мұны қарнымен итерiп жiберетiндей боп, бүткiл тұлғасымен еңсерiле қисайды. Бөлеген амалсыз, оның әрi қарай итердi:
— Абайласаңызшы…
— Өй, мен дейсiң бе, мынау аптабоз ғой. Өзi қалай-қалай жүредi? — дедi семiз кiсi барқ етiп.
Бөлеген үндемедi. Сол арада оның тырсиып тұрған қарынына қарап отырып, мына кiсiнi ауқаттанған кезiнде қанты мен крахмалы көп тамақтың қаншасын жейдi екен, деп ойлады. Олар түгелдей қорытылмай, ащы iшекке барғанда, гликогенге айналып, қанға шығып, май боп жинала бередi. Содан кейiн оны кетiре алмайсың. Егерде мына кiсi сондай тағамды аздау жесе, өзiн өзi күтiп ұстаса, мынадай болмас едi. Мұның бәрi, айналып келгенде, адамдардың өз ағзаларының құрылысы мен олардың қызметтерiн бiлмегендiгiнен шығып жатыр. Бөлеген осыны, әсiресе, ауылдан келген жастардың латыншаға келгенде қиналып, оқи алмайтынын ойлап, адам ағзалары туралы кiтап жазуды көптен берi ойлап жүрген-дi. Оның үстiне ғылыми кеңес мұның кандидаттық диссертациясының тақырыбын бекiтпей қойды. Шындығына келгенде, Гиппократ, Гален, Әбу Әли ибн Сина заманынан бермен барынша зерттелген адам ағзалары мен олардың қызметтерi туралы жаңа бiрдеме аша қою қиын да едi. Адам да, басқа да, жан-жануарлар сияқты әу баста жаратылған қалпынан әлi өзгерген жоқ. Сонда бұл не жайында жазады? Осыны ойлағанда, Бөлеген институтты бiтiрген жылы емшiлiкпен айналыспай, анатомия кафедрасында ассисент боп қалғанына өкiнгендей болған-ды. Бiрақ алғашқы кезде ақ халатын шағаладай шақырайта киiп ап, өзiне аузын аша таңғалып қарап тұрған, мектеп қабырғасынан кеше ғана шыққан ұл-қыздарға бiлгiшсiнiп лекция оқығанына мәз болып кеттi. Содан осы пәндi екi семестр бойы оқытып, студенттерден емтихан ап, баға қойып отырғанына, олардың тағдырларының дәл кәзiр өз қолында екендiгiне iштей ырза болды. Сүйтiп жүрiп жиырма шақты жылдың зу етiп өте шыққанын да аңдамай қалды.
— Кәзiр қай астанопкi, а? — дедi семiз кiсi қасында тұрған iлмиген сары орысқа бұрылып.
— Сiзге қай остановка керек едi?
— Ең соңғы.
— Оған әлi ерте.
Олардың сөздерiне ерiсiз құлақ түрген Бөлеген: “Мен соңғы остановкаға жетпей түсем ғой. Сонда мына кiсi… менен әрiрек жерде тұра ма?” — деп ойлап қойды. Сосын алдына алып, тiзесiне қойған портфелiн құшақтап, оны бiреу алып кететiндей көрiп, қысып ұстады. Сол екен, мұның қолына портфельдiң iшiндегi қысылған қағаздың аздап сықырлағаны естiлгендей болды. Бөлеген соны естiп, өзiнiң өмiрiнде үлкен бiр еңбектi бiтiргенiн аңдап, аздап масаттанып қойды. Шындығына келгенде, ол бұл кiтабын жақын арада жаза қоям деп ойламаған да едi. Бiрде “Академкiтап” деген дүкенге барғанында, Американың жазушысы Айзек Азимовтiң анатомия туралы жазған ктiтабын сатып ап, түнiмен бас алмай оқып шыққан болатын. Соның әсерiмен ертеңiне бұл болашақ кiтаптың құрылысын белгiлеп, олардың бөлiм-бөлiмге бөлiп, қағазға түсiрiп көрдi. Содан көп өтпей алғашқы тарауларды жаза бастады. Алғашқыда ауызша күнде сайрап жүрген бұған анатомияны жазып шығу оп-оңай боп көрiнген едi, ендi машинкаға отырып, оның клавиатурасын тықылдатып баса бастағанда, қолайлы сөз келе қоймай, ойы шашырап, жазуы өнбей қойды. Оған келе-кле басытққандай болды. Сонда мұны қинағаны — адам ағзаларының қазақша атаулары болатын. Бөлеген соларды iздеп, талай-талай анықтамаларды ақтарды, бiрақ анатомия жайында қазақша жазылған бiр де бiр кiтап болмай шықты. Баспадан бар-жоғы хирург Естөре Оразақовтың қарапайым