Бас бет » 1960-70 жылдар, Дастандары

Мыс сақина (поэма)

Пролог орнына

 

Құйып өткен күз селiнiң алапаты басылды,
кемпiрқосақ — көк жүзiнiң шарапаты ашылды.
Қыз ернiндей жапырақтан арылыпты бақ жаңа,
тоң жамылды сақалына су төгiлген ақ дала.
Тоңбас бiрақ кеудемдегi менiң асыл жан сырым…
О дүния! Арманымды семсерiңмен аршығын!
Нөсер құяр, селдер ағар, Дүниянда жоқ тыныс,
тек дат баспас кеудеңдегi асыл арман — от қылыш.
 

1
 

Қолшатырдай көк аспанда кеуде керген шалқақ Күн,
сызды жерде қалтырайды көлеңкесi жантақтың.
Тiзбектелген түйе өркештей көз ұшында қалың құм,
бұлдырайды алыс ауыл арасынан сағымның.
Құс мойынды бұл ұзақ жол жылтыраған мол шығы
жетелейдi сол ауылға екi жүрдек жолшыны.
Толықтауы — шүңiрек көз, қошқар мұрын, қара адам,
жадағайлы, керзi етiктi, оң қолында — шамадан.
Қыран көздiң қарашығы қозғалса көз жанарда,
суық сұр бұлт жүгiргендей аспан дейтiн ғаламда.
Қасында оның орта бойлы, үрпек шашты, талдырмаш,
сопақша бет, сұр плащты келе жатыр балғын жас.
Мойыл көздi қарашығы қозғалса көз жанарда,
күнәдан пәк құралайдың баласындай адамға.
Ол екеуi бимәлiм жан, танымайды бiр бiрiн,
ойы, сойы қатар емес тұлғасындай құрбының.
Қартаңының өмiр жолы жақындаған қырыққа,
ал бозбала он бес жасты толтырғандай жуықта.
Бұлар кiмдер? Мен бiлмеймiн, тiпте бiлмей қалайын,
қос жолшыны кездестiрген сапар деген, ағайын.
…Олар жүрдi үндеместен, келе жатыр жол өнбей,
алда жатты дала белi парақ-парақ өлеңдей.
Ән айтады құлақтарға қу жебеше жел ағып,
бiр жерлерде отырды олар шаршағасын демалып.
Қайта жүрдi.
Сәлден кейiн қойды жүрiс тiпте өнбей,
қартаң кiсi абыржыды бiр нәрсе еске түскендей.
Қабағына дiр-дiр еткен үркек үрей орнады,
бар қалтаға шықты сүңгiп тарамыстау қолдары.
— Жоқ, — дедi олжол бойына қайта-қайта жалтақтап.
Не жоғалды, оның жайын қандай жампоз жан таппақ?
Қарт көзiнде орнағанда бiр белгiсiз басқа үмiт:
— Не нәрсенi жоғалттыңыз? — деп сұрады жас жiгiт.
— Сақина едi… — қарт бұғыша ол жiгiтке бiр қарап,
кейiн жүрдi қос шырағы жол шетiнде сырғанап.
Егде жанды тастағандай екi қылыш осқылап,
табылар ма, табылмас па деген сұмдық қос сұрақ.
Күттiретiн бұ дүнияның азабын не бал таңын,
қайран үмiт, не еткен темiр керген сенiң арқаның?!
Ол бiр кезде тез еңкейдi селк еткендей жыны ұстап:
— Таптым! — дедi темiр қолмен сақинаны уыстап.
Қуатты қол аршығандай кеуiл атты аспанды,
қыран көзден қара жерге қорғасындай жас тамды.
Мыс сақина қарапайым… онда не сыр тұр екен,
сұқ саусаққа алғаш сұғып, сыйға тартқан кiм екен?
Сақинаны төс қалтаға салып алды ол бiр кез,
соныменен кеттi ме екен жаутаңдаған мөлдiр көз?
Жiгiт аң-таң. Шамаданын қолына алып қарт үнсiз
келе жатыр. Ойға батсаң, жүрiс неге мардымсыз?
“Қайғылыға қайғы апарма” деген сөздi ескерiп,
тiл қатуға ашаң жiгiт келе жатыр сескенiп.
Аздан кейiн қалың қасын көтердi де егде адам:
— Аяқ асты таңданып-ақ келесiң-ау сен маған,
өзiм үшiн бұл сақина қымбаттырақ, — ол дедi,
сол сәт бетте қыртыстанды қалың ойдың өрнегi. —
Осы сырды мен айтайын, кешiр болса сөз кесел,
тек күлмегей, бәлкiм, бұл жәйт өз басыңда кездесер.
Сен берерсiң әңгiмелеп жасайтынға артыңда, —
дедi де, ол бiр күрсiндi. — Құпияны ал, тыңда…
Өткен күндер көзiнде оның өтiп жатты бұлдырап,
жiгiт түрдi қос құлағын, сен де тыңда, мың құлақ.
 

