Бас бет » 1960-70 жылдар, Дастандары

Перi (поэма)

1
 

Толықсып тұрған жаз күнi
лебiне қырдың елтiген.
Даланың үркек әз гүлi
айрылған ажар, көркiнен.
 

Ойнайды құйын —
құбылыс,
ойсырар жандай қуса арман.
Еседi жәйлап бiр иiс,
ойпаңда өскен жусаннан.
 

Қазбауыр бұлттар тiзiлген
аспанды сырға толтырды.
Бiр тамшы жастай үзiлген
ойпаңда, ойда көл тұрды.
 

Толқындар жұтқан Күн нұрын
сәуледен рәһат тапқандай.
қолынан ұстап бiр бiрiн,
жетелеп бара жатқандай.
 

Барады, әне,
Күн батып,
дөңгелек, қызыл телпектей.
Сызғырмай қурай үн қатып,
кең дала қапты селт етпей.
 

Қонысын таппай сандалып,
шұғыла жүр көктi қаптаған.
Шаужайда шұбай шаң қалып,
шоқытады бiр атты адам.
 

Ауырмау, мынау кiм болды,
ажалға өзiн бастаған?
Сан ғасыр бойы бұл көлдi
аяғы пенде әлi баспаған.
 

Бүлiнген келiп сан ұялар,
бұл жерде шырақ өшетiн.
Бас қосса ақ бас кариялар,
перiнi көлi десетiн.
 

Мерт болғандарды айта кеп,
шомылса, киiм шешетiн
жағада тұрған бәйтерек
перiнiң тағы десетiн.
 

Қасқайып желдiң өтiнде,
бәрiн де қарсы алғандай,
сол терек көлдiң бетiне
мәңгiлiк қарап қалғандай.
 

Алыстан көздi шақырады,
дегендей мызғы тасқа кеп.
Қаулаған қалың жапырағы
ұқсайды ол бұйра шашқа көп.
 

Шақырған сиқырлы өлкеге
елес пе мұны арбаған?
Омыраулатып, тер төге
жақындап келдi әлгi адам.
 

Кеткендей ғажап шоқ қарып,
дегбiрден сонша айрылып,
көзiнде сұмдық от жанып,
осқырынады сәйгүлiк.
 

…Кеш түстi. Мүлгiдi арқалық,
дүнияда жарық аз қапты.
Жас жiгiт атын қаңтарып,
сексеуiл шоғын маздатты.
 

Жел сүрттi айдын — айнаны,
қалғыды шаңқай шартарап.
Нұрлана түстi Ай дағы,
бетiне қызғыш қан тарап.
 

Қонағын танып алмаққа
жұлдыздар ұзақ үңiлдi.
Сылдырай күлiп, жан-жаққа
сәулелер сансыз жүгiрдi.
 

Кеулiне мұңлы күй сiңiп,
боз дала тұрды жаттап ән.
Жеп жатыр жiгiт сүйсiнiп,
кесек еттi отқа қақтаған.
 

Қапсағай дене, тiк қабақ,
қалың қас, өрттей от ерiн,
тебiндеп бiткен мұрт қана
сездiрер қайратты екенiн.
 

Жанардың жарқын төрiнде
көрдi ме екен қонып шық?
Көзiнiң мөлдiр көлiнде
бiр әлем жатыр толықсып.
 

Қорқыныш деген түк емес,
малса да қанға көйлегiн,
кеп-кеше көрген бiр елес
ойынан кетпей қойды оның.
 

Түсiне ендi ол құдай,
ашылмай жүрген еш гүлi,
сыңғырлай күлген шолпыдай
нәзiк бiр үндi естiдi.
 

Қарымды қолға қонсам деп,
бақыт па келген әлде кеш?
“Тауып ал, жiгiт болсаң”, — деп,
жоғалды кенет әлгi елес.
 

Оянды. Түс пе? Ұйықтады,
дiрiлдей бердi неге қол?
Мiнеки, үш күн шыққалы,
елестi қуып келедi ол…
 

Зуу еттi бiреу кенеттен,
перi ме келген алғашқы?
Селк ете қалған қол еппен
балдаққа барып жармасты.
 

Үн тынды. Ай да төмендеп,
қадайды көзiн кеуiлсiз.
Жан-жаққа бiр сәт елеңдеп,
жымиды iштен ол үнсiз.
 