тiлмен жазылған, қарадүрсiндеу бiрнеше кiтабы жарық көрiптi. Соларды оқып отырып, бұл iшiнен: “Неге қазақша оқулықтар жоқ, а?” — деп қойған-ды. Аздан соң сол еңбегiне өзi қалайша қызу кiрiсiп кеткенiн байқамай да қалған едi. Соны бiр-екi жылда жазып бiтiргесiн, жерлес бiр журналист кiсiге оқытып, кейбiр жерлерiн түзетiп алғасын, машинкаға үш дана етiп бастырып, оның екi данасын “Қазақстан” баспасына апарып тапсырған болатын. Содан берi үш-төрт жыл өттi. Баспа қолжазбаны бiресе мединститутқа, бiресе Академияға жiберiп, олардың пiкiрлерiн алдырып, әбден созбалап бақты. Соның аяғы мынадай. Соны ойлап, Бөлеген аздап қынжыла күлiмсiреп қойды. Бұл кезде адамға толы автобустың iшiнде ащы тер аралас бiр қоңырсық ауа тынысты тарылтып та жiберген едi. Бөлеген соны жұтып отырып, адам неге оттегiнi жұтпай, өмiр сүре алмайды, деп қойды. Егер ондай болмаса ше… Жо-о-оқ, ол мүмкiн емес қой. Бiрақ адам өзiнiң қандай ауамен тыныс алып жүргенi жайында ойлай да бермейдi. Оның оларға керегi де жоқ. Мына кiсiлердiң бар бiлетiнi — iшiп-жеу, киiну, нәпсiге салыну. Оларға басқа дүние қапылып қалса да бәрi бiр. Олар содан қашан ауырып, тығырыққа тiрелгенiнше еш ойланбайды. Сонда бұ не, а? Бөлеген сол арада өзiнiң кiтабында айтылған кейбiр жәйттердi еске алды. Шындығына келгенде, адамның дене құрылысын бiлу мына автобустың құрылысын бiлумен пара пар ғана. Бiрақ жақсы шопырға немесе механикке бұл аздық етедi, олар машинаның қалай жүретiнiн, бензиндi қанша жұмсайтынын, жалпы жай-күйiн бiлуге тиiс. Онсыз машина тез тозып қалады. Адамның тәнi де сондай. Бiрақ, дедi iшiнен ол сол арада аздап қыбыжықтап қойып, анатомия да бастапқы нәрсе емес пе? Бар болғаны адамның он екi мүшесiн бiлдiм деп, соны мамандығым деп есептеп, кiсiнiң бүткiл өмiрiн босқа өткiзгенiнiң несi жөн? Емдеу iлiмiнiң негiзгi мақсаты — аурудың алдын алу, мүмкiндiгiнше оны болдырмау, ол бола қалған жағдайда, оны емдеу емес пе? Бұл сонда емдеу iлiмнiң ең бас жағында тұр ғой?! Одан әрi неге тереңдемеген? Осы iлiмдi жақсылып бiлiп алғасын, әрi қарай бiр саланың басын ұстауы керек емес пе? Сала? Кәзiр емшiлер құдды адам ағзалары бiр бiрiне байланыссыз, жеке-дара тұрғандай көрiп, құлақ, мұрын, алқымды бiр бөлек, көздi бiр бөлек, iштi бiр бөлек емдейтiн болып жүр. Ал бұл өмiрден алшақтау. Демек, мұның жазған кiтабы да бiр жақты, тек қана адам денесiнiң құрылысы туралы болып шыққан. Онда ол ағзалардың қалай қозғалатыны, олардың қалай жетiлетiнi, қалай тiршiлiк ететiнi, қалай сырқаттанатыны жайында бiр де бiр сөз жоқ. Ендеше мұнда кемшiлiк көп. Мұның адамды тұтастай алып, ағзаларды бiр бiрiмен байланыстырып, жан-жақты сөз етуi керек едi. Сол дер кезiнде ойныа келмептi. Оның үстiне Мәскеуден шығатын кiтаптарды жазатындар — белгiлi бiр кiсiлер. Олар оқулықты жазуға басқаларды жолатпайды. Шынында, бұ қалай? Бөлеген сол арада ерiксiз қолының қалай маңдайына барып қалғанын байқамай да қалды: “Ойпырмай, маған терiс пiкiр бiлдiрiп жатқандар — сол халықтың балалары ғой. Олар оқулықтың қазақша шыққанына шошына қарайды. Өйткенi қазақша бiлмейтiн олар… жейтұғын нанынан айрылып қалады. Сол себептi де…” — деп, Бөлеген бiр шындыққа көзi жеткендей, осы ойдың басына бұрын неге түспегенiне таңғалып, аз отырды да, кенет… бағанағы Тiней есiне сап етiп түсе қалды! Ол бұдан бұрын денсаулық сақтау министрлiгiнде администратор боп қызмет iстеген! Мәссаған?! Ендi бәрi белгiлi болды.