2
 

— Бiздер деймiз қатал дағдыр, айнымалы ұшпа бақ,
сол бақытты тұрғаныңды бiлмейсiң-ау ұстап-ақ!
Бақыт — дария. Қайық есу оңай онда болмайды,
атақ-даңқтан бас айналып, көзге тұман орнайды.
Қолпаштаудан қалықпанша ақылыңды жиып ап,
адамдықтың етегiне шеңгел салу қиын-ақ!
Мен де бiр кез бақытты едiм дос қағатын арқадан,
жан дегеннен жаңғыз өзiм, болды аңқылдақ қарт анам.
Күн шуағын көрушi едiм соған ғана еркелеп,
әкем байғұс бұ дүниямен қоштасыпты ертерек.
Бiрақ тағы отты ошақтан кетпедi сол iзгi күй,
кәрi Сырдың жағасында тұратұғын бiздiң үй.
Жiбек торғын шаңды өлкеде нұр жататын балтаңдай,
жанары әмiз Сыр жататын иретiлiп арқандай.
Жағалауда көк қамысты елжiретер шық сүйiп,
ұйқы қысқан көпек иттей жарқабақтар түксиiп
тұрса болды, Сыр кеудесi шуға толып кететiн,
ақ бас болқын арғымақша тепең-тепең ететiн.
Сол уақта пыр-пыр етiп дүрлiгетiн қасқалдақ,
төгiлетiн көк аспанның көк көзiнен жас парлап.
Бiз о кезде Сыр бойының қара сирақ баласы ек,
ермегiмiз — тал ат мiну не арқандау қара ешек.
Өттi ол шақ. Еркелiктiң ұстамадық бiрiн де,
ел қатарлы адам болдым, сусындадым бiлiмге.
Соғыс бiтiп, орнаған-ды бейбiтшiлiк ел күткен.
Тракторшы ем. Не еткен ұшан жыртылмаған жер бiткен?!
Бiрiктiрiп майда-шұйда қалқоздарды бұрынғы,
осы сапқоз сол уақытта алғаш рет құрылды.
Жастығымды өткiздiм әлгi қанды ұрыста,
отбасыма қайта оралып, қайта тұрдым жұмысқа.
Кетерiмде жаңғыз болып бұлғасам мен қолымды,
келерiмде екеу болып, жалғастырдым өмiрдi.
Екеумiздi табыстырған бiрге татар тұз едi,
жан жолдасым, майдандасым Зоя орыс қызы едi.
Жұқа қабақ, шие ерiн, сары шашты, қыр мұрын,
аспан сынды екi көзi — екi ғажап нұрлы күн!
Орта бойлы, биiк кеуде, денесi сәл толықша,
тек мiнезi тұйығырақ алғаш рет жолықса…
Мен қорықтым қарт анамнан: “Кәрiстен ап қатынды,
о жетпегiр, жөнiңе кет, жолатпаймын кәпiрдi”, —
деп барғаннан ашуланып, жасар деп ем бүлiктi…
Қайран анам ақылды едi, адам едi бiлiктi.
— Адам болса, бәрi бiр ғой. Келiнiмдi үйге ендiр,
адалынан берсiн құдай, — деп Зояны сүйген бiр.
Дөресiн деп ұрпағына шашқан едi шашуын,
сол мезетте ұмытты-ау ол ағарғанын шашының.
Зоя екеумiз жұмытамыз, бiлмедiк еш керiсудi,
ол ағашты жара қалса, әкелемiн мен суды.
Бiлесiң ғой бақытты боп өтетұғын күн қысқа…
Ел тойынды. Бiздiң үй де көштi жақсы тұрмысқа.
Түтiн түтеп, iлiндiк-ау азамат боп қатарға,
дағдыр жетiп, анам кеттi қайтпас соңғы сапарға.
Өмiр қысын көре-көре ақылымыз ер жеттi,
Зоя бiр күн бердi тауып Сәкен дейтiн перзенттi.
Алғаш рет әке болдым, алғаш рет ол — ана,
бақытты едiк, бiр суық қол жүрмегенде арада.
Ай өтпей-ақ күрт өзгердi аңқылдаған Зояшым,
осындайда өрекпiген жынды қайда қоясың?
Күнде, күнде ол кешiгiп келер болды жұмыстан,
маған тiпте үндемейдi бейне адамдай ұрысқан.
Балалардың бақшасында тәрбиешi болатын,
кей күндерi үйге қайтпай, болды сонда қонатын.
Не көрiндi? Сөйлеспейдi. Түсiнбедiм, — кiм қасым?
Ойлай-ойлай делсал болдым, әбден қатты бұл басым.
Аз уақытта ауыл-үйге кеттi тарап бiр сыбыс,
бiрде маған сыбырлады кәрi кемпiр көршiмiз:
— Еркiн, шырақ, бұ келiннiң жайын ешкiм бiлмейдi,
оны Сейтжан бастықпенен кеуiлдес боп жүр дейдi.
Қараңғыда қол ұстасып келе атқанын көрiптi…
— Қойшы, рас па? — Мен таңғалдым, қайран кеуiл ненi
ұқты?
Кемпiр кеттi. Ыңырандым етпетiмнен жата қап,
шошып кеткен Сәкен отыр бас жағымда “папалап”.
Деймiн iштей: “Басқа түскен қандай қорлық бұл не
еткен,
не қалды ендi махаббаттан, iзет, иба, құрметтен?
Адамдарға керек пе екен ажырасу, сынасу?”
Өн бойымды шабақтады инеше боп бiр ашу.
Не iстемекпiн? Тоң-торыс боп өте бердi күн бiткен,
бiз қоштасқан адамдаймыз баяғы ыстық тiрлiктен.
Қабағы оның ашылмайды, болды ол маған жұмбақтай,
үйге келсе, отырады томсырайып тiл қатпай.
Қол сiлтейдi “бұ не болды, түсiнiсейiк” дегенге,
кiнә кiмнен? Әлде онан, әлде мына менен бе?
Өз сұм қол ақ жанымды тастағандай пышақтап,
пеш қасында отырмын Сәкенiмдi құшақтап.
Күндер өттi. Бұтағынан жұлынбас па жеке алма?
Тек бимәлiм, тоғысар ма жат боп кеткен екi арна?
 