2
 

Тойғандай нәзiк мұңына,
ару таң түндi жұтқанда,
қызара бердi шұғыла,
құбыла бердi шықтар да.
 

Сұраған жандай кеуiлiн,
жаңа Күн Жерге үңiлдi.
Сүймекке көлдiң ерiнiн
бiр сарғыш сәуле жүгiрдi.
 

Керiмсал самал сыбырлап,
ойына шөптiң салды өлең.
Жауторғай көкте шырылдап,
көмейiн ашты әнменен.
 

Қия алмай қиян жан-жақты,
соңғы рет солғын қарады Ай.
Тұңғиық көздi көл жатты,
ұйқыға кеткен баладай.
 

Бәйтерек тұрды қасқайып,
тамыры — өлмес жүз жылан.
Әнеки,
ерiн жастанып,
жас жiгiт жатыр мызғыған.
 

Сарылу беттiң сыртына
тепсе де, сол сәт көрiктi!
Тебiндей бiткен мұртына
сұп-суық тамшы қоныпты.
 

Ұйқыда жатыр балбырап,
осы бiр жiгiт гүл өңдi.
Шiдерлеп қойған арғымақ
кiсiнеп кенет жiбердi.
 

Қалқанын тербеп құлақтың,
қалтырай бердi бiр әуен.
Әндер-ай,
неге жылаттың,
ән, неге салқын қырау ең?
 

Сылдырай күлген шолпы үнiн
салды ма дала бұлбұлы?
Қалғытты көздiң толқынын
қобыздың ғажап сұм қылы.
 

Бәйтерек жылап жiбердi,
шаштары қалған ұйысып.
Сәулемен жалын реңдi
жапырақтар жатты сүйiсiп.
 

Шандоз күй — мұңы көктемнiң
жылады болып сақау ұл.
Бастарын тербеп шөптердiң,
түсiрдi шықты ап-ауыр.
 

Боз жердiң бетiн жылытты,
күрсiнiп күйден күншуақ.
Тербедi әуен жiгiттi,
сезiмнiң жанын шымшылап.
 

Оянды. Нәзiк мұң көрдi.
Жармасты қолы балдаққа.
Кенет ол ұшып түрегелдi,
елеңдей қарап жан-жаққа.
 

Көздерiн сүрттi. Көрдi анық, —
бәйтерек түбi, нақ тұсы,
қобызын толғай қолға алып,
отырды үлкен қарт кiсi.
 

Сақалы түскен белiне,
құс мұрын, жылы өр келiм,
көзiнiң қартаң көлiне
құрғандай жылдар өрмегiн.
 

ЖIГIТ:
 

Арма, қарт! Айтшы, сәл қолдан
жоғалтса топан кiм күшiн,
арбағың келiп, шал болған
ғайыптан келген жынбысың?
 

Тағдырға налып өкiнсең,
артыңда сенiң жолың, қайт!
Шабысуға әлде бекiнсең,
шекпендi шеш те, жөнiңдi айт!
 

ШАЛ:
 

Әй, жiгiт,
ұшсын соншама, —
белгiлi құстың қонары.
Қаншама қайрат болса да,
ақылды жеңген жоқ әлi.
 

Сондықтан, балам, сабыр ет,
тусаң да өр боп, бар молаң.
Аптақа күйген кәрi бет,
бұл маңда туған шал болам.
 

Өзiңдей сенгем күшiне
сонау бiр бұлдыр күндерде,
ұйықтаған түннiң iшiнде,
сан пенде келген бұл көлге.
 

Түбiне жетер бiр үкiм,
өмiрде ойсыз жасық көп.
Қалыпты саған, жiгiтiм,
перiнiң қызы ашық боп.
 

Түсiңде көрiп, шырмалып,
алаңмен күнiң өтiптi.
Бүгiн түн мұнда ұрланып,
перi қыз келiп кетiптi.
 

Сол қызсыз қара ормандай
күйрейсiң. Жазған сорыңа.
Кебенегiн оны қолға алмай,
қонбайды бақыт қолыңа.
 