— Неме-е-е-не? — дедi семiз кiсі даусының қалай шығып кеткенiн байқамаған бұған одырая қарап.
— Жәй әшейiн. — Бөлеген сол арада өзi түсетiн жерге жақындап қалғанын бiр-ақ көрдi. — Ой, келiп қаппын ғой. Кәне, былай тұрыңызшы… өтiп кетейiн… — деп, ол орнынан тұра сап, адамдарды кие жара есiкке қарай беттедi.
Ол автобустан түскенде қара тер боп, тынысы тарылып, демiн алып, бiраз тұрды. Сосын портфелiн көтерiп үйiне келсе, әйелi абыр-сабыр боп жүр екен. Бұл таңғалды:
— Немене, бiреу-мiреу келдi ме?
— Жоға.
— Ендеше мынау немене? — Бөлеген көзiмен жасаулы тұрған үстелдi көрсеттi.
— Ау, сен өзiң… қызықсың ба? Бүгiн қырықққа толмайсың ба? Сосын…
— А-а, солай екен ғой, — деп, Бөлеген сол арада өзiнiң бүгiн қырықты толтыратынын есiне алды. Сосын: “Ақырғы аялдамаға дейiн әлi бiраз бар. Соған да шүкiршiлiк. Ендi асықпаса болмайды”, — деп қойды.
Аздан кейiн оның үйiне қызметтес жiгiттер мен әйелдер келе бастады. Қызық, дырду, той-думан керек олар себеп табылғанына қуанып, ақ жарқын сөйлесiп, дуылдасып жатыр. Олар аздап тартып алғасын:
— Қынжылма, кiтапты әлi-ақ шығарасың!
— Тек денсаушылық болсын де!
— Бәрi әлi де алда! — десiп жатыр.
Сол арада Бөлеген iшiнен: “Қайдағы алда? Кеше бiздiң шалдар да сүйдеген. Ақыры алдағыны көре алмай, олар да кете барған. Сонда бiздiкi бұ не өзiңдi өзiң алдап, а? Мына тiршiлiкке, шындыққа неге расын рас деп қарай алмаймыз?” — деп ойлап қойып, құттықтап жатқандарға өтiрiк күлiмсiреп, бiлдiрмей: “Мыналар қашан кетер екен?” — деп, сабыр сақтап отыра бердi.
Түн ортасы ауғасын, қонақтар тарады. Бөлеген балконға шығып, дуылдасып кетiп бара жатқан олардың соңдарынан селқостана қарады. Неге екенi белгiсiз, олармен бiрге ең қымбат уақытының бiр бөлшегi кетiп бара жатқандай боп, аздап қоңылтақсып қалды. Сосын кеудесiн кере бiр-екi рет дем алып, өкпесiне оттегіні толтырып алғаннан кейiн, iшке кiрiп, салқын сумен бетi-қолын жуып, кабинетiне барды; үстелiнiң жанындағы орындыққа отырып, орысша шыққан қалың оқулықты алдына жайды. Содан соң көз алдына өзiнiң болашақта жазатын қазақша оқулығы дәл мына сияқты боп жататындай елестеп кеттi.
Ол қаламсабын қолына алды…

2 577 қаралды