3
 

Қарын төгiп қара жердi құшаққа алды қыс күнi,
ақ тауықтың мамығындай ұлпа жерге түстi iрi.
Үнсiз ғана жыр айтады аяз деген күйкөмей,
түнгi шамнан терезе алды жылтырайды инедей.
Әлi отырмын отбасымда, сыртқа шықпай қамалып,
таңданғандай түннiң көзi терезеден қадалып.
Түн ортасы. Ұйқысырап төсекте ұлым аунайды,
қабағы мен қыр мұрыны шешесiнен аумайды.
Соңғы жайдан ақ қабағы аздап қана кiрбиген,
тек өзiмнен айнымайды қалың ернi дүрдиген.
Кеуiлiме орнап алып айықпайтын қырсықтай,
бiр жаман ой ми iшiнде үйiрiледi ұршықтай.
Жаңа ғана ескi таныс жолдасыммен көрiсiп,
қос бөтелке ақ арақты iшкен едiк бөлiсiп.
Бiр қара күш бойды кернеп, ашуымды өсiрдi,
аңғармадым бiлерiмдi, бiлмесiмдi есiмдi.
Көп отырдым. Күндегiдей оралмады жан-жарым.
Әне-мiне дегенiмше болып қалды он жарым.
Келмедi әйел. Есiгiмдi, бәлкiм, мәңгi тептi ме,
әлдеқандай әзәзiлдiң құшағында кеттi ме?
Ұрғашының басынғаны, шынында, осы не қорлық?
Неге менде жоқ еркектiк, неге менде жоқ өрлiк?
Iштегi өрттi сөндiрмек боп, қолым аздап үздi нан,
құйып iштiм ақ арақтан мөлтiлдетiп жүз грамм.
Бойым қызды. Бiр шайтандар ашуға кеп сүйкендi:
“Оңбағаннан кегiңдi ал!” — деп, бiр пәлеге итердi.
Тәлтiректей тұрып сол сәт, қосауызды арқаға
астым дағы, үш патронды салып алдым қалтама.
Зояны атам, Сейтжанды атам жүрген менi мысқылдап,
үшiншi етiп өзiмдi атам… сонымен бұл iс тынбақ.
Кезiп келем мен көшенi. Десiн мейлi жұрт жынды,
қарап шықтым не қараңғы шарбақ пенен түкпiрдi.
Мылтығымды қолыма алып, iштей қатты кiжiнiп,
қол қалтырап, дем жиiлеп, түсiм қатты бұзылып,
ызалана бiр-бiр теуiп жол үстiнде жатқанды,
келем жүрiп сықырлатып қасаттанған ақ қарды.
Сырт қараңғы. Терезеде жанған оттар қалай аз?
Екi беттi, құлағымды шымшылайды сары аяз.
Бiр бұрышта, бопыр қора сыртында бiр жатаған,
кенет көзге түсе кеттi құшақтасқан екi адам.
Әне күлдi! Әйел даусы! Мынау өзi… Зоя ғой!
Сүйiсiп тұр! Батыр болсаң, ылақша оны соя ғой!
Жетiп бар да, қызыл қан қыл, екеуiн де пышақтап!
Сейтжан залым әйелiмдi тұр әнеки құшақтап.
Бас айналды. Мына жағдай мен күтпеген бұл тiптi,
патронды тездеп салдым, қолыма алып мылтықты.
Жетiп барып:
— Қозғалмаңдар! Келдi менiң кезегiм!
Тоқта, Сейтжан! — дедiм де, оған мылтығымды кезедiм.
Қорыққаннан қатып қалды қас дұшпаным селтиiп,