Шомылу үшiн бұл көлге
келедi ол түсте әрдайым.
Күтемiн алғы күндерде,
ашылсын, балам, маңдайың, —
 

дедi де, қолмен өрелi
сақалын тарап ол ұзын,
күншығыс жаққа жөнедi,
алды да қолға қобызын.
 

Сезiмдер таси шалқыған
сiлейтiп қойды жiгiттi.
Қарады ол шалдың артынан,
тiл қатуды да ұмытты.
 

3
 

Өртедi көлдiң келбетiн
қызарған шоқтай Күн ыстық.
Қонақтай бердi Жерге түн.
Құлаққа ұрған тыныштық.
 

Күн нұры түсiп төсiне,
жапырақтар да құбылды.
Бiрiнiң көлеңкесiне
бiреуi барып тығылды.
 

Үн-түнсiз жатты ақ дала,
отырған қызша шаш жайып.
Бой сұнбай көкке тек қана
бәйтерек тұрды қасқайып.
 

Перiнi шолып қырымнан,
сағатты санап, сарылып,
жiгiтiм отыр тығылған,
жапырақтарды жамылып.
 

Келедi екен ол қашан?
Деген ой кеуiл — атқа зiл.
Махаббат шiркiн болмасаң,
қайтар да едi тап кәзiр.
 

Шомылар дейсiң кiм көлге,
мiнеки, жәйлап түс ауды.
Арғымақ оттап тұр дөңде,
алдыңғы аяғы тұсаулы.
 

Жiгiттiң жанын босатты у,
үн шықты әсем сол уақта.
Келедi ұшып қос аққу,
мамырлап көлге қонбаққа.
 

Көргендей жаңа бұяқты,
орала бердi қаңқылдап.
қыздардың жаны сияқты
қанат тұр араша жарқылдап.
 

Кенеттен жерге қонды да,
жан-жаққа ол көзiн тастады.
Жапанды бiр сәт шолды да,
жәйiмен шешiне бастады.
 

Ойда жоқ қауiп, сес алу.
Ақ айдын жатыр бұйығып.
Бола қалды олар…
қос ару, —
кебенек қалды үйiлiп.
 

Анадан жаңа туғандай
жарқылдай бердi ақ мүсiн.
Мықынын белбеу буғандай,
не дерсiң әппақ пәк тiсiн!
 

Мойыл көз, айдын айқабақ,
қыр мұрын қыз тұр бiр шетте.
Қос бұрым соғар жәйлап-ақ
босаңдау бота тiрсекке.
 

Қос бұғақ бетке қосады әр,
сүюге ерiндi туды ма?
Томпиып тұрған қос анар
сияқты екi дулыға.
 

Маңдай шаш толқып желменен,
еппенен жатты өрiлiп.
Күрсiнген жеңiл кеудеден
кеуiлi тұрды көрiнiп.
 

Қойып та кеттi айдынға
осы қыз жiгiт қалаған.
Құмары қанбас,
өй, мұнда,
барады ол ұзап жағадан.
 

Сол кезде…
бар ма, сiрә, шу?
Себеп бар күдiк алмаққа?
Жағада қалған бiр ару
жалтақтай бердi жан-жаққа.
 

Ақылы оның он сан бүлiндi,
не iстемек қыздар кеткесiн?
Жас жiгiт сол кез жүгiрдi,
қолына алып өкпесiн.
 

Перi қыз шошып шыр еттi.
Жаңғыра қалды сұр дала.
Аққу боп iлез пыр еттi,
кебенек қалды бiр ғана.
 

Сұмдықты болған арада
көрдi де, iштен жедi мұз.
Жақынадп келдi жағаға,
шомылып жүрген перi қыз.
 

Тiл қатты ару:
— Ей, батыр!
Ұят қой мұнда келгенiң.
Адамға енер кейде ақыл, —
кебенегiмдi бер менiң.
 

ЖIГIТ:
 

Не керек мұндай еркелiк,
кеуiлге қажет жаңару.
қайғыңнан жүрмiн өртенiп,
сүйемiн сенi,
ақ ару!
 

Бас идiм асқақ сезiмге,
билегiн менi, құл ет те.
Ұйықтасам, болдың көзiмде,
өңiмде — шерлi жүректе.
 

Жаныңның тап деп жемiсiн,
сүйредi алға арманым.
Томаға төстi сен үшiн
әлемнiң бетiн шарладым.
 