қос құлақты қайырдым да, тұрдым қабақ мен түйiп.
Сонда сабыр: “Ақылға кел, мұның қылмыс қой”, — дедi,
ар-намысым: “Некес иттi иттей қылып сой!” — дедi.
Соңғы жеңдi. Басып қалдым! Сөнiп көзден шырағы:
— Ойбай! — дедi, Сейтжан жерге бүктетiлiп құлады.
Ендi атамын дегенiмше, күнә жасап күлде ылас
жүрген жәләб жоғалыпты, — орнында жоқ, жым-жылас!
Табу керек! Опасызға iштей қатты кек түйдiм,
“Тiршiлiктiң керегi жоқ маған ендi”, — деп түйдiм.
Оны iздедiм. Жасау керек бiр ерлiктi кезде есер,
тартса қаны, бәлкiм, сайқал қарсы алдымнан кездесер?
 

4
 

Өз ошағым. Қорғасынмен қойғандай жан бастырып.
Мастық тарап, мылтығымды омырдым мен тасқа ұрып.
Мен не iстедiм? Өкiнiшке есеп берер жайым жоқ,
дағдырымның сұм жазасы тұрған шығар дайын боп.
Кiсi өлтiрдiм. Неге керек сан соғу мен өкiну?
Ең дұрысы — не нәрсеге дайын болып отыру.
Бұл iсiмдi кешiредi ниетiмдi танып кiм?
Қош бол, дүния, қош туған жер, қош бол жарқын жарық
Күн!
Қош, ағайын, қылмысыма қалсаңдар да тосырқап,
жаман жанның кәтелiгiн кешсiре гөр жас ұрпақ.
Қош, Сәкенiм, жанарыңа келмесiн жас мөлдiреп,
сорлы әкеңдi, бәлкiм, осы көруiң бе соңғы рет?
Өмiр жүгi аударылып қалғандайын арқамнан,
мыс сақина тауып алдым кенет iшкi қалтамнан.
Мыс сақина! Ол Зояның сыйлығы едi алғашқы!
Бiр кеудемде екi ұдайы ой әзәзiлше арбасты.
Тастайын ба, не қыламын құшағымды қасқа ашып,
дәл осы үшiн тiршiлiктен отырмын ғой қоштасып?
Тастамайын түрмеде боп, кетсем дағы қаңғырып,
ең алғашқы махаббатты құрметтейiн мәңгiлiк.
Мыс сақина уысыма түскен келiп бiр гүл ғой,
мен де өмiрдiң жүзiгiнде шыр айналып жүрмiн ғой.
Қанды майдан iшiнде алғаш басталған-ды соқпағым,
сол соқпақты өзiм кестiм, iшiм ендi от-жалын.
Неге керек жылап-сықтау? Ол iсi ғой қатынның,
көнем, дедiм, безбенiне салып бәрiн ақылдың.
Сақинаны орамалға түйiп, сосын, сақтадым,
қош бол, дедiм, оқ iшiнде өткен аңқау жас шағым.
Кешiрiммен қараңдар да, мен сияқты жасқа азған,
түсiнiңдер, дедiм iштей. азаматтар қасқа азбан.
Бiр iс қылдым қатын үшiн жатқа кеткен сатылып,
кiм бiледi, соным үшiн кетермiн бе атылып?
Әйел неге, дедiм, жатқа сүйдiредi ақ тамақтан?
Махаббатты сонда құдай не үшiн, не үшiн жаратқан?
Ол емес пе ед таза ақ қардай жастық шақтың құдайы,
соны неге адамизат бұза бередi ұдайы?
 

5
 

Осылайша қалды үзiлiп кеуiлкүйдiң пернесi,
анық ендi ескi шақтың қайта айналып келмесi.
Анықталды: мен iсiмдi қойдым десем тындырып,
оқ Сейтжанның бiр иығын кеткен екен сындырып!
Медпунктке апарыпты ел боп оны әбiгер,
“Халы жақсы, жазылады”, — дептi ақбас дәрiгер.
Бiр кiсiлер сұм Сейтжанды көздерiмен көрiптi,
оң қолы оның қозғалмайтын, молақ-шолақ болыпты…
Соныменен сот басталды. Тек атылу қиялда,
бiрақ менi жiбердi олар ит арқасы қиянға.
Он бес жылды өткiзбекпiн жат өлкеде, Сiбiрде,
болған iске бекем бол да, әдiл жаннан түңiлме!
Кете бардым. Арт жағыма қарайлардай бар кiмiм?
Кiм өзгертпек дағдырымның еткен маған жарлығын?
Жалт-жалт етiп өте шықты жастық шағым жыр қылар,
маған жат боп сала бердi дос, жолдастар, құрбылар.
Туған жерден кетер кезде тұрам қалай қарамай?
Темiр тордың әр жағында босап бердiм баладай.
Ендi қайтып көре алмаспын, деген ой тек миымда,
этаппенен пойыз бiздi әкеттi алыс қиырға.
Қош, бала кез қайғы-мұңсыз, ойнақтаған ылақтай,
қош, махаббат көкiрегiмде жылтыраған шырақтай.
Нелер келiп, не кетпейдi басына ер жiгiттiң,
дедiм де iштей, сабыр етiп, өзiмдi өзiм iрiктiм…
 