Осылай түстiм сынаққа,
төгiлдi тер мен жас тағы.
Махаббат деген бұлаққа
еридi қара тас тағы.
 

ҚЫЗ:
 

Сөзiңнен естi зарлы леп,
қапымығыпсың да жападан.
Перiнiң қызын алды деп
қарғамай ма екен ата-анаң?
 

ЖIГIТ:
 

Еш дәлел емес бұл сөзiң,
кеудесi — шуақ, жаны — нұр
махаббат деген бiр сезiм
кеулi бар жанға бәрi бiр.
 

Жұмысты жасап, тер құйып,
құрамыз ошақ бiз бөлек.
Ең басты маған, кермиық,
өзiмдi сүйер қыз керек.
 

Сүйесiң бе өзiң сен менi?
 

ҚЫЗ:
 

Бiлмеймiн.
 

ЖIГIТ:

Қалжың, әзiлсiз,
қояйық тағы өңгенi,
мiнейiк атқа кәзiр бiз.
 

ҚЫЗ:
 

Тоқтай тұр, қояр шартым бар,
құрмастан бұрын шаңырақ.
Алдыңда күткен халқың бар,
қарсы алсын бiздi жадырап.
 

Көнемiн салсаң не күйге,
шықпасам дағы бесiктен.
Тек жаңғыз болсам мен үйде,
сығаламайсың есiктен.
 

ЖIГIТ:
 

Семсерше қатал күнде де,
соғылмай қалмас мен емен.
Сертiмдi берсем кiмге де,
орындай алмас мен емен!
 

Сен бассаң жердiң белдерiн,
талқаның болмас мен емен.
Қылышы төнсе пенденiң,
қалқаның болмас мен емен!
 

Алдыма келсе,
әркiмдi
салмақтай бiлмес мен емен.
Махаббат деген алтынды
ардақтай бiлмес мен емен!
 

Бүгiннен сана жарыңа,
шандозым, менiң жас ием.
Жадырап жүрген жаныңа
жампозша барып бас ием! —
 

дегенде жiгiт, ұқты ма,
басылмас дүлей боранды,
жүгiрiп судан шықты да,
құшаққа ол келiп оралды.
 

Дүниядан дауыл босқандай,
еткiзбей елең ештеңе,
табысқан жаңа достардай,
жабыса қалды қос дене.
 

Сыйлайды ерiн маржанын,
жанады көздер құбылып.
Олардың ысытып бар жанын,
өттi бiр дiрiл жүгiрiп.
 

Ләззәтты болмай бөлгендей,
қаруға аспан қымсынды.
Сұмдықты көлден көргендей
бәйтерек қана күрсiндi.
 

4
 

Тып-тиыш жатты айнала,
басқандай дала құлағын.
Кiрпiгiн қақты Ай жаңа,
жұлдыздар жақты шырағын.
 

Кей кезде қараң етедi,
шошынып ұшқан дуадақ.
Жылқының даусы кетедi,
даланың бойын қуалап.
 

Нұр сүйдi нәзiк қыр гүлiн,
жайқалған дала, жоқ дауыл.
Түрiп бiр тастап түндiгiн,
момақан ғана жатты ауыл.
 

Құс үнi бола жаздайды,
дауыстар шыққан құр-құрлап.
Сексеуiл шоғы маздайды,
жерошақтарда жылтылдап.
 

Ажарлы бетiн жайнатып,
гүрлеген оттың жылуы,
қазанда сүттi қайнатып,
әлi отыр перi сұлуы.
 

Түтеттi түтiн. Жыл өттi,
бақытты көрдi көп айды.
Тек қана ерсi тiлектi
бiр күдiк торша орайды.
 

Дiр ете қалды иегi,
бiр тал шаш тұрды қалтылдап.
Күн өткен сайын күйеуi
барады бұған салқындап.
 

Күтпедi ару өзiн де,
өргiздi қойды малшымен.
Ал жары ашулы кезiнде
алады сабап қамшымен.
 

“Перiнiң қызын алдың”, — деп,
ата-ана кеттi бөлiнiп.
Аруды қандай жан бiлмек,
отырған жасы төгiлiп?
 

Қарады ол көкке қызығып,
самарқау жатты айнала.
Әндеттi даусы сызылып,
кермиық ару жәй ғана:
 

— Қажыдым адам дауынан,
қайдасың менiң арманым?
Ұстатпас қарғиы бауынан
Айдасың ба едi, арманым?
 

Жаным бiр мұңлы дүние,
шоқ тiзшi, менің арманым,
қарысын айтқан үйiме
жеткiзшi менi, арманым.
 

Асықпын елге барғанша,
көлiгiңдi әкел, арманым.
Қорлыққа менi салғанша,
кебiнiмдi әпер, арманым…
 

Таба алмай сонда жолды өзге,
жырлады ару тағы да.
Күйеуi шықты сол кезде,
сұстана қарап жарына.
 

— Үнiңдi өшiр! Маза бер! —
дедi ол бұған ақырып.
Ылайлау тартты таза көл,
бимаза дауыл сапырып.
 

Жанары жасты, кеуiлсiз
жiгiтке ол жалтақ қарады.
Ештеме демей, ол үнсiз
ошаққа тезек қалады.
 

Қозғалып кiрпiк, мұң өтiп,
ақ жарғиақ тартып ақ маңдай,
өртемек болып күл етiп,
сезiмiн қалап жатқандай.
 

Қоштады жалын құп алып,
олжасын түскен бұ кезде.
Махаббат, кеуiл тұтанып,
жанып та кеттi iлезде.
 

5
 

Батыста Күн тұр қасқиып,
ауылдың қарап сыртынан.
Кешқұрым бiздiң жас жiгiт
келедi қайтып жылқыдан.
 

Ақ шыңды қаптың тауындай
еқ бұлттар жүздi жалданып.
Қайтыпты көп мал ауылға,
артында шұбай шаң қалып.
 

Шұғылалар жетті өнерлеп,
келiншектердiң желегiн.
Балалар қозы көгендеп,
қатындар апты шелегiн.
 

Ауылда жырақ,
берiде
шөгiптi таудай түйелер.
Шыбынды сабап, желiде
қалғиды мама биелер.
 

Ащы ойлар — улы оқ ине,
кiредi жанға кiрш етiп.
Жақындап келiп ол үйге,
атынан түстi дүрс етiп.
 

Қалғандай тiпте өкпелеп,
бұзғанға тәттi сезiмiн,
жата да бердi көк төбет,
астымен қарап көзiнiң.
 

Қаңтарды ол атын.
Қанық-ты
бұл iске, жүгендi қалды алып.
Сәл аша бере жабықты,
ол тұрып қалды таңғалып.
 

Жарқ ете қалды пәк дене,
еске сап ыстық шақты алғаш.
Қартайған нағыз сәтте де,
алтындай тәнi дат баспас.
 

Сиқырлы, дiр-дiр елесiң,
арбайтын әрлi ну бардай!
Перiнiң алтын денесiн
жұлдыздың нұры жуғандай.
 

Адамдай кәзiр ол бөтен,
қолында тұрды кебенек.
Кiм оған алып бердi екен,
кетедi-ау ендi,
не керек?!
 

Ұмтылды жiгiт.
— Аһ! — дедi,
қараүйдiң iшi жаңғырып.
Босаға жақта ол жатты өлi,
тұруға бойдан әл құрып.
 

Сиқырдан жатты ол әлгi,
бiлмейдi, қандай құлатты у?
Көзiнен жары жоғалды,
кеттi ұшып көкке…
бiр аққу.
 

6
 

Айдынды шалды бiр ылай,
толқындар көкке ұмтылды.
Жанары бiр сәт жылымай,
қатыгезденiп Күн тұрды.
 

Торғайлар ғана елгезек
ұшады орап көк көлдi.
Ысқырған тiлiн жел безеп,
ызыңдатады шөптердi.
 

Кең дала жатты жантайып,
кең төсiн ызғар өпкендей.
Бәйтерек қапты қартайып,
мың жылға кейiн шөккендей.
 

Ажарсыз жатыр атырап бар,
шошыған көрсең құланды.
Сарғайғар сансыз жапырақтар
айтады мұңлы бiр әндi.
 

Жас жiгiт тұрды баяғы
қаңғырып жүрген жыраудай.
Қолында қайқы таяғы,
шаштары әппақ қыраудай.
 