6
 

Ай-жыл өттi. Бiр күндерi Зоя жазған хат келдi,
ол жазған ба қиналғаннан жырта-жырта дәптердi?
“Еркiн, — дептi ол, — денiң сау ма, хал-жағдайың
жақсы ма?
Машақатқа тап қалды ойланбаған бас мына.
Тiрлiк деген қиын екен, жаңа ғана түсiндiм,
аңдамаппын алақаннан ұшатынын құсымның.
Кейiн бiлiп еңiредiм. Жаным қатты жаралы.
Суретiңе қарауға да бетiм менiң қаралы.
Бiр әзәзiл кеуiлiме салған екен қармақты,
қыл үстiнде секiрiппiн көтерер деп салмақты.
Мен ол кезде тiршiлiктi той-думан деп түсiндiм,
сен сүйетiн ерiнiмдi жат бiреуге ұсындым.
Түзу жолдан тайғанымды түсiнбеппiн мен қасқа,
сол арада құрбаның боп кетсем, сiрә, болмас па?
Өз күнәмдi жыл өткесiн мен отырмын кеш ұғып,
бiр жын-шайтан есiмдi алып, ойнақ салды есiрiп.
Сол ойнақпен кетiптi өтiп қу тiрлiктiң бiразы,
жазаладың, сол жазаңа жаным әлi разы.
Сен әлi де жеркенерсiң көргендей боп жат өңдi,
ая бiрақ тiрi жетiм болып қалған Сәкендi.
Кешiр, Еркiн, алдауменен күлге аунаған жанымды,
кешiр, Еркiн, опасы жоқ, жүзiқара жарыңды.
Келер ме екен бұрынғы күн, гүл жазира бау мекен,
келсе қайтып, адалдыққа бас иемiн, тәубә етем.
Келсең қайтып туған жерге, тартып тұз-дәм, несiбе,
Сәкенiңдi қысар ма едiң қасiрет толы төсiңе?
Кешiр менi! Өз еркiң ғой орал, мейлi оралма,
өмiр бойы күтем сенi, солған гүлiң болам да”, —
деп жазыпты. Сол арада мен ерiксiз босадым,
еске түстi әке-шешем, қалған қирап ошағым.
Көз алдыма елестеттiм Сырдың сары даласын,
Сырдария баяғыша шая ма екен жағасын?
Қайда менiң “папалаған” құйттақандай сәбиiм,
орнында әлi тұр ма екен құтты қоныс тар үйiм?
Қайда менiң махаббатым? Ұмтыла ма ол көкке әлi?
Ол бiрақ та сөнген едi. Жанымда бар тек табы.
“Зоя, — дедiм мен хатымда, — сәлем жаздың несiне,
бимәлiм ғой ошағымнан бұйырары несiбе.
Сенiң үшiн кiсi өлтiрдiм бiр қараңғы түнде мен,
махаббатты атқан едiм соныменен бiрге мен.
Өлген ендi ол сезiмге сәуле құю қиын ғой,
жалған кеуiл шаң көтерiп, иiрiлген бiр құйын ғой.
Теңiңдi тап, нағыласың iшiңдi өрттей жандырып,
қалған кеуiл өлiммен тең, ажырастық мәңгiлiк…”.
Хатты салдым көк жәшiкке. Туар елге барар күн,
жақсы аз емес, мен де мүмкiн өз теңiмдi табармын.
Бар ниеттi ойға осындай өзгерместей қойдым мен,
iстегендi өз қолыммен, көтерем, өз мойныммен…
 

7
 

Жылдар өттi. Мен кесiлген мерзiмiмдi бiтiрдiм,
түрме дейтiн тас қараңғы қапасыңнан құтылдым.
Елге қайтқан бетiм осы, сақинаның сыры осы… —
дегенде Еркiн, жылап бердi қасына ерген бұ досы!
Жалт қарады ол. Мiне, қызық, дүния деген сонша кең?!
Қасы, көзi айнымайды! Бұл баяғы сол Сәкен!
Әке, бала құшақтасты. Жинағандай ендi есiн,
самал тынды. Күн көзiне бұлт тұтпады пердесiн.
Жер салауат айтқанадй-ақ кеше жанып-өшкенге.
Сырт тым-тырыс. Құшақтасқан қалпы тұрды қос пенде.
Аздан кейiн қарт кiсiнiң таусылды ма шыдамы:
— Шешең қайда? — деп ақырын баласынан сұрады.
— Мамам… — дедi Сәкен сәл-пәл екi бетi құбылып,
тұрып қалды тосын толқын өн бойына жүгiрiп.
— Мамам, — дедi ол осы сөзден жаңылғандай қайтара…
Бұл не деп тұр? Әлде бұған суық хабар айта ма?
— Аман ба өзi?
— Жо-о-оқ, — дедi ол әлденеге күйiне, —
бiраз болды құшағына алғалы ана дүние…
Еркiн тұрды бiле алмастан баласына не дерiн,
солды солай жастық шағы жайған бiр кез желегiн.
Көз алдында сарғаюмен опат болған жан-жары,
көз алдында жаттың салған отбасына қанжары.
Көз алдында қатал заман, оқ ысқырған қан майдан,
көз алдында Сiбiр, түрме, жаны күте сарғайған.
Көз алдында тұрды бәрi: алғашқы айтқан сыры да,
өкiнiш те, азабы да, арманы да, мұңы да…

 

Эпилог орнына
 

Өттi кездер көзден со кез бұлаңдаған сағымдай,
сәтте аспанда бұлт ойнады жабағының жалындай.
Әке, бала қозғалғанша құйып бердi бiр нөсер,
төк, жарықтық, құдiретiңнен жер көгерер, гүл де өсер!
Нөсер керек адамдарға, жаны шөпше қураса,
бұ дүния да кiрлейдi ғой нұр суымен жумаса.
Тиышталсын бибақ әке, опат болған әз ана,
құй, жарықтық, махаббатты шаң-тозаңнан тазала!
 

1964, ноябрь
Ауыл

655 қаралды