Есiттi ол кенет бiр үндi,
қабағын түйе, iрейiп,
терекке қарай бұрылды, —
сол сәтте қалды сiлейiп.
 

Баяғы абыз кәрия,
бiтпегенедй-ақ жол ұзын,
егiлтiп күйдi дария,
шалады қара қобызын.
 

Апырмау, бұ күй немене,
ұлыған ашкөз қасқыр ма?
Қайрыла соққан кемеге
бұрқанған ақ жал тасқын ба?
 

Тас кеуiлдердi қарғайды,
Қыз iшектердiң ызыңы.
Басында дөңнiң зарлайды,
сұңқылдап шыққан қыз үнi.
 

Дүрс еттi кiсен шыңғырлап,
жендетi ме әлде дұшпанның?
Бiр дыбыс шықты сыбдырлап,
қанаты ма екен құстардың?
 

Көшкiндей бiр күй тынбайды,
өзеуреп, үнi таусылмай.
Жылайды қобыз, жырлайды,
“Қош!” — деген перi даусындай.
 

Бiттi күй. Мұны байқады,
ақсақал көзiн салды да,
ақырын басын шайқады,
қобызын қолға алды да,
 

өмiрге шексiз ол асық
орнынан тұрды кеткелi.
Жоғалды ол, әне, дөң асып,
далақтап көне шекпенi.
 

Сол кезде қуаң далада,
қайғыға, жасқа, тiрлiкке
ынтасыз, жапан жағада
қала да бердi бiр нүкте.
 

7
 

Отырды жiгiт от құшып,
алмай бiр көзiн теректен.
Қаңқ еттi дауыс. Көкте ұшып,
бiр аққу келдi кенеттен.
 

Өзiнiң жарын танып қап,
қайратын жиды ол қашқан.
Ал аққу көкте қалықтап,
сөйледi жерге қонбастан:
 

— Ей, адам! Тыңдап әркiмдi,
бақытын құрттың басқаның.
Қолыңа түскен алтынды
ылайлы суға тастадың.
 

Қош болғай ендi, жан-жарым,
жастықтың күйiн бiр кешкен.
Қош болсын қатал қанжарың,
ашумен ғана тiлдескен.
 

Қош болшы ендi, Жер-Ана,
күнiмдi талай кешiрдiм.
Тек айтшы, адам, неге ала,
тiкенек неге өсiрдiң?
 

Қош болшы, төрткүл Дүние,
безiнiп барам бет басып, —
деп, перi-аққу күйiне,
бұлттан да әрi кеттi асып.
 

Кеттi ме ол солай мәңгiлiк, —
жiгiттiң жаны сөгiлдi.
Қаңқ еткен үнi жаңғырып,
әнеки, қайта көрiндi!
 

Қалықтай ұшып келдi де,
бетiне ол… Жердiң түкiрдi!
Бар жанның һәрам кеулiне
қарғысын айтқан сықылды.
 

Көкке ұшты ол жойып тағатын,
ақ ұлпа бұлтқа оранды.
Қияға қағып қанатын,
перi-аққу көзден жоғалды…
 

Зулады жылдар арындап,
дауылдар соқты сұрлана.
Баяғы көлдiң жанында
құлазып жатты бiр мола.
 

Замандар зiлi таптаған
сәл өшпей мола тұр әлi.
Өтедi түспей атты адам,
оқымайды ешкiм дұғаны.
 
 

ЭПИЛОГ
 

Өттi одан талай замана,
ойымда әр кез ол тұрды.
Жаңғырды мың-сан дала да,
тартылды, толды көл түрлi.
 

Бiзге үлгi болды бұл қандай?
Бiр жүрем әлi көшпенен.
құлағымда әлi тұрғандай
бiр қыздың үнi: “Қош!” — деген.
 

Сезiмдi кеттiм тәрк етiп,
таусылып жанның бал әнi.
Ойнайды алдан жалт етiп,
армандай қыздың жанары.
 

Айналып жiгер болатқа,
белiмдi будым қаттырақ.
Дариға-ай, жанған сол отқа
жетемiн қашан шапқылап?
 

Долы күш көнбей елеске,
кеуiлдiң мұңы аршылар.
Сақтайық әр кез тек есте, —
қалт етсе қанжар, қан шығар…
 

1964, 25 декабрь
Ауыл

797 қаралды